Авторы: Белгісіз жан
(ертегі)
Құшағы кең, мейірімді Жер-Ананың балалары өте көп еді. Бәрі де өз орнын білетін, ақылды, аналарының айтқанын тыңдайтын-ды. Тек Қаңбақ деген кіші ұлы тәртіпке көнгісі келмей, өз бетімен қаңғи беретін көрінеді. Жайдары жаздың соңынан жаңбырлы, қара суығы басым күз келгенде Жер-Ана әлгі баласына:
– Қаңбақ, сен жел үп етсе, ұша жөнелетін тым жеңілтексің, абайлашы қарғам, – деп ескертеді. Бірақ оны тыңдайтын Қаңбақ қайда:
– Мен бір орында тұра алмаймын, ұшқым келеді, домалағым келеді, – деп тұрған орнында шыркөбелек айналып, ойнақшып кетеді.
Күздің бір күнінде қатты жел соғады.
– Ыззз-ызззз, Қаңбақ, жүр кеттік, мен саған әлемді аралатайын, – деп ол ойнақшыған әлгі тентекті азғырады.
Қаңбақ жеңілтек мінезіне салып, анасының құшағынан ытырыла шығып, ойланбастан ызыңдаған желдің сөзіне ереді. Жүйткіген жел оны аясын ба, ысқырып кеп, Қаңбақты домалатып әкетеді. Анасының жылы құшағынан ажырап қалған бала Қаңбақ қалтырап-дірілдеп, тоңғандықтан аяқ-қолын бауырына жиып алғанда дөңгеленіп шыға келеді. Желдің де қалағаны осы еді, енді оны домалата ұшыру әбден оңайға түсті. Жел өз дегеніне жетіп, Жер-Ананың құшағынан бір баласын ажыратып алып, добына айналдырып, ойнағанына масаттанады. Одан сайын ысқырып, Қаңбақты біраз жерге дейін ұшырады.
Әбден домалаған Қаңбақ та бұған үйреніп қалады. Енді өз көңілін өзі көтеру үшін әндетіп ұшуға кіріседі.
– Мен Қаңбақпын домалаған,
Кең даланы аралаған,
Ля, ля-ля-ля, ля-ля-ля.
Жарысамын желменен,
Танысамын елменен,
Ля, ля-ля-ля, ля-ля-ля,
– деп домалап келе жатып жалт-жұлт етіп билеген әлденеге көзі түседі. «Ойпырмай, бұл не болды? Барып көрейінші» деген елікпе мінезіне басып, лезде ұшып жетеді. Ол лапылдаған оттың жалыны еді. Қаңбақ домалап келіп, жанына жақындай түскенде оттың ыстығы күйдіріп, шыдамай жылап жібереді. Лаулаған оттан әзер құтылады. Бірақ аяқ-қолы, шашы күйіп, жанына әбден батады.
– Еееһ, анашым, абайла деп едің, алыстап кетпе деп едің, – деп анасының айтқанын тыңдамағанына өкініп, еңкілдеп жылап та алды.
Денесіндегі күйген жерлері күннің суығынан одан сайын ашып ауыртып, жылап келе жатқанда өзенге кездеседі. Суы сондай мөлдір, айнадай жарқырап жатыр. Аздап толқынданғаны да елікпе баланы одан сайын қызықтырды.
– Ыззз-ызззз, қалай Қаңбақжан, өзен әдемі ме, сені соған топ еткізіп түсіре салайын ба? Суда ойнағың келе ме? – деп Жел оны тағы да азғырды.
Кез келгенге еріп кете беретін Қаңбақ емес пе, ол тағы да сумақай желдің сөзіне ерді. Өзеннің суы әдемі көрінгенімен мұп-мұздай екен. Әбден қалтырап жаураған Қаңбақ судан әзер шықты. Жанталаса жағаға шыққаны сол екен, суықтан денесіндегі су мұз боп қатты. Әлгінде отқа күйген жерлері енді қатқан мұзбен құрсалып, жанын көзіне көрсетті.
– Анамның айтқанын тыңдамай өз дегенімді істеймін деп отқа да түстім, суға да түстім. Суыққа тоңып, азып-тозған түрім мынау. Енді маған бәрібір, – деп одан сайын еңкілдеді. Осылай әл-дәрмені құрып, қиналып домалап келе жатып әлденеге маңдайын ұрды. Әлгі нәрсе қап-қатты екен, басы дыңылдап кетті. Әупірімдеп есін жиып қараса алдында алып тау тұр.
– Ееей, алып тау, жолымды неге бөгедің? Сенсіз де арып-ашып, жараланған түрімді көрмеймісің? –деп жылады.
– Қаңбақжан-ау, сені біреу қинады ма? Анаң ескертіп айтты, тілін алмадың. Ойнаймын деп азғырған желдің сөзіне ерген өзің емес пе? Отқа да, суға да түскен өзің. Күннің суығында дала кезген де өзің. Енді келіп, менің қап-қатты тасыма басыңды ұрған да өзің, – деп одан сайын қиналып тұрған Қаңбақты сөзбен соққылады.
Ал Жел оны ары қарай дедектете түсті. Қаңбақ Желге ілесіп домалай жөнелгенде көзін тарс жұмып алатын. Әлденеге келіп тіреліп, көзін ашса, қарсы алдында жуан діңгекті Бәйтерек тұр екен.
– Ееее, Қаңбақ, қайдан жүрсің? – деп гүр ете қалды Бәйтерек.
– Айыпқа бұйыра көрмеңіз... Желмен жарысып ойнап жүргем ғой. Қандай күйге түскенімді көрмеймісің? Мына күйіммен енді үйімді қалай табамын? – деп Қаңбақ еңіреп жіберді.
– Қарғам Қаңбақ, түп-тамырыңды нәр беретін Жер-Анадан айырып алған соң қайдан бақыт табармын дейсің. Ата-анасының ақылын тыңдамаған бала ұзаққа бармайды, қалқам. Көрінгеннің сөзіне еріп, ойынмен ғана күн өткізсең, өмірің тым қысқа болады. Ал мен тамырымды тереңге тартқан сайын жапырақтарым жайқалып көбейе береді. Күзде жапырақтарым сарғайып түскенімен, көктемде қайта бүр жарып, жаңа өмір бастаймын. Себебі тамырым Жер-Ананың бауырында тұр. Туған жер ешбір баласын өзекке теппейді. Тілазар бала қызық қуып кеткенімен түп-тамырын үзбесе, кең пейілді туған жер қайта түлетіп, өсіреді. Қаңбақжан, осыны ұмытпа! Қызық қуып, құрдымға кетпегейсің, – деген Бәйтеректің сөзін ұйып тыңдаған Қаңбақ есерлік жасағанын енді ұқты.