«Проза» номинациясы: Терезе сыртынан естілген сыбдыр

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Жарықшақ

 

К. жұмыс кабинетінің есігін ашты да ішке кірді. Бөлмедегі шаң басқан қағаздарға еті үйренгелі біраз болған, қағаздардың иісін ұната бастаған сияқты да көрінеді. 

Дүйсенбі. Кейде екі күндік демалыстан келгенде осы бөлменің иісін сағынған секілді болады. К. әдеттегідей қолына бір шыны кофесін ұстай келген. Ол үстеліне жайғасып, кофесін бір жұтты да, шашылып жатқан қағаздарды реттей бастады. Қағаздарды реттеп жатып, аяқталмаған шаруалары есіне түсті. Әрбірі жадында сақталған. 

К. жұмысына ұқыппен қарайтын отыздан енді асқан адам еді. Егер біреу “Жұмысыңды жақсы көресің бе?”, – деп сұраса, “Жақсы көремін, армандаған жұмысым еді”, – деп жауап беретін жағдайда емес, әрине. Университет бітірген соң 2 жыл жұмыссыз жүріп қалып, алыс туысы арқылы тапқаны осы болған. Алғаш келгенде көбіне құжат тасумен, көшірумен айналысқан. Дегенмен уақыт өте келе басшылығы оның талабын байқап, арнайы кабинет беріп, құжаттардың редакторы қызметіне қойып қойған. К.-ның бұл позицияда отырғанына 6 жыл болып қалды, ол енді тағы қызметім өсе ме деп үміттеніп жүргеніне де біраз болды. “Айлығым да өсер еді, әкемнің алдында мақтанып қалар едім”, – деп ойлайтын ол ішінен. Сондықтан да жұмыстан қалмай, ерте келіп, кеш кетіп, басшылықтың айтқанын екі етпей орындап жүрді. Жалпы айтқанда, бұл компаниядағы жұмысы көңілінен шығатын, “Маңыздысы таза, көп бас қатыру жоқ”, – деп жұбататын ол өзін.

К. үстелінің қақ ортасында үйіліп жатқан қағаздарды ақтарып болып қалды. Олардың әрбірін үстелінің шетіне қатарлап қойып, тапсырманың мақсатына байланысты өзіне ыңғайластырып, тізді. Барлығын жинап болдым дегенде, қағаздардың ең астынан таныс емес бір жапырақ қағазды байқап қалды. “Бұл менің есімде жоқ”, – деді ішінен. Төңкерілген қағазды алып оқыды. “Мансур К. өз жұмысын тиянақты атқармайтынын негізге ала отырып, оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдансын деген тұжырымға келдік. Мансур К. 13 қарашада, яғни бейсенбі күні жұмыстан босатылсын”. Құжаттың астына мөр басылған. Оның денесінен суық бірдеңе жүгіріп өткендей болды да, артынан құлақ шекесі дуылдап кеткенін сезді. Сосын маңдайынан тер бұрқ ете қалды. Бүгін 12 қараша, сонда мұны ертең жұмыстан босатпақшы ма? Орындығына сылқ түсті де, құжатты қайта оқып шықты. Иә, дәл солай жазылған. Бәлкім мұнда бір қате бар-ау деген үмітпен қайта бір оқып шықты. Иә! Ол қате тапты! Мұнда құжаттың тіркеу нөмірі көрсетілмеген, қол да қойылмаған. Демек бұл құжаттың күші де жоқ. Секундтарға созылған болар-болмас қуанышы күдікке тез ұласып, көптеген сұрақ пайда бола бастады. “Мұны кім әкеліп қойып кетті? Неге мұнда мөр тұр? Ал егер мұны маған белгі ретінде тастап кеткен болса, құжаттың түпнұсқасы басшылықтың қолында болса қайтпекпін? Не бұл әлдекімнің қалжыңы ма?”. 

К. санасын торлаған ойдан арыла алмай біраз отырды да, сабыр сақтаған дұрыс деген шешімге келді. Бұл қалжың болуы керек деп өзін жұбатып, әдеттегідей жұмысқа кірісіп кетті. Бірақ бұл қалжың болса, ол кімнің қалжыңы болуы мүмкін? Көрші бөлмедегі әріптесі Исадан басқа біреу бұған олай қалжыңдай қоймас деп ойлады ол артынан. Әріптестерінің барлығымен тек жұмыс бабына қатысты араласатын, бір-біріне бұлай қалжыңдайтын деңгейде емес еді. Ал Иса басқаларға қарағанда ашық, ойын-күлкіге жақын, К.-мен темекі шегуге жиі шығатын жігіт еді. Сондықтан таңдау соған келіп тірелді. “Түскі асқа шыққанда ақырындап оның тамырын басып көремін”, - деп шешті ол. Сөйтті де осынау таңғы тосын жағдай жұмысына кедергі болғанын қаламай, құжаттарды ақтаруға кірісіп кетті.

К. түскі асқа барды. Ол таңғы тосын құжатты ұмытып барады екен, шығуға ұмтыла беріп, үстелдегі қағазды байқап қалған. К. асханадағы топтасып отырған адамдарға көз жүгіртті де, шет жақта жалғыз отырып қалған Исаны тапты. Жанына келіп амандасты. Исаның жүзінде сәл өзгеріс бар сияқты көрінді. Тамақтанып отырып, Иса өзі жұмысқа қатысты әңгіме бастап кетті. 

– Кеше жиын болған дейді ғой, – деді Иса ақырын. – Бүгін сенің қолыңа жұмысыңа қатысты қағаз ұстатуы керек екен.

– Не жиын? – деді К. ештеңе білмегенсіп.

– Басшылықтың жұмысыңа көңілі толмайды екен. Саған шара қолданамыз деп шешіпті.

– Қандай шара?

– Білмедім. Бірақ кеше сенің жұмысыңды, жұмысқа деген ынтаңды талқылапты.

– Мен таңнан кешке дейін жұмыстамын ғой. Атқарған жұмысыма ешқашан шағым болмаған. Түсінсем бұйырмасын. 

– Білмедім. Біз келесі кім болар екен деп бүкіл бөлімше болып уайымдап жүрміз.

– Қызық екен, – деді К. қағаздың шын екеніне сеніңкіреп. Оның бұған сенімі күшейген сайын тамағының дәмін сезбей, жай ғана шайнап отырғанын байқамады.

– Айтпақшы, осы мәселеге байланысты бүгін кешкі бес болмай Алмас мырзаға кіріп шығуың керек. Айтуды ұмытып кете жаздадым ғой.

– Жақсы. Көрейік. 

Ол өзінің бөлмесіне қайтып келді. Оны жұмыстан шығару туралы ойдың соншалықты рас болғаны ма? Әлбетте, К. Исаның қалжыңын түсінетін, бірақ бұл жолы ол шынымен бозарып отырып сөйлегендей. “Расын айтты-ау…” Жо-жоқ, мүмкін емес, ол жұмысын тиянақты атқаратын, шығуды қойғанда, жұмысынан өсуді дәметіп жүрген адам ғой. Неге оның шығатыны туралы хат келеді? Ол түскі астан кейінгі жұмысын атқара алмады. Тек үстелге телмірген күйі терең ойдың шырмауына түсіп кетті. Неге? Бір сәтте жұмыстан шығарса не болады? Қайда барады? Ол университет бітіргелі осында істеп келеді. Жұмысы өзіне ұнайтын секілді көріне бастады. Оны мына жерден шығарса не істемекші? Көшеге шығып қап көтере ме? Жоқ, оның қолынан мұндай іс келе қоймас. Біріншіден, ол өзін ондай адамдардың қатарынан шығарып тастаған. Ол тек құжат ақтара алады, ол қара күшпен қап көтере алатын адамдар істей алмайтын дүниемен айналысады. Ол бәлкім қара жүк көтере алмайтын шығар, бірақ оның істеген жұмысының арқасында алпауыт корпорацияның құжаты айналып жатыр. Ол бәріне жауапты. Мұны көшедегі адам істей алмайды. Осы сәтте оның ойына шағымданып, жұмысын ауыстыруға бара салатын жері жоғын түсінді. Осынша жыл осында жұмыс істеп, шеттен бір таныс таппапты. “Мені жұмыстан шығаруға болмайды”. Оның ойы осыған қайтып орала берді. “Бүгін кешке басшыма кіріп шығайын…”.

Ол кеш батқанша еш жұмыс істей алмады. Жұмыстан шығуы туралы ой санасын жаулағаны сонша, біраз жыл істеп келе жатқан құжаттарына кірісе алмады. Сағат кешкі бес болғанда басшысының бөлмесіне кіруге келді. Жағдайды түсіндіремін деп шешті. “Қалай болғанда да мұнда бір қате болуы керек”. Бәлкім, барлығының қалай болғанын, өзінің қалай барын салып жұмыс істейтінін түсіндірсе, бастығы қатесін түсінер… Ол келгенде бастығының хатшысын көрді, К. оны бұрыннан танитын. Ескірген белдемше, ескірген жейде, жіптері киімінің жұпыны екенін көрсетіп тұрады. “Осы неге шаршап жүреді?..”

– Бастық өзінде ме?

– Жоқ, ертең болады.

– Неге? Ол маған бүгін осы уақытта кел деп еді ғой. 

– Ол кісі үшін жауап бермеймін. 

– Жақсы. Ертең осы уақытқа мені қабылдауға жазып қоясың ба?

– Жаза аламын, К., сіз не істей қоясыз?

К. тітіркеніп кетті. Оның жүзінде ашу мен ыза лап беріп, қызарып, өзін-өзі ұстауға тырысты. Бірақ ол қазір өзінің өмірі қаншалықты қауіпсіз екенін білуі керек. К. ақырын жымиды да, бірдеңе болады деген нышан білдірген болып бөлмеден шығып кетті.

Ол түнімен ұйықтай алмады. Түсіне басшысының жұмыстан шығарып жатқаны кірді. “Сен жұмысқа уақытында келмейсің…”.

К. ертеңіне жұмысқа келіп үстелінен тағы бір хат тапты. “Мансур К. өз жұмысын тиянақты атқармайтынын негізге ала отырып, оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдансын деген тұжырымға келдік. Мансур К. 14 қарашада, яғни жұма күні жұмыстан босатылсын”. Оның денесінен тоқ жүріп өткендей болды. “Кім?”, – деп ойлады бірінші. Кім К.-мен бұлай ойнап жүр? Бірақ мөр тұр. Тіркеу нөмірі мен қол тағы жоқ. Бұл бір ойын ба? Бәлкім басшылығы мұны тағы сынап жатқан шығар? “Мен кешке міндетті түрде басшымен кездесуім керек”. Оның түскі асты ішуге зауқы соқпады. Өзінің бөлмесінде отырды да қойды. К.-ның санасын мазалаған бірінші сұрақ “Кім?”. Ол дүниеде қасиетті санайтын бір зат болса, ол жұмысы мен мансабы еді. К.-ның мұнысына қол сұққан кім? К.-ның ойынша, егер мұны достары мен таныстары істеген болса, екінші күнге бұлай жалғасуы тым қатыгездік. 

К. кеш болғанша бөлмесінен шыққысы келмеді. Сағат 4:59 дегенді көргенде ғана бөлмесінен шығамын деп ойлады. Есігін ашқаны сол еді, дәліздегі әріптестері оған тесіле қарағандай болды. Ол назар аудармауға тырысты да, басшылық жаққа тартып кетті. К. жақтырмайтын қыз отыр.

– Басшылық өзінде ме?

– Жоқ, ол кісі жиналыста.

– Мені 5-ке жазып едіңіз ғой.

– Мен не істей аламын? Ол кісі жиналыста әдеттегіден ұзақ отырып қалды.

– Ал мен не істейін?

– Мен қайдан білемін?

– Күтемін ендеше.

– Жақсы, күтіңіз. 

К. қыз отырған бөлмедегі көк орындыққа отырып күтемін деп бекінді. “Мен қазір қалай амандасамын? Жағдайымды қалай түсіндіремін?” деп ойлап жатып ұйықтап кетті. Ол өзі жақтырмайтын қыздың қолы санына тигенде оянды.

– Ау?.. – Ол ұйқылы ояу тағы бірдеңе күбірлегендей болды. Бірақ онысын өзі де түсінбеді, қыз да түсінбеген шығар деп үміттенді.

– Сағат 9 боп қалды. Қайтыңыз, біз ғимаратты жауып жатырмыз.

– Басшы… Қайда?

– Ол кісі кетіп қалды. Сіздің ұйықтап жатқаныңызды көрді де, кетіп қалды.

– Мені неге оятпадыңыз?

Ол кездесем деп үміттенген басшысымен тағы кезіге алмады. Өзіне ашуланды, ол неге ұйықтап қалды? Неге ұйқысына ерік берді? Қалай ғана мұндай затқа дәті барды? К. өзінің бөлмесіне кірді, іші қараңғы, терезеден түскен жарықтан төсегінің сұлбасын таныды. Жата кетті. 

К. демалыс күні басшысының үйіне барып, жеке кезігемін деп шешті. Басшысының тұратын мекенжайын білетін, ол бұл уақытта үйінде болуы керек. Дегенмен К. бұған дейін бастығының үйіне барып көрмеген. Биік ғимарат екен. Ол 63-қабатқа көтерлуі керек. К. ғимараттың ішіне кіреді, алдында лифт тұр. Ол “Жоғары” деген белгіні басады. Лифт түсіп келе жатыр, 15-қабат, 14-қабат, 13-қабат… Лифт 1-қабатқа келіп төменге өтіп кетті. Одан соң қайта 1-қабатқа қайтып келді де, есігін ашпастан көтеріліп кетті. К. “Жоғары” деген белгіні қайта басты, лифт тағы тоқтамай төмен түсіп, қайта жоғары көтеріліп кетті. Осылай 20 минуттай тұрған соң К.-ның төзімі таусыла бастайды. Ол баспалдақпен көтерілемін деп шешеді. К. лифттің айналасына қарайды. Баспалдақ жоқ. Сол күні де К. басшысымен кезедсе алмай қайтты. 

К. дүйсенбі күні жұмысына барады. Үстелінен тағы да дәл сол хатты табады. Оны ертең жұмысынан шығармақшы екен. Бұл жолы өзінің бөлмесінен атып шығып, басшысының алдында отырған қызға кіреді. “Мені бүгін кешке жазыңызшы”, – дейді ол қатқыл үнмен. “Мен бүгін міндетті түрде бастыққа жолығамын”. Оның ойы осы. Қыздың бөлмесінен шығып өзінің бөлмесіне бара жатқанда өзіне қадалған көздерді байқайды. Оның әріптестері, онымен бірге жаңа жылды қарсы алып, бірге көңіл көтеріп жүрген әріптестері. Ол бұл сұқтанған көздерден салқындық пен өзекке тебуді сезеді. “Сен енді біздің адам емессің”, - деп тұрғандай. К. өзін жалғыз сезінді. Өзінің бөлмесі ғана қауіпсіз секілді. Ол бүгінгі жұмысын қайта істей бастайды. К.-ның ойынша, басшылық оны жұмыстан шығарамын деп шешсе, демек кімді шығарғалы жатқанын көруі керек. Ол ешқашан жұмысқа кешікпеген, барлық тапсырманы тиянақты атқарып жүрген адам. Жұмыстан шығаруы керек болса, адам толып жатыр. Сандалып жүргені қаншама, жұмысқа да кешігеді, ерте қайтады. Жалпы компанияға пайдасы жоқ адам көп. Неге К.? Оның істейтіні көп, уақытылы келіп, кеш қайтады. Ол жұмыстан шықпақ түгілі ертең қызметі өседі деп жүр. К.-ның санасын осы ойлар тұмшалап отырып, қалай бір күнге деп жоспарлап қойған жұмысын істеп тастағанын байқамады. Кеш батты. Ол дәлізге шығып, басшысының бөлмесіне қарай ертерек барып отырамын деп шешті. Бірақ арзан киім киген қыз бұл ойының қате екенін айтады.

– Ол кісі кетіп қалды.

– Қайда? – К.-ның дауысынан діріл байқауға болатын сияқты. Бәлкім ол өз дауысын өзі солай естіді ме?

– Білмедім.

– Мен жазылып едім ғой…

– Сіздіңше, басшымыз сіз жазылған уақытты күтуі керек пе?

– Жоқ… Бірақ… Қашан?

– Жаңа ғана, ол кісіні дәлізден көрмедіңіз бе?

– Жоқ. 

 

К. бірнеше күн қатарынан сол сипаттағы хат көре береді. Оның алдына бұл хаттарды қалдырып жүрген кім? Барлық хатты бақылайтын өзі емес пе? Барлығы К.-ның қолынан өтпей ме? Әрбірі келесі күні жұмыстан шығатыны туралы айтады. Бірақ ол күн әлі келмеді. Мұның бір күрделі келеңсіздік екенін түсіндіргісі келіп, басшысымен кездесем деп үміттеніп еді. Ол ойы да іске аспады. Оны ұстау мүмкін емес секілді. Бірде ерте қайтып кетеді, бірде бөлмесіндегі жасырын есіктен шығып кетеді. Мұны жұпыны киінген қыз айтады. Ол түнгі ұйқысынан айырылды. Онсыз да сирек күлетін, өзін байсалды ұстаймын деп санайтын. Енді шыдамы таусылған секілді. Ол өмірінің мәнін жоғалтты. 

К.-ның ойынша, басшысына жетудің жалғыз жолы – жұпыны киінген қызды айналшықтау, қажет болса, көңілдесіне айналу. К. бұл міндетіне бірден кірісті. К.-ны тартымды деуге әсте болмас, ол өзіне біреудің қызыққанын көрмеген. Бірақ К. расымен кіріссе, оның бойында қыздар қызығатын әлдене оянатын. Оның сенгені осы. К. ол қызды кездесуге оңай шақырады. Бұған өзі де таң. “Неге бұған дейін бұл қызды кездесуге шақырмадым?”, – деп ойлайды ол. Екеуі театрға барады, қойылым К.-ға әсер етпейді. Әдеттегі өмірдің бір үзіндісі. Бәрінің басынан өтетін сәт. Бірақ көрермен тұрып қол соғады, жұпыны киінген қыз да сөйтті. К. да тұруым керек деп шешеді, бірақ мұнысы еріксіз еді, бір жағынан ол жұпыны қызға жаққысы келеді, екінші бір жақтан, елдің бәрі тұрғанда өзі жалғыз отыруға дәті шыдамады. Сол түні К. жұпыны қызды құшады. Қатайып, тартымдылығынан айырыла бастаса да, әлі сұлулығы сақталған денесін, шүртиген кішкентай анарын жұлып алғысы келгендей умаждайды.

– Неге басшылыққа кіре алмай жүрмін? – дейді К. бейкүнә дауыспен.

– Маған кіресің ғой, – дейді Мереке күліп. Оның есімі Мереке екенін К. жыныстық қатынастан кейін бір-ақ есіне сақтап қалады. Оған дейін бұл есімді білсе де, ұмыта беретін еді. К. Мерекенің сөзіне күледі.

– Жоқ, – дейді К. дауысын байсалды кейіпке түсіріп, – басшылыққа кіре алмай жүргеніме көп болды ғой. Менде расымен маңызды мәселе бар.

– Жұмыстан шығуың туралы ма?

– Сен де білесің бе?

– Барлық бөлім сол туралы айтып жүргеніне көп болды.

– Сонымен, мен басшылыққа кіре аламын ғой?

– Жоқ, К., кешір, сен ғұрыпты ұстануың керек.

– Қандай ғұрып? – К.-ның дауысынан ыза ұшқыны жарқ ете қалады. Бірақ дәл сол сәтте ол өзін қайта салқынқанды адам қалпына келтіре қалады.

– Сен басшымен кезігуді шынымен, іштей қалауың қажет. 

К. бұл тұста күліп жібере жаздап, өзін-өзі ұстап қалады. Мереке есінен ауысқан ба? Бұған дейін басшы мен қол астындағы редактор болып кәдуілгі іскер байланыс болып жүрген басшының бөлмесіне кіріп шығу туралы “қалау” керек дегені қай сасақаны? К. төсектен тұрып, жуынып келді. К.-ның ойынша Мереке қалжыңдады, я болмаса есінен ауысқан қыз. 

Бірақ бұл түйіні К.-ның Мерекемен тағы бір рет төсектес болуына еш кедергі келтірмейді. Мерекенің иілуге келмейтін ағашқа ұқсап бара жатқан денесі К.-ға ұнайтын сияқты. Бәрі болған соң К.-ның құшағында жатқан Мереке өзі сөйлей бастады.

– Сені басшымен кезіктіре аламын, – деді Мереке, – тек ыңғайлы уақытты табу керек.

– Ол қалай? Қай уақыт ыңғайлы? – К. қуанышын әрең жасырып тұр.

– Алмас, бастығымыз, аптасына бір рет достарымен сыраханаға барады. Сені оны сол жерде кезіктіре аласың. 

К. іші көк түтін ғимаратқа кірді. Әрбір жерде домалақ үстел қойылған, барлығы адамға лық толы. Түтіннен шашала жаздап, көзі ашып, қабағын түйген К. үстелдер арасынан өте берді. Отырғандар мұны бөтенсініп, тіксініп бағып тұр. К. бір кезде бастығы Алмасты байқады, бөлменің бұрышындағы үстелге жайғасыпты. Бірнеше адам отыр, орталарында әлсін жанып тұрған ескі шам тұр. К. жақындады. Алмас та бұған тіке қарап тұр. К. Алмастың жүзінен әлдене ұққысы келіп, имене үңілді, бірақ ештеңе түсіне алмады. 

–  Сізбен сөйлесейін деп едім…

–  Не жөнінде? - Алмас мұны жақтырмай тұрған сияқты. К. Алмастың жанында отырғандардан ыңғайсызданды. 

–  Жеке сөйлессек бола ма?

–  Осында айта бер, ешкімнен жасыратыным жоқ. Алмас айналасындағыларға бір көз жүгіртіп, мақтанғандай болды. К. олардың ешбірін танымайтын.

–  Жұмысым туралы айтайын деп едім… Мені шығарғалы жатырсыздар ма?..

–  Бек мүмкін… – “Неге “бек мүмкін” деді? Неге нақтысын айтпайды?” - Оны мен шешепеймін, - деді Алмас кідіріп барып. - Басшылықтың саған көңілі толмай жүр. Бірақ мұнымен мен айналыспаймын. 

–  Кім шешетінін айтасыз ба?.. - деді К. бар батылын жиып. Оның ашуы келе бастаған еді, сандалып жүргеніне біраз болғаны, күйініші есіне түсіп кетті. Басына қан тепкендей болды, дегенмен ол өзін барынша ұстайын деп тырысып бақты. 

–  Қадір шешеді, - деді Алмас. Қадірді К. бірнеше рет естіген, дегенмен көрмеген. Ол компанияның директорлар кеңесінің басшысы. 

–  Менің нақты шешімді біле алмай жүргенімен біраз болып қалды, көмектесе аласыз ба?

–  Жоқ, Қадір біледі, - Алмас қою күңгірт сырасынан бір тартып, темекісін тұтатты. - Менің мұнда еш әмірім жүрмейді. Айналайын, менің жұмыстан тыс кездегі уақытымды алма. 

К. қоштасып шығып кетті. Демек, ол Қадірмен кездесуі керек. Ол енді онымен қалай кезіге алатыны туралы жоспар құра бастады. Қадір ол істейтін ғимаратқа келмейтін де, ол туралы сырттан естігені болмаса, ешқашан көрмеген. К. оны тым қатқыл үнді, мойны жуан, ашуланшақ адам ретінде елестететін. Енді өзінің тағдырын шешу үшін сол адаммен кездесуі керек сияқты. Ертесінде К. бірден Мерекеге барды. Мерекенің көңіл күйі жоқ сияқты. К. амандаспақ болып жатыр еді, Мереке бірден бас салды. 

–  Неге Алмастың қайда баратыны туралы менен білгеніңді айттың?

–  Мен айтпадым… К.-ның дауысы жай шықты. 

–  Өтірік айтасың, сен айтқансың. Басқа ешкім білмейтін. 

Сол күні К. Мерекемен сөйлесе алмады. Ертеңінде Мереке өзі хабарласты. К. оны үйіне шақырды. Екеуі жатып болған соң, К. Қадірмен кездесуі керек екенін айтты. Бірақ Алмас туралы айыптаулардан кейін, Мереке көмектесе алмас деп ойлап қойған. Қадірге апаратын басқа жолдар іздей бастаған. Бірақ, К.-ның таңданысына орай, Мереке қалтасынан Қадірдің мекен жайы жазылған қағаз алып шықты. К. бірден қуанып кеткенімен, артынан тосылып қалды. 

–  Сенде Қадірдің мекен жайы дайын жүре ме?

–  Жоқ, сенің сұрайтыныңды білдім. 

–  Қайдан? 

–  Бәрі сені Қадірмен кезігеді деп жүр.

–  Қалай?.. К. таңданып Мерекенің көзіне қарап қалған. 

–  Білмеймін - Мереке сықылықтай күледі. Ол бір қырымен жатқан еді, күлген сайын салбырап жатқан кеудесі қимылдайды. 

К. Қадірдің үйіне ертесінде-ақ барып алады. Кең жол, үлкен үйлер, биік қоршау. Ол үйдің қақпасын қағады. “15-үй, Байтазаров көшесі, дұрыс келіп тұрмын ғой”. Ол тағы бір рет қақпаны қағады, іштен тірі жанның нышаны сезілмейді. К. он минуттай күткен соң есік ашылады, дегенмен есіктің артында ешкім жоқ. Ол ішке қарай кіреді, екі жағында гүлдер өскен, оның ар жағында өсіп тұрған көк шөпті байқайды. К. аяңдап барып үйдің есігін қағады, тыныштық. Біраздан соң есікті 5-6 жастағы бала ашты. К. солай топшалайды. 

–  Сіз кімсіз? - кішкентай бала үлкен көзімен тесіліп қалыпты. 

–  Мен Мансур К., сенің әкеңнің қол астындағы жұмысшы. Әкең қайда?

–  Әкем жоқ, жұмыстарымен кетті. Сіз аудармашысыз ба?

–  Жоқ, мен редактормын.

–  Ал біз аудармашы күтіп отыр едік. 

–  Сендерге шетелден қонақ келе ме?

–  Жоқ, әкем аудрмашы келеді деп еді. 

–  Ендеше мен сол аудармашыны түзейтін редактормын. Мен соны бақылап отырамын. Әкең қашан келеді?

Осы сәтте іштен жүзі жылы, беті цилиндрға ұқсаған арық әйел шықты. 

–  Иә?

К. кімді және не үшін іздеп келгенін, басшысымен кезіге алмай жүргенін түсіндіреді. Әйел К.-ның сөзін бөлмей тыңдап болған соң, күйеуінің аңшылыққа кеткетінін айтады. К. күте тұратынын жеткізген еді, әйел болса оны үйге кіргізеді. Ол бөлменің шетіндегі кішкентан орындықта отыр. Бөлмеге терезеден күннің сәулесі түсіп тұр. Қақ ортада пианино. Басқа бөлмеден симфонияның дауысы шығады, оған әлсін ғана үні естіледі. Бұл жерде уақыт тоқтап қалған сияқты. Бір кезде сырттан көліктің дауысы естілді. К. орнынан тұрып, амандасуға дайындалды. Біраздан соң сыртқы есіктің ашылған дауысы естілді, жүрген аяқ дыбысы. К. қобалжи бастады. Аяқ дыбысына қарағанда келген адам басқа бөлмеге өтіп кеткен сияқты. Уақыт өткен сайын К.-ның уайымы арта түскен сияқты. Бірде күбірлеген дауыстар естілді. Ол өзі туралы айтып жатқан шығар деп түйді. Енді бөлмеге бойы аласа елулерден асқан еркек кіріп келді. Мұрты қалың екен, темекіден сарғайып кеткені байқалады. 

–  Сен бе? - Кіріп келген адамның жүзінен жылулық сезіледі. 

–  Иә, амансыз ба? Мен сізге мына мәселемен келіп едім… - К.-ның сөзін мұртты адам бөліп жіберді. 

–  Білемін. Бірақ ондай дүниелермен айналыспаймын. 

–  Бірақ Алмаз мырза…

–  Иә, оның саған не айтқанын білемін. Бірақ құжатты көрген шығарсың? Бұйрықты айтамын.

–  Иә.

–  Қол көрдің бе? Кімнің қолы тұр?

–  Онда қол жоқ қой… 

–  Мүмкін емес, қол қойылмай бұйрық шықпайды. 

–  Мұны сіз шешеді деп еді.

–  Мен директорлар кеңесінің басшысымын, қатардағы редакторлардың жұмысымен айналысады деп ойлайсың ба? К. не дерін білмей тұрып қалды. 

К. үйден шығып бара жатып, көлікке тіркелген арбадан атылған киік жатқанын байқайды. 

К. бұрынғыдай жұмысына бара берді. Күнде. Күнде. Тіпті бұрынғысына қарағанда қарқындырақ, көбірек жұмыс істей бастаған сияқты. Ол Алмазбен қайта кезіккісі келген, бірақ онысынан ештеңе шықпады. Мереке де суып кетті. Ол енді мұнымен сөйлеспейді де, амандаспайды да. Барлық жұмыстағы танысы К.-дан қашқақтайтын сияқты. Күнде таңертең жұмысқа келіп өзінің жұмыстан шығатыны туралы бұйрықты көре береді. Тек ешкімнің қолы жоқ. К.-ның есігін біреу қақса, оны жұмыстан қууға келген адам сияқты елестейді. Түнде жұмыстан кетіп бара жатқаны түсіне кіреді. Оның асқа тәбеті тартпайды. Ол есеңгіреп, ақыл-есі кіресілі-шығасылы жүргендей. Дел-сал. Осылай жүргенде ай артынан ай өте берді. 

Бір күні таңертең К. әдеттегідей жұмысқа асығып, ерте оянған. Тұрмаққа ұмтылып еді, денесін көтере алмады. Үстінен ауыр жүк басып тұрған сияқты. Ол қолын көтеруге тырысып еді, тек саусағының ұшы ғана қимылдады. Аяғы мүлде жансыз сияқты. К. тек басын ғана қозғалта алады екен. Тұруға тырмысып, осылай көп жатты, бірақ басынан басқа денесің ешбір мүшесі қимылдамады, көнбеді, шамасы келмеді. Төбеге қадалып қарап қалыпты. “Мен не істеп жүрмін?” Оның есіне шешесі түсті, ол К.-дан көп үміт күтті емес пе? “Өскенде адам болатыны осы!” деп мақтанышпен айтатын еді ғой. К. сол сөзге иланып, мәз болып, өзінің үлкен адам болатынына сенетін. К.-ға анасының сенімі күш беретіндей көрінетін. Университеті есіне түсті. Достары, мұғалімдері, университет жанындағы дүкендегі дөрекі сатушы… К. Балжанды да есіне алды. К. оны сүймейтінін білетін, бірақ неге сүйем деді? Құшқысы келгені үшін ғана ма? Балжан К.-ның өміріндегі тұңғыш қыз еді. Оның белі, жаңадан пісіп келе жатқан, шүршиіп тұрған кеудесі, қайратты шаштары… Көз алдына Балжанның бейнесі келді. Күлімдеп тұр. Балжан да бұл сияқты бала еді, К.-ға сенген, отбасын жоспарлап, онысын көп айтқан. Оның да қызығы көпке созылмады. 

К. басын бұрып, терезеге көз тастады. Терезе сыртындағы ағаштың қураған бұтағында отырған торғай ұшып кетті. Жаңбыр себелей бастады…