«Ойбай, карантинге жабылған қалаларға танктер әкеле жатыр екен» деген видео тарады кешелі бері. Иә, WhatsApp арқылы тараған видеода шынымен де танктер бар. Алайда Қорғаныс министрлігі бұл бейненің Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына қатысы жоқ, ескі дүние екенін мәлімдеді. Шамасы бұрынғы жаттығулардың бірінде түсірілген болса керек. Алайда қоғам дүрлігіп қалды. Бұл – мессенджер медианың әлегі. Қазір интернеттің заманы. Айшылық алыс жерлерде болып жатқан кез келген жағдаяттардан жылдам хабар алып отырамыз. Компьютерге де телміре бермейміз. Ұялы телефонымыз бар. Сол арқылы әлеуметтік желіде, мессенджерде және басқа да қосымшаларда ақпарат алмасамыз. Мұның пайдасы көп. Дегенмен зиянды тұстары да шаш етектен. Кейінгі кездері елімізде қоғамдық қауіпсіздікке қауіп-қатер туғызатын, азаматтарға, ұйымдар мен мемлекетке зиян келтіретін жалған ақпарат тарату жағдайлары артты. Әсіресе, халық онсыз да әбігерге түсіп жатқан сәтті оңтайлы пайдаланып, одан әрмен елді дүрліктіретіндер көбейді. Бір қызығы, олардың көбі осы әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын білмейді. Білсе де, салғырт қарайды. Ал анығында қылмыстық кодексте жалған ақпарат таратқаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделген арнайы бап бар. Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес жалған ақпарат таратушыға 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Бір қызығы, жалған ақпарат таратушылардың дені белгілі бір науқан кезінде, болмаса түрлі апатты жағдайлардың қарсаңында өршіп кететіні бар. Осы мәселе төңірегінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Бекжігіт Сердәлі Facebook-тегі парақшасында ерекше айтып өтті.
– Кейінгі кездері елдің бәрі Whatsap желісі арқылы бір-біріне хат жазып, ақпарат таратқыш болып алды. Саған мұндай «ақпарат» қажет пе, қажет емес пе, бәрібір, саусағымен «бөлісу» деген тетікті басады да, «ұшырып» жібере салады. Мына жақта «қоқысқа» көміліп, әрқайсысын бір өшіріп отырғаның сосын. Бір жағынан қаншама уақытыңды алады. Осы жұрттың басқа шаруасы жоқ па деп те ойлайсың кейде. Сен үшін маңызды хабар болса мейлі ғой, түкке қажеті жоқ арзан бейнежазба, алдамшы аудио, жалған ақпарат, ойын-күлкі, әзіл-қалжың...Әсіресе, соңғы кезде тәжтажалға (короновирусқа) қатысты үрей туғызатын жазбалар тіпті көбейіп кетті. Қайдан табатынын білмейсің, «ал келе жатыр, ал кеп қалды, осынша адам вирус жұқтырды!» деп бір-біріне фейк хабар таратушылар саны күннен-күнге көбейіп барады. Негізі, эмоцияға берілмей, ресми көздерден алынған шынайы ақпаратқа сүйенген абзал, – дейді ол. Мысалы, жақында ғана әлеуметтік желілерде мектептерде, дүкендер мен автобустарда жүрген оқушыларды анықтау мақсатында рейд шаралары жүргізіліп жатқаны жөнінде ақпарат тарады. Онда «Баланың мектепте болғаны анықталса, сол оқу орны жазаға тартылып, дүкен не автобуста жүрсе, ата-анасына айыппұл салынады» делінген. Бұл ақпарат та жалған боп шықты. Ол жөнінде БҚО білім басқармасы мәлім етті.
– Бұл жалған. Өңір тұрғындарын мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарынан және білім басқармасының ресми парақшаларынан басқа жерлерде жарияланған ақпараттарға сенбеуге шақырамыз, – деді басқарманың баспасөз қызметі.Мұндай жалған ақпараттар қазіргі кезде әлеуметтік желілерде, әсіресе WhatsApp-та желдей есіп жүр. Ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбеген адамдар да бұл хабарды бір-біріне жөнелтіп әлек. Сондай фейк ақпараттың бірін мысалға келтірейік. Мәтінде: «Ертеңнен бастап білім ордаларында рейд жүргізіледі. Егер балаңыз қандай да бір себеппен мектепте болса, онда жазаға тартыласыз. Сондай-ақ бала дүкендерден, автобустардан, көшеден табылса, ата-анасына айыппұл салынады» деп жазылған ескертпе бар. Мұны оқыған ата-аналар байбалам салып, орынсыз дүрлігуде. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласын зарарсыздандыру үшін тікұшақпен дәрі шашылады делінген ақпарат та шындыққа жанаспайтын болып шықты. Бұл туралы ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің Telegram парақшасында таратылған ақпаратта айтылды. Қазірдің өзінде де Whatsap желісінде әлемді шарлаған вирус жөнінде, оны жұқтырғандар туралы да әртүрлі алыпқашпа әгімелер мен орынсыз ақпараттар көптеп келіп жатыр. Нақтыланбаған ақпараттарды жалпақ жұртқа таратып, жаза баспасақ болғаны. Осы ретте айта кетейік, ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда және әлемде коронавирус инфекциясының таралуына қатысты сенімді ақпараттар Денсаулық сақтау министрлігінің, ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми сайттарынан, сондай-ақ аталған органдардың әлеуметтік желілердегі парақшаларынан, тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 Call-орталығынан білуге болатынын естен шығармағанымыз абзал.
Абылайхан ЖҰМАШ