Халықты несиелендіру саласында реформа басталды. Соның аясында қарыз алушыларды қолдаудың жаңа тетіктері мен тәсілдері енгізіледі. Өзгерістер талапты қатайтуды қарастырады.
Жаңа бетбұрыс кредитпен қоштастырады
коллаж: Елдар ҚАБА
499
оқылды

Яғни, қазақстандықтардың кредит алуы қиындатылады. Мысалы, келер жылы 1 миллион теңге ғана несие алуы үшін азаматтың ең кемі 300 мың теңге жалақысы болуы керек. Ешқандай қарыз ала алмайтын клиенттердің «қара тізімдері» пайда болады. Бұған мемлекет не үшін барды және қандай нәтиже күтіп отыр?

Қарыз шыңырауы тереңдей түсті

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұқараның берешекке белшеден бату тенденциясы жоғары қарқынмен жалғасып жатқанына назар аудартты. Халыққа берілген кредиттер бір ғана айда 1,3%-ға ұлғайып, жалпы сомасы 24 трлн теңгеге жеткен. 2025 жылдың басынан көрсеткіш 16,2%-ға артты. Бұл мысалы, ел экономика­сының өсу қарқынынан (6,4%) 2,5 есеге көп. Сондай-ақ жеке тұлғалардың мойнындағы қарызы Қазақстанның бүкіл республикалық бюджетіне пара-пар деңгейге жуықтады және әрі қарай артып барады.

Үрейлісі сол, қаржылық реттеушінің мәліметі бойынша халыққа берілген кредиттер құрылымында ешқандай кепілзат сұралмаған, есесіне пайыздық мөлшерлемесі ең жоғары тұтынушылық қарыздар басым және жалпы сомасы 16,2 триллион теңгеге дейін өсті. Ипотеканың жалпы сомасы тек 6,7 трлн теңгені құрады. 

Қаржы нарығын реттеу агенттігі өткен бір ғана айда халықтың жаңадан 1,7 триллион теңге қарыз алғанын жариялады. Сорақысы сол, жыл басынан бері бизнес емес, қарапайым қазақстандықтар тек қана банктерден 14,6 трлн теңге қарыз алуға мәжбүр болыпты. Бұл тарихта болмаған теңдессіз теріс рекорд көрінеді. 

Мұның сыртында агенттік банктердің жеке тұлғаларға беретін несиесінің ставкасын тоқтаусыз көтеріп жатқанын жасырмады: бір айда халыққа ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 0,4 пайыздық тармаққа ұлғайып, 19,7%-дан асты. Ипо­текалық қарыздар бойынша орташа сыйақы мөлшер­лемесі 9,9%-дан, тұты­нушылық қарыздар бойынша ставка – 20,9%-дан жоғары болған. Бұл орташасы, одан да үлкені бар. 

Қарыз құрдымында қалған азаматтардың зілбатпан қамытты сүйреуден шаршағаны байқалады. Агенттіктің ресми дерегінше, кредит портфелінің сапасы нашарлай бастады. 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банк секторында төлем енгізудің тоқтатылғанына 90 күннен асып кеткен қарыздар (NPL90+) көлемі 1,5 триллион теңгеден асты. Халықтың кредиттері бойынша проблемалық берешектің үлесі кейінгі айда 4,5% болды. 2025 жылғы 1 қаңтарда 3,8% немесе 790 млрд теңге еді. Яғни, «улы қарыз» да қарқынды түрде артып барады. 

Осы деректің бәрі қалыптасқан проб­леманың алапат ауқымынан хабар береді. Сондықтан мемлекет халықтың кейбір санаттарына несие беруді шектеу секілді шетін қадамға барып отыр. Бұл тұрғыдағы жаңашылдықтардың бір тобы қазірден күшіне еніп жатса, тағы бір парасы жаңа жылда қолданысқа енгізілмек.

Үш әріпті жадыңа сақта, борышкер!

Қаржы нарығын реттеу агенттігі «борыш жүктемесінің коэффициенті» (БЖК) қағидаларын қазірден қатаңдатты. 2025 жылғы 24 қарашадан бастап Қазақстанда тұтынушылық займдарды беру кезінде, төлем мерзімі өткен қарыздары бар азаматтардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған деген жаңа талаптар өмірге жолдама алды. 

БЖК  деген не және ол неліктен маңызды? Борыш жүктемесінің коэффициенті (БЖК) – бұл кірістің кредитті төлеуге кететін үлесі. Оның шекті мәні – 0,5. Басқаша айтқанда, барлық қарызы бойынша ай сайынғы төлемдері қарыз алушының құжат жүзінде расталған жалпы табысының 50%-ынан аспауға тиіс. Асып кетсе, онда азаматтың кірісі отбасын асырауға, азық-түлік, киім-кешек пен тұрмыста бірінші кезекте қажет тауарларды алуға, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге және басқа өмірлік маңызды жайттарға мүлдем жетпей қалады. 

Сол себепті, мысалы, азаматтың жалпы табысы 300 мың теңге болса, онда 0,5 БЖК аясында оның ең жоғары «кредиттік жүктемесі» – айына 150 мың теңге ғана болуға тиіс. Банктер оған айлық жүгі осыдан артық болатын тұтынушылық кредит бермеуі қажет. Жалпы алғанда, БЖК банктерге клиенті жаңа кредитті «қайтармау тәуекелінсіз» өтеуге қабілетті ме, қабілетсіз бе, соны бағалауға көмектеседі. 

Бүгінде 1,5 триллион теңгені алған бо­рышкерлер сол үшін ұзақ уақыт төлем төлеуді қойып кеткені жоғарыда айтылды. Мұндай азаматтар үшін де өзгерістер (тіпті жаза деуге де келеді) қарастырылды. Сөйтіп, соңғы 12 ай ішінде төлемін 90 күннен астамға ке­шік­тіргендер үшін БЖК-ның ең жоғары мәні 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетілді. Бұл деге­німіз, банктер жаңа кредиттер беру кезінде бұрынғы 50%-дың орнына жүктеме ретінде мұндай қарыз алушының кірісінің тек 25%-ынан аспайтын сомасын назарға алады. Мысалы: жалақысы 300 мың теңге болғанның өзінде ай сайынғы ең жоғары рұқсат етілетін төлем 75 мың теңгеге дейін кемітілді.

Қаржыгерлердің есептеуінше, бұл жағдайда 300 мың теңге кірісті ай сайын тұрақты табатын қазақстандықтың өзі банктен 1 жыл 6 айға небәрі 1 миллион теңгедей ғана қарыз ала алады. Сонда ай сайынғы төлемі 61-70 мың теңге аралығында болады. Агенттіктің түсіндіруінше, мұндай шектеу қайталанатын дефолттар, банкрот­тықтар және шамадан тыс кредиттелудің алдын алу үшін енгізіледі.

Реформа аясында қазақстандықтардың бір бөлігіне кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салынуы мүмкін. Тыйым, біріншіден, банктік кредиттер бойынша кешіктіру мерзімі күнтізбелік 30 күннен асырғандарға, екіншіден, микрокредиттер бойынша кешіктіру мерзімін 1 күннен асырған қарыз алушыларға қолданылады. 

– Халықаралық нормалар бойынша 30 күннен көп кешіктіру банк үшін қарыз алушының бұрынғыға қарағанда тәуекелі жоғарылағанын және оның кредит бойынша төлемді тоқтату ықтималдығы артқанын білдіреді. Ендеше ол автоматты түрде «қауіп аймағына» кірді. Микронесиеде қарыз мерзімі қысқа, күндермен немесе апталармен өлшенеді. Тиісінше, онда кідірісі небәрі 1 күн ғана болса да, бұл микрокредит енді проблемалы сипат иеленуі мүмкін деген белгі-сигнал беріледі, ­– деп мәлімдеді қаржылық реттеуші. 

Салаға жауапты шенеуніктер мұнымен шектелмейді: қазақстандықтарды топтастыру үшін екі «қара тізім» әзірледі. Оған 2025 жылғы 1 шілдеден бергі соңғы 36 айда то­лық кешірілген берешегі барлар (негізгі қа­рызы немесе сыйақысы кешірілсе), соның ішінде банкрот болғандар іріктеледі. Агенттік мұндай қарыз алушылар «кредит тәуекелі жоғары» және «қарызды қайта қайтар­май­тындар» санатына жатқызылатынын хабарлады. 

Бұл тізімдердегі қарыз алушыларға жаңа кредиттер мүлдем берілмейді. Ведомство мұндай тыйым «азаматтардың қайтадан қарызға батпауына, сондай-ақ масылдықтың пайда болмауына және кредит өнімдерін теріс пайдаланбауға мүмкіндік береді» деген ойда. 

«Қауіп аймағына» тағы бір халық санаты ілігуі мүмкін. Айталық, қарыз алушы соңғы 12 айда борышына қайта құрылымдау жүргізді, бірақ реструктуризация оның қарыз төлемдері бойынша тәртібінің жақсаруына әкелмеді: қарыз алушы төлемдерін сол күйі дұрыс төлемеді. Сондықтан осы тәріздес қайта құрылымдау «жалған» деп танылатын болады: себебі бұл шара, бір жағынан, қарыз алушыға кредит тарихын формальды түрде жақсартуға мүмкіндік бергенімен, екінші жағынан, оның нақты борыш жүктемесін төмендетпеді және төлем қабілетін жақ­сартпады. 

Банктер жалған реструктуризацияны қалай айқындайды? Қаржылық реттеуші қаржылық ұйымдарға жалған қайта құрылым­даудың жүргізілген-жүргізілмегенін түсіну үшін келесі нышандарын белгіледі: біріншіден, қайта құрылымдалғалы бергі 6 айда қарыз сомасы 5% және одан көп пайызға кеміген жоқ. Екіншіден, қарыз бойынша мерзімі өткен берешегі әлі де бар және соңғы 12 айда 2 және одан да көп қайта құрылымдау жүргізілген. Үшіншіден, «қайта құрылым­далды» дегенімен, займ бойынша сыйақы негізгі борыштың 20%-ынан асады. Төр­тіншіден, қордаланған және мерзімі өткен берешек жаңа қарыз беру арқылы банктің ішкі немесе сыртқы қайта қаржыландыруы тәсілімен жүргізілген, яғни, көзбояушылық жасалған. 

Екі кредиттің құйрығын ұстауға тыйым

Келесі, 2026 жылдан бастап күшіне енуге тиіс заңнамалық өзгерістерге сәйкес қазақстандықтар бір уақытта бірнеше кредит рәсімдей алмауы мүмкін. 2025 жылғы 26 қарашада Мәжіліс банктер мен банк қызметі туралы заң жобасын және қаржы нарығын реттеу мен дамытуға енгізілген түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Құжат жаңа жылда күшіне енеді деп күтіледі.

Негізгі бастамалардың қатарында жеке тұлғаның бір сағат ішінде бірнеше банктен немесе микроқаржы ұйымдарынан несие алуына шектеу қойылды. Себебі оның артында алаяқтардың жымысқы тірлігі жатуы ықтимал. Айталық, бір кісіні қорқытып-үркітіп бірнеше несиені қатар рәсімдеуге итермелеген. Бұл ретте кредиттік бюролар да алаяқтыққа қарсы күресетін Антифрод-орталықтың қатысушыларының құрамына енгізіледі. Тиісінше, бюролар 1 сағат ішінде екі немесе одан  көп банкке өтінім берген жеке тұлғалар туралы ақпаратты осы орталыққа жедел жолдауға міндеттеледі.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жаңа жылдан бастап жаңа қадағалаудың түрлі тетігі енгізілетінін хабарлады. Оның сендіруінше, бұл несие алушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық алаяқтардың жолын кесу үшін қажет. 

– Жаңа жүйе тұтынушылардың құқық­тарын қорғаудың тәуекелге бағдарланған кешенді моделі сипатында болады. Оның негізгі элементтері қандай? Біріншіден, банктерге халыққа қызмет көрсету кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін құру жүктеледі. Енді банктерде халықтың құқықтарын қорғаумен ғана айналысатын жеке, ерекше бөлімшелер ашылады. Олар несие беру бөлімшелерінен және проблемалық берешекті қайтару бөлімшелерінен бөлек, тәуелсіз әрекет етуге тиіс, – деді М.Әбілқасымова.

Екіншіден, қаржы өнімдерінің сәйкестігі бағаланады. Бұдан былай алдына келген клиентіне қандай да бір қаржы өнімдерін ұсынса, бұл оның қаржылық жағдайына қалай әсер ететінін қаржылық ұйымдар бағалауға міндетті болады. Өйткені бұрын­ғыдай мемлекет есебінен қарыз кешіру бол­майды. Оның орнына банктерге, МҚҰ-ларға «улы кредиттердің» бір бөлігін есептен шығару арқылы құтылуға тура келеді. Сәй­кесінше, тұтынушылық несиені бұрынғыдай оңды-солды тарата бермей, тек соны қайтара алатын клиентке ғана беруі керек.  

«Үшіншіден, жосықсыз тәжірибелерге бақылау енгізіледі. Агенттікке оларды тоқтату құқығы беріледі. Жосықсыз практикалардың тізбесін біз заң арқылы бекітіп жатырмыз. Мысалы, оған несиеге тікелей қатысы жоқ қосымша қызметтерді мәжбүрлеп алғызу, кредиттің ақырғы, нақты құнын жасыру, жаңылыстыратын ақпарат тарату, сатудың агрессивті әдістерін қолдану кіреді», – деді агенттік төрайымы. 

Төртіншіден, банктердің кредитке өтініштерді қарау жүйесі өзгереді. Қолда­ныстағысынан негізгі айырмашылығы, тек сандық көрсеткіштер емес, пруденциялық нормативтер, несие сапасы және басқа па­ра­метрлері қарастырылады. Қорыта айт­қанда, мемлекет банктердің, басқасының жауапсыз несие беруін тоқтату шараларын қабылдауға кірісті. Одан нәтиже шыға ма әлде келесі жылы да тұтынушылық кредит сомасы жаңа асқарларды бағындыра ма, уақыт көрсетеді.

Елдос СЕНБАЙ