Қазақстан Президенті Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысқан кезінде су қаіпсіздігі проблемасын қозғаған болатын.
Судың жайы сарсаңға салмасын
838
оқылды

Мемлекет басшысы: «Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ойластыруға болады. Мұндай құжат саладағы бірыңғай жұмыс қағидаттарын бекітіп, ықтимал қарама-қайшылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді. Демек, су қауіпсіздігі біздің ел үшін ғана емес, аймақ үшін де өте өзекті.

Су ресурстары және ирри­гация министрлігінің дере­гін­ше, кейінгі жылдары су ресурс­тарын басқару саласында ке­шенді және инсти­туционал­дық реформалар қарқынды жүзеге асып келеді. Ведомство 2030 жылға дейінгі саланы дамыту тұжырымдамасын, Су шаруашылығын дамыту ке­шенді жоспары және жаңа Су кодексін қамтитын кешенді құ­қықтық және институцио­налдық негіз қалыптастырды. Осыған орай Су кодексі бекі­тіліп, «су қауіпсіздігі» ереже­лері заң жүзінде айқындалды. 

Жуырдағы Үкімет отыры­сында Су ресурстары және ирри­гация министрі Нұржан Нұржігітов су қауіпсіздігі байланысты ережелермен таныстырып, су саласындағы қолға алынған кешенді ша­раларды баяндаған болатын.

– 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде: тұрмыста суды үнемдеу жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірленді, суды үнемдеу әдістеріне қатысты егжей-тегжейлі талдау бо­йынша аналитикалық зерттеу жүргізілді, республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2 млн мектеп оқушы­сына арналған «Суды үнемде – болашақты сақта» сабағы өткізілді. Жаңа оқу жылында колледж және жоғары оқу орындары студенттерін қамту жоспарлануда. Судың «қара нарығын» жою мақсатында 2024 жылы Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі комитет құрылды. Бассейндік су инспекция­ларының қызметкерлер саны әр облыс орталығында бөлімдер ашу арқылы 98 бірліктен 241 бірлікке дейін ұлғайтылды. Өкілеттіктер кеңейтілді, тек­серу рәсімдері жеңілдетілді және су заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді, – делінген министр баяндамасында.

Техника ғылымдарының докторы, су шаруашылығы саласының ғалымы Жұмахан Мұстафаевтың пайымдауын­ша, Қазақстанда сумен түгел қамтамасыз етіп, егістік алқап­тарын тамшылатып суғарып, қар суынына тоған жасап, елді мекендер аумағындағы арна­ларды реттеп, жерасты суын тек ауызсу мақсатында пайда­ланып, жұмысты жүйелі атқару мәселені толыққанды шешуге мүміндік береді. Сондай-ақ елдегі бар су көздерін тиімді пайдаланып, үнемдеу техно­логиясына көшсек, Қазақ­станда су қауіпсіздігін сақтауға толық мүмкіндік бар көрінеді.

– Біздің елде су тапшылығы бары рас. Су қауіпсіздігін сақтауды табиғаттан артық ешкім білмейді. Оны жоспар­лап, суды толық игеру адам қолынан келе бермейді. Десе де, су қауіпсіздігін сақтаудың жолдарын қарастыруға болады. Гидрология ғылымында әр 25, 75 жыл сайын табиғаттық айналым иіріміне өтіп, бірде су мол, ендігіде аз болып тұрады. Су тапшылығының туын­дауына бірнеше фактор бар. Былтырдан бастап судың аз болатын кезеңіндеміз. 1960-2025 жыл аралығында орташа жылдық температура 2 градус­қа өсті. Соның салдарынан, таудың басындағы мұздықтар еріп жатыр. Негізі, өзен сула­рының бәрі жауын-шашыннан пайда болатын. 1940 жылмен қазіргіні салыстырғанда жаң­быр­­дың өзі 15 пайызға азайған. Бұдан шығудың жолдары да бар. Ең әуелі Солтүстік, Батыс Қазақстан өңірлеріндегі қарды атыздарға бөліп жинап, тазар­тылған артық қарларды үстіне төксек, сонда ерте көктемде қар ерігенде жерге сіңіп кетеді. Ал ылғалды жерге бидай бітік шығады. Одан кейін ауыл-аймақтарға келетін судың басына үлкен тоған орнатып, су арналарын қазып, жаз бойы біртіндеп жіберіп, шаруа­шылыққа ептеп қолданайық. Сондай-ақ Оңтүстіктегі Алма­ты, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облысындағы жерлерді тамшылатып суғару әдісіне көшірейік. Бір ғана Сырдарияның бойындағы күрішті тамшылатып суғарып, түбінде ылғалды ұстап тұрсақ, Аралға су еркін барар еді, – дейді сарапшы.

Ғалымның айтуынша, Жетісудің өзендері – Лепсі, Қараталдың бойына су қой­масын салып бөгемей, тасып кетпеуін қадағаласақ, Балқаш­ты тартылудан сақтап қаламыз. Бұл әдістер бұрыннан бар. Кеңес дәуірінде Ертіс өзенінің жағасына үш су сақтағыш бөгетін салып, ақыр соңында маңайы көгалсыз құрғап, өсімдік өспей, мал шөптен тарығып, шығынға ұшыратқан. Сонымен қатар су саласы ма­ман­дарының әлеуметтік қа­жет­тіліктерін де ойдан шығар­маған абзал. Бар суды шаруа­шылыққа, тіршілікке дұрыстап тиімді пайдалансақ, су тапшы­лығы болмайды.

Белгілі эколог Мэлс Елеу­сізов су қауіпсіздігін сақтап, өзен-көлдерді құрғатпай, мұздықтарды ерітпеу керек деп санайды. Ол Каспий, Балқаш, Аралды сақтау, көрші елдермен ортақ конвенция жасау экол­огиялық зардаптардан құты­лудың бірден-бір жолы деп бағамдайды.

– Әсіресе, тұщы сулар азай­ды. Қазір 44 пайыз мұз­дық­тар еріп, 4 пайыз жер шөл­далаға ұшырады. Арал құрғады, Балқаштың хәлі мүшкіл, Кас­пий теңізі де тартылып барады. Мұның бәрі табиғатқа көп зиян. Көзге көрінбейтін тұздар, шаң-тозаң ауаны лас­тап, Гималайдың ұшар басынан табылып жатыр. Бүгінде ға­ламдық жылыну күшейді. Дүниеде халық көбейіп, қолда­ныстағы су қоры азайып бара­ды. Біз аймақ елдері және Қытаймен ортақ конвенцияны қалайда жасауымыз керек. Ір­гедегі қытайлықтар су мәселесі туралы дүниежүзілік кон­венцияға келіспей жатса да, өзімізбен су келісіміне қол қойдырып, бекітіп алуымыз керек. Қазақстан аумағындағы өзен-көлдерді, жерасты суларын зерттеп, мониторинг жасайық. Елде тұщы су, ащы су, аяқсу қоры қанша уақытқа жетеді, қай жерде жаңа су көздері бар – соны зерделейік. Әзірге елдегі су қорлары тура­сында нақты, бірізді ақпарат анықталып, ғылыми зерделеу жасалмады. Егін-тегінді там­шы­латып суғаруға көшуді бәрі айтады, алайда орындалуы шалағай. Мәселен, Алатаудың басындағы қар-мұздықтардың төмендегі қара тастарын ақпен бояп тастайық. Сонда ақшаң­қан тастар күн қызуын кері қайтарып, 80 пайызға дейін мұздықтардың ретсіз еруін тежейді, – деді эколог. 

Біздің елде су қауіпсіздігіне барынша назар аударылып келеді. Қазақстанда су шаруа­шылығына байланысты сала­лық ведомство, арнаулы ЖОО құрылып, ҒЗИ ғалымдарының жұмысы жандана түсті. Бұл процестер су қауіпсіздігі бо­йын­ша кешенді жұмыстар қолға алынғандығын білдіреді. Су ресурстары және ирригация ми­нистрлігіне қарасты, Ғылым және инновация департамен­тінің басқарма басшысы Әсел Хамзақызы су қауіпсіздігі, тарнс­шекаралық өзендер бо­йын­ша келісім, суды тиімді пайдалану, кадр тапшылығын жою сияқты бірқатар істер қолға алынғанын мәлімдеді. 

– Елде «2024-2026 жыл­дарға арналған су үнемдеу жөніндегі жол картасы» іске қосылды. Бұл құжаттарда нақты мақсаттар бекітілген: 42 су қоймасын салу және қолда­ныстағы 37 су қоймасын реконструкциялау, 14 мың ша­қырымнан астам суғару канал­дарын жаңғырту, жыл сайын 150 мың гектар ауыл шаруа­шылығы алқаптарын су үнем­деу техно­логияларына көшіру бар. Онда мемлекеттер бюджет есебінен шығындардың 80 пайызына дейін жабады. Со­нымен қатар трансшекаралық өзендер бойынша көршілес мемле­кеттермен екіжақты және көп­жақты келіссөздер жүргізілуде. Бұл шаралар су тапшылығының алдын алуға және су қауіпсіз­дігін қамтама­сыз етуге бағыт­талған. 2025 жылдың 1 қыр­күйе­гінен бастап су саласы ма­мандарының жа­ла­қысы 205 мыңнан 305 мың теңгеге дейін өсіп, 50 пайызға дейін артты. Су саласы маман­дарының «Бо­лашақ» халық­аралық бағдар­ламасы бойын­ша оқыту мүм­кін­діктері де бар. Мәселен, 2024 жылы «Бола­шақ» бағдар­ламасының сти­пен­диясы бойынша оқуға мүм­кіндік беру үшін тізбеге «Ги­дро­геология», «су ресурс­тары» және «су қауіпсіздігі» мамандықтары қосылды. Қазіргі уақытта министрліктің үш қызметкері Аустралия мен АҚШ-та «су ресурстарын басқару» маман­дықтары бо­йынша магистра­турасына түсіп, білім алуда. Мұн­дай іл­кім­ді істер су қуіпсіз­дігін сақ­тап, ел келешегіне серпін бере­ді, – деді басқарма бас­шысы.

Тоқетері, Қазақстанда 48 мың көл, 85 мың өзен бар. Бәрі – трансшекаралық су айдын­дары. Бізге келетін судың 45-50 пайызы көрші елдерден бастау алады. Ашық дереккөздерде, дүниежүзіндегі судың 98 пайызы ащы су болса, қалған 2 пайызы ғана тұщы су болып саналады. Халық дана­лығында «судың да сұрауы бар» деп бекер тәмсілдемеген. Де­мек, су қауіпсіздігін сақтау те­ңізге тікелей шыға алмайтын біздің ел үшін өте өзекті.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ