Қадағалау органының мәліметінше, кейбір жеке сот орындаушылары борышкерлерге қатысты бұрын қойылған Қазақстан Республикасынан шығуға тыйым салу шектеулерін заңсыз алып тастаған.
Шымкентте 12 жеке сот орындаушы лицензиясынан айырылды
169
оқылды

Шымкент қаласының прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде жеке сот орындаушылары тарапынан бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, 12 сот орындаушы мемлекеттік лицензиясынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қадағалау органының мәліметінше, кейбір жеке сот орындаушылары борышкерлерге қатысты бұрын қойылған Қазақстан Республикасынан шығуға тыйым салу шектеулерін заңсыз алып тастаған. Сонымен қатар  атқарушылық іс жүргізуді заң талаптарын бұза отырып бастаған жағдайлар тіркелген. Атап айтқанда, жеке сот орындаушылары еңбек демалысында жүрген кезінде олардың көмекшілері өз бетінше атқарушылық іс жүргізу әрекеттерін бастаған.

– Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты ҚР Әділет министрінің атына заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді. Ұсынысты қарау нәтижесінде 85 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, олардың бірқатарына қатысты лицензиядан айыру туралы сотқа талап-арыз берілді, – деп хабарлады прокуратура.

ҚР Әділет министрлігінің талап-арызы сотта қанағаттандырылып, нәтижесінде 12 жеке сот орындаушысы қызметтік лицензиясынан айырылды. Бұл шешім заңды күшіне енді.

 

Прокуратура органдары атқарушылық іс жүргізулердің заңдылығын тұрақты бақылауда ұстайтынын және мұндай бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.