Бұрын қазақ ертегілерінен жиі оқитын едік: алты есікті ашсаңыз да, жетінші есікке кіруге болмайды дейтін. Алайда ертегінің кейіпкері сол «ашылмайтын» есікті ашуға тырысатын еді. Ашуын ашып, бір пәлеге тап болатын. Содан кейін оқиға шым-шытырық шиеленісіп кететін. Қазір де біз сол ертегінің кейіпкерлері секілдіміз. «Болмайды» деген сайын сол нәрсеге ынтызарлығымыз ауып тұрады. «Көрмесін» десе көретін, «жемесін» десе жеуге ұмтылатын адамзатта атамзаманнан қалыптасқан үрдіс болса керек. Мұны неге айтып отырмыз? Екі бірдей қала: Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин енгізілгелі бері кейбіреулер жаппай ауыл-аймағына аттанды. Енді біреулер қалаға қайта кіруге талпынып жатыр. Әсіресе, Алматының маңы кешелі бері дүрбелеңге толы. Алматы облысының тұрғындары болса, қалаға кіре алмағанына наразылық танытуда. Кейбірі коронавирус дертінің қауіпті екеніне сенгісі келмейді. Қазір қала сыртына, кіреберіс өткелдерге арнайы блокбекеттер қойылған. Бұл – карантин жағдайында қалаға кіруге болмайды деген сөз. Алайда тұрғындардың кейбірі тәртіп сақшыларының айтқанына құлақ түріп, кері қайтып жатса, кейбірі қалаға кіре алмағанына ашулы. Әлеуметтік желідегі бейнежазбаларға қарасаңыз, Талғар жұртшылығы да, Қарасай ауданынан қалаға қатынайтын тұрғындар да қала маңындағы арнайы қоршаудан өте алмай, үйіріліп тұр. Қалаға тіркелгендерге ғана рұқсат бар. Тіркеуі жоқтарды өткізбейді. Жұмыс істейтіні туралы анықтамасы, тіркеуде тұрғандар арнайы тексеруден өткен соң, ішке жіберіледі. Өз бетінше жүргендерге карантин тәртібі таныстырылады. Соған қарамастан, қоршаудан өтпек болып, өршеленіп ұмтылып жатқандар да баршылық. «Тәртіп сақшылары ешкімді өткізіп жатқан жоқ. Тек дәрігерлердің кіруіне рұқсат. Қарапайым жұмысшыларға жол жоқ. Көпшілігі кері қайтып жатыр» дейді оқиға орнында болғандар. Қалай десек те, мұның бәрі сақтық үшін қажет. «Сақтықта қорлық жоқ» дейді дана халқымыз. Осындайда сұрақ туындайды: Елдің қауіпсіздігі жеке азаматтың қауіпсіздігі емес пе? Амандық керек пе, жоқ па? Мемлекет кімге қымбат? Ең алдымен, әр адам өзін сақтауы тиіс. Айналасын, жанұясын, туған-туысын ойлағаны жөн. Бейберекет тірлік етуге мүлдем болмайды. Мемлекет басшысы елде төтенше жағдай жариялады. Індеттің алдын алу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрды. Тиісті тапсырмалар берілді. Жағдай тегіс бақылауға алынды. Өкінішке қарай, індетті жұқтырған азаматтар саны күн санап көбейіп жатыр. Алапат індет мүлдем өршіп кетсе, не істейміз? Халқымыздың саны аз, мүмкіндігіміз шектеулі. Әлемнің әр шалғайынан жаманат хабар келіп жатыр. Індет салдарынан қайтыс болғандардың саны артып барады. Осындай жағдайда, Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі еске түседі. Тәртіптің аты – тәртіп. Еліміздегі ең басты екі қалаға карантин енгізілуі – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін жасалды. Ірі мегаполистерде бес миллионнан артық тұрғын бар. Қала тұрғындары сақтық шараларын бірінші кезекте сақтағаны абзал. «Үйден шықпа» деді ме, шықпау керек. «Сақтық шараларын жаса» деді ме, жасау керек. Мұның бәрі қарапайым қағидат қой. Әрине, ірі қала маңынан орталыққа қатынап, күнкөріс үшін жанын жалдап жүрген азаматтарға оңай емес. Бәрінің бала-шағасы, несиесі, пәтерақысы бар. Күнделікті табысынан қағылса, отбасын қалай асыраймын деген уайым жеушілерді түсінгіміз де келеді. Тым болмаса уақытша тіркеуге тұрмаған соң осы ғой. Жалпы, біз өте бейқамбыз. Айналада болып жатқан оқиғаларға немқұрайды қараймыз. Іргедегі Қытайға аты жаман індеттің келгеніне, оның қандай зардапқа ұшыратқанына қанша уақыт болды. Тап біздің елді айналып өтіп кететіндей қамсыз жүрдік. Ауру Еуропа асып, ең бақуатты деген елдерге барып жеткенде де қаннен-қаперсіз болдық. «Күннің жаманы кетеді, адамның жаманы өтеді» деген сөз бар халқымызда. Індет те кетер. Уайымсыз күндер жетер. Бірақ біз бәрінен сабақ алуымыз тиіс. Алаңсыздығымызға алаңдайық, ағайын!