Қазақстанның семсерлесу спорты бойынша федерациясы ұлттық құрамасынан шу шықты. Еліміздегі үздік семсерлесушінің бірі әрі халықарылық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы Тамила Муридова әріптесі өзін зорлағанын айтып айыптады. Бұл ақпарат туралы еліміздегі БАҚ таратты.
Тамиланың ақпарат құралдарына айтқан сөзіне сүйенсек, басында бәрі ойдағыдай басталған. Спортшы әріптесімен бірге жаттығу залында бірге жаттығып жүреді. Ол кезде Тамиланың жасы 16-да болыпты. Ал қызға көңіл білдіріп, сөз салғанда жігіттің жасы 23-те болған, яғни жеті жас үлкен. Әуелгіде сезімнің жетегінде жүрген бойжеткен көп ұзамай жігіттің өзіне агрессия жасай бастағанын байқайды. Бірнеше рет қарым-қатынасын үзуге бел байлағанымен жас қыз өзіне қорғаныш, тірек таба алмағанын айтады. Ер адам оны қорқытып, егер полицияға айтса қыздың өзіне және әжесі мен анасына қауіп төнетінін айтып қоқаң-лоққы көрсетеді. Осылайша, арамызда махаббат бар деп ойлаған бойжеткен алданғанына кейін барып көзі жетеді. Спортшының айтуынша, ер адам бірнеше рет қол көтеріп, зорлық көрсеткен. Алайда 19 жасқа енді аяқ басқан бойжеткен осы уақытқа дейін кешіріммен қарап, көндігіп келіпті. Осы жылдың 24 ақпанында екеуінің арасындағы қарым-қатынас өзінің шыңына шығып, іс насырға шабады.
«Бет-аузым көгеріп жүрген кездер жиі болатын, тіпті тістерім де түсіп қалды. Соңғы рет 24 ақпан күні ол мені мұрнымнан қатты ұрды, өте көп қан ақты», – дейді жәбірленуші ақпарат құралдарына берген жауабында.
Бұл жолы қатты соққы алған Тамила амалсыз құрбысының үйіне барады. Құрбысы Аннаның сөзінше, ол үйге қанға малынған заттарын көтеріп келген. «Ол қатты жылады. Дала қараңғы болатын, үйге кіргенде мұрны мен ерні қатты ісіп кеткенін байқадым. Бірден оған полиция шақырайық дедім. Ол өзі не істерін, қайда барарын білмейтінін айтты. Ақыры, «жарайды шақырсаң, шақыр» деп келісті», – деп еске алады Анна Королева.
Полиция арызды алып, «Зорлау ісі» бабы бойынша іс қозғады.
Алматы полиция департаменті 2020 жылдың 24 ақпанында Тамила Муридованың атынан шағым түскенін растап отыр. «Аталған іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді және Алмалы ауданының ТЖ полиция бөлімінде тергелуде. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу шараларының кешені жүргізілуде, нәтижесінде қорытынды процессуалдық шешім шығарылады», – делінген Алматы қаласындағы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тамила Муридова 19 жасына дейін спортта айтарлықтай жетістікке қол жеткізген. Ол семсерлесуден жасөспірімдер арасында әлем біріншілігінің қола медалін иеленген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы.
Материал дайындау барысында Facebook әлеуметтік желісі арқылы «Немолчи.kz» қоғамдық қорының өкілі Дина Тәңсәріге хабарласып, аталған оқиға жайлы пікірін білгенбіз. Дина қазір Тамила Муридованың ісі бойынша заңды өкіл ретінде Алмат Мұхамеджанов айналысып жатқанын айтты. Дегенмен Дина Тәңсәрі осыған ұқсас оқиғаның біздің қоғамда көп кездесетінін және көбінесе әйел затының құқығы қорғалмай, аяққа тапталып жататынын жасырмады. «Көбінесе біздің қоғам да, құқық қорғаушылар да әйел мен ердің арасындағы осындай қылмыстық оқиғаларды олардың ішкі шаруасы деп қабылдап, зорлық-зомбылық қылмыстары жабылып қалып жатады. Сондықтан бұл мәселеге түсінігімізді түбегейлі өзгертіп қарағанымыз дұрыс», – дейді ол.
Жәбірленуші тарапынан полицияға 24 ақпанда арыз түскенін айттық. Енді 24 сәуірге дейін, яғни екі ай ішінде тергеу амалдары жүргізіледі. Осы мезгіл ішінде сараптама, сұрақ-жауап, тергеу-тексеру барлығы жасалып бітуі тиіс. Содан кейін барып іс сотта қаралады. Десе де, жақтастарының айтуынша, қазір спортшы қыз өмірі мен отбасының қаупсіздігі үшін алаңдап, қоғамнан көмек сұрап отыр.
Алмат МҰХАМЕДЖАНОВ, «Немолчи. kz» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы:«Мен қазір жәбірленуші Тамила Муридованың ісі бойынша заңды өкіл ретінде жұмыс істеп жатырмын. 18 наурыз күні сот-медициналық сараптама қызметінің қорытындысын алдық, таныстық. Енді оны сот-биологиялық сараптама қызметіне жібереміз. Тамиламен үнемі байланыс ұстап, хабарласып отырмын. Дәл қазір барлық метариалдарды жинастырып, Тамила мен әріптесінің жазған, сөйлескен дерек материалдарын скриншоттап дайындап жатырмыз. Ал сотқа дейін екі ай тергеу уақыты бар. 18 наурыз күні Семсерлесу федерациясынан хат алдық. Хатқа сүйенсек, олар өз ішінде пленарлық комиссия отырысын өткізіпті. Бірақ, хат қолмен жазылған, мөр қойылмаған. Біздің түсінбейтініміз Тамиланы ұрып-соққан, зорлық жасаған ер адамның әлі күнге қамалмай еркіндікте жүруі. Биылғы 10 қаңтардан бастап аталған бап ауыр қылмыс қатарына жатқызылды. Демек, арыз түсісімен күдікті қамауда болуы керек болатын. Неге екені белгісіз, ол әлі бостандықта жүр. Кеше тергеу қызметкерлеріне де, федерация басшылығына да осы сауалды жолдадық. 20 наурыз күні бұл сауалды тағы көтереміз.