«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Көпір

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Asteris

 

Негізі, ауыл деген ұғым халқы аз, шалғайдағы елді мекенді білдіреді ғой. Сол үшін ғана бұл жерді ауыл деп айтуға мәжбүр боламын. Әйтпесе, болмысын сипаттайтын басқаша бір атау болса, соны қолданар едім. Бір сөзбен айтқанда, бұл жер – жер бетіндегі тылсымы қалың бір нүктеден ойып орын тепкен мекен сияқты. Қарапайым ғана ауыл деп атауға ауызым бармайды, бірақ болашақ оқырмандарым түсінсін деп солай дейін.

Мұнда небәрі қырыққа жуық үй бар. Бізде Шайтан көпір дейтін аспалы ескі көпірдің тылсымы бар. Ол туралы апаларымыз айтса, тым қорқынышты. Ал сол, адам сүйектері табыла беретін, үнемі шайқалып, сыңсып тұратын көпірді балалардың, әсіресе Құдиярдың аузынан естіген сайын, ұрланып барғың келетін бір күй бойымызды билейді де тұрады. Естуімше, ол көпірден өтер адамның бойында қорқыныш атты күй мен сезім мүлде болмауы керек. Егер өтіп бара жатып сескеніп қалса, шайтан түртіп қалар серті бар екен. Қысқасы сырт көзге шағын ғана ауыл, ал ішінде – қырық үйдің арасында сыймай жатқан қырық түрлі сыр бар. Мен күн сайын соның бір бөлігін ашып келемін. Бірін өз көзіммен көрем, бірін естимін, ал бірін әлі сезе алмай жүрмін. Міне, біздің ауыл осындай.

Біз өзенге қарай шаңқай түсте, тартып барамыз. Бұл уақыт апамның қатаң қадағалап, қинап ұйықтататын сәті. Бірақ тәртіптен аттауға бүгін мәжбүрміз. Мен әдейі балалардың алдына түсіп алдым. Сондағы ойым – бәрінің алдында батыл, сенімді көріну. Басқасын білмеймін, інімнің көзінде менің батылдығым анық көрінді. Ол да мұрнын таңқитып, басын тік ұстап келеді. Ауылдың үлпілдек май топырағын бұрқылдатып, он шақты бала қаз-қатар ілесіп барамыз.

Бұл балалардың барлығы кезінде Құдиярдың қасына ілесу үшін талай сынақтан өткен. Сол сынақ енді бізге жетіп отыр. Аздан соң құлама жардың жиегіне жетеміз. Сол жерде ауылдың бар баласына белгілі, үрей тудыратын Шайтан көпір бар. Біздің міндет – сол көпірден арғы бетке өтіп, қайта оралу. Сәлден соң барлығы жапа-тармағай тоқтап, жар бойына қаз-қатар тізіліп тұрды. Арғы жақта екі бағанасы қылқиып, атақты көпір көрінді. Көпірдің үстіне бір-бір темір трос қана тартылған. Аяқ басар ағаштары баяғыда шіріп, санаулысы ғана қалған. Астындағы өзен ақырып, күркіреп ағып жатыр. Судың ағысы қатты. Үрей шақырады. Көпірді көрген сәтте-ақ еңсем түсіп, жүрегім дірілдеп қоя берді.

– Не тізең қалтырап тұр ма? – деді біреу мазақтап.

– Жоқ! – дедім сыр бермей.

Құдияр бізге тұмсық түріп, « өт!» дегендей ишарат жасады. Тросқа қолыңды тигізсең болды, теңселіп шыға келеді.

– Тез өтейік, апам іздеп қалады, – деді інім Дархан.

– Қоя тұр. Дайындалып алайын…

Не болғанын білмеймін, аяғым бармай, іркіліп қалдым. Артымдағы балалар күбірлесіп күле бастады.

– Онда мен өтемін! – деді де, Дархан алға шықты.

Тросқа жармасып, шіріген еденге аяғын тигізген сәтте айнала жым-жырт болды. Көпір теңселіп қоя берді. Дархан тросты қолтықтап ұстап, жылжи бастады. Ортаға жеткенде тепе-теңдікті жоғалтты да, екі тростың ортасына тізерлеп отыра қалды. Сол күйі сырғып отырып, арғы бетке жетті де, лып етіп секіріп өтті. Бәрі ду ете қалды. Құдияр мәз болып, күрек тісін ақсита күлді. Дархан бірден кері қайтты. Бұл жолы тіпті шапшаң, көз ілеспей жетті.

– Қорқатын түгі жоқ! – деді ол.

Менің де намысым оянды. Қисайған бағанадан шап беріп ұстап, үстіңгі тростан айырылмай алға ұмтылдым. Секіріп, бір-екі қадам жасағанымда көпір шайқалып, жүрегім аузыма тығылды. Бірақ ортаға жеткен соң тоқтауға болмайтынын білемін.

– Әй, қаңғығандар! – деген апамның даусы аяқ астынан жарды жаңғыртты.

Балалардың бәрі жан-жаққа қаша жөнелді. Тек Дархан мен Құдияр ғана тоқтап, маған қарап тұрды.

– Түс андағы жерден! Шайтан түртеді – деп апам айқай салды.

Құдияр ма, апам ба – екеуінің арасында сасып қалдым. Бірақ қайтсем де арғы бетке өтіп, қайтып келгім келді. Өйткені Құдияр көрсе болды, қалғандарына батылдығым дәлел. Алайда Құдиярда тайып тұрыпты. Мен орта жолдан кері қайтып, апамның жанына жеттім. Оның ашуы – өзеннің гүрілінен де, шайтаннан да қорқынышты.

Апамның алдына түсіп дедектеп үйге қарай жөнелдік. Іштей: қорқатын түгі жоқ екен ғой! – деймін. Келесіде мысықтан да жылдам өтуге дайынмын. Ал мысықтан да шапшаң жануар бар ма өзі?...

Дархан маған ұқсамайды. Ол ешқашан ойланбайды: айтты – істеді. Маған, бәрін есептеу, аға ретінде жол көрсету міндет. Аға болу оңай емес. Амалсыз, қайда жүрсек те, одан бір саты жоғары тұруға тура келеді.

– Үйдің терезесін қараңғылап, кешке дейін тұрмай жатыңдар, – деді апам.

– Жарайды, – дедім.

Мен жатам ғой, ал мына мазасызды қалай ұйықтатамыз?.. 

Бұл жолы мен де ұйықтай алмадым. Терезеге шымқап қойған жамылғының екі шетіндегі саңылаудан сығалаған күн сәулесі қабырғаға түсіп, жылжып бара жатты. Қоңырқай түске боялғанын байқап, кешкі бестің шамасы екенін аңғардым. Бұл уақытта күннің ыстығы қайтып, далаға шығуға болады.

– Дархан?

– Ау?

– Ояусың ба?

– Иә. Тұра береміз бе? 

– Тұрайық.

Дархан атып тұрды да, сыртқа беттеп кетті. Ал менің ойымнан бағанағы көпір шықпай қойды. Аздап дірілдегенім болмаса, өтіп тұрған адаммын ғой. Егер Құдияр қырсығып, соңына дейін күтіп тұрса, менің де батылдығым көрінер еді. Апамның айқайынан аман қалу оңай, ал достардың алдында жасқаншақ болып қалу – ең ауыр соққы. Сол ой жанымды жеп барады. Бірақ тағы бір рет дәлелдеуге де болады ғой.

– Бикош? – деп апам шақырды.

– Иә, апа!

– Бар да, помидор теріп келші.

– Дарханға айтыңызшы, апа.

– Ол көшеге кетіп қалды.

– Жарайды.

Апам қазір Дарханды қуып жетіп жұмсамайды. Әрқашан жеңілге мен бармын. Негізі помидор теру – менің мойнымда. Кейде жалығып кетсем, Дарханды тепкілеп жұмсаймын. Ол жылап жүріп жинайды, ал іріктеп теруді ақыры өзіме қайта істеуге тура келеді.

Апамның бақшасы – ауылдағы ең әдемі бақша. Қияр, қызыл-жасыл помидор, алма, сары өрік, қызыл өрік – бәрі жайқалып тұр. Бұл ең алдымен апамның еңбегінің арқасы. Көктем шыққалы қазып, түптеп, суарып әбден баптайды. Есесіне жаз бойы, дастарқаннан көкөніс үзілмейді. Апам оларды тек салатқа емес, банкаға жауып, түрлі асқа қосып, тосап та жасайды. Біз көшіп келгенде ағамның қуанғаны сонша:

– Жақсы болды, бақшаға көмектесесіңдер, – деген.

Содан бері көкөніс теру – менің міндетім. Әзірше апам мен ағамды толық таныстырып жатпай-ақ қояйын, оған уақыт бар. Қазір тамақтанып алып, көшеге шығуым керек. Кешке қарай ойын қызып кетеді. Бірақ мен үшін ойыннан да маңыздысы – балалардың мені қалай қабылдағаны.

Күземді әкеп берген соң, Дарханды іздеуге шықтым. Біздің көшеміз қаңырап бос тұр. Бәрі Алтынсарин көшесіне кеткен екен. Бұл ауылдың бір жақсысы – көшелердің арасын айналып өтудің қажеті жоқ. Үйлердің қақпасын аша беріп, туралап өте шығасың. Жоғарғы көшенің ортасында Жанболат пен Мадиярдың үйлері бар. Көбіне Жанболаттың ауласынан өтемін. Оның үйінің жанындағы шие ағаштарын жағалай өтсең, ауызға бір-екі жидек қылғытып үлгересің. Ал Жанболат біздікіне кіріп, өріктен ала кетеді. Бәріміздің арамызда үнсіз келісім сияқты бір заң бар: ұсталып қалмасаң болды.

Жанболаттың бақшасын кесіп өтіп, шиеден ауызға бір-екеуін тастап, Алтынсаринге шықтым. Балалар қақпақ ойнап жатыр. Құдияр көрінбейді. Дархан ойынның қызығын шығарып жүр екен. Қастарына бардым.

– Өй, сен неге келдің? – деді біреуі.

– Қалай неге келдім?

– Бізбен ойнамайсың.

– Неге?

– Сен көпірден өте алмадың ғой.

– Өттім! Құдияр өзі көрді, – дедім.

Бәрі маған үңіле қалды. Анығында, кім өтірік айтып тұр, кім шын – өздері де аңдамай қалған сияқты. Осы кезде Дархан қолындағы жалпақ тасты, қақпақтарға қарай ытқытты. Қақпақтар шашылып түсті. Жүгіріп барып теріп әкелген соң, маған бажырая қарады.

– Сен өткен жоқсың ғой, неге өтірік айтасың? – деді ашуланып.

Бетім дуылдап кетті.

– Е, Дархан, жүр үйге, – деп қолынан ұстадым.

– Бармаймын.

– Тамақ ішеміз деймін.

– Ішпеймін.

Балалардың бәрі бізге қарап қалған. Ішімнен қайнап тұрмын.

– Жүр деймін, сосын келіп ойнайсың.

– Айттым ғой, бармаймын. Өзің кете бер.

– Саған бармайм деп тұр ғой, кетсеңші, – деді бір бала.

Әдетте мен «апам айтты» дегенді қолданғым келмейді. Ол қыздардың «мамама айтам» деген қылығына ұқсайды. Бірақ қазір жағдай ушығып тұр.

– Апам шақырып жатыр, жындысың ба?

– Жарайд! Сен де бір! – деді де, қақпақтарын етегіне орап алды да, алдыма түсіп жүре берді.

Ішім қайнады. Жұрттың көзінше маған қарсы шыққаны намысымды қоздырды. Жанболаттың ауласынан өткен соң, айналада ешкім жоқ екеніне көз жеткіздім де, желкесінен шапалақпен тартып жібердім.

– Айбай! – деп басын сипай қалды.

– Е топас, маған қарсы шыққалы жүрсің бе?

– Өзің ғо!

Осы сөзі жанымды күйдіреді. Бар бәленің бәрін «өзің ғо» деп шығарады.

– Не өзің ғой?

– Адам сияқты ойнатпайсың.

– Дархан, жұрттың көзінше маған қарсы шықпа деп айттым ғой!

Үндемей ілесіп келеді.

– Түсіндің бе?

– Ой, иә!

Кішкене қыса түссем, жылап қояр еді. Ал ол апамның алдына жылап барса, артынан өзіме таяқ жиналары сөзсіз. Бұндай талай болған. Дарханның бойы қысқа, сол үшін қорқады-ау деймін. Шыны керек, кейде қатты ашу үстінде ұрып жібергенім бар. Бәлкім, соны есіне түсіріп үндемей келе жатқан болар. Қалай десем де, маған қарсы шықпаса болды. Қорғау керек болса, қорғаймын. Өйткені аға болу деген – бірде қатты, бірде жұмсақ болуды талап етеді.

Ой, апамның осы бір вермешель тамағын-ай. Тұздалған қызанақтың қышқылдау суымен араластырып жесең, жаның кіреді. Біз келгелі екі күннің бірінде осыны ішеміз. Бірақ қызығы – жалықпайсың. Қоңырқай қызыл шәйге табаның нанын батырып, үстіне қант сеуіп жеу – Дархан екеуміздің жасырын салтанатымыз. Әдетте екінші қасықты апам көрмей қосып жіберетінбіз. Қазір байқап қалды да, қабағын шытып:

– Немене, әкең құмшекер зауытында істейтінбеді? – деді.

Бұл – үйреншікті қалжыңы. Ыржиып қойып, жей береміз.

Нағашы апамның қолында кішкентай кезімізде тұрған екенбіз. Ол шақтың көбі есімізде жоқ. Тек білетінім – атам мен туған жылы қайтыпты. Содан бері апам бүкіл әулетті өзі көтерді. Ал менің көзімде ол – жалғыз әулетті ғана емес, бүтін бір ауылды иығымен тіреп тұрған адам.

Апам – пенсиядағы адам демесең, тыныштықты білмейтін жан. Бір күні біреудің үйіндегі тойда жүрсе, бір күні көшедегі ұрысты тоқтатып жатады. Әрқашан қимыл үстінде. Тынымсыз да, қатал да, бірақ қаталдығының ар жағынан маған ғана түсетін бір жұмсақ сәуле бар. Сол үшін бе екен, оның ашуы маған ешқашан Дарханға тигендей ауыр соқпайды. Дархан болса, апамды жай ғана қатал кемпір көреді. Қорқады, бірақ тыңдамайды. Өзі көп бүлдіреді, сонысына қарамай апамның ең көп "құрбаны" да – сол. Әуелгідей апам қайда жүрсек те соңымыздан іздеп, жетектеп әкелетін әдетін азайтып келеді. Қазір мойындаған: «ол бәрібір тыңдамайды, сен барып әкел», – дей салады. Осыдан барып, менің де бір "іні тәрбиелейтін миссиям" пайда болды. Дархан шектен шыға бастаса, апамның атын айтсам болды, орнына келеді.

Апамның аты – Батыркүл. Апамды қысқаша айтқанда – сол. Енді сөз басында айтқан Жандос нағашы ағамды таныстырайын. Ол – апамның кенжесі. Қазір он біріншіде оқиды. Спортпен әуестеніп, апта сайын жарыстан қалмайды. Соның арқасында біздің үй кілем мен магнитафонға толы, ал залдың төрінде медальдан ине шаншыр орын жоқ. Дархан екеуміз оған екі түрлі еліктейтін сияқтымыз. Маған оның ауыл арасындағы абыройы ұнайды. Оған жету жолы, күресі соншалықты қызықтыра қоймады. Ал Дарханға оның күрес киімі мен спорт залға кететіні ұнайды. Өткенде «күреске қатысам» деп шулатты. Жандос ағам бізді қасына жақындатқысы келмейді. Сол үшін әр түрлі сылтау айтып, Дарханды соңынан ілестірмей жүр. Біздің Дархан қояр ма еді? Апамды сүйрелеп, жаттықтырушыға барды. Ол бұның бойы келмейтінін айтып, шығарып салды. Бойына қарап тұрған бұл жоқ. Бәрібір «барам» деп қояды. Жандос ағамды жұрттың қалай сыйлағанын көрсеңдер ғой, шіркін. Ол жарысқа кеткен кезде бәріміз мініп бара жатқан көлігінің артынан жүгіріп отырып, ат шаптырым жерге дейін шығарып саламыз. Ауылға кіргенде де дәл сондай салтанат. Біз жақта өтетін жарыстарға өңкей магнитафон, кілем шығаратын зауыттың бастықтары демеуші болама деймін. Үнемі бірінші орын алса – кілем келеді. Екінші орын алса – магнитафон. Дархан екеуміз екінші орынмен келуін тілейміз. Мысалы, осы жолы аудан орталығы дейтін үлкен ауылға кетті. Демек, үлкен магнитафон береді деген сөз. Екінші орынмен оралса екен. Даусын бақыртып қойып, Араштың әнін тыңдайтын едік.Әйтпесе бұрынғы әкелгендері дұрыс істемей жүр.

Есіктің алдын сыпырып, шөбін жұлғанда дүңкілдеп тұрса, соны тыңдауға көршінің балалары келсе. Олар да бізбен бірге шөп жұлып, тез атқарып, кешкі қақпаққа үлгереміз.

– Иә? – деппін қиялға беріліп.

Нан соғып отырған Дархан бажырая қарады:

– Не «иә»?

– Магнитафон әкелсін деймін.

– Жоқ, бірінші орын алсын. 

Жоқ, екеуіміздің ойымыз бірдей емес екен. Мен екінші орынды тілесем, бұл – бірінші орынды. Сол ағам бірді алса, бойы өсіп кетеді деп ойлайтын шығар.

Ауылдың апақ-сапақ шағы. Шеттегі тоғайдан кезектен қайтқан малдың мөңірегені естіледі. Ата-апалар есік алдына шығып, кешкі тіршілікке кіріседі. Оразгүлдің дүкенінде жарық жанады. Ал біздің көшеден мал өтпейді – ешкім сиыр ұстамайды. Бұл көшенің шаңын біз ғана көтереміз. Қақпақ ойыны басталады. Әркім қолындағы түйіншегін қыса ұстап шығады. Ең үлкен түйіншек – Құдиярдың інісі Мадиярда. Қатты ойнайды. Бірақ мен оның бәрін шын ұтты дегенге сене қоймаймын. Өйткені Құдияр қолы босаған сәтте біздің араға кіріп, қанталапай жасап кетеді. Ана дорбаның жартысы сол қанталапайдан жиналғандай көрінеді маған. Мына тұрғандардың бәрі – Құдиярдың маңындағылар. Бұларда қақпақ көп. Жақсы ойнасаң, бірден молынан асауға болады. Ал анау екі көшеден кейінгі топ – Әшөлектер. Топ деген де, енді сол Әшөлекпен Жомарт қана. Олар ең көп дегені он шақты қақпақпен тарайды.

Оның үстіне оларда май қақпақ жоқ, тек «Алекс Сарыағаштың» ақ қақпағы. Біз ақ қақпақты жай қақпақ дейміз. Ал «Спрайт», «Тархунның» қақпақтарын май қақпақ дейміз. Майқақпақ расында әдемі – қызылды-жасылды қазына. Сол үшін бәріміз Құдиярдың тобына қосылғымыз келеді. Иә, қанталапай болып тұрады. Дархан бағана ұтқанын қайта алып шықты. Мен де жаман ойнамаймын. Бүгін қанталапай болуы мүмкін деп, жай қақпақтармен ғана келдім. Ұтылып қалсам да, ішім ашымайды. Одан қалса, көпірдегі жағдайдан кейін мені бөліп тастаулары да мүмкін. Сонда жинап алу оңай. Жанболат алаңды белгілеп шықты: ортасы мен екі метр жерден үш сызық. Қақпақтар ортасына тізілді. Әркім бір-бір қақпақтан тігеді. Алғашқы айналым – жай қақпақтар, қол қыздыру ғана. Нағыз қызу май қақпақ кіргенде басталады. Мадиярдың көзі тек сары қақпақта. Ерболат пен Жанболат – туысқан, екеуі жасыл мен көкті араластырып жинайды да, ойын соңында бір-бірімен бөліседі. Біз қызылға құмармыз. Бұрын қалағаныңды қолдағы қақпаққа айырбастай салатынбыз, ал қазір Құдиярдың заңы күшінде: тек ойында ұтсаң ғана аласың. Жанболат жалпақ тасын серпе ұшырып, үш-төрт қақпақты бір-ақ жұлып әкетті. Дархан да қарап қалмай, үсті-үстіне жұлқып жатыр. Мен әдейі алғашқы кезегімді өткізіп қоямын. Себебі ең дәмді сәт – алаңда екі-үш қақпақ қана қалғанда. Бір атқаннан түгін қалдырсаң, мерген деген сол. Менің тасым жалпақ әрі жіңішке еді.

– Бекоштың тасы финишке жарамайды, – деді біреу.

– Менікімен ат, – деп Мадияр өзінің кішкентай тасын ұсынды. Амал жоқ, өнерді дәлелдеу керек. Қолымды сермедім, тасым зу етіп шықты да, екі қақпақ екі жаққа ұшты. Жанболаттың көзінде таңданыс жарқ етіп көрінді. Содан кейін ойын қайта қыза түсті. Әр атқан тас – алаңдағы шағын жер сілкінісі секілді, әр қақпақтың ұшуы – кішкентай жеңістің дауысы. Ойын енді қыза бергенде, Құдияр келді. Ішім бірден түршігіп кетті – бұл келген жерде тыныштық болмайтынын білемін. Күндіз айтқан өтірігімнің ізі әлі суымаған, ашылып қалмай тұрып алдын орау керек.

– Бикош, сен көпірден өткен жоқсың ғой.

– Сен кетіп қалғанда өттім. Апам куә. Жан-жақтан күлкі көтерілді. Дархан ойланып тұр – қазір бірдеңе демесе екен деп тілеймін.

– Өтті, мен де көрдім, – деді ол бір кезде.

– Дархан, мә, өтірікшісің ғой! Бағана ғана өтпеді деп едің, – деп Жанболат шүйлікті. Құдиярдың көзі жанып кетті, дәл қазір жанжал көреді дегендей.

– Сонымен, өтті ме?

Дархан басын тіктеп, көзіне тіке қарап:

– Иә, – деді.

– Өтірікші! – деді, Жанболат. 

– Өзің өтірікші!

– Жоқ, сенсің! – Жанболат қадам басып, жақындай бастады.

Бір сәтте ол Дарханның көкірегінен итеріп қалды.

– Е, итерме! Үлкен болсаң болды ма? – деп алдына тұра қалдым. Жанболат менен бір жас үлкен. Ал Дарханнан тіптен екі жас. Үлкендігін көрсеткісі-ақ кеп барады. Дархан мені айналып өтіп, Жанболаттың құйрығынан бір тепті.

– О, мыртық! – деп Жанболат ұмтылып келіп, мені қағып жіберді. Теңселіп барып, құлап түстім. Дархан жерде жатқан тасын жұлып алды да, Жанболатқа ататындай қолын сермеді. Екі жаққа бөлініп қалдық – біз Дархан екеуміз бір жақта, Құдиярдың тобы екінші жақта.

– Ұрма деймін, бері әкел!

– Мыртық емеспін. Дәу мұрын!

– Қой енді!

– Өзі ғой! – деді Дархан, тістеніп. Көзінде ыза, жасы шақ-шақ атқылайын деп тұр. Құдияр болса, араласпайды – қызықтап қарап тұр. Бізден үлкен, сегізінші сыныпта.

– Болды, кеттік! Енді бұлармен ойнамаймыз! – дедім мен. Дарханды теріс бұрып, арқасынан итеріп келемін. Ол жалт бұрылып, жерде жатқан Жанболаттың тасын өз тасымен қойып кеп қалды. Сарт! – екі тас қақ айырылды.

– Е, мыртық, ұстасам аямаймын!

– Иә саған! – деп соңғы сөзін тастады. – Екінші біздің ауладан өтпейсің! Екеуміз үйге қарай тарттық. Біраз жүрген соң, Дархан:

– Дәу мұрын десе, дәу мұрын! – деді.

– Дұрыс айтасың. Ұсқынсыз неме – дедім. Бар ойым – тезірек үйге жету. Осылай Құдиярдың тобымен байланыс үзілді. Енді көпірден өту-өтпеу мүлдем маңызды емес еді. Өңкей бәле қуғандар. Ішім жаңа ғана қайнай бастады. Бағана сабыр сақтаған мен қазір бәрінің быт-шытын шығарғым кеп барады. Бірақ Дарханды ойлап тежелдім.

Осы Құдиярдың қасында жүру, достардың арасында абырой жинау деген ойдың түбіне сонша бойлап кетіппін, басымда одан басқа ой тұрақтамайтын болды. Былай қарасаң, қызығар қылығы да жоқ. Үлкендердің алдында одан жаман бала жоқ. Бүлдіргісі де, сұмпайысы да – сол. Таңнан кешке дейін күн астында жүріп, төбе құйқасынан табанына дейін қап-қара боп күйіп кеткен. Жіңішке сирақты, серейген біреу әйтеуір. Мұрны қоңқиып, қасқа тісі ақсиып жүреді. Басының істеп тұрғаны да шамалы. Есі дұрыс адам бір көршісінің темірін ұрлап, сол темірді қасында отырған темір алатын көршіге өткізе ме? Құдиярдың есі дұрыс болмай тұр ғой. Қазір сегізінші сыныпта оқиды. «Оқиды» деген аты болмаса, мектептің табалдырығын көрмеген дейді. Бүкіл баланы соның қасына жүгіртетін жалғыз себепті айтайын. Басы басқаға жетпесе де, түрлі ойын құрастыра біледі. Жоқ жерден бір ереже табады да, ең іш пыстыратын дүниені дүрбелеңге айналдырып жібереді. Сол үшін бәрі қасында жүріп, қызыққа қарық болғысы келеді. Ол ол ма, Данияр деген көкесі денди әкеп берген. Құдиярдың көңілі түскен бала үйіне барып, сонымен атысып ойнайды. Бары – сол ғана. Мен негізі оның көмегінсіз-ақ, өзім орта таба аламын. Бүкіл балаларды айдауыма салу үшін маған Құдияр сияқты ойын тапқыш болсам – жеткілікті. Сосын май қақпақ келетін басқа көз табу керек. Бүкіл баланы қызықтыратын ең қымбат зат сол. Сонда ертең-ақ бәрі одан теріс айналады да, менің қасымда шұбырып жүреді. Жандос ағамның үйдегі магнитафондарының да қызығы кетті. Әйтпесе бір сәт есік алдында музыка тыңдап, өз даусымызды жазып, мәз болушы едік. Ағам екінші орын алып келсін дегендегі түпкі мақсатым – сол. Әйтпесе өз нағашымды аяқтан шалар ойым жоқ.

Дархан екеуміз үйге келдік те, тапшанға төсек салып, ерте жатып қалдық. Айлы аспанда жұлдыздар анық көрінеді. Ұйқыға дейін іш пыстырмайтын бір амал тапқанмын: қара шегірткенің шырылы белгілі бір ырғақпен қайталанады. Сол уақытта кім көп жұлдыз санап үлгереді – сол жеңеді. Екеуміз қызыл қақпақ көп жинап келген сайын осыны ойнап, ұйықтап қаламыз. Шегірткелерге де ұнайтындай көрінеді. Назар аудармасаң, үздіксіз шырылдай береді. Ал біз «ал, кеттік» деп ойынға кіріскенде, әдейі ұзақ кідіріс жасайтындай болады.

– Жұлдыз санаймыз ба?

– Жоқ, – деді де, теріс қарап жатып алды.

– Неге?

– Ертең Ерболатты да, Жанболатты да біздің ауладан өткізбеймін.

– Ерболат не істеп қойды?

– Жаны кіріп тұрғанын білем. Туысқанына тартып тұр ғой.

– Мейлі. Өткізбесек, өткізбейік.

Ертең бір тартысты күн болғалы тұр. Әй, Дарханым-ай, есесі кетсе – есі шығады. Бұндай мінез нағашы апамнан жұққан ба екен? Не болса да, ертең ойлағанын іске асыруына көмектесем. Бағана Құдиярдың алдында мені қорғау үшін бұл да өтірік айтты. Біреуді «туысқанына тартады» дейді, өзіне қарамайды екен-ау. Ойым біртіндеп саябырлап, миым тынышталды. Қара шегіртке шырылдап, біздің үйден алыстап бара жатыр. Қай үйге тартып бара жатыр екенсің?..

Дархан таңды ұйықтамай күзеткен бе дерсің. Елден ерте тұрып, бақшадан өтетін есікті сым темірмен айналдыра орап, екінші қайта шешілмес етіп тастапты. Оны мен таңертең шай басында айтпаса, ұмытып та кетіппін. Өзі мәз болып жүр. Енді Жанболатты Ерболаттың үйіне, Ерболатты Жанболаттың үйіне жұмсайтын сәтті асығып күтіп отыр. Екеуі біздің үйдің екі жағында орналасқан. Сағат оннан кете, Жанболат екінші жаққа міндетті түрде сүт алуға өтеді. Ал Ерболат әйтеуір бір өтеді.

Жалпы осы біздің күнде тауып алатын әурелігіміз болмаса, ауылда басқа айналысар іс жоқ. Ауыл құдды бір шал-кемпір мен немерелері қалған пансионат сияқты. Әр көшеде бірді-екілі орта жастағы ағалар тұрмаса, негізінен бәрі немере мен аталар. Біз осы ауылға қалай келгеніміз жайлы айта түсейін. Жалпы айтқанда, біз Алматы жақта тұрғанбыз. Өз ата-апамның қолында. Иә, байқағандай, біз көз ашқалы ата-апалардың қолында жетіліп келеміз. Өйткені әке-шешеміз қыстақтарда мал бағады. Бұрын жақсы еді – оларды ең кемі аптасына бір көретін едік. Қазір ол да жоқ. Осыдан екі ай бұрын: «Нағашы апаңның қолында оқисыңдар», – деді де, әкеліп тастады. Бізден сұрап жатқан ешкім жоқ. Сұрап қайтеді, бәрібір өз дегендері болады. Бірақ биыл осы жақта жақсы оқысақ, келесі жылы алып кетеміз деп айтты. Алматының өзінде оқисыңдар деді. Сабақтың мәселесін сабақ басталғанда көрерміз деп, барлық балалармен дос болып, олардың ойындарына баспен кірісіп кеткен жайымыз осы. Күзге дейін май қақпақты толтырып жинап алсақ деген ой бар. Одан кейін сабақ басталса, жауапкершілікпен кірісу керек. Ойын жайына қалмақ.

Апама көмектесіп, біз де түскі ұйқыға жататын болдық. Сырттан: «Амансыз ба, апа?» – деген дауыс шықты. Меніңше, Жанболаттың даусы. Дархан орнынан атып тұрып, терезеге қарады.

– О, анау өтіп кететін болды! – деді. Дархан ұшып тұрып, сыртқа жүгірді. Қарасам, Жанболат біздің дарбазаның алдында тұр.

– Не қарап тұрсың? Өтпе біздің үйден, – деп, Дастан саңқ етті.

Қолында сүт құйып әкетіп жүретін әдеттегі бос банкісі тұр.

– Неге өтпеймін?

– Сол. Өткенде сен мені мыртық дедің.

– Бекош, айтшы анаған?

Аяқ астынан мені араластырып састыратыны несі екен? Ол дауды мен ұмытып кеткелі қашан. Қырқысу тіптен орынсыз көрінді. Барынша оқиғаны жеңіл шешуге тырысып, Дарханның құлағына сыбырладым:

– Өткізе салшы, құрсын. Папасына айтып жүрер.

– Жоқ. Кешірім сұрасын.

Дарханды көндірем деген мен де ақымақ. Жанболатқа жақын келдім.

– Кешірім сұра да, өте берші.

– Не үшін кешірім сұраймын?

– Онда кет! – дейді, Дархан тістеніп.

– О, мыртық. Апаңның көзінше кісі боп тұрсың ғой, иә?

Дархан ашуланып кетті. Жерден тас алды да, дарбазаға атып кеп қалды. Тіпті маған тие жаздады. Тас темірге тиді, арғы бетінде Жанболат еңкейіп қалды. Ол да жерден бірдеңе іздей бастады. Кішкентай тас тауып, Дарханға кезеніп қап еді, Дархан одан бұрын атуға дайын тұр екен. Дарханның қолында Жанболатты жапырып өтетіндей үлкен тас. Анау содан қорықты ма, әйтеуір тартыншақтап, ата алмай тұр. Жанболаттың бар айтқаны сол:

– Атып көр, бәлем!

– Сен ат.

– Өзің ат.

Дархан тасын жіберіп кеп қалды. Қақпаға тиіп, даңғыр еткеннен Жанболат қолындағы банкісін түсіріп алды. Шыны банкі шашылып түсті. Көзі бақырайып, жасқа тола қалды.

– Айтам сендерді.

– Онда қатын боласың – деп Дархан одан сайын өшіктіріп барады.

– Кімге айтасың ал? – дедім, артын ойлап.

Жанболат жыламсырап банкісінің сынығын жинап отыр.

– Жанболат, үйіңе жеткізсең, бүкіл ауылға қатын екеніңді айтам, – дедім.

Ол орнынан тұрды да, маған бір, Дарханға бір қарап, не амал табарын білмей сазарып тұр.

– Құдиярға айтам. Көресіңдер, – деп, Құдиярдың үй жағына жүгіріп кетті.

Қап, одан да әкесіне айтқаны дұрыс еді. Осы Дарханның ит мінезін-ай.– Әне, ал, нең бар дәу таспен атып?

– Ой, жылаңқы неме. Тиген де жоқ қой.

– Қазір Құдияр келсе, біттік.

– Бірдеңе десе, Жандос ағама айтам. Жаншып тастар.

– Болды, үйге кірейік.

Дархан үйге кетті. Мен сынған банкісін аяқпен сыпырып, жолдың шетіне шығардым да, Құдияр жаққа қарадым. Жанболат сол кіргеннен әлі шықпады. Үйінде жоқ болса, шіркін, тыныштық орнар еді. Бірақ ол мұндай сәттен шет қалмайды. Тікелей қауіп төнгенде денемді неге қалтырақ басатынын өзім де ұқпаймын: жеңіл қамбақтай болып, қабырғаға тиіп кері серпілген шардай құбылам. Нағыз қорқақтың күйіндей жағымсыз хал. Мейлі, не болса да болар. Бір рет осылай бітіп, тоқтағаны да дұрыс шығар. Қашанғы Құдиярдың көлеңкесінен сескеніп жүрем? Ұрса – ұрсын, арғысын көрерміз. Еркектің басына не келіп, не кетпейді?

Осындайда көктен әлдебір қуат құйылып, бұлшық етім қара тасқа айналса ғой. Сермесем – адам тұрмақ, ауа қақ жарылардай. Онда мен бірден ұмтылмай, байыппен күтер ем. Әуелі соққыны қарсы алып, міз бақпай тұрар ем де, екінші ұмтылғанында жұдырығын тосып алып, қыса салғанда, қолы борша-борша боп үгілер еді. Сосын маңдайынан саусақпен түртіп:

– Маңқа! – деп, жарты денесінен жерге батырып, менсінбей ғана бұрылып кете берер ем.

Дархан да «менің ағам» дегендей танауын шүйіріп, соңымнан басып жүрер еді.

Қиял құшып жүріп, зал тамда Құдиярдың қасындағының бәрін ойша «жаншып» болып, сағатқа қарасам – он-ақ минут өтіпті. Анаулар әлі жоқ. Бәлкім, расында қатесін түсініп, кері қайтқан болар? Дархан мендей күйге түспей ме? Ештеңе болмағандай, тіпті болмайтындай шалқалап жатыр.

– Бекооош! – деген дауыс шықты. Көше жақтан естілді.

– Дархааан? – деді біреуі.

– Сені шақырып жатыр! – деппін. Терезеге келіп, перденің шетінен ұрлана қарадым. Құдияр, Мадияр, Жанболат, Ерболат төртеуі аулаға мойын созысып, кезек сығалайды.

– Бекооош!

– Сені де шақырып жатыр ғой! – деді Дархан.

Жүрек қағып барады. Не істерімді білмеймін. Әлде Дарханды көндіріп, кешірім сұрата салсам ба?

– Дархааан! – бұл жолы Жанболаттың даусы. Әбден ашулы.

– Жандос аға келгенше шықпай тұрайық па? – деймін алаңдап.

Дархан «білмеймін» дегендей иығын сілкіп қойды. Ол да қорқақтап тұр. Сырт тыныштала қалды. Қайта сығалап едім – кетіпті.

– Болмаса, жүр, шығып сөйлесейік, – дедім батылдана. Дархан басын изеп, соңымнан ерді. Дәлізге шықтық та, сәл күттік: тыныштала түссін, бәлкім, тығылып тұрған болар.

– Сонда да Жандос ағаны күтейік. Олар төртеу. Жабылса қайтеміз?

Дарханнан да маза қашты. Осындайда жауапкершілікті маған артып қояды. Ертең бірдеңе болса, «өзің ғо» деп тұрары анық. Дәл сол сәт есік сыңғыр етіп ашылып, Әшөлек кірді. Бұл көрші бала. Тілінің мүкістігі бар. Ол жайлы сосын айтамын. 

– Б-б-бекош, с-с-сені Құдияр ш-ш-шақырып ж-жатыр.

Қулығын асырғанын қарашы.

– Не үшін?

– Б-б-білмеймін. Т-т-тез ш-ш-шықсын деді.

– Жүр, шығайық.

Әшөлектің алдында қорыққанымды білдірсем – бітті. Ақыры осымен тынатын болса, сәтін көрерміз. Дархан үшеуміз сыртқа шықтық. Көшеде көк теректің көлеңкесінде Құдияр сықсиып, езуіне жіңішке бұтақты қыстырып, күс-қүс қолымен жапырақты жұлып күтіп тұр.

– Қалайсыңдар, ағайынды қоңыр таздар?

– Жақсы.

– Неге шықпай жатсыңдар?

– Естімедік.

– Жүріңдер, өзен жаққа.

Әшөлегіме көз тастадым: батылдығымды сынай қарап тұр.

– Жүрсең – жүр, – дедім Құдиярға.

Жортып өзенге тарттық. Ерболат пен Жанболат алдыға түсіп, безек қағып келеді. Дәл біз өткенде шайтан көпірге бара жатқандағыдай – сенімді. Не істейтінін жоспарлап алған сыңайлы. Әдетте күліп амандасатын Мадияр да безеріп алған. Сөзбен шешуге ниет жоқ екені көрініп тұр. Құдиярдың сұмдығы сол – ұшықтап, үлкейтіп, дүрбелеңге айналдырып жібереді. Қылығы жыныма тиіп, ішімнен қайнап келемін.

– Не деп күбірлеп келесің?

– А? Ештеңе.

Өз-өзіммен сөйлеппін. Мұнда Әшөлек екеумізден басқа бәрі дайын жоспармен келе жатқандай. Ол байқұс ернін салпитып, жаны ұшып келеді. Дархан тісін қысып, үнсіз. Маған да жинақталу керек. Қазір «қалтырап тұр» деген белгі берсем – күш алып кетеді. Әшөлегіме сенімділігімді көрсеткім келді.

– Сен неге келе жатырсың? Қатысың жоқ қой.

– А-а-анау, б-б-бірге жүр деді.

– Болды, қорықпа!

Сары топырақты күмпілдетіп өзенге жеттік. Өзенде кішкентайлар шомылып жүр екен.

– Киімдеріңді алыңдар да, тайыңдар! – деп, Құдияр зекігенде, көліктің гүрілінен үріккен торғайдай, бәрі әп-сәтте тарап кетті. Құдияр қойтасты сүйреп әкеліп, үстіне жайғасты. Жанболат жейдесінің жеңін түріп, екі түймесін ағытып, төбелеске дайындалып жатыр. Мен де тәпішкемді шешіп, шетке сырып қойдым. Құдияр біраз қарап отырды да, кірісті:

– Айтыңдар, не үшін жабылдыңдар?

– Жабылған жоқпыз. Өзі мені «мыртық» дей береді.

– Өтірік пе? – деп, кекете күлді. Жұрт та жырта күлді.

Мен үндемедім – бір ауыз сөзбен кінәні өзіме жүктеп алам ба деп сақтандым.

– Өздерің кеше ғана келдіңдер. Кіп-кішкентай боп алып, жұртқа қырғидай тию бар екен сендерде.

– Негізі, сөзбен-ақ бітетін нәрсе еді.

– Сонда неге інінді тоқтатпадың?

Дұрысын айтты: құлақтан сүйреп алып кетуге болар еді, өзім жібергенім анық.

– Бұл ауылда үлкенге ешкім сес көрсетпейді. Көпірден өте алмай жүріп, заң шығарыпсыңдар – «қақпадан өтпеңдер» деп…

Құдиярдың тілі – зұлым. Әдейі тығырыққа тірейді.

– Өзі ғо, – деді Дархан тістеніп.

Құдияр мырс етті.

– Жанболатқа шамаң жете ме?

– Тиіссе – қарап тұрмайм!

– Сен не дейсің? – деді Жанболатқа.

– Банкімді орнына қойсын. Ерболат екеумізден кешірім сұрасын.

– Өзің сұра! Алдымен сен «мыртық» дедің!

– Сұрамайм.

Құдияр тұрып, екеуінің желкесінен бүріп, маңдайларын соғыстырды.

– Айбай! – деп, Дархан баж етті. Жерден тас ала ұмтылды.

– Қой, таста анағаны. Таяқ жейсің қазір.

– Шекемді ауырттың ғой.

– Шығасыңдар ма, әлде татуласасыңдар ма?

Жанболаттың қырыс мінезі ұстап тұр. Ішім қайнап тұрса да, өзімді тежеп тұрмын.

– Шығам, – деді ол. Дарханның кіші екенін пайдаланып.

– Үлкенсің ғой менен!

Құдияр маған бұрылды.

– Сен үлкенсің. Шығасың ба Жанболатпен?

Кідіріп қалдым. Ақыры бәрі маған тірелді. Әшөлек те аңтарыла қарап тұр.

– Шығам, – дедім.

– Болды. Сенші? – деп, Жанболатты желкеден сілкіді.

– Шығам!

– Дархан, тасыңды таста. Ағаң өзі шешеді.

Дархан «ағаң» дегенге иланып, тасты лақтыра салды. Жанболат та ұяттың шетін көрмейді. Негізінде менен үлкен, бірақ сөз маған тірелген соң қашар жер жоқ. Тағы бір өзімді дәлелдеуге тура келді. Қырсыққанда, бағанағы қайнаған ашу басылып қалды да, Жанболатты қатты соғуға қимаған бір мейірім оянды. Ол жейдесін шешті. Мен футболкамды сыпырдым. Ол «ілікпейін» деп, джинси шортысының белдігін босатты. Екеуміз шамамен уақыт созып жүрміз. Құдияр ақырып жіберді:

– Бас, Жанболат!

Ол да батылсыз.

– Бірінші сен ұр, – деп маған ым қақты. Бұл маған да керек.

– Баста, – дедім.

Бірінші соққы алсам, ашуым қозып, өршіп кетер еді. Бастар түрі жоқ. Қорыққанға қоспай, жанбасынан бір теуіп жібердім. Ол да жауап қатты. Бәрі шеңбер жасады. Жанболат екеуміз айналсоқтап жүрміз.

– Бекош, тұмсығынан ұршы! – деп, Дархан саңқ етті.

– Ей, мыртық, тыныш тұр! – деп, Жанболат оған атылды.

Қалай болғанын білмеймін, шапалақ сарт етіп тиді.

– О, шапалақшы қатын! – деп, Жанболат маған дүрсе қоя берді. Екеуміз аунап-төңкеріліп, қайта тұрдық. Дархан бағанағы «мыртық» дегеніне намыстанып, Жанболаттың бел тұсынан бір тепті. Анау етбеттей құлады.

– Жабылып жатыр! – деп баж етті Жанболат. Сол сәт Ерболат келіп, Дарханды төстан тепті. Мен Ерболатты іштен ұрдым. Апыл-ғұпыл шаң көтеріледі. Төртеуіміз ытқып кірістік. Дархан шымыр ғой – Ерболатты астына басып, қылқындырып жатыр. Осы арада тісімен «сақ» етіп, аузым қанға толды – Жанболат шекеден бір тіледі. Күткен ашуым лап етті. Құлақ шекеден салып қалдым. Ол аунап түсті, мен іштен төпедім. Дархан екеуміз екі жақтан ызаға міндік. Жанболат енді қайтармасына көзім жетіп, үстіне отыра қалып, тағы соқпақ болғанда, Құдияр келіп, көтеріп әкетті. Әп-сәтте ажыратып тастады.

Өкпем өрт. Аузым – қан. Ерболаттың мойны сыдырылған. Жанболаттың арқасы жырық. Дархан тағы ұмсынып еді:

– Болды, ей! Өлтіресіңдер ме?!

Әшөлек риза. Біз басым түстік.

– Бұлай төбелесуге кім рұқсат берді? Дархан, неге жабыласың?

– Ерболатта жабылды, – дедім.

– Керектеріңді алдыңдар ма? – деді бәрімізге бірдей.

Жанболаттан баяғы қарқын жоқ. Үндемейді. Біз де тына қалдық.

– Онда татуласыңдар!

Келсе, татуласуға бармын. Сүзе қарап біраз тұрдық. Бірінші келетін жан табылмады. Өздері білсін.

– Дархан, кеттік! – дедім де, футболканы иығыма іліп, інімді ертіп, өзеннің жиегіне қарай жүрдім. Әшөлек кімге ерерін білмей байыз қылды да, бізге қосылды. Суға тізеден кіріп, екеуіне қарадым. Көздерінде қуаныш оты.

– Ернім ісіп кеткен жоқ па?

– Жоқ, – деді Дархан саңқ етіп.

Салқын сумен ауыз-мұрнымды шайдым. Әр қимылым өз ойымда нағыз батырдың ісіндей. Басым түскенім, олардың бізден қаймыға бастағаны көңілді көкке көтеріп тастады.

– С-с-сендер мықты т-т-төбелестіңдер! – деді Әшөлек.

– Иә, қорқып қалды, – дедім.

Анадай жерде олар да жуынып жүр. Бізге қарауға батпайды. Әсіресе ана екіеуінің беті жоқ. Құдияр да өжеттілігімізді ішінен құптағандай. Бағана кетіп бара жатқанда Дарханды жетектеп бара жатқаныма риза кейіппен қарағанын байқадым. Ертіп келгендерінің таяқ жеп қалғанынан кейін аузына құм құйылған болар. Мадиярдың да көңілі біз жақта — жай ғана жымиып білдірді. Жүрегі кең бала. Құдиярдан ыңғайсыз болмасын деп, көзқарасын жанарында ғана жасырды.

Өзен басында біраз отырдық та, дем басылған соң үйге қайттық. Олар да бес-алты қадам жерде келеді. Біз келгелі жүрген сүрлеумен тіке өттік, олар бізден айналып өту үшін жантағы мол жолға түсіп, аттап-бұттап кетті. Өз жолымызды бермедік. Татуласуға шақырғанға көнбеген – өздері.

Дархан риза. Құшағымды жая бергенім сол еді, иығымен жантая қатарласты. Арқасынан қағып қойып, бір-бірімізді мақтанышпен қолпаштадық. Аға деген – осылай болуы керек шығар. Әлгі бастамай кідіргенім – қорыққанның ісі емес, әуелі ақылмен шешкісі келген ағаның қадамы. Нағыз қорқақ болса, осылай жаға жыртысып, төбелеске өзі ұмтылар ма еді? 

– Еу! – деді Құдияр артымыздан. Тағы не ойлап тапты екен?

– А?

– Екеуің бізге қосылғыларың келе ме?Дарханға қарадым. Ол «білмеймін» дегендей, иығын көтеріп қойды. Мен Дарханға сыбырлап сөйледім:

– Не істейміз?

– Маған бәрібір.

Тағы да шешімді өзім қабылдауға тура келеді.

– Бізге бәрібір! – дедім. Алыстан айқайласып сөйлесіп тұрмыз. Ортамызды жыңғыл аралас арамшөп бөліп жатыр.

– Менің бір шартым бар! – деді Құдияр.

– Қандай?

– Сен шайтан көпірден өткен жоқсың ғой. Біздің көзімізше өтсең, қосыласыңдар.

– Ой қойшы сол көпіріңді. Шайтан түгілі түк те жоқ ол жерде, – дедім.

Бәрі үнсіз қалды. Өзім бір шетінен Құдияр маған атыла ма деп тағы да қорқып тұрмын. Түсініксіз үнсіздікті бұзу үшін сөзімді Әшөлекке бұрдым:

– Керек десең, Әшөліктің өзі де оп-оңай өте алады.

– Әшөлек пе? Ол қорқақ өте алмай қалсын!

Әшөлек қорқып, жалтақтай бастады. Мен оған «жауап берсеңші» дегендей ишарат білдірдім. Әшөлек не істерін білмей, тыпырлап біраз тұрды да:

– Ө-ө-өте аламын! – деді.

Бәрі оның сөзіне күліп жіберді. Құдияр тағы да бір қызықтың кілтін бұрағандай, ыржиып шыға келді. Ол шөптерді аттап-бұттап қасымызға жетіп келді.

– Қой ей! Сен бе өтетін? – деп, Әшөлекке тесіле қарады. Ол қалтырап кетті. Жасқаншақтап маған қарады.

– Өтеді, не бопты? – деп, оған сенім ұялатқым келді.

– И-и-иә, ө-ө-өтем!

– Әшөлек, маған қара. Шынымен өтсең, сен де біздің қатарымызға қосыласың.

Әшөлек жасқаншақтап төмен қарай берді. Ол тіптен жылағысы келіп тұр. Менің бұл тірлігім қате болды. Енді амал жоқ, шегінерге жол қалмады.

– Әшөлек, өтсең сен де майқақпақ ойнайсың. Ешкім сені бөлмейді.

– Ж-ж-жарайды.

Құдияр оның қолынан ұстады да, көкке көтерді:

– Міне, жігіт! Қазір нағыз жігіт боласың. Түс алдыма, – деп қолынан жұлқып кеп, өзенге қарай сілкіп жіберді.

Әшөлек қаңбақтай шайқалып, Құдиярдың алдына түсті. Бәріміз дәл бұрыңғыша басымыз салбырап, еріп келеміз.

Әшөлек менің көршім. Ол үш жасында ма екен, әйтеуір жаңа тілі шығып келе жатқан кезінде, үйіне қонақ келіп, Әшөлек сол қонақтардың көлігінің артында ойнап отырыпты. Сол кезде әлгілер бұны байқамай, көлікті артқа жүргізіп кетіп, бұл астында қалып қойған екен. Содан бері тілі дұрыс шықпай қалыпты. Өзі ешкіммен жетісіп ойнай алмайды. Анау ауылдың басындағы үндемес Жомартпен ғана ойыны жарасқан. Ол көп сөйлемейді, мынау сөйлей алмайды. Екеуі тіл табысқан көрінеді.

Енді байқұс менімен достасам деген кезінде, алдым да Құдиярдың құрығына салып бердім. Өзіме жыным келіп-ақ барады. Әттең, қазір батылдығым жетсе, құтқарып қалар едім. Алайда Құдиярға шама қайдан жетсін. Бір шетінен расымен көпірден өтіп кетсе, бәрімізге қосылатын мүмкіндігі болар еді.

– Әшөлек! – деп, Құдияр саңқ етті. Көпірге жетіп алыппыз. Қайдан ғана бастап едім… Бәрі жар жиегіне қаз-қатар тізіліп тұра қалды. Әшөлек, Дархан үшеуміз көпір алдында тұрмыз. Құдияр үшеумізге сыртымыздан тесіліп қарап отыр.

– М-м-мен қ-қ-қорқ-а-а-а-мын!

Мұндайда оқиғаны қалай бұрып кетсем екен? Қалайда өзім өтіп көрсетуім керек шығар.

– Қазір мен өтемін, маған қарап тұршы. Сосын өзің көресің.

Әшөлек басын изей берді. Көпірге беттегенім сол еді:

– Әшөлек өтсін.

– Мақұл, – деппін. Қалай келісе салғанымды өзім аңғармай қалдым.

Құдиярдың алған бетінен қайтар түрі жоқ. Әшөлек бізге бір, Құдиярға бір қарап жалтақтады да, көпірге қарай беттеді. Ол бағанасынан ұстап біраз тұрды.

– Болсаңшы, еу! – деп, Құдияр зекіді.

Бәрімізде үн жоқ. Әшөлек көпірдің бірінші тақтайына аяғын әрең қойды. Екіншісіне ауыса берген кезде, көпір теңселе түсіп, ол көзін тарс жұмып, сынық ағаштың үстіне отыра қалды. Әшөлек бақырып кеп жылады.

Айнала ду күлді. Бағанадан бері үні шықпай тұрған Ерболат, Жанболат, Мадиярлар қарқылдап кеп күлді.

– Көрдің бе? Әшөлегің өте алмай қалсын, – деп, Құдияр мазақтай сөйледі.

– Иә, мен қорқамын ал! Не істейсің? – деп, Әшөлек айқай салды.

Ол таза сөйлеп кетті. Бәріміз таңғалып қалдық. Құдияр орнынан атып тұрды, көпірдің қасына жетіп барды. Әшөлектің дәл желке тұсына барып сөйледі:

– Не дедің?

– Қорқам деймін. Ұқтың ба?

– Е, мынау сөйлеп кетті, естідіңдер ме? – деп, ол мәз бола түсті.

Көпірдің тросынан ұстап, сілкіп кеп қалды. Әшөлек бақырып жылады. Айқай салды. Құдияр қарқылдай күліп, одан сайын сілкіді.

– Көрдің бе, мен сені сөйлетіп жібердім. Қазір өлең айтатын боласың!

Құдиярдың достары қарқылдап күлді. Құдияр көпірдің теңселуін дереу тоқтатты да, Әшөлекті желкесінен тартып, бері қарай жұлып алды.

– Ей, маған қара!

Әшөлек жылағанын тоқтата алмай, қос иығы селкілдей түсті.

– Сақаулығың жоқ боп кетті, естідің бе өзіңді?

Әшөлек қорқақтап бұға берді. Менің аяғым жерге жабысып, қатып қалғандай күйдемін. Дархан Құдиярдың қасына жетіп барды да, Әшөлекті өзіне қарай тартып алды. Ол менің қасыма жетектеп әкелді де, жібере салды. Мен аузым ашылған күйі әлі тұрмын. Құдияр тіптен Дарханға назар аударған да жоқ.

– Сөйлеп кеткенін қарай көр ә?

Әрі қарай не болар екен деп алдын ала бағамдайтын қасиетімнен айрылдым да қалдым.

Әшөлек ауыл жаққа қарай басын көтерді де:

– Батыркүл апаааа! – деп, жылап жүгіре жөнелді.

Желкемізден келіп қалған апамды бірінші сол көріп үлгеріпті. Апамның қолына құлай кетті.

– Әй, балам… балам? – апам оны құшақтай алды да, селкілдеп егіле түскен Әшөлектің таңдайына сұқ саусағын салып жіберді де, таңдайын көтерді. Бетіне бірдеңелерді айтып, сүф еткізіп ұшықтады.

– Өңкей жәрместер! Көзің шыққыр Құдияр, бері кел қані, – деді.

Құдияр қырсығып орнында тұра берді. Апам Әшөлекті жіберді де, Құдиярдың қасына жетіп барды.

– Саған ес кіре ме, жоқ па?

– Ой, апа, менде неңіз бар? – деп, Құдияр бұртия сөйледі.

– Атаңа нәлет санасыз. Өзі әрең жүрген баланы өлтіріп тынайын деп пе едің?

Құдияр апамның сөзін елемей, теріс айнала бергені сол еді, апам желкесінен жұдырығымен солқ еткізіп, соғып жіберді. Сүрініп барып қайта тұрған Құдиярды киімінен ұстады да, бетінен екі-үш рет салып қалды. Құдияр басын құшақтап аңырай жөнелді.

– Үй, қасиетсіз неме. Осы көпірден жын көрдің бе, не көрдің? Мен саған аяқ баспа деп ескерттім ғой, а?

Апам тағы да шүйдесінен түйіріп-түйіріп алды. Құдияр жұлқынып, қолынан сытылып шықты да, жылаған күйі ауылға тайды.

– Жүрегімектер өңкей. Ананың есі жоқ. Сендерге не жетпейді, а? – деп, қалғанымызға айқай салды.

Тіліміз байланып, есіміз шығып, бәріміз үйді-үйімізге тарқастық. Апам бұл жолы бізді де, басқасын да аямайтын болды.

Әшөлекке істеген қиянатымның таяғы осы болар. Қайтар жолда апам ұзақ ұрысты. Енді келсең, аяғымыздың сынатыны жайлы мың қайтара айтты. Құлақ шыңылдап, жүрегім лоблып, тезересі қымталған түпкірдегі қараңғы бөлмеге жеткенше қатты асықтым.

Бұл жолы «батыр аға», «батыл аға», «көшбасшы аға» деген мақсаттарымның арасынан өз басымды сауғалап, ешкім көрмейтін бір қараңғы тұңғиыққа кіріп кетуді көбірек ойладым.

Әшөлектің алдында күйген бетімнің дуылдағаны сонша, басымды жастықтан көтермей, ауыл мың ғасырға дейін тіршілік етіп, қазіргі көрген апалар мен балалардың мың ұрпағы ауысып, дәл осы ұятты дүние бірінің санасында қалмас сәт туғанда ғана жарыққа шыққым келді…

Бір түнім, өзім тілеген мың түндей ауыр өтті. Әшөлек пен Құдиярды ойлай бердім. Бұл жолы тапшанға жатпадық. Біздің үйге бір үлкен дау келе жатқандай, кеудемді қорқыныш кернеді де қойды. Тіпті қара шегірткенің шырылы да бұл жолы өзгеше естілді. Ол таңға дейін «сақтан, сақтан» деген хабарды қайталай бергендей болды.

Қорқыныштың көзі – Құдияр. Ол енді ешқайсымызды аямайды. Әсіресе мені. Өйткені Әшөлекті киліктірген – мен, ал оны бәрінің көзінше сабаған – менің апам. Әрине, менен кек алары сөзсіз. Осы ой таң атқанша магнитофон таспасы сияқты қайта-қайта айналып, миымды шырмап тұрды.

Дархан аяқ астынан бөлмеге жүгіріп кірді де:

– Әшөлек қайтадан сөйлей алмай қалыпты! – деді.

– А?

– Қайтадан кекеш боп қалыпты деймін.

Сыртта мен күткен аласапыранның ізі де жоқ екенін түсіндім де, Дарханмен бірге сыртқа шықтым. Ол зыр жүгіріп барып, шарбақтан аттап, Әшөлектің қорасына кіріп кетті. Соңынан мен де ердім.

Әшөлек қорасындағы жалғыз аттың астын тазалап жүр екен.

– Әшөлек, кешірші, – дедім.

– Е-е-е, ештеңе е-е-емес, – деді ол.

– Кеше қалай сөйлеп кеттің?

– Қ-қ-қатты қ-қ-қорықсам, с-с-олай б-б-болады…

Уф… Әйтеуір соңы жаман болмағанына шүкір дедім. Біз оған көмектесіп, қорасын тазалап, үйге қайттық.

Міне, шайтан көпірдің шытырман оқиғасынан бері бір апта өтті. Ерболат пен Жанболат біздің ауладан еркін өтетін болып алды. Біз ағамыздың жарыстан оралғанын күтіп жүрміз. Бүгін кешке келеді.

Ал ауылдан Құдияр кетті. Сол жағдайдан кейін үйіне оралыпты да, сол күні кешке ағасымен бірге аттаныпты. Балалардың айтуынша, ол аға-жеңгесінің қолына қонаққа кеткен көрінеді. Оқу басталғанша ауылда болмайтын сияқты.

Ол кеткен соң көше жым-жырт тыныштыққа бөленді. Майқақпақ ойнауға деген талпыныс та жоғалды. Тіпті ойынның өзі сирек ойналатын болды. Құдиярмен бірге ауылдың кешкі қызығы да жоғалғандай.

Менің де дәл сол сияқты көшбасшы болғым келмей қалды. Білмеймін, енді ондайдың қызығы жоқтай. Оның үстіне оқу басталғалы тұр. Құдиярдың құпиясы – оның осы жерде жүріп шығаратын шулында екен. Қырғын тауып, қақтығыстарсыз бірінші болуға ұмтылудың мәні де жоқ сияқты.

Дархан екеуміз ағам келген соң қалаға киім алуға барамыз. Ендігі мақсатымыз – сол күнге тезірек жету. Мен енді уақытты зыр еткізіп өткізіп жіберетін бір қабілет болса ғой деп қиялдауды әдетке айналдырдым.

Барлық қызықтың көкесі мектептің ішінде күтіп тұрғандай, Дархан екеуміз асығып жүрміз.