Соңғы отыз жылда дүниенің әр бұрышынан түрлі вирустар шығып, талай елге лезде тарап жатқаны белгілі. Олардан көз жұматын кісі саны да көбейіп келеді. Алайда қауіпті дерттердің ХХІ ғасырда күрт артуының себебі неде? Вирустар қай аймақта пайда болады?
«Медицина дамыған сайын жаңа вирустардың арту себебі неде?» деген сауал көпшілікті мазалайтыны рас. Бірден-бір жауап– адам санының өсуі. Мәселен, 1927 жылы дүниежүзінде 2 миллиард халық болса, бар-жоғы 84 жылдан соң (2011 жылы) бұл сан 7 миллиардқа жетті. 2024 жылы адамзат 8 миллиард, 2042 жылы 9 миллиардты құрайды деген болжам бар. Яғни, планета тұрғындары бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен көбеюде. Қазір 4 миллиард халық планета құрлығының 1 пайызында тұрады. Бір қаланы 20 миллионнан аса тұрғынның мекен етуі қалыпты жағдайға айналып барады. Ол шаһарлардың көпшілігінде кәріз жүйесі, таза су, тазалау қызметінің жетіспеушілігі жағдайды ушықтырады. Адамдардың тығыз қоныстануы түрлі вирустардың таралуына жағдай жасайды.
Бұдан бөлек, заманауи вирустардың келесі қиындығы – оның тез таралуы. Оның себебі – транспорт, логистиканың қарқынды дамуы. 2019 жылы барлық әуекомпаниялар 4,5 млрд адамды тасымалдаған. 10 жыл бұрын бұл сан 2 млрд халықты құраған еді. Яғни, адамдар жылдам мекен ауыстырып, саяхаттаған сайын түрлі вирустарды өзімен бірге жылдам тасуда. Мәселен, 1918 жылы миллиондаған жанның өмірін қиған испан тұмауы вирусы өзге елдерге 6-9 айда тараса, коронавирус бірнеше аптада Қытайдан 16 елге тарап кетті. Бүгінде аталған вирус 170-тен аса елде табылды.
Вирустың таралуына себеп болатын келесі факторлар – ет жеу мен дамудың кенже қалуы. Эбола, САРС, коронавирус – барлығы жануардан жұққан вирустар. Планетада адам саны өсіп, кедей елдер тұрғындарының жағдайы жақсарып, етке сұраныс арта бастады. Сәйкесінше, жануарлардың сойылу саны көбейді. Коронавирус Қытайдың Ухань қаласындағы жануарлар базарында тараған деген болжам бар. Аталған базардың фотоларын қарағаннан-ақ онда санитарлық талаптардың орындалмағаны, тіпті гуманизмге қарсы әрекеттер жасалғаны анық көрінеді. Алайда осы және басқа да вирустар үшінші әлем елдерінде тарағанда оларға қарсы вакцинаның, медициналық орталықтардың болмауы, халықтың көп салада сауатсыздығы дерттің кең таралуына ықпал етеді. Айталық, эбола Батыс Африка аймағында тарағанда онда жайғасқан Гвинея, Либерия және Сьерра-Леоне сынды дамушы елдер вирусты ауыздықтай алмай, оның басқа елдерге кең етек жаюына кедергі бола алмады. Ал енді соңғы 30 жылда әлемді дүрліктірген бірқатар вирустарға тоқталып кетсек.
Әлихан ИСМАН