«Проза» номинациясы: Тылсым түс (Шахтер әңгімесі)

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Шахтер

 

Әскерден келген соң оқығым келмей, жұмыс іздедім. Хат тасыдым, базарда жүк, вокзалда көмір түсірдім, құрылыста «барып кел, шауып кел» болдым. Ақыры сыбай-салтаң жүрістен басқа ештеңе өнбейтініне көзім жеткен соң, әкем сияқты шахтер болуды ойладым. Оған айтқанда, шалғы мұртын қайзап, үндемей қалды. Біраздан соң: «Өзің білесің» деп қысқа қайырды. 

Шешем бірден қарсы болды. «Бұғанаң қатпай жатып ауыр жұмысқа, жер астына түскенің қалай? Жердің үстіндегі жұмыс жетпей ме? Неге оқу оқымайсың?» Мен де қырсықпын, айтқанымнан шықпадым. «Шахтаға кетем» деп отырып алдым. Маған не істесін, күрсінді де қойды.

Мені Қ. қаласындағы көмір қазатын әйдік шахталардың біріне желдету және қауіпсіздік учаскесіне шахтер етіп алды, тіпті бір айлық оқуға жіберді. Мен үшін ең бастысы – жатақханадан орын алу еді, оқудан келген соң, ол да берілді. Жұмысқа сақадай саймын, жататын жер бар, басқа не керек? 

Біздің жұмыс – ағаштардан немесе блоктардан үлкен-үлкен қалқалар тұрғызып, жұмыс жасалып біткен жерді жабамыз. Мұндай қалқалар көмір шахталарындағы ауа ағынын реттейді. Кейбір материалдарды тек жер бауырлап қана діттеген жерге жеткізуге болады, ал сол жердегі ауаның газға тұншыққаны сондай, тамағың қызып, күні бойы үздіксіз ыстық шай ішіп отырғандай сезінесің. Мұның бәрі қарғыс атқыр метанның кесірінен. Ол бәле жарылса не болатынын елестетіп көріңіз...

Шахтаның жұмысы ауыр, кей кезде, тіпті, қауіпті, бірақ көңілді екен. Бір күнім бір күніме ұқсаған жоқ. Таң ата кетеміз, кеш бата мұрнымыздан шаншылып төсекке құлаймыз. Бірақ маған осы жұмыс қатты ұнады, себебі – менің бригадамның жігіттері шетінен мәрт, ер көңілді болатын. Әзіл-қалжыңмен бір-бірімізді қыжыртып, тиіскілеп, түртпектеп ойнаймыз, ауық-ауық күресіп те аламыз. Екі жүз граммдық арақты дем алмастан ішкізіп үйреткен де солар еді. Араларындағы ең жас – жиырма жастағы мен болғандықтан ба, бар білгендерін үйретіп, жандары қалмайтын. Ешқайда жалғыз жібермейтін, үлкендер әманда мені қадағалап, қиын да қауіпті жерге жұмсамаушы еді. 

Менің бригадамда Елтай деген әдебиетші жігіт болды. Өзі менен бес-алты жас үлкендігі бар, ұзын бойлы, кең иықты, жазық маңдай, қара көз, ашаң жүзді еді, күлімдеп қана сөйлейтін. Осы жақтың жігіті. Ағылып тұрған шешен еді. Әзілмен түйреп өткенде қайтіп күліп жібергеніңді байқамай қаласың. Мұғалім бола алмай, мен сияқты сандалып жұмыс іздеп, ақыры жер астына түсіпті. 

Қызық жігіт еді. Есепші, аспаз, инженер-маркшейдер қыз-келіншектердің бәріне өлең шығарып жүретін. Шығарғанда, өзінің емес, бұрынғы ақындардың өлеңдерінің тонын айналдырып ыңылдап айтатын. Өзімен жерлес Айша деген қызға:

Қарқаралы басында жалғыз арша,

Хатқа жүйрік мына Айша мұсылманша.

Кішкенеден бірге өскен сәулем едің,

Өмірің аз ба, көп пе, әлде қанша? 

– дегенде, сол қыздың жүзі өрт болып қызарғаны есімде...

Талай қызық болды ғой... Жер астында біз ленталық конвейермен сырғанап жүретінбіз. Қауіпсіздік шаралары бойынша олай жүруге болмайды, бірақ баратын жеріңе жер бауырлап, еңбектеп немесе жаяу жеткенше қай заман, сондықтан лентаға секіре саламыз. Сонда Елтай: «Ат-көлігім қайда менің?» деп айғайлап тұратын...

Екеуміз достасып кеттік. Маған онымен сөйлескен ұнайтын. Көпшіл, жайсаң жігіт болған соң ба, мені өзімен тең ұстайтын. Әдебиетті жақсы білуші еді. Абайдан, Әуезовтен, Бейімбет пен Оралханнан құлаш-құлаш үзінділер оқитын. «Қасқыр ұлыған түнде» хикаятын жігіттерге екі күнде оқып беріп, бәріміз жапа-тармағай талқылап едік. Алған әсерімізді жыр қылып бірталай жүрдік.

Алғашқы айлығымды алғанда төбем көкке жеткендей, миғражға ұшып шыққандай қуандым. Жартысын үйге жібердім, біразын жігіттермен «жудым». Өзімді кәдімгідей ақша табар ер-азамат сезінгенім есімде. 

Әкем менімен хабарласып, не істеп жүргенімізді сұрап-біліп отырды. Өзі де істеген жұмыс қой. Шешемнің де жаны жай тапқандай көрінген. Бұрынғыдай мазамды ала бермейтін болды.

Бірақ бәрі басқаша шешілді. Бір күні әке-шешем қалаға келген. Мен кешкісін жұмыстан келсем, екеуі жатақхананың алдында сопайып отыр. Жүрегім май ішкендей кілкіді:

– Не болды?

– Сенің жұмыстан шығуың керек, – деді шешем әй-шәй жоқ.

– Ой, шеше, – дедім. – Қашан қоясың? Әп-әйбат істеп жүрмін ғой.

Шешем әкеме қарады. «Бірдеңе десеңші» деген көзқарас.

– Иә, жұмыстан шық, - деді әкем қипақтап. – Сол дұрыс болады.

Мен аңтарылып қалыппын. Жарайды, шешем уайымшыл, ал әкеме не болған? Мұндай маңызды шешім қабылдарда әйелінің ығына жығыла бермеуші еді ғой?

– Сол дұрыс болады, - деді әкем қайталап. Үнінде шарасыздықтың лебі бар. – Біз де өмір-бақи істедік. Не таптық...

– Сені атам шығарып алды емес пе?

– Иә. Бірақ оның не үшін шығарып алғанын білмейсің ғой.

Содан соң екеуі жайлап отырып айтты. Әкем шахтада істеп жүргенде әжем түс көріпті: шахта, тау-тау болып үйілген жасанды үйінділер, мұнаралы дің, аспанды тұмшалаған қап-қара бұлттар және өлік толы арбаны сүйреп, көзінен жасы бұршақтап аңырап кетіп бара жатқан қара нар. 

– Ол кезде бәріміз құдайсыз, атеистпіз, мұндай түске сенбедік, - деді шешем. - Бірақ әжең мен атаң сенді. Содан соң сол шахтада жарылыс болып, бәлембай адам қаза тапты. Ал әкең тірі, жаныңда отыр... Осы түсті алдыңгүні мен де көрдім. Балам, мына жұмысты таста, басқа жұмыс ізде немесе оқуға түс...

Мен ойланып қалдым. Әрине, сендім. Және оқуға түсіп студент атанғым келіп жүрген. Бір жағынан осындағы жігіттерді де қимаймын. Бауыр басып қалыппын.

Қинала-қинала келістім. Елтайға айтып едім, «өкпеңді шаң мен газға толтырып жер астында жүргенше, кең далаға шық, дұрыс» деді. Айтуын айтқанмен, қимастығы білінді. Бірақ мен, неге екенін білмеймін, әжем мен шешемнің көрген тылсым түсін оған айта алмадым...

Бригадама да айттым. Олар бастарын шайқап, өкінді, бірақ содан соң «жассың ғой, оқу оқы» десті. Басшылыққа алдын-ала ескертіп, бір айдай қосымша жұмыс істеп, шығып кеттім. Оқуға тапсырып, құрылыс-сәулет институтының студенті болдым.

Арада жарты жыл өткенде біздің шахтада жойқын жарылыс болып, менің бригадам түгел қаза тапты. Елтайдың денесінің 90 пайызын күйік шалып, тілге келместен ауруханада қайтыс болыпты...

Қазір өкінем, неге сол кезде бәріне айтпадым? Егер де мен бәріне айтсам, бұл авария болмаушы ма еді?

Білмеймін. Тым құрыса Елтайға неге айтпадым...

Біз білмейтін тылсым көп қой...