Астанада 13-15 желтоқсан аралығында Тәуелсіздік даңғылы 34 мекенжайында орналасқан Astana Mall сауда-ойын-сауық орталығында ұлттық өнердің ұлы керуені – «Ұлы дала қолөнершілер керуен көшi» республикалық қолөнер жәрмеңкесі өтеді, – деп хабарлайды Aykin.kz сайты елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл шара – жай ғана жәрмеңке емес, қазақтың терең тамырлы өнерін, ұлттық нақышын, дәстүр мен заманауи стильді тоғыстыратын ерекше мәдени кеңістік. Мұнда келушілер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлердің қолынан шыққан бірегей бұйымдарды көріп, ұлттық өнердің жандануына куә бола алады.
Жәрмеңке аясында: қазақтың төл қолөнер туындыларының көрмесі, ұлттық стильдегі сән көрсетілімі, танымал қолөнершілер мен дизайнерлердің қатысуымен шеберлік сабақтары, этномәдени бағдарлама және авторлық бұйымдарды сатып алу мүмкіндігі ұсынылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкенің басты мақсаты – ұлттық өнердің дамуына серпін беріп, қолөнер шеберлерін қолдау және тұрғындарға ерекше этномәдени атмосфера сыйлау.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін кіру тегін. Шара жайлы толық ақпарат: 8 747 140 81 47.