Бес кеңес ұсынамыз
Пәтер иесі жалға алу құнын қымбаттатса мынаны жасаңыз
714
оқылды

Қазақстанда жалға алу құнының өсуі жиілеп кетті. Мұндай жағдайда жалға алушы өз құқығын біліп, асығыстық шешім қабылдамауы тиіс. Төмендегі қадамдар жалға алу құнын негізсіз көтеру болса, оны заң аясында шешуге көмектеседі.

1. Шарттағы талаптарды тексеріңіз

Жалға алу келісімшартын қайта қарап шығыңыз. Бағаны көтеру мерзімі, мөлшері және оны хабарлау тәртібі көрсетілуі керек. Егер шартта ондай талап жоқ болса немесе мерзімі бітпеген болса, пәтер иесінің бағаны өз бетінше өзгертуге құқығы шектеулі.

2. Инфляция индексіне назар аударыңыз

Келісімшартта бағаны инфляцияға қарай көтеру көрсетілсе, ресми статистикалық мәліметтерге сүйене аласыз. Яғни, иесі шартта көрсетілгеннен артық өсім талап ете алмайды.

3. Жазбаша келіссөз жүргізіңіз

Сөйлесуді сөз жүзінде қалдырмаңыз. Бағаның жоғарылау себебін түсіндіруді сұраңыз. Қажет болса, жазбаша хат, мессенджердегі хабарламалар арқылы келіссөз жасаңыз. Бұл даулы жағдайда дәлел ретінде қажет болуы мүмкін.

4. Альтернативаны қарастырыңыз

Бағаны төмендету немесе бұрынғы деңгейде қалдыру үшін өз ұсынысыңызды айтыңыз:

— Ұзақ мерзімге келісімге тұру

— Пәтерде ұсақ жөндеу жұмыстарын өз есебіңізден жасау

— Төлемді алдын ала жүргізу

Жалға берушілер үшін сенімді жалға алушы табу да маңызды.

5. Құқығыңызды қорғаңыз

Егер пәтер иесі заңсыз талап қойса, жергілікті Тұтынушылар құқықтарын қорғау органдарына немесе заңгерге жүгінуге болады. Келісімшарт күшінде тұрған кезде жалға алушыны еш себепсіз шығарып жіберу — заңға қайшы.

Бағаның өсуі жағдайында сабыр сақтап, мәселені құқықтық және келісім жолымен шешкен дұрыс. Құқықтарыңыз бен келісімшарт талаптарына сенімді болсаңыз, пәтер иесімен келісімге келу мүмкіндігі жоғары.