108 ауылға қауіп төнді
108 ауылға қауіп төнді
5,216
оқылды
«Қазгидрометтің» хабар­лауынша, Шығыстағы тау өзен­дері суларының мөлшері биыл орташа көрсеткіштен 30 пайызға артық. Бұл туралы Өскеменде өткен брифинг барысында құзырлы орган өкілдері хабарлады. Белгілі болғандай, аталған өзен­­дер арнасынан шықса, облыс­тың үш қаласына, сондай-ақ 15 аудан­дағы 108 елді мекенге қауіп төн­діруі мүмкін. Бұл – 22 мың адам тұратын жеті мың тұрғын үй де­ген сөз. Арнасынан шығуы ық­ти­мал өзендер қатарында Ертіс, Бұқтырма, Үбі, Үлбі, Громотуха, Нарын, Тұрғысын, Хамир, Ақ Берел, Үлкен Бөкен, Күршім, Қалжыр, Үржар мен Егінсу бар. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесе келе, апаттың алдын алу­ға бағытталған кешенді іс-шара­ларды қолға алған. Құтқарушылар мен коммуналдық қызметтер кү­шейтілген жұмыс тәртібіне көшті.
– Ішкі істер министрлігіне қа­рас­ты органдардың 1 040 қыз­меткері, 277 дана техникасы, 184 мотопомпа мен 50 суда жүзу құралы төтенше жағдайға дайын тұр. Өскемен мен Се­мейде құрамында 130 адамы бар алты мобильді топ құрылып, тиісті жұмыстар жүр­гізіліп жа­тыр. Жалпы, облы­сымызда су тасқынының бірін­ші кезеңі нау­рыз­дың екінші он­күндігінде өтеді деп күтілуде. Оған өңірде ауа райы­ның күрт жылынуы се­беп­ші бол­мақ. Біз биылғы су тас­­қыны мезгілін шартты үш ке­зең­ге бөлдік. Облыс аумағында қар еру мерзімі наурызда баста­лып, маусымның ортасына дейін созы­­лады деп болжануда. Рас, қар мөл­шері жылдағыдан сәл ар­тық. Алайда алаңдаудың еш не­гізі жоқ. Жағдайды жіті ба­қы­­лауда ұстап отырмыз. Барлық орган өз міндеттерін ойдағыдай орын­дайтын болса, қызыл су шығынға батырмайды, – деді брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орын­басары Дмитрий Титов.
Брифингте сонымен қатар Шүлбі су қоймасында атқарылған жұмыстар туралы да айтылды. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикеновтың хабарлауынша, 2018 жылы болған апат қайталанбас үшін Шүлбіде қарғын су жина­латын резервуарлардың көлемі айтарлықтай үлкейтіліпті. Қажет жағдайда бұл резервуарлар 20 күн бойы су қабылдай алады екен. Осы ретте мұндай жұмыстар соңғы 25 жылда алғаш рет істелгенін айту керек.
– Үлкенді-кішілі елді мекеннің барлығында арықтардың арнасын тазарту жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Дегенмен тұр­ғындар да бұл мәселеге бейжай қа­ра­мауы тиіс деп санаймыз. Жер­лестерімізді аулалары мен үйінің іргесінен ағып жатқан арықтардың арнасын жиі тазартып отыруға шақырамыз, – дейді Е.Чикенов.
Көктемгі жағдайға орай об­лысқа келген Ішкі істер министр­лігінің Төтенше жағдайлар ко­митеті төрағасының бірінші орын­басары Марат Күлдіков су тасқыны қаупі бар аудандар мен қалалардағы апаттың алдын алу жұмыстарын ширатуды тапсырды. Шығысқа сапары барысында М.Күлдіков облыстық ТЖД бас­тығының орынбасары Д.Титов, азаматтық қорғаныс саласындағы апаттың алдын алу және бақылау басқармасы басшысының орын­басары Алексей Штыкель, сондай-ақ «Қазгидромет» өкілдерімен бірге «Қазәуеқұтқару» АҚ-ның тік­ұшағына мініп, Өскемен – Риддер – Алтай ауданы – Катон­қарағай ауданы бағытында рейд жүр­гізді. Рейд барысында құ­зырлы органдардың өкілдері Үлбі, Громотуха, Тұрғысын және Бұқтырма сияқты өзендердегі ахуал­ды тағы бір мәрте тексерді. Атал­ған өзендердің бойында Алтай ауданындағы Малеевка, Зубовка, Путинцево, Богатырево, Быково, сондай-ақ Қатонқарағай ауданындағы Сенное, Қоробиха, Барлық, Қатонқарағай сынды елді мекендер орналасқан.
– Тексеріс барысында таулы аймақтарда қар еру үдерісінің жылдамдағанын байқадық. Бұл әсіресе Риддер мен Қатонқарағай аудандарына қатысты. Дегенмен әзірге алаңдауға еш негіз жоқ. Жағдай жіті бақылауда, – дейді Марат Күлдіков.
Белгілі болғандай, мамандар өңірдің Ертіс және Бұқтырма сияқ­ты үлкен өзендерінде мұз жару жұмыстарын бастап кетті. Мәселен, Семей қаласы мен Алтай, Шемонайха және Бородулиха аудан­дарының аумағында қолға алынған осындай іс-шаралар нә­ти­жесінде жалпы аумағы 70 мың шар­шы метрге жететін мұз жойылған. Айта кетейік, бүгінде Өске­мен мен Семейде құрамында 130 адамы бар алты мобильді топ құрылып, тиісті жұмыстар жүргізуде. Облыста тұрғындарды апат жөнінде уақытылы құлақ­тандыратын «Дармен» мобильдік қосымшасы іске қосылған. Құт­қару­шылар мен коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Көктемгі жағдайға орай, Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының бірінші орынбасары Марат Күлдіков Өскемен қаласындағы су басу қаупі бар учаскелерді де көріп қайтты. М.Күлдіков Солнечный кен­тіндегі тоғанның, сонымен бірге Маховка өзені мен Безымянный ключ арығының жағ­дайын тек­серіп, құзырлы орган­дарға су ар­на­ларының түбін тереңдету және жағалауын бекіту жұмыстарын бәсеңдетпеуді тапсырды. Сондай-ақ Ахмер кенті мен 22-ықшам­ауданда атқарылған апаттың алдын алу жұмыстарымен танысты. Тексеру қорытындысы бо­йынша су тасқыны қаупі бар учас­келердегі іс-шаралардың жоспары белгіленді. Бүгінде құтқарушылар су басуы ықтимал тұрғын үйлерді аралау жұмыстарын жалғастыруда. Рейдтер барысында үй иелеріне су тасқыны кезіндегі іс-қимыл ере­желері мен мүлікті қорғау жөніндегі жадынамалар таратылып жатыр. Шығыс Қазақстан облысында соңғы екі-үш күн ішінде күн күрт жылынып, ауа температурасы 16 градусқа дейін көтерілді. Сон­дықтан тұрғындарға коронавирус­пен қатар, көктемгі су тасқынын да естен шығармаған абзал.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы