«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қарағанды облысында түрлі ауқымды іс-шара өтуде. Тәртіп сақшылары, құзырлы орган қызметкерлері азаматтардың құқығын түсіндіріп қана қоймай, жұртшылыққа жұмыстарын таныстыруда.
Құқықтық бастамалар қауіпсіздікке жол ашады
108
оқылды

Қарағанды қаласындағы тұрғындарға полиция жұмысының шынайы процесін көрсетуге бағытталған «Құқықтық тәртіп әліппесі» жобасы бастау алды. Бір күн бойы қоғам белсенділері, журналистер, блогерлер, студенттер және мәслихат депутаттары түрлі қызметтердің мамандарымен бірге жүріп, өңір қауіпсіздігінің қалай қамтамасыз етілетінін көзбен көрді.

Жоба Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылына және «Заң және тәртіп» идеологемасына сәйкес жүзеге асуда. Басты мақсат – полиция жұмысын ашық әрі қолжетімді етіп көрсету, сондай-ақ азаматтық қоғаммен өзара сенім мен серіктестікті нығайту.

Қатысушылар полиция қызметінің 11 бағытымен танысты: тергеу және кри­миналистика, ювеналдық полиция, көші-қон қызметі, Жедел басқару орталығы, жедел әрекет ету арнайы жасағы және басқа да бөлімшелер. 

Әр құрылымның ішкі жұмысы, оның құқық тәртібін қамтамасыз етудегі рөлі жан-жақты түсіндірілді.

Жобаның іске қосылуына Қарағанды облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Жасқайрат Қайыров жетекшілік етті. Ол «Заң және тәртіп» қағидаты – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін баса айтты.

– Полицияның негізгі міндеті – әрбір азаматтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біздің жұмысымыз тұр­ғындардың сеніміне сүйенеді, – деді Жасқайрат Қайыров.

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының әйелдер қанатын басқаратын облыстық мәслихат депутаты Зара Шалабаева және облыс әкімінің гендерлік теңдік жөніндегі штаттан тыс ке­ңесшісі Айжан Қиясова тергеу басқар­масында болды. Оларға ауыр және аса ауыр қылмыстардың тергелу тәртібі көрсетілді.

– Тергеушілердің жұмысы – құқықтық тәртіп жүйесінің өзегі. Бұл – кәсіби біліктілік пен жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі еңбек. Цифрлық шешімдердің енгізілуі процестерді айқын әрі жылдам ете түсті, бұл – реформалардың нақты нәтижесі, – деді Зара Шалабаева.

Жобаға қатысушылар мұндай іс-шаралар полиция мен қоғам арасындағы сенімді арттыратынын атап өтті. Жоба Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудан­дарында өткізілді. Алдағы уақытта облыстық прокуратура және Экономикалық тергеулер департаментімен осындай кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Қарағанды облысының прокуратурасы да «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жаңа жобаны іске қосты. Жоба аясында құқықтық ақпаратты қолжетімді ету үшін QR-код енгізіледі. Оны қоғамдық орындарда, көлікте, оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде және басқа да әлеуметтік нысандарда орналастыру жос­парлануда. QR-код арқылы азаматтар алаяқтықтан қалай сақтану, нашақорлыққа қатысты қылмыстардан қалай қорғану, отбасылық зорлық-зомбылық жағдайында қайда жүгіну сияқты пайдалы ақпараттарды ала алады.

Кәсіпкерлер және еріктілермен өткен кездесуде прокуратура өкілдері жобаны қолдауға шақырды. Сондай-ақ есептеу-қызмет көрсету орталықтарының қызмет­керлеріне QR-кодты төлем түбіртектерінде орналастыру ұсынылды.

Прокуратураның хабарлауынша, жоба тұрғындарға қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпарат, кеңестер мен жаңалықтарды қол­жетімді түрде алуға мүмкіндік береді.

Қазір сервис алты блоктан тұрады: ин­тернет-алаяқтық, нашақорлыққа қатысты қылмыстар, дропперлік, жол қауіпсіздігі, даулы жағдайлар және интернеттегі этика мен мінез-құлық. Облыс прокуроры Ба­уыржан Мырзакеровтің айтуынша, ақпарат үнемі жаңартылып, өзекті тақы­рыптар мен жаңа бөлімдермен толықтырылатын болады.

– Қазақстанда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы жүзеге асып жатыр. Ол заңдылықты нығайтуға және халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағыт­талған. Облыстық прокуратура құқықбұзу­шылықтың алдын алу туралы ақпаратты қамтитын QR-код әзірледі. Онда ақпарат қысқаша, түсінікті көрсетілген, видеоро­ликтер мен қауіпсіз мінез-құлыққа арналған кеңестер бар. Құқықтық сауаттылығы бар адам жағымсыз жағдайлардан қорғануға дайын, – дейді Қарағанды облысы про­куратурасының бірінші басқармасының бастығы Алмаз Бекмағамбетов.

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы арқылы оқушыларға да адалдықты оқыту қолға алына бастады. Мысалы, Бұқар жырау ауданының Көкпекті жалпы білім беретін мектебінде алғаш рет «Жас сақшы» атты арнайы сынып ашылды. Оның мақсаты – оқушыларды тәртіп пен жауапкершілікке баулу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу және азаматтық ұстанымын нығайту.

Сыныптың ашылу салтанатында Көкпекті мектебінің 6 «А» сыныбының оқушылары салтанатты түрде «Жас сақшы» қатарына қабылданды. Оқушылар ант беріп, саптық және әскери-спорттық дайындық элемент­терін көрсетті.

Жоба «Заң және тәртіп» қағидаты аясын­да және Қарағанды облысының По­ли­ция департаменті мен Білім басқармасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жүзеге асып отыр. 

Сондай-ақ бұл бастама Ішкі істер ми­нистр­лігінің негізгі бағытының бірі саналады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жасөспірімдер арасындағы құқықбұзу­шы­лықтың алдын алуға, мектеп оқушылары­ның тәртібі мен құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ құқық қорғау саласына деген қызығушылықты оятуға бағытталған.

– Мұндай бастама идеясы алғаш рет 2022 жылы, мен Қарағанды қаласындағы Жақып Ақбаев атындағы мектептің дирек­торы болып жұмыс істеп жүрген кезде пайда болды. Сол кезде оқушылардың құқық са­ла­сына қызығушылығын арттырып, құ­қықтық мәдениетін қалыптастыруды көздедік. Әріптестеріммен бірге ІІМ-нің Б.Бейсенов атындағы академиясымен әріптестік орнатып, жобаны жүзеге асыруға қолдау таптық. Енді бұл бастама Бұқар жырау ауданында да табысты дамитын болады, – деді аудандық білім бөлімі бас­шысы Ерқанат Ермек.

Ерқанат Ермектің айтуынша, «Жас сақшы» сыныбында дәрістер сабақтан тыс уақытта өткізіледі. Арнайы бағдарламаға саптық және әскери дайындық, шахмат, би, кітап оқу, садақ ату және жүзу сабақтары енгізілген. Аптасына бір рет сабақтарды полиция қызметкерлері мен ІІМ академия­сының офицерлері жүргізеді. Барлық оқу үдерісі тегін ұйымдастырылған.

Сонымен қатар жобаға қатысушы тү­лектерге жоғары оқу орындарына түсу кезінде белгілі бір жеңілдіктер беріледі. Оқушылардың ата-аналары бастаманы зор ықыласпен қолдап отыр.

Құқықтық тәртіп негіздері, бастапқы әскери дайындық, өзін-өзі қорғау және командалық жұмыс сабақтары өтетін кабинетке Бұқар жырау ауданының тумасы, қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан аға лейтенант Қайрат Хомутовтың есімі берілді. Жаңа кабинет жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын қалып­тастыратын орталыққа айналмақ.

– Біздің мектеп 1964 жылы ашылған. Ұрпақтар сабақтастығын сақтап, Кайрат Хомутовтың ерлігін мәңгі есте қалдыру мақсатында біз «Жас сақшы» сыныбын ашып отырмыз, – деді мектеп директоры Гаухартас Жәмина.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы