Авторы: NeoAlim
(фэнтези)
1-бөлім: Қала мен жұмбақ уақыт
Айдос күн сайын қала көшелерін кезіп жүретін. Әдетте адам баласы уақыттың қалай өтіп жатқанын аңғара бермейді ғой, бірақ бұл қалада бәрі керісінше еді. Мұнда уақыттың өзіне мінез бітіп алғандай. Бірде асығып, көше сағаттарының тілдері зырыл қағып, адамдардың бір күнде бір айдың жұмысын бітіріп тастағанын аңғарасың. Бірде баяулап, сағаттар тоқтап қалғандай үнсіз қақшиып, адамдардың қимылы да қою тұманның ішіндегі бейнелердей баяулап кетеді.
Көшенің қақ ортасында тұрған алып мұнара сағаты қала тағдырын билеп тұрғандай еді. Бірақ оның тілі ешқашан дұрыс көрсетпейтін. Қала тұрғындары соған үйреніп те кеткен: бірі таң атпай кешкісін шай ішіп отырады, екіншісі түн ортасында базар аралап жүреді. Уақыттың шын иесі – сағат емес, сол қаланың қыңыр тағдыры сияқты.
Айдос кейде күлкісін тыя алмай, өзі мәз болып отырған кезде, аспан сағаттарының баяулап, күннің тоқтап қалғандай ұзақ қалықтап тұрғанын байқайтын. Әдетте бір сәттік шаттық ұзаққа созылмайды ғой, ал мұнда күлкісі созылған сайын күннің өзі қысыла күліп, аспандағы сағат тілдері ентігіп барып әрең қозғалып кететін. Ал мұңайған шағында керісінше – сағаттар құтырынған аттай шауып, күндіз бір-ақ сәтте кешке айналып, Айдос өзінің қас-қағым сәтте қартайып кеткенін сезіп қоятын.
«Кім де кім мына мұнара сағатының тілін дұрыстаса, уақыт бір арнаға түсіп, адам ғұмыры өз ырғағына келеді» деген қаланың өзі аңыы бар еді. Бірақ оны дұрыстаймын деп талай шебер талпыныпты, бәрі де жарты жолда қартайып, кейбірі тіпті уақытсыз жоғалып кеткен. Сондықтан жұрт ол мұнараға жақындауға қорқатын.
Ал Айдостың ішінде әлденеден күмән бар еді. Уақытты түзетпесе, адамның күлкісі де, мұңы да өз салмағын жоғалтады, ал салмағын жоғалтқан өмір – бос қаңбаққа ұқсайды. Ол қала көшелерін күнде аралай жүріп, сағат тілдерінің бірде асыққанын, бірде баяулағанын, кейде мүлде қатып қалғанын қалт жібермей бақылап, бір күні сол құдіретті сағатқа беттейтінін іштей сезетін.Бірде, қала шетінде ескі зауыттың жанында серуендеп жүріп, Айдос бір жарқыраған есікті көрді. Бұрын мұндай есікті ол еш жерде көрмеген еді. Қызығушылық пен қорқыныш қатар өріліп, Айдос аяңдап жақындады.
Есіктің қақпасы өздігінен ашылып, жұмбақ жарық сәулелері шығып, ауадағы шаң бөлшектері шамға ұқсас жарқырап, қарапайым зауыт ғимаратын ертегі әлеміне айналдырғандай көрінді.
– Ммм… Не екен бұл? – деп сыбырлады Айдос, өз ойына терең батқандай.
Бөлме түгел қозғалыстан құралғандай: әуе платформалары бір-бірімен қақтығыспай, үндесіп қалықтап жүр, механикалық дөңгелектер зыр жүгіріп, өзара бір әуеннің ырғағына бағынғандай. Әр қимылдың өзіне тән мәні бар сияқты, тіпті қаңғалақтап жүрген жарық сәулелерінің өзі бір-бірін сыйлап, шегіншектеп қимылдайды.
Ортада тұрған шағын үстелдің үсті құрал-саймандарға толы, бірақ олардың да өз мінезі бардай: бірі ұйықтап жатқандай мүлгіп тұр, екіншісі мазасызданып сыбдыр қағады. Қарап тұрып-ақ Айдосқа бәрі тірі жандар сияқты көрінді.
– Сәлем, Айдос! – деген дауыс шыға келгенде, ол селк етіп, төбесіне қарады. Кішкентай дрон-робот жымия қарап тұр. Жымиған дейді-ау, бірақ темірдің жымиғанын кім көріпті? Бірақ мынау шынымен күліп тұрғандай әсер қалдырды.
– Сен біздің фабрикаға бірінші рет келгенсің ғой? – деді ол, қанаттарын жеңіл қимылдатып.
Айдос абдырап:
– Мен тек серуендеп жүр едім… Мұнда не істеледі өзі? – деді.
Робот көзін жыпылықтатып алды да, кенет қуанып кеткен баладай айқайлап жіберді:
– Уақыт! Біз уақытты жасаймыз! Қаланың әрбір секунды осы жерден тарайды.
Айдос ойланып қалды. Қаладағы уақыттың қисынсыздығы жайдан-жай емес екеніне енді көзі жеткендей.
– Сонда… сендер уақытты ұстап тұрасыңдар ма? – деді ол күдіктене.
– Ұстамаймыз, – деді робот салмақпен. – Тек бағыттаймыз. Өзенді қолмен ұстау мүмкін емес қой, бірақ арнасын салуға болады. Уақыт та солай.
Айдос еріксіз жымиып қойды:
– Сонда сен осының бәрін басқарып жүрсің бе?
– Жоқ, – деді робот кішкене үзілістен кейін. – Мен Тимермін. Есімім жеңіл естілсе де, әр қимылымның салдары бар секлді. Сен де сондайсың ба?.
Айдос күліп жіберді. Күлкісі біртүрлі шықты – өзіне сенімділіктен гөрі, белгісіздікті мойындаған адамның күлкісі еді.
– Жарайды, Тимер. Сен маған жол көрсет. Бірақ есіңде болсын, мен фабрикаңдағы темірдің бірі болып қалуға келмедім.
Робот қанатын жеңіл сермеп, ауада бір айналып өтті де:
– Онда дайындал. Біз уақытты бұрап, түзеп қана қоймаймыз, кейде оның өзі бізді бұрайды. Екеуіміздің де жолымыз ұзақ.
Айдос ішінен: «Апыр-ай, мына қалада күлкің де, қорқынышың да өз ырғағына көнбейді екен ғой…» – деп ойлап қойды. Бірақ сыртқа шығармады. Өйткені осы сәттен бастап ол өзінің өмірінің жай жүріс емес, бір үлкен сынаққа айналғанын сезді.
Айдос жан-жағына тағы да көз тастады. Қозғалыс дегенің шексіз әншейін жұмыс емес, әр қимылдың өз мақамы бар сияқты. Тіпті кішкентай бір шегемен қысқыштың арасындағы «әңгіме» естіліп тұрғандай: бірі күрсінеді, бірі ырсылдайды. «Мынау шынымен де фабрика ма, әлде бір үлкен базардың жасырын нұсқасы ма?» – деп ойлап қойды ол.
Осы кезде бұрышта тұрған бір ескі шанышқы тәрізді құрал «пыш-пыш» етіп күлгендей болды. Айдос селк етіп, құлағын түрді.
– Көрдің бе, – деді Тимер жай ғана, – біздің заттарымыздың да мінезі бар. Әр құрал уақытты өз қалауынша өлшейді. Бірі асығады, бірі жалқауланады. Сол үшін біздің қызметіміз – олардың бәрін бір ырғаққа көндіру.
Айдос кекесінмен жымиды:
– Демек, сендердің уайымдарың адамдарға ұқсайды екен ғой. Біз де дәл солаймыз: бірі асығып жүріп басын тасқа соғады, бірі жайбасарланып жүріп өмірді өткізіп алады.
Тимер қанаттарын жеңіл қағып қойды.
– Иә, бірақ айырмашылығы бар: сендердің қателіктеріңді біз түзете алмаймыз. Ал құралдардың қателігін түзетуге болады.
Айдос күліп жібергісі келді. «Қарашы ә, мына кішкентай темірдің философиясын тыңдап отырармын деп кім ойлаған? Бір күні темірдің өзін тыңдап қоймай, оған риза болып қол соғатын да шығармын», – деп ойлады ол ішінен.
Бөлме тағы бір сәтке тып-тыныш болып қалды. Жарық сәулелерінің қозғалысы бәсеңдеді де, кенет қақ ортасынан бір сәуле бөлініп шығып, Айдостың иығына қонды. Жарық жылы да, жұмсақ та еді, бірақ ішінде әлдебір салмақ бардай. Айдос еріксіз демін ішіне тартып алды.
– Бұл не тағы? – деді ол сыбырлап.
– Уақыттың шағылысы, – деді Тимер байыппен. – Кейде ол өзіне ұнаған жанға сүйкеніп өтеді. Бірақ сақ бол: ол ұнағанды еркелетіп қана қоймай, сынайды да.
Айдос тағы да күлкісін ұстай алмай қалды. Бірақ күлкісі жеңіл емес, тамағына тіреліп қалғандай ауыр шықты. «Құдай-ау, біреу бізді күлкі арқылы сынайтын болса, мен баяғыда-ақ құлап түсер едім ғой», – деді ішінен.
Осылайша, Айдос күлкісін де, үрейін де жасырып, Тимердің соңынан ілесіп жүре берді. Бірақ дәл сол сәттен бастап ол өз өмірін бұрынғыдай қарапайым жүріс-тұрыс емес, көзге көрінбейтін күштің қолындағы ойынды сезінді.
2-бөлім: Алғашқы сынақ
Айдос Тимердің соңынан еріп, үстелге жақындады. Үстелде жатқан заттардың өзі бір шағын әлемге ұқсап кетеді екен: кішкентай дөңгелектер бір-бірімен сыбырласып, жарық шашқан кристалдар баяу соққан жүрек сияқты дүрсілдейді. Әр бөлшектің өзіндік мінезі бардай – бірі қыңырланып қозғала қоймайды, бірі тыпыршып шыдамсызданады.
– Міне, алғашқы тапсырмаң, – деді Тимер байсалды дауыспен. – Осы сағат механизмін жинап шық. Қаладағы уақыт сенің қолыңа қарап тұр.
Айдос қабағын түйді.
– Сонда… сағат құрастыру ғана қала тағдырын өзгертеді ме?
Тимер қанаттарын жайлап сермеп, үстел үстіндегі кристалды көтерді. Ол кристал бір сәтке Айдостың жүзіне шағылысып, оның көзін қарықтырды.
– Бұл жай ғана тас емес. Қарашы, ішінде мың құбылған сәуле бар. Сол сәулелерді біз «уақыттың тынысы» дейміз. Егер сен механизмді дұрыс жинасаң, кристалдан шыққан тыныс қалаға тарап, уақыт өз арнасын табады.
Айдос кристалға қадала қарады. Шынында да, ішіндегі сәуле бейне бір мыңдаған ұсақ тетікті қозғалтқандай, әлдене күбірлеп тұрғандай сезіледі. «Бұл менің басымды айналдыру үшін әдейі жасалған қулық па, әлде шын сиқыр ма?» – деген ой келді.
– Ал қате жасасам ше? – деді ол күліп, бірақ күлкісінде сенімсіздік бар еді.
– Онда… – деді Тимер, сәл кідіріп, қанаттарының ұшын бүгіп. – Уақыт тоқтайды. Қала көшелерінде адамдар таңертең мен кештің арасын ажырата алмай, базарға күн ортасында емес, түн ортасында барып шу шығарады. Біреу тойын таңертең өткізсе, келесісі жаназасын соның қасында жасайды. Тіпті кейбіреулер қартаймай, балаша жүріп қалады да, кейбірі жас кезінде-ақ қартайып тынады.
Айдос күлкісін әрең ұстап қалды. «Мына қаланың уақыты онсыз да оңып тұрған жоқ еді, енді менің қолыма қарап қалса, құдай сақтасын», – деп ойлап қойды ішінен.
– Ал егер сағатты мүлде жинамай қойсам ше? – деп сұрады ол әдейі сынай сөйлеп.
Тимер бір сәтке үнсіз қалды. Оның кішкентай көздері қарауытып кеткендей көрінді.
– Онда қала баяу өшеді, – деді ақырындап. – Уақытсыз қала – отсыз ошақ сияқты. Түтіні қалады, бірақ жылуы жоқ.
Айдос ауыр дем алды. Ол енді түсінді: бұл ойын емес. Әдеттегі қыдырысынан басталған сапар шынында да тағдырлы жолға айналған екен.
– Жақсы, – деді ол қолын созып. – Бер кристалды. Бірақ сенің фабрикаңды бүлдіріп алсам, менен өкпелеме.
– Өкпелемеймін, – деді Тимер жеңіл жымиып. – Уақыт ешкімге өкпелемейді. Айдос бөлшектерді асықпай орнына қоя бастады. Әр қимылы қате кетпесін деп, терең тыныс алып, қолын баяулатып еді – бір сәтке өзін шебер сағатшы емес, тіпті ота жасаушы дәрігердей сезінді. «Мынаның қасында адамның жүрегін жалғап беру оңайырақ болар», – деп ойлап қойды ішінен.
Алғашқы дөңгелек өз орнын тапқанда, фабриканың іші жарқ етіп, кристалдар от шашқандай болды. Әуе платформалары да бір-бірімен сыбырласып, әуенге түсіп билегендей ырғалды. Айдос аң-таң:
– Вау… нағыз сиқыр ғой! – деді балаша қуанып.
– Сиқыр емес, – деді Тимер байыппен. – Сабыр мен зейін. Сиқыр дегенді адамдар өздері түсінбеген нәрсеге жапсыра береді.
Айдос екінші бөлшекке кірісті. Бірақ бұл жолы асығыстық танытты. Дөңгелек орнына сыймай, қыңқылдап қана тұрды. Ал платформа кілт тоқтап, қоңыр үн шығарды.
– Ойпырмай, мен не бүлдірдім?! – деді ол сасқалақтап. – Енді қала не болады? Адамдар таңертеңді кешпен шатастырып жүрмесе жарар еді…
Тимер жай ғана жымиып қойды.
– Қорықпа. Уақыт шатастырады деп қорықпа, Айдос. Қорқатын нәрсе – адамның өз ойы. Қателіктен қашып құтылған ешкім жоқ. Әр әрекеттің салдары бар. Бірақ әр салдар – сабақ.
«Құдай-ау, мына кішкентай темірдің өзі менен данышпан болып тұр ғой. Кеше ғана дүкеннің алдында тәтті алып мәз болып едім, бүгін философты тыңдап отырмын».
Ол қайтадан бөлшектерге қол созды. Бұл жолы асықпай, әр шегесін орнына әкеліп, әр дөңгелекті мұқият қосты. Сағаттың ішкі тынысы орнына келгендей, механизмдер бір-бірімен келісіп қозғалды. Жарық қайтадан күшейіп, кристалдар жарқырады, платформа баяу тербеліп, әуенге ұқсас бір ырғақ шығарды.
– Міне, енді бәрі дұрыс, – деді Тимер қанағаттанып. – Сен еңбекқор екенсің, Айдос. Бірақ бұл тек алғашқы қадам ғана. Әрі қарай тапсырмалар әлдеқайда күрделі болады. Сенің әр шешімің қала тағдырына әсер етеді.
Айдос қолын сүртіп, жымиып қойды. Ішінде бір жеңілдік бар: «Әлде шынымен менің қолымнан келетін шығар?» деген үміт оты жанды.
– Жарайды, – деді ол күліп. – Бірақ ескертіп қой, егер қала уақыты ертең таңғы бесте кешкі жеті болып шыға келсе, кінәлі мен емес, мына фабрикаңның өзі.
Тимер шиқылдап күліп жіберді.
– Уақыт ешқашан кінәні мойнына алмайды. Ол тек сынайды.
Айдос үнсіз бас изеді. Ішінен бір ой мазалады: «Күлкі мен қателік, екеуі де уақыттың шын бет-бейнесі болса керек. Бәлкім, осы қаланың шатасқан уақыты бізді өзімізге таныту үшін қажет шығар».
Фабриканың ішінде шамдар жыпылықтап, келесі тапсырманың белгісіндей әлдене қозғала бастады. Айдос енді қорыққан жоқ. Көзінде белгісіз бір от жанды. Ол жаңа әлемнің есігіне өзі кіріп кеткенін түсінді.
Тимер қанаттарын жеңіл қағып, Айдосты фабриканың ішкі бөлігіне қарай жетеледі. Ұзын дәліз бойымен жүріп отырып, олар ауыр есіктің алдына келді. Есіктің үстінде жалғыз ғана белгі бар екен – қисық сызық. Айдос оны көріп жымиып қойды:
– Мынау мектептегі математика дәптерімнің қателерін еске түсіреді екен, – деді кекесінмен.
– Дұрыс байқадың, – деді Тимер. – Бұл – Қателер залы.
Есікті ашқанда, Айдос таңғалып тұрып қалды. Ішінде жүздеген, мыңдаған сағаттар тұр: бірі сынған, бірі қисық, кейбірінің тілі кері айналып жүр. Еденде шашылып жатқан дөңгелектер, жарықсыз қалған кристалдар… бәрі-бәрі аяқсыз қалған істердің, орындалмаған арманның, адасқан қадамның белгісіндей еді.
Бөлменің ортасында ерекше бір сағат тұрды. Оның тілі шапшаң айналады да, кенет тоқтап қалады. Сәлден кейін қайтадан қозғалады. Айдос оған ұзақ қарап:
– Бұл неге ұқсайды өзі? – деді.
– Бұл – адамдардың асығыстығы мен кейінгі өкініші, – деп жауап берді Тимер. – Біреулер өмір бойы «ертең істеймін» деп жүріп, уақытын босқа өткізеді. Кейін кеш болып кеткенде, асығып, бәрін бір күнде тындырғысы келеді. Міне, нәтижесі – тоқтап қалған тіл.
Айдос күліп жіберді. «Апыр-ай, біздікімен бірдей екен ғой. Өмір бойы жазылмаған кітаптар, салынбаған үйлер, айтылмаған сөздер… Бәрінің орны мына залда толып тұр».
Осы кезде бір бұрышта тұрған кішкентай сағат гүрс етіп құлап түсті. Шашылған бөлшектерден әлсіз бір дауыс естілді:
– Кешір мені… кешір…
Айдос селк ете қалды.
– Бұл не? – деді ол.
Тимер жай ғана күрсінгендей болды.
– Әр қателік өз иесін еске салады. Бұл да – бір адамның өмірінен қалған із. Қарашы, біз қателікті жасаймыз да, ұмытып кетеміз. Ал уақыт ұмытпайды. Ол бәрін осында сақтайды.
Айдос үнсіз тұрды. Көңілі біртүрлі ауырлады. Бір сәтке өзі де осы залға қалдырып кеткен қателіктерін ойлап кетті. «Қанша рет дұрыс қадам жасаймын деп қате басып едім… бәлкім, менің сағатым да осында тұрған шығар».
Тимер оның ойын сезгендей:
– Қорықпа, – деді жұмсақ үнмен. – Қателігіңді көрген жан – түзелудің жолына да түседі. Ең қауіптісі – қателігін байқамайтындар. Олардың сағаттары бұл залға да кірмейді. Себебі олар өз уақытын босқа өткізіп алады да, артында із қалдырмайды.
Айдос ауыр дем алды. Біртүрлі күйде болса да, жүрегінде әлдебір үміт пайда болды.
– Жақсы екен, – деді ол сыбырлап. – Қателік те… керек сияқты ғой.
– Иә, – деді Тимер. – Уақыт қателіксіз жүрмейді.
Айдос залдың ішінде жүріп, сан түрлі сағаттарға көз жүгіртті. Бірінің тілі дірілдеп тоқтай алмай тұр, бірі кері қарай жүгіріп кеткен, енді бірінің бетінде қалың шаң жиналған. Бірақ солардың арасынан бір сағат ерекше назарын аударды.
Кішкентай ғана, ескі. Алдына барған сәтте жүрегі шым ете қалды: бұл сағаттың бетінде бала кезіндегі суреті бейнеленіп тұр еді. Өзі мектеп формасында, қолында дәптер, бірақ жанарында әлдебір реніш, өкініш бар.
– Бұл… менікі ғой… – деді Айдос күбірлеп.
Сағаттың тілі баяу қозғалып, кенет тоқтап қалды. Ішінен әлсіз сыбыр естілді:
– Айтпадың… үндемей қалдың…
Айдос селк ете түсті. Ол бірден түсінді – бұл оның баяғыда досына айтуға тиіс болған сөздері, бірақ үнсіз қалған сәтінің ізі еді. «Ол кезде айтсам ғой… Бәлкім, бәрі басқаша болар ма еді?..»
Тимер жанында үнсіз тұрды. Әдетте көп сөйлейтін ол қазір Айдостың өз ойымен қалуына мүмкіндік берді.
Айдос сағатты қолына алды. Ол ауыр сияқты еді, бірақ саусақтарына тиді де, жеңіл дірілдеп, жылу берді.
– Мұны түзете алам ба? – деп сұрады ол сыбырлап.
– Әрине, – деді Тимер ақырын. – Бірақ қателікті толық жоя алмайсың. Тек оны түсініп, жүрегіңді жеңілдетесің. Уақытқа қарсы шығу мүмкін емес, бірақ оны мойындауға болады.
Айдос сағаттың дөңгелектерін баяу айналдырып, тетіктерін орнына қойды. Әр бөлшек орнаған сайын, кеудесіндегі ауыр сезім азая берді. Соңғы бөлшекті орнына қойған сәтте, сағат тілі бір сәтке қозғалып, жарық шашты.
Жарықтың ішінен балалық шағындағы бейнесі күлімсіреп қарады да, бірте-бірте жоғалып кетті.
Айдос терең дем алып, жымиып қойды.
– Жеңілдеп қалғандаймын… – деді ол.
– Бұл – алғашқы қадам, – деді Тимер. – Қателігіңді түзету – өзіңді түзету. Ал өзіңді түзету – қалаға да, уақытқа да пайда әкеледі.
Залдағы мыңдаған сағаттардың арасынан әлсіз бір әуен шыға бастады. Ол – түзелген қателіктің белгісіндей, үнсіздіктің ішінен шыққан үміт еді.
Айдос алғаш рет осы ғажайып фабрикаға келгеніне өкінген жоқ. Ол іштей сезді: бұл тек сынақ емес, өзінің өмірін қайтадан құру мүмкіндігі еді.
3-бөлім: Уақыт ұрысы
Қанша уақыт өткені белгісіз, бір уақытта бөлменің іші біртүрлі гуілге толып, қараңғылық тереңдей түсті. Әуеден салбыраған платформалардың оттары бір-бірлеп сөне бастады. Әдетте үнемі қыбырлап, тыпырлап тұратын механизмдер де қозғалысын баяулатты. Тіпті бөлмедегі ауа ауырлап, тыныс алудың өзі қиындап кеткендей болды.
Тимер мазасызданып, қанаттарын дүрс-дүрс қағып, шиқылдаған темір үнін шығарып жіберді.
– Айдос! – деді ол, даусы металл емес, нағыз тірі жанның жанайқайындай шықты. – Бұл жай тоқтау емес… Біреу біздің энергиямызды ұрлап жатыр. Қараңғылық зұлымы… Уақыт ұршысы келді!
Қабырғаның түкпірінен бөлініп шыққан көлеңке барған сайын қалыңдай түсті. Әуелде жай ғана қара дақ сияқты еді, енді құдды түннің ішінен суырылып шыққан, айсыз аспанның өзі тіріліп келгендей болды. Қимылы көз ілеспес: бірде қалқып, бірде сусып, бейне бір иесі жоқ қара жылқы тұяқ тигізбей зулап өткен секілді.
Оның денесі емес, тек көлеңкесі бардай. Әр сәтте ұзарып, қысқарып, бірде түтінге, бірде суға айналып кететіндей. Әрбір қимылы – кристалды жалмап жатқан қара суырдай, ұстатпайды, ысылдап үлгереді. Сағаттың тілі тоқтаған сәтте, бүкіл бөлме қақ айырылғандай дір ете қалады.
Айдос таңғалды: мынау жәй қараңғылық емес, уақыттың өзінен туған құбыжық секілді. Қала көшесінде адам көлеңкесін жерден суырып алып, соның өзін тірілтіп жібергендей әсер қалдырды. Қимылы бірде баланы шошытатын түнгі ертегінің жын-перісі, бірде базар ішінде кенет өшкен шамдай, жұртты тып-тыныш қалдыратын қараңғы тыныштықтың өзі.
Механизмдердің әр тоқтауы – бір шаңырақтың іргесінің сөгілуі сияқты. Қалада біреу кенет ұйықтап қалып, уақытынан бұрын оянып кеткендей; екіншісі күні бойы жүгіріп жүріп, бәрібір бір де іс тындыра алмағандай күй кешті. Міне, Уақыт ұрысының қуаты осында еді: ол ешкімге қол тигізбей-ақ, бәрін өз ырғақтан айырады.– Сен дайынсың, Айдос! – деді Тимер. – Біз фабриканы сақтап қаламыз. Егер қазір берілсек, қала қақырайды.
Айдос ішінен: «Жоқ, мен қорқып қана тұра алмаймын. Бұл қала – менің де үйім. Демек, оны қорғау – менің де борышым» деп бекінді.
Ол үстел үстіндегі механизмдерге қолын созып, дөңгелектерді орнатуға кірісті. Әр тетікті дұрыстап қойған сайын, әлсіреген жарық қайта жанып, қараңғылықтың бір бөлігі ығысты. Ал Тимер болса, қалықтап жүріп, Айдостың әр қимылын түзетіп отырды. Бірде қанатымен дұрыс бөлшекті нұсқаса, енді бірде өз денесімен көлеңкенің жолын бөгеді.
Әр дұрыс қимыл – қалаға сәуле болып тарады. Уақыттың үзілген ағысы қайтадан толығып, көшелерде әлдебір тыныш ырғақ пайда болды.
Айдос соңғы бөлшекті орнатып болғанда, кристалдың ішінен жарық атылды. Сол жарық Уақыт ұрысының көлеңке денесін қақ жарып өтті. Қараңғылық ыдырап, шаң секілді жан-жаққа ұшты.
Бөлмеге тыныштық орнады. Әуе платформалары қайтадан әуенін тауып, қозғала бастады. Сағаттар сыңғырап емес, үйлесімді ырғақпен тықылдай жөнелді.
Айдос дірілдеп тұрған қолына қарады. Көзінде әлсіз күлкі пайда болды.
– Біз… шынымен істедік, ә?
Тимер қанаттарын жайлап қағып, жеңіл қонды.
– Бұл тек бастамасы, – деді ол. – Уақыт ұрысы – жалғыз емес. Бірақ бүгін сен қорқынышты жеңдің. Ең бастысы – соның өзі.
Айдос үнсіз басын изеді. Қорқыныштың орнында енді бір жаңа сезім – жауапкершілік тұрды.
Қараңғылықтың қою пердесі жайлап ыдырап, бөлме біртіндеп тыныс ала бастады. Әуе платформалары баяғы ырғақтарына оралып, әуедегі құсқа ұқсап еркін тербеле түсті. Кристалдардан алтын түсті сәулелер шашылып, фабрика іші бір сәтке күннің шуағына шомғандай нұрланды.
Айдос сол жарықтың астында тұрып, бір шындықты жүрегімен сезінді: еңбек – күш, батылдық – өмір, ал жауапкершілік – әр әрекеттің жүрегі.
Бірақ Уақыт ұрысы оңайлықпен беріле қоймады. Ол қайтадан қара көлеңкеге жабысып, тағы да кристалдарға қол созды. Әуе платформалары бір сәтке қалт-құлт етіп, тоқтап қала жаздады. Бөлме ішін салқын тыныс жайлап, сағаттардың тілдері дірілдеп, бір-біріне соққандай үн шығарды.
Айдостың жүрегі дүрсілдеп, алақаны тершіп кетті. Бірақ ол бұл жолы қорқынышқа берілген жоқ. Қолын созып, әр бөлшекті орнына мұқият орналастыра бастады. Әрбір қозғалысы – қаланың тынысын орнына келтіретін еңбек еді.
– Қарашы, Айдос! – деді Тимер, үмітін жоғалтпай. – Әр әрекетіңнің салдары бар, бірақ сен қазір дұрыс таңдадың!
Айдос соңғы сәтте бар күшін жиып, негізгі кристалды өз орнын таптырып қойды. Сол-ақ екен, бөлмені жарқ еткен нұр көмкерді. Сағаттардың тілі бір мезетте қозғалып, үйлесімді ырғаққа түсті. Әуе платформалары ауада тұрақтап, кристалдардың шуағы фабриканы түгел толтырды.
Қараңғылық шегініп, көлеңке қалшылдап барып, фабриканың түкпіріне сіңіп жоқ болды.
– Біз жасадық! – деді Айдос, демін ішіне тартып, жеңілдеп қалғандай. – Біз фабриканы қорғадық!
Тимер қанаттарын сермеп, қуанышын жасырмады:
– Керемет, Айдос! Сен тек еңбекқор ғана емес, шын мәнінде батылсың! Бірақ ұмытпа, бұл – тек бастамасы. Алдағы сынақтар бұдан да күрделі болмақ.
Айдос көзін сығырайтып, фабриканың ішіне қайта қарады. Құпияға толы механизмдер тыныштықпен жым-жырт жұмыс істеп, бөлме алтын сәулеге бөленген. Әрбір әуе платформасы ырғақты әуенге қосылып, кристалдардың энергиясы қаланың қақ жүрегіне таралып жатқандай.
Ол терең ойға батты: «Әр әрекет – күш. Әр еңбегім – жауапкершілік. Тек батылдық пен табандылықты қатар ұстасам, шын мәнінде өзгеріс әкеле аламын».
– Енді келесі тапсырмаға дайын болайық, Тимер! – деді ол, бұл жолы даусы қорқыныштан емес, сенім мен қызығушылықтан дірілдеді.
Тик қанаттарын жеңіл қимылдатып, металға тән жылтыр күлкісін сыйлады:
– Міне, нағыз шытырман енді басталды, Айдос!
Сол сәттен бастап, Айдос пен Тимердің сапары жаңа деңгейге көтерілді. Уақытпен күрес, сиқырлы құралдардың сыры, әуе платформаларының жұмбағы – бәрі алда күтіп тұр еді. Ал олардың жүрегінде еңбек пен сенімнің оты лаулап жанды.
4-бөлім: Шынайы еңбек құдіреті
Айдос пен Тимер Уақыт фабрикасының дәл ортасында тұрған сәт – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде қаланың бүкіл тынысы сынға түскен мезет еді. Қабырғалардағы сансыз сағаттардың тілі қыбырлап, біресе алға, біресе артқа кетіп, бөлме ішінде алақұйын әуен пайда болды. Әрбір қимыл – тағдырға әсер ететіндей, әрбір бөлшек – бір адамның өмірінің ізі секілді.
Айдос қолын жуып, бөлшектерге үңілді. Кәдімгі темір-терсектен гөрі, бұлар біртүрлі тірі жанға ұқсайтын: біреуі жымыңдап жылтылдайды, біреуі баяу дірілдеп, «орныма қондыр» деп жалбарынғандай. Саусақтары дірілдегенімен, ішіндегі сенім оты бәсеңдемеді.
– Айдос, – деді Тимер, қанатын жайлап сермеп. – Есіңде сақта. Әр әрекетіңнің салдары бар. Бұл тек сен үшін емес. Әр бөлшек – қаладағы мың адамның уақыты, күнделікті тынысы.
Айдос көзін жұмып, тынысын терең тартып алды. «Еңбек – өзің үшін емес, өзгеге пайдаң тисін деп жасалса ғана шынайы еңбек» деген ой жүрегін қарып өтті. Ол алғашқы қимылды жасады: екі платформаны бір-бірімен жалғап, кристалды орнына қойды. Бөлме жарқ етті. Сағаттардың тілдері ырғаққа түсе бастады. Бірақ… Бір платформа әлі баяу еді, өзге ырғақтан қалыс қалды.
– Бұл… қиын екен, – деді Айдос күбірлеп. – Мүмкін, мен бәрін бұзып аламын ба?
Тимер оған тіке қарады. Көзі жасанды болса да, сөзі шынайы шықты:
– Қорықпа. Қателік – ақиқаттың ұстазы. Тек табандылықтан айырылма.
Айдос платформаның баяу қимылына қайта үңілді. Бөлшектерді бір-бірлеп қолынан өткізіп, әрқайсысының үнін тыңдағандай болды. Ақыры кішкентай, көзге елеусіз кристалды байқап қалды. «Мүмкін, осы жетпей тұрған болар…» деді ішінен.
Ол кристалды басқа қимылмен орналастырып көрді. Сол-ақ екен, бөлме жарқ етіп, ауадағы салмақ жеңілдеді. Платформа ырғаққа қосылып, сағаттардың тілі бір сәтте өз орнына түсті. Бөлменің іші күміс қоңыраудай сыңғырлап, қалаға біртұтас тыныштық тарады.
Айдос терең дем алды. Жүрегіндегі қорқыныштың орнына сенімнің салмағы орнықты.
– Демек, – деді ол сыбырлап, – еңбек – өзіңді жеңу ғана емес, өзгелердің уақытын да сақтап қалу екен.
Тимер қанатын бір қаққаны – мақұлдағаны.
– Дәл солай. Уақыт бізді сынайды, Айдос. Ал сен оның емтиханынан сүрінбей өттің. Бірақ алда бұдан да күрделі сынақ бар.
Айдос фабриканың ортасында тұрған сағаттарға көз тастап, біртүрлі жылы жымиып қойды. Ол енді тек бақылаушы емес еді. Ол – Уақыттың серігіне айналып бара жатқанын анық сезді.
– Көрдің бе? – деді Тимер балаша қуанып, даусы сыңғырлап шықты. – Сен шын еңбекқорсың, Айдос!
Бірақ қуаныш ұзаққа бармады. Кенет бөлме тағы да қалың қараңғылыққа тұншықты. Әуе платформалары салбырап, қанат қаққан құс секілді әлсіреп қалды. Кристалдардың сәулесі бәсеңдеп, тек әлсіз шырақтай жыпылықтап тұрды. Сол кезде көлеңкеден баяғы сұмдық бейне – Уақыт ұршысы қайта шықты. Ол бұл жолы одан да жылдам, одан да айлакер еді. Сиқырлы қозғалыспен сағаттардың бірін тоқтатып үлгерді. Сағаттар сыңғырып, жылағандай дыбыс шығарды. Әуе платформалары тынымсыз тыпырлап, жүйесінен айырылғандай болды.
Айдостың жүрегі дүрс-дүрс атқақтап тұрды. Бірақ бұл жолы қорқыныш оның жанын жайлаған жоқ. Оның орнын сенім мен шешім қабылдаудың қуаты басты. Ол терең тыныс алды да, Тимерге тіке қарап:
– Мен істеймін! – деді айқын дауыспен. – Біз бәрін қалпына келтіреміз!
Тимердің көздері қуаныштан жарқырады.
– Сен жалғыз емессің, Айдос. Біз бірге істейміз!
Айдос қолын шапшаң әрі анық қимылдатып, бөлшектерді жинауға кірісті. Саусақтарының әр қозғалысы сағат механизмінің тілін қозғап, кристалдарды өз орындарына бекітті. Ал Тимер әр қимылды бақылап, энергия ағынын бағыттап отырды. Сағаттар қайтадан қозғала бастады. Әуе платформалары баяу биін жалғастырды. Кристалдардың нұры күшейіп, бөлмені алтын сәулеге бөледі.
Сол сәтте Уақыт ұрысы соңғы шабуылға көшті. Ол кенеттен қара түнек болып ұшып келіп, негізгі кристалды жұлып алмақ болды. Айдос қымсынған жоқ. Қолындағы күшін жинап, механикалық рычагтарды қосып жіберді. Бір мезетте кристал өз орнын тапты.
Бөлме жарқ етіп, көз қарықтырған сәуле қаланы түгел шарлап кетті. Уақыттың ағысы қайта орнына келді. Әр сағат тілі бір ырғақпен қозғалып, әрбір секунд өз мәнін тапты. Уақыт ұршысы ышқына қарсы тұрмақ болып еді, бірақ жарыққа шыдамай, көлеңке болып үгітіліп, жоқ боп кетті.
Айдос терең дем алды. Қолындағы темір бөлшектердің өзі біртүрлі жылы сезілді. Ол енді түсінді: еңбек – құр қол қимыл емес. Әр әрекет – қалаға тарайтын салдар. Әр табандылық – жауапкершіліктің негізі.
– Міне, нағыз сиқыр – еңбек, – деді ол Тимерге күлімдеп. – Мен енді әр тапсырманы орындауға дайынмын.
Тимер қанаттарын жеңіл қағып, жымия қарады.
– Айдос! Енді сен шын мәнінде Уақыт фабрикасының қорғаушысы болдың. Бірақ алда бізді әлі талай сынақтар күтіп тұр.
Сол сәттен бастап, Айдос жүрегінде өзгеше бір оттың жанғанын сезді. Фабрикадағы әр бөлшек, әр сағат тетігі оған жаңа сабақ беріп тұрды. Бұл жай ғана темір емес, нағыз тағдырдың сынағы еді. Еңбек пен батылдық – оның қаруы, жауапкершілік – оның жолсерігі болды.
Ал шытырман әлемнің есігі енді ғана айқара ашылған еді…
5-бөлім: Соңғы күрес және уақыттың тұрақтылығы
Фабрикадағы тыныштық қас-қағым сәтке ғана созылды. Қабырғаларды қалың көлеңке қайта қымтап, тылсым үн бөлмені тітіркендірді. Бұл жолы Уақыт ұршысы бұрынғысынан да айбарлы еді. Оның қара түнекке оранған бейнесі энергия кристалдарын бірінен соң бірін үзіп әкетіп, платформаларды тоқтатты. Сағаттардың тілі шашырап, әрқайсысы әр жаққа безіп кеткендей, уақыт хаосқа түсті. Қала аспанының үстінде үйлесімсіз ырғақ сезіліп, тұрғындар үрейлене терезеден қарады. Әр минуттың құны жоғалып бара жатқандай еді.
– Айдос! – деді Тимердің даусы қатқыл да айқын шықты. – Бұл сенің ең соңғы сынағың. Біз қала мен уақыт ағымын қорғауға міндеттіміз!
Айдос иығын тіктеп, терең тыныс алды. Енді бойында қорқыныштың ізі де қалмаған. Оның орнын мызғымас сенім мен жауапкершілік басты. Ол алдындағы механизмдерге көз салып, бұрынғы сынақтарда үйренген әрбір сабақты жадынан өткізіп шықты. Әр бөлшек – сынақ, әр кристал – үміт, әр сағат – адамдардың тағдыры.
– Біз істей аламыз, Тимер! – деді ол даусын нықтап. – Біз қаланы құтқарамыз!
Олар бір мезетте іске кірісті. Айдос сағат механизмдерін көз ілеспес жылдамдықпен реттеп, әр кристалды дәл орнына қойды. Оның қолының қимылында бұрынғыдай діріл емес, батылдықтың қуаты бар еді. Ал Тимер қанаттарын сермей, энергия ағымын бағыттап, әрбір қимылға дем берді.
Уақыт ұршысы соңғы рет бар күшін жинап, платформаларды тас-талқан қылуға ұмтылды. Бірақ Айдос пен Тимердің үйлескен қимылы оған жол бермеді. Қолдағы еңбек пен сенімнің шоғырланған күші көлеңкенің айласына қарсы тұрды.
Сол сәтте барлық сағат бір мезетте жарқ етіп, жалын атқандай сәуле шашты. Қаладағы уақыт ағысы түзеліп, үйлесімді ырғақ қайта оралды. Әуе платформалары баяғы әсем қозғалысын жалғастырып, кристалдардың алтын нұры қаланы қайтадан қоршап шықты.
Қара түнекке малынған Уақыт ұрысы сескеніп қалды. Әуелде бәрін билеп-төстеп тұрғандай еді, енді жарықтың салмағы жанын қысып, әлденеден қашқан түлкідей абдырады. Айдос пен Тимердің бойынан тараған алтын сәуле оны күйдіріп бара жатты. Әр қимылы бұрынғыдай шапшаң емес, жалтақтап, бір орында тұрып қалғанға ұқсай берді.Уақыт ұршысы жай көлеңке емес, қорқыныш пен сенімсіздіктен құралған бір сүлде секілді. Әр қозғалысы – адамның жүрегіндегі әлсіздіктің сыздаған ізі. Жарыққа шыдай алмай, ол өз көлеңкесіне қайта кіріп бара жатты. Тіпті өзі де жоқ болғысы келетіндей, қараңғылықтың қалың жамылғысына сіңіп жоғала берді...
Айдос терең дем алды. Қолындағы металл бөлшектер енді суық емес, ыстықтай сезілді. Ол алғаш рет еңбек пен батылдықтың шынайы құдіретін сезінді.
– Міне, – деді ол баяу ғана, Тимерге бұрылып. – Уақытты қорғау – бұл тек сағатты түзету емес. Бұл – адамдардың жүрегін тыныштықта ұстау.
Тимер үнсіз жымиды. Оның көзінде қуаныштан гөрі мақтаныш бар еді.
Осылайша Айдос фабриканың ғана емес, тұтас қаланың қорғаушысына айналды. Ал фабрикадағы әрбір жаңа бөлшек, әрбір сынақ оған әлі талай сырын ашпақ…
– Біз жасадық! – деп қуанды Айдос, демін жұтып. – Біз қала мен уақытты қорғадық!
Тимер жымиған түрін түрлендіріп:
– Сен тек еңбекқор ғана емес, нағыз батылсың, Айдос! Ең бастысы, сен жауапкершілікті сезіне білдің. Енді бұл қала сенің де, біздің де еңбегіміздің арқасында тыныштыққа бөленді.
Айдос айналаны қарап, қаланың уақыт ағымы тұрақталғанын көрді. Адамдар өз істерін жалғастырып, күндері тыныш өтті. Ол жауапкершілік пен батылдық кез келген сынақтан шығуға мүмкіндік берерін түйсінді.
– Енді келесі тапсырмаға дайынмын, Тимер, – деді Айдос. Онда қызығушылық пен сенім сезімі басым еді.
Тимер қанаттарын жеңіл қимылдатып, жылт етіп жымиды:
– Нағыз шытырман әрі еңбекке толы сапар басталды, Айдос! Біз жаңа әлемнің құпияларын зерттей береміз…
Сол сәттен бастап, Айдос еңбекқорлықтың, батылдық пен достықтың шынайы құдіретін сезді. Уақыт фабрикасы қаланың жүрегінде тыныштықпен жұмыс істеді. Әр бөлшек оған жаңа сабақ беріп, жаңа шытырман әлемнің есігін ашты.
Фабриканың сиқырлы механизмдері жарық шашып, әуе платформалары ауада би биледі. Қаладағы әр сағат пен әр секунд өз орнына келді. Айдос енді жалқау емес, еңбекқор, батыл және жауапты кейіпкерге айналды.
– Еңбек – тек саған ғана емес, өзгелерге де күш береді, – деп ойлады ол, көзін алысқа тастап. – Енді кез келген сынаққа дайынбыз…
Қаладағы уақыт қайта орнына келгенде, адамдар оны алғашында аңғармай қалды. Бәрі тым қарапайым көрінген: шеберханада балғасын қағып отырған ұстаханшының қолы бұрынғыдай шалыс кетпеді; базарда таразы басы дәл тартты; көшеде асығып келе жатқан бала сүрінбей, қадамымен жерді сенімді басып өтті.
Тек сол ұсақ-түйек арқылы қала халқы біртіндеп өзгерісті сезінді. Уақыттағы аз ғана теңгерімсіздіктің өзі олардың өмірін шатастырып келген еді: біреу бір күнде он күндік шаршауды арқалап, екіншісі қаңғырып жүріп, ештеңеге үлгере алмайтын. Енді міне, бәрі тыныш, бәрі орнықты.
Базардағы бір әйел қолындағы сағатына қарап тұрып, таңданысын жасыра алмады:
– Апырмай, тілі қаңғырып, шатаспай тұр ғой! – деді ол дауыстап. – Соңғы рет қашан тура жүргенін есіме де түсіре алмаймын.
Қарт кісі немересін жетектеп келе жатып, аялдамада сәл кідірді. Күннің көзіне қарап, баяғыдай асығып не баяулап тұрғанын байқамады.
– Енді жолымыз да қысқармайды, созылмайды, – деді ол жай ғана, немересінің маңдайынан сипап. – Уақыттың өз ырғағы бар, балам, біз соған ғана бағынуымыз керек.
Ал мектептен шыққан бір оқушы дәптерін ашып, үй тапсырмасын уақытында жазып үлгерді. Бұрын жазу ортасында уақыттың қақ бөлініп кеткеніндей, бір сөйлемін әрең аяқтайтын. Бүгін қолы еркін жүрді.
Фабрика мұнарасынан төменге көз тастаған Айдос осының бәрін көріп тұрды. Тимер оның жанында үнсіз қалықтап, көзіндегі жарығы әлсін-әлсін жыпылықтап қояды.
– Көрдің бе, Айдос, – деді ол ақыры. – Уақыт – көзге көрінбейтін жіп. Сен оны түзегенде, адамдардың өмірі де түзеледі.
Айдос басын изей берді Оның ішкі түйсігі кө нәрсені аңғарып үлгергені рас.
Қала біртіндеп өз қалпына түсе бастады. Көшелерде балалардың күлкісі жаңғырып, базардағы адамдардың саудаласқан дауыстары қалыпты ырғаққа түсті.
Айдос болса өзін фабриканың ғана емес, бүкіл қаланың қорғаушысы сезініп, кеудесін шаттық кернеп бара жатты.