Авторы: Алаш жолы
Қартайғанда қайғы ойлап, тәкаппар дүниеден баз кешіп, тіршіліктен ешбір опа таппай, ғұмырдың тереңіне бет қойған Абай дана: «жылап туасың, кейіп өлесің», – деген екен. Адам ғұмырында сол жылап туу мен кейіп өлудің екі ортасында қаншама сүрлеу соқпақпен жүріп, мыңмен жалғыз алысып ақыры дүниеден өтеді. Бұл – Адам ата жаралғалы бергі екі аяқты, жұмыр басты пендеге тән заңдылық. Жаратушы – біреу һәм мәңгі, ал пенденің ғұмыры шектеулі, өлшеулі. Жаратқанның пәрменімен бір пенде дүниеде – жалғанды жалпағынан басып жүріп, өлшеулі күні бітерінде шарасы таусылып, аманат жанын қимастан Раббысына тапсырса, бір пенде – тірісінде айналасына шуағын шашып, адамзаттың игілігіне қызмет ете жүріп, дүниеде иманын бекемдеп, кәлимасын айтып, бақытты пенделердің санатына қосылған күйі бақидың сапарына аттанып кете барады. Мұндай пендені Абайыңыз: адамзаттың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың, – деп шегелей түседі. Сондай пенделердің қатарында мақсаты мен мұратына адал болған ардақты тұлға – Мүрсейіт Бікіұлы еді. Мүрсейітке қатысты деректер саны саусақпен санарлық. Алайда Семейлік абайтанушы Әсет Мырзақасым 2009 жылы Мүрсейіт туралы «Абайдың әдеби хатшысы» атты жинақты құрастырған. Бұдан өзге санаулы дүниелер жазылғаны болмаса Мүрсейіт Бікіұлы жайлы зерттеулер там-тұм ғана.
Өздеріңізге белгілі 2019 жылы Мүрсейіт қолжазбасының 1905, 1907, 1910 жылғы нұсқалары негізінде Абай Құнанбайұлының «Китаб тасдиқ» шығармасына текстологиялық-терминологиялық сараптама жүргізе отырып, қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет мәтіннің транскрипциясын жасап шыққан болатынбыз. Осы жұмыстың нәтижесінде 2020 жылдың ақпан айында «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасы», сонымен қатар 2021 жылдың қаңтар айында «Абай. Китаб тасдиқ» атты қос ғылыми монография жарық көрді. Өте сұлу, байырғының сөзімен айтқанда, хұсни өрнекпен қадимше жазылған қолжазбаға сүйенгеннен кейін ұстазым Ақжол Қалшабек: «Мүрсейіт жайында мақала жазсаң болар екен», – деп үлкен бір салмақты ой тастаған еді. Ұстазымның кеңесі бойынша дара тұлға туралы осы бір дүниемізді жазбақ ниетпен ақ қағаз бен қара қаламды қолға ұстадық.
Абай шығармалары бүгінде жоғары деңгейде дәріптелуде. Мың шүкір. Кезінде Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Абайтану» ғылымының негізін салып, оны бір арнаға қойып кетті. Дәл осы «Абайтану» ғылымы Мүрсейіт болмағанда мүлде болмас па еді? Мүрсейіт болмағанда, оның ұлы Рақымбай болмағанда қалың елі, қазағы Абайдың кім екенін білмей кетер ме еді, кім білсін? Осы жайды көп ойланып, Мүрсейіт хақында азды-кем қолымыздағы бар мағлұматтарға сүйене отырып, оның және ұрпақтарының ұлт руханиятына жасаған теңдессіз жақсылықтары мен ерліктерін баяндауды жөн көрдік.
Мүрсейіт Бікіұлы 1860 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданындағы Қасқабұлақ деген мекенде дүниеге келіпті. Мүрсейіттің арғы-тегі жайлы Семейлік Абайтанушы Мұздыбай Бейсенбаев: «Тобықты Мүрсейіттің жетінші атасы – Әнет баба. Әнет баба Абайдың жетінші атасы Әйтекпен бір туысады. Әнеттің бір ұлы – Байболат. Байболаттан – Бақай. Бақайдан – Тоққожа. Тоққожадан – Көбікен. Мүрсейіттің әкесі – Бікі осы Көбікеннің немересі» дейді.
... Бізге жеткен мәліметтер бойынша Абай шығармаларын жазардан бұрын Мүрсейіт молда Семейде үлкен қызметтерде жұмыс жасаған. Дәлірек айтқанда, оязға тілмәш болып қызмет атқарған. Сол қызметте жүрген Мүрсейіт «Зағипа қыздың дауы» деген мәселеге араласып істі әділ, әрі осы Зағипаның ыңғайына шешіп береді. Қыз дауы өз нәтижесін бергенімен бұл Мүрсейіттің қызметіне кері әсер етіп, жұмысынан босап Өскеменге айдауға жіберіледі. Бұл жайлы абайтанушы ақсақал Мұздыбай Бейсенбаев былай дейді: «Мүрсейіт осы қызметінде жүргенде тағы бір жесір дауында қызға көмектесемін деп генерал-губернатордың мөрін оның келісімінсіз-ақ қағазға басып беріп, құтқарады. Кейіннен бұл ісі ұлық алдында әшкере болып қалып, жазаға тартылып, Өскемен жағына үш жыл мерзімге жер аударылады. Сол жақта Сұлушоқы болысы Терістаңбалы елінің Көнек деген руындағы нағашы атасы Рай деген кісінің қолында молдалық құрып, бала оқытады. Айдау мерзімі біткеннен кейін Тобықты еліне қайта оралады». Иә, бұл кезде Мүрсейітті қазақ әдебиетінің алдында жауапты да үлкен миссия күтіп тұрған еді.
... Әйтседе, хакім Абай көзі тірісінде-ақ жастардың арасында зор құрметке ие болған. Осындай абыройға кенелуге сөз жоқ Мүрсейіттің қосқан үлесі орасан. Бұл туралы Әлкей Марғұлан «Абайдың қолжазба мұралары» атты мақаласында: «Абай қолжазба мұраларының біздің әдебиетшілердің жақсы білетіні Мүрсейіттің қолжазбасы, не онан кейінгі көшірмелері. Бұны, Абай өлеңін толық қамтыған, аса бағалы, негізгі бұлақ көзі деуге болады. Бұл жинақтың тағы бір ерекшелігі, үлкен кітапханада сақталмай, ауылда, сандық ішінде сақталып келген. Сандық түбінде жатқан сирек қолжазбалардың көбі бізге жетпей, көшпелі тұрмыстың жағдайында жоғалып отырғаны зерттеуші ғалымдарға бұрыннан мәлім. Егер Мүрсейіттің қолжазбасының тағдыры тап осындай болса, онда Абай ақынды жарыққа шығару тіпті қиын болар еді», – деп Мүрсейіт молданың мұрасына жоғары баға береді. Сол кездің жастарына оп-оңай, мүлтіксіз көшіріп беріп отырғандығы – Бікі баласының сауатты да, терең білім иесі болғанын айқын аңғартады.
Мүрсейіт мұрасы – Абай шығармаларының асыл нұсқасы немесе қорымда жатқан қолжазба
Сәбит Мұқанов «Абай Құнанбаев» монографиясында Мүрсейіт туралы: «40 жастан кейін жазу жұмысына белсене кіріскен және атын ашып жазған Абайдың қолжазбалары бізге жеткен жоқ. Абайдың бірнеше қолжазбалары достарымен, оқудағы балаларымен жазысқан хаттары және өзі жинаған кітаптары революция жылдарына шейін сақталып, 1919 жылы Қызыл Армиядан қашып келе жатқан ақ бандылардың ылаңынан өртеліп кетіпті. Абай шығармалары бізге Мүрсейіттің қолжазбалары арқылы ғана жетті. Мүрсейіттің кім екендігін және Абайдың өлеңдерін оның қалай жинап жазған тарихын оқушы көпшілік әлі жете біле бермейді, сондықтан ол туралы Архам Ысқақов айтқан мына материалды бере кету қажет (Архамның аузынан бұл мәліметті 1944 жылдың күзінде жазып алдым С.М.). Мүрсейіт Бікіұлы руы тобықты. Оның ішінде – Әнет. Мүрсейіттің әкесі – Бікі жасында Құнанбайдың қолына көшіп келіп, малшысы болған, Мүрсейіт Ысқақтың балаларымен бірге Жақып молдадан мұсылманша оқиды. Зерек, ынталы Мүрсейіт Семейдегі интернатта екі-ақ жыл оқып орысша аз да болса хат таниды да, аулына қайтып кеп, балаларға мұсылманша және орысша сабақ береді.
Абай тірі кезде, Мүрсейіт оның өлеңдерін жинаумен шұғылданбаған, оған себеп мынау: Абай өзінің қолжазбаларын Махмуд деген молдаға, өз баласы Мекайылға, әйелі Еркежанның інісі Сүлейменге сақтатады екен. Абай өлгеннен кейін Мүрсейіт жинай бастаған және Абай өлеңдерін бастыру мақсатымен Кәкітай Ысқақов жинайды. Кәкітай Ысқақов – Абайдың немере інісі – 1870 жылы туып, 1915 жылы өлген. Кәкітайды Абай жақсы көреді екен. Абай 1882 жылы қыстай Семейде жатып кітапханадан кітап алып оқумен шұғылданғанда, Кәкітай Абайдың қасында болған. Осы кезде Абайдың үйретуімен Кәкітай орысша хат танып, жеңіл-желпі орысша кітаптарды өз бетімен оқып, түсініп кеткен. Жиналған өлеңдерді Кәкітай Мүрсейітке жаздырады. Себебі, біріншіден, Мүрсейіттің қолжазбасы анық және көркем болады, екіншіден, жыртылған я бас-аяғы жоқ қолжазбалардың жоғалған сөздерінің көбін Мүрсейіт жатқа біледі. Кәкітай 1906 жылы Абайдың өлеңдерін Мүрсейітке түгел жаздырып алады да, Омбыда бастыру мақсатымен (ол кезде Омбыдан жақын қалада мұсылманша шрифт болмаса керек) Семейге сатуға екі семіз түйе, екі құр атты жетекке алып жүріп кетеді. Абай өлеңіне құмартқан халық ішінен, оның жинағының басылып шығуын күтпей, Тобықтының өз руларынан да, Мүрсейіт көшірген Абай өлеңдерін қолдаушылар көбейді. Осыларға Мүрсейіт қолында қалған Абай өлеңдерінің бір данасынан көшіріп беріп, ақысына бір қой бес сом ақша алады. Осы әдетпен 1909 жылы баспадан шыққанша, Абайдың өлеңдер жинағы Мүрсейіттің қолжазбасымен көп елге тарап кетеді. Мүрсейіттің тарих алдындағы істегені осы, оның қолжазбасы қазір Абай өлеңдерінің текстология жағынан тексергенде негізгі деректердің бірі болып келеді», – дейді. Абай шығармалары – текстологиялық тұрғыдан қарағанда Мүрсейіт көшірмелерінің негізгі бұлақ көзі екенін Мұхтар, Әлкей, Сәбиттер де бір ауыздан растап отыр.
1909 жылы Тұрағұл мен Кәкітай осы Мүрсейіттің қолжазбасына сүйенудің негізінде ұлы ақынның жинағын Петербургтен тұңғыш рет кітап етіп баспадан шығарды. Бұл қазақ әдебиеті мен абайтану ғылымының ең үлкен жетістігі болған еді. Алайда жинақтың баспа бетін көруі оңайға түскен жоқ. Бұл жайлы Әрхам Ысқақов естелігінде: «1906 жылы жаз шығып киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып: сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз деп, оңаша қосқа отырғызады. Мүрсейіт асықпайтын, сұлу жазатын адам еді. Біріншісін тұтас екі бетке жазғызып, одан кейін бір жағын ақ тастап қайта көшіртіп, бір ай шамасында дайындатып алып Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті. Кәкітай малын ақшалап алып, Омбы қаласына кеттім деп хат жазды. Одан кейін Омбыда бастыра алмадым, Қазан қаласына жүріп кеттім деп тағы хат жазды. Бір жұмадан кейін үйге телеграмма келді, Қазан қаласындағы баспаханалар басуға уақыты болмады. Сондықтан Петербург баспаханаларымен шарт жасастым. Тез 200 сом ақша перевот ет деген. Айтқанындай 200 сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Ленинградтағы баспахана бір баспа табақ қағазға басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрады. Кәкітай оның қатесін түзеп, қайта Ленинградқа жіберетін болды, одан тағы қайта басылып келіп, қайтып отыратын еді. Осындай сергелдеңмен жүріп Абайдың бірінші өлең жинағы 1909 жылы, яғни үш жылда зорға жарыққа шықты. Ленинградтағы әріп терушілердің қазақтың сөзін ұқпауынан қатесі көп болды, толық түзеуге мүмкіндік болмады. Абайдың өмірбаянын қысқаша ғып Кәкітайдың өзі жазды», – дейді.
Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың себепкерлігімен Абайдың баласы Турағұл інісі Кәкітаймен ұлы ақынның тұңғыш жинағын осындай тауқыметпен жарыққа шығарады. Ал, Мүрсейіт молданың ерекшелігі – бірнеше адам жабылып жүріп жасаған жұмысты бір өзі жасауында...
Ұлы ақын өз заманында жастардың сауатты, білімді болуына баса мән берген. Абай бастаған сол дәуірдің көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары әр кеште бас қосып, малдас құрып, тарих пен әдебиет жайлы сұхбаттасуды күнделікті әдетке айналдырады. Бұл туралы Әрхамның естелігінде: «Енді Абай болыстықты Күнтудің қарамағына беріп, қолын ел тартысынан босатқан уақытта Халиолла Омбыдағы оқуын ойдағыдай бітіріп қайтады. Енді жоғары школға барып оқуға ниет қылып, бір жыл қырдағы үйінде жатып, дем алып, денсаулығын түзетпекші болады. Аулына келіп аздап тыныққан соң, ағасы Абай, Ысқақ, інілері Оспан, Смағұл, ағасы Құдайбердінің баласы Шәкәрім, ағайыны Ысрайылдың баласы Ысқақ, Ысқақтың көршісі Әнет Бікінің баласы Мүрсейіт, тағы осындай талапты жастарды кешке, оңаша киіз үйге жинай орысша оқуды, жазуды, сөйлеуді үйретіп, онымен бірге орыстың атақты жазушылары Тургенев, Лермонтов, Толстойдың повестерін, романдарын қазақ тілінде айтып беріп, ұқпағандарын жазып беріп, әдебиет кешін өткізіп отыруды әдетке айналдырады», – деген мысалының өзі көп нәрсені аңғарта түседі.
Абай дүниеден өткен соң Кәкітай Петербургтен 1909 жылы ақынның жинағын кітап етіп басып шығарған соң, ол жинаққа Абайдың сыршыл өлеңі мен қара сөздердің енбей қалғандығын Әуезов өз мақалаларында айтып өткен. Ал Мүрсейіт болса Абайдың жазған-сызғандарын сақтап, хатқа түсіріп отырады. Әсіресе, қара сөздердің көшірілуі оңайға соқпаған. Қара сөздердің ішінде кездесіп отыратын құран аяттары мен пайғамбар хадистерінің өте сауатты көшірілуі бұл да оңай шаруа емес. Солай бола тұра Мүрсейіт мұның барлығын жалғыз өзі атқарды. Осы тұста «Әуезовтің ұлы арманын» тілге тиек етіп кетпеске тағы болмас.
... Бұл туралы Семейлік абайтанушы Мұздыбай Бейсенбаев Абайдың Тұрағұлдан туған қызы Ақиламен кездескендегі әңгімесін былай деп жазады: «...осы арада тағы бір ой келеді. Әсіресе, кеңес дәуірінде Абай жинақтары аз басылған жоқ, тираждары да мол болды. Енді 150 жылдық тойға дейін Мүрсейіттің қолжазбасы бойынша Абайдың жеке, арнайы басылымын даярлап, кітап бастырып шығарса дұрыс болар еді. Мүрсейіт еңбегі сонда жарқырап шығар еді. Бір әңгімесінде Турағұлдың қызы Ақлия (1990 ж. қайтыс болған): – Мұқаңмен бір кездесіп әңгімелескенімде сөзден-сөз шығып, Мүрсейіт туралы айтқанда: «Мүрсейіт қолжазбасы бойынша бөлек Абайдың жинағын құрастыру ойда болып еді, оның моллалығы пәле болды ғой деп айтқаны есімде». Міне, Мұхаңның ұлы арманы.
Біз жақында ғана мұқым алаш жұртшылығынан сүйінші сұрадық. Өйткені, біз пақырыңыз хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Абай. Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» атты 712 беттен тұратын жаңа туындыны жарыққа шығардық. (Авторлар: Ақжол Қалшабек, Әзімхан Исабек). Бұл кітаптың ерекшелігі – Абай мұрасын көшірген Мүрсейіт қолжазбаларымен етене жұмыс жасаудан тұрады. Әрбір әріпке, әрбір сөзге қайтадан салыстырулар, жаңа зерттеулер жүргізілді. Жоғарыда атап өткеніміздей, осы еңбек арқылы ұлы Мұхтар Әуезовтің арманы орындалып, қайта жаңғырғандай. Мұнан өзге аталған кітапта Мүрсейіттен бөлек, Турағұл Абайұлы, Рақым Жандыбаев, Оразке Уақбайұлы сынды көшірушілердің қолжазбаларын қайта салыстырып, жаңа текстологиямен көмкерілген Абайдың шығармашылық мұрасын жаңа дәуір тынысымен зерделеп шыққанымыз үлкен олжа болғаны анық.
Кітапқа жанашырлық етіп, үлкен аудиторияға жетуіне себепкер болған қайраткер тұлға, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров ағамызға шексіз алғыс айту азаматтық борышымыз.
***
Тағы бір таң қалып, жан тебірентерлік дүниенің бірі – Мүрсейіт Бікіұлының және оның қолжазбаларының қилы тағдыры турасында айтып өтсек... Бұл жайында Мүрсейіт молданың Мүфтибек Рақымбай атты немересі өзінің естелігінде: «Мен Мүрсейіттің атақонысы Абай туған Қасқабұлақтың теріскейіндегі Шолпан деген жерде туыппын. Мүрсейіттің 6 ұл 1 қызы болыпты. Үлкені Рахымбек (Төлти) одан Тоқтар. Тоқтардан – Ақлия деген жалғыз қыз Семейдің Шар станциясында тұрады. Мүрсейіттің одан кейінгі Рахымберлі, Тілеубек, Мұхамедрахым, Рахманбек пен Зейнеп атты қызынан ұрпақ жоқ. Біздің әкеміз Рахымбайдан (Қисық) Мықтыбек екеуіміз, Інімнің әйелі Олжай ішінде өскен, ата руы ‒ көтібақ Сіләтайқызы Мәйке» дейді.
Дәл осы Мүфтибек Мүрсейіт молданың Рақымбай атты ұлынан туған. Рақымбайды ел-жұрт бір бетінен қайтпайтын, тура мінезді, өткірлігі мен шыншылдығы үшін «Қисық» атап кеткен деседі. Біз осы Рақымбайдың Абайға және қазақ руханиятына жасаған ұшан теңіз жақсылығы бар екенін айтпақпыз. Ол үшін Мүфтибек атаның мына бір естелігіне көз жүгіртелік: «1932 жылы халық барынан айырылып, жаппай аштыққа ұшырағанда Шолпандағы қоражай, салулы төсек, салқын үй, қасиетті атақонысты тастап, шешем Мағрипа екеуі менен кейінгі Нұритдин, Нәзипа деген екі бауырымды алып, Ақшоқы, Тақырбұлақ арқылы Қарауылға бет түзепті. Мен ол кезде 5 жаста, аяғыммен жүре алады екенмін. Кішкентай екі бауырымды аштан бұралған ата-анам өздері алып жүре алмай Тақырбұлақта шала өлік күйінде беттерін әрең дегенде таспен жабуға шамалары келіпті. Кейін ес жиып, етек жауып дегендей ел қатарына қосылғанда патефоннан Кененнің «Базарым-ау, Назарым-ау» әнін естігенде әкем бұлаудай болып жылаушы еді.
Сөйтсем, менен кейінгі екі баласының тірі өлік қайғысы шерін қозғайды екен. Әкем хат танымай-ақ, қиындық тауқыметімен сан рет бетпе-бет келсе де, ашаршылықпен ауып бара жатса да, әкесінің қолжазбасын Шолпандағы шешесі Ажардың қабірінің бас жағына су өтпейтін затқа орап, көміп кетіпті. Зұлмат жылдар өтіп, халық өз қоныс аймақтарына орала бастаған кезде, әкем де Қасқабұлаққа келіп, колхозға мүше болады. Қай жылы екенін тап басып айта алмаймын сол кезде Мұхтардың арнайы тапсырмасымен Алматыдан әкеммен жерлес, ескі замандас руы Көтібақ Сармұрзаның Ғайсасы келіп, Мүрсейіт қолжазбасына сұрау салған. Әкем Шолпандағы шешесінің қабірінің бас жағын қазғанда, еш жері бұзылмай сақталған атамның қолжазбасын Ғайса арқылы Алматыдағы Мұхтарға жөнелтіпті». Міне, тар заманның қапасынан аман шыққан Абай мұрасы біздің заманға осындай жолдарды жүріп өтумен жетіпті...
Тағы бір соны жаңалық, Мүрсейіт Бікіұлының – қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұстазы болғандығы. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, Әуезовтанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе» атты еңбегінде: «Мұхаң да сол арада Мүрсейiт Бiкi баласынан сабақ алады. Мүрсейiт – Абайдың хатшысы, жан-жақты өнер иесi болған адам. Ол өз шәкiрттерiнiң қолын жаттықтырушы үшiн оларға үнемi Абай өлеңдерiн көшiрткен және сол өлеңдердi жаттатқан. Қазiр Абай ауданы Мұхтар Әуезов совхозында тұратын Мүрсейiттiң баласы Рақымбай ақсақал (1886 жылы туған) былай дейдi: «Жасымның есейгенiне қарамай әкем менi жылда оқытатын. Мұхтармен де бiрге оқыдым. Мұхтар басқа балалардай әкемнен қашпайтын. Әлi есiмде, әкем жылда алғашқы сабағын бастағанда «Абайды бiлесiңдер ғой. Абай деген сөздi жазып үйренемiз», – деп бастаушы едi» («Семей таңы», 17. 11. 1967 ж.)» деген ерекше дәлелді алға тартады.
Ал Мүрсейіттің перзенті Рақымбайға келер болсақ, ол мана Билалдың жалшылығында жүріп, болыстың қамшысына жегіліп, қар төсеніп, мұз жастанып Билалдың малын бағып күнелткен. Билал бірде Рақымбайға «иттің баласы» деп қатты тіл тигізеді. Бұл сөзге шыдамаған Мүрсейіттің ұлы қатты ашынып былай дейді: « – Қарағым Билал! Неге мені иттің баласы дейсіз? Менің әкем кісі емес, ит пе еді? Өз әкең Кәкітай Абайдың кітабын сонау Петерборға барып зорға шығарғанда менің әкем сол жарықтықтың өлеңдерін өз қолымен жазып, тамам жұртқа, алдымен өздеріңе таратқан Мүрсейіт емес пе еді?» деген ызалы жолдарды естеліктен оқығанымызда жағамызды ұстап, тебіренгеніміз жасырын емес. Міне, өздеріңіз байқағандай Мүрсейіт ұрпақтарының да, көшірген қолжазбаларының да бүгінгі күнге жетудегі жолы небір бұралаңдарға толы болған. Бекен Исабаевтың «Ұлылар мекені» кітабындағы мәліметке сүйенсек, тар жол, тайғақ кешіп ғұмыр сүрген Рақымбай Мүрсейітұлы 1971 жылы 88 жасында дүние салады.
Құрметті оқырман! Қолымыздағы мағлұматтарды саралап, сараптап, сүзгіден өткізе келе біздің анық ұққанымыз, ең әуелі, тақырыбымыздың аты айтып тұрғандай – Абайдың әдеби хатшысы, Әуезовтің ұстазы дегенде осы Мүрсейіттің есімі аталуының ғылыми тұрғыда салмағы зор екенін білгеніміз ләзім. Екіншіден, бұл кісі абайтанудың Әуезовке дейінгі кезеңінің белді, ірі өкілі һәм мүйізі қарағайдай абайтанушылардың бірі, бірегейі ретінде дәріптелуі керек деп санаймыз. Үшіншіден, қилы заманның қысымына қайыспай, небір теперіштермен арпалыса, күресе жүріп, бүтін бір ғылыми-зерттеу институт жасайтын жұмысты Мүрсейіттей тұлғаның бір өзі атқарып кеткендігі былайғы жұртты таңдандырмай қоймасы анық. Ал ең бастысы, Абай заманының «баспаханасына» айналған Мүрсейіттің алтынға бергісіз қолжазбалары – абайтану текстологиясының негізгі арқа сүйер тірегі қала берді эвересті. Бұл – аксиома...
Сондай-ақ абайтануға өмірін арнаған қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы Мекемтас Мырзахметұлы Абай шығармаларының осы күнге дейінгі басылымдарын толығымен сараптай келе текстология туралы мынадай қорытынды жасайды: «Ұлы ақын мұрасы төңірегінде түбі істелуге тиіс жайларды дәл осы арада айту да орынды сияқты. Ол – Абай шығармаларының шын мәніндегі академиялық жинағын шығару және мұндай сипаттағы жинақты даярлау үшін істелетін істер. Бірінші, Абай шығармаларына арнайы текстологиялық зерттеу жұмысын жүргізу. Бұл – әрі зор ғылыми мәні бар жұмыс, әрі бұл – біздің мұрагер ретіндегі борышымыз. Өйткені Абайдың асыл сөзі – бір буын емес, сан буындарға тәрбиеші. Ол өз ұрпақтарымен заманнан-заман өткізіп бірге жасамақ. Осынау өлмес сөзге қазіргі буынның иелігі мақтаныш. Ал бұл иелік соңғы буынға ауысқан шақта біздің мұрагерлік дәрежеміз де сол болмақ. Сол үшін де өзіңнен ілгері кетер ғасыр жүгін келер буынға ұзатып салу – үлкен сын.
Ол сынға ақын мұрасын біздің рухани азық етіп тұтыну дәрежеміз, зерттеп білу, тану дәрежеміз – бәрі жатпақ. Ал ақын шығармаларының текстологиялық зерттеулер негізінде анықтайтын, толықтыратын, аша түсетін, жанама түсініктерді керек ететін мәселелері көп. Абай шығармаларының үлкен академиялық жинағын – түпкілікті канондық тексін шығару үшін әуелі Мүрсейіт көшіріп алған 1905, 1907, 1910 жылғы қолжазбалардың, Жандыбаев пен «Шыңғыстау» қолжазбаларының фотокөшірмесін бір том етіп жариялау, ол қолжазбалардың транслитерация (араб әріптерін қазіргі әріптермен дәл ауыстырып көшірген үлгі) нұсқасын бір том етіп жариялау, Абай шығармаларының текстологиясына арналған үлкен зерттеу жинақ шығару, Абайда көптен кездесетін термин сөздер мен мәнін түсіне қою қиынға соғатын сөздердің анықтама сөздігін жасау сипатындағы бір алуандас шараларды іске асыру керектігін осы басылым көрсетті», – деп алда атқаратын ғылыми жұмыстың басым бағытын анықтап ойын сабақтайды. Иә, арқадан ерген артқы толқынның қамын жеу бәріміздің ортақ борышымыз. Біздің міндет – болашақ буынның алдында шарық-шаманың жеткенінше һарекет жасау. Берекет Алладан.
Дана Абайдың Абай сөзімен айтар болсақ:
Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін, –
дегендей сол көптің игілігі үшін тырбанып, адамзаттың қарызы үшін еңбек етіп, тағылымды ғұмыр кешіп, кейінгіге тәлімді сөз қалдырған, ұлылардың адамзаттық деңгейге көтерілуіне себепкер болған дарабоз тұлғаларды ел ұмытпаса, керісінше ұлықтаса деген ниет қой біздікі!