Авторы: Шәмші
Теңіз жағасындағы қалашық тұрғындары әр көктем келген сайын арқа-жарқа боп, бір жасап қалатыны бар. Биыл да, міне, аста-төк дастархандай құлпырған көктем кешікпей оралды. Табиғат адамзатқа қойнындағы бар мүкәммалын еш аяусыз беріп, мейірім-махаббатымен аялап жатыр. Ақысына ештеме сұраған жоқ. Көктем – сымбатты сылқымдай, «маған тамсан» дегендей жер бетін жұпар ауаға толтыратын. Ал теңізден соққан салқын леп те қалашық тынысын кеңейтіп тұрғандай. Үшінші оқып жатқан Бұлан жылда көктем оралуын асыға күтеді. Күн жылып, қар еріп, көк шыға бастағанда жан сарайы кеңіп салатын. Құшағын айқара ашып-ап қыр үстімен жүгіреді-ай кеп. Қос қолы қанатқа айналып кетердей, ауаны қармап қояды. Көкті өрнектей түскен құстар да оған қанат бітіргісі келгендей нақ төбесінде айнала ұшатын. Аспанға ою сызған қарлығаш достары соңынан ілесіп үйіне бірге қайтатын. Бұлан үйіне кірсе, ал қарлығаштар шатыр астындағы ұяға қонақтайды. Бұлан түрлі арманға ерік беріп, қиялында құс-достарымен бірге көкті тіліп, ұшып жүретін. Велосипед тепсе де, әкесімен бірге теңізге шықса да, көкірекшесінің өңірін ашып алып, қос қолын қанат қып жайып, «самғап барам» деп қиялдайтын. Әкей ондайда ұлының арқасынан қағып:
– Балам-ау, оданда ауға қарасаңшы, – дейтін. Енді ше, балықты аулап болған соң, базардағы дүкеншіге сатып, ақшасына үйге талғажау болар азық-түлік апару керек. Қайық моторын бір сәтке өшіре тұрған әкесі:
– Міне, осында балық көп, – дейді саусағымен нұсқап, «ауды ауыстыр» дегендей. Бұлан демалыс сайын әкесімен осылай теңізге шығып, белгілі межеге жеткен соң екеуі кері қайтатын. Бірақ, оның көзі күн еңкейген көкжиекті, шетсіз-шексіз теңізді қимай, амалсыз қоштасады.
– Әке, теңіздің ар жағында не бар?
– Бұл теңіздің ар жағында – тағы теңіз бар...
– Ал оның ар жағында ше?
– Оның ар жағында... – деп үнсіз көкжиекке көз тастап тұрды да, – атам айтқан қиссаға жүгінсек «мәңгілік көктем» аралы бар көрінеді. Ол жаққа жету екінің бірінің қолынан келген емес. Онда еш қатыгездік, жұт болмайтын көрінеді. Уайым – атымен жоқ, – деді әкесі тер сіңген қалпағын түзеп.
– Ал онда біз бара аламыз ба?
– Балам-ау, оның бар-жоғын көп адам біле бермейді. Ал білгендердің өзі барып, адасып, таппай қайтқан. Кейін есейген соң көре жатарсың. Ал әзірге қас қарайып барады, тезірек айлаққа жетейік, – деді қайық моторын оталдырып. Ал Бұланның ойы теңіз ар жағындағы көзге ілінбес «мәңгілік көктемде». Жасыл желекке оранған қалашық әкелі-баланы күтіп алды.
Көктем келген сайын балалар арқа-жарқа доп теуіп, қуаласпақ ойнап жататын. Алайда бұзақы балалар және табылады. Олар зақпымен ұшқан құстарды атып, мерт қылады. Енді көктеп келе жатқан шыбықтар мен тал бұтақтарын сындырудан тайсалмайды. Бүр ашқан жеміс-жидектерді, гүлдеген гүлзар бақты үзіп, таптап басуға алдарына жан салар емес. Осындай қатыгездікті көрген Бұлан өзінен күші көп, бойы мен жасы үлкен балалардан именетін. Алайда, табиғатқа зақым келтіруге болмайтынын ерте жастан түсінген ол, тентектерге қарсы тұруға бұл жолы бел байлады. Көрші досы Бекзат та:
– Сенімен бірге барам. Жалғыз өзіңнің шамаң жетпейді, – деді.
– Жоқ, саған зияны тиіп қалса Күләндә жеңешем жанымды шығарар, – деді Бекзаттың анасынан бұзақылардан бетер қаймығып. Сонда да айтқанынан қайтпайтын Бекзат қасарысып тұрып алды. Екеуі бір көше жоғары тұратын, бір сынып жоғары оқитын, қапсағай Әлішердің үйі маңына жақындады. Ол да өзі сияқты мауыздай нөкерлерін жинап алған. Олар құмырысқа илеуіне су төгіп, бір-бірімен төбелестіріп жатыр. Тағы бірі болса шарбақ үстіне қонған инелік, көбелектерді ұстап алып, қанаттарын жұлып жатыр.
– Әлішер, – деді Бұлан бар ерік-жігерін қолға алып, – табиғатқа зиян тигізгеніңді доғар!
Құмырысқалар шайқасына ыржалақтап мәз боп тұрған Әлішер тосын дауысқа еріне басын бұрды.
– Не деп тұрсың, інішек! – деді орнынан түрегеліп. Бекзаттың аяқ-қолы қалтырап, сасып қалды. Бұлан да қызарып, бозарып «бекер келдік пе» дегендей артқа шегіншектей берді. Бірақ жүрек дауысы «берілме, қайтпа» дегендей қайта бойын тіктеп:
– Құмырысқаны өлтірме, құстарды атпа деймін.
– Ал сөйтсем, не істей аласың?
– Сонша өшігетіндей табиғат саған не істеді?
– Керісінше аяқ астымызға кілем боп төселіп, жаурасақ – жылу, ашықсақ – ас боп жатқан жоқ па? – деді Бекзат та батылданып.
– Өй, мыналарға тіл бітіпті ғой! – деді бері жақындап келе жатқан Сәрсен.
– Сазайын беру керек, – деді Бақтияр оны қостай жөнеліп. Дәнекер зақпысын көкте ұшып жүрген қарлығаштарға көздеп тұрып, тартып кеп жіберді. Мүлт кетті.
– Қап, қолыма түсерсіңдер бәлем! – деп ол да Әлішердің маңына жуықтады. – Сендерге не жорық? – деді шырт түкіріп.
– Анау шашқан тамақ қалдығын тазалаңдар, – деді Бұлан жердегі қоқысты меңзей, оларға әмір етіп. Бұзақылар болса қарқылдап күліп алды. Әлішер қатуланып Бұланның қасына жақындап келді. Өзінен бір сынып жоғары оқығанына қарамастан Бұлан Әлішердің кеуде тұсынан келетін.
– Не қорықпайсың ба? – деді желкесінен ұстап.
– Қорықпаймын, – деді Бұлан қорқып тұрса да қорқынышын жеңіп. Осыны естіген Әлішер оны желкесінен ұстаған күйі көтеріп алды.
– Енді ше?
– Сонда да қорықпаймын, – деді Бұлан аяғы ауа қармап. Бекзат тыпыршып не істерін білмей дал.
– Онда, өзіңнен көр, – деді де Бұланды көтерген қалпы лақтырып қалды. Қалпақтай ұшып жерге түсті. Демде аяққа тұрып алыса кетпекші болды да, төніп келе жатқан жандайшаптарын көріп, айнып қалды. Екеуі артқа шегіншектеп, келесі жолы ақылмен келерміз дегендей бір-біріне ымдап қаша жөнелді.
– Қорқақтар, бері келіңдер! – деді бұзық балалар бұларға айқайлап.
– Зұлымдық жасауды тоқтатпасаңдар, біз қайта келеміз! – деді Бұлан артына бұрылып, жұдырығын түйіп.
– Қарай көр өзін! Шамасына қарамай сес көрсетіп қояды, – деді Әлішер тісін қайрап.
Алайда, көктем өтіп, жаз келді. Әлішер мен оның достары табиғатқа зұлымдық етуін доғарған жоқ. Бұлан мен Бекзат та ендіге оларға «қойыңдар» деп тосқауыл болмады. Әлішердің күштілігінен тайсалған қалашықтағы балалардың көбі соның ығына жығылып, айтағымен жүре бастады. Олар, батылдық деген – табиғатқа өктемдігіңді көрсету, қирату, бұзу екен деп ұқса керек. Қалашықтың ең әдемі орталық саябағынан көрік те қалмады. Қалашық күннен күнге азып-тозып бара жатты. Ақыры күз де келіп жетті. Тоз-тозы шыққан кейбір нысандар күз келген соң одан бетер сықпытсыз кейіпке енді. Ауа райы күннен күнге суып, айналаны қалың бұлт орап, жұрт үйлеріне тығыла түсті. Жапырақ етегін сүйретіп күз ханша кеткен соң, ізін суытпай қылышын сүйреткен қыс та келіп жетті. Анда-санда ғана қырау мен мұнардан күн көзі әзер көрінетіні секілді, қылау басқан терезелерден кісі қарасы менмұндалап қалады. Балалар, қала тұрғындары, бәрі де көктем келуін асыға күткен-ді. Қар еріп, тоң жіби бастағанда халық көктем жақындап қалды дегендей өзара қуанысты. Қар ерігенімен күн суығы қайтқан жоқ. Күз кейіпті сүреңсіз мекен жасыл желекке оранбады. Ағаштар бүр жарып, жемістер гүл ашпады. Қыр, бөкке бәйшешек шықпады. Жылда қайтып оралатын құстар легі де еш оралмады. Жұрт басын шайқап, табиғаттың мұнысына қайран қалған-ды. Бейуақта кісі көлеңкелері «құстар отанын сағынбайтыны қалай» деп күбір-күбір бас шайқады. Не керек, апта өтті, ай өтті... Бірақ көктем оралған жоқ...
Мұнда бір гәп барын іштей түйсінген Бұлан, күнде теңіз жағалауында күнұзақ отырып көктемді күтеді. Ашық теңізге кеткен әкесін қарсы алғандай – көктемді қарсы алмақ. Әкесі өзімен көктемді ерте келердей жанарында үміт оты жылт етті. Бірақ, теңізден әкей тек өзі оралды. Жүзін суық қарып, еріні кеберсіп жағалауда отырған бұған:
– Баламысың деген! Мені күтетініңді білгенде бірге ала кететін едім ғой, – деді әкесі күс-күс саусақтарымен шашын салалап. Үйге келген соң шешесінің де өңі қашып, жүзі бозарып, әдеттегі сұлу дидары солып бара жатқанын аңғарды. Жалғыз үйі ғана емес, күн өткен сайын қала тұрғындарының да жағдайы нашарлап, астық-өнімдері де аяқталуға таяп қалған-ды. Ал көктем болса кешіккен үстіне кешіге берді. Бұлан, «көктем келмесе халықтың қамы қалай болмақ» деген уайыммен бір әрекет жасау керек деп бекінді. Түн баласы осы ой жетегінде дөңбекшіп шықты. Келесі күні Бекзат досымен тұйық көшеде жолығысты. Түнімен ойластырған жоба-жоспарын досына бүкпесіз айтып шықты.
– Мен бүгін-ертең кешіккен көктемді іздеп жолға шықпақпын.
– Қайда-а-а? – деді Бекзат шалыс естідім бе дегендей.
– Теңізді жүзіп өтіп, жасырын аралдан табармын деп ойлаймын. Әкем бір ретте теңізге көз тастап тұрып «анда мәңгілік көктем аралы бар, онда күз бен қыс ешқашан болмайды» деп айтқаны бар. Ол жақта мәңгі тұрақтап қалса қалсын, бірақ, бізге де бір уақ жылына үш ай келіп кетсе-ші, – деді Бұлан жабырқап.
– Көктемнің не үшін кешеуілдетіп жатқанын мен білем. Себебі, Әлішер бастаған біздің ауданның бұзықтары жайнап жатқан тұмса табиғатқа қиянат көрсетеді. Соған көктем ренжіп қалған шығар.
– Екеуміздің ойымыз бір жерден шықты. Мен де солай ойлаймын. Сол үшін Әлішермен жолығып, табиғатқа еш залал келтірмейтіні жөнінде келісімшартқа отыру керек. Сонсоң менің көктемді іздеу саяхатым басталмақ.
– Расында да, көктемсіз әлем сондай суық, неткен үрейлі...
Екеуі тұйық көшеден жоғары өрлеп, Әлішер мен оның достары тұратын маңға қарай аяңдады. Әдеттегідей олар тиісерге қара таппай тұрған болатын. Бұлан мен Бекзатты көре салысымен:
– О, табиғат сақшылары келе жатыр. Қашайық... – деп бірі әжуалай бастады.
– Қайда, сендер қорғамақ болған құстар, жәндіктер? – деді мысқылдаған Әлішер.
– Біз сендермен келісімшартқа отырайық деп келдік. Мына қағазға қол қойсаң, – деді Әлішерге қалам мен парақты ұсынып.
– Бұл тағы қай сандырағың, – деген Әлішер қағазды қолына алып «Табиғатқа залал келтірмейміз деп ант-су ішеміз» деген сөйлемді ежіктеп оқып шықты. – Мен мынаған қол қоюым керек пе?
– Дәл солай ешбір құсты атпайсыңдар, жәндіктерге зиян тигізіп, ағаштарды сындырмайсыңдар!
– Әйтпесе не?
– Әйтпесе, көктем келмейді... Осылай суық күн мәңгік қалып қоймақ. – деді Бұлан қалай да олармен келісуге асығып.
– Өй, мынау осындай сандырақты қайдан естіп алады-ей? – деді тағы бірі ду етіп. Әлішер қылжағын жалғастырып:
– Әкел қол қойсам қояйын. Көрелік көктем келер ме екен, келмес пе екен? – деді де параққа шатпақтап қол қойды да Бұланға қайта берді. Қағазды қалтасына салған Бұлан кете беріп, бірер адымнан соң бұрылып:
– Есіңде болсын сен бәрі үшін қол қойдың. Енді табиғатқа зиян тигізбейсіңдер, – деді.
– Бар-бар, көреміз... – деп балалар жамырасты. Ойындарын жалғастырып, бір-бірімен алыса кетті.
Бұлан таң бозында керек-жарағын асынып айлаққа қарай жол тартты. Төменгі көшеден құлдилап жүгіріп келе жатқан Бекзатты көзі шалып қалды.
– Қайда жол тарттың, жолаушы? – деді Бұлан ересек адамша. Тосын дауысқа тосылып қалған Бекзат дереу тоқтай қап Бұланға көз тастады.
– Сен кетіп қалды ма деп алып-ұшып бара жатқан бетім еді.
– Шығарып салудың қажеті жоқ. Бекер әуре болғансың!
– Шығарып салуы несі, мен сенімен бірге барам...
– Жоқ, сен осында қал! Анаң уайымдап қалса тағы... Оның үстіне менің жоқтығымды да білдіртпейсің...
– Сен осы қалашық тұрғындары үшін басыңды бәйгеге тігіп, қатерлі сапарға бара жатсың. Жаныңа серік болсам, «бірлесіп көтерген жүк жеңіл» болмас па?
– Еш қам жеме! – деді әкесінің анасына ылғи жаңа сапарға шығатын кезде басу айтатыны тақылеттес.
Екеуі айлаққа жетті. Таңның алғашқы шуағы теңіз бетіндегі толқын тамшыларына шағылысып жатыр. Құдды бір шытырман сапарға шақырып-ақ тұрғандай. Бұлан әкесінің қайығын оталдырып қойды да, дорбасын қайық үстіне тастады.
– Ал Бекзат мен келгенше біздің қалашық саған аманат. Бұйырса көктемді ертіп келем, күткін, – деді де екі дос арқа қағысты. Теңіз бетінде толқынға қарсы жүзген жалғыз қайық ұзаққа бет алып бара жатты. Күн шуағы қайық үстіне түсіп шағылысқаны сонша құдды бір желкенді елестетеді. Ал жағалауда жалғыз қара боп Бекзат қолын бұлғап қала берді.
Күшейген толқынға, тұрған дауылға қарамастан Бұлан алған бетінен қайтпай алға ұмтыла түсті. Осылай қанша уақ жүргені белгісіз. Қарыны ашқанда дорбасындағы ас-ауқатын талғажау қылады. Әкесі нұсқаған «мәңгілік көктем» аралына қарай жүзе берді. Ойламаған жерден жолсерік болайын деді ме ерке дельфин теңіз үстіне секіріп шықты. Достық ықылас танытқандай қайықтан қалмай, бірге жүзіп келеді. Кенет дельфин бағытын солтүстік-шығысқа қарай бұрды.
Ал Бұлан ойлаған бағыт басқа тұс болатын. Дельфин неге екені бұған қайта жуықтап жүзіп келді де, «былай қарай» дегендей айналсоқтап алдыңғы бағытқа қайта түсті. Ымын түсінген Бұлан бірден қайықты дельфиннің соңына қарай бұрды. «Бір білсе осы дельфин білер, одан басқа мына теңізде серігім жоқ» деген оймен соңына ілесті. Көп ұзаған жоқ, ұзақтан жат бір арал менмұндалайды. «Дельфинге ергенім қандай жақсы болды» деді Бұлан қуанышы қойнына сыймай. Миссиям тамамдалды дегендей ерке дельфин өз жөнімен кете барды. Бұлан рақметін айтып, қолын бұлғап қалды. Теңіз ортасындағы жалғыз арал кісі қарасындай мөлдірейді. «Әй, жолаушы, кел бермен. Алыстан келдің, шаршадың, дем ала ғой» деп арал ағаштары қол бұлғап шақырғандай желге әнтек тербеледі. Жағаға жетті. Ып-ыстық, мамыражай мекен. Суықтан келген ол үстіндегі күпісін шешіп, қайықтың бір бұрышына тастады. «Ендігі бағытым қалай» дегендей айналасын барлап шықты. Аралда құлаққа ұрған танадай тыныштық. Ескен самал ғана қамыс пен шөп-шалаңды күйге бөлеп, сыбызғы тартып жатқандай. Мектепте биология пәнінен оқыған ағаш-өсімдіктердің түр-түрі кездеседі. Алдыға ұмтылып әкесінің ыстық құшағындай қалың жыныс ішіне енді. Алдыға адымдап, бүкір ағаштың үстіне шықты да қолымен көзін көлегейлеп жан-жағына қарағаны сол, оны ғажайып көктем қарсы алды: жайқалған гүлзар бақ; қолын көкке созған діншілдей – сан ағаштар; неше-түрлі аузыңның суы құритын жеміс-жидектер; сарқырап аққан сарқырама; мөлдір тұма, бәрі-бәрі – оның жанын жадыратып жіберді.
Ол аздай ұшқан құстар мен жыбырлаған жәндіктер, жан-жануарлар, түрлі тіршілік иелері көз жауын алады. «Әкем айтқан «мәңгілік көктем аралы» деген осы екен ғой» деп қайран қалды. «Ал қалашыққа көктемді қалай апарам» деді көкейіндегі сауалға жауап таппай. Осыны ойлағаны мұң екен, өзі үстінде тұрған қисайған ағаш қозғала жөнелді. «Мынау қайтеді-ей» деп бұтасына жармаса бергенде әлгі ағаш ауыр қозғалып, түрегелді. Бұлан сырғып барып ағаш «иініндей» болған бір бұтағына міне қалмасы бар ма!
– Шырт ұйқымды бұзған қай пәтшағар?! – деп әлгі бәйтерек жуан дауыспен жан-жағын барлай қарады. Бұлан ағаштың қозғалғаны былай тұрсын, сөйлегенін естіп бойын үрей билеп кетті. – Қайда тығылып қалдың, әй, жүгермек? – деді қарлыққан дауыспен. «Ұрлығым түбі ашылар, оданда жайымды айтайын» деген оймен Бұлан:
– Кешіріңіз бәйтерек, – деді даусы діріл қағып. – Мен... сонау...
– Қайсысың? Қайдасың? – деді қарт-бәйтерек оңға бір, солға екі қарап.
– Мұндамын, сіздің үстіңізде, – дей беріп еді, әлгі қарт-ағаштың қолдай бұта-шыбықтары қозғалып келіп, Бұланды көтеріп алды. Дәл көз алдына алып келді де қарт-ағаш оған таңырқап қарады.
– Адам баласы екенсің ғой... Бұл жақа кісі қарасы баспағалы қай заман, – деді терең ойға шомып. – Жас терек күнімде сен сияқты бір бұзық бала осылай біздің аралға тап болған-ды. Онымен серік болып, «мәңгілік көктемнің» түрлі қызығын көрсетіп, айналаны тамашалатқанмын. Кейін ол қайта өз мекеніне оралған. Содан бері екінші рет келіп тұрған мына сен. Сол келген бала әлі есімде... Сен соған ұқсайсың ба, қалай өзі?!.. Жә, жарар, бұл мекен адам баласына арналмаған. Көп тұрақтауға болмайды. Келген жөніңді айт.
– Ата-терек, – деді Бұлан қашаннан үлкенге құрмет көрсететінін аңғартып. – алдымен тыныштығыңызды бұзғаным үшін кешірім өтінем. Ал келген себебім қанша айдың жүзі болды біз тұратын қалашыққа көктем кешеуілдеп, келмей жатыр. Бүгінде күзден еш айырма жоқ – қара суық. Тоңазыған халық – азып-тозып, шырқы бұзылды. Дән егіліп, астық өнім алу керек едік, ол да – жоқ. Жұрттың жағдайы мәз емес. Айналаны қымбатшылық жайлап алды. Осының бәрін көріп тұрып бейжай қарап отыра алмадым. Әкем айтып жүретін «мәңгілік көктем» қиссасын бала күннен құлағыма құйып өскен соң ба, иланғаным сонша осы бағытқа қарай бет түзедім. Міне, келген жайым осы! – деді Бұлан. Аз-кем ойға шомған қарт-терек баланың батылдығына тәнті болған еді.
– Ендеше, балақай, Мәңгілік көктем тұрғындарынан сенің қалашығыңа неге бармағанын жеке-жеке сұрастырайық. Не үшін ол қалашыққа көктем оралмады екен? Не себепті мезгіл өз міндетін тиянақты орындамапты, білейік! – деді де баланы қайтадан иықтай қалың бұтасына отырғызған бәйтерек алға адымдай түсті. Осы сәтте тосын дауыс төменнен естілді.
– Бәйтерек келе жатыр. Әрқайсысың өз жаппаларыңа тығылыңдар, – деп айқайлады әлдекім. Қараса – кәдімгі құмырысқа.
– Әскер құмырысқа біз таптап кетеді деп дабыл қағып жатыр. Шеткері жүрейік, – деді бәйтерек. Тұрғын құмырысқалар илеуіне қарай асығып бара жатса, әскер құмырысқалар сап түзеп, келер қауіпке қарсы тұруға сақадай сай тұр. Шеткерірек тоқтаған қарт-терек:
– Ал алғаш кездескені мына құмырысқалар. Бұларда мәңгі көктемнің бір бөлшегі. Сұрайық, биыл не себепті қалашыққа бармаған екен, – деді де Бұланды иығынан көтеріп жерге түсірді. Бұлан о заманда, бұ заман құмырысқамен сөйлесем деп ойламаса керек. Сонда да ес білгелі ешбір жандыға зиянын тигізіп көрген емес-ті.
– Құрметті құмырысқалар, – деді олармен қалай сөйлесерін білмеген күйі сасып, – не себепті біздің қалашықтан ат ізін суыттыңдар?
Арасындағы бір құмырысқа саптан сытылып шығып, тік тұрды да:
– Әй, балақай, сендер-адамдар қызықсыңдар! Бізге неге келмедіңдер дейсің, ал барсақ түгімізді қалдырмай көзімізді жоясыңдар. Біз кішкентай болғанымызбен мына әлемнің бір бөлшегіміз.
– Иә, солай, – деді саптан тағы бір құмырысқа шығып. – Біздей бейбіт тұрғындарды бір-бірімен төбелестіретіндерің аздай, аяғымызды жұласыңдар. Илеуімізге су төгіп, үйіміздің быт-шытын шығарасыңдар. Айлап-апталап жиған қаншама астығымыз бір күнде еш болады.
– Осыдан соң бізге «келмейсіңдер» деп айтуға қалай дәтің барады? – деп көп құмырысқалардың арасынан бірінің дауысы шәңк етті. Осы у-шуды ұшып бара жатқан құстар естіп қалса керек, бәйтеректің үстіне қонақтап құлақ сап тыңдап тұрған-ды. Құмырысқалар сөзін аяқтай салысымен олардың арызын жалғап, торғай бүй деді:
– Ал бізді ше, аспанның көркі болған құстарды зақпымен атады. Қонарға ұя таппай жүрген біз байқұстарда не жазық?
Абдырап қалған Бұлан не дерге жауап таппай тосылып қалды. Осының бәріне кінәлі өзі сияқты өкініш білдіріп тұр.
– Расында, құстар, сендерсіз аспанымыз сәннен айырылды. Көктің өзі жетімсіреп қалды.
Қарт-теректің үстіне қонған сауысқан саңқ етіп:
– Адамдардың қатігездігін айтып тауыса алмаймыз... Жан-жануар, құрт-құмырысқа, құстар түгілі өздерін де аямайды. Ел мен ел соғысып, бірінің жеріне бірі көз тігіп жатқаны анау! Сол үшін де бұдан былай адамдар – өздері бөлек, біз табиғат – өзіміз бөлек, жеке-дара өмір сүрейік! – деді.
Кенет ғажайыпқа толы аралдың барлық жанды-жансызы қозғала тербеліп:
– Солай-солай, адам баласы бізді жайымызға қалдыр! – дегенде Бұлан аузына құм құйылғандай абдырап қалды. Кенет Әлішердің қолхаты есіне түсіп, дереу жан қалтасын қармана түсті.
– Ендіге сіздерге біздің қалашық тұрғындары зиян тигізбейді. Бәрі де сотқар Әлішер мен достарының кесірі. Олар «енді табиғатқа зиян тигізбейміз» деп ант-су ішкен. Міне, хаттамасы! – деді Бұлан қолындағы бір жапырақ қағазды айналадағы табиғатқа көрсетіп.
Ағаш жапырақтары арасынан кувшиннен төгілген шырындай – күн сәулесі сүзіліп, түсіп тұр. Көктем аралы үнсіз. Мұнан соң түгел теріс айналды да, жайларына кетті. Қарт-бәйтерек Бұланның еңсесі түскенін көріп, жанашырлық танытты ма, алақандай шыбықтарымен оны көтеріп алып үстіне отырғызды.
– Ал, балақай сапарды жалғастырайық. Мүмкін, анау керім гүлзар бақтың гүлдерінің беті бері қарап қалар, – деген ата-терек асықпай-аптықпай жүре берді. – Мен де кезінде сендердің орманда жас терек боп өскем. Түрлі бұзық балаларды көрдім. Ана бұтамды, мына шыбығымды сындырып жататын. Бір күні кім екені беймәлім есерсоқ біреу келді де, шырпысын жағып орманды өртеп жіберді. Сонда біз ағаштар бас сауғалап жан-жақа қаша жөнелдік. Сондағы көбіміздің келген бетіміз – осы арал. Бұл мекен бізге жайлы. Адамдардан, яғни қауіп-қатерден алыспыз. «Мәңгілік көктем» аралы барған сайын көріп тұрғаныңдай ұлғайып келеді. Себебі, адамзаттан қашып, көңілі қалған табиғат-ана осы маңды паналайды. Келгені... әлі келері қанша... – деді қарт-ағаш балаға жан сырын ақтарып.
– Адамдар арасында ала да, құла да бар. Жаман адамдар кесірінен жақсы адамдар да жапа шегіп жатыр. Көктемге айтшы, біздің өлкеге келсін. Бұзақылар зиянын тигізбейді, оған жол бермейміз. – деді Бұлан көз алдына өзі тұратын қалашық тұрғындарының азып-тозғаны елестеп.
– Оның рас! Адам мен табиғат етене жақын, егіз ұғым. Табиғат пен адамзат – ана мен бала секілді. Ана баласын өзектен теппес, десе де реті келгенде қатал болады. Ал бала анасының тілін алмай, ренжітіп жататынына қайранмын.
Сан түрлі жайқалған гүлдер өскен гүлзар баққа келген соң, Бұлан өзді-өзі сөйлескен гүлдерге қарап таңқалды. Әуезбен, әндетіп тілдеседі екен. Бірі ұзағынан ән шырқап жатса, енбі бірі қысқа қайырады. Бұлан ғажайып музыкаға құлақ түрсе – өмірдің ғажаптығы, көктемнің сұлулығы, әлемнің шебер жаратылғаны жөнінде ұзын-сонар жыр толғап жатыр екен. Қарт ағаш шыбығымен дирижер құсап ауаны тіліп қалғаны мұң екен, гүлдер тына қалды.
– Жолдастар, кешіріңіздер, әңгімелеріңізді бөлгенім үшін... Мына, адам баласының сіздерге айтар бұйымтайы бар...
– Адам баласы бұл аралда қайдан жүр? Ол бізге зиянын тигізеді, – деді ләлә гүлі.
– Сақшыла-а-а-р! – деп қалғандары жамырай айқайлай беріп еді, қараң-құраңдаған қарағай көлеңкесінің ар жағынан әлдекімдердің қарасы білінді. Жер қайысқандай гүрс-гүрс еткен аяқ дыбысынан қалың қол келе жатқаны анық. Бұлан бойын үрей билеп қарт-ағаштың арқасына тығыла берген еді, жираф, піл, құртқа, жолбарыс не керек жан-жануарлар қаумалап алды. Солардың арасынан арыстан атып шығып ақырып қалғанда қалғандарының зәре құты қалмады.
– Келген жөніңді айт, әй, бала? – деді арыстан апандай аузын ашып.
– Көктемді шақыруға келдім, – деді Бұлан қысқа-нұсқа дауысы дірілдеп. Көкте жерге түскен күн сәулесін көлеңкелеп қыран ұшып жүр. Ол осы мекеннің аспанын қорғайтын сақшы екені анық.
– Саған көктемді бірге ертіп әкете алмайтының туралы ешкім тіс жарған жоқ па? – деді арыстан тағы да ақырып.
– Бәрін де түсіндім... Бірақ, қарт-терек айтпақшы, бәріміз, табиғат та, адам да – бір отбасымыз. Олай болса кедергі мен қиындықты бірлесіп шешейік, – деді Бұлан оларға әрі батылданып, әрі мейірленіп.
– Мен бұл баланы білем, – деді кенет гүлдеген өрік талдың басына қонған бұл-бұл. Ол адамша сөйлеп, артынан сайраған сайын, әуезді үні ауада моншаққа айналып жерге інжу болып түсіп жатты. Осы сәтте Бұлан мойнын созып бұл-бұл сайрауынан үзіліп түскен інжу тола атырапқа назар аударды. Күнге шағылысып қазына болып жатыр. – Бұл бала біле білсеңдер, сендер құсаған табиғат сақшысы. Былтыр мына көрші құрлықты мекен еткенімде осы баланың табиғатқа деген жанашырлығына куә болдым. Сынған шыбықтарды қайта егіп, жаралы жануарларға көмек көрсетіп, құстарға дән шашып, гүлдерді суғарып, айналасына мейірім-махаббатын көрсетіп жатты. Тіпті, құмырысқа басқан емес. Әрдайым айналасына қамқорлық көрсетіп жүреді. Құлағанға – сүйеу, дерттіге – дәрмен. Ал бұзақылар табиғатқа залал келтірерде, бірінші боп қорғауға ұмтылатын – осы бала, – деген бұл-бұл сайрап ұшып келді де, Бұланның иығына қонды. Сайрап жатқанында Бұланның алақанына бірнеше әуезді інжу сыңғыр етіп түсті. Бұлан жарқ еткен меруертті қайтерін білмей, абдырап, көзі жайнап қарап қалған-ды.
– Бұл менен саған сыйлық, балақай, – деді бұл-бұл. – Сенің табиғатқа қамқорлығың – кез келген байлықтан бағалы.
Бұл-бұлдың уәжін есгітен көктем жұртшылығы өзара сыбдырласып, баланың бұйымтайы хақында ақылдасты. Қандай шешім шығаратыны белгісіз. Бұлан «мынандай ғажап мекенде қалар ма еді, шіркін» деп жан-жағына көз тастап тұрған-ды. «Мен тұратын қалаға көктем келсе, бұдан кем бола қоймас», – деген оймен өніп-өскен туған жерін сағынғанын сезді. Осы кезде көктем тұрғындары бір ауыздан шығарған кесімдерін қарт-бәйтерекке келіп жеткізді. Қарт-ағаш қозғалыңқырап барып Бұланға соңғы сөздің қандай болғанын жеткізбек боп, тамағын қырнап қойды.
– Айналайын, адам баласы. Көктем тұрғындарының шешімімен көктемді сен тұратын өлкеге жіберетін болдық. Бірақ, адамдардан еш зиян келмеуі тиіс. «Мәңгілік көктемнің» сен үшін есігі айқара ашық. Ол жақта да табиғат сақшысы болғаныңдай, бұл жақта да біз сені табиғат қорғаушысы етіп сайладық. Осы қалпыңнан таңба! – деді қарт-бәйтерек Бұланды қайта үстіне көтеріп. Сосын көпті көрген ағаш ақылым болсын дегендей Бұланға өсиет айтты.
– Айналайын, көктем келмей тұрып, жүрегің көктемге айналсын! – деді.
Бұланға жан жақтан аста-төк жеміс-жидек әкеліп ұсынып жатты. Бұлан дәмі тіл үйірер жемістерді татып, ләззатқа батып, шалқи түсті. Дорбасына толтыра жеміс салып берді. Шуаққа оранған аралдан әуезді ән мен жадыраған көңілді қолпаштаулар естіліп жатты. Мұндайды күтпеген Бұлан қуанышы қойнына сыймай, алғысын білдірді.
Қарт-бәйтерек өз орнына келген соң:
– Ал, жолың болсын! Бұрын сенен алдын бұл аралға бір бала аяқ басып еді деп едім ғой. Ол бала бүгінде орта жастағы, ақыл тоқтатқан ел ағасы болар. Көріп жатсаң сәлем айт! Ал көктем, ізіңе ілесіп, сенімен бірге барады, – деді де қайтадан еңкейген күйі, жансыз ағашқа айналып, қатты да қалды.
– Сау болыңыз, – деді Бұлан дым түсінбей, басын изеп. Шашақты жапырақтарды ысырып, басын сұғып қараса мүлгіген табиғаттан басқа ешбір жандының қарасы білінбейді. Жаңа ғана шат-шадыман, мерекелі көңіл күй, шырқалған ән – бірінен із қалмаған. Кері бұрылып бұлт оранған суық қалашығына көктемді ертіп келе жатқаны үшін, әкесі құсап олжалы қайтқаны үшін қатты қуанды. Теңізді тіліп жалғыз қайық жүзіп келе жатса, баяғы ерке дельфин жуықтап «жолың ашық болсын, батыр» дегендей маңынан жүзіп өтті. Қарт-бәйтерек айтқандай Бұланның ізімен көктем еріп келе жатты: Күннің нұры жарқырап бұлың-бұлың қара бұлтты сейілтіп, семсердей сәуле түнекті тілгілеп, кескілеп барады. Бұлан жеткен әр жер жарқырап, жарыққа орана түсті. Ал қайық үстінде самғап ұшқан құстар ауаны сабалайды. Қалашықтан шетсіз, шексіз теңізге қараған тұрғындар таңдай қағысып қалды. Қалаға жақындап келе жатқан мамыражай шуаққа «бұл не құдірет» деп әлі түсінбей тұрған-ды. Әлішер мен оның достары да ызғар мен суықтан зықысы шығып, жалба-жұлба болғаны сонша осы уақыт аралығында көктемнің қадірін түсініп қалған-ды. Алыстан менмұндалап күн нұрына шағылысқан айнадай көпіршікке, теңіздей параққа жазылған жалғыз таңбадай – қайыққа көз тастаған Бұланның анасы орамалын түзеп, әкесіне:
– Анау қараңдаған кім болды екен? – деді.
– Біздің ұлымыз, – деді әкесі бойын мақтаныш кернеп. Бекзат та малақайын аспанға атып, айлаққа қарай жүгіре жөнелді.
– Алақай, көктем келе жатыр, көкте-е-е-е-м!
Бұлан айлаққа жеткенде оны қарсы алған қала тұрғындары қаулап алып, бата-тілегін жаудырып жатты. Әкесі ұлын мойнына көтеріп алды да:
– Маған ешкім сәлем айтқан жоқ па? – деді. Бұлан көзі жайнап:
– Сонда қарт-терек меңзеген бала – сізсіз бе?
– Солай, бұл біздің сырымыз, – деді әкесі көзін қысып.
Қалашыққа көктем оралып, айнала жасыл желекке оранып, жадырап-жаңғыра түсті. Әндеткен құстар, жайқалған гүлдер қалашыққа мерекелік көңіл күй сыйлады. Ешбір адам баласы табиғатқа зиян-залалын тигізбестен, керісінше, мейірім-махаббатын бөліп, қамқорлық көрсете бастады. Табиғат пен адам арасында үйлесімділік орын тапқандай. Қайта оралған көктем қалашықта да, адам жүрегінде де бүрлеп жатты.