«Драматургия» номинациясы: Сайтантау

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Bayseu

(мистикалық драма)

КЕЙІПКЕРЛЕР:

1. ҚҰДАЙБЕРДІ

2. МАҚАШ

3. ҚАЛАМПЫР

4. СӘЛІМЖАН

5. ДӘУҚАРА

6. АМАНГЕЛДІ (САЙТАН)

 

Бірінші сахна

Сайтантаудың бөктері. Екі жігіт құрыққа бір байталды іліп жерге жығып әлек. Бұл екеуінің ырқына көнетін хайуан жоқ. Жұлқынып жатыр. Аузынан ақ көбік ағып жатыр. Өрмекшінің торында шырмалып төрт аяқты өмір үшін күресіп жатыр. Кенет бір аяғы тұсаудан босап кетіп бар пәрменімен біреуін теуіп қалды. Анау ұшып түсті. Енді мынаның шыдамы таусылып қынабынан қанжарды шығарды да тамағынан орып жіберді. Жылқы байғұс біраз сәт тулап жатты да ақтық демі шыққан соң қата қалды. 

Екінші сахна

Сайтантаудың етегінде тұрған Құдайбердінің жалғыз үйі. Алақандай ғана бөлме. Күміс жалатылған мылтықтың төрде ілулі тұрғаны болмаса бөлме іші жұпыны көрінеді.  Бөлменің бұрышында пеш жағып Құдайберді отыр. Ара-тұра біреуді күткендей терезеге жалтақтап қарап қояды. Алайда қарлы бораннан ештеңені көру мүмкін емес. Бір кезде үйге қас-кірпігін қырау шалған Мақаш кіріп келеді. 

Құдайберді. Мақаш! Не қылдың? Қамадың ба? 

Мақаш пештің түбіне келіп отыра кетеді. 

Мақаш. Бүйткен малы құрысын... Қамадым. Тек ата жылқың түгел емес. Біреуі жоқ. 

Құдайберді. Түгел емесі қалай? Әй сен өзі дұрыстап санадың ба? 

Мақаш. Ата енді мектепті бітірмесем де сегізге дейін санауды білетін шығармын. Санадым үш рет. Байталың жоқ.

Құдайберді. Өй әкеңнің... Қай байтал?

Мақаш. Анау жирен байтал ше? Сен соғымға соямын деп жүрген... 

Құдайберді. Өй әкеңнің аузын... Ол қайда кетті сонда? Жер жұтып кетпеген шығар. Стансия жақты барып қарадың ба?

Мақаш. Станцияға жете алмадым ғой сол. Мотоциклім жарты жолда өшіп қалып жаяу қайтып келдім. 

Құдайберді. (сәл ойлана отырып) Мен білсем, сол байтал стансияда... Жаяу болсын ерінбей барып қарап қайтатын кісісің ғой. 

Мақаш. Өй қойшы... Даланы көрдің бе? Тау арасында үсіп өлу қалып еді енді? Станция жақта жүрсе жүрген шығар... Әйтеуір пойызға отырып кетіп қалмайды ғой.

Құдайберді. (басын шайқап) Әй сен мынауыңмен адам болмайсың! Ертең мен өле қалсам басың байлауда, малың айдауда қалайын деп тұрсың ғой...

Мақаш. (міңгірлеп) Онсызда байлауда отқан жоқпыз ба?

Құдайберді. (естімей) Аа?

Мақаш. Тамақ ішеміз бе деймін! 

Құдайберді. Аа... Ішсең өзің... Кешегі анау грешкені жылытып жей бер...

Мақаш. Тағы гречка ма, ата? Үш күн болды ғой гречкадан көз ашпай келе жатқанымызға...

Құдайберді. Енді тамақ қой енді. Ысырап бола ма? Бүгін сол грешкеңді тауыс. Ертең басқа тамақ пісірерміз. 

Мақаш. (қабағын шытып) Неңді пісіресің? Үйде гречкадан басқа ештеңең жоқ... Мынау гречкаңды жей беріп... Мен түгілі анау есік алдында жатқан Тузик та шаршады. 

Құдайберді. (ашуланып) Өй сүмелек! Не, тамақты талғап жейтіндей әкеңнен қалған ресторан бар ма еді? 

Мақаш. Білмеймін ғой сол! Айтпай кетіп қалды ғой... Қалса қалған шығар! Әйтпесе қазір құр гречкаңды жеп қор болып отырам ба?

Мақаш кухнядан бір қазан гречкені әкеліп пештің үстіне қояды. 

Мақаш. Амал қанша? Құдай маған бір әкені де көп көрді... 

Құдайберді ойға шомып кетеді. Мақаш тамақты жылыта отырып бір қасық гречкені қылқытады. 

Мақаш. Ата, сен не тамақ ішпейсің бе?

Құдайберді. Аа сен маған алаңдама, өзің жей бер... Мен бағана стансиядан манты жеп, тойып алғам... 

Мақаш Құдайбердіңің бұл сөзін естіп қақалып қалады. Құдайберді немересінің арқасынан қағады. 

Мақаш. (жөтеліңкіреп) Осы жұрттың шалдары бар тапқан-таянғанын немересінің аузына тығушы еді. Сен неге мұндай болдың екен, аа?

Осы сәтте сырт жақтан иттің үрген дауысы естіледі. 

Құдайберді. (құлағын түріп) Әй біреу келді ме екен? Тузик үріп кетті ғой. Бар Мақаш... Шығып қарап келші

Мақаш. Өй қойшы ата! Мына қақаған боранда кім жүреді тау кезіп?

Ендігі жерде әлдекім есік қағады. Құдайберді есікке қарай жүгіреді. 

Құдайберді. Қазір, қазір... 

Құдайберді есікті ашып алдында тұрған келіншекті көріп аңтарылып қалады. 

Қалампыр. (ыңғайсызданып) Сәлеметсізбе...

Құдайберді. Сәлеметпісің... 

Қалампыр. Ата не ғой... Ыңғайсыз уақытта... Ойда жақта шыға келіп мазаңызды алып жатсам айып етпессіз... Негізі Әулиетасқа бет алғам. Орта жолда ауа-райы күрт бұзылып боран басталып кетпесі бар ма... Енді боранда қалып суықтан өлем бе деп қорқып едім... Әйтеуір қайтар жолда тұрған жалғыз сіздің үйіңізді көріп қалып... Амал жоқ. Міні... Есігіңізді қағуға тура келді...

Құдайберді. О не дегенің қарақ-ау... Ой бай-ау ондай жайың бар екен... Кел... Төрлет... Қысылма!

Қалампыр. Көп рақмет ата... Көп рақмет... Көп мазаңызды алмаймын ғой... Күн ашылса болды қайтамын...

Құдайберді. Қой, асықпа! Өз үйіңдей көр! Қайта сенің жол тауып біздің үйге келгенің жақсы болған... Періштең қаққан болар сені...  Мұндай күні Сайтантаудың мінезі қыңыр болады ғой. Талай жолаушы тау асам деп тауға шығып сол күйі тауда қалған... Ей Мақаш! Қонақ келді. Шәй қой...

Мақаш барып пештің үстіне шәйнек қояды. Қалапыр болса пештің түбіне келіп жылына бастайды. Құдайберді темекісін тұтатып терезеге үңіліп біраз отырады. 

Құдайберді. Айдың күні аманында аяқ асты ызғар келіп Құдайдың төбемізден ұрғынан қарашы. Әдетте былай қыс ерте түспейтін... Бірақ, Құдай да бізбен санасқан ба? Ехх... Өзің сақтай көр!

Қалампыр. Менде сол... Ойымда  ештеңе жоқ. Әулиетасқа былай-ақ бара беремін деп жеңіл киіне шыға салғам ғой... Расыменде бір күнде қыс түсетінін кім білген?

Мақаш. (гречкасын жей отырып) Өткенде ме осы телевизордан қар жауады деп жатыр еді...

Құдайберді. (қабағын шытып) Ей тыныш отыршы! Сенің не, телебизордағыларың Құдай ма еді?

Мақаш. (міңгірлеп) Құдай демейді ата оны. Метеролог дейді ғой...

Сырттан тағы да Тузиктің үрген дауысы естіледі. 

Мақаш. Осы итті аязда қатып өлмей тұрғанда қораға апарып қамау керек еді. 

Кенет біреу сыртқы есікті тарсылдата ұра бастайды. Үшеуі түрегеледі. 

Құдайберді. Құдай-ау! Мынау тағы кім болды екен?

Сәлімжан. Ей ашыңдар! Аш! 

Құдайберді жүгіріп барып тағы да есік ашады. Үйдің ішіне бірін-бірі қолтығынан демеген екі жігіт баса көктеп кіреді. Екеуі әй-шәйға қарамастан киіз кілемнің үстіне гүрс ете құлайды. 

Құдайберді. (даурығып) Ой-бай қарақтарым-ау не істеп жүрген жансыңдар?

Сәлімжан. (өкпесі өшіп) Қазір... Ой Құдай-ай! Біттік-ау деп едім... Мына желпілдеп бара жатқан қызыл көйлекті көріп қалғамбыз ғой. Артынан ердік... Әйтпесе тау-таста қалатын түріміз екен. Жақсы болып кеткенін қарашы! Ей! Дәуқара тірісің бе?

Дәуқара. (ауырсынып жатып) Ауа жетпей... Аһ! Өкпем қысылап жатыр...

Сәлімжан. Қазір тұра тұр. Үстіңдегіні шешейін...

Сәлімжан Дәуқараның күртешесін ағытып шеше бастайды. 

Құдайберді. (Дәуқараның түрін көріп) Ей бұған не болған?

Сәлімжан. (сәл ойланып) Бұған не болған дегенде...

Дәуқара. Таудан құлағам!

Сәлімжан. Иә! Аяғы мұзға шалынды ма... Оңбай құлады ғой әйтеуір... Қайсы көрейін. Бір жерің сынған жоқ па?

Сәлімжан Дәуқараның майкасын көтеріп қолымен кеудесін сипалайды. 

Сәлімжан. Нәрмәлні! Тек еті іскен сияқты ғой. Дым жоқ...

Сәлімжан Дәуқараның кеудесінен қағады. 

Дәуқара. (ауырсынып) Ей! Ауырттың!

Сәлімжан. Қойшы-ей! Сені оқ алмаған. Оның қасында жәй сүрінгенге өлмейтін шығарсың! Қария үйде мұз бар ма?

Мақаш. Морозилникте бір қатқан бауыр бар еді!

Сәлімжан. Әкелші соны інішек! Мына ағаңның кеудесіне басайық... 

Мақаш тоңазытқыштан мұз болған бауырды әкеп Сәлімжанға ұстатады. Сәлімжан болса бауырды Дәуқараның майкасының ішіне салып жібереді. 

Дәуқара. (ауырсына түсіп) Мұздап  барам... Қойшы!

Сәлімжан. Шыда! Шыда! Атаман боласың... 

Құдайберді. Олай болса қарақтар-ау, басымыз жиыла қалыпты екен. Жақынырақ таныса жатайық. Менің атым – Құдайберді. Осы өңірде малшымын. Ал, мынау отырған жас бала – немерем. Аты – Мақаш. Руымыз – Ноқат. 

Сәлімжан. Қойыңызшы! Ноқатсыздар ма? Біз де Дәуқара екеуміз де Ноқатпыз ғой! Айтшы...

Дәуқара. Иә... Ноқаттың Елтірісіміз...

Құдайберді. Ее... Ал, біз – Бектірісіміз... Рулас болдық қой онда... 

Сәлімжан. (алақан соғып) Ай керемет-ай! Осы әкем айтып отырушы еді. Сайтантаудың ар жағында отырғаны бар, бергі жағында отырғаны бар, бәрі -  Ноқат деп! 

Қалампыр. (жөтеліңкіреп) Осы отырғандардың бәрі де Ноқат екен. Менде осы Ноқаттың бір – келінімін. Есімім – Қалампыр. 

Сәлімжан. Туух! Бұл не болды сонда? Ағайындардың отырысы болып жатыр ма? Көке онда сен... Қой сойсаңшы! Ары кетсе бір тоқты құрбан болар...

Құдайберді. Ой-бай балам-ау... Онда бүгінше үйдегі барды көп көріп ауқаттанып алыңдар! Ертең сәтін салып күн ашылып жатса тоқтыны соямыз ғой... Құдайы қонақ екенсіңдер несін аяйын? Мақаш-ау, бар! Келген қонақтарыңа үстел жай...

Мақаш. Ата сонда бұларға да ұялмай гречкаңнан сала берейін бе? 

Құдайберді. (қабағын шытып) Сөзді көбейтпей сенде бір... Жай деген соң үстелді жайсаңшы! 

Мақаш. (Қалампырға қарап) Жеңеше сен де бүгін маған қонаққа келдің бе? Әлде көмектесесің бе?

Қалампыр. Жаман еркесің-ау деймін иә? Жүр. Көмектесемін...

Құдайберді. Қой, қызым ұят болады! Мына бала мылжың ғой. Аузына келгенін оттай береді. Отыра бер...

Қалампыр. Жоға, ата... Маған қиын емес... Күнде істеп жүрген тірлік қой... 

Мақаш пен Қалампыр дастархан жаюға кірісіп кетеді. Сәлімжан мен Дәуқара болса өз ара шүйіркелесіп отырады. Құдайберді болса темекісін тағы да тұтатып алып терезеге біраз үңіліп отырады.

Құдайберді. Ее Сайтан десе сайтан ғой... 

Дәуқара. Ау ата бірнәрсе дедіңіз бе?

Құдайберді. Жәй өзім ғой... Сайтантау неге «Сайтантау» аталып кеткенін білемісіңдер?

Қалампыр. Жоқ ата білмейді екем. Расыменде Сайтантау неге солай аталады? «Сайтантау» деген қоқынышты естіледі ғой...

Сәлімжан. Маған баяғыда әкем осы Сайтантауда сайтан жүреді деп айтып еді. Жалғыз өзің тауға шықсаң алдыңнан адам болып шығып таудан түсер қысқа жолды көрсетемін деп алдайды деген. 

Құдайберді. Мен білсем, әкең саған бұл әңгімені бір өзің тауға шығып адаспасын деп айтқан шығар. Шынында Сайтантаудың неге бұлай аталатындығының өзі бір қызық әңгіме...

Дәуқара. (айналасына қарап) Мына жерде асығып отқан ешкім жоқ секілді ғой. Айта берсеңізші...

Құдайберді. Ее онда тыңдаңдар: Былай қарағанда Сайтантау басқа таулардан онша биік емес. Тіпті тау деп атау үшін тым аласа ма дейсің. Еш қиналмастан еңсеріп өтетіндей көрінеді. Бірақ Сайтантау алдамшы. Тауды жатқа білмесең жолдың торабы көп. Оп-оңай адасып кетесің. Ал адасып жүре берсең тау ауасы өкпеңді қысып басың айнала бастайды. Баяғыда ма... Осы Ноқаттың бір ауылы жау шапқанда Сайтантау асыпты. Артынан ерген жау тез қуып жетіп аламыз десе керек. Ойланбастан ауылдың соңына түскен ғой. Ноқаттың жұрты таныс тауды оп-оңай асып өткенде жау жарты жолда қалып тауда адасып қырылған дейді. Ал, сол жаудан аман қалған жұрттан қазіргі Ноқаттар тараған көрінеді.

Сәлімжан. Ее сонда мына Сайтантау деп жүргеніміз Құдайдың Ноқаттың маңдайына жазған несібесі болғаны ма?

Мақаш. Қай жері несібе?

Құдайберді. (қолын бір сілтеп) Өй мынау да бір... Баяғы әңгімесін қайта бастады.

Мақаш. Меніңше бұл несібе емес... Құдайдың қарғысы сияқты.

Қалампыр. Қой Мақаш-ау неге олай дейсің?

Мақаш. Жоқ енді өздерің ойлап қараңдаршы... Сайтантауда сүріп жатқан біздікі не өмір? Бес жүз жыл бұрын бір Ноқат осы тауға келген екен. Бейшәрә әлі күнге дейін осы таудан түсе алмай жүр... 

Сәлімжан. Не Сайтантау тақияңа тар келді ме?

Мақаш. Жоқ... Жәй тауда тұрғанды ұнатпаймын... 

Сәлімжан. Ұнатпайтын несі бар? Таза ауа, сұлу табиғат, мөлдір су...

Мақаш. Сендер жалпы таудан түсіп көргенсіңдер ме? 

Сәлімжан. Әрине... Баяғыда армияда жүргенде Алтайда болғам. 

Мақаш. Алтай деген қай жақ ол?

Сәлімжан. Айналайын-ау география оқымағансың ба? Алтай деген – тау ғой.

Құдайберді. Ей бұл бала төрт класстан кейін мектепке бармаған ғой. Қазір содан сауатсыз...

Сәлімжан. Сауатсыз?

Мақаш. Өй әңгімені бұрмаңдаршы. Оданда сұраққа жауап берсеңдерші!

Сәлімжан. Айтып тұрмын ғой Алтайда болғам деп...

Мақаш. Сенікі саналмайды!

Сәлімжан. Неге саналмайды?

Мақаш. Бір таудан түсіп екінші тауға мінгенің ақылға қонбайды ғой... Сен сонда таудан басқа дым көрмеген боп тұрсың ғой... Мен сендерге үлкен қаланы көрдіңдер ме деп сұрап тұрмын... 

Дәуқара. (күліп) Ай баламысың деген... Осы тұрғанда қаладағыларың бізден жетісіп жүр ме еді? Бәріміздің сүретінімз сол бір ит өмір... 

Мақаш. Сол ит өмірді тауда сүрмей қалада да сүруге болады ғой... 

Құдайберді. Өй шірік... Қай түріңмен қалаға бармақшысың? Сен сияқты сауатсыз ол жақта кімге керек? Қалаға барып біреудің еденін жуасың ба? Оданда тып-тыныш тауда отырып малыңды бақ...

Мақаш. Сосын сен секілді бар ғұмырымды Сайтантауда өткізейін бе? Жоқ рахмет!

Құдайберді. Күйдіргі! Кезінде әкең де осы Сайтантауға сыймай кетіп еді. Бәрің безетіндей не жын түртеді осы сендерді? Мейлі өзің біл... Мен өлсем ертең басыма тас қой да малды сатып кете бер... Жолың ашық!

Мақаш. Ай білмеймін ал... Мына түріңе қарасам әлі біраз күтетін сияқтымын ғой... 

Қалампыр. Мақаш-ау мен қалада өскем ғой. Сөзіме сен. Қаланың өмірі қызық көрінгенімен адамды тез қажытып жібереді. 

Мақаш. Қажығаның соншалық Сайтантаудан бір-ақ шықтың ба?

Қалампыр. Жоқ енді алып қашып келген соң қалдық қой...

Мақаш. Сонда да Сайтантауға өз аяғыңмен келген ештеңең жоқ... Біреудің айдауымен келгенсің! 

Қалампыр. Жоға... Бәрі сен ойлағандай жаман емес. Мұнда да өмір жақсы... Керісінше екінші рет өмір сүрсем осы жаққа келін боп түсуді қайта таңдар едім... 

Мақаш. Өй қойшы жеңеше... Бірінші келгеніңде де таңдау болған жоқ. Екіншінің несін айтасың?

Құдайберді. Айтпақшы қызым ау. Сен осы жақта бізбен бірге боранда қамалып отырғанда бала-шағаң іздеп жатқан жоқ па?

Қалампыр. Аа оған алаң болмаңыз ата. Күйеуім қазір қалаға жұмысқа кеткен. Ал былай іздейтін бала-шағамыз әзір жоқ... Енді Құдай қалап жатса боп қалатын да шығар...

Құдайберді. Ее болады ғой әрине... Әлі жассыңдар... Мені мысалы шешем елу жасында дүниеге әкелген. Менің алдымда әке-шешемнің ер жетіп қалған бес ұлы болған. Онымен кезінде сұрапыл соғыс басталып бес ұлын да майданға алып кетеді. Соғыстың жайын өздерің білесіңдер... Адам аясын ба? Сол майданнан бесеуі де қайтпай қалады. Әбден қартайғанда ұрпақсыз қалдық деп әке-шешем зар еңіреген ғой. Мына тұрған Әулиетасты білемісіңдер? Сол кезде әке-шешем сол Әулиетасқа барып зиярат етуге бел байлайды. Ол кезде енді заман басқа. Коммунизмнің дүрілдеп тұрған шағы. Құдайсыз заман. Сол Әулиетасқа екеуі жасырын барып үш күн, үш түн зиярат етеді. Содан Құдайдың байғұс әке-шешемді аяғаны болар. Мен дүниеге келіппін... 

Сәлімжан. Ее сонда біздің Әулиетастың расыменде бір қасиеті болып тұрғаны ғой...

Қалампыр. Иә ауру-сырқаулар Әулиетасқа барса аяққа тұрып беті бері қарайды дейді. Ал ішіп-шегетіндер жаман әдетін тастайтын көрінеді... Ал мен сияқты бедеу... 

Қалампыр сөзін аяқсыз қалдырады. Отырғандар да Қалампыр ойын түсіне қояды. 

Құдайберді. Иә... Әулиетас бекерден бекер Әулиетас аталмайды ғой... Небірлердің бағын ашып жатқанда... 

Сәлімжан. Сол біздің Әулиетас деп жүргеніміз кім әулие сонда? Ноқатқа қатысы бар ма өзі?

Құдайберді. Жоға Ноқатқа қатысы жоқ-ау... Әйтеуір бір жақтан келе қалған кісі екен... Ел ішінде әулие атанып халыққа шапағатын төгіп жүрген ғой... 

Мақаш. Сөйтіп жүргенде әулиені өлтіріп кетеді... Ата оданда соны айтсаңызшы...

Сәлімжан. Базар жоқ... Оны кім өлтіріп жүр?

Құдайберді. Ноқаттан шыққан бір ұры ғой... Әулиенің бір затына көзі түсті ме екен... Тауда жүрген жерінен тап беріп, сойылмен бауыздап кеткен...

Дәуқара. Әулие екенін білмеген бе сонда?

Құдайберді. Ол жағы енді тек бір Құдайға ғана аян. Сыртынан қарағанда әулие екендігі білінбеген де болар... Әйтеуір қасқөйлікке барған ғой...

Сәлімжан. Иәә... Біздің Ноқатқа жақсылық істесең де жақпайсың...

Құдайберді. Ең қызығы білесіңдер ме? Жұрт әулиенің мүрдесін тапқан кезде денесі мүлде шірімей, қаз-қалпында жатқан дейді. Өлген емес кәдімгі ұйықтап жатқан адам сияқты екен... Иісте шықпайды дейді... 

Дәуқара. Енді Әулиенің денесі таудың бір бөктерінде жатса тау салқынымен сақталған болар... 

Құдайберді. Енді ол кезде қазіргідей ғылым жоқ. Анық-қанығын дөп басып ешкім айта алмайды. Халық бірақ әулиенің сол мүрдесін көріпті. Көргенде жұрт «Аһ» ұрған дейді. 

Қалампыр. Неге?

Құдайберді. Мүрдені үш күн үйде ұстағанда жұмулы көздерден толассыз жас аққан.  О заманда бұ заман өліктің жылағанын кім көрген? Нағыз құдірет қой... Сол құдіретті өз көзімен көру үшін тіпті сонау алыстан әдейілеп адамдар келген дейді.  

Сәлімжан. Әулиені музей қылған ба сонда?

Құдайберді. (сәл ойланып) Жоқ музей қылмаған шығар енді... Әйтеуір Ташкенттен әулиені көру үшін бір тақуалар келді дегенді естігем... 

Мақаш. Ташкент деген қай жақ ол?

Қалампыр. Ташкент деген қала ғой... 

Мақаш. Әй бәсе таныс естіледі... 

Құдайберді. Сөйтіп жұрт үш күн өткен соң әулиенің жаназасын оқып денесін тапқан жерге апарып жерлейді. Басына белгі болсын деп тас қояды. Кейіннен ол тасты халық «Әулиетас» атап кетеді... 

Дәуқара. Сонда әулиені өлтірген ұрыға не болыпты? Жазасын алған ба?

Құдайберді. Ол ұры кейін сол тасқа өз аяғымен тізерлеп келіп әулиеден кешірім сұрайды. 

Сәлімжан. Істейтінін істеп алып ол неғып кешірім сұрап жүр?

Құдайберді. Байғұс түсінде әулиені көрген ғой... Сол күннен бастап ұйқысы қашып әулиенің аруағы маза бермеген...

Сәлімжан. Ее... Мені де біреу өлітіріп кетсе өле-өлгенше соның түсінен шықпайтын едім. Сонда аруақ ұрыны табалаған боп тұр ғой...

Құдайберді. Жоға... Керісінше түсінде әулие ұрыға ештеңе демепті. Жәй кешіргенде үнсіз жылап отыра берген ғой...

Дәуқара. Сонда ұры әулиенің көз жасына бола моласына тізерлеп барған ба?

Сәлімжан. Соны айтам... Қайта ұяты бар ұры екен....

Құдайберді. Содан халық ұрыны көреді. Ноқаттан шыққанын біледі. Ой-бай ертең руға таңба болмасын деп... Кесірі тиіп кетіп жүрер деп... Сол жерде ұрыны дарға асып тастайды...

Сәлімжан. Неге? Жаңа ғана әулиенің аруағы кешірдім деп жатыр еді ғой...

Құдайберді. Білмеймін ал... Кешірсе де енді... Сондай бір әулиені өлітірп тұр ғой. Халықтың сақтанғаны болар... Бәлесінен аулақ деп көзін құртқан... 

Сәлімжан. Ой осы біздің Ноқатта бір шаш ал десең бас алады... 

Құдайберді. Көрмейсіңдер ме қарақтар... Әулие кешірсе де халық кешірмей тұр ғой... 

Мақаш. Өйткені халық – ақымақ!

Құдайберді. Өй сүмелек... Өзіңнің ақылың тасып тұр ма еді?

Қалампыр. Айтпақшы Мақаш сен неге осы мектеп бітірмей жүрсің?

Мақаш. Өй қойыңдаршы! Қайтесіңдер оны?

Сәлімжан. Жоқ бізге енді дап-дапдардай баланың неге сауатсыз жүргені қызық қой...

Дәуқара. Інішек одан ұялатын ештеңе жоқ... Кім қарық қып оқыды дейсің? Ұялмай айта бер...

Мақаш. Өй айтатын несі бар? Төртінші класстан кейін мектепке бармай қалдым. Болды...

Сәлімжан. Неге?

Мақаш. Сол жылы тауда қалың қар жауды да үйден шыға алмай қалдым. 

Сәлімжан. Қалың қар жауса не бопты? Одан кейін көктем шықпады ма не?

Мақаш. Жооқ... Сосын сол... Көктемде отар қойым қоздайтын болып оқуға мұршам болмады... 

Құдайберді. Өөй сүмелек! Айтып отырған сылтауын қара! Мен не сені үйде құл қылып ұстап отыр ма едім?

Мақаш. Өтірік пе енді? Онсызда құлдан еш айырмашылығым жоқ... 

Қалампыр. Мақаш сен сонда білім алмасаң немен айналысасың?

Мақаш. Мен бе? Мен пойызда машинист боламын...

Қалампыр. Әй бірақ машинист болу үшін де аттестат керек қой... 

Мақаш. Ал мен пойыздар жайлы бәрін білемін. Қазіргі пойыздар білесің бе қандай? Олар екі-ақ қана тетікпен басқарылады. 

Құдайберді. Ай білмеймін ал... Осы тұрғанда маймылға да сол екі тетікті басуды үйретуге болады. Бірақ маймылдың машинист болып кеткенін көрмеппін... 

Мақаш. Не мені машинист бола алмайды дейсің бе?

Құдайберді. (қолын бір сілтеп) Иә боларсың...

Бесеуі бір сәтке үнсіз қалады.

Сәлімжан. Сендер маймыл мен адамның не айырмашылығы бар екенін білесіңдер ме?

Мақаш. Бәрі қалып енді маймылдар жайлы сөйлесеміз бе?

Сәлімжан. Жоқ... Менікі жәй әңгіме болсын деп жатқаным ғой... 

Тағы да үнсіздік орнайды. 

Қалампыр. Сонымен не айырмашылығы бар екен?

Сәлімжан. Мысалға сендер білдіңдер ме? Шимпанзелердің ақылы бес жасар баланыкіндей болып келеді. Хайуан үшін әжептәуір ақыл ғой... Сол себептен кей ғалымдар маймылдарға ымдап сөйлесуді үйретеді екен. 

Құдайберді. Сонда не маймылдар ымдап сөйлескені үшін адам бола ма? 

Сәлімжан. Жоқ сіз ары қарай тыңдасаңызшы. Ғалымдар маймылдармен солай біраз сөйлескен ғой. Сонда бір қызық құбылысты байқапты. Әңгіме барысында қанша сөйлессе де маймылдар ешқашан адамдарға сұрақ қоймайды екен. Мына миларына: Мен кіммін? Қайда жүрмін? Аспанның түсі неге көк? Мына тамақ неге ащы деген сұрақ кіріп те шықпайды екен... 

Мақаш. Оған таң қалатын несі бар? Маймыл аспанның түсін не қылады? Бананға тойса ол соған мәз шығар... 

Сәлімжан. Айтпағым да сол ғой... Міні маймыл мен адамның айырмашылығы қайда жатыр. Адамға бәрі қызық. Біз бірнәрсені білгіміз кеп тұрады. Бұл біздің қанымызда бар нәрсе. Ал маймыл байғұста ондай жоқ! Сол үшін де ақсақал сізден сұрайыншы. Мына төрде ілулі тұрған не мылтық?

Бесеуі бірдей төрде ілулі тұрған мылтыққа көз тастайды.

Құдайберді. Аа бұл ма? Бұл әкемнен қалған – дүние ғой... 

Сәлімжан. Көруге бола ма екен?

Құдайберді. Әрине... 

Сәлімжан төрдегі ілулі тұрған мылтықты алып біраз зерделеп тұрады. 

Сәлімжан. Базар жоқ. Әдемі екен! Дәуқара қарашы... 

Дәуқара. Көріп тұрмын... Күміс жалатылған ба? 

Құдайберді. Иә тап-таза күміс... 

Сәлімжан. Мылтыққа қарасам әкеңіз кезінде бай адам болған секілді ғой... 

Құдайберді. Жоға... Әкемде ондай байлық қайдан болсын? Мылтықты осы Сайтантауда мал бағып жүріп тауып алған... 

Сәлімжан. Базар жоқ. Сайтантауда мұндай дүние шашылып жататын ба еді? 

Құдайберді. Әй қайдам... Кезінде бір орыстың бай көпесі Сайтантау аспақшы болған ғой. Осындай боранды күні тауда адасып үсіп өлсе керек... Дүниесі солай тауда қалған шашылып... Онымен әкем орыстың денесін тапқан да мылтықты өзіне алып қалған...

Сәлімжан. Дұрыс қой иә... Бір жағынан өлген адамды мылтықты не істейді? Дәуқара. Мынау өзі атады ма? 

Құдайберді. Білмеймін өмірі атып көрген емеспін. Оның тіпті оғы да жоқ.

Сәлімжан. Сонда да бағалы көрінеді екен...

Мақаш. Атаға талай айтқам. Мылтықты сатайық деп. Осыдан-ақ айырылмай-ақ қойды...

Құдайберді. Түуй мына да бір... Баққаны тек сату... Тұра берсін. Нең бар? Естелік қой...

Мақаш. Өлген орыстың естелігі ме? 

Қалампыр үстелге қайнаған шәйнекті әкеп қояды. 

Қалампыр. Шәй дайын. Келіңіздер шәй ішейік... 

Құдайберді. Сөйтейікші қызым... Шәй ішейік. Мынандай суық күні бойымызды жылытып алмасақ. Құя бер...

Қалампыр жиылғандарға шәй құя бастайды. Бір кезде Дәуқара қақалып жөтеле бастайды. Тынысы тарылғаннан тіпті жұтқан шәйін құсып тастайды.

Қалампыр. Бәрі дұрыс па?

Дәуқара. Түк етпейді. Жәй кеудемнің шаншығаны болмаса... Бәрі жақсы.

Қалампыр. Қаласаңыз кеуде тұсыңызды қарап берейін...

Дәуқара. Сен не дәрігер ме едің?

Қалампыр. Жоқ... Негізі акушермін...

Дәуқара. Мен не саған буаз қатынмын ба?

Қалампыр. Кім болсаңыз да алғашқы медициналық көмек көрсетілу керек. Бәлкім өміріңізге қаупі бар шығар. Көз жеткізейік те...

Дәуқара. (сәл ойланып) Мә! Қарашы онда... 

Дәуқара майкасын көтеріп Қалампырға кеудесін көрсетеді. Қалампыр Дәуқараның кеудесінен басады. 

Қалампыр. Былай бассам ауыра ма?

Дәуқара. (бақырып) Жындысың ба? Ауырады әрние!

Сәлімжан. Сонымен кеудесіне не бопты?

Қалампыр. Үш қабырғасы сынған ғой...

Дәуқара. Енді?

Қалампыр. Амал жоқ! Сізге дәрігерге бару керек. 

Сәлімжан. Мына боранда ма? Мұндай күні дәрігер түгілі далада тұрған дәретханаға да бара алмайтын сияқтымыз ғой...

Құдайберді. Ой бай-ау енді қайттік?

Қалампыр. Ата үйде мәрлі бар ма?

Дәуқара. Не істегелі жатырсың?

Қалампыр. Енді қол қусырып отыра береміз бе?

Құдайберді. Қазір қарайын... Үйде бар сияқты еді. Мақаш аптешканы әкелші.

Мақаш аптечканы атасына әкеп береді. Құдайберді аптечканы біраз ақтарғанымен мәрліні таба алмайды. 

Құдайберді. Әй мұнда жоқ қой. Таусылып қалды ма екен? Қызым бір ақ орамал бар еді. Сол жарай ма?

Қалампыр. Жарайды. Тек таза болса болды... 

Құдайберді. Қазір онда...

Құдайберді Қалампырға орамалды әкеп береді. Қалампыр болса орамалды қақ ортасынан жыртып Дәуқараның кеудесін орай бастайды. 

Қалампыр. Сәл шыдаңыз... Ауыртуы мүмкін... 

Дәуқара. (ауырсынып) Әй мынауың точно көмектесе ме?

Құдайберді. Болмаса қызым үйде бір азғантай қойдың майы бар еді...

Дәуқара. Ой ақсақал әуре болмай-ақ қойыңыз! Өлейін деп жатқан ешкім жоқ...

Сәлімжан. Соны айтам... Дәуқара мұның қасында машина қаққан да дым болмай жүре берген. Бұл жәй тыртық қой ол үшін... 

Қалампыр Дәуқараның сынған қабырғасын орамалмен таңып береді. 

Қалампыр. Бірақ сонда да үш қабырғаңыз сынатындай қалай құлап жүрсіз?

Дәуқара. Кәдімгідей... Қалай құлау керек едім? Тұрдым. Жүрдім. Аяғым шалынды. Құладым. Бітті...

Қалампыр жастық әкеліп Дәуқараның арқасына қояды. 

Қалампыр. Қызық екен... Осылай қабырғаға сүйеніп отыра тұрыңыз.

Дәуқара. Рақмет...

Құдайберді. Мақашжан... Ертең онда сәтін салып күн ашылып жатса мына ағаларыңды мотоцикіліңе отырғызып стансияға дәрігерге апар... 

Мақаш. Қайтіп апарам? Ұмытып қалдың ба ата? Бағана мотоциклім байталыңды іздеп шыққанда жарты жолда сынып далада қалған жоқ па?

Сәлімжан. Байтал?

Құдайберді. Иә осы бір соғымға деп сақтап отқан жирен байталымыз бар еді. Кеше ғана көз алдамызда жүрген... Атаңа нәлет жер жұтып кетті ме екен? Таба алмай қалдық... Бәлкім сендерге жол-жөнекей кездескен шығар? Маңдайында ай пішіндес бір дағы бар-тұғын... Көрген жоқсыңдар ма?

Сәлімжан. Жоға ата! Байтал көргеннен аулақпыз... 

Құдайберді. (сәл ойлана отырып) Жалпы өзі сендер Сайтантауда не істеп жүр едіңдер?

Сәлімжан. Біз бе? Біз деген... 

Осы кезде пойыздың ысқырып өткен дыбысы естіледі. 

Мақаш. Ата пойыз! 

Құдайберді. Естідім-естідім...

Сәлімжан. Не болды?

Мақаш. Намаздың уақыты кірді. 

Құдайберді. Мына пойыздар жарықтық бізде намаздың уақытымен жүреді. Соған қарап өзімше біліп отырамын... 

Сәлімжан. Ее ондай болса күшті екен... Құдайдың өзі сізге қарасқаны болар!

Құдайберді. Әумин-әумин! Өзімде кейде солай ойлап қоямын...

Құдайберді қолына құманын алып далаға шығып кетеді. Сәлімжан Дәуқараға жақындап құлағына бірнәрсені сыбырламақшы болады. 

Сәлімжан. Дәуқара естідің бе не айтқанын? 

Дәуқара. Нені?

Сәлімжан. Байталды айтам! Ей қырсық қылғанда біз бүгін сойған байтал болып жүрмесін... 

Дәуқара. Сайтантауда енді жылқы ұстайтын жалғыз тек бір шал емес шығар!

Сәлімжан. Жылқысын дәл сипаттап тұр ғой енді...

Дәуқара. Бола берсін! Ең бастысы түр бермей отыра бер. Боран басылғанға дейін шыдасақ болды. Қарамызды батырамыз...

Мақаш. (бір жөтеліңкіріеп) Жеңеше! 

Қалампыр. Ау?

Мақаш. Ертең күн ашылып жатса Әулиетасқа барасыз ба?

Қалампыр. Жоға... Бармаймын-ау...Үйге қайтамын...

Мақаш. Аа... Ал сіздің үйіңіз қай жақта?

Қалампыр. Оны біліп не істейін деп едің?

Мақаш. Жәй... 

Арада бір сәтке үнсіздік орнайды. 

Мақаш. Сонда да үйіңіз қай жақта? Айтсаңызшы... 

Қалампыр. Станция жақта тұрамын...

Мақаш. (ұялып) Онда ертең мен сізді үйіңізге дейін шығарып салсам қайтеді? Жаяу емес әрине... 

Қалампыр. Мотоциклың сынып қалды деген жоқсың ба?

Мақаш. Жоқ мен сізді өзімнің Кербұғыма мінгізіп апарам...

Қалампыр. Ниетіңе рақмет Мақаш-ау... Мен өзім бірнәрсе қылып жетем ғой. Сен оданда мына ағаңды атқа отырғызып дәрігерге апарсаң қайтеді?

Мақаш. (Дәуқараны саусағымен нұсқап) Мына дәуді ме? Жоқ!

Дәуқара. Неге?

Мақаш. Сен жалпы өзіңді айнадан көргенсің бе? Семізсің ғой сен! Сенің салмағыңды көтеретін ат жоқ менде. Ертең менің атыма отырып алып болдыртып өлтірейін деп тұрсың ғой!

Бөлмеге қайтадан Құдайберді кіріп келеді. 

Құдайберді. Ал қарақтар сәл тыныштық сақтаңдар... 

Бөлмедегілер үн-түнсіз қалады. Құдайберді құбылаға бұрылып намазын оқи бастайды. Алыстан тағы да ысқырып бара жатқан пойыздың үні естіледі. 

Құдайберді намазын аяқтаған соң. Әлдекім есікті тарсылдата ұра бастайды. Бесеуі есікке жалт қарайды. 

Құдайберді. Құдай-ау мына боран тағы да кімді айдап әкелді?  Қазір... Қазір...

Құдайберді есікті ашады. Есіктің ар жағынан суықтан бозара бастаған адам көрінеді. 

Құдайберді. (таңданып) Әй кімсің?

Амангелді. (дірілдеп) Кіруге бола ма?

Құдайберді. Кіре ғой... 

Амангелді тоңғаннан жүгіріп барып пештің түбіне отырып алады. 

Амангелді. Жамылатын бірнәрсе беріңіздерші... Тоңып барам...

Құдайберді. Мақаш сандықтың үстінен көрпе алып бере қойшы.

Мақаш көрпені әкеп Амангелдінің үстіне жабады. Амангелді бірден қымтанып алады.

Амангелді. Рақмет...

Құдайберді. Әй жеті қат түнде тау кезіп жүрген кімсің? Қайыршысың ба?

Амангелді. Жооқ... Ешқандай да қайыршы емеспін... Атым – Амангелді. Суретшімін... 

Мақаш. (таңданып) Суретші? Әншейінде осы Сайтантауда адам түгілі хайуан да жорымайды. Бүгін бәрің не келісіп алғансыңдар ма? 

Қалампыр Амангелдіге шәй құйып әкеп береді.

Қалампыр. Шәй ішіңіз...

Амангелді болса ыстық шәйді аузы күйместен іше бастайды. 

Қалампыр. Абайлаңыз ыстық!

Амангелді ыстық шәйді сіміріп ішкенін көріп бесеуі аңтарылып қалады. 

Амангелді. Рақмет...  Негізі Сайтантаудың суретін салуға келгем... Күтпеген жерден дауыл тұрып артынан боран басталып кетті де жолымнан жаңылысып қалдым. 

Құдайберді. Ее... Қайта сенің жолың болып үйді тауып келгенің жақсы болған. Әйтпесе кім біледі...

Мақаш. Әйтпесе, сүйегіңді сосын көктем шыққанда бір-ақ табатын едік.

Амангелді. (жымиып) Иә Амангелдінің аман келіп жолы болды... Кіргізгеніңізге рақмет ақсақал!

Құдайберді. Қой маған несіне рақмет айтасың? Қайта көрер дәм-тұзың бар екен... Оданда Құдайға рақмет айт...

Мақаш үстелдің үстіне бір қазан гречканы әкеп қоя салады. 

Мақаш. Мә жеңдер! Гречка дайын!

Құдайберді. Ой-бай балам ау! Адам тамақты солай бере ме екен?

Мақаш. Ой кешіріңіздер... Ас болсын! 

Мақаш осы сөздерді айтып асығыс-үсігіс сырт киімін кие бастайды. 

Құдайберді. Әй қайда барасың?

Мақаш. Жеке бастың шаруасы ғой...

Құдайберді. Онда жеке бастың шаруасы болса алысқа бармай-ақ есік алдында тындыра бер. Адасып кетіп жүрерсің...

Мақаш. Уайымдамашы ата... Мен біреулер секілді боранда адаспаймын...

Мақаш осы сөздерді айтады да үйден шығып кетеді. 

Құдайберді. (ыңғайсызданып) Кешіріңдер қарақтар... Жалғызым ғой... Тым ерке боп өскен соң... Бетімен кеткен! Аузына не келсе соны айтып оттай береді ғой күйдіргі...

Қалампыр. Қойыңызшы! Ештеңе етпейді ата... Әлі бала ғой... Қайта өйсітіп жүріп-жүріп ақылы кіреді. 

Құдайберді. Ай қайдам? Бұл ақыл тоқтата қойса жақсы...

Амангелді. (қалтыраған күйі) Кешіріңіздер... Сіздер де осы үйдің адамдарысыздар ма?

Сәлімжан. Жоқ... Бәріміз өзің секілді Құдайы қонақпыз...

Амангелді. (сәл ойланып) Бәсе... Ұқсамайсыздар... Тұра тұр! Сонда бұл қалай болғаны? Сонда осы отырғандардың барлығы – боранды күні адасқандар ма? Бұл керемет қой...

Қалампыр. (түсінбей) Несі керемет?

Амангелді. Жо-жоқ... Айтайын дегенім ол емес. Біз душар болған жағдайдың өзі жаман әрине... Бірақ... Білесіздер ме? Менің профессиямда мұндай нәрсені сюжет деп атайды. Бір сәтке ойлап қараңыздаршы: Тау... Сайтантау... Таудың бір етегінде тұрған жалғыз үй... Алақандай бір үйде тағдырлары тоғысқан алты кейіпкер... Керемет сюжет қой бұл! Және де бұл керемет сюжеттің бір кейіпкері – өзім...

Амангелді орнынан атып тұрып сөмкесінен бір кітапты шығарып апыл-ғұпыл қағаз бетіне бірнәрсені түсіре бастайды. Осы кезде ішке Мақаш кіреді. Мақаш Амангелдінің бір қағаздарды шимайлап отырғанын көріп

Мақаш. Мынаған жан кіре бастаған ба?

Амангелді. (қуанып) Білдім ғой мен! Сайтантауға келсем бірнәрсені табатынымды білдім ғой! Осылай-осылай... Қазір! Дәл осы күйде қатып қалыңыздар! Қағаз бетіне тездетіп түсіріп алу керек...

Құдайберді. О тоба! Мына боранда үйде қамалып отқанымыздан да біреуге пайда бар ау... 

Мақаш. Ата не ғой айтпақшы... 

Құдайберді. Не болды?

Мақаш. Жаңа ғана Тузикті қораға қамайын деп барғам ғой. Тузик жоқ... Шынжырдан босап қашып кетіпті...

Құдайберді. Әй ол иттің ондайы жоқ еді ғой...

Мақаш. Соны айтам! Ақымақ па? Боранда үсіп өлгісі келді ме екен... Ей суретші! 

Амангелді. (қалтырап) Ау?

Мақаш. Бағана үйге келгенде аулада ит болды ма?

Амангелді. Кешіріңіз оны білмейді екем... Мына боранда таяқ тастам жерді көре алмадым. Итті қайдан көрейін?

Мақаш. (сәл ойланып) Жарайды... Үсіп қата қалса өз обалы өзіне...

Алтауы бір сәтке үнсіз қалады. 

Сәлімжан. Сонда сен сияқты суретшілер осылай қар мен жауынға қарамай тау-тасты кезіп жүре бере ме?

Амангелді. (түсінбей) Аа? Маған айтасыз ба?

Сәлімжан. Иә! Саған айтамын.

Амангелді. Иә... Біз солай шабыт іздейміз ғой... 

Сәлімжан. Аа... Сонда сол үшін көп ақша аласыңдар ма?

Амангелді. Мен сияқтылар жоқ... Өз басым күнделікті ішіп-жемді тапсам соған мәзбін... 

Сәлімжан. (ыржиып) Ее... Біздің жұмыс нашар ма деп жүрсек. Мынаны мүлде қайырсыз екен ғой...

Амангелді. Ал сіз немен айналысасыз?

Сәлімжан. Кім? Мен бе... 

Дәуқара. Саудамен айналысамыз... 

Амангелді. Не сауда?

Дәуқара. Мына станцияны білесің бе тұрған?

Амангелді. Иә... 

Дәуқара. Біз сол станцияның бойына шығып аламыз да қолдан перашки істеп сатамыз. 

Амангелді. Күшті... Көп ақша табасыздар ма сонда? 

Дәуқара. Жоға... Күнделікті ішіп-жемімізді тапсақ соған мәзбіз... 

Мақаш Амангелдінің салып жатқан жұмыстарына көзі түседі. 

Мақаш. Мынаның не бір омырауы салбырап тұр ма?

Сәлімжан. (қызығып) Қайсы?

Сәлімжан да Амангелдінің салған жұмыстарын қызыға қарай бастайды. 

Сәлімжан. Базар жоқ! Дәуқара қарашы...

Сәлімжан суретті Дәуқараға көрсетеді. 

Дәуқара. Көрдім-көрдім.

Сәлімжан. Не сурет мынау?

Амангелді. Аа бұл ма? Бұл сурет «Африканың жазығы» деп аталады. Америкаға күн болып барған Нгала деген әйел жайлы ғой... 

Мақаш. Сонда мына Нгала қатын не істеп жатыр? Баласын құдыққа тастап жатыр ма? 

Амангелді. Негізі картинаның желісі бойынша Нгаланы Америкаға күн қылып әкелген соң ақ адамдар зорлайды ғой. Содан тас көмірдей қара әйел өзін зорлағандардан жаңа жауған ұлпа қардай аппақ баланы дүниеге әкеледі. Осылайша ол өзін күн қылған ақ адамға кектеніп бауыр етін баласын құдыққа лақытырып жібереді. 

Құдайберді. Ей сонда шақалақ сәбидің не кінәсі бар? 

Амангелді. Бар трагедия сонда ғой ақсақал... Сәбидің жазықсыздығын түсінуге Нгаланың ақылы жетпейді. 

Қалампыр. Ал бұл шын өмірде болған оқиға ма?

Амангелді. Ол жағын шынымды айтсам білмедім. Біреуден естіген әңгімем ғой. 

Қалампыр. Меніңше бұл өтірік секілді. 

Амангелді. Неге? 

Қалампыр. Қанша жерден іштен шыққан шұбар жылан болса да ананың аты ана ғой. Ол өз баласын оңайлықпен өлімге қияды дегенге сенбеймін...   

Амангелді. Ал сіз өзіңіз анасыз ба?

Қалампыр. Жоқ...

Амангелді. Олай болса менде ана емеспін. Түсінесіз бе? Біз екеумізде ана болудың не екенін түсінбейміз. Сондықтан екеумізге де Нгаланың іс-әрекетіне баға беру қиын...

Қалампыр. Бірақ мен әйелмін... Әйелдің жанын осы отырғандардан менен артық ешкім түсінбейді. 

Амангелді. Сіз сонда бұл өмірде тасбауыр аналар болмайды дегіңіз келе ме?

Қалампыр. Бар әрине... Бірақ... 

Амангелді. Бірақ не?

Қалампыр ары қарай ойын жалғастыра алмайды

Амангелді. Өзім де солай ойлап ем... Сіздер адам жанының небір-небір қараңғы тұстарын білсеңіздер ғой. Бұл өмірде адамнан асқан хайуан жоқ. Өз басым сол нәрсеге кәміл сенемін. 

Құдайберді. Балам ау енді адамның да түр-түрі болады. Бәрі бірдей жаман емес шығар...

Амангелді. Солай болса жақсы ғой... Бірақ әлі ғұмырымда түзу, кіршіксіз, пәк адамды кездестірген емеспін. Бәрі – күнәһар...

Құдайберді. Ай қайдам? Ондай адамды енді кездестірмейсің ау... 

Амангелді. Неге?

Құдайберді. Өйткені пайғамбарлар баяғыда-ақ о дүниеге кетіп қалған. 

Сәлімжан. Ей суретші! Күнә-күнә дейсің... Осы отқанда өзің бір періште ме едің?

Амангелді. Жоқ! Мен қайта күнәһарлардың ішінде бетке ұстарымын.

Дәуқара. Сен жалпы философ емес суретші сияқты едің ғой...

Амангелді. Енді дұрыс қой... Суретші ретінде адамның шынайы болмысын әшкерелеуді өзімнің жұмысым деп білем. Олардың озбырлығын, арам пиғылдарын, іш тарлығын суреттеу маған парыз...

Амангелді өзінің бір бума қағаздарын көтеріп

Амангелді. Ал мынау менің өмірімнің – мәні! 

Сәлімжан. (сәл ойлана отырып) Саған негізі бауырым өзіңнің ойлау жүйеңді өзгерту керек  ау. Бұлай жүре берсең жалғыз қаласың ғой... 

Дәуқара. (есінеп) Жарайды онда... Сен суретіңді асықпай сала бер. Мен кішкене мына жерге қисая тұрайын...

Қалампыр. Егер ас ішіп болсақ мен үстелді жинай берейін.

Құдайберді. Иә сүйте ғой қарағым. Кеш те болып кетті. Жатуға ыңғайлана берейік. Ей Мақаш!

Мақаш. Ау?

Құдайберді. Келген қонақтарыңа төсек сал...

Мақаш. Жақсы ата... Саламын ғой. Бірақ...

Құдайберді. Не бірақ?

Мақаш Құдайбердінің жанына келіп құлағына сыбырдайды. 

Мақаш. Ата не ғой... Кіл еркектің қасына жеңешеге төсек сала берейін бе? Ұят сияқты ғой...

Құдайберді. Ей онда қайда жатқызамыз?

Мақаш. Сол ғой... Болмаса қораға салып берейін бе?

Құдайберді. Ой сен де бір... Одан да сен жеңешеңді өз кроватыңа жатқыз. 

Мақаш. Ал мен ше? Мен қайда жатам?

Құдайберді. Сен менің қасыма жатасың...

Мақаш. Өй қойшы! Жатпаймын сенің қасыңа...

Құдайберді. Өй сүмелек! Не атаңның қойнынан шыққаныңды ұмытып қалдың ба?

Мақаш. Қойшы ата... Түнімен қорылдап ұйқы бермегеніңді қалай ұмытайын?

Құдайберді. (қабағын шытып) Ей баршы-баршы! Бір айтсаң болды... Сөз көбейтіп шығады екенсің!

Мақаш. (айқайлап) Тәк! Келген қонақтар! Еркектер жағы мұнда! Әйелдер жағы анда! Қазір төсек саламын ұйықтайсыңдар...

Осылай Құдайберді мен Мақаш келген қонақтарын алақандай бөлмеге жайғастырады. Үйдің жарығы сөнеді. Далада сол күйі боран түтеп тұрады. 

 

Үшінші сахна

Таң әлі ата қоймаған. Пештің түбінде Амангелді суретін салып отыр. Бір кезде Мақаш ұйқысынан оянып киіне бастайды. 

Мақаш. (ұйқылы ояу) Әй не істеп отырсың?

Амангелді. Жәй... Ұйқы болмаған соң... Қағазды шимайлап отырғам. Өзің неге ерте тұрып алдың?

Мақаш. Сол жеке бастың шаруасы ғой... Қазір...

Мақаш бір сәтке тысқа шығып қайтып келеді де Амангелдінің жанына жайғасып алады.

Мақаш. Мына боранның басылатын түрі жоқ қой... 

(Үнсіздік). Бір кезде үй жанынан ысқыра пойыз өтеді. 

Мақаш. Оо пойыз өтті... Ата баяғыда-ақ тұрып алған шығар... 

Амангелді сол күйі Мақашқа мән бермей суретін салып отыра береді. 

Мақаш. Осы пойыз демекші... Баяғыда бала кезде ауылдың балдары темір жолдың бойынан шықпайтын едік. Енді ауылда істейтін ештеңе жоқ. Дым қызық жоқ. Өткен-кеткен пойыздармен жарысып ойнайтын едік...

Амангелді. (мән бермей) Аха... Қызық екен...

Мақаш. Жоқ сен аяғына дейін тыңдасаңшы. Сөйтіп бір күні темір жолдың бойында жүргенде біздің көзімізше бір ит пойыздың астына түседі ғой. Ойлашы кәдімгідей мыжып кетеді. Біз аң-таңбыз... Ондайды бұрын-соңды көрмегембіз... Сол пойыз өткен соң иттің езілген ішек-құрылысын қызықтап көреміз ғой...  Қатты әсер қалдыр да... Сосын сол күннен бастап ауылдың қолға түскен ит-мысығын пойыздың астына сала бастаймыз ғой...

Амангелді. (басын көтеріп) Не үшін?

Мақаш. Жоқ енді ол кезде баламыз ғой... Бізге сол пойыздың ит-мысықты қалай қағатыны қызық болды... Сен одан да аяғына дейін тыңдасаңшы... Бір күні ауылдың ит пен мысығы таусылады ғой... 

Амангелді. Көзін құртып біттіңдер?

Мақаш. Жойып жібердік қой бір сөзбен!

Амангелді. Содан?

Мақаш. Содан бір күні менімен құрдас бала бар-тұғын. Аты – Естай ма еді? Қазір дұрыс есімде жоқ. Сол бала бір күні көршісінің қорасынан бір баспақты ұрлап алып шығады ғой. Бізде оған қосылып алғамбыз. Бәріміз анау баспақты темір жолдың бойына қарай сүйрейміз ғой. Естайдың ойы сол баспақты апарып темір жолға байлау ғой. Бірақ баспақ қыңыр енді. Әл бермейді. Жабылып жүріп анау баспақты жолға байлаймыз деп жаман алыстық. Бір кезде қарасақ. Анадай жерден пойыз келе жатыр ғой... Анау баспақ болмай жатыр енді. Пойызда жақындап қалды. Осылай жүргенде Естайдың бір аяғы екі темірдің ортасына қысылып қалады ғой. Пойыз әне-міне дегенше келеді. Біз бытырай қашамыз! Баспақ та қашады! Тек Естай ғана қалып қояды... Сөйтіп біздің көзімізше Естай пойыздың астына түседі. Солай... 

Амангелді. Енді?

Мақаш. Сен енді сондай бір әңгімелерді жинайтын едің ғой. Қызық болсын деп айтып жатырмын... 

Амангелді. Жарайды рақмет...

Тағы да бір сәтке үнсіздік орнайды. 

Мақаш. Суретші не ғой...

Амангелді. Не?

Мақаш. Кешегі суретті көрсете аласың ба?

Амангелді. Не? Ұнап қалды ма?

Мақаш. Жоқ... Жәй жақсы салынған соң сұрап жатырмын...

Амангелді Мақашқа Нгаланың суретін алып көрсетеді. Мақаш суретке біраз үңіліп отырып

Мақаш. Сол омырауын айтамын да... Неге ашық тұр?

Амангелді. Өйткені Африканың кей халықтары солай жүреді. 

Мақаш. Шын ба? Сонда не ғой... Ұялмай ма олар?

Амангелді. Несіне ұялады? Олар үшін бұл жәй ғана тән! 

Мақаш. (сәл ойланып) Аа... Қызық екен... Не ғой... Тағы да осындай суреттер бар ма?

Амангелді. (миығымен күліп) Қандай суреттер?

Мақаш. Әйелдердің суретін айтамын...

Амангелді. Бар...

Мақаш. Бар болса көрсетші... Маған қызық жәй...

Амангелді. Сен жалпы әйел адамның тәнін көргенсің бе?

Мақаш. Көргем әрине...

Амангелді. Ұстап көрдің бе?

Мақаш. (түсінбей) Аа?

Амангелді. Енді тек көрумен шектелмеген шығарсың? Бір іс-әрекет болды ма?

Мақаш. Негізі... Болған жоқ. 

Амангелді. Ей! Қой! Жасың нешеде өзі?

Мақаш. Он жетідемін...

Амангелді. Әлі жүрсің бе не? Жасың келді ғой...

Мақаш. Өй қойшы!

Амангелді. Ее өмірдің қызығын әлі көрмедім де... Былай аузыңды ашып жүре берсең тақуа болып тауда қаласың. 

Мақаш. Өй қойшы!

Амангелді. Не қойшы? Көзіңді ашып кішкене айналаңа қарасаңшы...

Мақаш. Қайда қараймын?

Амангелді. Ой сенде бір... Ей әні! Үріп ауызға салғандай жатыр ғой жеңешең.

Мақаш. Қумашы! Ұят қой!

Амангелді. Несі ұят? Мені не сенің кеше жеңешеңе қалай қарағаныңды байқамады дейсің бе?  

Мақаш. (ұялып) Қалай қарадым?

Амангелді. Ой! Жеңешеңе көңілің бар екендігі тайға таңба басқандай ғой... Не десек те ол – әйел. Сен – еркек. Табиғаттың заңы...

Мақаш. (сәл ойланып) Ол қалай болады екен?

Амангелді. Ал сен алдымен көр! Бәлкім оған ұнайтын шығар...

Мақаш Амангелдінің сөздерінен кейін біраз ойланып қалады. Бір мезетте жүрексінген боз бала қаннен қаперсіз жатқан Қалампырға жақындай түседі. Мұның бәрін Амангелді жіті қадағалап отырады. Бір кезде Мақаш қолын әйелдің жамбасына қойып сипалай бастайды. Қалампыр сол мезетте-ақ ұйқысынан шошып оянады. 

Қалампыр. Не істеп жатырсың?

Мақаш. Жеңеше мен жәй...

Қалампыр Мақашты шапалақпен тартып жібереді. Осы кезде ішке қолына құманын ұстап Құдайберді кіреді. 

Құдайберді. Әй қарақтарым-ау оянып кеткенсіңдер ме?

Амангелді. (езу тартып) Иә ақсақал... Бағана тұрып алғамбыз...

Құдайберді. Ее оларың дұрыс. Ерте тұрған адамның бір ырысы артық болады... Онда Мақаш не тұрыс? Бар шәйіңді қой. Мен оған дейін намазымды оқып алайын... 

Қалампыр. (ызаланып) Ата! Жаңа ғана...

Даладан сол баяғы ысқырып өткен пойыздың үні естіледі. 

Мақаш. Жоқ жеңеше!

Құдайберді. Тыныштық па?

Дәуқара күрк-күрк жөтеле бастайды. Бір кезде Дәуқара қан құсады. Мұны көріп жиылғандар абдырап қалады. 

Қалампыр. Ой бай-ау не болды?

Дәуқара. (тынысы тарылып) Су... Су...

Дәуқара тағы да қан құсады. 

Дәуқара. Ауа жетпейді...

Қалампыр. Қазір ағытайын... Денесі қызып тұр ғой... Мақаш бар салқын су алып келші!

Қалампыр өзі таңған орамалды шеше бастайды. Мақаш салқын суға жүгіріп кетеді. Амангелді болса ақырын келіп Дәуқараның жанына жайғасады. 

Амангелді. Бәрі дұрыс па?

Дәуқара. Кімсің?

Амангелді. Мен ғой Сәлімжан...

Дәуқара. Сәлімжан...

Амангелді. Ау?

Дәуқара. Көздерім қарауытып барады...

Амангелді. Енді сүйегің сынса сондай болады ғой...

Құдайберді. (шошып) Құдай-ау не деп жатыр?

Дәуқара. Айттым саған керек емес деп...

Амангелді. Нені керек емес дедің?

Дәуқара. Байталға... Тиіспейік... Арты бір... Ұрынамыз...

Амангелді. Қайтесің бауырым? Болар іс болды.

Дәуқара. Шал... Біліп қоймасын... Кет...

Амангелді. Ал сен не істейсің?

Дәуқара. Мен... Мені... Білесің ғой...

Дәуқара үнсіз қалады. Амангелді Дәуқараның тамырынан ұстап

Амангелді. Өліп қалды... Ұры өліп қалды...

Құдайберді. (аңтарылып) Жаңа ғана не деді?

Қалампыр. (үрейленіп) Ой сақтай гөр...

Құдайберді біраз ойланып отырып орнынан атып тұрады да сандықты ақтара бастайды. Шал сандықтың түбінен сақтап жүрген мылтықтың оқтарын шығарып төрде ілулі тұрған мылтықты оқтай бастайды. Бір мезетте ол қаннен қаперсіз ұйықтап жатқан Сәлімжанды теуіп оятады. 

Сәлімжан. (ұйқылы ояу) Ей не болып жатыр? Жындысың ба шал?

Құдайберді. (мылтық кезеніп) Байтал қайда?

Сәлімжан. Қандай байтал?

Құдайберді. Мына ит екеуің ұрлаған байтал қайда?

Сәлімжан. (түсінбей) Ей Дәуқара! Денің дұрыс па бұларға не айтып жүрсің?

Амангелді. (айқайлап) Көрмейсің бе? Сен ұйықтап жатқанда Дәуқара өліп қалды! 

Сәлімжан. Не?

Құдайберді. (ашуланып) Байталым қайда деймін!

Мақаш. Ой бай ата не істегелі жатырсың?

Сәлімжан. (түсінбей) Өлгені қалай?

Амангелді. Ей Сәлімжан! Бауырыңды өлтіргенде осылай қақшиып тұра бересің бе? Бірнәрсе істесеңші...

Құдайберді. Қозғалма орныңнан! Атам!

Сәлімжан ашуланып қынабынан қанжарды шығарады да Мақаштың тамағына кезенеді. 

Мақаш. Ата көмектес!

Сәлімжан. Ей шал! Атпайтын мылтығыңды кезенбей-ақ қой...

Құдайберді. (абдырап) Немеремді жібер...

Сәлімжан. Ал сен мылтығыңды түсір!

Бір кезде Мақаш Сәлімжанның уысынан шығып кетуге оқталады. Алайда Сәлімжан Мақашты қылқындыра бастайды. 

Амангелді. (айқайлап) Не істеп тұрсың? Жіберме оны!

Осылай алысып жатқан кезде Сәлімжан абайсызда Мақаштың тамағына пышақты сұғып алады. Қас пен көздің арасында Мақаш жерге гүрс ете құлайды. Құдайберді болса Сәлімжанды сол мезетте-ақ атып өлітерді. Атылған мылтықтың жаңғырынан бөлмедегілердің құлақтары тұна қалады. Құдайберді немересінің жансыз денесіне жабысып

Құдайберді. Ой Құдай ай... Жалғызым ай... Өлмеші... Өлмеші... Иә Құдай ай тек немеремнің жанын ала көрме! Одан басқа менің кімім бар? Қартайғанда ол болмаса мен кімге керекпін? Бір тастандыны өзің беріп өзің алғаның ба? Қазір... Қазір... 

Қарт кісі немересінің денесін арқасына салып боранды күнге қарамастан көмек іздеп далаға шығып кетеді. Алақандай үйде Қалампыр мен Амангелді екеуі ғана қалады. 

Амангелді. (жылап-пысықтап) Ой көңілім босап кетті ғой... Бір-бірін өлтірген ағайындар! Аһ қандай таныс сюжет... Бірақ сонда да жақсы құрастырған сияқтымын иә? Барлығының басын бір үйге тоғыстырып...

Қалампыр Амангелдінің бұл қылығын көріп одан алшақтай бастайды. 

Қалампыр. Сен кімсің?

Амангелді. Кімі несі? Суретшімін. 

Қалампыр. Аһ сен сол ма едің? Малғұн...

Амангелді. Сайтан деші оданда...

Қалампыр. Саған не керек?

Амангелді. Дәл сенен ештеңе керегі жоқ... Кешеден бері біраз жүрдім сандалып... Картинаның нүктесін қою керек... Болшы тез! Не істейсің? Далаға қашасың ба мына боранда?

Қалампыр пеште қайнап жатқан шәйнекті алып Амангелдіге шашып жібереді. Амангелді өтірік ауырсынғандай болып

Амангелді. Ай-ай күйдім-күйдім. Мені не алады деп ойладың ба не?

Қалампыр. Жолама! 

Амангелді. (күліп) Аа? Мынауың қызық болды ғой. Дұрыс асықпайық! Сюжеттің соңы өтірік болып қалмасын... Кел біраз алысайық!

Амангелді Қалампырға бас салады. Қалампыр Амангелдімен алысып жатып Мақашқа сұғылған пышақты алып Амангелдінің кеудесіне қадап тастайды. Амангелді түк болмағандай пышақты кеудесінен суырып

Амангелді. Сен қатынның денің сау ма? Өліп қалсам не болатын еді?

Қалампыр. (қорқып) Пісміллә-пісміллә... 

Амангелді. (күліп) Айт! Айта бер! Жағың талғанша дейін айт! Бәрібір де Сайтантауда Құдай жоқ... Еех бейшаралар адам түгілі құдайға да керек емессіңдер...

Қалампыр. (жан ұшыра айқайлап) Кет әрі! Кет! Әйтпесе... 

Амангелді. Өй мынаны қара! Қорқам-қорқам-қорқам... Әйтпесе не?

Осы кезде Қалампырдың көзі Амангелдінің жұмыстарына түседі. Қалампыр суреттерді алып пешке тақайды. 

Қалампыр. Әйтпесе өртеп жіберем! 

Амангелді. Өрте маған не қыл дейсің?

Қалампыр бір бума парақты пешке жақындатады. Осы кезде Амангелді іштей күйе бастайды.

Амангелді. Әй әй! Денің сау ма сенің? Тиме! Тиіспе! Басыңды жұлып аламын!

Қалампыр. Құры бұл жерден!

Амангелді. Кетсем суреттерімді қайтарып бересің бе?

Қалампыр қолындағы бір сыпыра суретті пешке тастай салады. Амангелді қианала бастайды. 

Амангелді. Жарайды-жарайды... Сенің дегенің ақ болсын. Бір сөз ұқпайтын қатын екенсің... Суреттерді маған берші. Сосын өз жөніңмен кете бер! 

Қалампыр.  Иә сене қалдым саған! 

Қалампыр сол күйінде тайсалмай тұрады. 

Амангелді. Түсінші... Бұл менің бар ғұмырым жинаған жұмыстарым ғой... Сен білесің бе оның құны қандай? 

Қалампыр үнсіз. 

Амангелді. Иә... Иә... Саған не керегін білемін! Сенде бала жоқ! Қаласаң жатырыңа бала бітірейін! Талай жылдар аңсап жүрген ұрпағың болады! Өтініш! Тек суреттерімді қайтар... Әй өзің жұрттың баласын талай босандырған сайын, мына қолдарыңда ұстаған сайын менің перзентім қашан болады деп зар жылаған жоқсың ба? Енді не керек?

Қалампыр. Дұрыс! Зар жылағаным бар... Әйел болып бала көтере алмаудың қайғысын білемісің? Мойныңа ауыр тас байлап суға түскендей. Мына жүректе бір дауасы жоқ мұң жатыр... Бірақ сен мұны қайдан білесің? Сен әйел - емессің... Сен - Сайтансың. Адам мұңымен сенің ісің жоқ... Ал мен Сайтанның арбауына көнетін ақымақ емеспін! 

Қалампыр Амангелдінің бар жұмысын пешке тастай салады. Суреттер мен бірге Амангелді де өретенеді. Бір сәтте күл болады. Алыстан тағы да ысқыра жүрген пойыздың үні шығады. Бір жақтан Тузиктің үргені естіледі.

СОҢЫ.