Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Әдеби сын» номинациясы: «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» романы жаңа ғасырға үн қату
314
оқылды

Авторы: Мерген

Қазіргі уақыт – озық ой-пікірдің, жасампаз идеяның, батыл тәжірибелерді тәуекелмен іске асырар кезең. Өнер түрленді, жаңа модерн әдебиет пайда болды. Жаңаша ойлай алатын, заманауи көзқарастағы жас буынның ішінен жарқ етіп көзге түскен қаламгер Әлиханның шығармашылығына қарап осыны айта аламыз. Сөзсіз қазақ әдебиеті жаңа кезеңнің басында тұр. 

Әлихан Жақсылықтың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» романы «Меценат кз» ұйымдастырған роман байқауында үздіктердің қатарынан көрініп, жеңімпаз атанды. Атауымен қызықтырған роман – шұрайлы тілімен, жинақы ой түйінімен, сенімді баяндауымен, жұмбақ шешімдерімен, тірі диалогтарымен, символдық қабаттарымен салмақты көрінді. Абсурд пен шынайылық астасып жатқан шығарманың тақырыбын тап басып айту қиын. Әлихан - интеллектуал жазушы, оның түсіну үшін әр сөйлемін талдап, мұқият оқу керек. Ой мен тіл күрделілігімен ерекшеленетін жазушы оқырман деңгейін де ескереді. Шығармаға кіріскенде-ақ, бұл сөзсіз саяси-утопиялық, аллегориялық мәтін деп ойлайсыз, жоғарғы мен төменгінің мәмілесіз қарым-қатынасын, халық пен биліктің бейнесін бірден танисыз. Дәстүрлі әдебиеттегі төменгі тап атынан “сөйлейтін” авторлық баяндау формасын оңай бұзып, оқиғаны түрлі ракурспен айналдыра көрсетеді. Жазушының шеберлігі – оқиғаны түрлі призма арқылы беруінде, бірнеше ракурстан һәм түрлі пландармен түсіндіруі бізге қырыққабатты ашып отырғандай күйге бөлейді. Роман соңына дейін автор баяндап отырған “шындыққа” сенеміз”, алайда Ғасырдың “Құдықтан шыққан шындық” суреті нұсқағандай - мұнда басқа бір шындықтың барын ішіміз сезе бастайды. Автор мини-сахналарды, этюдтерді бөлшектеп беріп, есіктің ішінен есікті ашып қараңғы бөлмелерге жарық жаға бастайды.

Әлемдік әдебиетте Орхан Памуктей кейіпкерлеріне кезек-кезек сөз «сөйлету» тәсілі, Элиф Шафактай кейіпкерімен «сұхбаттасу» секілді, Мо Янь секілді кейіпкерді түрлі кейіпке салып, «өзін өзі» сипаттау секілді үлгілер, эксперименттер кең қолданыста бар. Әлихан да романында осы тәсілді сәтті қолданады. Жазушы оқиғаның аяғына дейін кейіпкердің ішкі дүниесіне араласпай кейіпкерлердің іс-әрекетін саспенстік күйде уысында ұстап, ешбір кейіпкердің позициясын алға тартпайды, басты кейіпкерлер бірнешеу, шындық шырмауық секілді, роман аяғына дейін бірнеше версиялы шындыққа кезігеміз. Тіптен автор жоғалып та кетеді. Оқырман оқиғаға із кесушідей араласып, детективтей сараптай бастайды. Романның утопиялық күйі еңсені басардай емес, оқиға атмосферасы оқырманға эмоция беруге талпынбайды. Оқиға ортасынан басталып кеткендей күй кешіп, ситуацияға араласып кеткен оқырман – мақұлықтардың іс-әрекетінің, болмысының шынайылығына нанады. Оқиғаны бастан аяқ баяндаған Ғасыр, Сая, Үйдің әңгімелерінен ситуация күрт өзгеріп, кейіпкердің ішкі дүниесінің ағысы көрінеді. Мысалы, Сая шошқаға айналмай жатып Ғасырдың әпкелері оны талап жейді. Ғасырдың айтуында, Сая екеуінің ортасы осыдан кейін суйи бастаған. Ал, Саяның баяндауында бұл суықтық бала асырап алғысы келгенде Ғасырдың құптамауынан туған секілді. Ғасырдың Тілеужанға деген қатыгездігін, жүрексіздігін кешіре алмайды, ренішін ішіне бүгіп қалады. 

Автор бұл оқиғаның Ақтөбеде болып жатқанын қайталай нақтылайды, яғни оқырманды ыңғай осы шақта ұстайды. Романда айтылатын Тургенев пен Есет батыр көшесі шындығында Ақтөбе қаласында паралель орналасқан көшелер. Ал, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында аумағында саманнан салынған үйлер баршылық. 

Оқиға желісі кейде жылдам өрбиді, бір сөйлеммен кейіпкердің жан күйінің өзгерісі айтыла салады. Автордың жазуына Кафканың сезімсіздігі, Камюдің немқұрайлылығы, Маркестің сабырлы сөз саптауы, Ремарктың дел сал көңіл күйі жұққан секілді. Әлихан Жақсылықтың романы сөзсіз - қазақ фольклорынан бой түзеп, мифологиядан өніп, батыстың сыңғырлаған әшекейімен жасанған шығарма. Романның құрылымында кино-сериалдық элементтер бар, оқиға орта белінен басталады, кілт үзіледі. Қонағымен әлек Ғасыр, шырмауықпен алысып жүрген мақұлықтардың жанталасы бірден баяндалады. Кейін үлкен план бірден ірі планға ауысып, ракурс та өзгереді. Бізге мүлдем бейтаныс кейіпкер Тілеужанның оқиғасына сүңгиміз.

Әлихан Жақсылықтың романы - біз оқып жүрген таптық, бөліністік, жоғары мен төменгінің айтысы, төменнің өзін жырлауы, жоғарының өзін әспеттеуі секілді кеңестік әдебиет жүйесінен босап шыққан роман деуге болады. Жоғарыдан төменге, төменнен жоғарыға қарайтын “әдеби өлшемдерді”, “біржақты соттауды” бұзып жаруға тырысады, меніңше. («Кеңестік әдебиет» деген стандартты жазудың, қабылдаудың шеңберінен қашан босап шығады екенбіз? Өнер үнемі жаңа толқынмен жаңарып, жасарып, құбылып, жаңа түрге еніп тұратын табиғи процестегі дүние десек, неге әдебиетте жаңаша жазудың, ойлаудың құрылымдары қалыптаспауы керек?)

Расында, мақұлықтарға жуынды төгетін Ғасыр – билік болса, халық сол жуындыға мұқтаж – тап. Мақұлықтардың жуындыға тәуелділігі, Ғасырдың таза тамақ бермей тек жуынды төгетіні, таза тамақ ұрлағаны үшін жазалауы, екінші қабатқа шығар ортаны жауып шегелеп тастауы, жұмысшылардың арыз жазып қаңғып кетуі – саяси-әлеуметтік ахуалды, жоғарғының жүйесін паш еткендей рас. Біздегі әдебиеттің астарына үңілсеңіз – кейіпкер артындағы автор “құрбан” (жертва) кейпінде көрінеді, ол туған ғасырын жазғырады, кінәлайды, қабылдамайды, түңіледі, алабөтен заманды аңсайды. Кейіпкерлер үнемі өткен шақта немесе болашаққа кетіп қалады. “Қазіргі уақытта” жазатын, оқырманды “осы уақытқа” бағыттайтын әдебиет жоқтың қасы. 

Қазіргі әдебиетте Ж.Оруэлдің “Үлкен ағаға” қарсылық білдіру позициясында жазу актуальді емес. Ал, “Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды” романы - қарсылық білдіру позияциясын ұстанбайды, ол мемлекет құндылығы - адам, бірақ қандай адам құнды деген сұрақты алға тартады. Құлдық санадағы адам, еркі жоқ ел – тәуелсіз, азат мемлекетті құрай алмайды деген идеясын көлеңкеде ұстайды, «күнкөріс – ноқта» дегенді алға тартады. Автордың позициясы халық пен билікті біртұтас идеяға жұмылдырып, ортақ мәміле табуға тырысу деп ойлаймын. Ғасыр ақсүйек, дегдар адам - мақұлықтарды ұстап отырған жоқпын, қаласа кете берсін дейді, ал мақұлықтар арманынан бас тартып жуындыға тәуелді болған адамдар. Бірақ, үшбу романды осы кепте талдасақ авторға да, шығармаға да қиянат болар еді. Бұл роман оқушысын да сынақтан өткізеді, диалогтар сілтемелер жасайды, өткен оқиғаларға нұсқайды. Біздің ой-санамыз, ой тереңіміз жетпейді екен деп күн шықпай тұрмайды, заман құбылмалы, бүгінгі әдебиеттің өзі клиптік санаға дағдаланып барады, бұл жақсылық та жамандық та емес. Бұл уақыт талабы, бейімделу процесі. Әр құбылысты жоққа шығару – күн шықпасын деп талап етумен бірдей күлкілі дүние.

Салынғанына қаншама уақыт болып қаңырап тұрған үйге жел мен су кіріп, сыз басып суық өткізген үй – біздің тарихымыз. Тарихта жад бар. Тарихты сөндіру, өшіру мүмкін емес. Ғасыр – сол тарихи фонда ғұмыр кешкен бір ұлттың болмысы. Бір ғасыр бойы сол тарихпен ғұмыр кешкен адамзат. Ол өнерді сүйді, бос кеңістікті толтыру үшін суретші жалдады, ұлы суреттердің көшірмесін жасатты, заман өнердің көшірмесін бағалады, өнер жалған болды, сондықтан ол ол күнкөріске тәуелді болды, сарай қызметшісіне айналды. Ғасыр өнердің қасиетін де, құнын да білмейтін еді. Әкесі – осы заманға немқұрайлы қарайтындай көрінетін құдай кейпінде. Құдай өзі жаратқан дүниесіне неге басын ауыртпайды дегісі келгендей автор. Қаңғырлап тұрған үйге ұры түсті, ұры – шайтан, заманды суық басты, сыздады қоғам. Ғасыр сол сыздың тек салдарымен ғана күресті. Шырмауықтан құтылудың жолын тапқан Тілеужан алдына келіп: “Шырмауықтың түбін қопарып алып тастайық” дейді. Сонда Ғасыр “мен саған қопар дедім бе, шырмауықты біржола құрт дедім бе?” дейді. Ғасырға сол шырмауықтан құтылудың өзі да керек еместей, қайта қолыңды босатпайтын дүние бар, алданыш бар. Автор бізге шындық осы деп тиынның бір жағын ғана көрсетіп бағады. Біз Ғасыр жуынды төгетін хайуандарды – адам деуден қаламыз. 

Ғасырдың ішкі қайшылықтары ситуацияны күрделендіре береді. Өзіне не керегін білмейтін, бағдарынан адасқан адамзат секілді. Сая Ғасырдың «зона комфорттан» шыққысы келмейтін санасындағы бір бөлшек қана. Мәселенің себебімен емес салдарын жоюмен айналысып шошқаға айналды. Шырмауықпен күресуге көнген бірінші адам сол. Бірақ, оны қамап қойып, кейін ұмытып кетіп, өліп қалғанына қиналмайтын Ғасыр өмірімен, өзімен де күресуін де қойған секілді. Ол енді ситуацияның құлына айналады. Жағдай рухын сындыра бастайды. 

Ал, келес, өрмекші, қармауыш, кесіртке – бұлар армандарынан бас тартқан, есігі ашық тұрмеде отырған, билікке шағымы көп, тағдырына наразы төмен таптың өзі. Ғасырдың полиция шақыртып «неге бұлар хайуанға айналды» дегенде, «бұл қалыпты жағдай» деуі – рухани азаттыққа жетпеген адамның хайуанға айналуы сондай табиғи дегенді мысқылдай жеткізеді. Дегенмен, солай деп сендірген автордың қулығын кейін байқаймыз. Шындығында, мақұлық сол Ғасырдың өзі болуы мүмкін. Біз мұны Саяның, Үйдің баянынан түсінеміз. Ғасыр мен адам болып қалу үшін өзімді сақтадым деп ақталады, шындығында кім адам болып қалды, Ғасырдың қай қылығы адамдық деп тиынның екінші бетіндегі шындықты жайып салады. 

« – Иә, ием, мен бармын, қасыңыздамын. Сізден бәрі сырт айналды ма, әлде сіз бе, қанша бақылап тұрсам да мен ұға алмадым, – дедім. 

– Олай емес, мен адамдығымды сақтап қалу үшін төменгі қабаттағылар жоғары шықпасын деп шегелеп тастадым. Күндердің күнінде мен де кесірткеге, жыланға не жәндікке айналып кетсем ше? Адам қалпымды сақтауым керек болды, - деді. Иеме не деп тіл қатарымды білмедім, себебі мақұлыққа айналған олар ма, өзі ме ол туралы ештеңе білмейтін секілді. Ол өзін сақтау үшін осындай оңашалыққа, жалғыздыққа барғанын алға тарта берді. 

– Сіз дұрыс айтып отырмын деп ойлайсыз ба?» 

Бұл Ғасыр мен Үйдің диалогынан үзінді. Автор оқырманды ойсыратып, кері шегініс жасап Ғасырдың болмысын аша түседі. 

Роман тілі жеңіл, алайда автордың ішкі ой күрделілігі мен кейіпкердің сөз саптауындағы философиялық салмақтылық шығарманы күрделілікке ұрындырған. Біз жасанды диалогтарға көп кезігеміз. 

– “Сіз дұрыс айтып отырмын деп ойлайсыз ба?” 

– “Ар алдында тазалық туралы сірә адам баласы айта алмас. Бұл күрделі мәселе, ием, сіз ол туралы бекер ойланасыз...”

“Жылдар бойы шадыман күйімде, өңім жарқырап, жадырап тұра бердім. Сыртым сау болғанымен, ішім ауру тартып, бөлмелерімде мәселе бола берді”... дейді Үй. Сөйлемдердің астарына үңілсеңіз, орыс тілінен аударылғандай естіледі. Оқырманның ұғынуына да қиын, қайта қазақы сөз саптауға салып, сөздердің уытын күшейтсе ғой дейсің. 

Тілеужанның есімі ерек – Құдай Тілеуіңді берсін дейді қазақ ырза болғанда, бұл жас ұрпақ Ұлт болып үмітпен күткен Тілеуіміз еді. Бірақ, ол да бейшара қалыпта. Қанаты сынған қамқорсыз балапан еркіндік жолына түсуге бекінбей, ақыры бүйіге айналды. Тәуелділікті таңдайды. Жазушы бүгінгі аға-көкелерін паналап, ескі сүрлеумен жүретін, кетеуі кеткен жүйеге құл, жасампаз жаңа ғасырға сенбейтін бүгінгі Тілеужандарға наз айтады. Бабаларыңның бір ғасыр аяқ қолы тұсалды, ал сенің сана құлдығында отыруың, отыра беруің неліктен деп сұрақ қояды. Ғасыр ақыры ғұмыр кешкен үйін өртеп тынды, ол тарихты өртегісі келді. Соңында үйдің жадын құртуға келді. Автор біздің тарихи жадымыздың ұрланғанын, жоғалғанын тіліне тістеп айтпай қалғандай. Иә, ғасыр осы жадты ұрлауда, рухани кодымызды жоюда. Бір бірімізді жау етіп жуындыға таластыруда. Жуындыға құмартқызып Тілеужан арқылы хайуан болмысызды қамшылауда. Ғасыр Тілеужанның қолымен хайуандарды қамшылап жазалауын еске алыңыз. 

Романның негізгі кейіпкері Тілеужан секілді, бірақ біз үнемі Ғасырды түсінгіміз, тереңірек білгіміз келіп тұрады. Автор Ғасыр мен Саяның ішкі дүниелеріне тереңдеуге, эмоциялық реңк беруге асықпайды. Сондықтан да, романның негізгі кейіпкері - Тілеужан болып шыққандай. Тілеужанның мотиві, ішкі сұранысы бізге анық баяндалады, тіптен оқырман Тілеужанға жанашырлықпен қарап жақындай түседі. Автор оқиғаны Ғасыр арқылы өрбіте отырып, сюжеттің фоны ретінде пайдаланғандай. Ғасыр мен Саяның ортасы салқындылықпен сырттай баяндалса, Тілеужан соншалықты аңғалдықпен, автордың жылуымен образы ашылған. Бізге Ғасырдың болмысы - шығарманың басынан аяғына дейін толық та терең ашылмағандай көрінді. Ол қандай еді, қандай болды? Жұмбақ. Ол салқынқанды еді, солай болып қалды ма? Сая ше? Саяның өлімінен кейінгі Ғасырдың ішкі дүниесі ашылмайды. Оқырман оқиға ішіндегі оқиғаға куә бола отырып, оқиғаның көпқабатты өрбуінен эмоционалдық күйді толық өткере алмай, қорыта алмай қалуы да мүмкін. Осы тұста, автордың бірнеше желіні бірдей алып жүруге ұмтылысы сәтті шықты деп те айта алмаймын. 

Романның идеялық-тақырыптық жүгі ауыр, құрылымы жағынан күрделі. Киномотографиялық жинақы да көркем тіл автор ойын шашыратпай, оқиғаны оңай өрістетіп, бастысы сендіреді. Бірақ, оны қалай түсінесіз өзіңіз қарайсыз, қолыңызға іші айнадай шарды ұстатады, өзіңізді көресіз бе, әлде көршіңізді көресіз бе, көргіңіз келгенді көресіз бе, ерік береді автор. 

Әлиханға тән қолтаңба – оның ой күрделілігі мен сөйлем күрделігігінде, кейіпкерлері ойшыл, сұрақтары да зіл батпан. Сондықтан да, Әлиханның оқырманы өзін іздеген, ізденген ойшыл оқырман. Ол қызылсөзді әдіптеп, ойын сөздің бояуына малып терлемейді. Ол үшін ойды жеткізудің формалары, мозайкалары маңызды екенін басқа да романдарынан байқап жүрміз.

Роман басқа бір ракурстан қарап көрсек, үйді – адамның миы деп алуға болады. Ми жарақат алып, сызат түскенде оны елемей ұмытуға тырысу – жаңа мәселелерді туындатады. Өскен шырмауық – мидың жарақаты, таза ой-сананы шырмап, шынайы өмірдің өзін көруден алыстатады. Жарақатты емдеумен емес, оны Сая секілді дәруменмен емдеуді таңдау – уақытша нәрсе. Ал, сол мидағы шырмауықпен күрескен адамның ішкі потенциалы, қуаты – тырбыққа байланып хайуанға айналған. Сананы болмыс билеуі – күнкөріс аталады, күнкөріс – арманды ұмыттырады, мақсатсыздық адамды бақытсыз етеді. Тілеужан сол бұғаудағы сананың үміті ғана. Үміттің өзі сондай бейшара қалыпта. Ол құл болғысы келмейді, ол мақсатына, арманына сенгісі келеді. Бірақ, шырмауық оны да байлап қояды. Үміті де сөнеді. Бүгінгі көп адамның айналысқаны осы шырмауық жұлу - күнкөріс дегісі келеді автор.

Әлихан Жақсылық - алғашқы романдарымен ақ әдеби ортада дүмпу тудырған, қолтаңбасымен көзге түскен қаламгер. Оның жазу стилінде киносценарийлік машық бар, оқиға өрбітуінде де экшн-триллерлік эффектілер кездеседі. Осыған орай, жазушыға болашақта романын сценарий ретінде жазып шығып, кино-сериал ретінде ұсынуын да қалар едім. Жас авторға қашанда ізденіп, роман жанрында ауқымды дүниелер жазуына тілектеспін. Болашақта кейіпкерлерінің психологиялық образын тереңдетсе, ішкі толқынысы мен сезімдерін бейнелесе, шынайы болмысын ашатын іс-әрекетінің, мінезінің түпкі астарын ашуға күш салса деген ұсынысым да бар. 

“Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды” романы – жас жазушының жаңаша ізденісін, таптаурын таным түсініктерді бұзып жарғанымен ерекше дер едім. Әдеби ортада, оқырман арасында кең резонанс тудырған шығарма. Ол таптаурын тіркестерден, сипаттау-суреттеулерден, дәстүрлі роман форматынан саналы түрде бас тартып, бояу қоспай баяндауға күш салады, батыл сюжеттер, қызықты кейіпкер тізбегін жасайды. Жаңа әдебиет жас қаламгерлердің мінез батылдығымен бірге туатын дүние дер едім.