Мәжіліс Цифрлық кодекс жобасын мақұлдады

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті.

Онда депутаттар Цифрлық кодекс жобасын, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгеріс енгізу туралы заң жобасын және креативті индустрияларды қолдау мен дамыту мәселелері жөніндегі түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Архив ісі  және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. 

Цифрлық кодекс жобасына Мә­жіліс депутаттары бастамашы болды. Заң жобасының авторы Екатери­на Смышляева Мемлекет басшысы өз Жолдауында үш жыл ішінде цифрлық мемлекет құру мақ­сатын қойғанын, бұл құжаттың құ­қық­тық негізі осы екенін атап өтті. 

– Кодекстегі реттеудің мәні – ақ­парат­тандыру немесе автоматтандыру процестерінің өзі емес, цифрлық орта­да туындайтын құқықтық қаты­нас­тар. Бұл – қазірдің өзінде бар цифр­лық ортаны құру заңнамасынан цифрлық ортаны пайдалану туралы заңнамаға түбегейлі көшу. Кодекс жобасы технологиялық және конт­ент­тік бейтараптық қағидаттарына негізделген. Ол цифрлық құқықтық тәр­тіптің архитектурасын қалыптас­тырады, оған барлық кейінгі салалық нормалар енгізіледі, – деді Мәжіліс депутаты.

Екатерина Смышляеваның ай­туын­ша, кодекстің мемлекеттік бас­қару жүйесі ретіндегі цифрлық мем­лекет туралы бөлімінің маңызы ерек­ше. Ол орталық және жергілікті органдарды, квазимемлекеттік сек­тор­ды және цифрлық қызметтерді біртұтас архитектураға біріктіреді. 

Заң жобасы цифрлық ортаның объективтілігі мен субъективтілігін белгілейді. Нысандарға цифрлық де­рек­тер, платформалар, ресурстар, жүйе­лер және деректер орталықтары, инфрақұрылым кіреді. Цифрлық нысандардың тізілімі жасалады, ол сенімді цифрлық нысандардың көп­деңгейлі ұлттық тізіліміне айналады. Отандық шешімдерге және шетелдік жүйелерге арналған локализация талаптарына басымдық беріледі.

Жұмыс тобының жетекшісі кодекс­тің негізгі бөлімінде цифрлық құқықтар ұғымы цифрлық ортада бар материалдық емес объектілердің бір түрі ретінде енгізілетінін атап өтті. Олар келіссөз жүргізілетін және ути­ли­тарлық цифрлық құқықтар болып бөлінеді. Бұл ереже нақты сектордың токенизациясы мен цифрлық актив­тер нарығын одан әрі дамытуға негіз қалыптастырады. 

Сонымен қатар құжатта цифрлық ортадағы негізгі адам құқықтары бекітілген. Олар: ұмытылу, ақпаратқа қол жеткізу, цифрлық сәйкестендіру мен құпиялылықты қорғау. Аутенти­фикация және сәйкестендірудің, соның ішінде көпфакторлы және биометриялық растаудың құқықтық базасы нығаяды. Ал электронды цифр­лық қолтаңбаның жалғыз білікті қолтаңба нысаны ретіндегі мәртебесі сақталады. 

Қауіпсіздік бөліміне кибер­қау­іпсіздік саласындағы бірыңғай тер­минология мен тәсілдер енгізіледі. Екатерина Смышляева Кибер­қыл­мыспен тиімдірек күресу үшін «Ақ­па­раттандыру туралы» заң «Кибер­қауіпсіздік туралы» деп өзгертілетінін хабарлады. Алғаш рет иеліктен шы­ғаруға жатпайтын және елдің цифр­лық егемендігінің негізін құрайтын ұлттық цифрлық активтер тұжырым­дамасы бекітіледі.

Цифрлық жүйелерге арналған үшдеңгейлі аудит жүйесі де енгізіледі. Функционалды аудит жүйелердің тиімділігін және олардың қойылған мақсатқа сәйкестігін тексереді. Кибер­қауіпсіздік аудиті цифрлық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қауіпсіздігін бағалайды, Реттеу­ші аудит цифрлық реттеудің деңгейі мен жаңа заңнамалық базаға сәйкес­тігін талдайды. Бұл шаралар сенім мен жауапкершілікке негізделген тұр­ақты, қауіпсіз және ашық цифр­лық экожүйе құруға бағытталған.

Талқылау барысында депутат Мұрат Әбенов әріптестерінің наза­рын банк қызметтерінде биометрия­ны енгізуге және азаматтарды алаяқ­тықтан қорғаудағы қиындықтарға аударды. Ол міндетті биометрия енгізілген соң және соттан тыс есеп­тен шығаруға рұқсат берілгеннен кейін шағымдар көбейгенін, ал жекеменшік банктердің мемлекеттік анықтамалық дерекқорға қол жеткізе алмайтынын, бұл тұтынушылар құ­қық­тарының бұзылуы қаупін тудыра­тынын атап өтті. Мәжіліс депутаты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін сенімді био­ме­трия­лық тексеру үшін орталық­тандырылған инфрақұрылым құруға шақырды.

Жасанды интеллект және цифр­лық даму министрінің орынбасары Дмитрий Мун министрлік жобаны іске асыруға дайын екенін айтты. eGov mobile қосымшасының 6,5 миллионнан астам пайдаланушысына арналған биометриялық аутенти­фикация қазірдің өзінде бар. Кодекс жобасы биометриялық стандарттар мен процестерді, соның ішінде ақ­параттық қауіпсіздіктің барлық та­лабына сәйкес келетін анық­тамалық жазбалардың бірыңғай дерекқорын құруды қамтиды.

Депутаттар баяндамашы мен тиісті мемлекеттік органдардың өкіл­деріне заң жобасына қатысты сұрақ­тар қойды. Олар цифрлық даму тұжыр­ымдамасы және агенттіктердің құжатты іс жүзінде енгізуге дайын­дығы, сондай-ақ өркениетті деректер нарығын қалыптастыруға Цифрлық кодекстің ықпалы жөнінде сұрады. Цифрлық құқықтарды енгізу нәти­же­лері, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін цифрлық қызметтерге қолже­тім­ділікті жақсарту және цифрлық ортада тең жағдайларды қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ отандық IT әзірлемелерді мемлекеттік қолдау мәселелері талқыланды. Бірқатар депутаттар Цифрлық кодекс жобасын қолдайтынын білдірді.

Талқылаудан соң заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Айтыл­ған ұсыныстар мен пікірлер жұмыс тобының отырыстарында қаралады. 

Жалпы отырыста Мемлекет бас­шысының тапсырмаларын орындау мақсатымен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс­ке енгізілетін өзгерістер мен толық­тырулар туралы заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы Иран Шархан оның ереже­лерімен таныстырды.

– Ұсынылып отырған заң жоба­сының нормалары Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес заң­дылық пен ашықтықты нығайтуға ба­ғыт­талған. Құжат саланың инвес­тициялық тартымдылығын арттыр­ып, отандық минерал өңдеуді дамы­туға ықпал етеді, – деді жұмыс тобы­ның жетекшісі Арман Қалықов қос­ымша баяндамасында.

Депутаттың айтуынша, түзетулер Бірыңғай жер қойнауын пайдалану порталын заңнамалық тұрғыдан құруды көздейді. Қызмет процестің геологиялық деректерге ашықтығын қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқор­лық тәуекелдерін азайтуға және сала­ның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Портал жер қойнауын пайдаланушылардың ли­цензиялық және келісімшарттық міндеттемелерді сақтауын, сондай-ақ жер қойнауы ресурстарын ұтымды пайдалануына бақылауды күшейтеді.

Негізгі жаңалықтар – Бірыңғай порталда барлық өтінім мен блоктық деректер туралы ақпарат беру арқылы жер қойнауы ресурстарына қол жет­кізу процесін жеңілдету, география­лық ақпараттық жүйенің операторы ретіндегі Ұлттық геологиялық қыз­меттің рөлін нығайту және бұрын тіркелген қатты пайдалы қазбалардың өнеркәсіптік қорлары бойынша аукциондар өткізу. Заң жобасында сондай-ақ барлау кезеңінде 1000 текше метрден асатын тау жыныстары массасын өндіру тәртібі нақтыланып, теріс пайдалану мен жасырын өндіру­дің алдын алу шаралары қарасты­рылған.

Талқылау барысында депутаттар жер қойнауын пайдаланушыларға салық жеңілдіктерін берудің ел эко­номикасына әсері, Бірыңғай жер қойнауын пайдалану порталын құру­дың геологиялық деректерді монопо­лияландыруға ықпалы және заңсыз геологиялық барлау жұмыстарына қарсы күреске бағытталған шаралар туралы сұрақтарын қойды. Жер қой­науын пайдаланушылардың әлеу­меттік жауапкершілігін күшейту және жер қойнауын пайдалану тура­лы есептердегі жалған немесе бұр­маланған деректерді ұсынғаны үшін жаза тағайындау мәселелерін қоз­ғады.

Сонымен қатар креативті индус­трияларды қолдау және дамыту мәсе­лелері жөніндегі түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды. Президент бұл тапсырманы 2023 жылғы Жол­дауында айтқан болатын. 

Жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Стамбековтың айтуынша, заң жобасында креативті индустрия саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі ұғымдары, мақсаттары, бағыт­тары және қағидаттары нақтыланған. Онда «креативті индустрия қызмет­кері» және «креативті индустрия субъектілерінің тізілімі» ұғымдары айқындалған. Кәсіпкерлік кодексіне, «Мәдениет туралы» және «Мемле­кеттік жастар саясаты туралы» заң­дарға осы саланы дамытудың құқық­тық негізін кешенді түрде белгілейтін түзетулер енгізіледі. 

Түзетулерде уәкілетті органның креативті индустрия саласын мем­лекеттік қолдауды үйлестіру, перс­пективалы жобаларды бағалау, инвес­тицияларды тарту және салаға қа­тысу­шылардың бірыңғай тізілімін жасау бойынша өкілеттіктері анық­талады. Құжатта сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен әкімдіктердің (мемлекеттік органдардың) аймақтық кластерлерді, инфрақұрылымды және креативті индустрия саласын қолдау бағдарламаларын дамытудағы рөлі нақтыланған. 

Депутаттар заң жобасын әзірлеу­ші­лерден ауылды жерлердегі креа­тивті, шығармашыл жастарды қолдау шаралары, шығармашылық еркіндік құқықтары және креативті индустрия саласы қызметкерлерінің мүдделерін қорғау, сондай-ақ саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі туралы сұрады.

Мәжіліс архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенат­тың қарауына жіберді.

Жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, заңда Ұлттық архив қорының құрамын қала құры­лысы, тәжірибелік-конструк­торлық, жобалық-сметалық құжат­тамалар есебінен кеңейту, құжат­тарды тұрақты сақтауға қабылдау және цифрлық архивке өткізу тәрті­бін реттеу, бюджет есебінен жасалған аудиовизуалды құжаттардың міндетті даналарын архивтерге тапсыру қарас­тырылған. Сондай-ақ Қазақстан тарихында алғаш рет мемлекеттік архив­терге «Ұлттық» мәртебе беріл­мек. Сөйтіп, келер жылы Астана мен Алматы қалаларындағы екі архив аталған осы мәртебеге ие болуға тиіс. 

Балаларды денсаулығы мен дамуы­на зиян келтіретін ақпараттан қорғау жеке блокта бекітілген. Сондай-ақ жария кеңістікте, масс-медиа, телекоммуникация желілері немесе онлайн-платформалар арқы­лы педофилияны, дәстүрлі емес сек­суалдық бағдарды насихаттайтын ақпараттар орналастыруға тыйым салу туралы нормалар қарастырылған.

– Әңгіме ЛГБТ қоғамдастығына жататын адамдарға «тыйым салу» немесе «бас тарту» туралы емес. Еш­кім олардың жеке құқығын шекте­мей­ді. Енгізіліп жатқан ережелер жалпы қабылданған халықаралық тәжірибеге сәйкес мұндай ақпаратты көпшілікке таратудың шегін белгі­лейді, – деді Е.Бейсенбаев.

Сондай-ақ отырыс барысында Мәжіліс «Қазақстан Республи­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңға Сенат ұсынған жаңа редакциямен келісті.

Мәжілістің салалық комитеттері екі жаңа заң жобасын жұмысқа қа­былдады. Олар: Қылмыстық кодекске және Қылмыстық-процестік кодекс­ке енгізілетін түзетулер; Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасын­дағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріп­тестік туралы келісімді рати­фикациялау жобасы.