«Драматургия» номинациясы: Анам күткен жол (драма)

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы

Авторы: Ақбілек

 

Кейіпкерлер:

Мама 

Қайсар

Думан

Марат

Бірнеше қосалқы кейіпкерлер

Күздің қоңырқай кеші.  Алыстан еңсесі басылған, жұпыны киінген, қолында сөмкесі бар Қайсар келе жатыр. Аяғы қарашаңыраққа тірелген сәтте сіркіреп жаңбыр жауа кетті. Қолындағысын жерге тастай сала құшағын кең ашып, тізерлей отыра терең тыныс алды.

Қайсар. (жан-жағына байыппен қарап) Жолдар мұнтаздай таза. Қала бетіне біреу жаңаша бояу жаққандай. Тек мен ғана ескіргендеймін... Бірақ ескі заттың да өз құны болады, солай емес пе? (Кенет көкжиекке қарап, жүзіне жылылық үйіріледі.) Үй жақын... Көк қақпа әлі орнында ма екен. Терезеден жарық көрінсе ғой... Бірақ ең алдымен... анамды сағыныппын. Мама... (Даусы дірілдей шығады.) Ол өзгермеген шығар. Мама деген ешқашан өзгермейді. Уақыт оны айналып өтеді. Қасірет оған қона алмайды. Өйткені ол маған өмір сыйлаған жан. (Терең тыныстап, жүзіне нұр ұялайды.) Бүгін мен өмірге қайта келдім. Кеудемде үміттің ұшқыны бар. Ал есіктің ар жағында  анам отыр. «Ана» – қандай құдіретті сөз... (жан-жағына байыппен қарап) Мына көшені көзімді жұмып та тауып алар едім. Әрбір ағаш, әрбір жарық бағанасы жадымда. (Аяғын жай басып, бір ағаштың түбіне тоқтап, алақанымен сипап өтеді.) Бұл ағаш мен кеткенде кішкентай ғана болатын. Қазір міне бойымнан биік. Ол кездің өзінде көлеңке сыйлайтын. Ал енді... менің ішімде басқа көлеңке бар. Оны күн емес, уақыт түсірген. (көз жүгіртіп) Үйдің қақпасы баяғыша сықырлай ма екен? Әлде жаңасын қойды ма? Білмеймін. Бірақ сол сықырды естігім келеді. Себебі дәл сол дыбыс менің үйге кіргенімнің белгісі болатын... Бұл көше... көрген  түстей. (Көзі естеліктер іздегендей бір нүктеге қадалады.) Балалардың даусы естілмейді. Ескі доптың гүрсілі, топыраққа сіңген күлкі – бәрі ғайып. Тек самал жел ғана көшені баяу сипап өтуде. Соның арқасында ғана мен осы маңда бұрын жүргенімді сезінемін. (Көзі бір үйдің дуалына түсіп, жымиғандай болады.) Жанымның бір түкпірінде сығырайып жатқан естеліктер бүгін жапырақ сыбдырындай оянып, көкірегімді түрткілеп тұр. «Сен кім едің? Қайдан келдің?» – дейді бәрі. Теректер тізіліп қарап тұр. Бұрынғы балаға емес, қайта жүгінген, қайта оралған адамға. Әр қадамым  – кешірім, әр тынысым –  сағыныштың садақасы. Мен бүгін өзімді іздеп келдім! (Көзі үй жаққа ауып, жай ғана күлімдейді.) Көшенің жиегіне іңір ұялапты. Жарық пен көлеңкенің жапсарында тұрған осы сәт – өзім секілді. Жанымның бір түкпірінен жылап жеткен шапағатты сағыныш бүгін ғана сөйлеуге рұқсат алғандай. Тас көшенің бетіндегі жарықтар – менің кетіп бара жатып қалдырған іздерім сияқты. Олар мені қарсы алып емес, есіне түсіріп, бөтенсіп тұрғандай. Бұл мекенде күлкім де, күнәм де қалған. Міне, дәл осы көшеде, мен бүгін... қайта тудым! (терең тыныстап) Ананың жүрегі – Құдайдың кітабы: онда мейірім бар, онда кешірім бар. Сол құдіретке сыйынып келдім. Анамның иісі сіңген мына үй жанымның жұмағы. Басқа ештеңе сұрамаймын. Тек осы топырақта тыныстасам болғаны. Мен енді ешқайда кетпеймін!

Аяқтары дірілдеп табалдырықты аттады. Үйдің іші алакөлеңке, түсініксіз таңсық сезім. Қайсар әр басқан қадамынан мейірім сезді. Көзі бұрышта отырған мамасына түседі, анасы ештеңені байқар емес, өзімен-өзі күбірлеп отыр.

Қайсар. (ерні дірілдеп) Мама!

Мама. (жалт қарайды) Ұлым...

 Ұзақ кідіріс. Ана мен бала бір-біріне мейірлене, сағынышпен қарап тұр...

Мама. Таң ата келдің ғой, үйге де қонбадың...

Қайсар. Түнде біраз ауа жұтып, сыртта жүргім келді. Қалай таң атып кеткенін байқамай қалыппын.

Мама. Тағы да сол әңгіме ме дерсің, десе де ана жүрегі  алаң...

Қайсар. Бәрі жақсы, уайымдама. 

Мама. (алаңдап) Жүзің солыңқы көрінеді.

Қайсар. Білмедім...

Мама. Қаласаң ойыңмен бөліс. (баласының ұзақ қарап) Бірақ қыстамаймын. 

Қайсар. (біраз үнсіздік орнап) Білесің бе мама, кейде адам өз ойларынан қашқысы келеді екен. Бірақ қаланың ешбір бұрышы сол ойларды жоғалта алмайды... Бұл қалыпты дүние ме?

Мама. (бір сәтке кідіріп) Иә, адам өз ойларының көлеңкесінен құтыла алмасы анық. Бірақ жарықты іздесе, көлеңке артта қалады.

Қайсар. (жігерленіп) Рахмет, мама. Бұндай сөздерді сен ғана айта аласың.

Мама. (жымиып) Саған шәй қайнатайын ба? Кеше сатып алған шәйімнің дәмі ерекше екен. Исін айтсаңшы, парсы бақшасындай...

Қайсар. Шәйға деген талғампаздығың ұнайды. Саған осы тұсым тартпаған, кешікене ебедейсізбін.

Мама. (күліп) Оның рас, шәйдің орнына су іше беретін едің.

Қайсар. (жымиып) Онда мен барып шәй қояйын. 

Мама. Кішкентай кезіңде әр шәй үстінде сүт сұрайтынсың. Мен кейде шай ішпей қойсаң да, сүт әкеліп қоятынмын. 

Қайсар. (күлімсіреп) Иә, есімде. Сүт болмаса жылайтынмын. Қызық, иә?!...

Мама. (жылы жүзбен) Сені төрт жасыңа дейін арқама көтеріп баққанмын. Тіпті, әкең көтерсе ондай бақытты болмайтынсың. Маған көтер де, көтер деп жылайтын едің. Сосын сені көтеріп, көшеге шығатынмын. Көршілердің барлығы, «үп-үлкен баланы неге көтеріп алғансың» дейтін. Мен оларға «жоқ, ол әлі кішкентай» дейтінмін. (жымиып) Сен әлі де кішткентайсың, ұлым...

Қайсар. (құшақтап) Мама...

Мама. (көзіне кішкене жас алып) Шәй қайнады ғой деймін, дәмдеп жіберейін. (шкафты ашып) Үйде қандай тәттілер бар еді өзі. (кілт тоқтап, ойға шомып) Кеше кешқұрым кітап оқып отырып, ұйықтап кетіппін.

Қайсар. (жымиып) Адам кітап оқып отырып ұйықтап кетсе жақсы түс көреді деуші еді.

Мама. (алаңдап) Солай ойлайсың ба...

Қайсар. Түсіңде не көрдің?

Мама. (үрейленіп) Сенің кішкентай кезің, терезеден қарап тұр екенсің. «Сыртта не істеп жүрсің, үйге кір» - десем, маған қарап тұрып: «Мама, бұл мен, өскенде келемін» депсің... Жүрегім сыздап, шошып ояндым.

Қайсар. (жұбатып)  Демек, барлығы керісінше болады.

Мама. Солай болғай... (столға жайғастырып болып, баласына қарап) Дастарханға ең басты нәрсені қоймаған екем.

Қайсар. Ол не?

Мама. (жымиып) Сүт. (тоңазытқышты ашып) Қызық, мына жердегі сүт қайда кеткен? Әлде ішіп қойдың ба?

Қайсар. Жоқ. 

Мама. (біраз ойланып тұрмын) Мен сені кеше сүтке жіберген жоқпын ба?

Қайсар. (ойланып) Сүтке?...

Мама. Алып келдің бе?  

Қайсар түк түсінбей, басын шайқайды.

Мама. (қызбаланып) Қашан бір істі соңына дейін жеткізіп едің. 

Қайсар. Мама...

Мама. Сонда өтірік айтып, түнімен қыдыру үшін сүтті сылтауратып шығып кеттің бе?

Қайсар. Алдағаны несі? Оның не қажеті бар?

Мама. Қойшы, Қайсар сенің не істеп жүргеніңді білмейді ғой деймісің.  (басын шайқап) Тағы мұғалімнің баласы дегенге келіп тіреледі, қанша сынып тәрбиелеп жүріп, өз балама шамамның жетпегені-ай...

Қайсар. Саған аяқасты не болды?

Мама. Ылғи солай істейсің, бір өтірігіңді екіншісімен жаба саласың. Ондайға бармай, жәй ғана ішіңдегіні айтуыңа болмай ма? Әлде, мен сені түсінбейді деп ойлайсың ба?

Қайсар. Мүлде олай емес.

Мама. Енді не? 

Қайсар. (ашуланып) Қойшы, тағы бердеңе деп шығасың.

Мама. (түсіндіріп) Кез-келген мәселені асықпай сөйлесіп шешуге болады. Бірақ, сен ылғи осылай үнсіздікті таңдайсың.

Қайсар. Мүмкін, сол үнсіздігім менің ең шынайы кезім шығар...

Мама. (күрсініп, ақырын үстелге отырып) Мен сені бес саусағымдай білемін. Қуанғаныңда  көздерің күн нұрындай жарқырайды, мазасызданғаныңда  иығың төмен салбырап, жігерің жаншылады. (жүзіне қарап) Соңғы күндері мүлдем өзгеріп кеттің...

Қайсар. (біраз ойланып, тостағаннан алма алып, үстел үстінде айналдырып отырады) Адамдар кейде өз әлемінен шаршайды. Жай ғана басқа бір әлемде, басқа бір рөлде болып көргісі келеді. Бірақ... бәрібір өзіне қайтып оралады.

Мама. Сен өзіңе қайтып оралдың ба?...

Қайсар. Білмеймін. Мүмкін, жай ғана... ойнайтын сахнамды түсінбей жүрген шығармын. (орнынан түрегеліп, анасының қасына барып) Ойлап қарашы өмірді тек сыртынан бақыласам. Мың түрлі тағдырлар өздігінен өмір сүріп жатады, ойнайды, күледі, жылайды... соларды сырттай бақылып, қызықтап қана тұрсам ғой... Сонда мен мүлдем қателеспес едім.

Мама. Бірақ бұдан да бір күні жалығасың, өмірге араласқың келеді. Сол сәтте не істеу керегін білмесең, өзіңді жоғалтып алуың мүмкін. (үнсіздік) Бір білерім қателесуден қорықпау керек, ол адамға тәжірибе әкеледі, қайтадан сол жолға түспеуіне түрткі болады.

Қайсар. (ашуланып) Жо, жоқ, мен саған келіспеймін, мама! Адамның бір қателігі бүкіл өмірін құртып жіберуі  мүмкін. Одан кейін қайта тұра алмай қаласың, ол кезде саған ешбір тәжірибенің маңызы болмайды. Себебі, алдыда өмір жоқ!

Мама. (жылап қалады) Сен неге үмітсіздікпен өмір сүресің. Сені солай өсірдім бе, еңбегімді неге жаншып жатсың. Ылғи әсемдікке, әдемілікке баулыдым емес пе?

Қайсар. Мама, менің мұндай болғаныма сенің тәрибеңнің қатысы жоқ. Бұл санамның жеткен жері, оны түзете алмаймын! 

Мама. (ұзақ кідіріс, сабырға келіп)  Дастарханға отыр, шәйді демдеп қойдым. (ыңғайланып) Сен келгенше суып қалар деп уайымдап едім. (құйып беріп) Іше ғой!

Қайсар. (назарын басқа нәрсеге аударуға тырысып) Шыныменде иісі жұпар аңқып тұр. 

Мама. (баласының нан жегеніне қарап) Түк өзгермегенсің,  сол баяғы нанды шәйға батырып жегенді ұнатасың.

Қайсар. (күрсініп) Иә... ұнататынмын... (бөлмені көзбен шолып) Үйдегі заттар дәл бұрынғыдай тұр екен.

Мама. (жабырқап) Кеше де күттім. Бірақ келмедің...

Қайсар. (сәл таңырқап) Кеше?...

Мама. (сенімді түрде) Иә, кешкі жетіде келем дедің ғой. Көрпеңді салып, жатын бөлмеңді жинастырып қойғам.

Қайсар. Жоқ, анашым, бүгін келетінімді ғана айтқанмын. Саған солай жеткізген шығар, әлде, олар шатасты ма екен... Қызық.

Мама. (кішкене кідіріп, сосын жымиып) Бәлкім шатастырған шығармын. Кейде өң мен түсті ажырата алмай, күннен жаңыламын. Қартайған шығармын. 

Қайсар.  Ұйқың қалай соңғы кезде?

Мама. (сәл ойланып, мүдле басқа әңгіме айта бастайды) Түнде біреу үйде жүргендей болды. Есіктен сығалап тұрды ма, білмеймін. Сен деп ойладым. Кейін тұрып шәйімді қайнаттым, бірақ ішке кірген жоқ, қайтадан кетіп қалғандай көрінді. 

Қайсар. (жұбатып) Бұл жақта кім жүрсін түнде. Саған солай көрінген шығар. 

Мама. (тынышталып) Дұрыс айтасың, мен кімге керек болуым мүмкін. (кенет тоқтап) Мүмкін әкең шығар... Сол болуы мүмкін!

Қайсар.  Мама, әкеміз кетіп қалғанын білесіз ғой, иә?...

Мама. (тез есін жиғандай) Иә... иә... білемін. Қойшы енді, соны шегелеп айтудың қажеті қанша? (Біраз үнсіздік. Бір нәрсе іздегендей үстел тартпасын аша бастайды) Қасық қайда кеткен? Мына шәйдің дәмі біртүрлі…Жаңасын алу керек еді... (кілт тоқтап)  Кеше шәй алған сияқты едім… Әлде алмаған шығармын.

Қайсар. Мама,  шәй жаңа салынды. Иісі де, дәмі де жақсы!

Мама (ыңғайсызданып) Әрине, әрине... Шатасып кеттім. 

Қайсар. Мен бүгін ауылдан өттім... Көп дүние өзгеріпті...

Мама.  (ойланып) Қай ауылдан? Сен қаладан бірер күнге ғана келген жоқсың ба?

Қайсар. (тосылып) Иә... солай ғой...

Мама. Балам, ақ жейдеңді шығарып қой, жуып, тазалап қояйын. Сен киіп кететін шығарсың?

Қайсар. (күрсініп)  Анашым… мен ол жейдені сонау мектеп бітірген күні тастағам…

Мама үстел үстінен ескі дорбаны алып, ақтара бастайды. Ішінен бір түйіншек, дәптерлер, көзілдірік, ескі көк куртка шығады.

Мама. (шаңын сүртіп) Осы көк куртканы үстіңнен шешпей киетінсің. Бірде жауынды күні малмандай су болып келдің, үстіңнен алып кептіріп едім. (иіскеп) Әлі иісің бар сияқты...

Қайсар. (ыңғайсыздана) …Қалай сақтап қойдың бұны?

Куртканы оған қарай созады.  Қайсар ұстауға батылы жетпейді. Тек қарайды.

Мама. (дорбаны ақтара береді) Мынау сенің әдебиет дәптерің. Мұнда «Адам өмірі – мағына іздеу» деп жазыпсың. (жымиып) Жазуың қандай жақсы еді.

Қайсар. (сырт айналып) Соны жазған кезімде... менің жаным таза еді.

Анасы мән бермегендей сөйлей береді.

Мама.  Мына көзілдірігіңді де сақтағам. Институтке түскенде алғаш рет киіп едің. Қуанып едік қой сонда… 

Қайсар. (ақырын) Мен институтке бармадым ғой...

Мама. (бір сәт тоқтап) Қалай бармадың? Мен сені шығарып салғанмын. Автовокзалға дейін... 

Қайсар. (ауыр күрсініп) Жете алмадым, анашым...

Үнсіздік. Анасы дәптерді қолымен сипалап отырады.

Мама.  Сен мен үшін әрқашан сол көк курткадағы, арманшыл балақайсың!

Қайсар. (көзіне жас келіп) Арманым көп пе еді?

Мама. Арманыңа сан жетпейтін. 

Қайсар. Ол бұрынғы Қайсар, қазір мен мүлде басқамын. (үмітпен) Осы күйімді қабылдай аласың ба?

Мама. (жылы жүзбен) Өзгерген түгің жоқ. Өзіне де, өзгеге де қиянат жасамайтын, бәз-баяғы Қайсарсың. 

Қайсар куртканы қолына алады. Үстіне жақындатып, бірақ киюге батылы жетпейді.

Қайсар. Мен ол бала емеспін енді...

Мама. Болмасаң боласың. Тек өзің соған сенсең болды.

Қайсар. Қазір менің ішімде басқа біреу өмір сүріп жатыр. Басқаша ойланатын, басқаша сезінетін...

Мама. (үмітпен қарап) Саған сенемін, қолыңнан келеді...

Қайсар. Мама, кейбір жаралар жазылмайды, (кідіріс) соңына қарай тыртыққа айналады. Күнделікті өмірде оны жасыра алмайсың, бадырайып көрініп тұрады. Біреу байқап қалса жата кеп ақталасың, кейбірі жаны ашып қараса, кейбірі сырт айналады... 

Мама. Уақыт бәріне ем. Кішкентай кезіңде сүрініп жыласаң, бетіңнен сүйсем бірден қоятынсың. Есіңде ме?

Қайсар. (ашулана жаздап, бірақ өз-өзін тежеп) Есімде, бірақ қазір кішкентай емеспін, айырмашылық бар.

Мама. (сөзді алмастырып) Шайыңды іш, суып қалды. (үстелден бір шыныаяқ іздей бастайды) Әлгі, қызыл гүлді кесең қайда өзі? Әкең сыйлаған...

Қайсар (қатты таңырқап) Әкем кесе сыйламаған.

Мама. Кеше ғана сол кесемен шәй іштің емес пе. Осы шкафқа қайта салып қойған болатынмын. 

Қайсар. Мен бүгін ғана келдім, кеше үйде сенен басқа ешкім болған жоқ, мама!

Мама. Солай ма... Жарайды, сен алаңдама. Қазір сүт құйып беремін. 

Қайсар. (шыдамсызданып) Сүт те жоқ, мама!

Мама. (таңырқап) Таңертең алып келдің емес пе, ұмытып қалдың ба?

Қайсар. Қойшы мама, бәрін шатастырып жібердің. Не болған саған?

Мама.  (есіне түсіріп) Ұмытып кеттім деп едің ғой... Қап, сүтсіз қалай болар екен. Енді асқазаның ауыратын болды. Неге ашқарынға қызыл шәй құйып бердім екен. (кілт тоқтап) Күте тұр, жүгіріп барып сүт сатып әкелейін. Қорықпайсың ба?

Қайсар. (таңырқап) Неден?

Мама. Тұр, сені киіндірейін. Бірге барайық.

Қайсар. Қайда?

Мама. Дүкенге. Сені қалдырып кете алмаймын. Жылап, мені іздеп қалсаң не болады?  

Қайсар. (ақырын) Мама, сенде бәрі дұрыс па?

Мама. (орнынан тұрып кетіп, терезеге қарап) Қазір Қайсар мектептен келе жатыр... Көшенің ана бұрылысынан көрінеді... Кітаптарын құшақтап… Өзінің сүйікті көк курткасымен… Үйге кіре сала 5 алғанын айтып мақтанады. 

Қайсар. (жақындап) Жоқ, мама. Ол жадыңда қалып қойған менің бала бейнем. Қазір мен мына жерде тұрмын. Қасыңдамын. 

Мама. (ақталғандай болып) Соңғы кездері ұмытшақ болып кетіппін... Кейде таңертең оянғанда, мына үйдің ішінде кім тұрып жатқанын түсінбей қалам... Қайсар… кешір мені…

Қайсар. (жыламсырап) Сен мені кешір… Неге бұлай болғанын өзім де білмеймін. Бірақ енді бұрынғыдай болмайтыны анық.

Кенет тыныштық. Қайсар анасын құшақтағысы келеді, бірақ шешесі оған салқын қарап тұрады.

Мама. (ақырын дауыспен) Сен кімсің?...

Қайсар. (сілейіп қалады, ауыр тыныштық) Мен Қайсармын ғой...

Мама. Жоқ... Жоқ... Қайсар... шашын күнге сүйдіріп, мектепке жүгіретін балақай. Сен... Сен бөтенсің.

Қайсар. (ашуланып, сабырсызданып) Мама, арада қаншама уақыт өтті. Түсінемін, бұрынғы балаңды көргің келді, десе де, адамды уақыт өзгертеді емес пе. Мәңгілік не бар дейсің!?

Мама.  (шошыңқырап) Сен Қайсар емессің...

Қайсар. (сабырға шақырып) Жарайды, болмай-ақ та қойдым, тек сабырға келші. Түрім жүдеу көрінгендіктен сені шошытып жіберген шығармын. Осындай қалпым үшін кешірім өтінемін, мама...

Мама. (сабырсызданып) Сені танымаймын, түрің таныс емес. Кім болдың?...

Қайсар. (жалынышты түрмен) Қайсармын...

Мама. Өтірік алдап тұрсың, оның көздері, келбеті мүлде басқа. Сенің өңің қуарып кеткен, жүзінде жылуың жоқ, көрксізсің!

Қайсар. (ашуланып, булығып) Барым осы, маған енді не қыл дейсің! Қайта осылай аман-есен келгеніме Құдайға шүкір  етпеймісің! (айқайлап) Жетіскен жерден оралды деп тұрмысың? Мен түрмеден шықтым! Түр-ме-ден!

Мамасы шыңғырып жібереді.

Қайсар. (есі шығып) Мама!?...

Мама. (шошып) Көмектесіңдер! Мына адам мені ұрғалы жатыр, кім бар?

Қайсар.  Мама, тыныштал. Бұл мен ғой Қайсар!

Мама. Құтқарыңдар!

Қайсар. Сенің ұлыңмын...

Мама. Танымаймын, жаман адамсың. Кет, жақындама. Шық үйімнен! Құтқарыңдар?  (еңкілдеп жылап) Кім бар, көмектесіңдер!...

Мамасы қайта шыңғыра жөнеледі. Қайсар не істерін білмей қалады. Осы кезде есік ашылып, ішке Дұман кіріп келеді. Кемпір жан-ұшыра жүгіріп, Дұманға қарай ұмтылады.

Мама. (Дұманды құшақтап) Ұлым...

Қайсардың  көзінен жас бұрқ ете қалады... Аңтарылып, мең-зең күйде тұр...

Мама. (ентігіп) Келгенің қандай жақсы болды, балам. Қатты қорқып кеттім...

Думан. (сабырға шақырып) Қорықпа мама, мен қасыңдамын. Енді ешқандай қауіп жоқ.

Мама. (Қайсарды көрсетіп) Мынау кім?

Думан. Бұл ма...

Мама. Мені ұрды!

Қайсар. Мама, неге өтірік айтасың? 

Мама. Көрдің бе, маған айқайлайды? 

Думан. (Қайсарға қарап) Қазір онымен жеке сөйлесетін боламын. Алаңдама, мама!

Мама. (жас балаша) Иә, мамасына айтайық, шыбықпен соқсын.

Думан. (Қайсарды меңзеп) Айтқанда қандай, енді жазадан қашып құтыла алмайды.

Мама. (еміреніп) Сенің барыңа шүкір, алтын балам менің!

Думан. Жарығым, анашым... (алдағандай болып) Сен отыра тұр, мына баланы алдымен біржақты етейін. Сосын мейірім тамған қолыңнан шәй ішетін боламын. (жымиып) Келістік пе?

Мамасы жас балаша төсекке жайғасып отырады. Дұман Қайсарды шетке шақырады.

Думан. (ұзақ кідіріп) Қош келдің, Қайсар!... Сені көргеніме қуаныштымын. Шығатыныңды естігенде біраз қобалжыдым, бір жағынан қатты қуандым... Күтіп алмағаныма  айып етпе. (қымсынып) Жұмыс, бала-шаға...

Қайсар. (бірден) Мамама, не болған?

Думан. (күрсініп) Өзің де байқаған шығарсың...

Дұман кірідіп қалады.

Қайсар. (көзіне жас толып) Не болған деймін?!

Думан. Ол кісі деменцияға шалдыққан. (күрсініп) Жағдайдамыз қиын...

Қайсар. (сенбей) Бұлай болуы мүмкін емес...

Думан. Иә, сену қиын.

Қайсар. Ол мені басында таныды ғой. Ұлым деп жылы қабақ танытты. Мүмкін әдейі еркелеп, бізді шатастырып тұрған шығар. Не дегенімен үлкен кісі ғой.

Думан. Бастапқыда менде солай ойладым. Бірақ, уақыт өте келе олай емес екенін түсіндім...

Қайсар. Сене алар емеспін... 

Арада біраз үнсіздік орнайды. Дұман не айтарып белмей, қобалжып тұрады.

Қайсар. (анықтап) Ауырғанына біраз болды ма? Қашан басталды?

Думан. (тосылып) Енді қашан басталғанын нақты айта алмаймын. Бірнеше ай  бұрын көршілер анаңа шығам түсірді. Сол кезде бәрі анықталды ғой...

Қайсар. (мең-зең күйде) Шағым... Қалай?

Думан. Оқушы балалардың артынан қуған. Тіпті біреуін білдіртпей үйіне кіргізіп алыпты. Біз баланы жоғалып кетті деп жүрсек, мамаң үйінде қамап ұстаған екен. Балаға Қайсар деп ат қойып алған. Баламды бермеймін деп біраз әбігерге салды. Қайта көршілер құдайға қараған екен, істі созбай арызын қайтарып алды. Олар да түсінді-ау деймін... Былай жалғаса беретін болса не болар екен... Ойлаудың өзі қиын!

Қайсар.  Не болады?...

Думан. (есіне түсіріп) Айтпақшы... (айтуға батылы бармай) екі күннен кейін мамаңды қарттар үйіне алып кетеді. Әзірге мекемедегілер құжаттарын дайындап жатыр екен.

Қайсар. (шошып кетеді) Не айтып тұрсың? 

Думан. Деменция ойнайтын ауыру емес, Қайсар. Өзіне бірдеңе істеп қойса қайтесің... Мамаңа қарттар үйі ең тиімді, ол жақтағылар жақсы қарайды. Уайымдамасаң болады.

Қайсар. Мен тұрғанда қайдағы қарттар үйі?

Думан. (анықтап, сабырлы үнмен) Сен енді ғана бостандыққа шықтың. Әлі бақылаудасың. Заң бойынша қамқоршы болуыңа рұқсат жоқ. 

Қайсар. Бұл қалай? Мен жазамды өтеп, бостандыққа шықтым емес пе? Туған анамды қарауға құқығым жоқ па сонда?

Думан. Бәрі уақытқа, тәртіпке, жағдайға байланысты...

Арада біраз үнсіздік

Думан. (жаны қысылып) Қайсар, кешір... Әкем күтпеген жерден қайтыс болды. Сені бір жылдан кейін шығарып аламыз деген уәдені орындай алмадық... 

Қайсар үнсіз.

Думан. (өкінішпен) Сені шығарып алу қолымнан келмесе де, анаңа қарайластым, бар жағдайын жасауға тырыстым. Әрине, бұның бәрі ақталу болып көрінер, бірақ, мендегі бар мүмкіндік осы ғана еді... (бір қара сөмкені ұсынып) Міне... Уәде еткен ақша. Сол баяғы келісім.

Қайсар. (сөмкеге қарап) Уақыттың алдында бұл ақшаның құны бар ма?

Думан. (шарасызданып) Басқа не істей аламын? Сол кезде... түрмеге мен кетсем не болар еді. Әкемнің көлеңкесінде жүрген... әлсіз, ақымақ бала едім. Осы үшін өзімді жылдар бойы жазғырумен келдім. Өкінетін нәрсе көп, мен де жарым жанмын...

Қайсар. (бір нүктеге қадалып) Өмірді ойын деп қарап, сол ойынның бір мүшесіне айналдым. Бірақ, ойынға кірсең от басып, жанады екенсің... Соны ескермеппін. Өтеуі ретінде уақытыңды құрбан еттім.

Думан. Кешір... Не десем де жеңіл естілетінін білем. Бірақ, сенің орныңа өзімді қойған күндерім көп болды. 

Қайсар. (сөмкені қолына алып) Бұл – сенімен болған соңғы есебіміз болсын.

Думан. Қайсар...

Қайсар. Анамды қарттар үйіне өткізбеуге көмектес, солай есеп айырылсайық!

Думан. (шарасызданып) Қолымнан не келеді дейсің? Бұрынғыдай прокурордың баласы емеспін. Ол заман өтті. Қазір өмір басқаша...

Қайсар Думанға енді боссың дегендей есік жақты көзімен меңзейді. Думан біртүрлі болып қалады.

Думан. Десе де, қарттар үйінің директорына хабарласып көруге болады. Тоқта (телефонын шығарып) көзіңше хабарласайын. 

Телефонның дауысын әдейі шығарым.

Думан. Алло. Әлеке, ассалаумағалейкум!

Директор. Уағалейкум!

Думан.(қипақтап) Бір шаруамен хабарласып тұр едім.

Директор. Иә, айта бер!

Думан. Жақында сіздерге Бибігүл Алтаева деген апамыз түседі. Жалғыз баласы бүгін түрмеден шығып отыр. Жақын бауырым болатын. (қалжыңдап) Бұйымтайым сол, апамызды сіздерге бергіміз келмей тұр. Баласы өзі қараса болмай ма?

Директор. Апамыздың атын тағы бір қайталашы.

Думан. Бибігүл Алтаева.

Директор. (кішкене үнсіздік) Апамызда деменция екен ғой. 

Думан. Иә...

Директор. Баласы ауыр қылмыспен отырып шығыпты. Таак, мынау қиындау. Апамыз баласын танып отыр ма?

Думан. Есі кіресілі-шығасылы. Нақты танып отырған жоқ.

Директор. Таак, көмектесе алмайтын сияқтымын.  Ертең апамызға бірдеңе болып жатса біз кінәлі боламыз. Деменция ойнайтын ауыру емес. Баласын танымаса тіпті қажет емес. Тәуекел етпейік.

Думан. Енді аға бір амалы бар шығар. Жақын досымның анасы еді. Өзінің көзі тірісінде туған шешесін қалай қарттар үйіне беріп қойып, қарап отырады? Ойланып көріңізші?!

Директор. Адамды осылай ыңғайсыз жағдайға қылдырасыңдар ғой. (ұзақ кідіріс) Марқұм әңекеңнің әруағы үшін... Бір апта уақыт берейін, егер апамыз баласын танып жатса амалын қарастыруға болады. Келістік пе?

Думан. О, рахмет аға!

Директор. Егер есіне түсіре алмаса бізге реніш болмасын!

Думан. Жоқ, аға. Бәрі жақсы болады!

Директор. Жақсы!

Думан. Сау болыңыз. Рахмет!

Телефондағы әңгіме аяқталады. Думан Қайсарға үмітті көздерімен қарайды.

Қайсар. (құшақтайды) Рахмет!

Думан Қайсардан бұндайды күтпеген болатын, қуанып, оның да арқасынан қағады.

Қайсар. Жақсы болды ғой, қатты уайымдап кетіп едім.

Думан. Енді бір апта ішінде мамамыздың есіне бәрін түсір. Сені танып, өз аузымен қарттар үйіне бармаймын десе, ол кісіні ешкім де алып кете алмайды. Ең бастысы сені тануы керек. Жақсы ма!?

Қайсар. Дұрыс айтасың. Қайтсем де есіне түсіремін. Мамамның мені танымай қалуы мүмкін емес. Аздап жатырқап тұрған болар.

Думан. (қолын беріп) Ал жақсы, мен қайттым. 

Қайсар. Рахмет! 

Думан кетіп бара жатқанда Бибігүл апа орнынан атып тұрады.

Мама. (көзі жәутеңдеп) Ұлым, қайда кеттің? 

Думан. (қасына жақындап) Мама, ұлыңның шұғыл жұмысы шығып қалды. Кейін тағы да келемін.

Мама. Рас айтасың ба?... Алдында да дәл осылай айтып, келмеген болатынсың...

Думан. Мені түсінесің деп үміттемін...

Мама. (күрсініп) Жарайды... Тек байқап жүрші, сен үшін алаңдаймын!

Думан. (құашқтап) Уайымдама, мама...

Думан қоштасып болып орнынан түрегеліп, кетіп қалады. Бибігүл Думан кеткенше жәутеңдеп қала береді...

Қайсар. (анасына қарап) Уаймдама, бәрі жақсы болады. 

Мама. (көзі жасаурап) Ұлым тастап кетті.

Қайсар. Ұлыңды жақсы көресің бе?

Мама. Қатты жақсы көремін... Бірақ, оның менімен тұрғысы келмейтін сияқты. Ылғи кетіп қала береді...

Қайсар. Расында сол адамды ұлым деп ойлайсың ба...

Мама. Әрине, ол менің ұлым. (нақтылап) Сенің атың кім еді?

Қайсар. (тосылып) Менің бе?

Мама. Сен келген сайын үнсіз отырасың. Тым болмаса амандасуды үйренбедің бе.

Қайсар. Сәлеметсіз бе...

Мама. (жақтырмай) Сәлеметсіз бе... Хм. (нақтылап) Енді дұрыс болды, мектептегі балаларға ылғи амандасып жүру керектігін айтамын. (таңырқап) Саған мұғалімің ондайды үйретпеді ме? Ал, Қайсар ондай емес, (жымиып) оны мен тәрбиелегем. (жалт бұрылып, күмәнмен қарайды) Сен шынымен Қайсардың досы болдың ба?

Қайсар. Иә... солай десеңіз болады.

Мама. (біртүрлі өкпелі жымиып) Болмайды. Мен айтсам солай болып кете салатын дүние емес бұл. Адам ылғи шынын айту керек. 

Қайсар. Сіз бәрібір сенбейсіз ғой.

Мама. Жоқ, егер шыныңды айтсаң сенемін, ал өтірік айтсаң... (басын шайқап) сенімімнен бірден шығып қаласың.

Қайсар жаймен тұрып, пианиноның қақпағын ашады. Бір нота басады. Сәл үндемей тұрып, бала кезден есте қалған бір жеңіл әуенді баяу ойнай бастайды. Анасы  тоқтай қалады)

Мама. (жай ғана сыбырлап) Мынау... (көзі жасаурап) Бұны тек Қайсар ғана білетін. (жымиып) Қазір де... сол қате. Соңғы нотаны жарты тон төмен басатын.

Қайсар. Он жыл бұрын кетерінде, дәл осы әуенді ойнап кеткен... (жымиып) Есіңізге түсті ме?

Мама. (орнына таңғала отырып) Бірақ сен Қайсар емессің ғой, бұның бәрін қайдан білесің?

Қайсар. (жәутеңдеп) Мама... Мені ұлым деп атауың үшін Қайсар болуым міндетті ме... (көзі мұңданып) Жәй ғана ұлың болсам болмай ма... (жалынышты жүзбен) Еш дәлелдеусіз, еш кедергісіз... 

Екеуінің арасында біраз үнсіздік орнайды. Қайсар сосын терең тыныстап пионинаның бетіне баяғыша мата жауып, бүркеп қояды.

Мама. (сабырсызданып) Жоқ, сен Қайсар емессің. Ол пианиноның бетін шегіне дейін жаппайтын. Ол ешқашан сырт киімін орындыққа ілмейтін.

Қайсар. Мен үйде көп уақыт болмадым ғой. Адам көп нәрсені ұмытады. Әсіресе... (батылы бармай) үй тәртібіне бірден үйренісуі қиын.

Мама. Ұмытып қалдым деген жалқау адамның сөзі. «Сен кімсің?» деген сұраққа жауап бере алмаған адам – өмір сүрмеген адам. (бір кітапты шығарып, парақтай бастайды) Мынау  Қайсардың сүйікті кітабы «Сыйқырлы тау». (сәл кідіріп) Оған «Өмірдің мәні оның қысқалығында» деп үйреткем. Сондықтан да ол әр сәтті бағалайтын. 

Қайсар. Шығармада Томас Манн: «Уақыт бізді өлтірмейді. Біз оны өлтіреміз» дегенге келтірді. Бірақ Қайсар уақыттан ұтылды ғой...  (біраз ойланып қалады, еңсесін көтереді) Жоқ, мама. Қайсар ұтылған жоқ. Ол – күресті. Он жыл... Уақыттан емес, шындықтан жеңілді. Шындық кейде уақыттан ауыр. (үні дірілдеп) Себебі, Қайсар ығы-жығы өмірден өз шындығын жоғалтып алды. Бір сәтте-ақ шындықтан ажырап қалды. (жәутеңдеп) Мама, Қайсар сол кезде бәріміз үшін дұрыс шешім қабылдады деп айтшы. Оның жаман ойы болмады, жәй ғана материалдық қиындықты шешкісі келді, (жалынып) анасына жақсы өмір сыйлауға тәуекел етті деші. (үнсіз отырған анасына қарап) Құдай үшін, мама, мені мына азаптан құтқаршы...

Мама. Материалдық қиындық... Иә, мен өмір бойы үнемшіл болдым... Мүмкін, сол үнемшілдігім баламның жақсы аяқ киім кие алмауына, түрлі тәтті жей алмауына, демалыста легерьге бара алмауына себепші болған шығар... (Даусы бәсең, дірілдеп) Бірақ ана махаббаты үнемделмейтін жалғыз дүние. Бірақ, сол махаббаттың атын жамылып, адам өз жүгін баласына арта ма?... (көзіне жас іркіледі) Мен қалдырған бос орынды ол толтырғысы келген... (баласына қарап) Жарығым, жарыққа қарай тырысқан екен ғой. Жүрегі мейірімге толы ұлым менің, ұлым...

Қайсар.(жылағанын көрсетпеуге тырысып, көзін төмен түсіреді) Жетеді, мама... осы сөз жетеді маған.

Кенет анасы жалт қарайды.

Мама. (баяу, абыржып) Олар келді ме?.. 

Қайсар. (түсінбей) Кімді айтасың, мама?

Мама. Мені... алып кетуге?..

Қайсар. (күрсініп) Сен естіп қойдың ба... (батыл сөйлеуге тырысады)

Жоқ, мама. Бір аптадай уақыт бар. Біз бір амалын табамыз, сені жібермеймін. 

Мама. Бұл үйде кітаптарым бар. (кілт тоқтап)  Ал, пианином ең жақын серігім. Кеш сайын оның әуеніне тербелемін. Кітап бетін ашпай ұйықтай алмаймын, (мұңайып) Марсель Пруст, Альбер Камю,  Гюстав Флобер... олар менде көп қой, қалай қалдырып кетемін... Қайсардың бала күнінде салған суреттері... (дауыс сәл дірілдеп қалады) Оларды ешкімге бергім келмейді... (үрейленіп) Жоғалып кетсе ше... Үйімнен кетсем, кімге айналамын? (шошып) Енді не істесем болады... (көзіне жас тығылып) кеткім келмейді! 

Қайсар. (жұбатып) Қорықпа, мама. Біз бәрін еске түсіреміз, (жымиып) сосын ешкім екеумізді айыра алмайды. (үмітпен қарап) Маған сенесің бе?...

Мама. (жәутеңдеп) Иә...

Қайсар. Рахмет... Мүмкін таза ауа жұтып келерміз. Жолай дүкенге соғайық.

Мама. (жәутеңдер) Жарайды.

Қайсар мамасын отырғызып, үстіне жылы киімін кигізіп жатады. Дәл бұрынғыдай, тек бұл жолы анасы баласын емес, баласы анасын киіндіріп жатады...

Қайсар. (жымиып) Саған не айтып берейін?

Мама. (жатырқап) Білмеймін...

Қайсар. (жалғастырып) Бала кезде тәртіпті де, ақылды болғам. Жетінші сыныпқа дейін сабағымды 5 ке оқыдым.

Мама. (жымиып) Мұғалімің сенімен мақтанған шығар.

Қайсар. (ойға шомып) Әрине, әсіресе үйдегі мұғалімім... 

Мама. (кілт тоқтап) Сен мені тастап кетпейсің бе?

Қайсар. Неге сені тастап кетуім керек, мама? Оны қайдан шығардың?

Мама. Қайсар солай істеген....

Қайсар. Енді олай істемейді, мама... (есін жиып) Алдымен мына коляскаға отырып алу керексің.

Мама. Бұның қажеті қанша? 

Қайсар. Менің әңгімелерім өте ұзақ. (жымиып) Жаяу жүрсең шаршап қалуың мүмкін.

Мама. Жарайды.

Қайсар анасын коляскаға отырғызады

Мама. Кішкентай кезіңде қандай бала болдым дедің?

Қайсар. (жолай жүріп) Алдымен әкем мен шешем туралы бастайын... Мамамның аты – Бибігүл, әкемнің аты – Марат...

 

2-көрініс

Өткен шақ. Екі бөлмелі шағын пәтер. Түн. Қыс. Қарапайым асүй. Сағат түнгі 01:27.

Асүйдің шамы ғана жанып тұр. Үстелде салқын шәй. Тар бөлменің қабырғасына сырттағы жел соққысы білініп тұр. Терезе буласып кеткен. Бибігүл терезе алдында тұр. Ішін ұстап, терең дем алып қояды. Жылағаннан көздері қызарып кеткен.

Марат енді ғана жұмыстан келіп, пальтосын іліп жатыр.

Марат. (үнсіз қарап тұрады, сосын жай ғана) Жатпадың ба әлі?

Бибігүл. (күрсініп) Ұйықтай алмадым.

Марат. (қасына жақындап) Бірдеңе болды ма?

Бибігүл. (бір қадам шегініп) Тимеші. Сөз көтере алмай тұрмын.

Марат. (жаймен отырады) Жарайды... (үнсіздік) Шәй ішеміз бе?

Бибігүл. (абыржып) Бала... қозғалған жоқ бүгін. Кешке дейін күттім. (көзі жасаурап) Бір сәтке де қозғалмады.

Марат. (жұбатқандай болып) Мүмкін ұйықтап жатқан шығар... Дәрігер айтты ғой, соңғы апталарда ондай болады деп.

Бибігүл. (күліп, бір жылап) Жеңіл айта салдың ғой. Әрине, саған оңай, ішіңде көтеріп, оның жүрек дүрсілін күнде сезіп жүрмеген соң...

Марат.  (жақындап келіп, күбірлей) Олай демеші, мен де сезіп жүрмін.

Бибігүл. (көзін сүртіп, дауысын көтеріп) Бұл төртіншісі! Төртінші, Марат! Төртеуі де... (үнін жұтып) Білесің бе, мен әр түн сайын аман-есен таң атса екен деп жатамым. Осы ішімдегі бала таңғы жарықты көріп үлгерсе екен деп тілеймін... (кідіріп, көзін тарс жұмады) Мен есімнен ауысып бара жатқан сияқтымын...

Марат. (баяу келіп, жанына отырады) Есің орнында, Биба. Тек, жүйкең жұқарды, оңай емес әрине...

Бибігүл. (бір күліп, бір ашуланып) Жоқ, мен өзімді баяғыда жоғалтқам. 

Үш рет бірге көмдік, Марат! Үш рет. Азан шақырып аттарын да қоя алмадық қой... (жан даусымен) Сен түсінбейсің! Ештеңе сезінбейсің! Өйткені ішіңде тірі адамды тасып, оны өмірге әкеліп, жер қойнына берген жоқсың...

Марат. (көзін жұмады. Сосын баяу сөйлейді) Сол үш бала... менің де балам болатын, Бибігүл.

Бибігүл. (көз жасын тежеп) Неге сен жыламайсың, а? Неге? Бір рет болсын… жылашы. (оған қарап) Мен қорқам. Кешке дейін бала қозғалған жоқ. Ертең мен үшін таң атпауы мүмкін, түсінемісің соны?... 

Марат. (жақындап, алақанын әйелінің ішіне қояды. Жай ғана сыбырлайды)

Бұл жолы бәрі жақсы болады. Маған сенші!

Бибігүл. (көзін жұмып) Мен осы сөзден шаршадым.

Марат. (басын иіп) Мен де.

Бір сәт үнсіздік. Осы кезде Мараттың телефонына қоңырау келіп түседі.

Марат. Тыңдап тұрмын.

Бастық.  Марат, 12-ықшам ауданынан өрт шықты. Қазір бәрін жинап жатырмыз. Ауысымда болмасаң да көмегің керек. Арасында кішкентай балаларда бар, құтқару керекпіз. Тез жет!

Марат. (абдырап) Жақсы. Он минутта шығам.

Бибігүл. (жалт қарап) Тағы да жұмыс па?

Марат. Иә, шұғыл.

Бибігүл. Жұмыстан жаңа ғана келдің емес пе?

Марат. (жәй, сабырмен) Иә, қайта кету керекпін.

Бибігүл.  (басын изейді, үндемейді бір сәт) Не айтқаның есіңде ме? Болды, қасыңдамын дегенің қайда?

Марат. (салмақты түрде) Сөзді көбейтпейікші, уақыт жоғалтып тұрмын.

Бибігүл. (көз жасына ерік бермей, өз-өзін ұстауға тырысады) Жақсы, кете бер.

Марат. (қиыла қарап) Біткен соң бірден қайтамын.

Ержан пальтосын киіп, есікке қарай беттейді. Айгүл күйеуінің жайбасарлық танытқанына іштей күйіп қала берді.

Сосын орнынан тұрып, күйеуінің киімдерін реттестірді. Кейін терезеде тұрған гүлге су құймақ болады. Осы кезде қолында тұрған су толы ыдысты жерге абайсызда құлатып алады. Өзінің есі шығып кетеді. Бір кезде есіктің қоңырауы басылады. Барып есікті ашып көреді, бірақ, ешкім болмайды,

Бибігүл. Ойнап жүрген балалар шығар. 

Есікті қайта жауып келе бергенде іші қатты шаншып кетеді. Сол тұрған орнында жерге отыра қалады.

Бибігүл.  (ішін ұстап) Не болды балам саған?... Анаңды қорқытпашы. 

Іші тағы да шаншиды, бұл жолы қаттырақ...

Бибігүл. (есі шығып) Марат алыстай қоймаған шығар, хабарласып кері қайт дейін бе?... (кілт тоқтап) Сабыр сақтайын, қазір басылып қалар. 

Орнынан түрегеле бергенде іші тағы шаншиды.

Бибігүл. Мынау жақсылықтың белгісі емес. (терезеге қарайды, Мараттың көлігі аулада жоқ екенін көріп) Кетіп қалыпты... (телефонға жақындап) Не болса да жедел жәрдем шақырайын. (гудок барып жатады) Сәлеметсіз бе! Бибігүл Алтаевамын. Алмалы ауданы, Жібек Жолы көшесі 140 пәтер. Жылдам жетіңіздерші, жүкті едім. Ішім ауыртып барады....

Екі бүктеліп, жанын шүберекке түйіп жатып қалады.

Сахна қараңғыланады.

 

3-көрініс

Қазіргі шақ. Қайсар анасын каляскада сүйреп, үйге әкелді.

Қайсар. Шаршап қалған жосың ба, мама?!

Мама. (жымиып) Жоқ.

Қайсар. (жүзі жылып) Саған серуендеген ұнаған сияқты.

Мама. Иә, ұнады...

Қайсар. Біз қайда бардық?

Мама. Ұзақ жолда серуендеп әңгімелестік. Сосын дүкенге кірдік.

Қайсар. Дүкеннен не алғанымызды айтып бере аласың ба?

Мама. Тәтті бәліш.

Қайсар. Жарайсың мама! Аз-аздан есте сақтауың жақсарып келе жатыр. Енді мынаны айтшы (үмітті көздермен қарап) Мен кіммін?

Мама. (ұзақ кідіріс) Иә, сен... (жымиып) Жүзің сондай жылы. Бірақ нақты есімде жоқсың. Кешірші...

Қайсар. (бір сәт үндемей тұрып қалады, сосын жай ғана жымияды) Ештеңе етпейді, мама.

Мама. (басы қолымен ұстап) Кейде көзімнің алды тұманданып кетеді. Содан соң көрген түстей барлығы жоғалады. Түсіне алмай әлкепін...

Қайсар. (жұмсақ дауыспен) Қазір ештеңе есіңе түспесе де, жәй-жәймен бәрі оралады. Тек қолдан келгенше әрекет ету керекпіз. Жарай ма, мама?!

Мама. (жымиып) Сен мені жақсы танитын сияқтысың.

Қайсар. Танимын. Сен жазған мемуарларды оқитынмын. «Білім – адамның өмірлік кеңістігін кеңейтетін құрал» деп жазғаның есімде сақталып қалыпты.

Мама. (жылы жымиып, даусын бәсеңдетіп) Ондай нәрселерді бұрын көп жазатынмын... Жазғанда да, кім үшін жаздым екен?

Қайсар. Мен үшін...

Мама. (сәл тіксініп, жүзіне мұқият қарайды) Неге сен үшін жазуым мүмкін?

Қайсар. (терең тыныстап) Мен... сенің ұлыңмын, мама. Сол үшін. 

Орнынан сәл қозғалады. Отырған орындығында сәл шегініп, абдырайды. Қайсар алақанын жай ғана созады, анасы қолын бермейді.

Мама. Жоқ... Қайсар әлі мектепке де бармаған... Тәп-тәтті балақай.

Қайсар. (күлімсіреп) Ол кішкентай болып қалмайды ғой, ер жетеді, үлкен жігіт болады. Солай емес пе?

Мама. (жымиып) Иә, менің балақайым өзім сияқты кітапкеміргіш болатын.

Қайсар. (қуанып) Бір ойын есіңде ме, мама?

Мама. Қандай?

Қайсар. (күлімдеп) Кішкентай кезімде сен үнемі бір кітаптан үзінді оқып, «қай кітап?» дейтінсің.

Мамасы сәл жымияды, бірақ нақты есінде жоқ.

Қайсар. Сол ойынды ойнап көрейікші?

Мама. (абдырап) Қазір ме?

Қайсар. Иә. Мүмкін бізге көмектесіп қалар. 

Қайсар отыра қалып, анасына қарап, бір үзіндіні бастайды.

Қайсар. Жұлдыздардың жарқырап тұруының құпиясы – ерте ме, кеш пе әркім өз жұлдызын тауып алсын дегендіктен болар.

Мама үндемейді. Бірақ түрінде бір қозғалыс пайда болады. Қайсар асықпай жалғастырады.

Қайсар. Қай кітаптан?

Мамасы сәл ойланып, көзін сығырайта қарайды. Сосын ақырын тіл қатады.

Мама. ... Кішкентай ханзада.

Қайсар. (күлімсіреп, көзіне жас үйіріліп) Дұрыс... Дәл солай. Бұл кітапты маған бес жасымда оқып берген екенсің.

Мама біразға дейін үндемейді. Қолын тізесіне қойып, бос көкжиекке қарап отырады. Сосын мырс етіп күледі.

Мама. Мен ол кітапты жүз рет оқыдым. Әлі де жатқа білем.

Қайсар. (үміттеніп) Сонда есіңде ме қазір?

Мама. (біраз үнсіздіктен кейін) Мынадай қатал тәртіп бар: таңертең ояндың ба, бетіңді жу, түріңді ретте – сосын бірден өз ғаламшарыңды қалыпқа келтір.

Қайсар. (қуанып) Мама, сен мықтысың! (жымиып) Тағы ойнайық па?

Қайсар. Әр адам барлығы үшін, бәріне жауапты... (жеңілдетіп) Орыс классигінің шығармасынан үзінді болатын, сенің сүйікті жазушыларыңның бірі. 

Мамасы тосылып қалады.

Қайсар. 11 қараша туған, дәл менің туған күніммен сәйкес. Ылғи солай айтатынсың...

Мама. (біртүрлі күрсініп) Ол енді...  (ойланып) Федор Достоевский. Дұрыс па? (есіне түсіріп) Бұл сөйлемді күнделігіме де жазып қойған болатынмын...

Қайсар. (күлімсіреп) Дәл өзі.  (іші жылып) Дұрыс айтасың, мама...

         Мама үндемейді. Көзін төмен түсіреді. Сосын кенет жымияды.

Мама. Жарайды, енді мен саған біреуді жасырайын.

Қайсар. (таңырқап, қуанып)  Мама... Сен бе?

Мама. (жымиып, даусын жұмсартып) Иә, сенде оқымысты бала болдың ғой.

Қайсардың қуанышында шек болмайды, көзінен жас мөлт ете қалады.

Мама. Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? (ұлының ойланып қалғанын байқап) Қазақтың ұлы тұлғасы...

Қайсар. (анасына емірене қарап, көзі жасаурап) Әрине,  бұл Абайдың қара сөзі. Дұрыс па, мама?

Мама. (көзін жұмып) Дұрыс таптың.

Қайсар. (жымиып) Рахмет...

Екеуі біраз үнсіз отырады. Мамасы тағы да сұрақ қояды.

Мама. Жаңбыр бұлттың туады, ал өкініш адамның арынан туады.

Қайсар. (сәл күрсініп) Бұл сенің өз сөзің. Күнделігіңнен.

Мама (жай ғана).  Сонда мен әлі өз болмысымнан ажырамағаным ба?

Қайсар. Сенің болмысың уақыттан биік, мама....

Мама. (көзін бір нүктеге қадап, жай ғана күбірлеп) Мына сөздерің... менің ішімдегі бірдеңені түртті... (бір сәт ойланып, басын көтереді) Әкең есіме түсіп кетті...

Қайсар. (мамасының есіне түсіп жатқанына қуанып)  Сонда қалай?

Мама. (күрсініп) Ол менің ішкі әлемімді сөзсіз түсінетін... Жас кезімде қыңыр болдым, соны да көтерді ғой.

Қайсар. (тынысын ішіне тартып) Ол туралы көп айтпайсың...

Мама. Себебі мен үшін тым ауыр... (бір сәт көзін жұмып, мырс етеді)

Ол да кітап оқуды жақсы көретін. Сенің даусың... кейде дәл соныкы сияқты.

Қайсар. (көзі жасаурапы) Мен оны жақсы көргім-ақ келеді. Бірақ ол бізді ерте тастап кетті...

Мама. Ол кеткен жоқ... уақыт ішінде өзін жоғалтып алды. 

(Кенет сәл күлгендей болады) Ол саған: «Қайсар, қашан да атыңа лайық бол!» дейтін. Есіңде ме?

Қайсар.  Жоқ, ол кезде кішкентай едім... (ойға батып) Әкем кетерінде саған бірдеңе айтты ма? 

Мама. (тыпыршып) Ештеңе де айтқан жоқ.

Қайсар. (көмейіне өксік тығылып) Есіңе түсіріп көрші, қайда кетті, не үшін кетті. (көзі жәутеңдеп) Мүмкін оны біреулер ұстап отырған шығар. Біз ол туралы ештеңе де білмейміз ғой. 

Анасы отырып жылап қалады.

Қайсар. (алаңдап) Мама, кешірші, сені жылатайын деген ойым болмаған. Кейде осы нәрсенің ақиқатына жетпегесін көп сөйлеп кетемін. 

Қайсар. (күрсініп, анасын құшақтап) Үшеуміз сондай бақытты едік қой, неге аяғасты әкем бізден кетіп қалды екен? Түсінсем бұйырмасын...

Сахна қараңғыланып, өткен шаққа ауысады.

 

4-көрініс

Перзентхана. Бибігүл палатада жатыр, қолында жаңа туған сәбиі. 

Бибігүл. Сені берген құдайға мың тәубе. Балапаным, жарығым!

Жүзі жарқын, жаны жадырап отыр. Осы кезде ішке мейірбике кірді.

Мейірбике. (жымиып) Бибігүл ханым, қалдарыңыз қалай?

Бибігүл. (қуанып) Бізде бәрі жақсы. Әкемізді күтіп отырмыз.

Мейірбике. Күйеуіңізбен хабарластық. Түстен кейін сізді шығаратын болады. (жымиып) Дайын отырыңыз.

Бибігүл. (баласының жаялығын ауыстырып) Жарайды. Тез шықсақ жақсы болар еді. 

Мейірбике. Айтпақшы, қасыңызға бір қыз келді ме?

Бибігүл. (таңғалып) Жоқ, не болды?

Мейірбике. Сізбен бірге жас қыз босанған. Баласын қабылдамай отыр, балалар үйіне өткіземін дейді. 

Бибігүл. (шошып) Құдай сақтасын...

Мейірбике. Өз ақылыңызды айтарсыз. Мүмкін жүрегіне бірдеңе жетер.

Мейірбике шығып кетеді. Көп ұзамай есіктен басын төмен салбыратып Гүлназ кіреді. Үстінде жұпыны жемпір.

Бибігүл. (мейірім танытып) Кіре ғой, еш қысылма. Шаршаған боларсың?

Гүлназ үндемей, бос төсекке жайғасады. Көзі ілініп кеткендей, алайда беймазалық үстінде.

Бөлмеге мейірбике қыздың баласын алып кіреді. Қыз баланы қолына ұстауға батылы бармайды. Мейірбике баланы қолына береді, ол ебедейсіз көтереді, бала шырқырап жалайды.

Мейірбике. Емізіңіз баланы, сонда жылағанын қояды.

Қыз. (көзі мөлдіреп) Қалай емізу керектігін білмеймін.

Мейірбике. (шаршап) Мені басқа да жұмыстарым күтіп тұр, болыңыз.

Қыз баланы ақырын емізіп көреді. Шыңғырып жібереді.

Мейірбике. Дұрыстап емізіңіз. (қасына жақындап) Сүт шығып тұрған жоқ қой сізде.

Қыздың көзі жәутеңдеп қарап тұр, бала болса шыңғырып жылайды. Баланың жылаған дауысына шыдамаған Бибігүл орнынан түрегеліп.

Бибігүл. (жаны ашып) Әкеліңіз, мен емізіп берейін. 

Мейірбике. Сөйтіңізші, мына қыз ебедейсіз екен. Аштан қатыратын болды баласын.

Бибігүл баланы қолына алып, емізе бастайды. Бала жылағанын қояды.

Мейірбике. (күліп) Баланың аузына алғаш сүт түсірдіңіз, енді мінезі сізге тартатын шығар.

Бибігүл балаға мейіріммен қарайды.

Бибігүл. (жымиып) Сүйкімді балақай. 

Қыз. (алаңдап) Енді жыламай ма?

Бибігүл. Жоқ, қарны тоқ бала жылай қоймайды.

Мейірбике қыздың қасына жақындып.

Мейірбике. (қызға қарап) Дұрыстап ойландыңыз ба? Өкініп қалып жүрмеңіз.

Қыз. (мұңайып) Соңғы шешімім.

Мейірбике. Талай қыз басында осылай айтып, артынан қимай, баласын іздеп келген болатын. Ойланыңыз, ол кезде кеш болады!

Қыз үндемейді.

Мейірбике. Осында бола тұрыңыз, түсте қолхат жаздырып аламыз. Сосын кете бересіз.

Қыз жарайды деген ым-ишара білдіреді. Мейірбике шығып кеткен соң Бибігүл баласын қолына ұстатады. Еңкілдеп жылап жібереді.

Қыз. (жұтынып) ... Бұлай болар деп ойлаған жоқпын. (үнсіздік) Басында бәрі жақсы болатын, ол өзінің сүйетіндігін жиі айтатын. Кенет бәрі өзгерді...

Бибігүл. Сен оған сендің.

Қыз. (басын изеп, көзі жасаураған) Иә... Сендім. Өмірім соның көз алдында өтті. Ақыры бала көтергенімді білгенде... жоқ боп кетті. Телефоны өшірулі, жауап жоқ. Оның бір күні оралатынына сендім... (жұтынып)  Іштегі бала төрт айлық кезінде, әйтеуір байланысқа шықты. Бірақ, қабылдамаймын деді. 

(дауысы дірілдеп) «Мені мазалама, өзің шеш» деп телефонды қоя салды...

Бибігүл. Ал ата-анаң ше?

Қыз. (басын шайқап, тынысы үзіліп) Айта алмаймын. Үйдегілер білмейді. Ауылдағылар естісе әке-шешеме, бауырларыма қара күйе жағылады. Менің қателігім үшін олардың жапа шеккендерін  қаламаймын. (Кенет қатқылдау үнмен) Егер айтсам, олардың бетіне қалай қараймын?!... Қызымыз ақылды деп, болашағыма сенім артып отыр ғой...

Бибігүл. Студентсің бе?

Қыз. Иә, Бірақ... аяғым ауыр болған соң институтқа бара алмадым, солай оқуымнан ажырап қалдым. Шығарып жіберіпті.

Үнсіздік. Тек баланың дем алғаны естіледі.

Қыз. Енді міне өмірім... сынған айна секілді. Қайта жамай алмаймын. Бұл бала... (баласына қарайды) Мен оны жақсы көремін... бірақ оған жөні түзу өмір сыйлай алмаймын. Өзім әлі... бала сияқтымын.

Бибігүл. (жұбатып) Жарайды, тыныштал. Бір мәнісі болады, уайымдама. Әйтпесе, балаға кері әсер етеді.

Қыз жарайды дегендей басын изейді.

Бір кезде өзінің баласы жылай бастайды. Бибігүл жанұшыра баласын қолына алады.

Бибігүл. Қарның ашты ма, құлыным. Қазір күте тұр.

Баласын емізбекші болады, бірақ бала еме алмай шырқырап жылайды.

Бибігүл. (баласына қарап) Мазаң қашты ғой, не болып қалды саған?

Бір кезде баласы сұп-сұр болып қатып қалады.

Бибігүл. (сасқалақтап) Балама бірдеңе болды. Балам, балам...

Бала жылауын қойып, көз алдында шетінеп кетеді.

Бибігүл. (баласын құшақтап) Айырылып қалдым... Балам өлді...

Қыз. (шошып) Не айтып тұрсыз? 

Бибігүл сіресіп бір орнында отырып қалады, сөйлеуге де шамасы жоқ. Жылай да алмайды. Ұзақ үнсіздік. Қыз да оған бірдеңе деп айтуға батылы бармайды.

Бибігүл. (байыппен) Ал мен дайынмын!... 

Қыз түсінбей, таңырқай қарайды.

Бибігүл. Өзгелер секілді сені айыптамаймын да. Не үшін олай болды деп сөкепеймін де. Тыныш қана балаңды бауырыма басуға дайынмын...

Қыз. (түсінбей) Әпке...

Бибігүл. Баласыз маған өмір жоқ, түсінесің бе?... Ал сенің балаң тірі! Бірақ, оған болашақ сыйлау өзіңнің қолыңда. Егер маған берсең, оны қолымнан түсірмей бағуға дайынмын. 

Қыз. Қалай?

Бибігүл. Бәрібір оны балалар үйіне өткізгелі жатырсың ғой... Оданша мен асырап алайын.

Қыз. (кідіріп) ... Мына жақтағыларға не деп түсіндірмекшісіз?!...

Бибігүл. (байыппен) Ешкім ештеңе байқамай қалады.  Күніне жүз әйел босанады кімнің баласын кім танып жатыр дейсің. Киімдерін ауыстырып қоя саламыз. Өзім куәгер боламын, шетінеп кетті дейміз. 

Қыз. (басын шайқап) Ондайға бара алмаймын...

Бибігүл. Балалар үйінде, жетім өскенін қалайсың ба, азапты әлемде... Өмір бойы өзінің кім екенін білмей...  әлде бейтаныс әйелдерге анам екен деп, жәутеңдесін бе... терезе жақтауына «мені алып кетші» деп жазсын ба?...

Қыз. (жылап) Жоқ... (көз жасын сүртіп, жұтынып) Бір өтінішім бар... Есімін Қайсар деп қойыңызшы.

Бибігүл үнсіз ғана басын изейді.

Қыз. (баласына қарап) Туған анаңды кешір балам, мен шарасызбын. Бірақ, өмірге бекер келмеген шығарсың, өз жолыңды тауып кететініңе сенемін. Балалар үйінде өскеніңді қаламаймын, ата-ананың қамқорлығында, ештеңеден кем болмай өссең екен деймін. (даналықпен) Бұны Құдайдың шешімі деп қабылда... 

Сахна қараңғыланып қазіргі заманға ауысады. 

 

5-көрініс

Қайсар ескі альбомдарды қарап отыр. Үйдің ішінде күйтабақ ойнап тұр.

Мама. (терезенің алдында) Қарашы, бұлтың өзі музыканың ырғағымен қозғалып жатыр. (әуенді есіне түсіре алмай) Қазір Шопен ойнап тұрған болар... немесе Сати...

Қайсар. Шопеннің «До-диез минор ноктюрні» жан тербейтін шығарма...

Мама. (көзін жұмып)  Жанның ең терең қатпарларын қозғайды...

Қайсар. Есіңде ме осы әуен күйтабақта ойнап тұрғанда маған қағаздан қайық

жасап бергенің. Бұл біздің бірінші заңымыз дедің. «Судың ортасында қалсаң жүзуің керек»...

Мама. (абыржып) ... Сен бұны қайдан білесің?

Қайсар. Ал былай ше? Әр таң сайын шайға тек лимон қосатынсың. Қант салмайтынсың. Себебі біздің екінші заңымыз: «Шындық ащы болса да, шынайы болсын»... дейтінсің.

Мама. (біраз ойланып) Иә...бұны мен Қайсарға айтатынмын.

Қайсар. (көзіне үмітпен қарап) «Кім бірінші кешірсе – сол жеңеске бірінші болып жетеді»... Бұл біздің үшінші заңымыз еді...

Мама. (көзін жұмып) Отбасылық заңдарды тек Қайсар ғана білетін...

Қайсар. Соңғы заңымыз: «Үй есігі ашық тұрса ғана үй». Мен сол ашық есік арқылы ішке кірдім, мама...

Мама. (дауыс дірілдеп) Қайсар?.

Қайсар. (көзінен жас шығып) Иә, мама. Бұл мен... Кешір... тым ұзаққа кетіп қалдым.

Мама. (жүгіріп келіп, құшағына алады) Күнде есікті ашып қойып, сені күттім... 

Қайсар. Бүгін ашық тұрған есікті көргенде... күтіп отырған анамның бар екеніне қуандым... 

Мама. (көзіне жас алып) Енді ешқайда кетпеші, балам!... 

Қайсар. Енді кетпеймін. Өмірдегі бар жылулық сенің құшағыңда, мама...

Үйдің ішін тыныштық пен сағыныштың екпіні басады...

Сахна қараңғыланып өткен шаққа ауысады.

 

6-көрініс 

Кешкі уақыт, үй іші. Диванда аяғы таңылып Қайсар жатыр. Бибігіүл уайымға беріліп, бетін сипап, қайта-қайта дене қызуын өлшеп жүр. Әкесі жаңа ғана жұмыстан келді.

Марат. (баласын көріп)  Не болып қалды?

Бибігүл. (дауысы дірілдеп) Мектепте ойнап жүріп құлап қалыпты... Бір баламен жүгіріп келе жатып сүрініп кетіпті.

Марат. (басын шайқап, күрсініп) Қайсар, қалайсың, балам?

Қайсар. (жай ғана) Жақсымын, папа... Аяғым аздап ауырып тұр.

Марат. (қатқыл дауыспен) Абайлап жүрмейсің бе. Сен енді кішкентай емессің, өз-өзіңе жауап бере алатын жасқа жеттің. 

Бибігүл. (қорғаштап) Балаға ұрыспа, ондай жағдай болатынын қайдан білсін!

Марат. (байыппен) Мүмкін әке ретінде баламмен сөйлескім келген шығар.

Бибігүл кішкене есін жияды.

Марат. (жымиып) Ертең-ақ жазылып кетесің. Бірақ, келесіде байқап жүреміз жақсы ма?

Қайсар. (жымиып) Жарайды, папа!

Марат. (әйеліне қарап) Бала демалсын мазасын алмайық.

Екеуі бөлмеден шығып кетеді. Залда тұрып сөйлеседі.

Марат. (байқап қарап) Не істедің енді?

Бибігүл. Жедел жәрдем шақыртып, травматологияға апардым. 

Марат. (қатқыл дауыспен) Дұрыс болған екен.

Бибігүл. Бірақ... бірақ олар укол салмақ болды... Мен рұқсат бермедім!

Марат. (дауысы сәл көтеріп) Неге? Баланың аяғы ауырып жатыр ғой!

Бибігүл. (ашуланып) Оның бүйрегі әлсіз! Укол кері әсері етуі мүмкін! Сен білесің ғой, ол онсыз да күнде неше түрлі дәрі ішеді. Тағы химия құйғызбақсың ба?!

Марат. (қолын көтеріп, сабыр сақтап) Барған сайын шектен шығып бара жатсың! Дәрігердің орнына шешімді сен қабылдайсың ба, әлде маман ба?

Бибігүл. (қатты сөйлеп) Олар үшін бұл  жай ғана науқас бала. (көзі жасаурап) Ал мен үшін бүкіл әлем!  (дірілдеп)  Жалғызым! Оның әр тынысын сезем! Сен ондайды түсінбейсің!

Марат.  (дауысын бәсеңдетіп) Мен де оның әкесімін, Бибігүл. Сен қалай уайымдасаң, мен де солай уайымдаймын. Бірақ сен Қайсарды ылғи өз бақылауыңда ұстағың келеді.

Бибігүл. (аздап абдырап) Мен оны жамандықтан қорғаймын. Болды. Бүгіннен бастап мектепке бармайды. Үйде оқимыз. Қауіпсіз болады...

Марат. (таңғалып) Не дейсің?! Сен оны мектептен шығарып алдың ба?!

Бибігүл. (көзін тайдырмай) Иә. Директорға бүгін арыз жаздым. Енді ешкім итермейді, ешкім жарақаттамайды. Үйде тыныш, сенімді.

Марат. (үнсіз тұрып қалады, біраз кідірістен соң) Сен менен сұрамай қалай шешім қабылдайсың? Бұл  екеуміздің баламыз, сенің ғана емес!

Бибігүл.  (жан даусымен) Сен жұмыстан кеш келіп, тек ақыл айтуға шеберсің! Бірақ оның түнімен бүйгері ауырғанда мен қасында боламын! Дәрі көтермей, қан қысымы түсіп кеткенде де шырылдайтын мен! Сен емес!

Марат. (ашуын әрең басып) Сол үшін жалғыз шешім қабылдадың ба?!

Сен оның мүмкіндігін шектеп жатқаныңды білемісің. Ол қаламаса да күні-түні кітап оқытасың, түсінксіз музыкаларды тыңдатып, ешқайда шығармай сурет салдырасың. Бибігүл, баланың да еркіндігі болу керек!

Бибігүл. (жылап) Ана ғана баланы қалай тәрбиелеу керегін біледі, маған олай тіл тигізбе! Еркіндік керек деп, оны тағы қауіп-қатерге тастайын ба? Сен түсінбейсің, Марат. Ол үшін қатты қорқамын, бір күні оянбай қалса ше?

Марат. (жаны ашып) Сен қорықпай өмір сүр. Әйтпесе, балаға зияның тиеді... 

Үнсіздік. Бибігүл еңкілдеп жылап жібереді. Марат оған жақындайды.

Бибігүл.  (жұмсақ үнмен) Сабырға кел, бәрі жақсы болады. Бір амалын қарастырамыз...

Марат. (әлсіз ғана) Оны аман алып қалғым келді...

Марат. (қолынан ұстап) Біз екеуміз оны бірге аман алып қаламыз...

Сахна қараңғыланады.

 

7-көрініс

Кешкі уақыт. Қайсар мен Мамасыдиванда  ескі фотоальбомды қарап отыр. Терезеден күннің батып бара жатқаны байқалады.

Қайсар.  (альбомды ақтарып отырып, бір суретті қолына алып). Мама, мына кезде қанша жастасың?

Мама. (жақынырақ қарап) Қайсы? Көрсетші?

Қайсар.  Міне, қарашы. Қызыл көйлегіңмен... шашың ұзын екен.

Мама. (суретке қарап, таңырқап) Қой, мынау мен емес шығар... Бұндай... жас болдым ба?

Қайсар. (күліп, анасының иығынан құшақтап) Мама, бұл сен ғой. Жас кезіңде хас сұлудың өзі болғансың. (жымиып) Қазір де сұлусың.

Мама. (көзіне жас іркіліп. ...Сен осылай айтқанда, жүрегім бір жылынып қалады. Расымен, менде де сондай тамаша күндер болған екен ғой...

Қайсар. (суретке қарап) Мынау менің емтиханнан шыққан сәтім, институтқа тапсырған уақыттар...

Мама.  (басын изеп, анықтап қарап) Сол күнді әлі ұмытқан жоқпын. Емиханға кіріп кеткеніңде жүрегім дүрсілдеп, қолдарым дірілдеген...

Қайсар. (жанарында толқу) Өмірімнің жаңа бір басталған сәті осы болар... (терең күрсініп, ойланып) Сол кездерге қайта оралғым келеді, мама. Бәрі қарапайым еді...

Мама. Мен де сағынам, Қайсар. Әсіресе, сен ұйықтап жатқанда, қасыңа отырып, «Ұлым аман болсыншы, тыныш өмір сүрсінші» деп дұға тілейтінмін. Сол дұға әлі күшінде...

Қайсар. (анасын құшақтап) Мен үшін көп нәрсе жасадың, мама. Рахмет саған.

Альбом жабылады. Үнсіздік. Екеуі өткен күнге терең еніп кеткен. Терезе сыртынан самал есіп, кешкі жарық біртіндеп күңгірттене түседі.

 

8-көрініс

Қазіргі кеезң. Аурухана. Палатада 14 жасар Қайсар жатыр. Есік ашылып ішке әкесі бір сөмке жеміс көтеріп кіреді.

Қайсар. (қуаныштан) Әкеее!

Марат.(құшақтап) Жан балам!

Қайсар. Сағынып кеттім сендерді. Мамам қайда? Қашан шығамын мына жерден?

Марат.Аз қалды, шыдашы балам!

Қайсар. Мектепке барғым келеді. 

Марат. Дәрігерлермен сөйлесіп қойдым. Бір ғана емшара қалыпты, сол аяқталған соң ауруханадан шығасың. 

Қайсар. Қашан аяқталады ол?

Марат. Нақты айту қиын. (жемістерді көрсетіп)  Қарашы саған не әкелдім?! Апельсин, алма, алмұрт, жүзім де бар.

Қайсар. (таңғалып) Қандай көөп!

Марат. Алдымен қайссын жейсің?

Қайсар. Алма!

Марат.(жымиып) Әкесі сияқты алманы жақсы көреді өзі.

Қайсар. Алманы сен жақсы көрген соң жақсы көремін. 

Марат. Олай болмайды балам, сен өзіңе не ұнайды соны жақсы көру керексің. Менің көңіліме қарап, бір нәрсені жақсы көруге міндетті емессің.

Қайсар.  Онда апельсинді бірінші жеймін.

Марат.(жымиып) Жақсы балам, қазір аршып беремін.

Қайсар. (уайымдап) Папа, шыныменде менің бір бүйрегімді алып тастай ма?

Марат.(күрсініп) Сені алдап қайтем балам... 

Қайсар. Кеше врачтардың әңгімесін естіп қалдым, мамам маған бір бүйрегін бергісі келген екен. Рас па?

Марат. Иә... Біз бір амалын қарастырып жатырмыз.

Қайсар. Ал сен бүйрегіңді маған беретін бе едің?... 

Марат.(не айтарын білмей қалады) Неге бұлай сұрадың балам?

Қайсар. Мамам мен үшін бір бүйрегін беруге дайын, ал сен солай жасай аласың ба?

Марат. (сасып қалады) Әрине. Жалғыз түйір ұлымсың. Ізімді жалғастырушысың. Балам-ау, сен үшін өмірімді қиюға дайынмын. (анықтап)  Бұл мамаңның шешімі болатын. (алаңдап) Бастапқыда мен бермекші болғам, бірақ анаң көнбей қойды. Десе де, анализдер тапсырып қойдым. Жауабы дайын болып қалды. Егер бәрі жақсы болса донорлыққа өзімді ұсынамын. Бұл мәселені жігітше шешейік. Жақсы ма?

Қайсар. (қуанып) Онда мамама айтпай тұрайық. Тосынсый болсын!

Марат. (құшақтап) Жарайсың, ақылды ұлым менің! 

Қайсар. Папа, екі күннен кейін менің туған күнім ғой, ұмытып қалмадыңдар ма?

Марат.(тосылып) Жоға, оны ұмыту мүмкін бе. 

Қайсар. (жымиып) Соны есіңе салайын дегем.

Марат. (маңдайынан сүйіп) Сенің әр күнің біз үшін туған күн ғой балам! Бұл жолы қандай сыйлық күтесің?

Қайсар. (жымиып) Ойлану керек. 

Марат.(түрегеліп) Сенің қасыңда көп отырсам дәрігерлер ұрсады. Мазаңды алмайын, жатып тыныға ғой. Мен келгенше қандай сыйлық алатыныңды шешіп қой, жақсы ма?

Қайсар. (алаңдап) Врачтардан донорлықты қазір барып сұрашы.

Марат. Жақсы! 

Қайсар. (әкесі шығып бара жатқанда) Сенің бүйрегіңмен жүру мен үшін үлкен мәртебе болар еді. (жымиып) Оған қамқор боламын!

Әкесі кері бұрылып ұлын ерекше мейірлене құшақтап, қимай-қимай палатадан шығады.

Шыққан соң Марат бас дәрігердің кабинетіне кіреді.

Марат. (есікті тықылдатып) Рұқсат па?

Дәрігер. Кіріңіз!

Марат. Сараптамалардың жауабын білуге келіп едім.

Дәрігер. (қағаздарына қарап) Марат мырза, сараптама бойынша балаңызбен қан тобыңыз сәйкес келмеді. Бірақ, ең таңғаларлығы бұл емес, әке мен бала арасында иммунологиялық сәйкестік деген болады, бұл сіздерде болған жоқ. 

Марат. (салмақты жүзбен) Мейірбикелер алғашқы тескерісте солай деген... Осыған байланысты өзімнің рұқсатыммен генетикалық сараптама жасатуға келісімімді берген едім. 

Дәрігер. (алаңдап) Көруге дайынсыз ба?

Марат. (жұтынып) Иә...

Дәрігер. Жақсы. (қолындағы днк қағазын ашты) Марат мырза... (ұзақ кідіріс) Өкінішке орай, тесттің нәтижелері бойынша, балаңыздың сіздің ұлыңыз емес екені анықталды.

Марат. (шошына таңғалып) Қалайша... 

Дәрігер. Иә, түсінемін, бұл жаңалық өте ауыр. Дегенмен, сараптама қате болуы мүмкін емес. Біз барлық қажетті тексерулерді жасадық.

Марат. Сене алар емеспін...

Дәрігер қағазды Мараттың қолына ұстатады. Марат теріс көрсеткішті көріп сенделіп қалады.

Дәрігер. Қан топтарыңыз да сәйкес келмейді, осыған байланысты ұлыңызға донор бола алмайсыз! Маған басқа қояр сұрақтарыңыз бар ма?

Марат мең-зең, жарытып ештеңе айта алмай қалады.

Дәрігер. Алдыңызда борыштар болып қалғым келмейді. Балаңыз бен әйеліңіздің қан тобы бір болғанымен, иммунологиялық сәйкестіктері өте төмен. Бұл әйеліңіздің балаңызға биологиялық ана емес екендігін білдіреді. Марат мырза, осының барлығын қалай түсінуге болады?

Марат. (есін жинап) Дәрігер мырза, (ұзақ кідіріс) біз бұл баланы асырап алғанбыз...

Дәрігер. (күдіктеніп) Таңғаларлық дүние...

Марат. Сол үшін сізді кей сұрақтар мазалап жатса нақты жауабым деп біліңіз. 

Дәрігер. Онда неге днк анализін тапсырдыңыз?

Марат. Соңғы кездері жүйкем сыр беріп жүр. Ұлымның қазіргі жағдайы отбасымызға ауыр тиіп жатыр. Өзімнің не істеп, не қойып жүргенімді білмеймін. Артық мазаласам кешірім өтінемін... 

Дәрігер. (басын шайқап) Жүйке ауытқуы... Сізге демалу керек!

Марат. Қазір маған керегі баламның амандығы ғана. Анасымен қан тобы сәйкес келеді дедіңіз. Әйелімнің донор болу мүмкіндігі бар ғой? Нақты айтыңызшы!

Дәрігер. Анасы мен асыранды баланың HLA сәйкестігі төмен болса да, белгілі бір процедуралар арқылы анасы бүйрегін бере алады. (жымиып) Ең бастысы қан топтары сәйкес келсе болды. (кідіріп) Бірақ, оңай жүзеге аспайды. Кейде науқастың ағзасы жаңа бүйректі қабылдамауы мүмкін. (байыппен) Бірақ алдын ала емдеу әдістері арқылы жаңа бүйректі қабылдауына көмектесетін емшара қолданатын боламыз. Алаңдамаңыз, бәрі жақсы болады!

Марат. (көзіне жас толып) Рахмет сізге! 

Марат дәрігердің бөлмесінен дел-сал болып шығады да. Баласының бөлмесінің есігіне сүйеніп, жылайды...

Марат. Мен... не айтарымды да білмей тұрмын. Бұл сезімдерді сезіну, мұны қабылдау – өте ауыр. Өмір бойы өзімді сенің әкеңмін деп ойлап келдім, қолыңнан жетелеп, өмірге бейімдедім, жаманнан қорғаштадым. Жанымның бір бөлшегіне айналдың, сенің күлгенің, жылағаның – бәрі өлшеусіз бақытқа тең еді... Бірақ... осы бір қағаз, осы бір днк нәтижелері бәрін құртты. Бұл шындық мені жаншып тастады. Енді бәрін біле тұра сенің көздеріңе тіке қарай алмайтын сияқтымын. Бұл біздің өткенімізге күдік пен сызат түсіреді. Енді өтірікпен өмір сүре алмасым анық, кешір мені ұлым... 

Сахна қараңғыланады, қазіргі шаққа ауысады.

 

9-көрініс

Қайсар анасын жуындырып болып шашын тарап жатады. Мамасы коляскада отыр.

Қайсар. (мейіріммен) Бұрын мені осылай жуындыратынсың. Жейдемді үтіктеп, сабаққа апаратынсың. Мектептегі апайлар нашар баға қойса күйзелетінсің. Оларға шағым түсіріп, жиі мазасын алатынсың. (күрсініп)  Мықты әйел едің ғой, мама... Өжеттілігіңе, бірбеткейлігіңе бәрі таңырқай қарайтын. (көзі жасаурап) Ал қазір соның бірі де болмаған сияқты... 

Мама.  (баласын тыңдап отырып) Сағат қанша болды?

Қайсар. (ілулі тұрған сағатқа қарап) Үштен жиырма кетті. 

Мама. (орнынан түрегеліп) Төртте сабағым бар, мектепке үлгеруім керек. 

Қайсар.  Бүгін жексенбі, мектеп жабық тұр, мама...

Мама. Сен не білуші едің, кеше жаңа апта басталды емес пе?!

Мамасы жыбырлап киіне бастайды.

Қайсар. Менде сенімен бірге барамын.

Мама. Саған болмайды, сенің бойың ұзын, партаға сыймайсың.

Мамасы сөмкесін асынып, аяқ-киімін киеді. Бір кезде кілт тоқтап қалады.

Мама. Сыртқа қалай шығатын еді? Есік қай жақта?

Қайсар не деп жауап қайтарын білмей қалады.

Мама. Не үшін киініп алдым, қай жаққа жиналдым өзі?

Қайсар мамасын жетектеп диванға отырғызады.

Қайсар. Тамақ ішеміз бе?

Бибігүл. Менің кетуім керек. 

Қайсар. Алдымен тамақ ішіп алайық, сосын сыртқа бірге шығамыз. Алдындағыдай серуендегің келе ме?

Бибігүл. Серуендегім келмейді. 

Қайсар. Онда не істейік?

Бибігүл. Ұлымды сағындым... Ол мүлде үйге қонбайтын болды. Тағы да жаман балаларға қосылып алған сияқты...

Қайсар. (жалынышты жүзбен) Маған баламды табуға көмектесші. 

Қайсар. Көмектесемін...

Бибігүл. Түсінесің бе, Қайсар әлі институт оқуы керек. Ол өте қабілетті бала. Егер Думанның артынан еріп жүре берсе бірдеңеге ұрынады. Қатты қорқамын, не істесем екен, қалай оларды ажыратамын...

Қайсар. Мама, сабырға келші, маған қарашы! Мен Қайсармын, Қай-сар! Сен әлі өткенмен өмір сүріп жүрсің. Қайсар енді кішкентай емес. Түсінесің бе осыны?!

Бибігүл. (орнынан түрегеліп) Думанның әкесі прокурор болса қайтейін, құдайдан мықты емес шығар. Олар баламның аңқаулығын пайдаланып жүр.

Қайсар. Мама, көздеріме қарашы... Сенің алдыңда тұрған кім?...

Бибігүл. Қайсарды уайымдаймын...

Қайсар. Иә, мені уайымдайсың, мама... Қайсарыңды, балаңды уайымдайсың... 

(ұзақ кідіріс) Сен іздеп жүрген Қайсар – ол менмін! Мен – Қайсармын! Сенің жадыңда қалған балақай Қайсар өсіп кетті! (көзі жасқа толып) Басқа адам болып оралды... Мама, (аяғына жығылып)  өткенді қайтарып та, өзгерте де алмаймыз. Бірақ, бізде қазіргі сәт бар... Маған қарап ұлым, Қайсарым деп айтшы! мама...

Сахна қараңғыланады, өткен шаққа ауысады.

 

10-көрініс

Өткен шақ. Бибігүл белінде алжапқыш, ас бөлмеден шығып, Қайсардың қасына барады.

Бибігүл. Балапаным, тамақ ішеміз бе?

Қайсар. Қарныш аш емес, мама.

Қайсар орнынан түрегелгенде қалтасынан темекінің қорабы түсіп қалады.

Бибігүл. (иіліп алып) Сенікі ме?

Қайсар. (шошып) Жоқ!

Бибігүл. Шыныңды айт!

Қайсар. Менікі емес дедім ғой!

Бибігүл. Алдында дәл осындай темекінің қалдығын үйдің маңынан көргенмін. 

Қайсар. Айттым ғой, менікі емес деп! Неге сенбейсің, мама?!

Бибігүл. Балам-ау бұл жақсы әдет емес! Бір пәле жұқса артынан екіншісі ереді... (жалынышты жүзбен) Айтшы, не бүлдіріп жүрсің?

Қайсар. Ештеңе!

Бибігүл. (темекіні көрсетіп) Бұлай жалғаса берсе бойыңдағы ұятың кетеді, кейін ойыңа келгенді істейтін боласың. Нашақор, маскүнем дегендер осындайдан шығады. Түсініп тұрсың ба мені?!... (жылайды) Мынаны соңғы рет көрейін... Жолама, балам! Өміріңді құртасың! 

Қайсар. Мама, бөлмеден шықшы! 

Бибігүл. Бұны саған Думан үйретті ме?

Қайсар. (айқайлап) Жоқ! Жооқ!

Бибігүл. Енді соның үйіне баратын болсаң аяғыңды шағамын. Естіп тұрсың ба мені?!

Қайсар. Мен саған кішкентай бала емеспін! Қайда, кіммен не істеп жүретінімді өзім білемін. (айқайлап) Шаршаттың әбден. Сенің жеке меншік затың болғым келмейді. Өз өмірім – өзім білемін! 

Бибігүл. (көзі жасаурап) Балам... Сен маған айқайладың ба?... Жоқ, жаңа ғана сен маған не дедің?

Қайсар. Бөлмеден шық!

Бибігүл. Қайсар...сен бұндай емес едің ғой. 

Қайсар. Думан ол менің досым. Оның әкесі...

Бибігүл. (айқайлап жібереді) Әкесін айтпа маған! Олардың қандай адам екенін сен білмейсің. Сырт көзге жақсы болып көрінгенмен, оның әкесі талай адамды жылатқан. Сені былыққа тығып жіберуі мүмкін. Мен осыдан қорқамын!

Қайсар. Атабек  аға жақсы адам. Мені өз баласындай жақсы көреді. Думан маған бауырдай жақын. Осындай сезімдерді сен түсінесің бе, мама? Маған бауыр керек, маған әке керек!

Бибігүл не айтарын білмей, тосылып қалады.

Қайсар. Егер сенің қасыңда жақсы баланың ролінде жүре берсем әлжуаз болып өсемін. Маған мықты болған ұнайды. Дәл Атабек аға сияқты!

Бибігүл. Балам, олар саған бөтен адамдар... Ешкім сені мен сияқты жақсы көре алмайды!

Қайсар. Өтірік айтасың. Мені әкем жақсы көреді. Күндердің-күні осы жерден алып кетеді! 

Бибігүл. Әкең енді келмейді, ол бізді тастап кетті...

Қайсар. Сенбеймін. Шық бөлмемнен! Шық!

Сахна қараңғыланып, қазіргі уақытқа ауысады.

 

11-көрініс

Қайсар дүкеннен азық-түлік әкеліп, үстелдің үстіне жайғастырып жатады.

Қайсар. Мама, мен саған шұбат әкелдім!

Креслода отырған мамасы артына қарамайды.

Қайсар. (қалжыңдап) Дастраханға кел. Шұбатыңды құйып қойдым!

         Үнсіздік. Қайсар есі шығып анасының қасына жан-ұшыра жетеді.

Қайсар. Мама! 

Анасы жалт бұрылады.

қайсар. Шошыттың ғой! Жүр шұбат ішеміз!

Анасы меңіреу адамша тіл қатпай қояды.

Қайсар. Мені естіп тұрсың ба, мама?

Мама. (ұзақ ойланып) Сен кімсің?

Қайсар. Танымай қалдың ба? Сенің ұлың Қайсармын!

Мама. Осы үйде тұрасың ба?

Қайсар. Иә.

Мама. Мен мұнда не істеп жүрмін?

Қайсар. Бұл сенің үйің!

Мама. Біз қай жерде таныстық?

Қайсар. (көзіне жас үйіріледі) Мама, тағы да ұмытып қалдың ба...

Мама. Сен жылап тұрсың ғой...

Қайсар. (көзінен жас тамып) Жоқ...

Мама. Көңіл-күйің жоқ секілді.

Қайсар. Бәрі дұрыс. (кідіріс) Менің түрім саған таныс па?

Мама. Түрің бір адамды еске салады. Бірақ, кім екенін анық білмеймін. 

Қайсар жылап қалады.

Мама. Сен үшін алаңдап қалдым. (жәутеңдеп) Бақытты болғаныңды қалаймын.

Қайсар. (жымиып) Онсыз да бақытты адаммын.

Мама. Не үшін жылағаныңды айтшы. Әйтпесе, мен де жылап қалуым мүмкін.

Қайсар. (көзін сүртіп) Жылап тұрғаным жоқ.

Мама. Қаласаң сенімен күнде сөйлесе аламын! (баласының жасын сүртіп) Тек жыламашы...

Қайсар. Мен сені жақсы көремін, мама!

Мама. Менде сені жақсы көремін!

Қайсар. Жаным, анам менің. Мен деп отқа да, суға да түстің... Бірақ, үмітіңді ақтай алмадым. Кешірші мені...

Мама. Неге олай дейсің?

Қайсар. 11-сыныпты бітірген соң, түсіп тұрған институтты дұрыс оқи алмадым. Одан қалса бір бүйрегіңді бердің... Ешнәрсенің қадірін түсінбедім. 

Мама. (кілт тоқтап) Сен Қайсармен сөйлесе алдың ба? Ол қайда жүр екен?

Қайсар. Қайсар бұл үйден кеткенде 23 жаста болатын... Арада 10 жыл өтті... Енді саған басқа Қайсар оралып отыр. Бірақ баяғы аңқау, аңқылдақ, сенгіш балаң жоқ енді. Мен оны дәл түрменің есігін алғаш аттаған сәтте-ақ өлтіріп алғам...

Мама. (дел-сал жылап) Қайсар мені тыңдамады... Тыңдамай кетіп қалды. 

Қайсар. (анасын құшақтап) Ол ақымақ болды, мама...

Сахна қараңғыланып, бұрынғы кезеңге өтеді.

 

12-көрініс

Ескі, бұзылған үй. Думан Қайсарды ертіп, бұзылған үйге кіреді. Іште Думанның әкесі Атабек тұр.

Қайсар. (жүгіріп барып, құшақтап) Атабек аға!  

Атабек. О, Қайсар балам. Сөзімді жерге қалдырмай келгенің жақсы болды. (күрсініп) Жағдайды естіген шығарсың...

Қайсар. Иә, Думаннан шет-жағасын естідім. Менен қандай көмек керек, Атабек аға.

Атабек. (Думанға қарап) Сен біздің отбасымыздың бір мүшесіне айналған баласың. Думан да сені өз бауырындай жақсы көреді.

Қайсар. Иә?... 

Атабек. Қайсар, бұл өмірде сен түсіне бермейтін сезімдер болады. Ол әкенің балаға деген махаббаты. Кейін ер жетіп, балалы болғанда менің осы сөзімді есіңе аларсың...

Қайсар. Сіз де менің әкемдейсіз!

Атабек. Рахмет, балам! Маған қазір өте қиын. Жанымды қоярға жер таппай жүрмін. (Думанға қарап) Мына ақымақ бауырың, біреудің қызын өлтіріп қойды...

Қайсар. (таңғалып) Не...

Думан....(жылап) Олар маған жала жапты...

Атабек. Бауырың сотталғалы жатыр.

Қайсар. Мүмкін емес...

Думан. Әкемнің жаулары бұны әдейі ұйымдастырған. Мені түрмеге отырғызып, әкемнің лауазымына кір келтірмекші. 

Атабек. Жоспарлы түрде істелген қылмыстық іс!...

Қайсар. Енді не болмақ?

Думан. Біз құрыдық!... 

Қайсар. Бір жолы бар шығар. Атабек аға?

Атабек. (ұзақ кідіріс) Тек бір ғана жолы бар... Оны сен ғана жасай аласың!

Қайсар. Мен...

Атабек. Қайсар, түсінесің бе, егер Думан түрмеге түссе, мен жұмысымнан айырыламын. Бұл осымен шектелмейді, менің де артымнан қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Ал, жас кезде не бүлдірмедік, аспаннан салбырап түскен жоқпыз ғой... (ұзақ кідіріс) Егер сен Думанның қылмысын өз мойныңа алсаң, Бізді және Өзіңді де құтқарар едің!

Қайсар. Не деп тұрсыз, Атабек аға?...

Атабек. Иә, біртүрлі естілуі мүмкін. Бірақ, саған мықты ұсынысым бар. Егер мақұлдасаң өміріңе жететіндей ақша беремін. Елдер ұқсап қара жұмыс істеп, таршылық көрмейсің. 

Қайсар. Бірақ, маған институт оқу  керек. (абыржып) Мамады не істеймін?

Атабек. Түсінесің бе, сенде қомақты ақша болады. Өте көп, сен ондай ақшаны түсіңде де көрген жоқсың.

Қайсар. Білмеймін тіпті...

Атабек. Ол жақта көп отырмайсың. Бір-екі  айда сені шығарып аламын. Рас айтамын? Шыққан кезде сенен  асқан бай адам болмайды...

Қайсар. Маған ойлану керек...

Арада біраз үнсіздік.

Атабек. Тым болмаса анаңды ойласаңшы. Оған жарқын өмір сыйлағың келмей ме. Мен беретін ақшамен жақсы өмір сүруге болады...

Сахна қараңғыланады.

 

13-көрініс

Өткен шақ. Қайсар бөлмесінде киімдерін реттеп, апыл-ғұпыл жиналып жатады. Мамасы артынан келеді.

Мама. (алаңдап)  Қайда жиналып жатырсың, балам?..

Қайсар.  (асығып) Бір жаққа барып келем. 

Мама. (ашуланып) ...Қайда барасың, Қайсар?

Қайсар. (мамасына қарап) Кішкене шыда, мама. Келген соң бәрін өзің түсінесің. (көзі жанып) Бізде үлкен үй, көлік бәрі де болады. Ештеңеден таршылық көрмейтін боласың!

Мама. (түсінбей) Не үй, не көлік? Оның бәрі қайдан келмек? Қайсар, сен кіммен араласып жүрсің?

Қайсар. (балаша қуанып) Бәрі заңды, мама! Білесің бе, бірден қомақты ақша берем дейді. Бір айдың ішінде бүкіл өміріміз өзгереді. Сосын... сосын ешкімге жалтақтамаймыз!

Мама. (қасына келіп, қолынан ұстап) Балам, маған сенің амандығыңнан басқа ештеңе керек емес.

Қайсар. (анасының қолын ұстап) Түсінемін мама, бірақ, осы уақытқа дейін мен үшін барлығын жасадың. Енді маған рұқсат ет, сол жақсылығыңды қайтарғым келеді. (күрсініп) Маған донор болдың, емім үшін үйді сатып, қарызға баттың. Үйсіз-күйсіз қалдық, басымыз бәледен арылмады, жоқшылық қинады...  (көзі мөлдіреп) Мама, сенің енді бейнетте өмір сүргеніңді қаламаймын. (күліп) Қорқатын ештеңе жоқ. Мен ақымақ емеспін ғой! Ешкім мені алдап кете алмайды. Аңқау көрінгеніммен, ішкі есебім түгел!

Мама.  Қайсар... не деп кеттің өзі?... Бармашы, жалынамын... Ішім бір жамандықты сезеді...

Қайсар. Бір ай ғана! Келген соң бәрі басқаша болады. Уәде беремін.

Мама. (жолын жауып) Балам... Тоқта... мен сенсіз қалай өмір сүрем?..

Қайсар. Мен ораламын!...

Қайсар есікке беттейді. Анасы жүгіріп жеткенше Қайсар артына қарамай кетіп қалады.

Мама. (жерге тізерлей отырып) Қайсар... сен өзіңмен қоса менің жүрегімді де ала кеттің...

Жарық баяу сөнеді.

 

14-көрініс

Қазіргі күн. Қайсар ас бөлмеде анасының шашып тастаған дастарханын жинап жатады. Бір кезде анасы көйлекшең баласының қасына келеді.

Мама. Бұл қай жер?... Мен қайдамын?... 

Қайсар. Үйдеміз, мама. Бәрі өз орнында. Менде қасыңдамын!

Мама.  (қолын ақырын сыйпалап, ойланып) ... Қолым әжім басып кетіпті. Қалайша? Мен жас едім ғой... 

Қайсар анасының сандырақтай бастағанын байқап қалады.

Мама. (абыржулы) Далада келе жатқам, қасымда кішкентай бала болатын. Ол маған қарап күлімсіреп, құшақтады. Ол...ол қазір қайда? (кенет күлімсіреп, жылы жүзбен Қайсарға қарап) Мына жерде екенсің ғой... Сен келдің бе?... Қандай сүйкімді едің. (кілт тоқтап) Сенің есімің... Түй, жаңа ғана есіме түскендей болып еді... (кенет дауысы дірілдеп) Кешір, мен кейде бәрін ұмытып қаламын... (басын ақырын шайқап) Саған бірдеңе айтқым келіп еді, қап ұмытып тұрмын. 

Қайсар. (қолынан ұстап) Ештеңе етпейді мама, өзіңді қинама. 

Мама. (бір сәтке ойланып, баласының бетінен сипайды) Сенің көзің таныс. Маған бұрын да осылай қараған сияқтысың.

Қайсар. Мен әрқашан осылай қарайтынмын. 

Мама. Сонда мен жалғыз емеспін бе?

Қайсар. Жалғыз емессің...

Мама. Саған кім болып келемін?

Қайсар. Сен менің анамсың!

Мама. Ана... Қандай қастерлі сөз...

Қайсар. (ұзақ кідіріс) Мама, баяғыда... баяғыда мен қандай едім?... Ешкімге жамандық ойламайтын. Кім жылы сөйлесе – досым деп, кім күлімдесе – жақыным деп қабылдайтынмын. Иә, ол жас болғандықтан емес... Жүректің тазалығынан еді. Ал сол жүректі орнатқан өзің едің, мама... (кідіріс) Қараңғы камерада, тас қабырғаға қамалып отырғанда... Жанымның бір түкпірінде баяғы бала Қайсар оянып. «Сен кімге айналдың?..» – деді. Мен жауап бере алмадым, мама... Жауап бере алмадым... (Даусы бәсеңдей түседі, көзі төмен түсіп) Мама... Он жыл бойы осы сәтті армандадым... Қасыңа келіп, маңдайыңнан иіскеп, «мен келдім, мама» дегім келді. Бірақ сен... сен енді мені танымайсың. Жанарыңда мен жоқпын... (Даусы дірілдеп шығады) Осының барлығы ақшаның құнына тұрарлықтай ма... Жоқ!  (тоқтап, көзін сүртіп) Иә, менде қазір ақша бар. (сөмкені ашып) Қап-қап ақша. Көлікті де, үйді де алуға болады, тіпті басқа елге көшуге де болады... Бірақ... Сенің жанарыңнан өзімді таппасам  ол байлықтың мәні неде? Мені танымайсың, мама... Мені сағынып күтпеген адамдай қарайсың... Он жылымды айырбастап алдым осы бос қағаздар үшін... Осы үшін сені жоғалтам деп ойламаппын... Енді мен кіммін?  Өз қателігін кеш түсінген Қайсар ғанамын... Мені кешіре аласың ба?.. Егер мені бір-ақ сәтке болса да танып, ұлым деп еміренсең... Сол бір сәт үшін өмірімді берер едім, мама...

       Осы сәтте ішке Думан кіріп келеді.

Мама. (Думанды көре сала қуанып) Ұлым келді!

Думанның маңдайынан сүйеді.

Думан. (апаға қарап) Дайынсың ба, мама?!

Мама. (қуанып) Алып кетуге келдің бе? 

Думан. (үнсіз тұрып) Иә, алып кетуге келдім...

Мама. Чемоданым дайын, қазір алып келейін. (бір сәт мұңайып) Кітаптарым мен пианиномды қайтемін?...

Думан. Жаңасын алып берермін, алаңдама. 

Мама чемоданына кетеді.

Думан. (Қайсарға қарап) Бұл ең ауыр шешім болса да дұрысы осы.  Олар Бибігүл апаға жақсы қарайды. Сен бәрібір ол кісіге күтім жасай алмайсың. Досым (көзіне қарап)... 

Қайсар. (бір нүктеге қадалып) Он жыл бойы тар қапаста анамды сағынып, оның бейнесін елестетіп өмір сүрдім. Ал сен... менің орнымда оның ұлы болдың. Ең ауыры  мен оралғанда да, ол сені өз ұлы екен деп ойлайды...

Думан.  (ыңғайсызданып) Бірақ мен ешқашан сен бола алмас едім. Анаға өз баласы ғана жақын.

Қайсар. Оны қарттар үйіне жіберсем бәрі бітті деген сөз. Ол мені кешірмейді. Мен өзімді де кешірмеймін!...

Думан. Қайсар, түсінші, басқа амал жоқ...

Қайсар. (ашу мен шарасыздық аралас) Амалы бар! Мен өзім қараймын!  

Думан. Қайсар, сені түсініп тұрмын. Бірақ мамаңа тұрақты күтім қажет!

Қайсар.  Қарттар үйінде қайдағы күтім? Ол жерден адам тірі шықпайды!  

Думан. Ол саған түрме емес! 

Қайсар.  Жоқ, сен мені алдап тұрсың. Менде ақша бар, соның барлығын ананмынң денсаулығына жұмсаймын, күтуші, тіпті мейірбике жалдай аламын. Керек болса сатып аламын! 

Думан. (сабырлы үнмен) Оның барлығын істейтініңе күмәнім жоқ. Бірақ... сен өзіңді өзгерте аласың ба?... 10 жыл тар қапаста отырып шыққан адамсың, көп нәрсе өзгерді ғой. Сен енді бұрынғы Қайсар емессің... Анаңды қарау үшін алдымен өзіңді... (кідіріс) емдеуің керексің! Өзіңнің шынымен қоғамға керек екеніңді дәлелдесең ғана үкімет анаңды қайтарып береді. Оған көп уақыт қажет емес. Ары кетсе бір ай... Жағдайың жақсарғаннан кейін анаңды қарттар үйінен шығарып аламыз. Тек, бір ай ғана... бір ай...

Қайсар. (жұдырығын түйіп) Мен анамды тастамаймын деп өз-өзіме уәде бергем...  

Думан. (жұмсақ үнмен) Қайсар, бұл  тастау емес. Бұл оған қамқорлық жасау деген сөз. 

Қайсар. (чемоданын жинастырып жатқан анасына қарап) Мама... сен не дейсің?

Мама.  (Қайсарға қарап тұрып) Сен кім едің?... (Думанға қарайды) Балам мені шынымен алып кетуге келдің бе,?

Думан. (чемоданға иығына іліп, апаға жақындайды) Кеттік, апа. Кеш боп қалды.

Мамасы орнынан тұрады. Кенет тоқтап Қайсар жаққа қарап қалады. 

Мама.  (жай ғана) Қайсар... (сосын қайтадан Думанға бұрылып, қолынан ұстап) Кеттік, балам...

 

Думан үнсіз басын изейді. Екеуі үйдің сыртына қарай беттейді. Қайсар олардың артынан ұзақ қарап қалады.

Сахнада тек Қайсар қалады. Қасында  дорба толы ақша. Ол дорбаны қолына алып, салмағын сезіп, жерге қайта қояды. Содан соң анасының отырған орындығына ұзақ қарайды.

Қайсар. Кешір мені, мама... тағы да тастап кеттім...