Авторы: Ару
Сол күні суретшінің көңіл – күйі болмады. Не нәрсенің де қиюы келмей, берекесі кете берді. Таң атпай жұбайымен ренжісіп қалды. Қонақ бөлмеге өте беріп, қолындағы бояу толы құтысын жерге түсіріп алды да, оған өзінің аяғы тайып жығылды... Оған ашуланамын деп жүргенде ыстық шәйін дайын тұрған суреттің үстіне төгіп алды...
Терезені тамшылардың сырт-сырт ұра бастағанынан сыртта жаңбыр басталғанын білді. Күн де түнере қалыпты. Ол құлази бастады. Жанын жеген жалғыздық сезімінен арылу үшін өзіне арнап қонжықтың суретін салғысы келді.
Суретші қолына қылқаламын алды – мінеки басы, тұмсығы. Міне, табаны. Томпиған тұлғасы, көзі. Сүп-сүйкімді, ақылды да мейірімді, аздап мұңды қонжық болды да шықты. Қонжық суретшіге қарап, оған еркелеп, күлімсірегісі келген еді, осы сәтте есік ашылып, бөлмеге суретшінің жұбайы кірді. Ол өзінің қылығы дұрыс болмағанын, соны түсініп, кешірім сұрауға келгенін айтты... Суретші көңілденіп, қосағына қарай ұмтылды, ал, қонжықты қолына іліккен әлдеқандай бір қағаз толы қорапшаның ішіне сала салды. Қораптан ертегінің исі шығып тұрды, себебі, бұл түрлі ертегі кейіпкерлерінің суреттері салынған қорапша болатын. Егер қонжық келесі қорапқа түскенде одан ойыншықтардың иісі шығар еді, себебі, ол қорапта қуыршақ, құлыншақ, машина секілді ойыншықтар бар болатын. Себебі суретші ойыншықтар шығаратын фабрикада жұмыс жасаушы еді... суретші болып.
– Қонжық есін жиып үлгерместен, кейіпкерлер жан-жақтан шулап қоя берді. «Сен кімсің? ... Қайдан келдің?....Кел танысайық....». «Мен-Ер Төстікпін», «Мен - Күнекей сұлумын», «Мен – Керқұла атпын», «Ал, сенің есімің кім?»
– Мен – қонжықпын.
– Есімің кім дейміз?
– Білмеймін,-деді қонжық, – менің есімім жоқ.
– Онда сен нағыз қонжық емессің, – деп гүр ете түсті Толағай. – Нағыз қонжық болсаң есімің болар еді.
Бәрі үнсіз қалды. Мүмкін, ұйқыға кеткен болар. Себебі, түн батқан болатын. Жалғыз қонжық қана дөңбекшіп, ауыр ойлардан арыла алмай, көпке дейін көзі ілінбеді: «Нағыз қонжық болмаса ешкімге керек болмағаны ғой, себебі, мұның есімі жоқ қой».
Келесі күні суретші қорапты фабрикаға алып келіп, шеберге берді. Шебер Керқұла ат пен Ер Төстікті шығарды да, қонжыққа көзінің қиығын да салмастан қорапты жаба салды.
Күндердің күні болғанда шебердің өмірінде күтпеген қиындықтар пайда болып, көңіл – күйі бұзылып, қорапты ашпағанда қонжықтың онда әлі қанша уақыт жатарын кім білген... Шебер көңілсіз болатын... Ол қораптан қонжықтың суретін алып шықты. Көңіл күйін көтеру үшін өзіне арнап қонжық тігіп алғысы келді. Жұмсақ матадан басын, құлақтарын, денесін, табанын, тұмсығын тікті. Көздерін дәл суреттегідей етіп бейнелеуге тырысты. Қонжық шеберге ақылды да мейірімді көздерімен ұзақ қарап, оның өзіне ат қоюын күтті. Сонда ол нағыз қонжық болар еді. Бірақ, дәл осы сәтте телефон қоңырауы шылдырлады да, тұтқаның ар жағынан біреулер оған көңілді сөздер айтты. Әлдебір әуенді ысқыра әндеткен шебер, сәнді киімдерін киіп... кетіп қалды.
Келесі күні жұмысшылар келіп, ойыншықтарды қораптарға салып, машиналарға тиеді. Осылайша қонжық дүкен сөрелеріне тап болды.
Бір күні дүкенге Шәрбат есімді кішкентай қыз бала келді. Әкесінің қолынан жетектеген ол, екінші қолымен көзінің жасын сүртіп тұр екен. Қонжық оған ақылды да мейірімді көздерімен қарады да, оны көңілдендіргісі келіп, күлімсіреді.
– Қонжық, әке, қонжықты қара! – деп шаттана дауыстады, дереу жылағанын қоя қойған балақай, – Әнеки, менің қонжығым!
– Иә, – деді әкесі де, – Бізге керегі осы ғой деймін.
Қонжықты қолына алған балақайдың қуаныштан көздері жайнап кетті. «Қонжығым менің. Қонжық-тайым менің» – деп қонжықтың басынан, арқасынан сипап, тұмсығынан иіскеп-иіскеп қояды. Айрылып қалатындай құшағына қысып алған.
Сол сәтте қонжық мәселе өзінің есімінде тұрмағанын түсінді. Сен біреуге шын мәнінде керек болғанда ғана – нағыз қонжық болады екенсің.