«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Қарға неге қара?

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Ертегіші

 

Баяғы өткен заманда, жер бетінде адам әлі пайда болмаған кезде құстар мен құстар сөйлей алатын болыпты. Аңдар бір патшалық, құстар бір патшалық, ал балықтар бір патшалық құрып өмір сүріпті. Құстардың патшасы өліп қалып, өздеріне патша сайламақ болыпты.

– Біздің арамызда патша болуға кім лайық? – депті тырна.

– Әрине, мен лайықпын. Өзім ақылдымын, өзім сұлумын. Араларыңнан маған тең келер ешқайсыңды көріп тұрған жоқпын, – деп керіліпті қарға.

Айтса, айтқандай, қарға ол кезде ең сұлу құс болған деседі. Қауырсындары түрлі-түсті, алтын, күміс сияқты жылтырап тұрады. Ал қалған құстардың бәрі ол кезде сұр түсті болыпты. Дауысы да керемет екен. Дауыс жағынан бұлбұл, сұлулық жағынан тауыс пен аққу оның жанында жолда қалыпты. Айласы да, ақылы да бір басына жетерлік. Алайда сол қарғаның жаман қасиеті ешкімді менсінбейтін өркөкірек, қызғаншақ, әрі сондай мақтаншақ екен. 

Құстар қарғаның мінезін ұнатпаса да, қарғаны патша етіп сайлапты. Қарға патша болған күннен бастап патшалықтан береке кетіпті. Құстар екіге бөлініп алып, қырықпышақ болыпты. Бір тобы қарғаның жақтасы болса, бір тобы мүлде қарғаны ұнатпайды. Қарға айналасына ылғи жағымпаз құстарды жинапты. Олар күнде таңертең сарайға жиналып алып, қарғаны мақтаумен болады екен. 

– Кімде кім мені мақтамайтын болса, сарайға кіре алмайды. Егер маған қарсы шықса, патшалықтан қуылатын болсын, – деп жарлық шығарыпты қарға.

Содан бастап оны мақтамайтындар сарайға аттап баса алмапты.

Қарғаны мақтап ән салмағаны үшін бұлбұл сарайдан қуылыпты. Бүркіт те тау-тасты кезіп кетіпті.

Ал патшалықтағы қалған құстар қалай өмір сүріп жатыр, ол жағы қарғаны қызықтырмайды екен. Патшалықта өмір сүру қиындап, құстар аштан қырыла бастапты. Бір жағынан аңдар да оларға күн көрсетпепті. 

Бір күні құстар жиналып:

– Басқа патша сайламасақ, болмайтын сияқты. Жағдайымыз күн сайын төмендеп барады. Қарғаның бізді ойлайын деген ниеті де жоқ. Аңдар бізді басынып болды, – депті торғай.

– Мені ана күні түлкі ұстап алды. Өз құқығымды айтып едім, «сенің қорғайтын патшаңның сиқы анау, сендер ешкімге керек емессіңдер. Енді бізге жем боласыңдар» деп, жеп қоймақ болды. Алыста ұшып келе жатқан бүркітті көріп қана аяғын тартты, – дейді қырғауыл.

– Мен білсем, қарға оңайлықпен тақтан түспейді, – депті сауысқан.

– Қалайда бір амалын табуымыз керек, – десіпті барлығы.

Күндердің бір күнінде аңдар патшалығынан сарайға хабарлама келіпті. Хабарламада «Әлемдегі ең әдемі дауыс иесін іздейміз. Кімде кім жеңіске жетсе, бүкіл әлем соған табынатын болады» деп жазылыпты. Қарғаның көктен сұрағаны жерден табылады. Енді ол бүкіл әлемнің оны мақтағанын елестетіп, жеңіске жетуді армандай бастайды. «Бұлбұл менен озып кетпесін» деп бұлбұлға қастық жасауды ойлайды. Сөйтіп ол сиқыршыға барып, дауысты жақсартатын және дауысты жоқ қылатын екі сусын дайындатады.

Мұны сезіп қалған тырна қарғаға білдірмей екі құтыны ауыстырып қояды. Жарыс басталады. Қатысушылардың көбі қазылардың сынына ұшырап, бірінші бөлімнен өтпей қалады. Бас жүлдеге үміткер ретінде қарға, қасқыр және бұлбұл қалады.

– Шөлдеген боларсың, бұлбұлжан? – дейді қарға өтірік мейірленіп. – Менде дауысты ашатын жақсы сусын бар. Кел, екеуміз ішіп алайық.

Көңілінде еш күдік жоқ бұлбұл сусынды жұтып алады. Одан көз алмай отырып, қарға да өз сусынын ішеді. Қасқыр қарғадан қалған сусыннан ауыз тиеді.

Үзіліс аяқталып, үш қатысушы сахнаға шығады. Бірінші болып бұлбұл ән салмақ болады.

– Қазір қызық болады, – дейді қарға қасқырды түртіп.

– Қандай қызық? – деп таңырқайды қасқыр.

Бұлбұл әнін құйқылжыта түседі. Дауысы бұрынғыдан да ашық, әдемі болып кеткендей. Аңдар мен құстар ұйып тыңдайды.

– Қандай қызықты айттың? Ешқандай қызық көріп тұрған жоқпын, – деп сыбырлайды қасқыр.

– Соны өзім де түсінбей тұрмын. Ана сиқыршы мені алдап соққан сияқты. Әлде бұл тез әсер етпей ме екен? – деп ойланып қалады қарға.

Қасқыр сол кезде ғана қарғаның бұлбұлға қастық жасамақ болғанын түсінеді. Кезек қарғаға келеді. Сахнаға тәкаппарлана шығып, тамағын кернейді. Әнді бастайын десе, дауысы біртүрлі. Шықпайтын сияқты. Бар күшімен «Ааа» деп айтпақ болады. Ол да дұрыс шықпайды. Қарға сол кезде ғана құтыны біреудің ауыстырып қойғанын түсініп, санын бір-ақ соғыпты. Сол кезден бері қарғаның дауысы жоғалып, қарқылдап шығатын болыпты. Қатты ашуланған қарға бұлбұлды орманнан қуып жіберіпті.

Қарғаның бұлбұлға қастық жасамақ болғаны, өзі қазған орға өзінің түскені аңдар мен құстар арасына тез таралып кетіпті. Қарғаның бұрынғы абыройы қалмапты. Тіпті жанында жүрген құстар да қарғаның мінезіне шыдамай сарайдан кете бастайды. Бұрынғыдай қолдаушылары жоқ, ол енді тағына қауіп төнгенін сезеді. «Тақтан таймай тұрған кезде мен бұлардың тілін табайын» деп ойлайды қарға. Бір күні құстардың барлығын шақырып алып, жиналыс жасайды. Құстар оны тыңдағысы келмейді. Ашық қарсылық басталып кетеді. Жиынға аң патшасы арыстан да қатысады. Бәрін сырттай бақылап отырады. 

– Бізге сендей патша керек емес! – деп айқайлайды құстар.

– Тақты өздігіңнен босат, әйтпесе өзіміз сені сарайдан сүйреп шығарамыз, – дейді ашынған сауысқан.

Жан-жақтан шыққан шудан құлақ тұнады. Бірін-бірі естір емес.

– Тоқтатыңдар! – деп ақырады арыстан. Құстар жым болады. 

– Қарғаға тағы бір мүмкіндік берейік. Ол үшін қарғадан қалауларыңды сұраңдар, – дейді арыстан.

Сол кезде әтеш тұрып: 

– Қарға бізді түрің жаман деп, сарайға ешқашан кіргізген емес. Өзінің сұлулығына мақтанып, басқа құстарды менсінбейді. Біздің де сұлу болғымыз келеді. Егер патша болғысы келе, бәрімізге бір-бір қауырсынынан таратып берсін, – депті.

Құстар әтештің сөзін құптай жөнеліпті. Әдемі қауырсындарын қайдағы бір құстарға беруге қимай тұрса да, тақ үшін, патша болып қалу үшін қауырсындарын жұлып бере бастайды. «Аман болсам, бұдан да әдемі қауырсын өсіп шығады ғой» деп ойлайды. Құстар қарғаның әдемі қауырсындарын талап алады. Қараса, қарға өзінде бір қауырсын, бір түк жоқ, жалаңаш қалыпты. Ұялғанынан тез сарайға ұшып кіріп кетеді. Далаға шығуға бет жоқ. «Қауырсындарым өскенше шықпаймын» деп сарайдан аттап баспай жатып алады. Күн артынан күн, апта артынан апта, ай артынан ай өтеді. Қарғаның қауырсындары мүлде шықпай қояды. Түрлі емдік шөп ішеді, түрлі майлармен денесін сылайды. Алайда оның ешбірі қарғаға көмектеспейді.

Амалы таусылған қарға бір күні көмірге барып аунайды. Ешкім танымастай қап-қара болып шыға келеді. Сарайына барып қанша жуынса да, көмір кетпейді. Сол күннен бастап қарға қап-қара болып кетіпті деседі...