Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Ауылдың жарық жұлдыздары

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Күн

 

Күздің жаймашуақ күндерінің бірі еді. Ауыл шетіндегі ескі теректер сары жапырақтарын жаймен ғана төгіп тұр. Сол теректердің түбінде, қара топырақты жолдың бойында төрт дос – Аян, Әділ, Балғын мен Бота – мектептен қайтып келе жатты.

Аян – сабырлы, еңбекқор бала. Әкесі жоқ, анасына қолғабыс жасап, күн сайын таңертең мал жайып, кешке шөп тасиды. Балалар арасында беделді, бірақ ешқашан көкірек керіп мақтанған емес.

Әділ – атына заты сай, әділетті бала. Қай жерде әділетсіздік көрсе, үнсіз қала алмайды. Бірде мектептегі мұғалімнің қателігін сыпайы түрде ескертіп, бүкіл сыныптың таңдайын қақтырғаны бар.

Бота – мейірімді, үнемі өзгеге көмектесуге дайын қыз. Әсіресе, Балғын екеуі көрші кемпірлерге су тасып, отын жарып береді. Екеуі де ауыл үлкендерінің көз қуанышына айналған.

Ал Балғын – жаны нәзік, бірақ өте жауапты қыз. Әжесімен тұрады. Анасы қалада, сирек хабарласады. Балғын барлық жылы сөзді әжесінен естіп өскен, сондықтан әр адамға аяушылықпен қарайды.

Бүгін апай бізге "Еңбек туралы шығарма жазып келіңдер" деді ғой, – деді Әділ жолда келе жатып. 

– Иә, не жазарымды білмей тұрмын. Бірақ Аян өзі жайлы жазса болады, күні бойы еңбек етіп жүргені сол емес пе? – деп күлді Бота.

Аян ұялып күлді. Бірақ іштей достарының бағалағанына риза еді...

Олар ауыл шетіндегі Бәтима апаның үйіне тоқтады. Кәрі кісі жалғыз тұрады, балалары қалада. Балғын мен Бота дереу кіріп, су әкелуге кетті. Аян мен Әділ ауладағы отынды үйіп, қорадағы шелектерді жуып шықты. Бұл – олардың әдеттегі ісі. Себебі мейірім – үйде емес, жүректе еді...

Бәтима апа балалардың еңбегіне дән риза болды. Қолындағы ескі дорбасынан кішкентай кептірілген өрік пен жаңғақ шығарып, бәріне бөліп берді.

– Сендердей балалар барда, бұл ауыл әлі талай гүлденеді, – деді күлімдеп. 

– Біз бар болғаны аздап көмектестік қой, апа, – деп Бота ұялғандай сыбырлады.

– Көмектесу, қолғабыс жасау деген – үлкен іс, қарағым, – деді апа. – Адамның үлкені де, кішісі де мейірім көрсе, жүрегі жұмсарады. Жұмсақ жүрек – адал өмірдің кілті.

Кешкісін Аян үйінде отын жарып жатты. Шешесі пешке ас қойып, үнсіз бақылап отыр. Анасы Аянның қолындағы жарықшақ балтаны байқап:

– Балам, шаршамадың ба? – деп сұрады. 

– Жоқ, анашым, бәрі жақсы. Ертең мектептен соң шөп әкелем, – деді Аян, білегін сыбанып.

Анасы үнсіз бас изеді. Оның ішіндегі мақтаныш пен уайым қатар аралас еді. Бұл бала кішкентайынан еңбекке ерте араласса да, ешқашан шағымданбайтын.

Сол түні Аян шығарма жазып отырып, ойланып қалды:

«Еңбек деген не өзі? Тек отын жару ма? Шөп шабу ма? Жоқ... Еңбек - адамға жақсылық жасау. Өз үйіңе де, өзгенің үйіне де қолғанат болу керек. Әділ – шындықты қорғап еңбек етеді. Бота мен Балғын – үлкендерге көмектесіп, мейірім көрсетіп еңбек етеді. Біз бәріміз - кішкентай еңбек адамымыз...»

Келесі күндері ауа райы күрт бұзылып, ауылдың үстін қою бұлт торлап алды. Қатты жауыннан кейін ауыл шетіндегі шағын көпірді су шайып кетті. Сол көпір – мектепке апарар жалғыз жол болатын.

Ертесінде мектепке баратын оқушылар біразға дейін жолдың шетінде жиналып тұрды. Су басқан жерден өту қиын еді. Аян, Әділ, Бота және Балғын да келді. Балаларға қарап, мұғалімдер де абыржи бастады.

Сол сәтте Аян ойланып тұрып:

– Мен таңертең шөп тасып жүріп, ескі тақтайлар көріп едім. Егер соларды әкелсек, уақытша өткел жасап алуға болады, – деді.

– Жарайсың, Аян! Мен де көмекке барамын, – деді Әділ.

Балғын мен Бота да қалмай:

– Біз де көмектесеміз. Балаларға жылы шай мен киім дайындап келеміз, – деді.

Бір сағаттың ішінде балалар мен бірнеше үлкендер бірігіп, уақытша көпір салып алды. Балалар мектепке өтіп, сабақ жалғасып кетті.

Мұғалімдер бұл әрекетті көріп, ризашылықтарын білдірді.

– Бұл – тек еңбек емес, бұл – жауапкершілік пен жанашырлық, – деді директор. Балаларымызға қарап бәріміздің жүрегімізді қуаныш кернеп, сүйсініп тұрмыз!

Сол күні кешкілік мектепте арнайы жиналыс өтіп, Аян, Әділ, Бота және Балғынға алғыс хаттар тапсырылды.

Күндер өтіп жатты. Қарапайым көмектен туған үлкен істер ауылдың жүрегіне шуақ болып төгілді. Оқушылар өзара жарысып, ауыл ақсақалдарына көмектесуді әдетке айналдырды.

Аян, Әділ, Бота мен Балғын бұрынғыдай көзге түсу үшін емес, жүрек қалауы үшін жақсылық жасайтын. Себебі олар мейірім мен адалдықтың шынайы құнын түсінгендей...

Бір күні Балғын ауыл орталығындағы тақтайшаға:

«Мейірімділік - көп күштің бірі емес, ең үлкені» деп жазып қойды.

Оған жұрт тоқтап оқитын болды. Бота: 

– Білесің бе, біздің достығымыз – сол мейірімділіктің жемісі сияқты, – деді жымиып.

– Иә, ал адалдық – соны сақтап тұратын қорған, – деп қосты Әділ.

Аян үндемей тұрып: 

– Ал еңбек – сол достық пен мейірімділікті күнде суарып отыратын өмірдің өзі, – деді.

Олар мәз болып, күлді. Ауыл да сол сәтте күн сәулесіне бөленіп тұрғандай еді...

Көктем шықты. Ауылдағы тіршілік қайта жанданды. Айнала көгеріп, балалар көбірек далада жүретін болды. Осы кезде мектепте ауыл шаруашылығына қатысты жобалар байқауы жарияланды. Әр сынып жер жыртып, көкөніс отырғызуы керек еді.

– Бәрінен де еңбек керек бұл жобаға,сол дұрыс болары сөзсіз, – деді мұғалім. 

– Біз дайынбыз, – деп Аян алға шықты.

Әділ ескі шөп үйінділерін тазалады, Аян жер жыртты. Бота мен Балғын тұқым сеуіп, су тасып жүрді. Басқа оқушылар да қосылды. Олар бір апта бойы тынымсыз еңбек етті.

Көктемнің соңында олардың бақшасы мектептегі ең ұқыпты, өнімді жерге айналды. Картоп, сәбіз, қызанақ – барлығы жайқалып өсті.

Мектеп басшылығы балалардың жобасын аудандық байқауға ұсынды. Аян мен достары ауылдың атынан қорғауға барды. Аян өзі жазған баяндамасында былай деді:

– Біз ауылда тұрамыз. Бұл -қиын шаруа емес, бірақ тынымсыз еңбек керек. Еңбек арқылы адам ізгі ниет, адалдық, жанашырлық сияқты құндылықтарды үйренеді. Біз еңбек етіп жүріп, жақсылықтың дәнін септік...

Байқау қорытындысы бойынша, Аян бастаған топ бірінші орын алды. Бұл жаңалық ауылға жеткенде үлкен қуаныш болды. Мектеп алдында балаларға арнап шағын мерекелік жиын өткізілді.

– Сендер – біздің үмітімізсіңдер,-деді ауыл әкімі. Мейірім, адалдық пен еңбекқорлық – нағыз азаматтың сипаты. Сендер соны дәлелдедіңдер.

Сол сәтте Бота жай ғана сыбырлады:

– Біздің жасағанымыз - қарапайым нәрсе еді ғой...

– Қарапайым нәрсе - егер жүректен шықса, үлкен іске айналады, – деді Балғын.

Аян ішінен ойлады: «Адамның мықтылығы – қолында емес, жүрегінде...»

Жаз да келіп жетті. Балалар ауыл маңындағы өзенге барып серуендеп жүрді. Олар жай ғана дос емес еді -олар ауылға ізгілік сыйлаған кішкентай батырлар еді.

– Біз өскенде кім боламыз? – деді Әділ. 

– Адал болсақ болды. Қай мамандықты таңдасақ та, адал адам болсақ, далада қалмаспыз, – деп жауап берді Аян.

– Мейірімділік ешқашан ескірмейді,жоғалмайды, – деді Бота. 

– Еңбек те, адамгершілік те сонымен бірге жүрсе, өмір мәнді болады, – деп қосты Балғын.

Олар көк шөпке жата кетіп, ашық аспанға қарап жатты. Бұл – жай ғана демалыс емес, достықтың, ізгіліктің тынысы еді.