«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Еңбек елі

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Қасқа құлын

 

Айбар бүгін күндегіден ерте оянды. Анасы дастарқан басына жаңа пісірілген нан мен бал, май қойып, таңғы ас дайындап жатыр екен. Таңғы шайдың буы бұрқырап, дастарқан үстінде жаңа піскен нанның иісі аңқып тұр. Әкесі шәйнекті отқа қойып, баласына жымиып қарады.

– Жүр, шай ішейік, – деді. Айбар анасы пісірген нанды алып, рақаттана тістеді де, таңырқай сұрады:

– Әке, бұл нан неге сондай жұмсақ? – деді Айбар нанды ұстап.

– Балам, бұл нанның жұмсақ болуына тек наубайшы ғана емес, талай адам еңбек етті, – деді әкесі күлімдеп. – Бірі жер жыртты, бірі дән екті, бірі ұн тартты, бірі нан пісірді. Әрқайсысы өз ісін жақсы атқарды. Сол істі жақсы біліп, күн сайын қайталайтын адамдарды біз маман дейміз.

Айбар ойланып қалды.

– Сонда мамандық деген не өзі?

– Мамандық дегеніміз – бір істі жақсы біліп, сол арқылы адамдарға қызмет ету. Әр адам бір істі тиянақты істесе, өміріміз де ретімен жүреді.

– Мысалы, кімдер? – деді Айбар қызығып.

– Мысалы, жарықты электрик жағады, дәрігер ем тағайындайды, мұғалім білім үйретеді, тазалықшы көшені тап-таза етеді. Бәрі де өз орнында еңбек етіп жатыр. Біз сол еңбектің арқасында жарықта, жылылықта, тыныштықта өмір сүріп отырмыз. Біз бір-бірімізге солай мұқтажбыз, балам.

Айбар терезеге қарап, көше жақтан өткен автобустың гүрілін тыңдады.

– Ал мен өскенде кім болам?

Әкесі шәйнекті қойып, баласының иығына қолын салды:

– Саған не ұнайды, соны байқап көр, балам. Қолыңнан келетін ісіңді елге пайдасы тиетін мамандыққа айналдырсаң, ең дұрыс жол сол. Мамандық өзіңді де өсіреді, жақындарыңа да, еліңе де пайда әкеледі.

Бала ойланып, әкесіне қарады:

– Сонда бәрі бір-біріне көмектесіп тұрғаны ғой?

– Дәл солай! – деді әкесі нық дауыспен. Бәрі бір-біріне қажет, бәрі бір-біріне мұқтаж. Өйткені әр адамның еңбегі – өмірдің бір бөлшегі.

Әкесі күртесін киіп, есікке беттеді. Терезеден күн шуағы төгіліп тұр.

– Жүр, балам, – деді ол күлімдеп. – Бүгін қала тіршілігін бірге байқап қайтайық. Қаланың оянған сәтін, наубайшының таңын, тәртіп сақшысының тынысын өз көзіңмен көр. Бүкіл әлем бір үлкен команда екенін сонда түсінесің.

Көшеде тыныштық. Алыстан естілген «піс-піс» деген дыбыс таңның тынысын бұзбай, бір әуен сияқты естіледі.

– Бұл ненің дыбысы, әке? – деді Айбар таңырқап.

– Наубайхана оянып жатыр, – деді әкесі күлімсіреп. – Қарашы, күн шықпай тұрып-ақ талай адам еңбек етіп жүр.

Екеуі көшені бойлап келеді. Наубайхананың терезесінен жылы бу бұрқырап, нанның иісі ауаны толтырған. Терезеден қараса, наубайшы ағай қамыр илеп, пешке нан қойып жатыр екен.

– Қарашы, әке, қандай қызық! – деді Айбар. – Қамырды илеу де, пешке салу да оңай емес қой. Қолыңнан келмесе, күйіп кетеді.

Әкесі жымиып, баласына қарады.

– Дәл айттың, балам. Наубайшының жұмысы ерте басталады. Ол түннің тыныштығында қамыр илейді, пештің жалынына жақындап, елдің дастарқанына иісі бұрқыраған нан жеткізеді. Ол – таңды қарсы алатын алғашқы еңбек иелерінің бірі.

– Сонда осы бір нанды пісіру үшін соншама адам еңбек ете ме? – деді Айбар.

– Иә, балам. Жерді жыртқан диханның табанының ізі бар мұнда. Бидайды орған орақшының қолының табы бар. Дәнді ұнға айналдырған диірменшінің еңбегі бар. Сол үшін нанды жерге тастауға болмайды. Әр түйір ұн – бір адамның маңдай тері.

Нанның тәтті иісін терең жұтқан баласының көзі жайнап кетті.

– Нанды қадірлеу адамдардың еңбегін қадірлеу екен ғой, әке?

– Солай, балам, – деді әкесі жұмсақ дауыспен. – Нанды сыйлаған адам еңбекті сыйлайды. Ал еңбекті құрметтеген ел ешқашан тарықпайды.

Олар біраз үнсіз тұрды. Наубайшы ағай пештен ыстық нанды алып, текшеге тізіп қойып жатты. Бу бұрқырап, иісі желмен бірге тарады. Айбар сол сәтте өз-өзінен күлімсіреді:

– Мен де өскенде адамдарға осылай жылы нәрсе сыйласам деймін, – деді. Әкесі баласының басынан сипады:

– Боласың, балам. Сен еңбекті сүйсең, ел сені сүйеді.

Күн көкжиектен көтерілді. Наубайхананың терезесіне алтын сәуле түсіп, пештен шыққан бу аспанмен араласып кетті.

Күн көтеріле қала гүрілге толды. Көліктер ары-бері ағылып жатыр, адамдар әлдеқайда асығып барады. Әке мен бала жол қиылысына жетті. Ортада қолына таяқ ұстаған тәртіп сақшысы тұр. Ол қолын көтерсе, көліктер тоқтайды, қолын түсірсе, жол қайта ашылады. Бәрі бір ырғақта, бір тәртіппен қозғалады.

– Қарашы, әке, бәрі оның айтқанын тыңдайды екен, – деді Айбар таңырқап.

– Иә. Бұл кісі тәртіп сақшысы, балам. Оның жұмысы – қаланың тыныштығын, адамдардың амандығын күзету. Тәртіп сақшысы болу батылдық пен жауапкершілікті талап етеді.

Дәл сол сәтте бір бала жүгіріп өтіп бара жатып, қызыл шам жанған жолға қадам басты. Тәртіп сақшысы таяғын көтеріп:

– Тоқта, балақай! Қазір жүру қауіпті. Жасыл жанғанда ғана өтесің, жарай ма?

Бала басын изеп, күлімдеп кері шегінді. Айбар көріністі үнсіз бақылап тұрды.

– Ол балаға ұрыспады да, – деді ол біртүрлі таңырқап.

Иә, өйткені тәртіп сақшысы адамды қорқытпайды, қорғайды. Нағыз полицияның жүрегі мейірімге толы. Көшеде тәртіп сақталып, әркім өз жолымен жүрсе бәрі қауіпсіз болады.

Айбар ойланып қалды:

Ол да ерте тұрып жұмысқа келген шығар, иә, әке?

– Әрине. Күні бойы олар көшені бақылайды. Тәртіп деген тыныштықтың тірегі, балам.

Бала жымиып:

– Мен енді жолдан жүгіріп өтпеймін. Ана ағай бәріміздің амандығымыз үшін жұмыс істейді ғой, – деді.

Әкесі баласына сүйсіне қарады.

– Дұрыс айтасың, балам, – деді ол баяу ғана. – Тәртіп сақшысы да, наубайшы да, дәрігер де, бәрі адамдар үшін еңбек етеді. Сол еңбекті қадірлей білген адам өз жолын табады.

Бала әкесінің қолын қысты да, жолдың арғы бетінде тұрған тәртіп сақшысына қарап басын изеді. Тәртіп сақшысы оны байқап, жылы жымиып, қолын сәл көтеріп ишара жасады.

Күн жоғары көтеріліп, қала толық оянды. Әкесі мен баласы тыныш көшені бойлап келе жатты. Айналада әркім өз ісімен әуре. Бірі дүкен ашып жатса, бірі аула сыпырып жатыр. Әр адамның еңбегі қала тынысының бір бөлшегі секілді. Кенет әкесі алдарындағы еңселі ғимаратты нұсқап:

– Мынау кітапхана, – деді жылы дауыспен. – Жүр, кіріп шығайық. Мұнда да еңбек иелері бар, бірақ олардың еңбегі дыбыссыз жасалатын еңбек. Кітапханашылар сөйлемей-ақ, адамның жан дүниесін байытатын іспен айналысады.

Айбар көзін сығырайтып, биік терезелерге қарады. Ішінен жарық жылтырайды.

– Кеттік, әке, – деді ол қызығып.

Олар есікті ақырын ашып, ішке кірді. Қонақтарды кітапханашы апай күлімдеп қарсы алды.

– Қош келдіңіздер! Қандай кітап іздеп жүрсіздер?

– Мен батырлар туралы оқығым келеді, – деді Айбар.

– Тамаша таңдау, – деді апай. – Батырлар күшті болғанымен, олардың да ең үлкен қаруы – білім мен ақыл. Міне, мына кітапта сол жайлы жазылған. Оқысаң, өзіңді батыл сезінесің.

Айбар кітапты алып үстелге отырды. Кітапты парақтап, суреттеріне қызыға қарады. 

– Иісі қандай ерекше! – деді ол.

– Бұл білімнің иісі, – деді әкесі. – Кітапты көп оқыған адамның жүрегі жылы болады.

Сол сәтте кенет жарық сөніп қалды. 

– Әке, жарық өшіп қалды ғой! – деді Айбар үрейлене.

– Уайымдама, балақай, – деді кітапханашы сабырлы қалыппен. – Қазір электрик ағай келеді. Ол жарықтың тілін біледі ғой.

Көп ұзамай есік ашылып, басында каскасы бар электрик ағай кірді. Баспалдаққа шығып, «тық-тық» еткен құралымен сымдарды тексере бастады.

– Апай, қазір бәрін реттейміз, – деді ол күлімдеп.

Аздан соң шам қайта жанып, зал іші нұрға толды.

Айбар таңырқай қарап қалды:

– Қандай керемет! Кітаптар тіріліп кеткендей!

– Көрдің бе, балам, кітапханашы ақыл-ойыңа жарық сыйласа, электрик үй мен қалаға жарық сыйлайды.

Айбар ойланып, кітапты бауырына басты.

– Сонда әркім өз шамын жағады ғой, әке?

Әкесі баласына мейірлене қарап:

– Иә, балам. Бірі қолымен, бірі ақылымен жарық түсіреді.

Айбар кітапты апайға қайтарып берді.

– Рақмет, – деді ол. – Бүгін кітап пен жарықтың да еңбек екенін білдім. Кітапханашы күлімдеп бас изеді:

– Еңбек ешқашан елеусіз қалмайды, балақай. Бір парақты ашқан сайын бір жаңа әлем ашылады.

Айбар кітапханадан ойлы жүзбен шықты. Күн көкжиекке көтеріліп, жол бойындағы ағаштардың көлеңкесі қысқара бастаған. Сол сәтте бағдаршамнан қолында қобдишасы бар медбике қыздың асығып өтіп бара жатқанын көрді. Айбар қызыға қарап қалды.

– Әке, ана кісі қайда асығып бара жатыр? – деді ол. Әкесі баласының сұрағына жымиып жауап қатты:

– Ол кісі дәрігер. Жолдың арғы бетінде емхана бар. Бәлкім, біреудің жарасын таңуға немесе ауырып жатқан адамға көмектесуге бара жатқан шығар. Басқаның жайын ойлаған адам бос жүрмейді, балам.

Айбар үнсіз қалып, емханаға кіріп бара жатқан ақ халатты қызға ұзақ қарады.

– Ол да еңбек етіп жүр ғой, иә, әке? – деді ақырын.

– Иә, – деді әкесі. – Бірақ оның еңбегі ерекше. Дәрігер адамның тәнін ғана емес, жанын да емдейді. Жүрегі жылы адам ғана сондай істі атқара алады. Әке мен бала емхана жаққа беттеді. Емхананың терезесінен шағылған күн сәулесі олардың жүзіне түсіп, жолдарын нұрландырып келе жатты.

Ішке кіргенде еден жарқырап, дәлізде дәрінің иісі аңқыды. Ақ халатты медбике апай бір баланың қолын бинтпен таңып жатыр екен.

– Қане, қозғалма, батыр, сәл қалды, – деді ол мейірімге толы дауыспен. Айбар қызыға қарап қалды.

– Апай баланың жарасын ұстап тұр, бірақ ана бала тіпті жылаған жоқ, – деді ол сыбырлап.

– Өйткені, балам, – деді әкесі, – мейірім бар жерде ауырсыну да азаяды. Медбикенің қолы да, жүрегі де жұмсақ. Сондықтан нағыз ем дәріден емес, көңілден басталады.

Дәл сол сәтте дәлізбен дәрігер ағай өтіп бара жатты. Қасында жас ананы жетектеген кішкентай қыз бар.

– Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады, – деді дәрігер сабырлы үнмен.

Оның сөзінен сенім есіп тұрғандай. Айбар басын шайқап таңырқай қарады:

– Әке, дәрігерлер бәріне бірдей жылы сөйлейді екен. Олар ешкімді танымайтын шығар, бірақ бәріне қамқор сияқты.

– Иә, құлыным. Нағыз еңбек деген адамның қолымен емес, жүрегімен істеген ісі. Дәрігердің еңбегі – адамға үміт сыйлау, оның жүрегіндегі қорқынышты жеңілдету. Сол себепті халық оларды «ақ халатты абзал жан» дейді.

Айбар біраз ойланып қалды.

– Мен бұрын дәрігер тек емдейтін шығар деп ойлайтынмын. Ал олар адамдарға үміт сыйлайды екен ғой.

– Дәл таптың, балам. Еңбек тек қолдың күші емес, жүректің жылуы да еңбек. Адалдық пен мейірім бар жерде шипа бар.

Сол сәтте терезеден түскен күн сәулесі дәрігердің ақ халатына түсіп, дәлізді нұрландырып жіберді. Айбар сол жарыққа қарап жымиып қойды.

Кеш қарайып, қала шамдары бірінен соң бірі жанып жатты. Әкеcі мен баласы аялдамаға келіп, автобустың алдыңғы есігіне мінді. Жүргізуші ағай жылы жүзбен қарсы алды.

– Кеш жарық! – деді ол күлімдеп. – Артқа қарай өтіңіздер, орын бар. Айбар терезе жанына отырды. Автобус қозғалған сәтте қала жарықтары жол жиегімен сырғып, кешкі өмір өз ырғағымен ағылды.

– Әке, – деді Айбар сыбырлап, – мына жүргізуші ағай да шаршамай ма екен? Күні бойы адамдарды тасыған қиын шығар…

– Иә, балам, оның еңбегі де ерекше. Күні бойы рөлде отырады, адамдарды қауіпсіз жеткізуге жауап береді. Бірі жұмысқа, бірі мектепке, бірі үйіне жетсе, бәрі осы адамдардың арқасы. Олар болмаса қаланың тіршілігі де тұралап қалар еді.

Айбар терезеден сыртқа қарап отыр. Жол жиегінде бір әже ауыр сөмкесін көтеріп тұр екен. Жүргізуші автобусты баяу тоқтатып, есікті ашты.

– Келіңіз, апа, асықпаңыз, – деді жылы үнмен. Айбардың көзіне сол сәт ерекше көрінді.

– Әке, қарашы, ол да мейірімді екен.

– Иә, балам, – деді әкесі жаймен. – Кім өз ісін жақсы көріп істесе, сол адам айналасына жылу таратады. Жүргізуші тек көлік айдамайды, адамдардың қауіпсіздігіне, көңіліне де жауап береді. Нағыз еңбек деген осы – біреудің өмірін жеңілдету.

Айбар басын изеді. – Сонда біз бүгін қаншама еңбек иелерін көрдік, иә?

Наубайшының, тәртіп сақшысының, кітапханашының, дәрігердің, енді міне, жүргізушінің... Бәрі адамдарға қызмет етеді екен.

– Солай, балам, – деді әкесі мақтанышпен. – Адал еңбек бәрін біріктіретін алтын жіп. Сол жіп үзілмесе, елдің де, өмірдің де сәні кетпейді.

Автобус олардың аялдамасына келіп тоқтады. Жүргізуші есікті ашып, басын изеді.

– Үйлеріңе аман жетіңдер, – деді ол ақырын ғана.

– Рақмет, ағай, – деді Айбар қуана.

Олар сыртқа шыққанда, аспанда жұлдыздар жарқырап тұр еді. Айбар жоғары қарап:

– Мына жұлдыздар да адамдардың еңбегі сияқты ғой, әке. Бәрі бірігіп, аспанды жарық қылып тұр, – деді.

Әкесі баласының иығына қолын қойды:

– Дұрыс айтасың, балам. Бәріміз өз жарығымызды қосқанда ғана өмір нұрланып тұрады.

Сол сәт екеуі үнсіз қалды. Көше шамдары мен жұлдыздардың жарығы қосылып, қала нұрға малынды. Айбар сол жарыққа қарап ұзақ тұрды да, жай ғана сыбырлады:

– Бәрі бір-біріне байланысып тұр екен ғой, әке... Бірі нан пісіреді, бірі жарық жағады, бірі ем береді, бірі білім үйретеді, енді бірі адамдарды жолмен жеткізеді. Сөйтсем, бәрін біріктіретін еңбек екен. Әкесі баласына қарап жылы жымиып:

– Қазақтың ұлы ойшылы Абай атамыз «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп айтқан, балам. Еңбек еткен адам ешкімге қол жаймайды, өзі де өмірін нұрға толтырады, өзгеге де жарық сыйлайды. Адал еңбек – адам өмірінің берекесі. Содан кейін әкесі есікті ашып, екеуі үйге кіріп кетті. Қала аспаны жұлдызға толы еді. Сол жұлдыздар да еңбекпен өткен бір күннің куәсіндей жарқырап тұрды.