«Проза» номинациясы: Он сегіз

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Жапырақ

 

Институтта жұмыс істеймін дегенімді естігенде көбі түсінбей қалысады. Университет дегенге үйреніп қалғанымыз сондай, институттардың да барын, олардың да жоғары білім беретінін назардан тыс қалдырамыз. Жұмабаев пен Абылай хан көшелерінің орта тұсына қарай орналасып, сырт келбеті шілдеде қызара батқан күннің қызыл арайымен астасқан Астана аспаны секілді ғимараттың ішінде небір қызық болмады десеңізші! 

Ұяла жүзін төмен салған, ұяңдығынан екі бетінің ұшына қос алма кеп дөңгелене қалған арудың алқызыл жүзіндей жарқын һәм жарық ордамыз біз үшін хан сарайынан кем емес еді. Кейде заман легіне ілеспей қалған технологияларын, кеңес дәуіріндегідей қарапайым да жиһазға жұтаң асханасын, лек-лек болып көлге қонған аққудай қона кететін кең аудиторияларының болмауын айтып бір-бірімізге ішінара шағымданатынымыз да бар. Десек те, дәл осы оқу орны көбіміздің шырағымызды жағып, отымызды лаулатты. Біріміз өмір бәйгесінен оза шауып, институттың іргетасы қаланған күннен еңбек етсек, біріміз кеше келген жас маманбыз. Енді бірі білім мен тәжірибесін жинақтай келіп, осы жерде шыңдап жатыр. Студенттердің де бір парасы мемлекеттік грант үшін келсе, тағы бір тобы Астана болғаны үшін ат басын тірейді. Бір бөлігі оқу ақысының қол жетімділігі үшін келсе, енді бірі таңдаған мамандығының кіл мықты мамандары осында қызмет ететінін естіп келеді. Бірнешеудің ата-анасы ықпал етіп,  солардың итермелеуімен еріксіз түскен жері болса, біразының соңғы үміті. Суырдың ініндей бас айналдыра бөлінген шұбыртпалы да шұбалаң жолмен сан тағдырды арқалаған, сан сынақты көтерген көп жанның басын біріктірген бағаналы орда.

Отыз жыл, білдей отыз жыл тарихы бар! Арқаның аңызақ желі ескенде екі көзің ошақ астындағы көсеулі қидың соңғы жалынындай сығырая қалатын небір күндерді де көрген; Ақмоланың ақ түтек боранында әр тұстан ақ моладай үйілген қарынан аяқ алып жүргісіз, желімен қоса тұс-тұсыңңнан аяусыз шымшылайтын үскірік аязды қысын да көрген институт. Әлемдік зерттеулер статистикасына сенсек, Улан-Батор мен Рейкьявиктен кейінгі ең суық астаналардың үштігінде екенбіз. Осының өзі бұл қалада тұру үшін төзім мен шыдамның керектігін, өмір ағысы иірімге жетелесе қарсы жүзе алатын, тыныққа апарса су бетінде қалқи алатын адамдардың қаласы екенін білдіретіндей. 

Кейде иығымызда он сегіз мың ғаламның ауыртпалығы бардай бас көтере алмайтынымыз бар. Құдай бізге таңдау беріп, әуелден жолымызды жеңілдетсе де жоқ жерден жаңылып, тегіс жерден сүрінеміз. Әсіресе, сүюдің оты тым ыстық екенін, бабымен жақсаң алауы бойыңды балқытатынын, бабынан тайса күйдіретінін ұмыт қалдырамыз. Сөйтеміз де, өз жүрегімізге өзіміз шоқ басамыз. Сонда да қызуы күшті, сонда да ғұмыры ұзақ неткен жалын... 

***

Қыз қалаға келгенде тамыз еді. Кәдімгі оңтүстік астанадан, жаз бен күздің арасындағы дәнекердей күні қапырық, түні тоңазытқан, тамызы тамыз болып сезілетін қаладан аяқ асты аттанатын болған соң автобустан басқа көлікке билет таппай, он алты сағат бел жазбай келуге көндіккен Торғын солтүстік астанаға үлкен үміт арқалап келді. Тіпті сол күні таңда барам, бармаймға салып отырып, аяқ асты чемодандарын жинап жолға шығып кетті. Ұзын-сонар кептелісте такси терезесінен Алматыға қимастықпен қарап келе жатып, Саяхатқа қалай жеткенін аңғармай қалыпты. 

Автобус қозғалды. Артта қол бұлғап Алатау қалды, алдыда мен мұндалап арман тұрды. Екеуінің де салмағы тең.

Келгеннен соң арада жиырма шақты күн өткенде институтқа жұмысқа қабылданды. Кеше ғана оқу бітіріп, бүгін өзіндей ересек адамдарға сабақ бермек. Ол үшін бәрі қызық көрінді. Алғаш аудиторияға кіргенде абдырап, қобалжитын, ақырын-ақырын арқаны кеңге сала бастады. Оқытушылықпен қатар ғылыми қызметкер еді. Республикаға тарайтын институт хабаршысының техникалық редакторы. Сол себептен де, сонымен бірге туғандай боп қосақталып күн ұзаққа монитор алдында отырады. Жай отырмапты, сол отырысынан қозғалыс көрген, сол үнсіздігінен үн естіген, сол салқындығынан жылылық көрген бір жанның жүрегіне сезім періштесін қондыра отырыпты.

Торғын қалам ұштап жүрген қыз еді. Ішкі ойын, тебіреніс, толғаныстарын қағаз бетіне түсіріп, ара-тұра әлеуметтік желілерде бөлісетін. Соңғы бір әңгімесін Парасат оқыған-ды. Бірде әдеттегідей жұмыс үстелінде отырған Торғынның кабинетіне Парасат кіріп келді. Торғын жалғыз еді. Амандық-саулықтан кейін кітап сөрелерінен бір оқулықты іздей бастады. 

– Жақсы жазыпсыз, – деді ол оқулықты іздей жүріп. Орхан Памук секілді жазады екенсіз. 

– Рақмет! – деп мұндай сөзді күтпеген Торғын қызара күлімсірей қарады. Рақмет! 

– Үлкен бір автобиографиялық романға сұранып тұрған әңгіме секілді. Жазарыңыз таусылмасын! – деп тілек айтты да, іздегенін тапқан бойда Парасат шығып кетті.

Ұшқынның алғашқы лебі Торғынға сол күннен бастап қонған-ды. Қыздардың құлақпен сүйетіндігінен бе, әлде тәңірден келген сымсыз байланыс ток ұрды ма, әйтеуір ғажап күй кешті. Әуелде қандай сезім екенін аңғара алмады. Бұл қыстың күні еді. Көңілге көктем келсе де, дала ақ көрпесін мықтап қымтанып, оянуға асықпады. Бірақ сезім бәйшешегі наурызды күткен жоқ. Жүректің ең түбіне түйін тастады да, бүр жаруға асықты. Оның өз көктемі бар-ды.

Ал, Парасаттың жүрегіне көктем күзде-ақ орнаған. Торғынды бір көргеннен бұрыннан таныс жақын адамындай, санасында бар бір архетиптей қабылдады. Жүре келе музасына айналдырды. Өлең жазды. Екеуі әлеуметтік желі арқылы хат алмаса бастағанда онысын Торғынға жолдаған. Бірақ олар бір-біріне жан сырларын ақтармады, жақсы көретіндерін айта алмады. Солай-солай ат жеккен арбадай жылдам да емес, баяу да емес, бірқалыпты реттілікпен күндер өтіп жатты. Қыз бен жігіт арасындағы тартылыс заңы уақыт өткен сайын күшейе түсті. 

***

Ақ қайыңдар неше күн бойғы қатулы аяз бен, толассыз жауған қардан енді ғана босап, есеңгірей маужырап тұр. Күннің көзі көріне қалып еді, болар-болмас самалға бой билетіп, тербеле түседі. Бес қабатты институт ғимаратынан да ұзын өскен қайыңдардың сырға, шолпысы бойжеткендікіндей сәнді тұрғанымен, үнсіз қозғлады. Сондай бір нәзіктік пен еркелікті сездіретін секілді. Төмнге қарай иіле түскен бұталары Жер-анаға тағзым етіп, тәу етіп тұрғандай, күннен алған жылуын кімге берейін деп мейірімін төгіп тұрғандай. Осы бір баяу қозғалысының өзінде сабырлылық пен төзімділік, тұрақтылық пен әдептілік бар. Жанды да жансыз, жансыз да жанды бейне. Бұтақтан-бұтаққа секірген тынымсыз ала қарғаның өзі қайың бойындағы тыныштығын бұзғысы келмей, аулаққа барып үн шығарады. 

Астанада мұндай шуақты күндер жиі болмайды. Күн жадыраса адамға да, аң-құсқа да мереке. Бұл қаланың мезгіл талғамайтын бұлтты аспаны бір көңілденсе, бар тіршіліктің езуіне күлкі үйіріліп, бойына қан жүгіреді. Қайтадан қатуына мінсе, бар қала бірқалыпты тұрмысына орала кетеді. 

Сыртта қозғалыс, кептеліс, шу. Іште үнсіздік. Әркім өз өміріне қам жеп, әрбірі өз өрмегін өреді. Бұл қала жұрты мүлде сөйлемейді дегенді білдірмейді. Қала жұрты сөйлейді, бірақ сыр айтпайды, естиді, бірақ тыңдамайды. Біздің қалада ғана емес, күллі әлемде осы дерт тамыр жайып барады. 

Біз, Адамзат, Алланың шебер жаратылысы, сөз қадірін өз қадіріміз деп білуді ұмытып барамыз... Ана тілдің қасиетін ұмытып барамыз...

Осындай қатпарлы ой үстінде отырған Торғын терезеден көз алмай қадала қарап қапты. Кірпігі ғана баяу қимылдап, ақырын тыныстайды. Есіне әлденелер оралып, Алматыны сағынта, сарғайта түседі. 

Торғын институттың бесінші қабатынандағы кітапханада отыр еді. Сабақ арасындағы бос уақытын осы жерде өткізген ұнайтын. Оқу залы бір бөлмеден тұрады. Босағадан аттағанда оң жағындағы екінші бөлме кітап қоймасы. Екі аралықты жартылай сыланған, жарымы әйнекті қабырға бөледі. Қаз-қатар тізілген қоңыр үстелдің әрқайсысы қос-қостан орындық иеленген. Айналада түрлі жанрдағы кітаптар самсап тұр. Кітап сөрелерінің үсті бөлме гүлдерімен көмкерілген. Гүлдер үшін кітапхана бөлмесін оттегімен қамтамасыз ету өмірлік миссия іспеттес. 

Торғын терезе жақ қатардағы ең соңғы үстелге жайғасқан. Ақпанның ағынан жарылған сәулелі күні сол орынға ғана ерекше ілтипат білдіргендей.  

Институт ғимараты ескі және жаңа корпус деп екіге бөлінеді. Кітапхана терезесі жаңа корпусқа бет бұрып тұр. Торғын екі корпус арасындағы сұлу қайыңдардың көз тартар көрінісін суретке түсіріп, шағын мәтін қосып инстаграм желісіне жолдады. Әлденеден кейін Парасаттан хат келді. Әңгіме айналып ақ қайыңдарға тірелді. Парасат:

Қызыл үй қалқасында ақ қайың топ,

Білгенге тұрған жоқ па көзайым боп.

Сыбырласып өзді-өзі, бір сырды ашып

Елемейді сары аязды уайым қып, - деп бір шумақ өлең жазыпты, соны жіберді.

– Сіз жаздыңыз ба? – деп таңырқады Торғын.

– Негізінде сіз жаздыңыз. Мен оқығанымды айттым.

– Қайыңға біткен сән мен салмақтылық адамға да берілсе, шіркін!

– 401-ші аудиторияны «Ақ қайыңдар» кабинеті деп жариялаймын! Іші де жап-жарық. Тіпті, үш бәйтеректей боп отырасыздар ғой барған сайын.

401-аудитория ғылыми орталық еді. Торғынмен қатар аудиторияда тағы екі адам отырады. Бірі – орталықтың директоры, екіншісі – ғылым бөлімінің басшысы. Орталық директоры Лаура апай ашық-жарқын, ізденімпаз, жаңашыл ғалым. Ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары. Ғылым болсын, қоғамдық, рухани-тәрбиелік іс-шара болсын, ол жүрген жер – гүл. Ғылым бөлімінің басшысы Мөлдір апай сондай салмақты, парасатты, білімді адам. Үш тілде еркін жазатын сауатты маман. Екі басшы да жан-жақты, «сен тұр, мен атайындар». Ең бастысы өз істеріне адал жандар. Торғынның жаңа қаланы жатсынбай қабылдауына да бірден-бір әсер еткен осы екі ұстаз.

Торғын мен Парасаттың бір-біріне батып ашыла алмайтындарының белгілі бір себебі бар. Ол – жас айырмашылықтары. Бойында құдайдан сұрап жүрген қасиеттің бәрі бар жігітті енді жолықтырдым ба дегенде, сол сезімнің бәрін басып, жаншып кеткен үлкен кедергі тұрды. Сол үшін екеуі де іштен тынып, үнсіз қалды. 

Торғын дәл Парасатпен сырласқандай ешкіммен сыр бөліспепті, ол түсінгендей ешкім де жан дүниесін түсініп көрмепті. Құдірет деген осы шығар, бәлкім. Қош айтысқанда да бір-біріне өкпе артпай, өмір тілеп, бақыт тілеп кете барды. Ол ұнататынын айтқан күннің ертеңінде бәрінің нүктесі қойылды. Бұдан ертерек айтылғанда не болар еді, кеш айтылса қайтер еді? Тағдыр ма, тағы бір ме? 

Жүректер жылайды. Жанарлар көлдененді. Миың ауырлайды. Ақылың сарқылады. Өз-өзіңнен таусыласың. Бірақ «мен мықтымын» деген жалған сеніммен тағы да жолға шығасың, тағы да аялдама іздейсің. Былай қарасаң өмір сүру сондай жеңіл, бір қарасаң өте ауыр. Он сегізінде оянбай қалған көктем үшін екі есе күрделі. 

Он сегіз – қыз баласының өміріндегі ең бір көрікті кезеңі. Ол мезгілінде оянбай қалса, сол қиын. Торғын бұйығы, байсалды бойжеткен еді. Тәрбиесі де «қызға қырық үйден тыйым» болатын. Ата-анасы ата жолымен қазақы тәрбие берсе де, ешқашан еркіндігіне қол сұққан емес, еркелетіп-ақ өсірді. Солай екен деп Торғын да еліріп кеткен жоқ, бәрін ақылға салды. 

Шындығында, қателеспеймін деген адам сол қашқан қаупіне өзі барып кезігуі де ғажап емес. Өзіңнен кіші адамды сүю қателік пе, оны да болжап болмайсың. Студент кезінде түн баласы үйден шықпай, көше кезбей, көп қызықтан құр қалған еді. От басудан қорқатын. Тура жолмен, түзу өмір сүрсем бәрі дұрыс болады деп, сөз айтқанның бетін қайтарды. Мақсаты – менсінбеу емес, «сана биігіндегі» махаббатын күтті. Талдап, таңдап жүріп қалды. Осы жүріспен жиырма сегізге қалай жеткенін аңғармапты. 

Он сегізде бүрін жара алмаған сезімнің бәрібір гүл ашатын кезі келеді екен. Қай жаста екеніңе де қарамайды екен. Еркелігің де, наздылығың да, балғындығың да оянып кетуі бір-ақ сәтте көрінеді. Ол үшін жүректі дір еткізер бір ұшқынның лебі жеткілікті. 

Бір кереметі – сезім құшағында жүргенде бар әлемнің сұлуланып, нұрланып кететіні. Бар тіршілік иесінің мейірбан бола қалатыны. Сені жақсы көретін адамды сен де жақсы көру нағыз ғанибет екенін ұғыну.

Бір қынжылтатыны – батылдықтың жетіспеуі. Келіп тұрған сезім құсын үркітіп алу. Тағы да ақылды болам деп жүректі тыңдамау. Оның бақытты болғанын қалаймын деп өз бақытыңнан бас тарту. Сөйтіп, оны да, өзіңді де әурелеу. 

Тағы да түн. Тағы да көз ілу. 

«Кейде бізге сәл ақымақ болу да керек шығар. Түк білмей қалсақ қайтеді? Салдарын ойламай сүйе берсек, сүйіспеншілікке бөлнене берсек не болады? Екі жүрек бір-біріне ынтық күйде тұрғанда күйдірмесек, елдің сөзін елемесек, өзіміз үшін күрессек ше? Ақылды болуды ұмыта тұрсақ? Осы қарапайм нәрсе қолымыздан неге келмейді?

Мен сонда да тағдырыма ризамын. Біздің байланысымыз үзілгенмен, санамдағы, көңілімдегі алапат күш сөнген жоқ. Жаңғырып, жарығын шашып тұр. Үндемей жақсы көрсем, еш кедергі келтірмеспін. Естай да Қорланына деген мөлдір махаббатын о дүниеге ала кеткен жоқ па? 

Жүрегімді гүлге орағаның үшін рақмет саған, он жылға кеш оянған он сегізім», – деп ойлап жатып Торғын кезекті түннің пердесін жапты.