Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Бала жақсы болуы – нағашыдан
277
оқылды

Авторы: Қаршығалы

(Абай Құнанбайұлының Қарқаралыдағы іздері және нағашы жұрты туралы тың деректер. «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде)

Абай – қазақ ақыл-ойының биігі. Сондықтан да қазақ халқы өзінің арғы-бергі тарихында Абайдай ұлы ойшылдың болғаны үшін мерейлі. 

Абай Құнанбайұлы 1845 жылы 10 тамызда бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезіне қарасты Шыңғыстау деген жерде дүниеге келді. Абайдың өз аталары – арғынның тобықты руынан тараса, нағашы жұрты – арғынның қаракесек руынан. 

Абайдың анасы – Ұлжан Тұрпанқызы (1810-1187) – өте сабырлы, кең мінезді әрі сөзге ұста, тапқыр, шешен кісі болыпты. Кейінгіге жеткен деректерге қарағанда Ұлжан апамыз қалжың сөзге ұшқыр, ешкімге сөзден есе жібермейтін адам болғанымен, әйелге тән ұстамдылыққа салып, әрі ері Құнанбайдың алдына түсуді жөн көрмегендіктен, өзінің талант-қарымын тежеп ұстаған екен. Абайдың ақындық, шешендік асыл қасиеттерінің анасынан дарығандығы туралы әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында тамаша суреттелген. 

Абайдың нағашы жұрты – арғын қаракесектен тарайтын шаншар елі ежелден тапқыр сөзге шешендердің көптеп шығуымен ерекшеленген. Әзіл сөзді ту еткен осы елді былайғы қазақтар «шаншардың қулары» деп атаған. Шаншардың Нұрбике деген әйелінен туған Бертіс биден Мөшке, Битен, Шитен деген немерелері тараса, Битеннен Қантай, Тонтай, Тұрпан туған. Тұрпаннан туған Ұлжан ана мен Құнанбай биден Тәңірберді, Ибраһим, Ысқақ, Оспан атты ұлдар тарағаны белгілі. 

Абайдың тікелей нағашылары Қантай мен Тонтайдың әзілқой, мысқылшылдығы туралы аңыздар көп. Солардың ішінде Тонтайдың өмірден өтер алдында айтқан: «Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас», – деген ғаламат әзілі күні-бүгінге дейін күллі қазақ халқына тарап, мәтел болып кеткен. Өлімнің өзін әзілмен қарсы алу үшін де үлкен ерік-жігер қажет болар, сірә.

Абайдың Абай болып қалыптасуындағы анасының орны туралы күні бүгінге дейінгі абайтанушы ғалымдар, өзге де зерттеушілер біршама мән берген. «Абай анасы Ұлжанның тұлғасынан да толық танылады. «Алып та анадан туады», - деп, халқымыз тұжырымдағандай, оның арғын ішіндегі қаракесек руының шешендік, әзіл-қалжыңымен ел есінде бүгінге дейін сөздері сақталған «Шаншардың қулары» атанған, Шаншар әулетінің қызы болғандығы Абай тұлғасының қалыптасуындағы аса маңызды құндылықтың бірі болып табылады. Шаншар әулетінің елдегі беделі мен абыройы жайлы белгілі ғалымдар (Мұхамедханұлы, 2005), (Көпей, 1993) еңбектерінде жақсы айтылған. Сондықтанда біздің зерттеу еңбегімізде Абайдың өз жұрты ғана емес нағашы жұртындағы, анасы Ұлжанның шешендік, қалжың-әжуамен атағы шыққан әйгілі шешен, әзілқой, тапқыр, мысқылшылдар – Қантай, Тонтай, Жонтайлар болғандығына мән беріліп, олар жайындағы ел ішінде айтылатын аңыз, әңгімелер, олардың күлдіргі, мысқыл фольклорлық әңгімелерінің мәтіні жинақталып, талданады», – деп атап көрсетеді, академик Сейіт Қасқабасов өзінің «Абай шығармашылығының фольклорлық бастаулары» атты мақаласында. Ғалым Абайдың Абай болып қалыптасуындағы оның анасының, нағашы жұртының орны жайында осылай толғамды ой айтады. Мұның өзі қазақ халқының «Үйдің жақсы болуы – ағашынан, жиен жақсы болуы – нағашыдан» деген мақалымен үндесіп жатыр.

Абайдың өз нағашы жұртын ардақ тұтқанына, нағашылар еліне сапарлап келіп тұрғанына мысалдар баршылық. Соның бірі – ел аузынан жеткен, Абайдың нағашыларын сөзден ұтуы болса керек. Абай мүшел жастан асқан шағында нағашыларының аулына сәлем бере барады. Нағашысы Тұрпанның шаңырағына келіп кірген Абай табалдырықтан аттай бере: «Ассалаумағалейкум!» - деп дауысын соза сәлем береді. Төрде отырған шаншардың шешендерінің бірі:

– Пай, пай, жиеннің табалдырық аттауын-ай, – деп сөз бастапты.

Екіншісі мұны іліп әкетіп: 

– Жиеннің дауысын соза әндетіп баптауын-ай, – деп жалғастырып әкетеді. 

Жасынан-ақ бет-аузын жүн қаптауын-ай, – деп бозбаланың тебіндеп келе жатқан сақал-мұртына тиісе сөйлейді.

Келесі нағашысы ауыз ашып жалғастырып үлгергенше Абай:

– Қыздарын күйеуге берерде жүндес бала таппа деп айтпауын-ай! – дейді. Сонда нағашы атасы сасқалақтап қалып: «Болды-болды, жиен жеңді, сендер сөзден ұтылдыңдар!» – деген екен. Мұның өзі бір жағынан нағашы мен жиен арасындағы әзілге қоса, Абайдың әзілге ұтымды жауап табуы – нағашыларының мінезімен үндесіп жатуы болмақ.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, классик жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында Абайдың шығармашыл тұлға болып өсуіндегі нағашы жұртының ықпалы және Құнанбай мен Ырғызбай әулетінің Қарқаралы қаласымен тығыз байланысына үлкен орын берілген. Осы туралы қарастыралық. 

Романның бірінші кітабында кәрі әжесі Зеренің Абайға өзінің құлағына дем салып емдеп беруін сұрайтын жері бар. Сонда Абай қиссалардан үзінді келтіре отырып,

Ұшады бозша торғай көдені ықтап,

Басасың аяғыңды нықтап-нықтап,

Кәрі әжем естімейді, нана берсін, 

Берейін өлеңіммен шын ұшықтап... – 

деп кеп, тағы да «су-ф-ф!» деп қойды. Үйдің іші енді сезіп, ду күлісті, – дейтін жері бар. Бұған әжесі құлағы жақсы болып қалғанына шүкіршілік етіп, алғыс айтып жатса, үлкендер жағы жас Абайдың бұл өнеріне таңдана сүйсінеді. Осы ретте Ұлжан ана баласына былай дейді: «Балам-ау, қаладан молдалық әкеледі десем, нағашыңа тартып қайтқанбысың, немене? – деді.

Үлкендердің бәріне бұл өте түсінікті еді. Жаңағы бала мінезінің дәл шешуі сияқты болып, қайта күлдірді.

 – Бәсе, Шаншар?

 – Битан, Шитан!

 – Тонтекеңнің жиенімін деп тұр ғой! – десіп, Абайдың нағашыларын есіне алысты. Өлерінде: «Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмеске болмас!» деп кеткен Тонтай сөздері де көптің есіне түсті.

 – Апа-ай, енді бақсы-құшынаш боп, елтірі-сеңсең жинағанша, Тонтекеңе тартқаным көш ілгері емес пе? – деп, Абай іле жауап берді.

 – Жарайды, ендеше, ержетіп қапсың, балам, – деді шешесі.»

Мұнда Ұлжан ананың өз баласының ақын да шешен болып өсіп келе жатқанына іштей ризашылығы, әрі нағашылары сияқты әзіл-қалжыңға да бейім болғандығына елмен бірге сүйсінушілігі де бар деп білеміз. «Нағашыма тартып, сөз өнерін игерсем дұрыс емес пе?» – деген Абайдың да болашақ арманы қылаң береді бұл арада.

Сонымен бірге Қарқаралы мен Шыңғыстау елінің арасындағы өзара мәдени-тұрмыстық араластық туралы да романда біршама көрініс табады. Соның бірі – арбаның тобықты арасына ең алғаш Қарқаралы жақтан келуі еді. Жазушы мұны былай деп суреттейді: «Абай атқа міне алмайды. Жүк артқан түйеге мінгізуге: «жүк құлап, түйе жығылса мерт болады» деп шешесі оған да мінгізбеді. Кәрі әже мен Ұлжанның ортасында жалғыз арба бар еді. Тегі, бұл ел көшпелі болғандықтан, арба дегенді білмейтін. Тобықты ішіне ең алғаш келген арба осы Зеренің – Құнанбайдың кәрі шешесінің көк арбасы десе де болады. Құнанбай аға сұлтан сайланған сапарында шешесіне:

– Көшкенде осыған мін! – деп, Қарқаралыдан әдейі әкеп еді.» 

Бұл да болса, нақты өмірден алынған шындық болса керек-ті. Құнанбай аға сұлтан сайланған кезде Қарқаралы өңірінің кіндік қаласы мен осыған таяу жердегі Қоянды жәрмеңкесінің даңқы дүйім қазақ даласына, Ресей мен Қытайға, өзге де елдерге естіле бастаған болатын. Себебі Қарқаралы – ХІХ ғасырдың ортасынан бастап күллі Арқа өңірінің маңызды әкімшілік, саяси, қаржылық, мәдени орталығы болды. Мұндағы медреселер мен мектептер, сауда мануфактуралары айналасына үлгі болды. Романдағы бір кейіпкер – Ғабитхан молла. Романда Ғабитханды Тәкежанның оны әзілдеп қылжақтауына орай былай деп түсіндірмелей сипаттайды: «Тәкежан Абайдан екі жас үлкен. Қалжыңбас, әзілқой болатын. Ғабитхан одан едәуір үлкен болса да, Тәкежан тату құрбысындай күліп, соқтығып ойнай береді. Молданың тілін қылжақ қылып, мазақтап келеді екен. Ғабитхан – татар жасы. Осыдан бірнеше жыл бұрын солдаттан қашып, қазақ ішіне, Қарқаралы қазағының ішіне келген Бертіс ішіндегі Ырғызбайдың сүйек-шатыс бір аулына келген-ді. Олар сол жылы Өскембайдың асы болғанда, бұл жігітке:

– Сен бір мықты адамның ығында болсаң, жақсы болар, – деп Құнанбайға әкеп, таныс етіп, табыс қылған.» Қарқаралы өңіріне татар қоныс аударушылары Шыңғыстауға қарағанда ерте келіп орныққаны белгілі. Ғабитхан молла да солдаттан қашып Қарқаралыны паналаған көп татар азаматының бірі болса керек.

«Абай жолы» романындағы қайшылықты-тартысты жағдайдың бірі – Құнанбай мен Бөжейдің арасындағы ұзақ жылдарға созылған дау. Осыған орай олар түрлі амалға, айла-шарғыға барады. Патша үкіметі билігіне арыз айту үшін уезд орталығына қатынауға тура келетін жағдай болады. Қарқаралы уезін ол замандағы қазақтар Қарқаралы дуаны деп атаған екен. Осындай кезекті ырғасудан кейін романда мынадай жағдай баяндалады.

– Бөжейлер Құнанбайдың үстінен арыз айтқалы дуанға – Қарқаралыға кетіп барады. Мына атасының басына әдейі кеп, құран оқып аттанды, – депті.

Жұмағұл мұны ести сала өз шаруасын айтты. Құнанбай Абайды шақырта жіберіпті.

Ертең ол да Қарқаралыға жүрмек. Абайды қасына ере жүрсін депті. Бұл хабарды үй іші үн қатпай тыңдады да, тегіс томсарып қалды.»

Сонымен тобықтының игі-жақсылары, бір-бірімен жеңісе алмай шарпысып жүрген екі шонжар да дуаннан өз сөздерін сөйлер адам іздеп бара жатыр.

Бұдан кейінгі оқиға жалғасын бір Абайдың Қарқаралыдағы күндерінен кездестіреміз. Жас Абай мен әкесі Құнанбай би дуан орталығы Қарқаралы қаласында тұрып жатыр: «Абай әкесімен бірге Қарқаралыда тұрғалы көп күндер болды. Қазірде қыс әбден түсіп, қар бекіп алған-ды.

Құнанбай кішкене қаланың тап ортасындағы, көк шатырлы, үлкен ағаш үйді жатақ еткен. Қазағуар, қонақшыл татар саудагерінің үйі.»

Бұл жолдар Қарқаралы қаласының тарихынан сыр шертеді. Абай мен әкесі қыстай мекендеп жатқан бұл көк шатырлы, үлкен ағаш үй – қазақ арасына келіп әбден туыстасып кеткен, романда айтылғанындай, «қазағуар, қонақшыл татар саудагері» – Халиолла Бекметевтің сәулетті үй-жайы еді. Бір қуаныштысы – қазақтың талай-талай ардақты тұлғаларының ізі қалған әйгілі көк үй, Бекметевтердің бұл көрікті ағаш ғимараты күні бүгінге дейін Қарқаралы қаласының орталық көшесінде, өзінен сәл жоғары орналасқан Құнанбай қажы мешітімен бірге ғасырлардың куәсі болып қызмет етіп тұр.

Әкімшілік орталығы болғандықтан, қазақтар арасындағы дау-шарлар, патша үкіметінің бұйырқ-нұсқаулары, өзге де қатынас қағаздары осы қаладан шығып, далаға тарап жатуының өзі Қарқаралы қаласының Сарыарқаның шығыс бетіндегі ықпалы мен айбынын асырып тұрғандығы анық. Абайдың бұл сапарында аулынан алыстап кеткені болмаса, жақын-жуық туыс-туғандарының, бұрыннан таныс, бірге өскен азаматтардың біразы-ақ Қарқаралыға жиналып қалған екен. Бұл туралы романда былай деп тарқатады: Бұл қалаға аға сұлтан көп туысқанын, көп нөкерін ертіп келген. Құнанбай пәтерінің маңындағы үш-төрт кварталдың әрқайсысында өзді-өз тобымен ошарылып орнап жатқан Майбасар, Жақып, Қаратай сияқты Құнанбайға тарапты кісілер бар. Майбасар мен Құнанбай пәтерлерінен күндіз-түні табылып тұратын тілмәш, стражниктер болады. Майбасарға тиісті атшабар Қамысбай, Жұмағұлдан басқа Құнанбайдың өз жігіті, өз атшабары – Қарабас та барды.

Бұлардан басқа, жай ерте шыққан бір топ жігіт-желеңі тағы бар. Құнанбай жігіттерінің ажарын өзгеден басқарақ көрсететін бірен-саран басқа тұқымның жігіттері де бар.

Тегінде Құнанбай қолында Ғабитхан сияқты татардан, Ызғұтты сияқты қырғыздан, Бердіқожа сияқты қожадан келген, тіпті, шеркестен де келген жеке адамдар, немесе тұтас ауыл, топтар көп болушы еді.

Жиыны отызға тартатын нөкерлер сегіз үйде жатады. Қарқаралының тап ортасы Тобықтының бір аулындай болды. Әке қасынан ерігейін десе, Абай анда-санда осы үйлерді шетінен аралап, өзінше ермек тауып кететін.»

Бұл да болса, әзірге тіпті бар ғұмырында Семей мен Қарқаралыдан өзге үлкен қала көрмеген Абайдай жасөспірімге жалықтырмас ермек екендігі анық. Қарқаралыда өткізген қысқы күндердің қызығына жазушы романда біршама орын берген. 

Романда Қарқаралы айналасының суреті де біршама қамтылған. Абайдың таңертеңгі шайдан кейін Қарқаралы көшесін аралауға шығып, Майбасардың пәтеріне келе жатқандағы сәті туралы жазушы былайша суреттеу жасайды: «Күн шағырмақ ашық, Қарқаралы атырабындағы өлке жота жалтырап, аппақ сіреу боп жатыр. Қала желкесіндегі әсем таудың да қарағай атаулысын күпсек қар басқан. Абайға ағашты таулар, қазірде, ақ шидемін айналдырып киген, қыс кәрінің өзіндей көрінді. Шытқыл аяз бар. Терісінен ескен болымсыз ғана жел лебі білінеді.» Мұндағы «қыс кәрінің» деген сөзден Абайдың болашақта жазатын қыс туралы өлеңіндегі қолданыс көрініп тұрғандай.

Мұндағы кезеңге қатысты, әр өңірдің қазағының киім киісіндегі өзгешелікті де жазушы өзінің назарынан тыс қалдырмастан, романда бірнеше жерде ерекшелеп суреттеп отырады. Романда Абайдың қысқы киімі туралы мынадай жолдарды оқимыз: «Абай бұл уақытта бала сияқты емес. Жас бозбалаша киінген. Қара мақпалмен тыстаған түлкі тымағы бар. Үлкендер пұшпақ тымақ кисе, соңғы жылдарда бозбаланың көбі осындай түлкі тымаққа ауысқан еді. Үстінде тиін ішіктің сыртынан киілген, жағасы қайырма қара барқыт қаптал шапаны бар. Құла түсті ықшам тігілген шапан. Аса ұзын жең емес. Кең қолтық, ұзын жең үлгіні осы Қарқаралы қазағы ғана киеді. Олардың жағасы да Тобықты үлгісінен басқаша, Тобықты тымағы Қарқаралынікіндей төрт сай емес, алты сай болатын. Абайдың кигені сондай өз елінің тымағы. Белінде кісе белдік емес, жасыл түсті кәріс белбеу. Бұ да – анық бозбаланың белгісі.»

Мұның өзі әр өңір қазағына тән этнографиялық ерекшелік болса, оларды ажырата білудің өзі көпті көріп, танып білген қаламгердің ғана қолынан келетін жағдай болса керек. 

«Абай жолы» романында Құнанбайдың тұлғасын асқақтатып отыратын тікелей, жанама эпизодтар мен түрлі фрагмент, штрихтарды жазушы көп қолданады. Қарқаралыға беттегеннен бастап, осы қалада тұрған және аттанған кезін суреттеп, баяндаудың өзінде де Құнанбайдың қазақ арасындағы зор беделін көрсетіп отырады: «Жалы құлағынан асатын күрең құнаншығарды жігіттер жығайын деп жүр. Абай біледі: Қарқаралыға келгелі семіз қой, ту бие, қысырдың тайы сияқты сойыс малы бұл топқа жан-жақтан, «Құнекеңнің сыбағасы» деген атпен күн санап келіп жататын. Майбасар бір семізді сойып, барлық өз тобын бір арада сыйламақ тәрізді. Бұл Ырғызбайлар Қарқаралыға қарай беттеген жол бойында да, мына қаланың өз ішінде де ылғи осындай күтім мен бап көріп келеді.

Іштерінен осының бәріне жеткізіп, өзге қазақтан бұларды әрі жуан, әрі сыйлы қып жүрген Құнанбайға дән риза. Күрең құнаншығардың семіздігі сол алғыстарын естеріне қайта салды. Бұндайдағы дағдылары бойынша «мырзаны» тағы ауызға алысты.

– Осы жолғы мырзаның абыройы бөлек боп тұр-ау! – деп бастаған Жақып еді.

Аға сұлтан Құнанбайды Қарқаралы арызшыларымен бірге осы Тобықтылар тегіс соңғы мезгілде Құнанбай демей – «Мырза» деп атасатын.» 

Иә, Құнанбайдың ел ішіндегі зор беделі олған ерген жұртқа да азық болып жатқаны анық еді. 

«Абай жолы» романы – тарихи оқиғаларға негізделіп жазылғанымен, ондағы оқиғалардың барлығын көркем әдеби шындық ретінде қабылдамасақ, нақты тарихи шындық деп түсінуге болмайтынын ескереміз. Мұндай баяндау, суреттеудің бірі – Қарқаралыдағы Құнанбай қажы салдырған мешіт жайында. Романда былай деп береді: «Абай Қарқаралыға келгелі «мешіт» деген сөзді әкесінің аузынан да және басқа атқамінерлердің аузынан да көп-көп есітетін. Әкесінің атақ, абыройын осындай көп аузына қатты жайып бара жатқан сол мешіт жөні екенін де жақсы біледі.

Құнанбай өткен жаздан бері бұл атраптағы ең бірінші мешітті осы Қарқаралы қаласына өз әмір-құдретімен салғызып жатқан. Сол мешіт бүгін әбден бітпек еді. Қала ішіндегі молда, қалпе атаулы, ел ішіндегі атқамінер қарт-қария атаулы мешіт салғызғаны үшін Құнанбайды шынымен көп дәріптейтін.» 

Мұндағы айтылған жағдайлардың бәрі рас болған деп қарастыруға келеді бірақ бұл оқиғаның Құнанбай баласы Абайдың бозбала болып қалған шағында өтіп жатуы – әрине, тарихи шындыққа сәйкеспейтіні анық. Себебі Құнанбай қажы салдырған мешіт 1850 жылы құрылысы басталып, 1851 жылы біткені белгілі. Бұл кезде Абайдың жасы алтыда ғана болған. Шығармасындағы оқиғаларды бір-бірімен байланыстыру, оқиғаларды қоюлату, кейіпкердің тұлғасын барынша сомдау тұрғысында жазушының мұндай қадамдарға баратындығын оқырмандар біздер жақсы білеміз.

Романда Абай осы Қарқаралы сапарында болашақ қайын жұртының үлкені, әйгілі Алшынбай бимен жолығады. Бір күні Қарабас атты туысы бұларға Алшекеңнің осында келетіндігі туралы хабарлайды. Алшекең бұл тобықты пәтершілеріне бұған дейін де бірнеше рет келген екен. Осы жолы Майбасар Абайға қарата: «Абай, сен де жүр!.. Атаң ғой, атаңа сәлем бер, - деп мысқыл еткендей сылқ-сылқ күлді.

Осыдан екі жыл бұрын Құнанбай мен Алшынбай достығы құдалыққа соғып, осы Алшынбайдың Түсіп деген баласының Ділдә деген қызын Абайға айттырысқан болатын. Алшынбай сонымен Абайға үлкен қайыната болушы еді», - деп тарқатады, жазушы Алшынбай бидің Қарқаралы қаласына бұл келісі туралы. «Қарқаралыға келгелі, Алшынбай Құнанбайға бірнеше рет келіп қонақ боп кеткен. Бүткіл бұл атраптағы атқамінердің Алшынбай атын атауы басқаша көрінген. Оны Алшынбай деуші кісіні Абай әлі есіткен жоқ... Ылғи «Алшекең» дейді. Осы өңірде аға сұлтан Құнанбай атымен тең аталатын, кейде тіпті жапа-жалғыз аталатын ат соның аты...

Оның ата-тегін де бар Тобықты, бар Қарқаралы «Қаракөк» деп атайды.» Өз әкесі Құнанбайдың ел ішіндегі беделі қандай биік болса, Алшекеңнің, Алшынбай бидің беделі мен сыйлылығы да еш кем емес екендігін аңғартады. Алшынбайды неге былайғы жұртшылықтың «Қаракөк» деп атайтындығын және Құнанбай мен Алшынбайдың өзара ниеттес, тұрғылас жақындығын, қазіргі күні одан да жақындап, құда болып туыстасу сатысындағы алым-берім жағдайын жазушы романда былайша түсіндіреді: «Алшынбай – белгіі би Тіленшінің баласы, одан арғы атасы Қазыбек би. Осының бәріне қарағанда Абайдың қалыңдығы Ділдә, тіпті бір үлкен, асқақ жердің қызы тәрізденеді. Сол қалыңдықтың қалың малы да осал болмаған болу керек.

Өйткені Құнанбай аулынан Қарқаралыға қарай шығатын топ-топ жылқы, түйе көбінше осы Алшынбай аулына барушы еді. Жалғыз ғана құдалық па, жоқ басқа да ілік пе, әйтеуір Алшынбай, Құнанбай әбден айқасқан, ішек-қарын араласқан дейтін жақындардың өздері.

Майбасар, Жақыптардың Алшынбай аты аталғанда аял қылмай жөнелетін себебі осы.

Алшынбай аты Абай бар жерде аталса, Майбасар ылғи ғана ұялтып:

– Қайынатаң осы!... Бұл атраптың үлкені осы. Үстіне баса кірме!.. Кірсең, тәжім ет, – деп тәлкек қыла беретін. Жаңағы мысқыл күлкісінің мәні де сол.»

Романдағы Ұлы Даланың ең ықпалды шонжары ретіндегі беделі мен алып тұлғасы туралы қаншама суреттеу бар. Құнанбаймен иық теңестіре алатын, соңынан елді ертіп, сөзін тыңдата алатын бірден бір адам – ол қаракесек немесе бес бошанды ғана емес, күллі Орта жүздің, арғынның ықпалды тұлғасы Алшынбай би: «Құнанбай көпке шейін үндеген жоқ. Татулықты Алшынбай сұрағанда, қай жауабын болса да ойланбай айту қиын. Анығында, бар Қарқаралы дуанының шын дүмшебайы осы Алшынбай. Көп рудың нелер үлкен дауы да осының алдынан тарайды. Одан бері де ана бір кезде Құсбектей төре Алшынбайды өкпелетіп алған соң, аға сұлтандығынан айрылған.» Бұдан ықпалды қаракесек руының биі Алшынбайдың ел алдындағы зор беделін танимыз.

Романда Абай өзіне сөзбен тиісе берген қылжақбас, туысқан ағасы Майбасардың қылығына әбден мезі болып, ақыры оған мынадай өлең жолдарын тікелей арнап, ағасының аузын буады. Сондағы айтқаны мынау деп төмендегі екі шумақ өлеңді романда келтіреді:

Уа, қой десе бір қоймайсың, 

Аз болды ма, Майеке, 

Осында көрген қызығың?

Кертіп жеп-ақ жүрсің ғой, 

Қарқаралы халқының 

Жал-жаясын, шұжығын, 

Алған, жеген аздай-ақ 

Тағы бірді тауыпсың.

Уә, Алшынбайдың қызы кім?

Адақтамақ сертің бе, 

Осы өңірдің елінің 

Жүйрігі мен жортағын?

Айтпай-ақ қойсаң нетуші еді, 

Сонда да бар ма ед ортағың?

Гүж-гүждеп бір қоймайсың 

Бұқасы ма ең қашырар 

Сол ауылдың торпағын?

Біле білсең осы сый 

Жетер еді, қайнаға, 

Орайы болмас қолқаның... –

– Қап, мына Шаншардың жиені!.. Ұлжан жеңешем-ау, сені бүйткізіп отырған... Бәлем, ауылға барған соң сыбағаңды берермін шешеңе айтып!.. – деді Майбасар.

Төлепберді, Бурахандар да мына сөздің төркінін ұғып:

– Бәсе, нағыз Тонтай!

– Тонтайдың жиені ғой!..

– Сайқымазақ Шаншардың шанышпасы ғой мынау! - деседі.

– Уә, бұл өлеңді бір жерден қойнына салып әкелді ме деймін?! Өлең айтушы ма еді бұл жаман?.. – деп, Майбасар әлі қайран боп отыр.»

Абайдың өз жанынан өлең шығаратынын туыстары әлі күнге дейін білмейтін еді. Сондықтан Абай да бұл өлеңді өзім шығардым деуге ұялып, әрі өзі Қарқаралының көшесінде көрген, әкесі Құнанбай мен болашақ атасы Алшынбайдың өзін сөзбен сын садағына алудан қаймықпайтын атақты ақын Шөженікі еді дей салады. Шөженің өлеңі десе, мұндағылардың әрқайсысы-ақ сене беретіндігі сөзсіз еді.

Эпопеядағы баяндауларға қарағанда Қарқаралы – Абай үшін ғылым мен білімнің көзі болған кітаптар алғызатын мәдениет ордасы болған. Медресе оқып қайтқан соң, біраз демалыстан кейін кітап оқуға кіріседі. Ғабитхан молла екеуі өз ауылының айналасында әркімнің қолындағы кітаптарды түгел сұратып алып, оқып бітіргеннен кейін өзге кітаптарды оқуға ықылас танытады. Бұл кезде дуан орталығы Қарқаралыдан әкесі Құнанбай би кітап алдыртады: «Құнанбай Қарқаралыда Хасен молда арқылы бірталай қызық кітаптар алғызған еді. Оны елге де жеткізген. Бірақ Абай бір рет:

– Бізге беріңіз! – деп сұрағанда:

– Қасымда отырып, өзіме де естіртіп оқып бер! Сүйтсең берем. Әйтпесе қызығын өзім көріп, өзім ғана білем дегеніңе бермеймін! – деп, бергізбей қойып еді.» 

Бұған қарағанда, Құнанбай ауылы мен Қарқаралы арасында кітап алдыртып оқу сол кезде жолға қойылғанын көруге болады.

Сонымен қоса, романда көрініс тапқан бір жағдай – қазақ буржуазиясының өкілдері. Сондай ұлттық буржуазия өкілі – уақ Тінібек бай. Семей қаласында тұратын Тінібек бай Қарқаралыға Семейден керуен тартып келіп, елдің қолындағы соғым терілерін, өзге де шикізатты жиып әкететін болған: «...Құнанбай да, Алшынбай да ақшадан қысылды. Сол кезде, қыстың орта тұсына жақындағанда, Семейдің үлкен саудагері Тінібек бай Қарқаралыға келді. Көп жәшікке тең-тең қып бұл тиеп келген. Қарқаралы халқының барлық соғым терісін бір өзі баурап, жиып алғызбаққа келіпті.»

Романдағы жазушының шағын болса да ақпарат беріп кететін тағы бір жағдай – Қарқаралы өңіріндегі қыз-келіншектердің опа-далапты ертерек қолданғандығы туралы. Мұның өзі де бекер болмаса керек. Сонау 1848 жылы Қарқаралы өңіріндегі Қарасор көлі жағасындағы Қояндыға арбасын аялдатып, осында алғаш жәрмеңкенің негізін қалаған орыс көпесі Варнава Ботовтың көп жылдық еңбегі арқылы мұнда Ресей мемлекетіндегі ең ірі айырбас сауда орындарының бірі қалыптасты. Қоянды жәрмеңкесіне Ресейдің, Қытайдың, Еуропа елдері мен Орта Азия хандықтарының заттары мен тауарлары келді. Жергілікті халық мұндағы тауарлар мен бұйымдардың белсенді тұтынушылары болды. Әрине, сол бұйымдар мен заттар қатарында әйелдердің сәндік бұйымдары болғаны сөзсіз еді. Мұны жазушы былай береді: «Абай бағана үйге кіргеннен бері өзінің жоғары жағында отырған екі-үш сәнді, сұлу қыздардың пішініне көз салып, бір нәрсеге қайран болды. Бұл қыздардың пішіні соншалық аппақ, беттерінің ұшы да дымырақ ашық қызыл реңденіп тұр.

Абай бұл жақтың әдетін білмеуші еді. Қарқаралы маңындағы Бошанның ержеткен қыздары беттеріне опа-далап жағатын.»

Алыс-жақын рулар мен тайпалар, мемлекеттер өзара барыс-келіс қарым-қатынасы арқылы мәдени байланыстарды да жасап отырған. Романда Қарқаралы мен Шыңғыстау қазақтарының өзара шығармашылық байланыстары біршама жағдайлар айтылады. Абайлардың Қарқаралыға алғаш барған жолы мен қайын жұртына таныса барған кезіндегі көрген-түйгендері жайында мынадай баяндауды көреміз: «Ол Абай мен Ерболдан Бошанның салтын, әдет ырымдарын сұрастырып отырып, осындайдағы дағды бойынша қайын жұрттан сарқыт қып әкелген жаңа әндер айтыңдар деп қолқа салды.

 

Абай мен Ербол осы түні көп ән айтты. Әнге кірісер жерде Абай:

– Қарқаралы біздің елден әнші болады екен! – деп еді. Құдайберді күлді де:

– Қарқаралы әнші ме, жоқ жаңа есік көріп қайтқан күйеудің көңілі әнші ме? Қайныңның әні де ыстық көріне ме, кім білсін? – деді.

Үйдегілер Құдайбердіні қостап бірге күлді. Абай бұрынғыдай емес, бұл жолы ағасымен дауласқысы кеп:

– Әділетін айтам, Бәке! – деді. Құдайбердіні Абай «Бәке» дейтін.

– Жоқ, сен Қарқаралының дауын айтпа, әнін айт!

– Рас, ол дұрыс екен! Дауын әннің өзі айтсын! Кел, Ербол, – деп Абай бастады да, Ербол ерді. Бұл екеуі әдемі қосылып кеп, аса тамылжыған, шырқау ән - «Топайкөкті» айтып шықты. Тобықты естімеген ән. Абай өз әндерінің үйдегілерге әсер еткенін байқап:

– Міне, бұл әнді не дейсіз? – деді. Үйдегілердің бәрі сүйсінген екен.

Сондай-ақ, романда қазақ даласындағы әншілік мектептер туралы да біршама мағлұмат берілген. Абайдың өнерге, оның ішінде әнге деген құмарлығы туралы баяндалып, суреттелген тұста мынадай ой айтылады: «Кеңесе келе Абай Тобықтының өзі ән шығара қоймайтынын, әннің көбін сол Қарқаралы, Баян, Қараөткелден алатынын және сол алғанын да оншалық келістіре алмай, бұрып, ырғақсыз ғып әкететінін айтты. Құдайбердінің алғашқы қалжыңын енді тойтарғандай. Ағасы Абайға біраз таңданыңқырай қарай отырып, сөзінің бәрін мәнді көріп:

– Өзің осы жолы сыншы боп қайтыпсың ғой! – деп, бір қолымен құшақтап қойды.

Абай шынында бұл жолда әр нәрсеге үңіле қарайтын және көптен көрі өзгешерек қарайтын қатқыл сыншы мінез қосып алғандай.» Расымен де «Абай жолы» романының оқиғасы өтіп жатқан сол кезеңде қазақ даласындағы ән мен күйдің отаны – Сарыарқаның Қарқаралыдан Есіл-Көкшеге дейінгі бөлігі болған екен. Әйгілі Біржан мен Ақан, Балуан Шолақ пен Үкілі Ыбырай, Мәди мен Жаяу Мұса т.б. әншілер мен Тәттімбет бастаған күйшілердің даңқы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында күллі қазақ даласына жетіп жатқаны анық. Абай мен Шәкәрімнің ерекше үлгісінен кейін Шыңғыстау бойында да неше түрлі тамаша әншілер мен ақындар шықты. Олардың даңқты жолы ХХ ғасырдағы қазақ әнінің биігі болған кешегі Жәнібек Кәрменовтерге дейін жалғасқаны анық еді.

Қорыта айтқанда, Абайдың ақындық өнерге аяқ басар тұсы – Қарқаралы сапарынан басталғандай және Мұхтар Әуезов өз роман-эпопеясында баяндап, бейнелегеніндей, оның бойындағы айтқыштық, тапқырлықтың бір ұшы сонау Қаз дауысты Қазыбек биден басталатын әйгілі қаракөк тұқым, нағашы жұртынан келгендігі де анық. «Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, бала жақсы болмағы – нағашыдан», – деп атам қазақ бекер айтпаса керек...