Қазақстанның туристік орындарында шетелдік фильм түсіру жоспарланған.
Үндістанның киногерлері еліміздің туристік орындарында фильм түсіреді
Фото: iStock
144
оқылды

Алғашқы бірлескен жобаның түсірілімі келесі жылы басталады деп күтілуде. Негізгі локациялар еліміздің бірегей табиғаты мен көріністерімен танымал Алматы өңірінің тауларында және жазық даласында болуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Үндістандағы 55-ші IFFI халықаралық кинофестивалінде Қазақстан туризмінің медиа-амбассадоры және халықаралық жобалардың продюсері Надира Ахонова шетелдік кинематографистерге  елімізді перспективалық бағыт ретінде таныстырды. Режиссерлерге, студиялар мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдеріне киноиндустрияға тартымды алаң бола алатын негізгі туристік орындар көрсетілді.

«Біз Қазақстанға ірі халықаралық жобаларды тарту мақсатында шетелдік киноөндірушілермен келіссөздерді белсенді жүргізіп жатырмыз. Үндістандық продюсерлер мен студиялар елге қызығушылық танытып, көркем және деректі фильмдер түсіру мүмкіндігін қарастыруда. Алғашқы жобамыз бойынша Алматыда рекогносцировка жүргізіліп, даладағы және таудағы локациялар таңдалды. Сондай-ақ  жергілікті мамандардан құралған команданы қалыптастыру басталды. Бұл туристік әлеуетімізді кино арқылы паш етумен қатар екіжақты шығармашылық ынтымақтастықты дамытуда маңызды қадамға айналады», – деді Надира Ахонова.

Жаңа фильм Қазақстанның туристік әлеуетін Үндістан тұрғындарына және әлемнің басқа елдеріне таныстырады. Кинокартинада бірегейлік, мәдени өзара әрекеттестік және адами құндылықтар тақырыптары қамтылады.

Халықаралық жобаның түсірілімі Қазақстанның тартымды креативтік алаң ретіндегі имиджін нығайтуға септігін тигізеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.