«Проза» номинациясы: Ақ сәуле

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Сарықасқа

 

Таң атты. Вагон іші ығы-жығы тіршілікке толы. Таңғы астың қамына кіріскен жолаушылар пештің маңында қаз-қатар пәрнек ұстап, кезек күтіп тұр. Тек біздің купеде ғана тыныштық орнаған, алайда ұйқы мен өң арасындағы тыныш күйге бой алдырған бір ересектеу ер кісі жатыр. Жолдың ұзақтығын ескеріп, «Құдайым-ау, қасымнан көзі таныс, өзім қатарлы бір аруды серік ете көр» деп тілеп мінгеніммен, оған жетпейтін тағдыр шығар, көршім көңілге қонбады. Ендігі үміт – келесі стансада купенің жоғары жағына біреу мінер ме екен деген дәме.

Жалғыз жұбанышым – вагон терезесінен сырғып өтіп жатқан жол жиегіндегі сап түзеген талдар. Таңның шуағы сол талдардың бұтақсыз қалмақ бұрыштарынан сығалап, вагон ішіне қызғылт сәуле шашып тұр. Әлдебір тыныштыққа, жұмбақ мұңға оранып, кітап аштым. Қанша бет оқығаным есімде жоқ, тек есімде қалғаны – бір-біріне ынтық, қосыла алмай кеткен америкалық ғашықтар. Қыздың шынайы махаббаты, жүректен шыққан құштарлығы жігіттің бойындағы дертке ем болғаны таңырқатты.

Таңырқатып қана қоймай, терең ойға батырды. Шіркін, махаббат деген қандай құдірет! Емсізге ем, шексізге жол болатын махаббат – нағыз ғажаптың өзі емес пе?! Менің де жанымды ұғатын, мені сүйетін, бірге қартайсам деген ниеттегі сыңарым болса екен деп арманға беріліп бара жатып, таңғы тәтті ұйқы құшағына еніп кетіппін...

Түсімде – ақ нұрдан жаралған, жүзін көруге көз шыдамас бір сәуле пайда болды. Жарық арасынан нәзік бейне жақындай берді. Сырт бейнесінен қыз екенін аңғарып, аппақ нұрдың ішінде келе жатқан әлгі аруды жүрегіммен сездім. Әлдебір тұңғиық сезімге тартып бара жатты. Сол сәтте кенет пойыз ішін жаңғырта:

– «Самса, биляши, жұмыртқа бар! Ыстық! Таңғы асқа алыңыз!» – деген саудагердің ашулы даусы естілді де, түсім үзіліп кетті.

Егер қолдан келсе, қайта сол түске кіріп, әлгі сәулеге қарай құштарлықпен ұмтылар едім. Бәлкім, ол әлемде қалып та қояр ма едім... Себебі сол ақ сәулеге жүрегім шын ғашық болды. Қайта оралмайтын, бірақ әр сәт есіңнен кетпейтін армандай... Өзімше оған «Ақсәуле» деп ат қойып алдым. 

Түс үзілісімен бірге көңілдің де шырағы сөніп, әдеттегі күйбең тірлікке еріксіз оралдым. Қарасам, көршім де ұйқысынан ояныпты. Түрі – қызмет көрген, салмақты, егде жасқа жетсе де, бір кездері жігіттік буы әлі де басым екені байқалады. Үстінде ақ майка, сұр шалбар. Жалаң қолынан көзге ұрып тұрған бірнеше татуировкасы бар. Мен оянғанымды аңғарып, жан-жағын шола бастады.

– Бір нәрсе таппай жатырсыз ба? – деп сұрауға оқтала бергенімде, өзі бірінші болып:

– Анау кітабыңа көз жүгіртейінші, не жайлы екен? – деді де, қызыл мұқабалы кітабымды сұрап алды.

Қолына ұстай сала:

– Әй, жастар-ай, сендердің махаббатқа әуестіктерің қызық. Біз жас кезімізде қыздың қылығына ғана мәз болып, өмірдің тәттілігіне мастанатынбыз. Ал сендер... Біреудің ғашығын өздерің құшқандай болып, кітаптың ішінен сезім іздеп жүрсіңдер. Махаббатты ауырлатпаңдар. Оны жүрекпен ғана сүю керек. Егер таңдауға ми араласса, шын махаббаттан мән кетеді, – деді де, бұрылып жатып қалды.

Қарным шұрылдап, көрші вагондағы кафе жаққа бет алдым. Әлі ашылмапты. Көңіл күйім онсыз да түсіп тұрғанда, телефонға желі пайда болып, бірден бір нөмірді тердім. Құлағыма:

– Аға, мен қатты қиналып отырмын... – деген жас қыздың дірілдеген даусы жетті. Есеңгіреп тұрып қалдым. Байланыс үзіліп кетті. Жүрегім атша тулап, қолым дірілдей бастады. Ол кім болды екен?..

Стансаға жеттік. Шылым тартып тұрып, олай-бұлай өткен бойжеткендердің ішінен сол түсімдегі арудың бейнесін іздей бастадым. Ақымақтық екенін білсем де, көзіме көрінген әр қыздың келбетінен оны табуға тырыстым. Бірақ ол – тек менің түстегі арманыма айналған ару еді...

Кенеттен артымнан келген көршім:

– Әй, бала, оттығың бар ма? Мынаны тұтатып жібер, – деп әмір берді. Даусынан біртүрлі жылылық сезілді. Шылымымызды тұтатып, түтінін будақтатып отырып, ол сөз бастады.

– Мына кітабыңа келсек... Мен де сенің жасыңда талай парақтадым ондайларды. Бірақ ешбірін шын көре алмадым. Себебі әр адамның махаббаты – жеке әлем. Біреуге тәтті сезім, екіншісіне өкініш. Сен оданда, сол жалған дүниеден арылып, нақты ғылым оқы, – деп кеңес берді.

Осылайша сапарымыз жалғасты. Біраз үнсіздік орнап, қалың ойға шомылып кеткен екенмін. «Осындай жаста немере ойнатып, шөбере сүйетін шақта, бұл кісі неге жалғыз? Отбасы болмады ма екен?» деп ойладым. Кенет өзі сөз бастап:

– Қаласаң, жол қысқарсын, әңгіме айтайын, – деді.

Осы сәттен бастап ол өзінің ең бір ауыр сырын ақтарды...

– Жігітім, мен саған бір сыр айтпақпын, – деді қасымдағы кісі темекісінен бір жұтып қойып. – Бәлкім, бұл өміріңе сабақ болар...

Кезінде аудан әкімінің көмекшісі едім. Қызметтің қызған шағы. Бір күні күтпеген бұйрықпен облысқа жұмыс бабымен ауысатын болдым. Басшылыққа шақырыпты. Қалбалақтап көп ойланбастан, бір түнде жиналып, жолға шықтым. Облыс әкімінің алдына кіру үшін әкімдікке бардым. Ішке кірудің өзі – бір сынақ. Күзет, сұрақ, тіркеу... Ең соңында хатшы қызға жолығуым керек болды. Есікті қағып, асықпай аштым... Күрсінді.

– Сол сәтте-ақ өмірім өзгергенін түсіндім. Адам бала мұнша сұлу болады екен ау... Қап-қара ұзын шашы иығынан төгіліп тұрды, беті – ақша қардай. Қып-қызыл далап жағылған ерні шие секілді. Көзін көтеріп маған қарағанда, жүрегім тоқтап қалғандай болды. "Сіз жазылып па едіңіз?" – деп күлімдегені жанымның терең түкпіріне құйылып бара жатты.

Тіл байланып, үнсіз тұрдым. Қыздың мысқыл аралас жылы жымиысы мені өзіне тіпті баурап алды. "Сізде бәрі жақсы ма?" – деп қайта сұрағанда барып өзіме келіп, әкімнің аты-жөнін әрең атадым. Бірақ... Көңілім кабинеттің арғы жағында емес, хатшы қыздың қасында қалған еді. Сол сәттен бастап күн сайын сылтау тауып, әкімдікке баруды әдетке айналдырдым. Кездесіп жүрдік, аралас-құралас болдық. Қаланың шулы кафелерінде сыр бөлістік. Бір-бірімізге бауыр басып, бірге күлдік, бірге мұңдастық, – деді. Алдындағы стақаннан суды сімере іштіде, әңгімесін әрі жалғады. 

– Үш айдай сөз байласып жүрдік. Ол менің жанымды түсінді, мен оның таза көңіліне ғашық болдым. Қанша биік лауазым иесі болсам да, оның алдында баладай едім. Сондай бір бақытты сәттеріміздің бірінде тойға бардық. Артынан жастармен бірге бір үйге жиналдық. Достар ішімдікке итермеледі. Аузыма арам суды бірінші рет тигіздім. Бір, екі стақан... Одан әрі не болғаны есімде жоқ...

Сөз арасында үні күрт өзгерді. Көзіне жас іркілгендей болды.

– Сол түн – менің өмірімдегі ең ауыр, ең қаралы түн болды. Түс қайта көзімді аштым. Ол – жоқ. Достарым оқиғаның шетін айтты. Мен... Мен сол түнде мас күйімде өзім жақсы көрген аруымның намысына тиіппін. Киімін жыртып, зорлық көрсеткен көрінем. Қыз болса – періште, адал. Жылап, үйден қашып шығыпты. Содан кейін оны мен, мені ол көрмеді. Бар үміт, бар арман – сол түнде құлады...

Мен үнсіз тыңдап отырмын. Тамағым кеуіп, сөйлеуге дәрменім жоқ.

– Іздедім. Жер-көктен іздедім. Бірақ сол бір бейкүнә, аппақ арман қыз ғайып болды. Уақыт өте берді. Кейін күйбен тіршілікке қайта оралдым. Араға жылдар салып отбасылы болдым, бірақ... бала болмады. Қанша қаласақ та, бір сәби маңдайымызға жазылмады. Ақыры әйеліммен екіге айырылдық. Қазір жалғызбын.

Сөзінің соңында терезеге телміріп отырып қалды. Мен де үнсізбін. Сол сәтте жүрегімде әлдебір діріл пайда болды. Бұрын ертегі деп қабылдаған ғашықтық пен өкініш – шыныныда адамдардың жүрегін жаралап, тағдырын түбегейлі өзгертіп жататынына алғаш рет анық көз жеткіздім. Қош, осылай отырғанда кеш те батты. Шай ішіп, жол-жөнекей жүрек жалғадық. Ойыма әлгінде айтқан Ақсәулем оралғаны сол еді, ұйықтауға асықтым. Сізге күлкілі болар, бірақ мен сол түні Ақсәулемді түсімде қайта көреріме сенімді күйде көзілдім.

Түн. Тағы да Ақсәулем... Таңға жуық көзім ілініп кетіпті. Сол Ақсәулем қайта көрінді. Бұл жолы кешегі түндегідей емес, тым жақын келді. Жалаңаш денесі анық көрініп, жаныма жақындады. Демін сездім. Жаным рахатқа батып, өлердей болып жатып, қылдай нәзік беліне қол создым. Сол екен шошып оянып кеттім. Жаныма батып жатқан күйік саусақ ұшымнан сезілді. Қарасам – сізге өтірік, маған шын – саусақтарым күйгендей қызарып қалыпты. Таңғалдым. Күндер өте берді. Келесі түні одан да қатты жақындастық: бір түн тілдестік, бір түн сүйістік, бір түн... Тағы бір түнді сол аруымды түсімде көрсем екен деген ниетпен керуетіме жайғастым...

***

... деп аяқталатын әңгімені Қайраттың күнделігінен оқыдым.

Әр бөлігі әр күнде жазылған, әртүрлі сиямен жазылғанынан-ақ көрініп тұр. Алайда бұл әңгіме аяқсыз қалды. Неге десеңіз, сол түні Қайрат өз бөлмесінде, төсек үстінде қол созған күйі, күлімдеген өлі табылды.

Денесін зерттеген дәрігерлер де оның бұл өмірмен қалай қоштасып, қайтып кеткенін түсіндіре алмады. Көргендердің бәрі:

– Қандай тамаша өлім! – деп жатысты.

– Қанша өлік көрсек те, күліп, бейқам бейнеде жатқан адамды бірінші рет көруіміз, – десті.

Кейіннен ата-анасы әулие-тәуіптерді аралап, бұл белгісіз өлімнің сырын ашуға тырысты. Әркім әрқалай жорыды. Өзім сенген бір нұсқасын Қайраттың күнделігіне жалғастырып жаздым. 

... Сол түні Ақсәулем түсіме енді.

Бұрынғыдай емес, тым бөлек қылық танытты. Күнде көңіл қос танытып жүрген құрбым бұл жолы тартынып, мені "сүймейсің" деп шеттете бастады.

– Егер шын сүйсең, менімен жүр, – деп қолын созды.

Мен болсам:

– Жаным-ау, өзім де сезіп жүрмін, саған деген сезімім ерекше. Бірақ бұл – түс қой. Түс болған соң күнде көріп, қауыша аламын деп үміттеніп, түн баласы телміріп жатып, таң алдында ғана көз ілем, – дедім.

– Сен менімен болғың келсе, қолымды ұста, – деді.

Ақсәулемнің ақ алақанын ұстап едік, кете бардым. Барған сайын жерден биіктеп, аяғымыз жерден бір қарыс ажырап, көкке қарай өрлей бердік...

***

Арада алты ай өтті. Кейін Қайраттың күнделігін кітапша етіп басып шығардым. Әлгі әңгімеміз кеңінен таралып, махаббаты үшін түсіндегі аруға еріп жан тапсырған Қайрат біраз уақыт ел аузында жүрді. Біреулер:

– Бұл өтірік, – десе, басқалар, – Ақсәулесі жын болған. Бұрындары ата-баба бейнесінде келіп, ертіп кетіп, жанын алған оқиғалар таныстарымыздың арасында да болған, – деп өсектеді.

Ал мен үшін бұл – сезімнің ұлы көрінісі.

Сезім үшін сері жігіт жан тапсырса – айып па? Тірі қалып, Ақсәулесін аңсап өткеннен гөрі, аңсағанының артынан еріп кеткені махаббат сотында ақталатындай-ақ емес пе?