«Драматургия» номинациясы: Жалы өртенген жылқылар

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Толағай

 

(Абыралы мен Дегелеңдегі ядролық сынақтардан жапа шеккен әкей мен шешейлерге, сәбилер рухына арнаймын)

Қатысатын кейіпкерлер:

Елемес – ақын

Бармэн 

Ғасыр – жазушы

Жұпар – ақынның жары

 

Бірінші көрініс

Маңдайшасында «London Pub» деген жазуы бар мейрамхана. Мейрамхана ішінде әр үстелде шуласып, әңгіме айтысып отырған адамдар, ерлі-зайыптылар. Бірде көңілді, бірде мұңлы әндер ойнап тұр. Елемес ішке еніп, күртешесін іліп, бармэнге жақындайды. 

ЕЛЕМЕС: Ішкенге не бар?!

БАРМЭН: Белый медведь, свежий кружка, Bahus коньяк, Қызылжар, William виски. Қайсысы?  

ЕЛЕМЕС: Ақ аю болса ақ аю. Содан бір шөлмек. Кеуіп барамын.

БАРМЭН: Мінекей. Түрің ағып кетіпті ғой бауырым?

ЕЛЕМЕС: Шаруаң қанша? Аға ма, ақпай ма?!

БАРМЭН: Жә, бауырым. Әшейін сұрап жатқаным ғой. Бір ескі танысым бар еді. Соған ұқсаттым. Марқұм болып кетті деп естіп ем.

ЕЛЕМЕС: Е-еее, братан! (сырадан ұрттап отырып) Сол марқұм бола салу керек еді бізге де...

БАРМЭН: Қой-ійй, бауырым! Қайдағыны айтпай! Бірдеңе болса іше кететіндерің не осы?

ЕЛЕМЕС: Ішу туралы сіз айтпасаңызшы. Саудаңыз жүрсе болды емес пе? (мырс етіп күліп)

БАРМЭН: Жүруі жүреді ғой. Мәселе бұл емес. Қай бір жайлы осында келгіштеп жүрген өзің секілді жігіт бомж болып кетіп еді. Қу арақ қой құртатын.

ЕЛЕМЕС: Ағасы, мен бұған үйір де емеспін. Ішкім келді, ішіп отырмын. 

БАРМЭН: Үйір болмаған жақсы (сыра шынысын сүртіп жатып). Мына заманда қиын ғой жалпы. Өзің түсінесің.

ЕЛЕМЕС: Ауылдағы ағалардан тығылып, кешкі дискотекаларда болмаса палатка артындағы тойларды ішкенім бар. Былай, аса жоқпын бұған.

(Бауырым, братан қайталап жіберші сырадан деген әр-әр жерден дауыстар естіледі)

БАРМЭН: Өйй, мыналар да жағаласып әкиңдііі. Ауыл дегенің қай ауыл? 

ЕЛЕМЕС: Семейге үш сағаттық жер, Абыралы жақ қой. 

БАРМЭН: Е-ее, Абыралыданмын де (күрсініп, өзіне де сыра құйды)

ЕЛЕМЕС: Біледі екенсіз ғой. 

БАРМЭН: Білгенде қандай! Сол жерде туып, суын ішіп, топырағына аунап, жабағысын үйретіп жүрдік емес пе? Қайран уақыт!

ЕЛЕМЕС: Ауылдас болдық деңізші! 

БАРМЭН: Ол ауылдан ертерек көшкенім болмаса, ауылдаспыз ғой, зема. 

ЕЛЕМЕС: Осында кіре сала сен деппін ғой, жасыңыз үлкен сіз дейін, оның үстіне ауылдассыз.

БАРМЭН: Бәрекелді! Кел, тартып жіберейік!(қағыстырып)

ЕЛЕМЕС: Қалаға келгеніңізге біраз болды ма?

БАРМЭН: Қырық жыл болды ғой демін. Ауылдан көштік, қалаға келдік. Оқу бітірдік, үйлендік. Е-ее, жылдар өтіп жатқан. 

ЕЛЕМЕС: Сіз өзіңіз өз жасыңыздан жас көрінеді екенсіз.

БАРМЭН: Сен де айтасың-ау, ә! Түріміз жас болғанымен, ішіміз, қайғымыз қартайып кетті ғой біздің.

ЕЛЕМЕС: Отбасыңызбен осында тұрасыз ба?

БАРМЭН: Иә, осында тұрғам. (көзінің айналасын сүртіп)

ЕЛЕМЕС: Қалай сонда, сіз осында жүрген жоқсыз ба?

БАРМЭН: Иә, мен осындамын. Әкей мен шешейдің кеткеніне біраз жылдар болды. Қаланың шетіндегі мазарда жатыр. Жұбайым да, ұлым да сонда.

ЕЛЕМЕС: (сырасын үнсіз ішіп) Тықақтап сұрасам кешіріңіз, құр отырмайын дегенім еді. Онсыз да бүгін дерттімін.

БАРМЭН: Ештеңе етпейді. Әкей мен шешей біразға келіп, асарын асап, жасарын жасады. Ал, енді жұбайым, балам, олар да кетті ғой.

ЕЛЕМЕС: Өкінішті.

(Үлкен жарық сөнеді, тыныштық орнайды, бармэн мен ақынға жарық түседі)

БАРМЭН: Жауыздар, жауыздар оларды жұтқан. Не жазығы бар еді? Ана боламын деген арманы әне-міне орындалады дегенде кетті. Балам ше?! Сәби еді ғой сәби. Жеңгең көрші ауылдың қызы еді. Сол Абыралының етегіндегі. Таныстық, отбасын құрдық. Керемет кештерді бастан өткердік. Күндер өтіп, жеңгеннің құрсағына жан бітті. Содан босанды. Бірақ сәбиіміз, айналайын аппақ періштем, қайтейін ботам!

ЕЛЕМЕС: Тәңірі пешенеге жазғанды медет тұтатын пендеміз. Сабыр.

БАРМЭН: Менің уақытым осы шулы барда, кабактарда өтіп жатыр. 

Осы шуда жүрсем, естеліктер шуынан бір сәтке де құтыламын, сәтке де болсын тыныштық табамын.

Тыныштықта қалсам, айналамда атом жарылып жатқандай денем тітіркенеді. Шошимын. Адамның лаңы, адамға өтті. Сол жарылыстар менің сәбиімді мүгедек қылды, жарымның жасын төкті. Сол күні жеңгеңнің өмірі сетінеді, тұңғышым шетінеді. 

(Мейрамхана іші тынышталады. Сахна қараңғы. Жарық ақ киімді сәбиге және шылымын будақтатып, қайғырып отырған бармэнге түседі)

СӘБИ: Әке! 

Мен биыл жиырмадамын.

Қасымда анам бар.

Бұл әлемнің аты – жұмақ. 

Анам сізді ылғи айтады,

Жұмыстан кеш шығады, шаршайды деп.

Ол да бізді ұмытпайды, аңсайды деп.

Сіз ұйықтап жатқанда жиі келемін,

Сізді жақсы көремін себебі.

Сізбен және анаммен саяхатқа шығатын,

Менде армандар көп еді.

Әке!

Менің атым – елес.

Менде армандар көп болатын,

Оны таптаған таулар емес, өзендер емес,

Адамдар неге сондай қатыгез,

Неге сондай жауыз?!

Әке!

Ұлыңның,

Анам мен әкемнің қасында жүрсем ғой деген тілегі,

Сонда менің соғып тұратын секілді жүрегім.

Бұл жақта жалы өртенген жылқылар шауып жүреді,

Бірақ мені мінгізбейді біреуі.

Әке!

Біздің ауылда көп бейіттер бар,

Бейіт басына көп тастар қашалыпты.

Адамдар мені көре қалса,

Бәрі менен қашады.

Менен қашатындай оларға не жасадым?!

(Сәби сахнаны айнала жүгіреді, ағаш атқа мініп, «Әке, әке мен мұндамын, мен мұндамын» деп сыбырлайды. Бармэн «Балам, бері келші, келші құлыным, қайда кеттің балам» деп соңынан қуып, сәбимен бірге ғайыпқа сіңіп, сахнадан шығып кетеді. Сол сәтте жарық жанады, отырғандар шуылдасып кетеді. Жалғыз отырған ақынның қасына ескі досы келеді)

ҒАСЫР: Беу, де! 

ЕЛЕМЕС: (селк ете қалады)Армысың!  

ҒАСЫР: Великий ақын отыр ғой мұнда. Өткенде қоңырау шалып едім көтермедің. Осындай жерлерден ұстап алмасақ ұстатпайсың, ә!(құшақтаса амандасып) 

ЕЛЕМЕС: Үйі-іші қалай, қызара бөртіп қайдан келдіңіз?!

ҒАСЫР: Аман-аман. Хабарлассам жұмыс дейсің, бірде жазу дейсің. Бітпейтін жұмыс, бітпейтін жазу сенікі. Бұл жерден кездестіремін деп ойламаппын ійй!

ЕЛЕМЕС: Жетісіп жүргенім жоқ, Ғасаға! Арасында бір бой жазайын деген біздікі.

ҒАСЫР: Иә, ешкім де жетісіп жүрген жоқ қой. Өңің қарауытып, көзің шүңірейіп қалыпты. Денсаулығың дұрыс па өзі?

ЕЛЕМЕС: Дұрыс қой. Сіз әлгі аудармаңызды қайттіңіз? Мураками ме еді, Ясунари ма еді? 

ҒАСЫР: Ойбой оны қашан айттым. Ұмытпапсың, ә! Аударып болып, баспаға жібергенбіз. Жапонның жүйріктерін аудару оңай дейсің бе?! Құйшы, бір сілтеп жіберейік! (шарап қағыстырады)

ЕЛЕМЕС: Самурай сертіндегі қаламгер деген мақаланы оқы, Мисима деген жапон шабыт сыйлайды деп едіңіз?

ҒАСЫР: Солай айтсам айтқан шығармын. Есімде жоқ. Өтежан ақын: мен не айтпадым, айтпағаным қалмады ғой депті (қарқ-қарқ күліп). Сол секілді не айтып, не айтпадық. Келін қалай? Өткенде Нығмет күйші той жасағанда қаладағы ығай мен сығай жиналды. Өзіңді көрмедім ғой. 

ЕЛЕМЕС: Сол той деген, сол қызық деген тарпай-ақ қойды. Күйбең тіршілік, оның үстіне келіңіз...(кібіртіктеп)

ҒАСЫР: Не болды ейй, келінге? Төркініне қуып жібергеннен саумысың, қызталақ, а?! 

ЕЛЕМЕС: Төркініне кетсе жақсы ғой. Кеше клиникаға барғанбыз. Сәби сүюге болмайды депті. Бір дерт жабысыпты. Қанмен келген. Бала тусаң не өзің кетесің, не сәбиің кетеді. Осындай гәп, осындай диагноз аға. (бетін алақанымен сыйпап) 

ҒАСЫР: Айдың күннің аманында о, несі ей?! Не дерт, не гәп ол?!

ЕЛЕМЕС: Білмедім аға білмедім. Бір білерім келінің үйінің кенжесі. Енем неше түсік тастап, бауырлары сал болып, соңында тапқаны еді келініңіз. 

ҒАСЫР: О, тоба! Келін осы Абыралы жақтың қызы емес пе еді?! 

ЕЛЕМЕС: Солай Ғасаға солай. 

ҒАСЫР: Атаңа нәлет сұм заман! Адамның адамға жасаған қиянаты мен қорлығы бүгінге жетті, ананың көз жасы жібермес, бәлем! 

(музыка дауысы үдейді, үстел үстіндегі ерлі-зайыптылар қарқылдап күліп, бір-біріне асылып, сыртқа шығып кетеді, үнсіздік басып, қараңғылық торлайды, жарық жазушы мен ақынға түседі)

ҒАСЫР: (мойыныдағы галстугін босатып, орнынан тұрып, сахнада ерсілі-қарсылы өлең оқиды, мұңлы әуен қосылады) 

Сен бізді кешір, Абыралы!

Сен бізді кешір, топырақ.

Қара қазағың қаңғыды,

Қараша үйлерім қақырап.

Сен бізді кешір, Дегелең,

Сен бізді кешір, жас ана.

Жаныңды алды зобалаң,

Керулі қалды босаға.

Сен бізді кешір, туған жер,

Сен бізді кешір, бөбегім.

Таулар мен тасты үгіткен,

Дүмпіген дүрсіл, сор едім.

Сен бізді кешір, қайғылым,

Сен бізді кешір, мәңгілік.

Кеудеме келіп бас қойды,

Кеудемнен шыққан жаңғырық.

ҒАСЫР: (өлеңді аяқтаған бетте жерге тізерлей кетеді) Елеке, сен осы, түсіңде не көресің? 

ЕЛЕМЕС: Мен бе, мен... түсімде жалы өртенген жылқыларды көремін.

Жалы өртенген жылқылар...

 

Екінші көрініс

Қоңыр сөре. Лық толы кітаптар. Қабырғаға Абыралы тауының суреті ілінген. Жұпынылау үстел үстінде вазаға салынған алма мен жүзім тұр. Талғат Кеңесбаевтың «Олар екеу еді» кітабын оқып отырған Жұпар, күйеуіне әлдене айтқысы келеді.

ЖҰПАР: Шәй қояйын. Бүгін кеш келдің ғой, отағасы?! (дастархан үстін сүртіп жатып) 

ЕЛЕМЕС: Біраз бой жазып, жүріп қайттым (күртешесін іліп)

ЖҰПАР: Соңғы кезде тіс жарып ештеңе демейсің. Мен күдерімді үзбеймін. 

ЕЛЕМЕС: Тыныштық керек тыныштық. Өтініш, қоя қойшы.

ЖҰПАР: Егер ұстап тұрған ештеңе жоқ десең өз еркің. Тәңірі қалауына қарсы шығар көргенсіз мен емес (орамалын қолына алып, кереуетке отыра кетеді)

ЕЛЕМЕС: Бастамашы, басым зеңіп тұр. Онсыз да сынып тұр.

ЖҰПАР: Әйелдің қыры жаны бар деп ойлайсыңдар. Бар болса бар шығар. Бірақ, бізде де жүрек, бізде де тілек бар. Томсырайып жүріп алатының не осы?

ЕЛЕМЕС: Әй, Жұпар?! Ақ халаттының айтқаны шын болса, мен енді қайтпекпін? Мен не жаздым ботам-ау?!

ЖҰПАР: Сенің еш кінәң жоқ! Өзіңді босқа жазғырма. Кінәлі керек болса, мен-ақ кінәлі болайын.

ЕЛЕМЕС: Қайдағыны айтпа, кінә сенде емес. Кінә да,

 күнә да басқада. Баласыз өтсек өтерміз, өтіп жатқандары бар, баласы бола тұра сыртқа теуіп жатқандары бар. Кәпірдің лаңынан осы өлкеде баласыз қанша ана боздады, қанша сәби дүние-жарықты көре алмай тұншықты. Дүние жарықты көргендері ше? 

(Осы сәтте Жұпар Елеместің мойынына асыла кетті. Құшақтап, көз жанары боталап, жас ыршытты)

ЖҰПАР: Елешім, менің қос ағам шетінеп, қос әпкем сал болып қалғанын саған айтқанмын, өзің көргенсің. Көз тимесін, сөз тимесін деп аялап өсіріп, анам мен әкем күні-түн жалбарынған сәбиі мен едім. Енді менің тағдыр пешенеме жазылғаны қай сынақ?! (солқылдап жылайды)

ЕЛЕМЕС: Жасыңды ти енді. Жаратқаным бір қайырын қылар. Басқа салса баспақшыл. (Жұпарды құшақтап, маңдайынан сүйіп)

ЖҰПАР: Мені сені сүйемін! Қолдағаның үшін, қорғағаның үшін. Қорған болғаның үшін.

ЕЛЕМЕС: Ійй, ботам-ау! Сені қорғамай, кімді қорғаймын енді?! Сен – анасың. Менің жұмағымсың. Өзім-ақ саған бала боламын.

ЖҰПАР: (жымиып) Өйй, жынды! Кей қылықтарыңмен бала болып кетесің бірақ. 

ЕЛЕМЕС: Ұйықтайықшы, ботам! Ұйықтайық. Сен құшағымда, жұлдыздар төбемде, қиялымда біздің отбасы, біздің бөбек. (қол ұстасып сахна сыртына кетеді)

Шымылдық.