Проза» номинациясы: Абай атаға хат (Хат түрінде)

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Отан.kz

 

Мылтық көрсем төрлерден іліп қойған,

Менің мазам кетеді күдікті ойдан...

(Қадыр Мырза Әли «Қызыл кітап»)

 

Амансыз ба, Абай ата! 

Менің атым Әліби. Орта мектептің алтыншы сыныбында оқимын. Біздер, атам, әжем, үшеуміз ауылда тұрамыз. Әкем мен апам қалада тұрады. Мен сурет салғанды, кітап оқығанды, табиғат аясында дем алғанды жақсы көремін. Сабақ үлгерімім өте жақсы, ылғи «бестік» бағаға оқимын.

Қазір Қазақ әдебиеті сабағы. Апай экология тақырыбына шығарма жазыңдар деп тапсырма берген. Өзге балалар бастап та кетті. Мен ғана не жазарымды білмей, әлі отырмын. Есіме сіздің «Жаз», «Күз», «Қыс», «Көктем» атты табиғаттың төрт мезгілі туралы жазған керемет өлеңдеріңіз түсті. Мен оларды сүйіп оқимын. Жаттап алып, айтып жүремін.

Енді, міне, ойланып-ойланып, сізге хат жазып отырмын.

Сіздің сол өлеңдеріңіз арқылы қаншама адам табиғат әлеміне сапар шеккендей болатынын білесіз бе?! 

Әсіресе: «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды», – деп басталатын қыс туралы өлеңіңіз қатты ұнайды.

Егер, сіз қазіргі заманға қайтып келсеңіз, табиғатымыздың бүгінгі жағдайын көріп, қатты қапаланар едіңіз, ата.

Әжемнің айтуынша, табиғат бұрынғыдай емес, азған. Бұрын табиғат шіркін өте таза, қоян, қырғауыл, түлкі дегендер жыртылып-айрылушы еді дейді. Ал, балықтың көптігі сондай, адамдар оны қолмен де ұстап ала береді екен. Ал, қазір, «Қызыл кітапқа» енбеген аң мен құсты табу қиын екен.

Сіз, әлбетте, Қазақстанның барлық өңірлері туралы білетін боларсыз. Қазір еліміз жер көлемінен әлем картасында тоғызыншы орынды алып жатыр. Еліміздің табиғаты сан алуан. Ертегідей әдемі жерлер, шипалы өзен-көлдер, асқар-асқар таулар, төрт түлік малымыз бен мәуелі бақша, бауларымыз бар. Шөл мен шөлейт те кездеседі. 

Каспий мен Арал секілді телегей теңіздеріміз де бар. Дәлірек айтқанда, Арал теңізі бұрын болған, ал, қазір жоқ. Бұрынғы теңіздің орнында мыңдаған шақырым аппақ сор жатыр екен. Содан ба, ол айналаның тұрғындары түрлі ауруларға шалдығып, адам айтқысыз азап көруде. Дүниеге екі қолсыз келген соң, башпайларымен сурет салатын Аралдың кішкентай тұрғыны жайында жорналдан оқығанмын. Рас айтам. 

Арал теңізі құрып кетті, Абай ата! 

–Ал, Каспий ше? – деп сұрағыңыз келетін болар? Каспийдің де халі мүшкіл. Қойнауынан мұнай өндіруге байланысты оған да қауіп төнуде. Қара уылдырығы үшін аулап-аулап бекіре балығы да құрып кетуге жақындады.

Абай ата, мен сіз қайтып келіп, табиғатымызды қорғасаңыз ғой деп армандаймын. Онда, мүмкін, сізді біздің ауылға қонаққа шақырудың да сәті түсер еді, шіркін-ай! Сіз тезірек келсеңіз, ең болмағанда, Каспийді құтқарып қалуға болатын шығар.

Жеріміздің байлығы, өзімізге сор болып жабысқан секілді. Қойнауы шұрық-тесік, мұнай, көмір, қорғасын, темір, сынап, уран секілді кен өндіріледі. 

О-о-о, Сіз атом жарылыстарының зардаптарын көрсеңіз ғой!!... 

Бос жатқан жері көп деп, дамыған елдер өз өндірістерінің улы қалдықтарын біздің жерімізге төгеді екен. Сол үшін үлкен ақша төлеуге де дайын көрінеді.

Елдегі өзен-көл, теңіздер құрғап, жауын - шашын азаюына байланысты соңғы уақытта елімізді қуаңшылық жайлап, жұт келіп төрт түлік мал қынадай қырылуда. Бара-бара Қазақстанда төрт түлік мал да «Қызыл кітапқа» енетін шығар...

Ұрпақтарым өздерінің байлығын мүлде қадірлемейді екен деп ойлап қалмаңыз. Біздің елде табиғатты қорғауға өз үлестерін қосып жүрген жақсы адамдар да өте көп. Тәрбие сағатында апай бізге арнайы су қоймаларында миллиондап балық өсіріп, кейін өзен, көлдерге жіберумен айналысатын жандар жөнінде оқып берді. Сонда қуанғанымыз-ай! Сондай-ақ, біздерде, Ақсу Жабағылы, Үстірт, Қорғалжын, Наурызым, Барсакелмес секілді көптеген қорықтар бар. Ондағы аң-құстың, өсімдіктің көптеген түрлері мемлекет қорғауына алынған. Ағаш егіліп, жасыл орман алқаптарына айналып жатырған жерлеріміз де аз емес.

Менің атам да жақында ауыл шетіндегі алаңқайға 200 түп жеміс ағаштарын отырғызып, сыртына қоршау жасады. Күн сайын барып, суарып жүрміз. Жұрт атама сыртынан «алжыған шал» деп күліп жүр. Мейлі, күле берсін. Атам екеуміз оған бола қайғыра қоймаймыз. 

Біздің еліміз табиғи газге бай болса да, әлі күнге үйді тезек жағып жылытамыз. Тезектің бір арбасын 20 000 теңгеге сатып аламыз. Ақшасы жоқтар орман ағаштарын кесіп, отқа жағады. Өмір бойы отпен кіріп, күлмен шыққан соң, біздің ауылдағы байғұс әжейлердің белдері бүгіліп жүреді.

Атам айтады: «Бақилық болған адам қайтып келмейді» - дейді. Менің атам өтірік айтпайтын адам. Әйтсе де, бұл жолы менің оған сенгім келген жоқ. Меніңше, сіз секілді ғажайып жан мәңгі жасай беруге тиіс. Әйтпесе, табиғатты адамдардан кім қорғайды? Ол құрып бітеді ғой. 

Менің осы хатымды оқитыныңызға, елдегі барлық өзен-көлдер құрғап, жан-жануарлар, ормандар мен өсімдіктер құрып кетпестен бұрын, міндетті түрде, біздің ауылға да келетініңізге сенемін.

***

Мен Сізді күтіп жүрмін, Абай ата!