Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат жұмыс сапарымен Ватиканға барды.
Мемлекет басшысының хатын табыстады
158
оқылды

Сапар аясында қазақстандық делегация мүшелері Рим Папасы XIV Леоның аудиенциясында болды және Қазақстанның конфессияаралық бастамалары мен Ватиканның рухани көшбасшылығына арналған халықаралық дөңгелек үстелге қатысты. Конференция алаңында Мәулен Әшімбаев Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі дикастериясының префекті кардинал Джордж Кувакадпен және өзге де дін істері ұйымдарының өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.

Сенат Төрағасы Рим Папасы XIV Леоға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін және елімізге Апостолдық сапармен келу жөніндегі шақыруын жеткізді. Мәулен Әшімбаев кез­десуде Қазақстанның Ватиканмен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

«Түрлі этникалық және діни қауымдастықтардың құтты мекені саналатын Қазақстан Қасиетті Тақтың бейбітшілікті, үйлесімділікті және өзара құрметті дәріптеу жөніндегі бастамаларымызды үнемі қолдап келе жатқанын жоғары бағалайды. Қазақстан мен Ватикан арасындағы айрықша достық пен ынтымақтастық қалыптасқан са­бақ­тастыққа табан тіреп, нығайып келеді. Аса Қасиетті, Сіз бүгінде өзара қарым-қатынасты жаңар­тылған тәсілдер негізінде дәйекті түрде одан әрі дамытып отырсыз. Біз Ватиканның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне көрсеткен тұрақты қолдауы үшін ерекше ілтипатымызды біл­діреміз. Сіздің VIII Съезд қатысу­шыларына үндеуіңіз осы форумның Қорытынды декларациясымен бірге жаһандық диалогты нығайту және экстремизм мен төзбеушілікке қарсы іс-қимыл жолындағы рухани бағдар ретінде қызмет етеді. Аса Қасиетті, Өзіңізге қолайлы уақытта Апостолдық сапармен Қазақстанға келуіңіз біз үшін үлкен мәртебе болар еді. Мұндай сапар өңіріміздегі әр алуан қоғамның өкілдерін жігер­лендіріп, әділетті әрі үйлесімді халықаралық тәртіпті көздейтін ортақ ұмтылысымызға тың сер­пін береді деп сенемін», – делінген Қа­зақ­­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рим Папасы XIV Леоға жолдаған арнайы хатында.

Мәулен Әшімбаев аудиенция үшін алғыс білдіре отырып, Ватикан делегациясы Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының VIII съезінің Қорытынды декларация­сын әзірлеуге белсенді қатысқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Съезд Хат­шылығының Декларация ереже­лерін іске асыру мақсатымен жүр­гізіп жатқан жұмысына тоқталды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Вати­канмен қарым-қатынасты ны­ғайтуға үнемі баса мән береді, сондай-ақ Сіздің дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайту жөніндегі күш-жігеріңізді жоғары бағалайды. Қасиетті Тақтың өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің Астана бейбітшілік дек­ларациясы-2025 атты қорытынды құжатын әзірлеуге белсенді қатыс­ты. Съезд хатшылығы Декла­рацияны іске асыру аясында діни ұйымдардың климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі туралы құжат дайындау жұмыстарын қолға алды. Сондай-ақ дін көшбасшыларының көзқарасын ескере отырып, Жасан­ды интеллектіні дамытудың эти­калық кодексін әзірлеуді де бас­тадық. Біз ғылыми-технологиялық прогресс шеңберінде рухани құндылықтарға басымдық беру идеясын дәріптейтін Қасиетті Тақтың осы саладағы көшбасшы­лығын жоғары бағалаймыз. Бұл мәселеде Католик шіркеуінің институттарымен белсенді өзара іс-қимыл орнатуға дайынбыз», – деп, Мәулен Әшімбаев Рим Папасына діни сенімі үшін қаза тапқандарды еске алу белгісі ретінде Қазақстан аумағында қуғын-сүргінге ұшыраған католик діні қызметкерлерінің тізімін табыс етті.

Өз кезегінде, Рим Папасы XIV Лео Қазақстанның түрлі діннің өкілдері арасындағы бейбітшілікті жолға қою және жаһандық деңгейде өркендеуді ілгерілету жөніндегі бастамаларын жоғары бағалай­тынын жеткізді. Понтифик қазіргі сын-қатерлер жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­ларының съезі аясында жасалып жатқан ізгі амалдар мен қадамдар­дың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Қасиетті Тақ тарапы мұндай миссияны үнемі қолдай­тынын айтты.

Дөңгелек үстел аясында Қазақ­стандағы Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Ватиканның Дін­аралық диалог жөніндегі Дикас­териясы арасында меморандумға қол қойылды. 

Сонымен қатар бұл күні Сенат Төрағасы Қасиетті Тақтың Дін­аралық диалог жөніндегі дикас­териясының префекті кардинал Джордж Кувакадпен екіжақты кездесу өткізді. Онда екі елдің мәдениет­аралық және дінаралық диалог саласындағы ынтымақ­тастығының басым бағыттары сөз болды.

Парламент Сенатының Төра­ғасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары съезі хатшы­лығының басшысы Мәулен Әшім­баев Ватиканға жұмыс сапары аясында Егеменді Мальта Орденінің Ұлы Магистрі Фра Джон Тимоти Данлап­пен, сондай-ақ Ұлы Кан­ц­лері Риккардо ди Монтекупомен кездесті. 

Мәулен Әшімбаев Фра Джон Тимоти Данлапқа ілтипат білдіріп, Қазақстан Егеменді Мальта Орденімен тығыз қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Палата Төрағасы көптеген жаһан­дық мәселеде екі мемлекеттің позициясы мен тәсілі ұқсас екенін тілге тиек етіп, дінаралық диалог, гуманитарлық көмек, медициналық және әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты салалардағы ынтымақ­тастықты дамыту бағытындағы зор әлеуетке назар аударды.

Егеменді Мальта Орденінің Ұлы Канцлері Риккардо ди Мон­текупомен кездесуде бейбітшілік пен диалогтың жаһандық мәде­ниетін ілгерілету жөніндегі бастама­ларға баса мән берілді. Сенат Төрағасы өз сөзінде Қазақ­стан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қақтығыстар мен дағдарыстардан халқы зардап шегіп жатқан елдерді қолдауға бағытталған бастама­ларына тоқталды.

Кездесудің нәтижесінде Қазақ­стандағы Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Мальта Ордені арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар сапар аясында Қазақстан Парламентінің деле­гациясы Италияның сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен кездесіп, халықаралық күн тәр­­тібіне қатысты пікір алмасты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Дін­аралық диалог жөніндегі дикастерия Ислам істері бюросының бұрынғы бас­шысы монсеньор Халед Акашемен кездесті. Сұхбат барысында Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­ларының VIII съезінде белгілеп берген міндеттерді, оның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану этикасы жөніндегі дінаралық комиссия құру туралы бастамасы мен Астана бейбітшілік декла­рациясының ережелерін іске асыру тетіктері талқыланды.