Қордайдың маңында күнде кеңес
Қордайдың маңында күнде кеңес
257
оқылды
СOVID-19 вирусы тарал­ған­­ға дейін журналистер жиі жаз­ған та­қырыптың бірі – Қор­дай қақтығысы. Жөн ғой, ақ­панның сол бір күн­дері ел-жұрттың дүрлігіп қалғаны рас. Сондықтан болар масс-медиа бұл тақырыпты көп жазды. Атал­ған мәселеден мезі бол­ған Жам­был облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та есепті жиынында журна­листерді жиып алып, «Қордай, Қордай дей беруді қояйық» деген бо­латын. Одан кейінгі басқосу­ларда да «Қордай деп, қайта-қайта айта бермей, тұрғын­дар­дың назарын басқа арнаға бұру қа­жет» деген тапсыр­масын берді. Бірақ Бердібек Машбекұлы айнал­соқтап өзі тыйым салған тақырыпқа қайта-қайта оралуда. Сон­дай-ақ сансыз кеңес құрып, «үй ішінен үй тігуде» алдына жан салмай келеді. Тарқатып айтсақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ау­да­нына үкіметтік комиссия мүше­лерін бастап барғанда ауыл ақсақалд­а­ры­ның басын қо­сып, кеңес құру баста­масын құп­тады. Араға бір жеті салмай Ауқатты, Сортөбе, Бұлар батыр, Қаракемер, Қарасай және Ма­саншы ауылдарынан 3 өкілден сайланып, 18 адамнан тұратын «Қо­ғамдық келісім» кеңесі құрыл­ды. Кеңес бастапқыда ауыл жаста­рының санағын жүргізіп, түйінді түйткілдің тізбегін түзіп, жұ­мы­сына жең түріп кіріскенімен, қазір тір­лігі саябырсыды. Кеңес құрылған алғашқы сәт­те жам­былдықтар: «Облыста Ардагер­лер кеңесі бар. Аудан мен ауылдарда оның бөлімдері мен төрағалары сай­ланған. Одан бөлек, облыс пен аудан, ауылдарда Алқа билер кеңесі жұмыс істеп жатыр. Ол аз десеңіз, облыс әкімдігі жа­нынан құрылған «Қоғамдық келісім» мекемесі де та­­лай жылдан бері тірлік етуде. Ассам­блеяның да Аналар мен Ақсақалдар кеңесі ресми тіркелген. Сонда бұл кеңес­тердің барлығы не атқармақ?» деп таңғалған болатын. Расында, бүгінде облыстық Арда­герлер кеңесінің 60-тың үс­тінде мү­шесі болса, аудандық және ауыл­дық жерлерде 30-дан аса ұйым­дары бар. Одан бөлек, әр­түрлі ме­кемеде орналасқан 900 бас­тауыш ардагерлер ұйымдары қыз­мет етеді. Алқа билер кеңесінің облыс орта­лы­ғында 7 өкілі болса, әр ауданда 5, ауылдарда 3 адамнан жұмыс істейді. Барлығын қоссақ 500-ге жуық би­леріміз ел арасында жүр. Облыстық Ассамблеяға кел­сек, «Қоғамдық ке­лісім» кеңесінде облыс бойынша 1 130 мүше тіркелсе, Аналар кеңе­сінде – 826, ал Ақсақалдар кеңе­сін­­де 16 адам ұлттарды ұйыстыру бағы­тын­да жұмыс жүргізуде. Одан бөлек, 41 мүшесі бар жастар ке­ңесі де Ассамблея қабырғасынан құрыл­ған. Бір сөзбен айтқанда, кеңес мүше­ле­рінің тізімінен көз сүрінеді. Енді оған Қор­дай ауданында жыл басында құ­рылған су жаңа «Қоғамдық ке­лісім» кеңе­сін қосыңыз. Бұл аздай, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ақ­пан айының аяғында бірлік пен ын­ты­мақты насихаттайтын ар­­найы топ құрып, оны барлық ау­дандар­ға жөнелтті. Облыс әкімінің орын­басарлары, басқарма мен де­пар­та­мент басшылары, қоғам­дық бірлес­тіктер мен зиялы қауым өкіл­дері жә­не жастар мен бұ­қаралық ақ­парат құрал­дарынан құралған топ мү­ше­лері елді ме­кендерді тұп-тура бір апта ара­лап шықты. Жергілікті жер­дің жұрт­шылығымен жүздескен топ мү­шелері татулық пен бірлік төңіре­гінде ой қозғап, тер төгіп қайтты. Алайда топ мүшелері Мойынқұм мен Талас аудандарына табан ти­гізбеді. Осылайша, іс бітті қылып, қол қақ­қан топ мүшелері күнделікті тір­ші­лігіне қайта көшті. Осымен сансыз кеңестер мен ақпараттық топ жұмысы тү­гесілген болар деп ойлағанбыз. Алайда жуыр­да облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Бейбітшілік пен келісім» атты жаңа жобаны жандандырып, Қордай ауданына автокеруенді жөнелтіп жіберді. Аталған елді мекенде 12-17 нау­рыз аралығында керуен мүше­лері әлеуметтік және ауыл шаруа­шылығы мәселелерін, діни ас­пектілер мен қауіпсіздікті саралау секілді бағыт­тар бойынша бес жұ­мыс тобын құрып, жұмыс істеді. Топ мүшелері ауданның бар­лық ауылдық округінде болып, жергілікті халықтың бү­гінгі тыныс-тіршілігін және олар­ды қан­дай мәселелер тол­ған­дыратынын зерделеді. Сон­дай-ақ спорттық-мәдени іс-ша­ралар ұйым­дастырып, атқарылған жұ­мыстар жайлы аудан әкімді­гінің әлеуметтік желісіндегі парақ­ша­ларында жариялап отырды. Бір сөзбен айтқанда, бұл автокеруен де жоғарыда аталған сансыз кеңестер пен ақпараттық топтың жұмысын қайталап шықты. Осындай кезде «егер ай сайын жаңа ақпараттық топ құрып немесе су жаңа жобаны жандандыратын болсақ, аудандардан қоғамдық келісім кеңесі, ардагерлер ұйымы, аналар, ақсақалдар алқасы, алқа билер мүшелерін сайлаудың қа­жеті бар ма?» деген ой келеді. Әрине, ортақ мүддеде жұды­рықша жұмылғанды біз де құп кө­реміз. Алайда сансыз адамды күн­делікті жұмысынан қалдырып, арнайы топ мүшелерін жасақтап, оны аудандарға жөнелтіп, елді мекендегі халықты әбігерге са­лып, жинап алып сағаттап жи­налыс өткізу қосымша күш пен қаражатты қажет етпей ме? Топ мү­шелеріне көлік, жанармай табу, оларды тамақтандырып, жер-жерге орналастыру, одан қалса іс­сапарлар шығынын төлеу де қазына қаржысына қо­сым­ша жүк емес пе? Егер ай сайын ақ­па­раттық топ не­месе жаңа құ­рыл­ған автокеруен елді ме­кендерде үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізетін болса, онда ау­дандар мен ауылдардағы сан­сыз кеңес­тің қажеті бар ма? Ол кеңес­тің қажетін қамту үшін жылда бюд­­жет­тен қомақты қаржы бө­лініп жат­қанда, біріне-бірін би қы­лып, үйі ішінен үй ті­гудің керегі не? Ал дана қазақ «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деп өзіндік өлшемін де дөп айтқан. Сондықтан сансыз қоғамдық кеңес құрып, ай сайын ақпараттық топты ауылдарға сабылтқанша, әр ұйым өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарса жөн шығар? Біздікі шынға байланған сын, ал одан байлам жасау облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың еншісінде...  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы