«Проза» номинациясы: Періштенің көз жасы

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Перғауын

 

І

Сания офиске жүгіріп келіп құрбысы Меруертті құшақтап:

– Мика, ақша түсті, - деп бетінен сүйе берді. 

– Ой енді соған бола сонша беттен сүйгені нес!? Жаным-ау, қуаныштымын, – деді де Меруерт жұмысын жалғастыра берді. 

Сания айнаға қарап: 

– Қуанбағанда қандай. Осы апта ақшам таусылып не істерімді білмей кетіп едім, өзіңнен де қарызға ақша алдым емес пе? – шашын буып болып: – кешке кафеге барайықшы, Мика?

Меруерт компьютерге үңіліп естімей қалды. Сания:

– Мика?

– Ау, Сания, мына есепті тапсырып тастайыншы, кішкене отыра тұршы, – деді Меруерт.

– Жарайды, мен онда дүкеннен шайға тәттілер әкелейін, жақсылап отырып шай ішейік, иә?

– Иә, сөйтші. Бірақ маған тәтті емес, Роллтон ба, Биг бон ба ала салшы. 

Сания мырс етіп күліп:

– Айлығы түскен адам Роллтон жей ме? Осы сен біртүрлісің негізі.

– Болшы енді, барсаң тезірек барып келсеңші, – Меруерт компьютерден көз алмады. 

Сания әмияны мен телефонын алып шығып кетті. 

Сания мен Меруерт студент кезден танысқан. Университет аяқтағаннан кейін диплом бойынша жұмыс таба алмаған соң, «СК» құрылыс компаниясына бірі – хатшы, бірі – іс-жүргізуші болып қызметтерін бастаған. Компания жеңілдіктерін пайдаланып, қызметшілерге арналған бағдарлама бойынша компанияның арзан бағада жалға беретін пәтерлерінің бірінде тұрады. Үйде де, жұмыста да бір-біріне жәрдемдесіп жүреді. Екеуі де қарапайым отбасынан шыққан. Меруерт өзінің отбасы туралы жиі әңгіме айтады, ал Сания болса ол туралы көп айта бермейтін.

Сания офиске бір қап пакет тәттілерін, шай, Меруерт сұраған Биг бонын алып кіріп келді. Компания қызметкерінің бірі артынан:

– Осы Сания мен Меруерт жұмыс жасай ма, әлде тамақ іше ме? Қашан қарасаң қолында бір пакет. 

Екінші қызметкер:

– Басшы орынбасары сыртта көп жүріп көрмей жүр, көрсе екеуін де жұмыстан шығаратын шығар, - деп жүргізуші жігіттер әңгіме айтып тұрды. 

Біраз уақыттан кейін күзетші:

– Жас қыздарды сөз қылғанша өздерің жұмыс жасамайсыңдар ма? Екеуіңнің жұмыстарың офиске кіріп-шыққан адамдарды сөз қылу болды ғой. Басшы жұмыстан шығарса бірінші кезекте сендер кетесіңдер-ау, – деді. 

– Ой, аға, сіз де... – деп жас жігіттер сыртқа шығып кетті. 

Сания кабинетке кіріп келіп:

– Та-да-а-ам, Саниямен бірге түскі ас келді. Мика ханым, «Война войной, а обед по расписанию» дейді. Жұмысты қоя тұр, жақсылап ауқаттанып алайық, – деп Меруерттің қолынан тартып көрші кабинетке алып кетті. 

Тефальға суды қайнатып, үстелді жайнатып жіберді. Әңгімеге беріліп, ыстық шайдан ішіп отырғанда кабинетке басшы орынбасары кіріп келді. Екеуіне қарап:

– Ас ішіп болғаннан кейін маған келіңдер, – деп шығып кетті. Сания мен Меруерт ыңғайсызданып бірден үстелді жинай бастады. Кабинетті ретке келтіріп болып, басшы орынбасарының кабинетіне келді. Басшы орынбасары Әділ Әбілұлы алдындағы қағаздарына қол қойып, реттеп болып екі қызға қарады. Меруерт төмен қарап отырды, Сания болса өзін еркін ұстап, еш қысылмай отырды. Сәлден кейін Әділ Әбілұлы:

– Мен екеуіңнің жұмыстарыңа ризамын. Екеуің бір пәтерде тұрып, бір-біріңе қолдау көрсеткендерің де жақсы. Менің ойымша басшы да екеуіңнің жауапкершіліктеріңе көңілі толатын еді. Бірақ, сендерге көп шағым түсуде. Әсерісе, Сания саған.

Сания таң қалып:

– Әділ Әбілұлы, сонша шағымданатындай біз не істедік? Офистегі қызметкерлердің жұмысына кедергі жасап жүрміз бе? – дегенде Меруерт Санияны түртіп жіберді. – Не Меруерт? Рас қой. Әділ Әбілұлы, бізге шағым түскенімен, өзімізді кінәліміз деп ойламаймын.

Әділ Әбілұлы:

– Сания, сенің батылдығың мен ашықтығың маған ұнайды. Іс-сапарда көп жүрсем де екеуіңнің жұмысқа деген ниеттерің мен әр іске тиянақты болғандарың өте жақсы. Қазір міне қарап отырсам шағымның көбісі Сания, сенің атыңа жазылған.

Сания орнынан тұрып:

– Жақсы, Әділ Әбілұлы, қызметкерлердің көңілі орнына түссін. Өз еркіммен жұмыстан шығамын.

– Жоқ, Сания, менің айтқым келгені басқа... – дегенше, Сания кабинеттен шығып кетті.

Меруерт орнынан тұрып: 

– Әділ Әбілұлы, бізден қателік болса кешіріңіз. Енді жұмысқа мұқият боламыз.

– Мен негізі Санияға жұмыс ұсынайын дегенмін. Жарайды, ол қызбен кейінірек сөйлесемін. Сен жұмысыңды жалғастыра бер.

– Жақсы, Әділ Әбілұлы, – деп Меруерт кабинеттен шықты. Қараса Сания сөмкесі мен киімін алып кетіп қалыпты. 

Офис жанындағы саябақтағы орындықта Сания ойланып отырды. Қайта еш мұңаймайтын. Біраз уақыттан кейін қасына Әділ Әбілұлы келді. 

– Отырсам бола ма?

– Әрине, Әділ Әбілұлы. 

– Бүгінгі жағдай көңіліңе тимеді ме?

– Жоға. Қайсыбірінің аузына қақпақ болып, қайсыбіріне жұмысымды дәлелдеп жүремін. Басқа жұмыс табармын.

– Дұрыс қой, Сания. Офис қызметкерлерінің бәрін бірдей көремін. Бірің артық, бірің кем жұмыс жасап жүрген жоқсыңдар. Мен саған басқа жұмыс ұсынайын дегенмін.

– Қандай жұмыс? 

– Біздің басшының үйіндегі көмекшісі бүгін жұмыстан шықты. Оның орнына сенімді адам табу қиын. Офистегі сарапшылар кеңесінде сені қорғағаныммен жұмыстан босатуға тура келді. Сондықтан басшының үйіндегі қызметке өзің барсаң деп ойладым. Келісесің бе?

– Жарайды, Әділ Әбілұлы. Бір жағынан жұмыс іздеп те әуре болмаймын.

– Жақсы, Сания, мында басшының мекен жайы жазылған, – деп қағазды берді. – Ертеңнен бастап жұмысыңа кірісе бер. Үйге барсаң бас қызметші күтіп алып, сенің жұмысыңды түсіндіріп береді. 

– Рақмет, Әділ Әбілұлы, сау болыңыз, – деп Сания орнынан тұрып үйіне қарай беттеді.

– Ертеңіне Сания қағазда жазылған мекен жайға барды. Қала сыртында он минуттық жерде кең аумақты қамтыған үлкен үйге келді. Сарай десе қате емес. Сыртында арнайы күзетшісі бар. Басшы орынбасарының алдын ала хабарын алған күзетші Санияның құжаттарын тексеріп ішке кіргізді. Қашадан кіргеннен айналаның бәрі жасыл шөп, үй маңына кішігірім көлі бар, балалар ойнайтын арнайы алаңдар салынған екен. Сания басшының отбасы, балалары бар деп ойлады. Үйдің алдына келіп көліктен түскен бетте бас қызметші күтіп алды. 

– Сания ханым!

– Сәлеметсіз бе!

– Қош келдіңіз! Менің есімім – Аманбек. Мен осы үйдің бас қызметшісімін.

– Рақмет, Аманбек аға. Үй ме, сарай ма бұл?

Аманбек аға Санияның сұрағына жауап бермей:

– Үйге кір, мен саған бұл үйдің ережесімен таныстырамын, – деді.

Сания:

– Бұл үйде неше адам тұрады? Басшының отбасы үлкен сияқты ғой, қашадан кіргеннен алаңдар, қыдыруға ыңғайлы жерлері де бар екен. 

Үйдің ережесіне әбден үйренген Аманбек аға тағы сұрағына жауап бермеді. Бірден ережені таныстырып бастады:

– Біз бұл үйде қызметші ретінде тек өзімізге тиесілі жұмысты ғана атқарамыз. Бір-біріміздің жұмысымызға араласпаймыз. Бүгіннен бастап сенімен қосқанда бұл үйде төрт қызметші жұмыс істейміз. Танысып қой – Ғалия ханым, – деп үйдің кіреберісінде күтіп тұрған қызметкерлерімен таныстырды. 

– Сәлем, Сания, ортамызға қош келдің, – деп Ғалия тәте қарсы алды. Елуден асқан, ірілеу келген бұл кісі үйдің аспазы. Арнайы білім бар. 

– Сәлеметсіз бе, Ғалия апай! – деп Сания үйде қызметші әйел адам барына іштей қуанды. 

– Марат мырза, менің құрдасым, үйдің аула тазалаушысы. Тек аула тазалап қоймай жылқыларды да бағады. 

– О-о, бұл үйде жылқы бар ма? Қуаныштымын, Марат аға. Бір бос уақытта жылқымен қыдырамыз ғой!?

Аманбек аға Санияның сөзін бөліп:

– Ал, Сания, сенің бөлмеңді көрсетейін, - деп төрдегі кең баспалдақпен екінші қабатқа көтерілді. 

Екінші қабатта түпкі бөлмеге келіп:

– Бұл сенің бөлмең. Бұл бөлме осы қызметтегі барлық әйелдерге ыңғайлы болған, саған да ыңғайлы болады деп ойлаймын, – деп Аманбек аға бөлмеден шыға бастады.

Сания:

– Басшы қай бөлмеде? Басшы туралы айтпадыңыз ғой.

– Сания, сұрақ қоюды доғар. Артық сұрақтың қажеті жоқ. Қалғандарын жұмыс барысында сұрап, үйрене жатарсың, – деп Аманбек аға баспалдаққа қарай беттеді. 

Сания бөлмесін ретке келтіріп шықты. Шкафты ашса қызметшіге арналған фартуктың жап-жаңа екі-үш данасы ілініп тұр. Біреуін киіп, қолына шүберегін алып үйдегі шаңды сүртуге кірісті. Жиһаздардың шаңын сүртіп жүріп үйдің әдемілігіне тамсанады. Бірінші қабатта бөлмелер аз, үлкен болғандықтан көз қызықтырар жиһаздар мен мүсіндер көп. Қабырға толы суреттер. Барлығына қызығып жүріп кітап толы бөлмеге келді. Бөлменің төрінде басшының үстелі, ол үстелде өткен ғасырлардан сақталған жазу машинасы, қауырсын қаламдар, қымбат материалдан арнайы жасалған блокноттар. Қабырғадағы сөрелер кітапқа толы. Сания да кітап оқуды ұнатады. Тек соңғы кездері жұмыстың қарбаластығынан кітап оқудан алшақтап еді. Кітап сөрелерін қарап жүріп ұзақ уақыттан бері таба алмай жүрген кітапты көрді. Қуанып, сол кітапты алып, жұмысын ұмытып оқуға кірісе кетті. Бөлмеге Аманбек ағаның кіргенін байқаған да жоқ.

– Негізінде рұқсатсыз кітап оқуға болмайды, – дегенде Сания селк ете қалды. 

– Аманбек аға, тым болмаса келгеніңізді ескертсеңіз болар еді, адамның жүрегін ұшырмай, – деп Сания кітапты жауып орнынан тұрды. – Мына кітапты ғаламторда бір жарнамадан көргенмін. Кейін қаладағы барлық кітапхананы, кітап дүкендерін аралап таппадым. Сөйтсем, дүниежүзінде бұл кітаптың 250 ғана көшірмесі бар екен ғой. 

– Бес жыл бұрын осы үйге қызметке келгенімде осынша көп кітап болмады. Ануар мырза жалпы өнер мен мәдениетке қатты қызығады. Өзінің көптеген іс-сапарларынан келгенде үлкен сөмкесіне кітаптарды толтырып келетін. Және сол кітаптарды оқымай сөреге қоймайтын. Әр кітапты оқып болғаннан кейін маған мазмұнын айтып беретін, содан кейін ғана сөреге қоятын. 

– Қандай күшті! Өте білімді кісі екені байқалып тұр.

– Әрине, бұл үйдегі бар дүние өнермен байланысты. Ануар мырза өнер десе ішкен асын жерге қоятын.

Сания таңдана:

– Ануар мырза қайда? Келгеннен бері ол кісіні көрмедім, тағы іс-сапарға кетті ме?

– Кітапты аяқтаған соң орнына қоярсың. Әзірге жұмысыңды аяқта, кешкі ас та дайын болып қалды. 

– Жарайды, – деп Сания жұмысын жалғастырды. Бірінші қабатты толығымен жинап шығып, екінші қабаттағы бөлмелерді тазалап, өзінің бөлмесіне қарсы беттегі түпкі бөлменің есігін ашатын кезде Аманбек ағаның дауысы шықты:

– Бұл бөлмеге кіруге болмайды.

– Түу, Аманбек аға, тағы жүрегімді ұшырдыңыз ғой. Неге кіруге болмайды?

– Жұмысыңды аяқтасаң ас бөлмеге кел, кешкі ас ішеміз.

– Бұл құпия ма?- деді Сания мысқылдап.

– Бізде асқа кешігуге болмайды, жүр, – деп Аманбек аға Санияны ертіп ас бөлмеге алып барды.

Үстел үсті жайнап тұр. Ғалия тәте әр күнге ас мәзірін дайындаған екен. Әр күні дайындайтын ең дәмді деген тағамдардың тізімі бар. Сания үстелге отырғаннан бастап үйдің кереметтілігі, алған әсері, ішіп отырған астың дәмділігі туралы тоқтамай сөйледі. Сөйлеп жатқанда Аманбек аға:

– Сания, ас ішкенде сөйлеуге тыйым салынған, – деді.

– Аманбек аға, қалай үндемей отыра бересіздер, күндіз кешке дейін бәріміз жұмыс істейміз, кешкі аста айтқан әңгімелер қызық емес пе?

– Біз барлығымыз ережеге бағынамыз. Егер аяқтасақ үстелден тұрайық.

Сания таң қалды. «Құрған ережелері біртүрлі екен» - деп ойлады да, Ғалия тәтеге көмектесуге кетті.

Ас бөлмені жинастырып әрқайсысы өз бөлмесіне кіріп кетті. Сания киімдерін реттеп жатқанда дәлізден біреудің келе жатқанын естіді. Есікті ақырын ашып қараса Аманбек аға түпкі бөлменің алдына барып ас қойып, есікті қаққанын көрді. Ол кісі кетіп қалғаннан кейін есік ашылып бір адам тамақты бөлмеге тартып кіргізді, бірақ түрі көрінбеді. Аманбек ағаның бірінші қабатқа түскенін күтіп, бөлмеге ақырындап жақындады. Ақырын есігін ашайын десе ішінен құлыптаулы екен. Есікке құлағын жақындатып тыңдап тұрды. Жаймен басып есікке жақындап келе жатқан аяқ дыбыстарын естіді. Есікке жетпей бөлмедегі адам құлап түсті. Артынан қиналып айғайлады. Сания көмектескісі келіп есікті қағып: «Есікті ашыңыз» – деді. Есікті аша алмай жатқанда Аманбек аға келіп:

– Мен саған бұл бөлмеге келме дедім ғой. Тез бөлмеңе бар, – деп Санияның қолынан тартты. 

– Аманбек аға, ішінде бір кісі қиналып жатыр, есікті ашыңызшы, көмектесу керек қой, - деді Сания. 

– Айтқанды тыңда, бөлмеңе кір, – Аманбек ағаның дауысы қатты шықты. – Бар, – деп тағы дауыс көтерді. Сания сол бөлмеге қайта-қайта қарап бөлмесіне уайымдап кірді. Есікті толық жаппай сығалап тұрды. Бір кезде бөлмедегі дауыс басылып, есігі ашылды. Тамақтың ыдыстарын ақырын итеріп шығарды. Есік жабыла салып Аманбек аға ыдыстарды алып бірінші қабатқа түсіп кетті. 

Сания түнімен ұйықтай алмады. Бөлмедегі адамды уайымдап шықты. Бірақ астан кейін ол бөлмеден ешқандай дауыс шықпады. Түнде бәрі ұйықтап жатқанда ақырын барып есікке құлағын тосып тыңдады. Тым-тырыс. Біраз уақыт тұрып қайта бөлмесіне кетті. 

Ертеңіне таңғы аста үстел басында бәрі үнсіз отырды. Ешкім бас көтермеді. Сания шыдамай:

– Бұл үйде не болып жатқанын айтыңыздаршы. Түпкі бөлмеде кім бар? Ол кісіге не болды? Аманбек аға?

Аманбек аға басқа қызметшілерге қарағанда екеуі де басын изеді. Орнынан тұрып:

– Жүр, Сания, – деп ас бөлмеден шығып кітапханаға қарай кетті. Сания артынан еріп кітапханаға келді. Аманбек аға төрде тұрған үстелдің тартпаларының бірін кілтпен ашып ішінен сандықшаны алды. Сандықшадан бірнеше суреттерді алып біреуін Санияға берді. Суретте үш жас шамасындағы қыз аттың үстінде отыр. 

– Бұл қыз кім? – деп сұрады Сания. 

– Саған Ануар мырзаның іс-сапарға көп баратынын айтқанмын. Екі жыл бұрын жұбай мен қызын алып шет елге демалуға кетуді жоспарлады. 

Сания таңданып:

– Ол кісі отбасылы болған ба? – деді. 

– Иә, – Аманбек аға сәл үнсіз тұрды. Терезеге қарап: – Есік алдынан көлікке отырып бізбен қоштасып кеткен. Олар кеткеннен кейін біз әдеттегідей үй шаруасына кірісіп кеттік. Шамамен үш-төрт сағаттан кейін 

Әділ мырза хабарласты. Бізге дереу ауруханаға келуімізді бұйырды. Марат екеуміз көлікпен ызғытып бардық. Барғанымызда Ануар мырзаның жан сақтау бөлімінде жатқанын естідік. Төбемізге жай түскендей болды. Әділ мырзаны қайта-қайта дәрігерлер шақырып сөйлесе алмадық. Жұбайы мен қызын іздедік. Әр өткен медбике мен дәрігерлерден сұрағанымызда ешкім білмеді. Аурухананың әр бөлмесін араладық, таппадық. Кейін жан сақтау бөліміне келсек Әділ мырза отыр екен. Ануар мырзаның жағдай тым нашар, аман қалса да мүгедек болып қалуы әбден мүмкін деді. Ал жұбайы мен қызы ауруханада естерін жия алмай мерт болды. Сол күннен бастап Ануар мырзаның қасынан бір елі де аттамадық. Марат екеуміз кезектесіп ауруханаға керектінің бәрін тасыдық. Бірнеше айдан кейін Ануар мырза әрең есін жиды. Бірақ, Әділ мырза айтқандай мүгедек болып қалды. Жол апатынан кейін омыртқа сүйектерінің зақымдалуынан өздігінен жүре алмады. Сол күннен бастап мүгедек арбасына байланды. Ауруханадан үйге келгенде бөлмесіне апардық. Сол бөлмеден шығармауын бұйырды. Ол бөлмедегі перделерді де жапқызды. Жарық түскенін қаламады. Саған дейін бұл үйде қызметшілер жиі ауысатын. Ол қызметшілер ережеге бағынып бұл бөлмеге жақындамайтын. Бұл туралы сұрамайтын да, сол себепті ешкімге айтпайтынбыз. Бұдан былай сен де көп сұрақ қоя бермей өзіңнің қызметіңе қатысты ғана жұмысты атқар.

– Аманбек аға, Ануар мырзаға көмек керек қой, бәріміз ештеңе болмағандай жүре береміз бе? Түнде ол құлады ма, не болғанын білмейміз, қиналған дауысы шықты. Өмірінің соңына дейін бөлмеде қамалып отырмайды ғой. 

– Сания, біздің де көмектескіміз келеді. Бірақ, ол кісі бұйырды, ал біз бұйрықты орындап жүрміз. Әділ мырза да Ануар мырзамен тікелей қарым-қатынас жасауымызға тыйым салды. Сондықтан бұйрықты орында.

– Аманбек аға...!?

– Жұмыс тоқтап қалды, Сания, – деп Аманбек аға Санияның қолындағы суретті сандықшаға салып тартпаға қойды. Сания амалсыздан жұмысына кірісті. 

Үйді тазалап жүріп қайта-қайта түпкі бөлмеге қарайды. Бар жұмысын аяқтап жаттығу бөлмесіне келді. Бөлменің ортасында бассейн, жан-жағында жаттығуға арналған қажетті құралдар бар. Еденді жуып, шаңдарын сүртіп, гүлдерге су құйып болып, пакетте жиналған қоқыстардың бәрін далаға шығарды. Жәшікке қоқыстарды төгіп жатқанда біраз қағаздар түсті. Керек болып қалар деп қағаздарды жинап алып жаттығу бөлмесіне келді. Орындыққа отырып қағаздарды оқып отқанда бір бетте Ануар мырзаның емделуіне қатысты қорытындыны көрді. Барлық қағазды жинап бөлмесіне апарды. Толығымен оқып шығып:

– Егер де осы ұсыныста жазылғанның бәрін үздіксіз орындаса, Ануар мырзаның емделіп кетуі мүмкін екен, – деп Сания қуанды. Түнімен қағазда жазылғанның бәрін оқып, бүге-шігесіне дейін зерттеп шықты.

Ертеңіне Сания қалған қызметшілердің таңғы аспен айналысып жатқанын пайдаланып, Ануар мырзаның бөлмесінің кілтін тауып ашып, кіріп келді. Кіре сала перделерді ашып:

– Қайырлы таң, Ануар мырза! Бүгін ауа райы керемет болып тұр. Бөлмеңізді ретке келтіру керек, тұрыңыз, – деп Ануар мырзаны оятты. Ұйқысын ашып:

– Пердені жап та, бөлмеден шық, – деді Ануар мырза. – Саған бөлмеге кіруге кім рұқсат берді? Аманбек аға! – деп шақырды.

Сания тыңдамай:

– Қазір таңғы ас алып келемін, сіз оғанға дейін ұйқыңызды ашып дайын отырыңыз, – деді. 

Ануар мырза көрпесін жауып:

– Жұмысыңмен қоштаса бер, бөлмеден шыққаннан кейін жиналып үйден де кет, – деп жата берді. 

Сания бөлмеден шыға бергенде Аманбек аға келіп:

– Саған кім кір деді? Дереу өз жұмысыңа кіріс, – деп дауыс көтерді.

– Ануар мырзаға қазірден бастап көмектеспесек кейін кеш болып кетеді. Бүгіннен бастап барлығымыз сол кісінің амандығы үшін қызмет етеміз.

– Соңғы рет ескертемін, енді бөлмеге кіретін болсаң жұмыстан шығасың.

– Аманбек аға, мен кеше аурухана дәрігерінің қорытындысын оқыдым, егер сол ұсынымдар бойынша Ануар мырзаны емдейтін болсақ мүгедек арбасынан тұрып, бұрынғы сап-сау қалпына қайта келеді. Ал мына әкелген таңғы асыңыз пайдалы емес, – деп тамақты қолынан алып баспалдаққа беттеді. 

– Сания, Әділ мырза келіп сені жұмыстан шығарса бізге ренжіме, саған ескерттім, – бөлменің есігін жапты. 

Сания асханаға түсіп тоңазытқыштан жеміс-жидек пен көкөністі шығарып үстел үстіне қойып жатқанда Ғалия тәте келіп:

– Сания, не істеп жатырсың? – деп таң қалды.

Сания көтеріңкі көңіл-күймен:

– Ғалия тәте, сіздің дайындаған таңғы асыңыз Ануар мырзаға пайдалы емес, осы заттардан оның денсаулығына пайдалы тағамдар әзірлейін деп жатырмын.

– Саған кім рұқсат берді?

– Ғалия тәте, айып етпеңіз, бүгіннен бастап барлығымыз Ануар мырзаның денсаулығының жақсаруына қызмет ететін боламыз. Мен не істеу керегін білемін, – деп көкөністерді турай бастады.

– Жарайды, ертеңгі күні жұмысыңнан айырылып жатсаң менің еш кәнім жоқ, – деп Ғалия тәте асханадан шығып кетті.

Өміріне риза күйде Сания денсаулыққа пайдалы тағамдарды бар ынтасымен әзерледі. Бұл үйде бұрыннан тұратындай асханадағы барлық құралдарды өз қалауынша пайдаланды. Ары-бері өтіп қызметін атқарып жүрген Ғалия тәте мен Аманбек аға басын шайқап қояды. Жарты сағатта асты дайындап, Сания иісін бұрқыратып Ануар мырзаның бөлмесіне алып келді. Келсе Ануар мырза көрпеге оранып әлі жатыр екен.

– Ануар мырза, таңғы ас келді. Денсаулықты қалпына келтіретін кез де келді, тұрыңыз.

– Сен айтқанды түсінбейсің бе? Бөлмеден шық!

– Қашанға осылай жата бересіз? Соңғы деміңіз таусылып, о дүниеге қызыңыз бен жұбайыңыздың артынан осындай күйде барғыңыз келе ме?

– Немене? – деп Ануар мырза жатқан қалпынан тұрып, отырды.

– Не естідіңіз, сол. Өміріңіз жалғасып жатыр, ал сіз қараңғы бөлмеде қамалып өзіңізді қинап, денсаулығыңызды құртып, өміріңізді де құртып жатырсыз. Қиындықтың бәрін жеңіп, мықты екеніңізді дәлелдемейсіз бе? Суреттегі бақытты шақтарына қуанған қыз әкесінің осындай бейшара қалпын көрсе не айтар еді?

Ануар мырза үнсіз қалды. Көз алдына отбасымен өткізген бақытты шақтары елестеді. Сол бақытты шақта қызының аттың үстіне отырып, тәтті күлгені құлағына естілді. Қайта сол шақтарға оралды. Жұбай қызын атпен ары-бері жетектеп, қызы: «Әке, әке» – деп қуанып қолын бұлғайды. Аттың жүгенінен жетектеп әкесіне қарай келе жатты. Ануар мырза түсім бе, өңім бе деп ойланды, алайда жұбайы мен қызының бейнесі мен күлкісіне қуанып басқа нәрсе ойлағысы келмеді. Қасына жеткенде жұбайын құшақтап, аттан қызын түсіріп, сағынышын баса алмай сұйіп жатқанда:

– Әке, мен сені дақсы көлем, – деп былдырлап, қатты құшақтады.

Осы құшақ Ануар мырзаның жүрегіне үміт отын жаққандай болды. Көзі қарауытып, тынысы тарылып, ауыр демалып есеңгірей бастады. Санияның: «Ануар мырза, есіңізді жиыңыз» – деген сөздері алыстан естіліп, есінен танды.

ІІ

Сания бірінші қабатты тазалап болып екінші қабаттағы бөлмелерді кезегімен жуып-шайды. Ануар мырзаның бөлмесіндегі айнаны сүртіп жатқанда:

– Бүгін ауа райы тамаша болып тұр, – деп терезеден үй жанындағы орманға Ануар мырза көз салып отырды.

– Иә, Ануар мырза, тек даладағы емес бұл шаңырақтың да ауа рауы өзгерді, – деп Сания жымиды. – Сіздің осындай күйіңізді көріп Аманбек аға мен Марат аға үйдің айналасын айнадай қылып тазалап, жылқыларды далаға шығарды. Мен келгелі жылқылардың қорадан шыққанын көрмедім. Ғалия тәте болса ас бөлмеде жаңа тағамдарды иісін бұрқыратып пісіріп жатыр, - деп күледі. 

– Иә-ә-ә, бір жарым жыл бұрын үйде не болғанын білмей жарықтан қашып өзімді тұңғиыққа батырдым. Бірақ, сыртта болған барлық дүниені Аманбек аға айтып отыратын. Мен жауап қайтармасам да әңгімесін тоқтатпайтын. Сенің орныңда болған қызметшілердің ешқайсысы менің бөлмемнің маңына да жоламайтын. Ары кетсе бұл үйде екі-үш ай жұмыс істеп ауыса беретін. 

– Іш пыстырар ережеден шығар.

Ануар мырза күліп: 

– Мүмкін. Екі аптадан бері ереже жоқ енді. 

Ануар мырза өз-өзіне келіп, қызметшілермен араласса да әзірге тамақ ішуге түспейтін. Сания әдеттегідей Ғалия ханымның дайындаған тағамын бөлмеге әкеліп беретін. 

Кешкі уақытта барлығы тамақ ішуге дайындалып жатты. Аманбек аға мен Марат аға үстел басына жайғасып, қалғандарын күтіп отырды. Ғалия ханым мен Сания асханада өздеріне бөлек, Ануар мырзаға бөлек тамақ дайындады. Екеуі тағамдарды алып ас ішетін бөлмеге келді. Ғалия ханым: 

– Ал, ас келді, жігіттер, – деп ортаға қойды. 

– Қандай керемет, иісі мұрынды жарады. Ғалия ханым, тағамдарыңыз күннен-күнге дәмді болып бара жатқандай, - деп Аманбек аға мақтап қойды. 

Сания: 

– Мен Ануар мырзаның тағамын алып барайын, қазір келемін. Менсіз бастамаңыздар, – деп есікке қарай беттегенде ас бөлмеге Ануар мырза кіріп келді. Сания көріп қуанып, қызметшілер орындарынан тұрды. Ануар мырза әдемі қою сұр костюм-шалбарын киіп, әтірін сеуіп алыпты. Көптен бері қызметшілер Ануар мырзаның бұндай кейпін көрмей, не айтарларын білмей тұрып қалды. 

– Ануар мырза, келіңіз көмектесейін. Екінші қабаттан қалай түстіңіз? Өзіңізді жақсы сезініп тұрсыз ба? – деп Аманбек аға қасына келіп көмектеспекші болды. Ануар мырза әлі таяқпен жүр. 

Ануар мырза:

– Жоқ, Аманбек аға, отыра беріңіз несіне әуре болдыңыз? Мен бұрыңғыдай мүгедек емеспін, арбадан да тұрдым, – деп күлді.

– О, не дегеніңіз, мырза. Мен ондай мағынада айтқан жоқпын. Сізге әлі де күтім керек қой, – Аманбек аға ыңғайсызданды.

Ануар мырза Аманбек ағаның арқасынан қағып:

– Жә, Аманбек аға, қалжыңдағаным ғой, бәрі дұрыс. Сіздермен отырсам бола ма?

– Әрине, Ануар мырза. Сізге әрдайым орын бар, төрлетіңіз, – деп Ғалия ханым ыдыс алуға кетті.

Сания дайындаған тағамды асханаға алып кетті. Аманбек аға төрдегі орындықты дайындап Ануар мырзаны отырғызды. Ғалия ханым мен Сания ыдыс-аяқ, қасықтарын алып келіп, бір тәрелкеге тағамды толтырып Ануар мырзаның алдына қойды. Үстелде барлығы жиналғаннан тек қана ас бөлменің емес, барлық бөлмеге күн шуағы шашылғандай жайнап кетті. Екі жыл бойы төрдегі орын бос болып, бөлмеде тыныштық орнап, қызметшілердің жүзінен күлкі кетіп еді, бүгінде бұрынғы қуанышты күндер қайта оралды. Үстел басында қызу әңгіме. Ғалия ханым дайындаған дәмді тағамнан жеп бұрын өткен қызықтарын еске түсірді. Сания барлығының әңгімесін тыңдап, қызығы қарап өзі де қосылды:

– Ханымдар мен мырзалар, сөздеріңізді бөлгеніме айып етпеңіздер, бірақ маған қызық болып жүргені, сіздер осы қызметке қалай келдіңіздер?

– Жалпы біздің бұл қызметке келуімізге себепкер Ануар мырза. Бұрындары әйтеуір жалдамалы жұмыстармен бірде анда, бірде мында жүрдік, – деп Аманбек аға әңгімесін бастағанда Ануар мырза тоқтатып:

– Аманбек аға, кешіріңіз, рұқсат етіңіз ол оқиғаларды мен айтсам, – деді. Аманбек аға күлімдеп басын изеді. Ануар мырзаның кешкі асқа келіп әңгімелеріне қосылып отырғанына қуанып та қалды. Ануар мырза әңгімені жалғастырып:

– 2015 жылы жиырма бес жасқа толғанымда Астанаға қыдырып бардым. Оның үстіне сол уақытта Астанада мәдениет, әдебиет саласы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен халықаралық көрме өтті. Ол жақта туыс, таныс болмаған соң қонақ үйге бардым. Бір бөлмесін жалға алып көрме біткенше сол жерде болдым. Аманбек аға сол қонақ үйде көмекші болып жұмыс істейтін. Қонақ үйге кіргеннен сыпайылық танытып күтіп алып, барлық жағдайымды жасап жүрді. Таңертең тұрып керекті заттарымды алып қалаға шыққанымда жылы жүзімен шығарып салатын. Қала аралап, көрмеге қатысып кеш келсем де таңертең шығарып салған жылы жүзі қайта күтіп тұратын. Бір аптада шаруаларымды тындырып, қайтар күні киім-кешегімді жинап жатып Аманбек ағаға менің үйімде қызметші болуын ұсындым. Келіспеді.

Нөмірімді жазып беріп хабарласуын өтініп үйге қайттым. Ол уақытта үйден мен ғана тұрамын. Бір айдан кейін хабарласты. Қонақ үйдегі жұмысынан шығып, келетінін айтты. Қуанып сол мезетте ұшаққа билетін алып, барлық шаруаны реттеп, екі сағаттан кейін әуежайдан күтіп алдым. Осы үйде бұрыннан тұратындай қызметіне бірден кірісіп, өзінің әр ойымен бөлісіп бұл үйді танымастай өзгертіп жіберді. Шамалы уақыт өткен соң ас үйге қызметші алуды ұсынды. Мен сол уақытта Түркияға баруға дайындалып жүргенмін. Ама-есен барып келген соң аспаз аламын дедім. Содан Түркияның Стамбул қаласында компания басшыларымен келісім-шарт жасап жұмысымды аяқтадым. Ұшаққа отыру уақыты кешке болды, қаланы біраз қыдырып алмақшы болдым. Көшеден сұрастырып қаланың ең дәмді тағамдарын пісіретін мейрамханасына келдім. Тағамдары шыныменен дәмді болды.

Мейрамхана иесі келген қонақтармен әңгімелесіп, алғысын алып жүрді. Менде біраз әңгімелесіп аспаз туралы сөз қозғадым. Менің қазақ екенімді біліп: «О, аби, сенин ватандашин» – деп Ғалия ханымды ертіп келді. Екеуміз де туысымызды көргендей қуанып кеттік. Біраз әңгімелестік. Ғалия ханымды қызметке шақырып едім, бұл кісі қуанып бірден келісті. Табысы жақсы болса да Отанына қайтуды жоспарлаған екен. Мейрамхана иесі ренжіңкіреп: «Олмаз, олмаз» – деп, соңында көнді. Ғалия ханым қызметке осылай келді. Ал, Марат аға компанияда күзетші қызметін атқаратын. Арасында үйге келіп жылқыларға жем-шөбін салып жүретін. Кейіннен бұл кісіні де шаңыраққа шақырып, отбасы мүшесі болды. 

Сания күлімдеп:

– Бір шаңыраққа жан-жақтан жиналсаңыздар да, бір үйдің бауырлары сияқтысыздар. Сондай керемет отбасы, – деп сүйсінді. Сол мезетте Ануар мырза қарады. Оның жылы жүзінен ерекше қуат тарағандай Сания көзін төмен түсіріп, беті қызарып ұялды. Сезім періштесі келіп Санияның жүрегін шертіп жіберіп, махаббат әлеміне жолын ашқандай. Қараңғылық пен тыныштық орнаған шаңыраққа келіп шуағын төгіп, гүлдей жайнатқан Санияға Ануар мырзаның да жүрегі белгі берді. 

Үстел үстін жинап Ғалия ханым мен Сания ыдыс-аяқтарды жуып-шайып ретке келтірді. Кейін әрқайсы бөлмелеріне тарап кетті. Сания бөлмесін жинастырып, төсегіне жайғасты. Ануар мырзаның күлімдеген жүзі, сабырлылығы, салмақты мінезі, баппен сөйлегені, оған деген құрметі жүрегін елжіретіп, Санияны ерекше сезімге бөледі. Ал Санияның сұлулығы, өмірге деген ерекше көзқарасы Ануар мырзаның да өмірінде жаңа бір парағын ашты.

Бір кезде Ғалия ханым келіп:

– Сания, саған хат келді, – деп күлімсіреп табыстады. 

Сания таңырқап хатты ашып оқыды. Хатта Ануар мырза: «Сағат 10-да сізді қонақ бөлмесінде күтемін» – деп жазыпты. Жүрегі дүрсілдеп барар-бармасын білмей, шкафтағы көйлектерін қайта-қайта ақтарып қобалжып кетті. Бір жағынан үй қызметкерлерінен қысылып барғысы келмей, бір жағынан жүрегі оған «бар» дегендей дайындала берді. 

Сағат 10-да Сания әдемі, ұзын қызыл көйлегін киіп, шашын бұйралап қонақ бөлмесіне түсті. Қонақ бөлмесінде от жанып, әдемі әуен ойнап тұр. Ануар мырза жоқ екен. Артқы жақтан Ануар мырзаның дауысы шықты:

– Мен сізді келмейтін шығар десем, – деп күлімдеді. Үстінде сұр костюм, қара галстук. Оның сымбаттылығы Санияның көзіне оттай басылды. 

– Неге олай ойладыңыз? – деп Сания ұяңдығын танытты. 

– Жалпы солай ойладым.

– Көріп тұрғаныңыздай келдім, – деді күлімсіреп.

– Ұсынысымды қабыл алғаныңызға алғысымды білдіремін. Сіз онда жайғасыңыз, мен қазір келемін, – деп Ануар мырза асханаға кетті. Сания ақырындап келіп диванға отырды. Ануар мырза сусынын, өзі дайындаған азын-аулақ тағамын алып келді. Үстелге бәрін реттеп қойып Санияға қолын созып отыруға шақырды. Орындыққа отырғызып, стаканына сусынын құйып, өзі қарама-қарсы отырды. 

– Сусыннан ішіп, арнайы сізге дайындаған тағамнан алыңыз. 

– Тағамды өзіңіз пісірдіңіз бе? – деді Сания таңырқап.

– Әрине.

– Сіздің аспаздық қасиетіңіз бар деп ойламаппын.

– Неге? Әлде тағам пісіретін адамға ұқсамаймын ба?

– Мәселе ұқсағанда емес, енді өз қызметкерлеріңіз бар, өзіңіз көп саяхатта жүресіз, тағам пісіруге уақытыңыз да жоқ шығар!?

– Студент кезімде Италияда оқып жүргенімде жатаөханада Лука есімді жігітпен бір бөлмеде тұрдық. Бірден тіл табысып, дос болып кеттік. Сол жігіттен үйренгенмін. Саған арнайы пісірген осы «пастаны» да Лука үйреткен.

Сания дәмін татып:

– М-м-м, дәмді екен, – деді.

– Сізге ұнағанына қуаныштымын. 

Екеуі біраз отырып тамақтанды. Ануар мырза өзін еркін ұстап Санияға қарап күлімсіреп отырды. Сания ұялып төмен қарай берді. Біраз уақыттан кейін Ануар мырза:

– Сіз қызметке келгелі жан-дүниеңіз мен үшін жұмбақ болды. Сіз туралы толық білгім келеді. Қайдан, қалай келдіңіз? Өзіңіз, отбасыңыз туралы айтсаңыз.

Сания әңгімелескенде ұяңдығын ұмытып кететін. Өзі байқамай бірден әңгімеге кірісіп кетті:

– Мен сіздің компанияңызда хатшы болып қызмет еткенмін. Көпшіліктің арыз-шағымынан кейін жұмыстан кетуіме тура келді. Кейіннен Әділ мырза осы қызметті ұсынды. 

– Сізге кім, не үшін шағымданды?

– Кім білсін!? Ешкімде шаруам жоқ, құрбым екеуміз өз жұмысымызды істеп жүргенбіз. Әділ мырза да ашып айтпады. Өзім де шыдай алмай кетіп қалдым. 

Ануар мырза сәл ойланып:

– Жақсы, бұл шаруаны ертең реттейміз, – деді.

– Жо-жоқ, Ануар мырза, маған осы қызмет те ұнайды. Оның үстіне ол қызметке қайта баруға ниетім де жоқ.

– Реттейміз десем, реттейміз. Сен оған бола басыңды қатырма.

Сания үндей алмай келіскендей кейіп танытты. 

– Ал сіздің отбасыңыз ше?

Сания сәл кідіріп:

– Әкемді суреттен ғана көргенмін. Анамның айтуынша мен 1 жасқа толмай өмірден өткен. Әкемнің туыстарын да танымаймын. Есейгеннен бастап анамның қасында жұмыс істедім. Сөйтіп жүріп мектепті де бітірдім. Университетте оқып жүргенімде 3 курста көктемнен бастап анам сырқаттана бастады. Кейін сырқаты одан сайын күшейіп жұмыс істеуге жарамай, төсек тартып жатып қалды. Сабақтан шыға салып жұмыс істедім. Анамның дәрі-дәрмегін шамам жеткенге алып, жеткізіп жүрдім. Жазылып қалар деген үмітпен оқуымды тастамадым. 3 курсты аяқтап жаз бойы екі-үш жұмыс істеп жүрдім. Ал анам болса сол қалпы өзгеріссіз болды. 4 курсқа бармай оқудан шығамын деп едім анам келіспеді. Ең жақын адамың ауырып, қиналып жатса басқа нәрсені ойлай алмайды екенсің. Анама айтпай оқудан шықтым. Ұзақ ауырды. Төрт жыл сырқаттанып, жиырма төртке толарымда көз жұмды. Содан өз-өзіме келе алмай біраз жүрдім. Жұмысымды жиі ауыстырдым. Кейін Меруертпен танысып компаниядағы қызметім басталды.

– Өкінішті-ақ. Иманы жолдас болсын.

– Рақмет. Енді сіздің кезегіңіз.

– Менің ата-анам атақты кәсіпкерлер болатын. Менің барлық жағдайымды жасап берді. Еліміздің ең үздік мектебінде оқытты. Кейін Италияға жіберді. Мен студент кезде әкем барлық мүлкін менің атыма аударып бастады. Кәсіпке қажет екен деп мән бермедім. Кейін ойласам алдын ала дайындалған екен. Оқуымды аяқтап дипломымды алып елге қайттым. Ата-анам мен келетін уақытта әуежайда күтетінін айтты. Тоғыз сағаттан кейін ұшақтан түсіп, ата-анамды көруге асықтым. Әдетте, тіркеу бөлімінің алдында мені күтіп алатын. Келсем жоқ екен. Жолда келе жатқан шығар деп заттарымды күту залына қойып жайғаса кеттім. Анама қоңырау шалып едім телефоны сөндірулі екен.

Әкемдікі де сөндірулі болды. Еш жаман ойым болмады, байланыстан шығар деп күтіп отыра бердім. Арасында кофе ішіп алып әуежайды аралап шықтым. Бір сағаттан кейін әкемнің көмекшісі келді. Ештеңе айтпай алып кетті. Ойымда ештеңе жоқ, бәлкім, ата-анам тосын сый жасап жатыр екен деп іштей қуанып отырдым. Бірақ, әкемнің көмекшісі мен ойлаған жерге емес, ауруханаға алып келді. Не үшін келгенімізді сұрап едім ішке кіруімді өтінді. Кейін ата-анамның жан сақтау бөлімінде жатқанын білдім. Әуежайға менің күтіп алуға келе жатқанда жол апатына ұшырапты.

Жағдайлары қиын болды. Менің келгенімді күтіп, сезіп жатқандай сол мезетте екеуі де жан тапсырды. Сол уақытқа дейін алған білімімнің, ата-анамды қуантатын дипломымның да мәні қалмады. Бұл мен үшін өте ауыр болды. Өз-өзімді ойламай кеттім. Компанияны сатып жіберейін дедім. Компания қызметкерлері келіспеді. Әкем барлық мүлкін менің атыма аударып үлгеріпті. Сол уақытта кейбір адамдардың біздің кәсіпке байланысты арам пиғылдарын білгеннен кейін сатудан бас тартып, бірден бәрін қолға алып, компания қызметін ретке келтірдім. Кейін отбасылы болдым. Арғы жағы саған белгілі. 

– Екі түрлі әлемнің адамы болғанымызбен тағдырымыз ұқсас екен. 

– Неге екі түрлі әлем?

– Енді менің жағдайым мен сіздің жағдайыңыз жер мен көктей емес пе?

– Мен адамдарды жағдайына қарай бөлгім келмейді. Бәріміз бір Алланың алдында теңбіз. Мен бай болсам бір күні бір тиынсыз қалуым мүмкін, менің денсаулығым мықты болды, алайда, ауыр сырқатты да бастан кештім. Бұл жағдай кез келген адамның басынан өтуі әбден мүмкін. Сондықтан өзіңді басқа адаммен салыстырмауыңызға кеңес беремін. 

– Жақсы, есімде болады.

Біраз әңгімелесіп болған соң Ануар мырза:

– Жүр, мен саған ғажап нәрсе көрсетемін, – деді. 

Сания: 

– Қайда? – деді таң қалып.

– Қазір көресің, – деп Ануар мырза Санияны қолынан ұстап өзінің жұмыс бөлмесіне ертіп келді.

Жұмыс үстелінің тартпасынан Сания көрген сандықшаның ішінен алқа алып шықты. Сондай әдемі алқа, жылтыраған гауһар тас, дәл ортасында тамшысы бар.

– Уааау, қандай керемет, – Сания алқаның әдемілігіне қатты сүйсінді.

– Бұл алқаны әкем анама елу жасқа толғанда туған күніне сыйлыққа берген. Ол кезде 11 сынып оқимын. Естуімше бұл алқаны өте қымбат бағаға сатып алған және және алқа туралы аңыз бар.

– Ол қандай аңыз? – деп Сания алқаға қайта-қайта қарады.

– Бұрынғы заманда жер бетінде соғыс көп болыпты. Адамдардың бойында надандық қасиеті қатты өршіген екен. Тіпті, сәбилерді де аяусыз өлімге қиған екен. Аңыз деген соң сену қиын ғой, сол жер бетін соғыс жаулаған уақытта көктен адам кейпінде періштелер түскен деседі. Сол соғысты аяқтап, адамдардың бойындағы надандықты жою үшін. Періштелер адам кейпінде түскен соң олардың күштері адамдардың күшімен теңескен екен. Періштелер адамдарды тура жолға бағыттап ақырында соғыстың бәрін тоқтатады.

Алайда жер беті қанға боялып, талай адамның мәйіттері аяқ бастырмайды. Періштелер өздерінің миссияларын орындап болған соң қайта көкке ұшуға дайындалады. Сонда бір періште көкке көтеріліп бара жатып жер бетіндегі жан тапсырған адамдарға қарайды. Сонда көзіне сәбилер оттай басылады. Сол зұлым соғыстың кесірінен бақилық болған сәбилерге қарап періштенің көзінен жерге жас тамыпты. Сол уақытта Жер-Анаға жан бітіп, періштенің көз жасы қанға түспесін деп, топырақтан осы гауһар тасты шығарған екен.

Періштенің көз жасы дәл осы гауһар тасқа түсіп, сол жерде қалған екен. Кейіннен сол жер үлкен бір төбеге айналып, гауһар тас сол төбенің астында қалыпты деп естігенмін. 

– Сонда бұл гауһар тасты кім тауып алған?

– Ол жағын білмедім, – деп Ануар мырза күлді. – Осы аңызға байланысты бұл гауһар тасты «Періштенің көз жасы» деп атапты. Әкем сатып алғанда сатушы бұл алқаны таққан адам пәле-жаладан, қауіп-қатерден аман болады деп айтқан екен. Әкем мен анам апатқа ұшырайтын күні анам алқаны тағуды ұмытып, үйде қалдырған екен. Кейіннен қызым да кішкентай ғой, сәл ес біліп өскен соң оған да тағамын деп ойлағанмын. Бірақ бұйырмапты, – Ануар мырза тоқтап қалды.

– Ешқашан мойымаңыз. Бұл алқа өз иесін табар. Сіздің өмірге деген құлшынысыңызды көріп кейде таң қаламын. Қараңызшы, бір ай бұрын сіз қандай едіңіз? Басқа адам болса осынша аз уақытта дәл бұлай сауығып кете алмайды. Сондықтан алқаның қорғайтын адамы да бар және өз қолыңызбен тағасыз.

Ануар мырза Санияның көзіне ұзақ қарады. Сания ұялып төмен қарап, алқаны үстелдің үстіне қойды. Ануар мырза алып:

– Рұқсат ет, – деді. Сания түсінбей үнсіз тұрды. 

– Кеудемдегі дүрсілдеген жүрегімнің үніне сенсем, бұл алқа сені барлық жамандықтан қорғайды. Ендігі дұғамда сенсің, – деп алқаны Санияның мойнына тақты. Сания ләм-мим дей алмады, қарсыласпады да. Жүрегі «Ануар мырзаға сен, ол сенің жұбың» деп әмір еткендей болды. Бойларын сезім баурап, бір-біріне деген махабаттары лаулап барады. Ануар мырза Санияны құшақтады. Сания өзін Ануар мырзаның құшағында жайлы, жылы, қауіпсіз сезінді. Осы сәттен олардың өмірінде жаңа парақ ашылды. 

ІІІ

Бір аптада көп нәрсе өзгерді. Ануар мырза мен Сания уақыттарын бірге өткізетін болды. Сания өзінің қызметші екенін ұмытпай арасында үйдің шаруасына да кірісіп жүрді. Шаруасын бітіре сап екеуі ойын алаңына барып өздерін бала сезініп ойнап кетеді. Содан соң атқа мініп айналада қыдырады. Бір-біріне деген сезімін жасырмайтын да болды. Үй қызметшілері сырттан қарап, тамсанады. Санияны үй қызметшісі емес, сол үйдің иесі деп те санай бастады. Күндізгі қызықтарына тоймай Ануар мырза мен Сания түнде үйдің артындағы кішігірім саябақта от жағып аспанға қарап, армандайтын болды. Бірін-бірі үшін жаралған жандар екенін түсінді. Ануар мырза сол бақытты сәттен кейін жұмысты да тоқтата тұрды.

«Сәрсенбі – сәтті күн» деп Ануар мырза жұмысқа дайындалды. Денсаулығы қалпына келіп, кәсібін қолына алып, болашағын қайта жоспарлай бастады. Дайындалып болып сыртқа шықса Сания да киініп күтіп тұр екен.

– Сен қайда барасың? – деп Ануар мырза таң қалды. 

– Есіңізде болса Ануар мырза, сіз менің жұмысыма байланысты шаруамды реттеп беремін дегенсіз. Бүгін соның сәті де келіпті, - деп Сания қолымен көлікті нұсқады. 

– Ханшайым, - Ануар мырза Санияны осылай атап кетті, - ол шаруа біздің жаңа өмірімізге дейін болды, енді компания басшысы ретінде ханшайымымды хатшы қызметін қайта ұсынамын ба? Сен енді мен жұмыста болғанда осы үйге ие боласың. Мен сенің компанияда хатшы болғаныңды қаламаймын.

– Мырзам, сіздің басшы болғаныңыз менің хатшы болуыма кедергі келтірмейді, оның үстіне күнделікті менің бақылауымда боласыз, – деп Сания жымиды. Ануар мырза Санияны құшақтап:

– Олай болса, ханшайым, компанияға барайық, содан кейін сіздің қызметіңіз туралы сөйлесеміз, – деді Ануар мырза. Екі ғашық қол ұстасып көлікке отырып, компанияға жол тартты. 

Компания қызметкерлері әлі Ануар мырзаның сауығып кеткенін білмеген. Компания алдына көлікпен келіп түскенде, қызметкерлер таң қалып, қуана қарсы алды. Амандасып, қал-жағдай білісіп Ануар мырзаның сауығуымен құттықтады.

– Барлық қызметкерлерге алғысымды білдіремін. Сіздердің тілеулеріңізбен мен бүгін осындай жағдайға жеттім. Аурудан толықтай жазылдым. Енді мен сіздермен біргемін, – деді Ануар мырза. 

– Сен көргеніме қуаныштымын, Сания. Көрмегелі көп болды, құлпырып кетіпсің ғой, – деп Меруерт Санияны құшақтады. – Қандай өзгеріс бар? Бір шай ішіп отырып маған бәрін айтып бересің, – деп күлді. Сания бұрынғыдай емес, өзгерген. Ол да жымиып:

– Мен де қуаныштымын. Өзгеріс көп, әлі екеуміз сен жақсы көретін Биг бон жеп отырып әңгімелесеміз.

Әділ Әбілұлы:

– Аман-есен ортамызға оралуыңызбен Ануар Санжарұлы. Сізді көп күттік. Сіз жоқта компания жұмысын барынша өз деңгейінде жүргізуге тырыстым, – деп Әділ Әбілұлы Ануар мырзаның қолын алды. 

– Сенен ешқандай күмәнім жоқ, Әділ. Мен сені осы жұмысқа алып, өзімнің орынбасарым етіп сайлағаннан бастап сенің адалдығыңа сенгенмін. Енді жұмысты бірге жалғастырамыз. 

– Әлбетте, Ануар Санжарұлы. Олай болса сіздің бөлмеңізге барайық, мен қызметкерлерді жиналысқа шақырамын. 

– Жақсы, Әділ. Жұмысты бастайық.

Ануар мырзаның кабинетінде қызметкерлер жиналды. Барлық қызметкерлердің қуаныштарында шек жоқ. Ұзақ уақыт бойы басшының орны босап, компанияның іші бос секілді сезінген қызметкерлердің көңілдері орнына түсті. Барлығы жұмысты жаңа бір леппен бастауға әзір отыр. 

– Менің жаныма жақын, қымбат қызметкерлерім. Сіздермен қайта қауышқаныма бақыттымын. Екі жылдай компания жұмысынан алыстап, жұмысты ұмытып қалғандаймын. Енді барлығымыз бірігіп, компанияны жаңа бір деңгейге шығару үшін барынша қызмет жасайық. Айтпақшы, Санияны да шақырыңыздаршы, – деді Ануар мырза.

Компания менеджері сыртқа шығып:

– Сания, сені Ануар Санжарұлы шақырып жатыр.

Сания өзінің қызметін ұмытпағандай қолына қалам мен күнделігін алып кабинетке кірді. Ануар мырза:

– Компанияның жаңа қызметкерімен таныс болыңыздар. Біздің Сания бүгіннен бастап компания басшысының кеңесшісі лауазымына тағайындалады. 

Сания таң қалып: 

– Кеңесші? Мырзам, – деп қалай айтқанын байқамай, беті қызарып абдырап қалды. – Кешіріңіз, Ануар мырза, мен өз қызметімді жалғастыра берейінші. 

– Сания, бұл менің шешімім, ешқандай бас тарту болмасын. Мариям ханым, сіз бұйрық шығарып, Санияны басшы кеңесшісі қызметіне бұрйқыпен тағайындаңыз. Бұл менің бұйрығым.

– Жақсы, Ануар Санжарұлы, – деп компанияның кадр инспекторы Мариям ханым өз блокнотына түртіп алды. Сания үндей алмады. 

Ануар мырза сөзін жалғастырып:

– Ендігі мақсат компания жұмысын жандандыру. Барлық қызметкерден сұрайтыным компанияны келесі деңгейге көтеру жолында аянбай еңбек ету. Екі жыл бойы қызметіміз бір орында тұрып қалды. Әділ үйге келіп кейбір маңызды құжаттарға қол қойдырып жүргенде барлығынан хабардар болып отырдым. Сондықтан, мен сіздерге сенемін, әлі де біз жаңа бір шыңды бағындырамыз. Менеджерлерге тапсырма, маған екі-үш күнде жұмысымызға ерекше бір дем беретін жоспар әзірлейсіздер. Қалған тапсырмалар жұмыс барысымен берілетін болады. Бухгалтерия бөлімі маған екі жылдағы есептің барлығын қазір алып келесіздер.

Қызметкерлер тапсырмаларын алып, қызметтерін жалғастырды. Бірінші кезекте басшы бұйрығымен Сания компания басшысының кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Онсыз да хатшы қызметінен елдің шағымы негізінде қызметтен кетті. Енді бәрі не ойлайды екен деген оймен Сания өзінің жаңа қызметіне аса қуана алмады. Өз жұмысына жауапкершілік танытып, өз жұмысын тыңғылықты істеуге әрдайым әзір еді. Жаңа кабинет, жаңа қызмет Санияны бір жағынан шабыттандырды.

Жұмыс қыза бастады. Ануар мырза екі жылдық есепті толығымен егжей-тегжейлі қарап, зерттеп шықты. Бірақ құжаттағы сома мен компания шотындағы сомада айырмашылық бар. Бухгалтерия бөлімін шақырып осы мәселені анықтауға тапсырма берді. 

– Әділ, біздің компанияның қазынасына қол сұғып жүргендерді анықтау керек. Мен осы есептерді сұрамағанда білмей жүре бергендей екенмін. 

– Ануар Санжарұлы, сіз еш уайымдамаңыз, ол алаяқты дер кезінде табуға бар күшімді саламын. Осыған дейін иемденген ақшасын толықтай қайтаратын болады. 

– Жақсы, Әділ. Сен енді шаруаларыңмен айналыса берсең болады. Мен әрі қарай құжаттарды қарай беремін.

Әділ Әбілұлы құжаттарын көтеріп, өз кабинетіне кетті. Сәл уақыттан кейін Сания Ануар мырзаның кабинетінің есігін ашып: 

– Ануар мырза, рұқсат па? – деді. 

– Сен бұл кабинетке рұқсатсыз кіре берсең болады. Сен менің кеңесшім емессің бе? Оның үстіне ханшайым атағы да бар, – деп Санияға күлді.

Сания есікті жауып:

– Мырзам, мен өзімді біртүрлі ыңғайсыз сезініп жүрмін. Мен бұл жерден шағым бойынша кеткенмін, енді сіздің кеңесшіңіз қызметіне бірден тағайындалғаным мені алаңдатады. Ел не ойлайды? Жаңа да осында келе жатқанда бәрі маған біртүрлі қарады. Хатшы болып отыра берейінші одан да.

– Сания, бұйрыққа қол қойдым. Елді ойлама сен. Ел ойлай береді, қарай береді, сөйлей береді. Бұл қоғамда біреудің көңілінен шығамын, біреуге міндеттімін деген әдеттеріңді қой. Біреудің көңілінен шығамын деп жұмыс жасасаң, ақырында сенің қаншама уақыт бойы істеген жақсы жұмысың, көзге көрінбейтін қателігің үшін жоқ болады. Ақырында сен кінәлі боласың, сен дұрыс жұмыс жасамайтын адам боласың. Әркімнің көңіліне қарай берме, сен ешкімге міндетті емессің. Қазір сені бәрі мақтайды, ақыры соңында даттайды. Сондықтан еш алаңдамай жұмысыңды жасай бер.

– Сонда да, көңілім жай таппай тұр. Әрине, сіздің осындай қуатты сөздеріңізден кейін алаңсыз жүремін, бірақ дәл осы жағдай мені мазалап тұр.

– Болды, ханшайым. Сен енді жұмысыңа кіріс. Әлгі менеджерлерден жоспарды алып, бәрін бастан аяқ қарап шық, сосын өзгертетін жерлері болса тапсырма бер.

– Жақсы, мырзам, – Сания есікке қарай бет алды.

– Айтпақшы, ханшайым?

– Иә, мырзам?

– Біздің компанияның ақшасын заңсыз иемденіп жүрген алаяқтар бар екен. Қазір Әділге анықтасын деп тапсырма бердім. Мен жұмыста ұзақ отыруым мүмкін, жұмыс аяқталған соң жүргізушіге айтып үйге қайта бер, жақсы?

– Менен көмек керек пе?

– Жоқ, сен үйге барып демала бер, өзім реттеймін.

– Жарайды, – деп Сания күлімдеді. Құжаттарын көтеріп кабинетіне қарай келе жатқанда қуыстағы баспалдақ жақтан екі адамның дауысын естіп қалды.

– Дереу арада мына құжаттарды жойып, өзің де кетіп қал. Әзірге басшы тек ақшаның алынып жатқанын ғана білді, тағы ары қарай қазбалай берсе біздің де бетіміз ашылады. Сондықтан барлық жинаған ақшаны мен айтқандай істе де менің хабарымды күт. 

– Мақұл.

Сания ақырын кім екендерін көрейін деп баспалдақ жаққа барғанда әңгімелесіп тұрған адамдар кетіп үлгеріпті. Бірден Ануар мырзаға айтпақшы болып кабинетіне қарай беттегенде, біреу артынан келіп дәрімен тұншықтырып, есінен тандырды. 

Кеш батты. Әділ Әбілұлы Ануар мырзаға мән-жайды баяндап жатты:

– Ануар Санжарұлы, осыдан бір жыл екі ай бұрын біздің шоттан алғашқы ақшалар басқа бір шотқа түскен. Ол шотты анықтап көрдік, алайда біздің компанияның қызметкерлеріне тиесілі емес болды. Деректер қорына сұраныс жасап бұл шотты анықтағанда басқа қаладағы адамның шоты екені анықталды. Алайда ол адам біраз жыл бұрын дүниеден өткен екен. Енді сол шоттан ары қарай ақшаның қайда түскенін анықтаудамыз.

– Әділ, бұл алаяқтықты істеп отырған адам осы компанияның ішінде. Мен компания қызметкері болғаннан бастап ақшамды аямай шет елден мықты ІТ-мамандарды жалдап, біздің деректер қорын барынша жоғары деңгейде қорғап қойғанмын. Олар әлі де өз жұмыстарын істеп жатыр. Хакерлердің біздің қордың қорғанысын бұзып ақшаны аударады деп ойламаймын. Сен өз жұмысыңды жалғастыра бер, қалғанын өзім реттеймін. 

– Ануар Санжарұлы, рұқсат етіңіз, бұл істі соңына дейін аяқтап, алаяқтарды табамын.

– Кеш батты, Әділ, қайтайық. Сен енді әуре болма. 

– Жақсы, Ануар Санжарұлы. Тапсырмаңызды орындаймын. 

Екеуі компаниядан шығып өздерінің жүргізушілерімен үйлеріне кетті. Ануар мырза үйіне келсе, Сания әлі келмепті. Сағат тоғыз жарымның шамасы. Алаңдай бастады. 

– Аманбек аға, Сания үйге келді ме?

– Жоқ, Ануар мырза. Біз оны сізбен бірге келетін шығар деп ойладық. 

– Мен оған жұмыс аяқталған соң қайта бер деп едім.

Сыртқа шығып жүргізушіден сұрады:

– Дәурен, Сания компаниядан қайтпады ма?

– Жоқ, мырза, Сания ханым компаниядан шықпады да.

– Онысы нес? Жүр компанияға қайта барайық.

Мүмкін кабинетте отыр ма деген оймен компанияға келді. Келсе кабинеті бос. Сыртына киген кардиганы мен сөмкесі кабинетте тұр. Алаңдап компанияның әр қабаты мен бұрышын аралап шықты. Таппады. Бірден бірінші қабатқа түсіп камералардың барлығын тексерді. Камерадан өзінің кабинетінен шығып кеткені ғана жазылған, қалған бейнематериалдардан қайда кеткенін таппады. Сыртқа шығып:

– Дәурен, дереу полиция бөліміне хабарлас, Санияны іздеу керек. 

– Құп болады, мырзам.

Қайда барарын білмей біраз уақыт тұрып қалды. Полиция қызметкерлері жол кептелісінен кешіге бастаған соң өзі іздейін деп көлікке қарай жүре бастағанда телефонына қоңырау шалды. Қараса белгісіз нөмір:

– Тыңдап тұрмын.

– Ануар мырза, егер де Санияның аман болуын қаласаңыз менің айтқанымды орындап, қала сыртындағы ескі үйлерге келіңіз. Сіз келгенде тағы хабарласамын, – деп телефонды сөндіре салды. 

Ануар мырза Дәуренге:

– Дәурен сен осы жерде полиция қызметкерлерін күт, келген соң солармен бірге қала сыртындағы ескі үйлерге келіңдер, Санияны сол жақта ұстап отыр. Кілтті бер, мен өзім бара берейін.

– Жақсы, мырза, абай болыңыз.

Ануар мырза көлікпен ызғытып ескі үйлер жаққа келді. Ол жақтағы халық көшіп кеткеннен кейін көше шамдары да жанбайтын. Көшенің дәл ортасына келіп көліктен түсіп жан-жағын бақылады. Тым-тырыс. Бір кезде дауыс зорайтқыштан дауыс шықты:

– Ануар мырза, қош келдіңіз.

– Кімсің? Қайдасың? Шықшы менің алдыма. Сания қайда?

– Сәл сабыр сақтаңыз, Ануар мырза. Сіз біздің жылдап жасаған еңбегімізді жоққа шығарғыңыз келді. Мүмкін, келісіп көрерміз?

Дауысы таныс сияқты:

– Келістіремін мен саған қазір, шықшы бері қарай. Мен сені танимын ғой? Санияға тиіспе, оның еш қатысы жоқ, оны жібер де менімен шеш барлық мәселені, – деп Ануар мырза жан-жағына қарай берді. Бірақ қараңғыдан дұрыс көре алмай тұр.

– Әрине, жібереміз. Қазір сіз көшенің соңындағы үйге келіңіз, сізді күтеміз. 

Ануар мырза жүгіріп келді. Келіп үйдің есігін ақырын ашты. Екінші қабатта шам жанып тұр. Бірден көтеріліп көз алдындағы көрініске сен алмады:

– Сен бе? Мұны қалай түсінуге болады?

– Құрметті, Ануар мырза, артық қылық жасамаймыз. Менің айтқанымды ғана орындаңыз, сол кезде Сания екеуіңіз аман-есен үйлеріңізге ораласыздар. 

– Мен саған жылдар бойы сеніп келемін ғой. Сен қалайша менің сыртымнан осындай әрекетке бардың, Әділ? Сания қайда?

– Сания құрбысының жанында. Қазір көресіз.

– Сен сонда екеуін де осы жерге алып келдің бе? Не керек саған?

– Маған тек өзіме тиесілі дүние керек. Мен жылдар бойы сізбен жұмыс істедім, алайда менің алып жүргенім айдан-айға жетер-жетпес бір айлық қана. Сонда мен басшы орынбасары болып осылай өмір сүруім керек пе? Қазір үстелдегі құжатқа қол қоясыз да мені жібересіз, айтпады демеңіз бұдан да зорғысын жасаймын.

Ануар мырза үстелге жақындап келіп құжатты оқыды:

– Компания қазынасының жетпіз пайыз ақшасы, Әділ, есің кетті ме? Ақша сендерді әбден құртыпты, сол ақшаны қазір желкеңнен шығарамын, – деп Әділге қарай жүгіре бастағанда бір адам артынан аяғынан темірмен ұрып құлатты. Жан даусы шығып тұра алмай қалды. Қараса іс-жүргізуші Меруерт. 

– Сен Санияның жақын құрбысы емессің бе? Сен де мына малғұнмен біргесің бе?

– Ануар мырза, мен ешкімге құрбы емеспін. Ол қыз аңқау, бізге оның аңқаулығы әбден көмектесті. Тек оның сізбен бірге көңіл жарастыратынын ойламап едік. 

Әділ Меруертті құшақтап:

– Ануар мырза, бәрі ойдағыдай болып жатқан еді. Шынымен-ақ, Санияны бұлай ерлік жасайтынын мүлде ойламаған едік. Ол да сол бұрынғы қызметкерлер секілді ары кетсе бір ай істеп кейін өз жөнімен кетеді деп ойлап едік. Жә, ештеңе етпес. Енді тыңда бері босс, – деп Ануар мырзаның соққы тиген жерінен аяғымен басып, – қазір мына құжатқа қол қоясыз, сонымен шаруа бітті, сосын сіздердің де шаруаларыңызды бітіреміз. Біз бұл жоспармен ұзақ жұмыс жасадық. Енді соңына жеткенде жеңілгіміз келмейді, – деп Ануар мырзаны жұдырығымен ұрып жіберді. Соққылардан біраз есеңгіреп жатты. Сәлден кейін есін жия бастады. Әділ:

– Маған қол керек, босс. Сонымен бәрі бітсін, – деп алдында отыр. 

Ануар мырза басын көтерді. Аяғының ауырғаны да басылған екен, ақырын көтеріліп, үстелге отырды да: 

– Жақсы, қол қоямын, бірақ Санияға тиіспеңдер, оны жіберіңдер, өз жөнімен кетсін, – деді. 

– Құп болады, босс. Санияны алып келші, Мика.

Меруерт арғы бөлмеден Санияны алып шықты. Сания Ануар мырзаны көріп: 

– Мырзам, – деп жылап жіберді. 

– Жылама, ханшайым, бәрі дұрыс болады, – деп Ануар мырза жұбатты. Әділге қарап құжатқа қол қойды. Әділ қағазды қолынан алып:

– Міне, керемет. Осымен мәселе шешілді. Мика екеуін байлап орманға апарып тастайық, жыртқыштар бұлардың тағдырын шешер, - деп дайындап қойған жіпті алып Ануар мырзаға қарай келе жатқанда, Ануар мырза үстелді көтеріп Әділге қарай лақтырып жіберді. Оны күтпеген Әділ үстелдің келген күшімен артқа қарай құлады. Ануар мырзаның аяғы қайта ауырып бастырмады, бірақ құтқару үшін оған да қарамады. Әділ орнына тұрып болғанша ақсаңдап барып жағасынан алып жұдырықпен бетінен ұрды. Сол жерде екеуі арпалысты. Меруерт Санияны итеріп жіберіп Әділге көмекке жүгірді.

Жаңағы ұрған темірмен келіп Ануар мырзаның ұрған аяғынан қайта ұрып, сындырып жіберді. Ануар мырзаның бар дауысы шығып жатып қалды. Тағы да темірмен ұруға талпынғанда Сания Меруерттің басынан ұрып есінен тандырып тастады. Әділ есеңгіреп жатқанда Сания Ануар мырзаны көтеріп қашпақшы болды. Алайда, Ануар мырзаның аяғының сынғаны оның тұрып кетуіне кедергі болды. Сания Ануар мырзаны тұрғызып жатқанда Әділ белінен тапаншасын оқтап, екеуіне кезеп:

– Осымен бәрі бітсін, босс, - атып жіберді. Әділдің есеңгіреп тұрғаннан оқ Ануар мырзаның оң иығына тиді. Екінші рет оқтап тағы атпақшы болғанда бөлмеге жүгіріп кірген полиция қызметкерлері қолын қайырып, жерге құлатты. Полиция қызметкері Ануар мырзаның күйін көріп:

– Бөлімше, қала сыртындағы ескі үйлерге жедел жәрдем керек, жарақаттанған адамдар бар. Тездетіңіздер. Ал мына екеуіне кісен салып, алып кетіңдер, – деді.

Арада бір ай өтті. Үй маңында Ануар мырза мен Сания серуендеп жүр. Ануар мырза балдақпен, аяғы гипстелген, аяқ сүйегіндегі сынық әлі бітпеген. Иығындағы жарасы жазылып қалған. Сания дәрігердің айтқанының бәрін толықтай орындап, Ануар мырзаны күн, түн демей қолдап, демеп жүр. Екеуі үйленуге шешім қабылдап, ақылдасып той күнін белгілеп қойған. Ануар мырзаның аяғы жазыла сала дүбірлетіп той өткізбекші. 

Екеуі үй артындағы кереуетке келіп отырды. Сания Ануар мырзаның дәрісін беріп: 

– Иә, мырзам, бұйырса дәрінің уақытының бітуіне де аз қалды. Сәл шыдасаңыз дәріден де құтыласыз.

– Осы дәрінің орнына қойдың майын жаға берсек қайтеді? Ол да жақсы көмектеседі ғой.

– Болмайды мырзам, осы дәрінің арқасында жазылған соң бізге рақмет айтатын боласыз.

Ануар мырза Санияға қарап отырып:

– Мен онсыз да Тәңіріме күнде рақмет айтамын. Сен енді менің қасымда өмір бойы боласың. Шүкір. 

– Иә-ә-ә, шүкір мырзам.

Ануар мырза Санияның мойнындағы алқаны ұстап:

– Мына алқа шынымен қорғайды екен. Бұл жолы тек сені емес, екеумізді де қорғады. 

– Кезінде періште адамдарды қорғап жүру үшін жер бетіне өзінің көз жасын қалдырған шығар, - деді Сания алқаға қарап. 

– Мүмкін. – Ануар мырза Санияның қолынан ұстап: – Мен сондай бақыттымын. Сені қатты сүйемін, – деді.

Сания:

– Мен де сізді сүйемін. Мен де өзімді сіздің қасыңызда бақытты сезінемін.

Қос ғашық қол ұстасып болашаққа жүздері жайнап қадам басты.