«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Арман мен арамис

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Дос-Жан

 

Канал жанында жүрген есектерді таспен атқылап тұрған қара сирақ балалардың жанына түйедей қара джип келіп тоқтай қалды. Алып көлікке аса таңдана қоймаған жүгермектер ішінен атып түскен еңгезердей қара жігітті көргенде аңтарылып тұрып қалды. Ашуға булығып тұрғаны анық байқалады. «Ай, тиіспеңдер! Құртыңдар көздеріңді», – деп гүр ете қалғанда зәрелері зәр түбіне кеткен балалар сүйретпе аяқ киімдерін орта жолда тастай сала безе жөнелді. «Тиіспеңдер, еңбегі адал жануарларға, тиіспеңдер...». Бұл сөздерді сіріңке қара жігіт ақырын ғана айтты. Жайылымнан қуылған есектер қотыр жолдың үстінде мазасыз шыбынды қағып, бастарын шұлғи кетіп бара жатты. Ішіндегі еркегі болған жайға ренішін білдіргендей ақырып, ақырып жіберді. Көлік рөліне қайта оралған жігіт балалық шағынан жылт еткен ойдан арыла алмады, кеше ғана болғандай еді, ал арада біраз жылдар өтіпті. 

***

«Арман, әй Арман тұр енді. Таң атты ғой. Арамысың сені күтіп тұр. Арбаңды да дайындап қойдым. Әй Арман, Армааан. Тұр енді құлыным». Жаздың жылт етіп тез ататын таңына ыза болып Арман төсегінен көтеріледі. Атасының қарлыққан дауысы күнде мұны осылай оятатын. «Унивалникке су толтырып қойдым, беті-қолыңды жу, ауқаттанып алайық, таңғы астың жөні бөлек қой. Анау Арамысың тепсініп сені күтіп тұр. Арман қайда, қашан шығамыз деп тағат таба алар емес. Ал сен әлі ұйықтап жүрсің». Салқын суға жуынып тұрған Арман күліп жіберді. «Ой ата, қанша айтам саған, Арамыс емес Арамис. Білесің ғой кинодағы үш ноянның бірі», – деп атасын түземек болғаны сол еді «қоян деймісің» деп атасы қойып қалды. «Ее, ата, жарайды» деп немересі шағын үстелге барып жайғасты. Арман биыл 6 сыныпты аяқтады. Атасы болса осында бір мекемеде құжаттарды ары-бері тасудан бастап, есік алдын сыпыру, тазалау, басшының үйінің жұмысы сияқты қызметтер атқарады. Өзі соғыс ардагері. Жыл сайын 9 мамырда кеудесіне жарқырата орден-медальдарын тағып шығады. Одан кейін кеудесі сыңғырлаған ескі кәстөм үйде бір жыл бойы ілулі тұрады.

Бұл тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Айлап берілмейтін зейнетақының кесірінен жасы жетсе де осылай жұмыс істеуге мәжбүр. Мұндай тапшылықты соғыстан кейінгі жылдардан соң көрмеген қарт өзі үшін емес бесіктен белі шықпай жатып еңбекке араласқан немересі үшін қынжылады. Қалаға барып қарық боламыз деген ұлы мен келінінен хат-хабар үзілгелі қашан. Тіпті келмейді де. Ал Арманның жайы бір бөлек. 

Екі дөңгелекті арбаны есекке шегіп алған Арман базарға қарай жол тартады. Атасының Арамыс деп жүргені осы қарагер есек. Оған «Арамис» деп ат қойып алған. Тығыншықтай болған ірі есек арбаны, оның үстіне қақиып отырған баланы місе тұтар емес. Көшенің шаңын шығарып, арба дөңгелегін қиқылдата өзінің әдетті жүрісімен жүйткіп келеді. Бағыттары орталық базар. Мұнда Арманды бәрі таниды. Базар күзетшісі анадайдан айқай салды. «Өй, мынау Арамис қой!

– Ассалаумағалейкум аға! 

– Уағалейкім әссәлам! Молда бол балам. 

– Әй Арман, кешегіңді қайталап айтшы.

– Нені аға? 

– Әлгі есегің арам, деп тиіскендерге жауабыңды.

– Ой аға, Сізде сұрай береді екенсіз.

– Айтсаңшы енді, әйтпесе саған клиент жібермей қоямын.

– Жарайды аға, айтамын.

– «Өй арам есегіңмен құрып кеткір» дейді маған.

– Содан сен...

– Есігімнің аты Арамис, арам десеңдер өздерің біліңдер, есесіне еңбегі адал, кейбіреулер сияқты көп сөйлемейді, анда-санда ақырғаны болмаса», – дедім.

– «Ой азамат, қатырған екенсің, бүгін клиентердің бәрін саған жіберемін», – деп риза болған ақсақ күзетші мұны ішке қарай шығарып салды. 

Ешбір реті жоқ жабайы базарға ел –жұрт ертемен ағылады. Осы кезде Арманның жұмысы басталады. Шүлдірлеген дүнгендер мен әзірбайжандардан сатып алғанын үйіне жеткізе алмай тұрғандар үшін мұндағы саудагерлер атап кеткен «Арман Арамистің» қызметіне жүгінуге тура келеді. Қаптарды тиеп алған Арман айтылған адрес бойынша жолға шығады. Тегіс жолда кез келген жүкті місе тұтпайтын Арамиске биік жоталарда Арманның өзі итерісіп мықшыңдап көмектесіп жатады. Күндегі тапқаны атасы екеуінің тамағын ажыратып отыр. «Әй бала, әй бала! Есекте отырған бала, аты кім өзінің? Шәңкілдеген дауысқа жалт қараса дауысы мен денесі сай келмейтін сары әйел жанына екі-үш қап картопты жинап алып мұны шақырып тұр екен. Оны көрген Арман есегіне «әйт, шу» деп базардың арғы жағына қарай безілдей жөнелді. «Ей мына жүгермек қайда кетті, шақырыңдаршы ана баланы» деп шәңкілдеген дауыс қарлығып қала берді. Бұл қылығының себебі де бар еді. Осыдан екі апта бұрын есегін қинап ауыл сыртында тұратын осы әйелге жүктерін жеткізіп берген. Семіз қолдарымен қалтасын ары-бері ақтарып жиырма теңгені қолына ұстата салып бұрылып жүре берген. Мынауыңыз аз ғой дегені сол еді «Үйбай не дейді мына жетпегір, немене өзің арқалап келіп па едің? Жетеді сол саған, кет әрмен» деп қуып жіберген. Сол оқиғаны сары әйел ұмытып кеткен сияқты. 

Бүгін тапқаны мәз болмады. Екі рет жүк апарып еді, мұны жалдағандар жолдың жақын екендігін айтып тек он бес теңгеден ғана берді. Үйге аш қайтты. Базарды аралап «Пірашки, гораши пірашки» деп айқайлап жүретін әжейден дәмді тоқаш алып жей алмады. Атасы екеуінің жиған-тергені күнделікті тамағы мен дәрі-дәрмекке кетеді. Сондықтан қанша қызығып, қарны ашып тұрса да шыдай біледі. Қатты ашығып бара жатса осындағы ескі құдықтан тойғанынша су ішіп алады. «Тамақ жегің келіп тұрса көп су ішіп ал», – деген ақылды осында өзімен құрпылас, үнемі ауру шешесімен бірге қайыр сұрап жүретін бала айтқан. 

Ең қиыны көздің жауын алып, тамсандыратын балмұздаққа қатты қызығады. Осы көктемде атасы екеуі парадта жүргенде алған болатын. Дәмін-ай шіркіннің, тіл үйіреді. Мына қайнаған ыстықта осының бірін алып жесе ғой, әсіресе шоколад қосылғаны қандай керемет...». 

«Сүрт андағы сілекейіңді» деп басынан шапалақпен тартып жібергенде барып есін жинай қойды. Осында жүк тасушы болып жүретін қылжақбас жігіт бұған қарап қарқылдап күлсін. Иегін қолымен жылдам сүрте сала, есегіне шу, деп жөнеп берді. Кәдімгідей қызарақтап ұялып қалды. Алғашында Арманға ауыр тигені жұмысының қиындығы емес, базарға ата-анасымен еріп келетін сыныптастары болды. Әсіресе қыздарды көргенде қатты ұялады. Бірде екі үйге жүк жеткізіп, оны өзі түсіріп келіп, әбден қалжырап арба үстінде отырған. «Әй Бисембаев, сенсіңбе?», – деген таныс дауысқа қараса көлік терезесінен беліне дейін шығап алған сыныптасы Айдос тұр ыржиып.

«Әй бизнесмен, соңғы рет бетіңді қашан жуып едің? Айнаға қарамайсың ғой деймін?», – дейді келеке қылып. Үндемеді. Намыстанып теріс қарап отырып алды. Кенет арба үстіне бір қатты зат тарс ете түсті. Қараса желінген алманың қалдығы. Айдостың ісі. Мектепке барғанда сазайыңды берермін әлі, деп ернін тістеген күйі отыра берді. Екінші жолы сынаптастары, айырылмас құрбылар Ақнұр мен Айнұрды көрді. «Ойбай мынаның түрін қара, атасының тақиясын киіп алған ғой шамасы», - деп сылқылдай күліп жанынан өте шықты. Анадай жерге барып тоқтады да, кенет Айнұр бұған жалт қараған күйі «1 қыркүйекке де есегіңмен келетін шығарсың, ә Арман» деп екеуі ішек-сілесі қата базар қақпасына қарай кете барды. «Шіркін мына қамшымен тартып жіберсе ғой екеуін», - деп іштей тістеніп қала берді. Басындағы тақиясы үлкендеу және шынымен де атасыныкі болатын, күн өтпесін деп кигізіп қойған. 

***

«Арамыс, жүр тамақ дайын болды. Шаршаған да шығарсың. Бүгін Құдайдың күні шыжғырды ғой тегі. Шай ішпесем шөлім қанар емес. Жүр енді бол», – деп атасы шақырғаннан кейін кешкілік ескі асықтарын сапырып отырған Арман үйге қарай беттеді.

– Бүгін Мағжан келіп кетті.

– Не дейсің? Папам келді ме? Неге, неге мені күтпеді?

– Еех, балам, ол бізді сағынып келді деймісің?

– Сонда қалай, бір күнге де қалмады ма? Мамам неге келмепті?

– Мамаңды жұмысынан босатпай қойыпты.

Мағжан үйге де келмеді. Маған жұмысқа келіпті. Қалада зейнетақы беріп жатыр дегенді естіп ақша сұрай келген беті екен. Көлік алуымыз керек дейді, ай қу дүние-ай. Әкесі келді дегенді естіп жүрегі жарылып кете жаздаған Арман атасының мына сөзінен кейін тез басылып үндемей қалды. Тек ішін мысық тырналағандай болып тұрғаны. Қатты сағынып жүр еді.

«Біз соғыс кезінде екі мың шақырымды жаяу өтіптік. Оның өзін кейін білдік қой. Ай, адамды тарылтқан қу заман...». Шәрім ақсақал соғыста бомба жарықшағы тиген аяғын сипалай отырып шай толы кесесін бір-ақ сіміріп далаға шығып кетті. Кең қалтасын ақтарып ішінен шақшасын тауып алды да өзімен өзі күңкілдей сөйлеп сыртта жүріп алды. Атасының бұлай таусыла сөйлегені бұрын-соңды естімен еді. Арманның тамағынан ас өтпеді. Өз бөлмесіне барып жерге төселген көрпеге етпеттей құлады. Ағыл-тегіл жас бір тиылсашы.

Ертесіне атасы оятпастан өзі тұрып сыртқа беттеген. «Атам әлі тұрмаған болар.», – деп ойлағаны сол еді «Үй, жануар, тиыш тұр, смирно», – деген дауысын естіп мырс етті. «Ә, Армантай тұрдың ба? Мынаның тартпасы үзілейін деп қалыпты ғой. Жаңа қайыспен ауыстырып қойдым, біразға дейін шыдау керек енді». Атасының өзі де дауысы да ширақ. Кешегінің барлығы ұмыт болғандай. Іштей қуанып қалды.

Шәрім қарт кеше өзі жұмыс істейтін мекеменің қоршауын жағалай өскен шөпті шауып жүрген. «Көке, қалайсың!», – деген дауысқа бұрылып қарады да қапелемде өзінің жалғыз ұлын танымай қалды. «Әй, Мағжанбысың, ой пошымыңды», – деп қалбалақтай келіп ұмтылған. Осыған дейінгі өкпе-реніштің бәрі бір мезетте ұмытылғандай. Шашы өсіп, өзі қушиып азып кеткен екен. Аман-есендікті қысқа қайырған баласы әңгімені келген жұмысы туралы бастаған. «Асығыспын, үйге бара алмаймын, қайтуым керек. Келініңіз науқастанып қалған еді. Егер жаңағы айтқаным бар болса болғанынша алып кетейін», – деп күмілжіп тұрған Мағжанды әкесі жерде жатқан таяғын алып қақ жотадан тартып-тартып жіберді. Соғыста талай жаумен бетпе-бет келіп тайсалмастан жайпап өткен бұрынғы солдат баласына ешқашан қол көтерген емес еді. Бұл жолы шыдамады.

«Өй көке, не болды, бермесең қой, кеттім», деді де қу қыршын бұрылып жүре берді.

«Иттің баласы ай, ең болмаса Арманды неге сұрамайды а, қап қарабет ай» деп қалшылдаған күйі қала берді.

Ұлының келіннің тапсырмасымен келгенін жақсы ұққан еді. Болған жайдың барлығын немересіне айта алмады. Өзі қам көңіл болып жүргенде жүрегін жаралағысы келмеді. Осы жаман немерем аяқтанғанша қасында жүре тұрсам болғаны деген жалғыз тілек қазір кеудеде. Түнімен Құдайдан соны тілеп шыққан еді. Түсіне Мағжан кіріпті. Анадай жерде бұған мұңдана қарап тұр. Жақындауға батпайды, бірдеңе айтқысы келетін сияқты, бірақ, батпайды...

Базар іші әдеттегідей у-шу. Қырсық есек қарап тұрмай базарды басына көтеріп ақырмасы бар ма. Өздерінің қаншалықты шу көтеретінін білмейтін жұрт бұған жақтырмай қарайды. Осындағы ең сәулетті, ең бай дүкеннің жанына тұрған. Ішінен иесі сыртқа шықты. Өзге ұлт өкілдерінің бірі еді. Оң қолын үлкен қарнының үстіне қойып қойған, бұған сөйлегенге ерінетін сияқты. Сол қолымен сақиналары жарқыраған саусақтарын жыбырлата бұған әрі кет деген ишара жасады. Бұндай жағдайларға үйренген Арман есегін жетектей жөнеледі. Өткен жолы тура осы дүкеннің алдында жүк тиеп жатқанында ұятсыз Арамис тезек тастап, осы орыстың әйелі әбден ұрысқан еді. Содан кейін жоламайтын бұл маңға. Бүгін абайсызда тұрып қалған екен. 

***

Арман бұл базарда 8 сыныпты аяқтағанша осылай арбамен жүк тасыды. Түске дейін мектепте болса, түстен кейін уақыты осында өтетін. Қыс айларында тіпті шанамен шықпақ болды, есегі мұзда жүре алмаған соң ол ойын қойған. Базар ішінде жүк тасушы болып жүрді. Әйтеуір бәрі таныс болған соң жұмыс табылады. Жоғары сыныптарда оқығанда Арманның киген киімі басқалардан кем болған жоқ. Сабаққа үлгерімі де жақсы еді. Мектепті аяқтап құрдастары жапатармағай қалаға ағылғанда ол ауылда қалды. Бірінші себебі атасы болса, екішісі де аса маңызды еді. Көп ұзамай базар басшылығымен келісіп өзіне сауда нүктесін ашты.

Алғашында күнделікті майда-шүйде сатса, кейінірек көкөніс сатумен айналыса бастады. Маусым айының мамыржай күндерінің бірі болатын, таң азанмен дүнгендердан сатып алған пияз қаптарын рет-ретімен жинастырып жатқан. «Арман, оу, Арамис» деген дауысқа қараса өзінің екі сыныптасы тұр. Өздері әппақ болып ағарып, шаштарын өсіріп, әдемі киініп алған. Биыл екінші курсты тәмәмдапты. Мамандықтары да керемет. Бірі заңгер, екіншісі экономист. Студенттік шақтың қызықты хикаяларын енді бастағалы тұрған құрдастарына «жігіттер, уақытым жоқ, келесі жолы сөйлесерміз» деп Арман тоқтатып тастады. Қапсағай бойлы, сіріңке қара, бұлшық еттері ойнап нағыз алпамса жігітке айналған Арманға сыныптастары үндей алмай кеткен еді. Осыдан кейін «мен де міндетті түрде оқимын» деп өзіне сөз берген болатын. Еңбегі еш кетпеді. Сыныптастары диплом алып, енді қайдан жұмыс тапсам деп, қара бастарымен қайғы болған тұста бұл базардан бір дүкенді жалға алып ісін дөңгелете бастаған.

Сол жылы күзде Алматыға барып инженерлер дайындайтын университеттің сырттай бөліміне оқуға түсіп қайтты. Атасы жұмысты қойғалы қашан. Үйдегі азын аулақ малға қарап жүреді. Әке-шешесімен мүлдем араласпайтын болды. Олар ажырасып кетіпті, дегенді естіген. Қатты сағынатын анасы өте көрікті еді. Ол бір бай адаммен тұрмыс құрыпты. Ал әкесінен хабар жоқ. 

Жылдар жылжи берді. Тоқсан жасқа тақаса да атасы әлі тың. Шөбересінің иісіне тоймай марқайып отырғаны. Тек кейде Арманды Мағжан деп атап қалатыны жанына батады. Жалғыз ұлына деген сағынышы екенін түсінеді. Алайда жалғыз ұл, сүйікті әке оралмады. Не себеп, белгісіз. Қазір Арман ірі кәсіпкерлердің бірі, аудандық мәслихаттың депутаты. Өзінің жомарттығымен көпке танымал. Баяғыда балмұздаққа қызығып сілекейі ағып тұрғанда мұны келеке қылған жігіт қазір Арманның дүкендерінің бірінде әлі күнге жүк тасушы болып жүр. Ақнұр мен Айнұр осы базарда сатушы болып жалданып жұмыс істеуде. Заңгер мен экономист болған екі құрдасы кәнігі таксистер. Ал «Арамисі» болса әлі бар, қартайған. Үйде бақшада еркін жайылып жүреді. 

***

Қара джиптің рөліне сүйеніп ойға кеткен қара жігіт бір сәт балалық шаққа жасаған саяхатынан оянып, аудан орталығына қарай бет алды. Бүгін ол мәслихаттың төрағасы қызметіне кіріспек.