«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Өлеңдер топтамасы

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Күнікей

 

Қазақстан туы

Сары түсті қолыма алып,

Дөңгелектен күн саламын.

Бояуымның көгі қанық,

Желбіреген ту саламын.

 

Оюларын ойып тұрып,

Ортасына қыран салам.

Жүрекке қол қойып тұрып,

Әнімді айтам бұл аңсаған.

 

Қарасаң көз талар еді,

Көкке жетер тұғыр салам.

Әлемдегі ең әдемі

Қазақстан туын салам.

 

 

Әкемнің қызымын

Әке, мектеп биінен

Қане мені тауып көр.

Ханшайым боп киінем,

Аппақ көйлек алып бер.

 

Әке, моншақ тағайын

Жұмысыңнан әкелші

Қызғалдақ боп барайын

Қызыл көйлек әперші

 

Білезік пен жүзігін

Сұрайды, әке, бұзығың.

Еркелетіп өсірген

Мен әкемнің қызымын

 

 

 

Күз келгенде

– Ана, неге жапырақтар құлайды?

– Жапыраққа күздің биі ұнайды

 

– Ал бұлттар ше? Неге олар жылайды?

– Жауын деген Көктің нұры шырайлы

 

– Ана, неге, құстар кетіп барады?

– Тоңып қалса ауырады тамағы 

 

– Ал аңдар ше, ауырмай ма орманда 

– Індерінде жылынады тоңғанда

 

– Ана, неге көбелектер тығылды

– Қайтқан болар үйлеріне бұрынғы 

 

– Ал ағам ше қайда кетті таңертең

– Күз келді ғой, мектебінде ол, еркем 

 

– О, алақай, білім күні екен ғой 

Бір жылдан соң мен де оқуға кетем ғой

 

– Бірге сезіп мына күздің ғажабын 

Сен оқушы атанасың, иә, жаным

 

 

Абай тойында қойылған шынайы сауалдар

Бақжұлдыз: 

Шақырды ма бабамыз?

Ертең көлік табамыз.

Қандай  тойға барамыз,

Қандай сыйлық аламыз?

 

Анасы: 

Мыңмен жалғыз алысқан,

Сен келді деп алыстан,

Жақсы өлеңін жаттасаң

Абай атаң данышпан

 

Бақжұлдыз: 

Дүкен жаққа барайық,

Қызық сыйлық қарайық.

Шарға жазып есімін

Атаға торт алайық.

 

Анасы: 

Жақсы сыйлық – ақылың,

Анық сөйле, ақырын.

Сыйлық сенің жүргенің 

550 шақырым.

 

Бақжұлдыз: 

Үйі атамның көп екен,

Өзі атамның жоқ екен. 

Абай атам келген күн

Енді менің мерекем.

 

 

Қуыршақтың өкпесі

Жансаяның сиқырлы,

Айфон болды мекені.

Қуыршағын сүйкімді

Ұмытып та кетеді.

 

Қарамайды сабағын,

Аулаға да шықпайды.

Түйіп алып қабағын,

Қолына қол жұқпайды.

 

Бар санасын биледі,

Отырады тым ұзақ.

Ойнамайды үйдегі

Қуыршақпен күнұзақ

 

Аю, күшік, құлыншақ...

Бәрін-бәрін шектемек.

Бұрышта отыр қуыршақ

Жансаяға өкпелеп...

 

 

 

Қасқыр мен қошақан

Кең жайлауда сойылдай

Қасқыр отыр қой бағып

Екі көзі тойынбай

Екі азуы майланып

 

Жеті қойды аңдыған

Жалғыз қасқыр ұлиды

Жанына кеп балдырған

Бір қошақан жымиды

 

-Қасқыр аға, барлығы

Жылқы, сиыр, торпағы

Анау жатқан әрбірі

Сізден неге қорқады?

 

Жарқын-жарқын күліп ап

Қасқыр оған қарады:

– Сенің батыл түрің ақ

Қызықтырып барады

 

Көрінгенмен сұстылау

Мен де білем қорқақты

Талай торға түстім ау

Талай батыр жол тапты

 

Жарқыраған маңдайың

Өжетті жегем жоқ әлі

Батыл болсаң әрдайым

Жолың ашық болады.

 

 

Менің аппақ марғауым

Домалаған алманың,

Дөңгелетіп қалғанын.

Сүтті жақсы көреді

Аппақ менің марғауым.

 

Доп таппаса бөлмеден,

Кейде ойнайды пердемен.

Еркелейді анама

Жатып алып көлденең.

 

Бұл әлемнің жүйрігі

Бұлғаңдайды құйрығы.

Менің аппақ марғауым -

Ол әкемнің сыйлығы.

 

 

Ата Заң

Жүрші мені көрші бала аулада

Өкпелетті, ұзын таяқ бар ма, аға?

 

Тиіскенде ағаларды шақырма,

Кіші болса, саусағыңды батырма.

 

Мені ешкім ренжітуге болмайды

Сен болмасаң, әлсізді кім қорғайды?

 

Үлкенді де, кішіні де әуелі

Атамыз бар қорғап жүрген мәуелі.

 

Барлығына қорған болған батырым

Сонда біздің атамыздың аты кім?

 

Тентек болсаң жазалайды, Ботажан,

Ал әлсіздің қорғаушысы - Ата Заң.

 

 

Анашым

Ақылды, әрі данасың,

Байлығым өзің ғанасың.

Ыстық-ыстық құшағы,

Аппақ-аппақ анашым

 

 

Отбасым

Әкем келсін жұмыстан

Анам келсін жұмыстан

Баласын ап келсе екен

Ауылдағы туысқан

Әжем келсе ауылдан

Атам келсе ауылдан

Алып кетсе өзімен

Немересін сағынған

 

Тілін білген қаланың

Жалғыз өскен баламын

Өскен кезде тұруға

Ауылыма барамын.

 

Үй ойыншықтарымен жиналыс

Үйге келсем даладан,

Ашылыпты шабадан.

Қашып шығып құлапты

Көк күшігім қабаған.

 

Үнсіз қалды құлыншақ,

Үнсіз отыр қуыршақ.

Ұрсып алсам болмайды

Жиналысқа бүгін сап. 

 

“Тәртіп қайда?” деп едім,

Айтамын деп себебін,

Музыкалық қобдиша

Ашып қойды өлеңін.

 

“Тоқта” - дедім мен оған,

Қол көтерді шабадан.

Терезені ашқанда

Құладым деп ауадан.

 

Кінәлі емес ауа да,

Үнсіз қалдым арада.

Өзім екем кінәлі

Ойнап жүрген далада. 

 

 

 

САНАМАҚ

Бір дегенім бабам,

Үміт артқан маған.

Екі деген елім,

Махаббатым менің.

Үш дегенім үйім,

Күшті көңіл күйім.

Төрт дегенім туыс,

Сарқылмайтын ырыс.

Бес дегенім бесік,

Содан шықтық өсіп.

Алты деген ауыл -

Аға-әпке, бауыр.

Жеті деген жайлау

Ала доппен ойнау.

Сегіз деген сағат 

Басталады сабақ

Тоғыз деген тегім-

Келешекке сенім

Он дегенім  - Отан:

Абай, Мұхтар, Шоқан.

Далаңды сүй, сақта,

Бабаңды біл, Ботам!

 

 

БӨПЕЛЕР ӘЛІППЕСІ

«А» дегенім Атам

Тақия мен шапан.

«Ә» дегенім әжем

Мейірімін сезем.

«Б» дегенім бөбек

Еркелігім бөлек

 

«А» дегенім анам

Өмір берген маған

«Ә» дегенім әкем

Асқар тауым екен

«Б» дегенім бағым

Бал балалық шағым

 

 

Бірлік

Орыс, қырғыз, татар да,

Бүгін біздің қатарда.

Отандаспыз олармен,

Өмір дейтін сапарда

 

Ажырамас арамыз,

Жанашыр дос боламыз.

Бірге ойнап, сабаққа

Қол ұстасып барамыз

 

“Сәлем” дейміз қол алып,

Бауыр қылып, аға қып.

Бірге ойнаған аулада,

Бал бақытты балалық.

 

Ынтымақпен бақ ашқан,

Шаңырағы көк аспан.

Біз біртұтас халықпыз

Бірлігіміз жарасқан.

 

 

Мысығым

Аппақ мамық мысығым

Шаршамайтын пысығым

Ұнайтпайды бірақта

Көршілердің күшігін

 

Жерге түссе ыдысы

Жылдамдайды жүрісі

Ұйықтайды пырылдап

Марғауымның жұмысы

 

Алдымнан бір түспейді

Еркелейді, тістейді

Қатты қарны ашса да,

Дүкен сүтін ішпейді

 

Кеткім келмей қасынан 

Сипағанда басынан

Шыққан кезде мектептен

Марғауыма асығам

Кесте тігемін

Еңбекпен түрген білегін 

Анамдай болу тілегім.

Қызыл-жасыл жіптермен

Оюлы кесте тігемін

 

Қолыма ине аламын

Саусаққа оймақ саламын

Көмектесем анама

Себебі қыз баламын

 

 

Ақ пырақ

Тақымың қыссаң қаттырақ,

Құйындайды шапқылап.

Сен азамат болдың деп,

Атам берген ақ пырақ.