Авторы: Алау
Еңбекпен жеткен арман
Кішкентайынан Алдиярдың жүрегі тек футбол деп соғатын. Сабақтан келсе болды, қолына қораптан қиып алған картон добын алып, аулада жүгіріп ойнайтын. Әкесі мен анасы баласының футболға қызығушылығын көрсе де:
– Балам, алдымен сабағыңды оқы. Оқу – сенің болашағыңның кілті, – дейтін.
– Футболдың да болашағы бар ғой, әке... – деп күбірлейтін Алдияр ішінен.
Бірақ ата-анасын ренжіткісі келмеді. Сондықтан ол сабағын әрдайым мұқият оқитын. Қай пәннен болсын «бес» алуға тырысты. Мұғалімдері:
– Алдияр – біздің үздік оқушымыз. Қай пәннен сұрасаң да дайын, – деп мақтайтын.
Ол мектептегі түрлі олимпиадаларға қатысып, математикадан да, әдебиеттен де жүлде алып жүрді. Бірақ кітап бетін жауып үлгермей жатып-ақ, қолы жеткен кез келген затты домалатып, доп орнына тепкісі келетін.
Он жасқа келгенде анасы оның шынымен футболды сүйетінін түсінді. Бір күні кешкісін әкесіне қарап:
– Бұл баланың жүрегі футболға байланған. Қане, мүмкіндігін берейік. Барып көрсін, – деді.
Әкесі ауыр күрсінді:
– Оқуынан қалмаса ғана...
Осылайша Алдияр футбол мектебіне барды. Алғашқы жаттығуға келгенде ол қысылып қалды. Өзімен жасты балалар допты шебер меңгерген. Өзі оларға қарағанда кенже қалғандай көрінді.
– Шіркін, мен де осылар сияқты ертерек бастағанымда ғой... – деді ол.
Бірақ бапкері Аман ағай қасына келіп:
– Уайымдама, балам. Еңбек етсең, бәрін қуып жетесің. Футбол – тек талант емес, ең бастысы – еңбек, – деді.
Осы сөздер оған күш берді. Бірақ бір күні Алдияр жаттығу кезінде аяғын сындырып алды. Дәрігер гипс салып берді. Әкесі қатқыл үнмен:
– Болды! Футболға енді бармайсың. Сенің болашағың – оқу! – деді.
Бұл сөз Алдиярдың жүрегін жаралады. Бірақ ол бас тартпады. Гипстелген аяғымен төсегінде отырып та футбол туралы кітап оқитын. Жазылған соң жаттығуға қайта шықты.
Алайда бапкері сақтықпен қарап, оны екінші командаға қойды. Жарыстарда көбіне қосалқы ойыншы болып отыра берді. Бұл оған ауыр тиді. Қиналғанымен, ол мойымады.
– Бір күні мен де негізгі құрамға шығамын! – деп өзіне серт берді.
Ол анасынан үнемі доп алып беруін өтінетін. Бірақ анасы оның бұл өтінішін орындамай:
– Допты қайтесің? Алдымен сабағыңды оқы, – дейтін.
Ата-анасы жаңа доп әпермеген соң, Алдияр ескі киімдерді жинап, жіппен тігіп, өзі доп жасады.
– Нағыз футболшыға сылтау жоқ, – деді ол күліп.
Сол доппен үйде жаттығып жүріп, бір күні анасының сүйікті құмырасын сындырып алды.
– Әй, Алдияр! – деп анасы қатты ашуланды. – Үйдің ішінде футбол ойнағанды қой! Енді мына допты көзіме көрсетпе!
Алдияр басын салбыратып:
– Кешір, анашым… Мен тек жаттығу жасағым келген еді, – деді.
Сол күннен бастап ол түнде бәрі ұйықтап жатқанда ғана жасырын жаттығатын болды.
Сыныптағы достары таңданатын:
– Алдияр, сен сабақтан соң демалмайсың ба?
– Демалу кейін. Арманға жету үшін еңбек ету керек, – дейтін ол.
Бір күні әкесі оған:
– Балам, сен ақылдысың. Сенен мен болашақ ғалымды көргім келеді. Футбол денеңді шынықтыру үшін ғана керек, – деді.
Алдияр үнсіз тыңдап отырды. Бірақ іштей: «Футбол – менің жүрегім. Ғалым болсам да, футболды тастамаймын!» – деп өзіне серт берді.
Әкесін ренжітпеу үшін сабаққа барынша жақсы дайындалды. Мектепте озат оқушы атанып, олимпиадалардың жүлдегері болды. Мұғалімдер де:
– Бұл бала болашақ ғалым болады, – деп мақтайтын.
Бірақ қолы босаған сәттің бәрін футболға арнайтын. Шүберек допты алып, далаға шығып, жалғыз жаттыға беретін.
Осылайша Алдияр футболға да, оқуға да үлгерді. Анасы кейде оған қарап таңданып:
– Қалай бәріне үлгересің, балам? – деп сұрайтын.
– Арманым бар ғой, анашым. Арманы бар адам ешқашан шаршамайды, – дейтін күлімдеп.
Бір күні Аман бапкер жаттығу соңында:
– Балалар, алдағы аптада үлкен жарыс болады. Қарсыластарымыздың бәрі кіл мықтылар. Жақсылап дайындалыңдар, – деді.
Балалар күн-түн дайындалды. Әсіресе капитан Ерниязға бапкер қатты сенетін.
Жарыс күні де келді. Негізгі құрам алаңға шықты. Алдияр тағы да қосалқы құрамда отырды.
Алғашқы тайм аяқталғанда есеп – 3:0. Қарсыластар тым мықты еді. Бапкер қатты алаңдаулы:
– Не істеп жүрсіңдер, балалар? Ойын қайда?! – деп айқайлады.
Екінші тайм бастала бергенде Ернияз қатты соқтығысып, жерге құлады. Ол аяғын ұстап, шыңғырып қалды:
– Аяғым… Ойнай алмаймын! – деді көзінен жас ыршып.
Дәрігер жүгіріп келіп, оны сыртқа алып шықты. Бапкер Аман ағай басын ұстап:
– Енді қайттік? Капитансіз қалай ойнаймыз? – деп қиналды.
Ол қосалқы орындыққа қарады. Алдияр тып-тыныш отыр екен. Бапкер іштей:
“Одан пайда бола қоймас… Бірақ басқа амал жоқ…”
– Алдияр! – деді ол дауыстап. – Киіміңді ауыстыр, алаңға шық!
Алдиярдың жүрегі дүрсілдеп кетті.
– Мен бе, ағай? – деді таңырқап.
– Иә, сен! Бірақ… сенен көп үміт күтпеймін. Бастысы – тырыс, – деді бапкер күңкілдеп.
Ойын басталды. Алғашқы минуттарда Алдияр аздап састы. Бірақ сосын өзіне сеніп, алаңда бар өнерін көрсете бастады. Алдымен бір гол соқты. Стадион шулап кетті. Сосын тағы да гол! Үшінші рет допты қақпаға дәл бағыттағанда бапкердің өзі орнынан атып тұрды:
– Мынау не деген ғажап! – деді дауыстап.
Алдияр тағы екі гол соғып, есепті теңестіріп қана қоймай, команданы алға шығарды. Ойын 5:4 есебімен олардың пайдасына шешілді. Соңғы ысқырық шалынғанда стадион ду ете қалды. Балалар жүгіріп келіп, Алдиярды қолына көтеріп алды. Бапкер Аман көзіне жас алып, ұялып тұрды. Ол Алдиярға жақындап:
– Балам… сенің еңбегіңді бағаламағаныма ұялып тұрмын. Сен нағыз футболшысың! – деді.
Алдияр күлімсіреп:
– Ағай, бұл еңбектің ғана нәтижесі. Арманға тек еңбекпен жетуге болады, – деп жауап берді.
Әкесі де стадионда бәрін көріп, мақтанышпен ұлын құшақтап алды:
– Балам, сенің қайсарлығыңды енді түсіндім. Ғалым да боларсың, футболшы да боларсың. Бірақ ең бастысы – сен еңбектен қашпайсың! – деді. Ойыннан кейін Аман ағай бүкіл команданы жинады:
– Бүгін мен бір нәрсені түсіндім, – деді ол Алдиярға қарап. – Таланттан бұрын – еңбек. Мен сенен күмәндандым, бірақ сен маған еңбектің қандай күш екенін көрсеттің. Кешір мені, балам. Еңбегі бар балаға сену керек екен.
Алдияр жымиып бас изеді:
– Аға, бәріміз бір командамыз. Мен тек үйде де, аулада да тоқтамай жаттықтым. Шүберек доппен болса да. Қиындық болса – қашпау керек.
Сол кеште үйге келгенде анасы сынған құмыраның орнын бір сәт сипап, ұлының маңдайынан сүйді:
– Бүгін түсіндім: сенің арқаңда біз де сабыр мен шыдамды үйрендік. Мынау – жаңа доп. Бірақ бір шартым бар: үйде теппейсің, алаңда жаттығасың, – деді күліп.
Әкесі иығына қолын қойды:
– Оқу – сенің тірегің, футбол – жүрегің. Екеуін қатар алып жүргенің үшін мақтанам. Еңбектен қашпаған адам – қай жолды таңдаса да биіктейді балам. Ертеңіне мектепте сыныптастары қағаз допты тағы да домалатып, үзілісте «шағын лига» ойнады. Алдияр сызықтарды сызып жатып, досы Әлиге қарап:
– Есіңде болсын: арман – от, ал еңбек – сол отқа жағылатын отын. Отынсыз от жанбайды.
Әли ойланып, басын изеді. Балалар ойынды бастап кетті. Алдияр да алаңға жүгіріп кіріп, қағаз допты шынайы матчтағыдай аса құлшыныспен тепті.
Сыныптастары оған таңдана қарап:
– Әне, қараңдаршы, кәдімгі футбол сияқты ойнайды! – деп ду ете қалды.
Алдияр күлімсіреп, ойынды жалғастыра берді. Ол үшін ең бастысы – доптың үлкен-кішілігі емес, еңбектену еді.
Темірдің тілін тапқан Бақдәулет
Таңғы тыныштықты Тастөбе ауылының шетіндегі шағын шеберханадан шыққан құрал-сайманның сықыры бұзды. Күн әлі толық шыға қоймаған. Ал он бес жастағы Бақдәулет болса, қолына кілт ұстап, қозғалтқыштың қақпағын ашып отыр. Қасында – әкесі Қанат.
– Балам, абайлап ұста. Мынау мотордың жүрегі – цилиндр блогы. Қатты соқсаң, зақым келеді, – деді ол байыппен.
Бақдәулет басын изеді.
– Папа, ана ұзын бұранда неге керек?
– Ол – штанга, газ тарату тетігін басқаратын бөлік. Әлі талайын үйренесің, балам, – деді әкесі күлімсіреп.
Сол күннен бастап Бақдәулеттің әр таңы еңбекпен басталатын болды. Ол тоғыз жасынан көршілерінің велосипедін жөндеп, он екі жасында әкесіне көмекшіге айналды. Әкесі әр істі сабырмен үйрететін. Ал Бақдәулет мотордың әр бұрандасына дейін зерттеп, «Мынау неге қызады? Неге от алмайды?» деп сұрақтың астына алатын.
– Тыңда, балам, – дейтін әкесі. – Темір тірі емес, бірақ сен оның тілін тапсаң, ол сөйлейді.
– Ол қалай сөйлейді?
– Дыбысымен, дірілімен, иісімен... Құлақ салсаң, қай жері бұзылғанын өзі айтып тұрады.
Сол сәттен бастап Бақдәулет «темірдің тілін тыңдауды» үйренді.
Бүгінде ол таңертең мектепке асығып барады, түсте сөмкесін шетке қойып, шеберханада әкесіне көмектеседі. Әр құралды ұқыппен ұстап, қозғалтқышқа үңіледі. Қолына май жұққан сайын еңбектің қадірін тереңірек сезінеді.
Бірде Қанаттың көлігі от алмай қалады.
– Папа, аккумуляторда ток бар, бірақ стартер айналмай тұр, – деді Бақдәулет.
– Дұрыс байқадың. Демек, стартерді ауыстыру керек, – деді әкесі риза кейіппен.
– Мен байқап көрейінші?
– Әрине, балам. Сенің қолыңнан келеді.
Жас механик іске кірісті. Тыныштық орнады. Тек құралдардың сыңғыры мен қозғалтқыштың баяу дірілі ғана естіледі. Кенет мотор гүр етіп от алды.
– От алды! – деп қуанды Бақдәулет.
– Көрдің бе, балам? Сабыр мен зеректік – ең басты құрал, – деді Қанат иығынан қағып.
Бір күні шеберханаға ер адам кірді.
– Ассалаумағалейкум, бауырым! Көлігім от алмай қойды. Таразда талай шеберге апардым, ешқайсысы таба алмады, – деді ол.
– Көлікті осында қалдырыңыз балам қарайды, – деді әкесі байыппен.
– Бала дейсіз бе? Осындай істі жасай ала ма өзі? – деді әлгі кісі таңырқап.
– Көріңіз, ең бастысы – жас емес, ниет пен еңбек, – деп жымиды Қанат.
Бақдәулет көлікке үңілді. Көз алдындағы бөлшектер оған таныс кітап сияқты еді. Бір сағаттан соң көлік гүр етіп от алды.
– Міне! – деді Бақдәулет қуанып.
– Бала емес, нағыз шебер ғой! – деп риза болды кісі.
Сол күннен бастап ауылда бәрі оны таныды. Біреудің көлігін жөндеп берсе, енді біріне тегін кеңес береді. Сабақтан кейінгі уақыты – шеберханада. Қолынан балға мен кілт түспейді, бірақ жүзінен күлкі кетпейді.
– Балам, шаршамадың ба? – дейді кейде әкесі.
– Жоқ, папа. Маған еңбек – демалыс сияқты. Көлік от алғанда өзім де қуаттанам, – деп жымияды ұлы. Бақдәулет – Исақұлдар әулетінің үшінші буын механигі. Атасы Қонысбай да, әкесі Қанат та темірдің тілін меңгерген шеберлер. Бірақ бұл әулетте ең алдымен – адалдық пен еңбекқорлық тұрады.Кеш түсті. Аспанды қою қызғылт түс жапты. Әке мен бала шеберхананың алдында отыр.
– Балам, еңбек адамды өсіреді. Сен еңбегіңмен елге қажет болдың, – деді әкесі мақтанышпен.
Бақдәулет аспанға қарады. Темірдің жылтыры жұлдыздармен шағылысып тұр.
– Папа, еңбек етсең, өмірдің өзі де от алып жанатындай ғой, – деді ол күліп.
Әкесі үнсіз ұлын құшағына басты. Сол сәтте аспандағы бір жұлдыз ерекше жарқырап, дәл шеберхананың үстінен сығалап тұрғандай болды.Осылайша, Тастөбе ауылында еңбектің қадірін бала жастан түсінген бір ұл өсіп келеді. Ол қатарластарына үлгі – қолында смартфон емес, құрал ұстап жүрген жасөспірім. Оның адал еңбегі мен ізденісі – тәрбиенің, ғылымға деген қызығушылықтың, алға ұмтылыстың көрінісі.
Нағыз еңбек адамы – өз ісін сүйетін жан. Бақдәулет – солардың бірі.