«БЖЗҚ-ны қаржылық пирамида деп тануды сұраймын. Өйткені ол салымшылар енгізген ақшаны зейнетке шығатын салымшыларға береді». Әлеуметтік желіде осындай әзіл-әжуа тарады. Бірақ әзілдің де астарында зіл болады. Осы орайда, зейнеткерлік жасқа толған 174 мың адамның БЖЗҚ-дан зейнетақы алу үшін өтініш бермегені туралы мәлімет елді айран-асыр етті.
Қор зейнеткерлерді жоғалтты
Бір ғажабы, бұл ел арасындағы әдеттегі қауесет емес, ресми мәлімет. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы төлемдерін дер кезінде рәсімдеу керегі туралы ұдайы хабарлап тұрады. Бірақ соған қарамастан 2020 жылдың қаңтарында зейнет жасына толған және қорда зейнетақы жинақтары бар 174 мың 235 адам әлі күнге дейін зейнетақы төлемдерін рәсімдемеген. Нәтижесінде, ешкім талап етпеген зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 10 миллиард 604 миллион 764 мың 131 теңгеге жетті» деп жария етті БЖЗҚ. Назар аударар жайт, бұл ақпан айында таратылған мәлімет еді. Ол кезде коронавирус дәл қазіргідей ушықпаған. Ал елімізде төтенше жағдайдың енгізілуі, сондай-ақ ең ірі екі мегаполисіміз – Алматы мен Нұр-Сұлтанның карантинге жабылуы бұл түйткілді ушықтырмаса, шеше қоюы неғайбіл: азаматтардың қозғалысы шектелді. Қор өз мәртебесіне ие болмаған «зейнеткерлерге» іздеу салуын жалғастырды. Әрине, үй-үйді аралауға мүмкіндігі жоқ, сондықтан зейнет жасына толған, бірақ зейнетақысын сол бойы алмаған азаматтарға қазақ және орыс тілдерінде SMS-хабарлама, электронды пошталарына және мекенжайларына хат жолдапты. «Зейнет жасына жеткен азамат зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ға жүгінуі тиіс. Ол жеке куәлігінің түпнұсқасы мен көшірмесін апаруы және банкте есепшот ашуы тиіс. Осы шотқа қор төлемдері және мемлекеттік зейнетақылар ай сайын бір мезгілде аударылып тұрады. Жалпы, 2020 жылы ерлер – 63 жаста, әйелдер – 59,6 жаста, бұдан бөлек, І және ІІ топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген адамдар қордағы жинағы есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқылы» деп ескертті бұл ұйым. Бірден айталық, БЖЗҚ тек өзіне зейнетақы жарнасын аударған адамдарға ғана зейнетақы тағайындайды. Демек, өз бетінше немесе жұмыс берушісі арқылы ұзақ жылдар бойы жарна аударып келген 200 мыңдай адам зейнеткерлікке шықпады.Зейнетін бермей, бейнетке салды
Әрине, беріп тұрған ақшасын алмайтындай азаматтар ақылсыз емес. Бірақ ала алмайды екен. Мысалы, елорда тұрғыны Жұлдызай Бисембаева зейнет жасқа жетсе де, зейнеткерлігін рәсімдей алмай жүргенін айтып, шағымданды. «2019 жылдың қарашасынан бері құжаттарымды тапсыру үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы ХҚКО-ға әлденеше рет жүгіндім. Жұмыс орнымнан және басқасынан сұралатын анықтамаларды жүгіріп жүріп жинап шықтым. Алайда әр барған сайын мін табады. Барлық ескертпесін ескеріп, олқылықты жойдым. Биылғы ақпан айының соңында барғанымда құжаттарымды қайтадан қабылдамай тастады. Қызметкері базаның жабылып қалғанын, енді тек 2020 жылғы мамыр айында келуім керегін айтты. Сонда бұдан бұрын қасақана құжаттарымды қабылдамай, зейнетақы төлемеу үшін деректер базасы жабылғанға дейін созбалаңға салған ба?!» деп налыды Жұлдызай апай. Ол орталықтың әр менеджері әртүрлі кеңес беретінін, бір анықтаманы бірі мақұлдаса, келесі жолы басқасы одан кінәрат табатынына қынжылыс білдірді. Жас болса бір сірә, егде тартқан кісілерді босқа сүргінге салудың қаншалықты қажеті бар? Негізі, қорға ұзақ уақыт бойы, адал түрде жарна аударып келген адамдарға жасы жеткенде зейнетақы ешқандай құжат пен анықтама жинаусыз, автоматты түрде тағайындалғаны жөн. Тек ақша аударылып тұратын банк есепшотын нақтыласа жетер еді. Себебі уақытында құжатын рәсімдей алмаса, жарты жылға кейінге қалуы мүмкін: нәзік болмыс иелерінің бейнетінің зейнетін көру жасы 2027 жылға дейін жыл сайын 6 айға ұлғайтылып отырады. Ақырында 7 жылдан кейін бұл меже 63 жасқа жетіп, тоқтауы тиіс. – 2019 жылы әйелдерге 59 жасқа жеткенде зейнетақы тағайындалатын. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, олардың зейнеткерлікке шығу жасы 59 жыл 6 айға дейін өсті. Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету стандартына сәйкес, жасы бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтінішті ХҚКО қабылдайды. Зейнетақы сол азамат өтінішпен жүгінген күннен бастап есептелуі тиіс. Бірақ өтінішпен жүгіну күні ретінде ХҚКО өтінішпен қоса барлық қажетті құжаттарды тіркеген күн есептеледі, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Ол азаматтардың сергелдеңге түсуіне «Азаматтарға арналған Үкімет» мемкорпорациясы, яғни ХҚКО қызметкері жауапты екенін білдірді. Расында, «Азаматтарға арналған үкімет» МК қызметінің қағидаларында» жазылғандай, орталық кеңес берушілері «алдын ала, құжаттарды тапсырғанға дейін өтініш берушіге құқықтары мен міндеттерін түсіндіруі, қызмет көрсету талаптарымен таныстыруы» тиіс. Бұған қоса олар «қажетті құжаттар топтамасын қалыптастыруға көмек көрсетеді және өтініш пен бланкілердің дұрыс толтырылуын тексереді». Сонымен қатар «өтініш беруші өтінсе, ақпараттық жүйеден қызмет алуға қажетті құжаттардың тізбесін басып шығаруы» қажет. – Мемлекеттік корпорация қызметкерлері азаматтың жасы зейнеткерлік жасқа жетуіне 10 күн қалғанда құжаттарды қабылдайды. Ақпараттық жүйе оған толық мүмкіндік береді. Егер қандай да бір ХҚКО қызметкерінің әрекеті құқыққа қайшы болса, онда Нұр-Сұлтан қаласындағы Мәңгілік ел даңғылы, 10 мекенжайында орналасқан «Азаматтарға арналған Үкімет» МК» КЕАҚ кеңсесіне жүгінуді ұсынамыз», – деді өз блогында министр Біржан Нұрымбетов.Батыста қарттарға – барынша құрмет
Қазақстанда 2020 жылы ең төменгі зейнетақы (ЕТЗ) мөлшері 38 мың 636 теңге болды. Бүгінде қалыптасқан валюта бағамына шақсақ, бұл шамамен 80 долларға тең. Салыстыру үшін айтсақ, санкциядан соры қайнаған Ресей Федерациясында әр өңір ЕТЗ көлемін өз бетінше белгілейді. ЕТЗ көлемі Чукот және Ненец автономды округтерінде және Камчат өлкесінде жоғары және 16,5-19 мың рубльді құрайды ($235). Ал ең аз ЕТЗ Тамбов облысы мен Чувашияда: 7,8-7,9 мың рубль ($98). Еуроодақтың көшбасшысы Германияда зейнет жасына жеткен немесе мүгедектігіне байланысты ары қарай жұмыс істей алмайтын адамдарға мемлекет Grundsicherung (базалық төлем) тағайындайды. Оның көлемі бұрынғы жалақысына байланысты және ең төменгісі 374-416 еуро аралығын құрайды (шамамен 212 мың теңге). Бірақ осы сомаға қоса, ол азаматқа баспана жалдау, қысқы жылыту үшін ақша, үйі болса, оны жөндеуге демеуқаржы және басқа да шығыстарына өтемақы беріледі. Біз қатарына ұмтылған 30 дамыған мемлекет қарияларына қарасады, құрмет-қошеметке бөлейді. Тіпті, кедейлерінің өзі ең төменгі зейнетақысына шетелге шығып демала алады. Біздегідей тұздалған азық-түлігін, тоспа-қайнатпасын, басқа да өтімді затын көшеде жайып саудалайтын зейнеткер таппайсыз. Біздің Үкіметке ұлағат болар үлгі.