«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Роднойлар

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: АйМеМир

 

Менің есігімнің сыртында әкем мен шешем ұрсысып жатыр. Әкем қойса шешем, шешем басылса әкем бастайды. Ұрсыстарын алғаш естігенде қатты қорыққам. Қорыққаным сонша солқылдап жылағам. Естімеу үшін құлағымды жастыққа басып алатынмын. Қазір басқаша, айқай-шуға үйрендім. Әкем бұрқ-сарқ етіп басылады. Шешем түбіне тас түскен шәугімдей ызыңдайды. Бірде ламинатталған есіктен дауыстарын құлағым шалды. Бақсам, әкемтортқа шырақ жаққанға қарсы. Ал анам әкемнің тиымына түкіргені бар. Әкемнің терең-терең тыныс алып сөйлегенінен – шырақ жағу дәстүрге жат екенін ұқтым. Мен білмейтін ежелгі Грекиядағы Ай құдайы Артемидаға адасқандар арнап төрт пісіріпті. Тортты аспандағы Айға ұқсату үшін дөңгелектепті. Ортасына Айдың нұры деп шырақ жағыпты. Сол шырақты үрлегенде шығатын түтін құдайдың мұрнына жетеді және тілегімізді көкке ала кетеді депті, оттағандар. «Әй, ақымақтар-ай, сонда құдайдың сезімі мұрнында ме екен?» – деп әкем анама ренжіп жатыр. Осы торттағы бір тал шырақ әкем мен анамның ортасына ылғи от салады. Ақыр соңы дауға ұласады. Бұл дау әр жылда туған күнім тұсында болады. Оған анам да, әкем де, мен де үйреніп алғанбыз.

Қойшы әйтеуір, айғай-шу есіктің арт жағында қалып, әкем мен анам бөлмеме кірді. Жаңағы ұрсыстың жұрнағы да жүздерінде қалмапты. Түк болмағандай езулері құлақтарына жетіп тұр. Мен де сыр бермей жымиа салдым. Бір-бірімізді іштей алдап тұрмыз, бірақ білдіргіміз келмейді.

Әкем төсегімнің бас жағына келіп, сәнді қораптағы сыйлығын тапсырды. Анам шырағы жалпылдаған тәттіні аузыма тақады. 

– Ал, көзіңді жұм да арманыңды айт! – деді. Анамның бұйрығын орындамас бұрын әкеме басымды бұрдым. Оның жүзінде күйініш пе, өкініш пе бір сезім жатты. Онысын немкетті күлкімен көмкергісі келгенмен көңілсіз көзі жасыра алмады. Бірдеңе айтуға оқталып тұрды да тына қойды. Не айтқысы келгенін анам жақсы біледі. Әкем де анамның жауабын жаттап алған. Сондада салы суға кетіп бара жатып: 

– Осы шырақты сөндірмей-ақ қойшы, балам. Қазақ ошағыңда отың сөнбесін деген. Отты От ана деп қадірлеген. Мұны жақсылыққа баламаймын. Бұл біреудің әшейін... – дегенде шешем кимелеп кетті.

– Әшейін қаңсығы. Бұл сөзіңді уже жаттап алдық қой. Қазір жиырма бірінші ғасыр. Бір тал торттың шырағы сөнді екен деп бүкіл қазақ қараң қала ма? Балам, арманыңды айтып шырақты сөндіре ғой. Әкең қуып кеткен әңгіме айта береді, Тыңдама, ал қане? – деп тортты үрлетті. Сосын, бетімнен сүйіп, туған күніммен құттықтады. Әкем басымнан селқос сипады. Мен нендей тілек тілегенімді оларға айтпадым.

Туған күніме арналған торттан жеп алдым да, қорапты аштым. Мәссаған, аппақ крассовка екен. Табаны биік, қонышы ұзын, тура Майкл Джордандікі сияқты. Екі жаны мен тілшігі «adidas» деп алтын әріппен зерленген. Мен үшін дүнияда бұдан жүйрік аяқ киім жоқ. 

Киіп алып айна алдына тұрдым. Аяғым жеңіл болған соң жүгіргім келді. Бірақ бөлме тарлық етті. Мына бұрыштан ана бұрышқа демде жеттім. Терезеге барып, далаға қарадым. Бір есебім, мақтанып алғым келді. Айфонның он алтысымен әлемге симай жүрген Алмасқа, үйінде PS5 бар Берікке, Apple-дің AirPods-ын түрімен тағатын Талғатқа көрсеткім келді.

Олар маған дос болғанмен үшеуі бірге жүреді. Әрі бір-бірін «родной» санайды. Маған келгенде неге екені ол сөзді айтпай қалады. Жәй ғана Қайрат деп қайырады. Оларға родной болу үшін не істемедім десеңші. Қалтамдағы соңғы тиынға шемішке алып бердім. Бақылау жұмысында есеп көшірттім. Футболда командаларында ойнадым. Бірақ Қайрат күйінде қала бердім. Шынында бұл крассовкаға солар үшін қуандым. Тәтті тортты үрлегендегі арманым да сол еді. Әйтпесе, менің отбасымда бір-ақ арман бар. Ол – әкемнің атындағы қомақты кредитті жауып, Алматыдан екі ауыз үй алу. Әкем бұл арманын шешем жұма күні жеті шелпек пісіргенде дұғасына қосады. Мен де әкеммен бірге бетімді сипаймын. Яғни, менің де одан басқа арманым жоқ. Өйткені біз бір отбасымыз. Сондықтан «родной» болу туралы тілегімді әкем мен шешемнен жасырып қалдым. 

Аппақ крассовкамды аппақ шұлықпен киіп көшеге шықтым. Елдерді өзіме қарату үшін ысқырып келемін. Ауылда жаңа зат бірден көзге ұрады. Әсіресе адамдар аяққа қарайды. Оларды елемеген болам. Бірақ сырт көз қалай қарайды екен деп қызығам. Олар маған бұрылған сайын құстай қалықтаймын. Менің крассовкама қарады ма, әлде біреумен шатастырды ма мейлі, бәрінің назары мен деп қабылдадым. Өйткені, менен бақытты адам жоқ еді көшеде.

Алдымнан іздегенге сұрағандай үш досым кездесе кетті. Үшеуінің көзі бірдей аяғыма түсті. Қысылыңқырап қалдым. Бағанағы адамдарға мұнша қобалжымап едім. Алмас, Берік, Талғат та крассовкама тесіліп тұрды да сосын ғана амандасты. Осы кезде әкемнің «дұшпан аяққа, дос басқа қарайды» деген нақылы оралды ойыма. Бірақ мен достарымды дұшпанға қимаймын. Мені өздеріне «родной» санамаса да өзімді оларға родной көремін.

– Уау, оргинал ма? – деді Талғат аяғыма жалтақ-жалтақ қарап.

– Иә.

– Родной, жібінен көрініп тұрған жоқ па? – деді Алмас Талғатқа басын шайқап. 

– Қаншаға алдың? – деді Берік қабаттасып.

– Әкем туған күніме сыйлады. Мен үшін бұл құнды сыйлық. Олар менің крассовкамды қызықтаған күйі елемеді мені. 

– Қане, жарысып көреміз ба? – дедім аяғымды жерге соғып. Аңтарылған үшеуі бірден келіспеді. «Бізде жоқ сенде неге бар?» дегендей мұрнын көтерген Алмас: 

– Мынау көп болса отыз мың теңге тұратын шығар, – деп кеңк-кеңк күлді. Оның күлкісі жасанды болғаны сонша оны күлкі деуге келмес еді. Қызғаныштың қызыл мысығы тырнаған беті біресе бозарып, біресе сазарып салды. Талғат пен Берікке бұрылып еді күлмей қойды. Расында күлетін ештеңе болған жоқ.

– Родной, тұра береміз ба, кеттік, жарыссақ жарысайық, – деді Берікке, Талғат қосамжарласып. 

Біз жолдың жиегіне шығып, ауылды сырт айналдық. Онда тысқары ескі құдықтар бар. Заманда сол жерден бүкіл ел су алып ішкен. Қазір көзге көргісіз шетте қалды. Құдықтарға жайылған мал, ойнаған бала түспеу үшін айналдыра қоршап тастаған. 

Шарбаққа секіріп шықтық та ішіне ендік. Ішінде тірі жан жоқ. Кең. Қалай жүгірем десең де болады. Олар отыра қалды да бауларын байлады. Мен үйден шыққанда тас қып алғам. 

– Ал, ендеше бір сызықтың бойына тұрайық. Талғат сен анау құдықпен біздің арамыз қанша метр, санап көрші, – деді Алмас. Қалғанымыз Талғаттың әр адымын аңдып тұрдық. Ол құдыққа дейін барып:

– Тура жүз, – деп баж етті. Мәре сызығын анықтап алдық та жүгіруге дайындалдық. Аяғы ұзындау Алмас бірінші келетініне сенімді болды. Менменси қараған саңайы соны аңғартады. Онымен бәсекелесетін ойым жоқ, өзі мені қарсылас жасап алды. Ал Талғат пен Берік роднойлары болған соң көзіне де ілмеді.

Біз аяғымызды алға, бірін артқа созып жерге қолымызды тіредік. Сәл белімізді көтергенде тура желайақшы боп қалдық. Өзін әлі көшбасшы санаған Алмас:

– Қазір үшке дейін санаймын. Егер кім ерте қозғалады ойыннан шығады, – деді мықтымсып. Бәріміз келістік. Сөйтіп, Алмас үш дегенде тұра ұмтылдық. Крассовкамның биіктігі мұндай жақсы болар ма, сирағы сыйдам Алмасқатеңесіп алдым. Құлағымыздан жел улеп келеміз. Құдыққа жете бергенде шалынып біреу құлады. Бірақ кім екенін біле алмадым. Менің көлеңкемдей келе жатқан Алмас емесі анық.Артымнан тап-тап басқан екінші аяқтың да даусы үзілді. Басты қарсыласыма басымды бұрып қарауға мұршам болмады. Алмас қайтсе де намысқа тырысып әлек. Менің де беріле салуға бетім шыдамады. Аяғымда Майкл Джорданның крассовкасы тұр. Құдыққа сәл қалғанда секірдім. Алмастан басым, кеудем және бір аяғым озып бара жатты. Ол мен сияқты секірсем деп ойлаған шығар. Бірақ кеш еді. Оң аяғым мәре сызығын асып, шаңды бұрқ еткізіп жерге бірінші тиді. «Yes» деген ағылшынша аузымнан сөз шығып кетті. Тұра қалдым да Усейн Болттың әйгілі «әлемге арналады» атты қимылын алға шалқайып, бір қолымды жоғары екіншісін төмен бағыттадым. Кәдімгі найзағай соққандай көрініске куә болған Алмас жаратпады.

– Шынымен де мықты крассовка екен. Азот құйғаннан саусың ба? – деді кекете сөйлеп. Бұл кезде солқылдаған бүйрегін құшақтап Берік пен Талғат та тақаған. 

– Қане, табанын көрейін, – деп Алмас шынайы қызығушылық танытты. Ойымда он тиын жоқ, аяғымнан крассовканы шешіп бердім. Ол болса ары-бері аударып қарады да, құдыққа лақтырып жіберді. Жыным келіп жағасына жабыстым. Талғат пен Берік араша түспегенде тісін санап алар едім. Әрең-әрең өзімді ұстадым. 

– Қуасың ба, неге лақтырасың?

– Прикол болсын дедім.

– Қызғанып кеттім десеңші.

– Сасық крассовкаң керек еді...

– Сен крассовкамды емес жеңісімді қызғандың. Алмасқа осы сөз жетпей тұрыпты, жым болды. Тіл-аузы байланған адамдай тыныш отырды да:

– Құдықтан крассовкаңды алып шық, қайта жарысамыз, – деді шіреніп.

– Жеңілген күреске тоймайды. Ұтылған жоқсың ба? 

– Ол кезде жай дене қыздырдық. Енді шындап жарысамыз, – деп қолын созып еді қағып жібердім.

Ашу мен ыза екі жақтап қысқанда ақылым әдрем қалды. Жын соққандай жынданып құдықтың ернеуіндегі арқаннан ұстадым да түбіне түстім. Іші суық екен. Төмендеген сайын қараңғы тартты. Қабырғадағы мүк басқан тастардан борсыған иіс шығады. Жабайы тамырлар бетіме тиіп, мойныма оралды. Өз-өзінен өкпем қысылды. Қорыққаннан жоғары қарадым. Құдықтың аузы теңгедей боп көрінді. Қанша түссем де аяғым жетпеді. Телефонымның жарығын жаққым кеп қалтама қолымды апарғанда құлай жаздадым. Қос қолдап шапшаң арқанға жармастым. Мықтап ұстап алдым да төмен қарай сырғи бердім. Бір кезде аяғым дік етіп жерге тиді. Арқанды жібере салып, қалтамнан жалмажан соткамды алдым. Жарықты жаға алсамшы, қолым қалтырайды. Жай күнде сотканы шашатын мен фанарін таппай дал болдым. Ә, міне таптым. Фанарьді қосуға саусағымды апардым да тұрып қалдым. Үрей шіркін тұла бойымды торлап алды. Қасқырды көрген қойдай қату осы екен. Аяғымды қозғау былай тұрсын тыныс алудың өзі мұң болды. Қазір жарықты жақсам, жер бетіндегі бар құбыжықты көретін сияқтымын. Мәңгі қараңғылықты мекен ететін мақұлықтарды ұйқысынан бұзсам не болады? Өлген жерім осы шығар...

Көзіме адам қорқынышын қорек қылатын – клоун Пиннивайз, вампирлер патшасы – мәңгі тірі Дракула, ғалымның қолымен жасалған тірі өлік – Франкенштейін, мысырлық патшалардың қарғысына ұшыраған – Мумия қос көрінді. 

Көзімді жұмып алдым. Одан арман қараңғы бола түсті. Құлағыма клоунның сықылықтаған күлкісі естілді. Қабырғасы арса-арса мумияның сыбыры сезілді. Кенет, күре тамырыма Дракуланың біздей тісі батты да Франкенштейннің жансыз қолы жағама жармасты. Тілім тартылып қалғандай тұншығып кеттім. Зұлым күштермен шайқасатын Өрмекші адам мен Супермен құтқармаса құтылмасым анық. Бірақ олар менің қазақ тілімді түсінбейді ғой. Қап, әттеген-ай ә! Қазақта мұндай неге батырлар жоқ екен? Өкінішті. Қорқыныштан да өкінішім зорайып кетті. 

Үміт үзілмей өлмейді екенсің. Менің соңғы үмітім өзім болдым. Өзіме сенгеннен басқа таппадым. Бар айылымды жинап, соткамның фанарін жақтым. Бірақ көзімді ашпадым. Тап-тап бергелі тұрған құбыжықтардың бассалғанын күтіп тұрмын. Қатты тырысқаннан бұлшық еттерім ауырды. Әне-міне жеп қояр деп дірілдеп кеттім. Ешкім жемеді. Жайлап көзімді аштым. Алдымда албасты да жоқ. Еппен арқама бұрылдым. Пәлі, түк те көрінбейді. Жарықты айналдыра құдықты шолып шықтым. Сынған бақыр, үзілген арқаннан басқакрассовкам жатыр. Қорқынышым сейіліп, дел-сал күйде отыра кеттім. Түсінбеймін, жаңағы құбыжықтар қайда, жарықтан қашып, қараңғы қуалап кетті ме? Білмеймін. Шақшадай басымды шарадай еткен сұрақтарға түйсігім жауап берді. Олар ешқайда да кеткен жоқ. Құдықта да болған емес. Олар теледидарда ғана өмір сүреді. Теледидар арқылы санаға сіңіп, үрейде мекендейді. Сосын, қиын сәтте қыспаққа түскенде еріксіз елестейді.

Сәл-пәл есімді жинап, аяғыма крассовкамды киіп, төбеме қарадым. Қарасам үш досым соткаларын ұстап алыпты. Менің қара терге түскен бейшара кейпімді видеоға жазыпты. Маған мәңгі бітпестей болған қорқынышты сәт, бар-жоғы бес минуттық бейне болыпты. Тырқ-тырқ еткен Алмас:

– Бұтыңа сиіп қойғанда мүлдем «жынды» болар еді. Мың подписчикті мұнда жинар едім, – деп ішек-сілесі қатты. Қаным қайнап кетті. Жердің бетіне шыққанда көзіне көк шыбын үймелеткім келді. Сөйтіп, іздесем арқан жоқ. Алмас айналама алақ-жұлақ қарағаныма тағы тырқылдап:

– Арқанды іздесең астыңа қара, ақымақ, – деді даусы үзік-үзік естіліп. Бағанағы бақырдың жанында жатқан арқанды қолыма алсам, екі жерінен шорт кесіліпті. «А-а-а» – деп айғайлап жібердім.

– Айғайла-айғайла, айуандай түріңді түсіріп алайын, – деді қышқырып. Жанұшыра құдықтың қабырғасын тырналадым. Мүйізденген тас, шым, кесекке қолымды создым. Шыркөбелектей айналып, шекірткедей секеңдегенімді тағы видеоға түсірді. Алақандай жерде алқындым, көзім қарауытты. Арқамды қабырғаға сүйеп отырдым. Жүрегім айныды. Менің жүрегім жүгіргенге емес, мазақ қылған жауыздарға айныды. Қасақана жасалған булингке ауырды. Табалдырықтан күтіп тұрған қоғамдағы әділетсіздікке сыздады. Жауыздар, құдыққа крассовкамды ғана емес өзімді қоса лақтырыпты жіберіпті.

Енді мені құдықтың ішіндегі қараңғылықтан гөрі жердің бетіндегі қараңғылық алаңдатты. Бақсам, мен үрейленген құбыжықтар жердің бетінде жүр екен. Әне, үшеуі төбемде қарап тұр. Үшеуінің күлкісі маған жауыз клоунды, сыбырлағандары Мумияны, қылмысты қолдары Франкенштейнді есіме салды. Досқа деген сенімім семіп, отбасыма оралғым келді. Жер бетінде үйімнен артық қауіпсіз орын жоқ екен. «... Осы шырақты сөндірмей-ақ қойшы, балам. Қазақ ошағыңда отың өшпесін» деген әкемнің сөзі санамда сан жаңғырды.

Құдықтың аузына қарауды қойдым. Бүрісіп бір бұрышқа тығылдым. Екі тіземді құшақтадым. Көп ойландым, көп толғандым. Менің тынышталып қалғанымды жақтырмады олар. Қиыршық тастармен атты. Былқ етпедім. Үш құбыжықтың мақсатын білемін. Сол үшін үндемеймін. Олар менің алдарында маймыл болғанымды қалайды. Жылап-сықтап, жалынғанымды тілейді. Өйткені, әрбір әрекетім оларға мыңнан аса подписчик болғалы тұр.

Тағы да кесектермен атқылады. Бір кесек басыма кеп тиді. Тиген жері дызылдап ауырды. Көзімнен мөлтілдеп жас шықты. Жас шыққанмен үнім шықпады. Астыңғы ернімді тістеп әзер шыдадым. 

Шыдамның да шегі бар екен. Бір сәтте қарғып тұрып қолыма ілінгенмен ұрдым. Қолыма ештеңе де ілінбеді. Жәй ғана топырақ шаштым. Ол топырақ өзімнің көзіме, аузыма, қойныма құйылды. Осы кезде үшеуі соткаларын жарқ еткізді. Мен оларға қарсылық көрсете алмайтынымды түсіндім. Тас атсам да, құм шашсам да өзіме тиді. Ал олардың төбеде тұрып атқан құмы да, тасы да мені дәл тауып алды. Тақ бір өмірдің бұлжымас заңы, заңы болғанда сұрқия шындығы ашылып жатты.

Қайтадан бұрышқа қорғандым. Қалтамнан телефонымды алып, отбасыма қоңырау шалдым. Бір мезгіл қайда тұрғанымды ұмытыппын. Соткамда сеть жоқ болғанда құдықта екенім есіме түсті. Сетсіз сотка сотка емес, жай ғана «пластмасса» екен. Түкке жарамсыз «пластмассаны» жерге бірақ ұрдым. Быт-шыты шығып шашылып қалды.

Маған құдықтың астында ештеңе керек емес, тіпті жарықта. Мен енді қараңғыға үйрендім. Қараңғыда құбыжық дейтін дәнеме де жоқ. Қайта жарықтағы жауыздардан қашып, қараңғыға тасаландым. Қараңғы қорқынышты емес, қараңғыдан да қорқынышты шындыққа қарау ауыр болды.

– Сендерге осы керек пе еді? – деп айғай салдым. 

– Немене?– деді Алмас әлі көшбасшылығына мастанып.

– Мә, түсіріңдер видеоға. Соткамды сындырдым, – дедім тісімнің арасынанкүліп. 

– Натури ма? – деп Беріктің көзі көлемденіп кетті.

– Иә, натури!– дедім 

– Да ну, – деді Талғат та көштен қалмай.

– Сендерге прикол керек еді ғой, мне,– деп сынған соткамды жоғары көтердім. Олар құдықтың аузынан жапа-тармағай қолдарын созды да видеоға түсіре бастады. Бір кезде асығам деп Алмастың қолынан соткасы сусып кетті. Төбеден құлдилап келе жатқан телефонды байқадым да түсірмей қағып алдым.

Жым-жырт тыныштық орнады. Құдықтың аузынан үшеудің үздіксіз тыныс алғаны ғана естіледі. Бағанағы күлкі, ырду-дырду әңгіме, бос келемеш сап тиылған. Бір уаққа дүние тоқтап қалғандай күй туды. Құдықтың астындағы тыныштық енді құдықтың бетіне дәурен құрды. 

Қолымда Алмастың айфон он алтысы жарқ-жұрқ етеді. Бұл қалай болғаны деп мен де аң-таңмын.

Бар үнсіздікті бұзып қарқылдап кеп жібердім. Даусымды жердің астындағы жындар мен бұлттың арасындағы періштелер еститіндей қатты күлдім. Өйткені күлуге құқылы едім. Құдықтың ішінен менің таңып атып, күнім шығып жатқан. Бұл кезде әділдік те, шындық та, үстемдік те менің жағыма шықты. Қап-қараңғы мекенім демде жарқырап сала берді.

Айфонды қолыма алып байырғы бұрышыма отырдым. Бұл жолы тіземді құшақтаған жоқпын. Төбемнен қиыршық та, кесек те жаумады. Әңгімеге көшбасшы Алмас араласа ма деп ұзақ күткем. Ләм демеді. Оның мұнда бар-жоғы да білінбеді. Бағанағы күштілік те, мықтылық та ұяттан аттап кете алмады. Мен осылай ойладым да лезде жиіркеніп кеттім. Ол менен о баста ұялар еді. Оныкі жарамсақтық деді түйсігім. Алмас құдыққа айфонын түсірмегенде әділдікке ешқашан жете алмас едім.

«Қайрат» – деген Алмастың жалынышты үні естілді. Оның сөзін құлағым естігенмен жүрегім қабылдамады. Тағы да үн қатты. Бұл жолы Қайрат деген жоқ «Родной» деп атады. Керең адамдай керенау басымды көтердім. Жоғары қарағанда Алмастың көзіне көзім түйісті. Ол менен тайсақтап жеңін тістеледі. Басын құшақтады. Мойнын ысты. Әйтеуір бір орында тұра алмады. Құйрығына шала тиген түлкідей тынымсыз тыпырлады кеп.

Сөйтіп, Алмас көз алдымда құбылып сала берді. Жауыз клоун Пиннивайздан ауып, дәу түлкіге айналды. Қасындағы Берік пен Самат сол түлкінің төліндей жалтақ-жалтақ қарады.

– Родной, кешірші бізді.

– Родной дейсің ба, мен сендерге жай ғана Қайрат емес пе едім?

Мұндай жауап күтпеген болса керек, үшеуі тілін жұтып қойды. 

– Егер айфон керек болса өздерің түсіп алыңдар, – дедім жайбарақат. Алмас бұл жауабыма қиыршық тас, кесекпен бастан бір қойғандай теңселіп кетті. Енді ол құдықтың астындағы менің күйіме енді. Қасында қос роднойы тұрса да жалғыздықтан жапа шекті. Құдыққа салып ұрып түсуге арқан сылтау болғанмен шындығында менен қорқақтады. Оны айтпаса да Алмастың шарасыздығы шын айқындап тұр.

Ары-бері теңселген аяқ дыбысы жиілеп, танауы шуылдап кетті. Кімге соқтығарын білмей соры қайнап жүрді да Талғаттың алдына тұра қалды. 

– Тақа, сен менің роднойымсың ғой, мүмкін, сен түсіп алып шығарсың... Талғат көп ойланған жоқ:

– Алмас, неге мен түсуім керек? Ол менің соткам емес, өз затың ба, өзің түс, – деп шорт кесті. Алмас дымы құрып, Берікке қарап еді ол да жолатпады.

– Сонда сендер маған родной емессіңдер ма? – деп айқайлап жіберді. Талғат телефонына үңіліп естімеген болды. Берік аяғының ұшымен жер шұқып тұр.

– Бұдан былай сендермен Mincraft, Сounter-Strike та команда болмаймын. Ойыннан шығасыңдар. Родной деп жүрсем, сатып кеттіңдер,– деп Берік пен Талғатқа өкпеледі. 

Үшеуі аз уақыттың ішінде бір-біріне бөтен боп қалды. Алмас ешкімнен қайыр таппай қаны қарайып шекесін ұстады.

– Алмас, сол компьютерлік ойындағы достарыңды шақырсаңшы. Мәселен, Mincraftағы садақпен шабуылдайтын Скелетке айтпайсың ба? Құрылысты қиратып жіберуге қауқарлы Крипер ше? Алып айдаһармен алысатын Стив қайда? Жыртқыш аңдар қорқатын Геральт неге жоқ қасыңда? Айтшы, – депайғай салдым. 

Сосын:

– Компьютердің пернесін шерт те шақыр, көмекке кім келер екен? – дегенді қосып қойдым. 

Жүні жығылған Алмас құдыққа тізерлей отыра кетті. 

– Қайрат, өтінем, кешірші. Әкем туған күніме сыйлаған айфонды сындырмашы, – деп сыңсып жылап жіберді. 

Алмасты керемет аяп кеттім. Досты, сыйластықты білмейтінвиртуалды әлемнің құлы болғаны үшін аядым. Оның көзінен аққан жас менің бетіме тырс-тырс тамды. 

Оны мен кешірдім. Неге кешіргенімді өзім де білмеймін. Мүмкін үйге қайтқым келді, мүмкін тоңып қалдым, мүмкін, мүмкін... Ішімдегі қайшыласқан сезімдер ойлануға ырық бермеді. Алмастың арқасынан жүк түскендей болды. Еңсесі тіктеліп, көз жасы тиылды. Даусы жарқын-жарқын шығып:

– Родной, уайымдама құдықтан құтқарып алам, – деп жаны қалмады. Бір кезде сырықтай таяқ әкелді. Ол қысқа болып қолым жетпей қалды. Талғат пен Берік тауып келген арқан күнге кеуіп кетіпті. Байлағаннан бырт-бырт үзілді. Мен құдықта жағымды таянып отырмын. Бір кезде басыма ой келді. Үшеуіне айтып едім қуанып кетті. Бәрі Алмас әкелген сырыққа шалбарларын байлап, құдыққа тастады. Секірсем де, тыртынсам да жетпей қойдым. Не істеу керек енді деп тұрғанда, ақылын гаджеттер тежеген Алмастың басы іске қосылды. Ол таяқты қайтадан тартып алды да шалбарға шешіп жейдесін байлады. Оны көрген Талғат тек тұрсын ба, жемпірін жеңінен жалғады. Екеуі Берікке қарап еді ең сүйікті футболкасын бергісі келмеді. Алмас оның иығынан ұстап:

– Виртуалды әлем жоқ. Оян, Берік, оян! Шынайы өмір сүрейік, нағыз дос болайық. Қайратқа рахмет! Көзімді ашты, көкірегіме сәуле құйды. Сенде оян,– деп қолындағы таяқты көрсетті. – Қарашы, мына балағынан, жеңінен байланған киімдеріміз сияқты бір-бірімізге мықты демеу болсақ бізді ешкім ала алмайды. Тіпті менмендік те, тоғышарлық та маңайламайды,–деп шапалақпен шарт дегізді. Беріктің көзі ашылып, көкірегі кеңіп, футболкасын жемпірдің етегіне түйді. Алмас Беріктің арқасынан қақты да үшеуі шыбықты құдыққа тастады.

– Жетті қолым, жетті, – деп айғай салдым оларға. Сөйтіп, құдықтың түбіндегі кесілген арқанды киімдеріне байладым. Олар жоғары тартып алды да, ернеудегі шығыршыққа шандыды. Бір кезде «дайын-дайын» деген жамыраған дауыстар шықты. Тағатсыздана күтіп тұрған мен арқанға асығыс жармастым.

******

Осы оқиға ұмытылғалы да үш күн өтті. Аппақ крассовкама жұққан лай мен сырылған іздер ғана болмаса бәрі артта қалды. Ал сыйластыққа түскен сызат пен көңілге келген кірді жүрегімнен аластай дәптерге қондырдым. Сол сырдың соңғы нүктесін қойып болғанда сыртқы есікті біреу қақты. Ашсам Алмас, Талғат, Берік екен.

– Родной, қолың бос па? Кеттік жарысамыз, – деді үшеуі жымиып.

Мен дәптердегі жазуды мәңгілікке ұмыту үшін көздерінше өртеп жібердім. Ал олардың амал дәптеріндегі жазуды ешқашан өшіре де, өртей де алмаймын. Ол «удалить» ете салатын виртуалды өмір де емес. Өкінішті.