Қазір Астанада іші де, сырты да жайлы, заманауи талаптарға сай, соңғы үлгіде жабдықталған мектептерді жиі кездестіруге болады.
Жаңа стандарт, жаңа мүмкіндік
147
оқылды

Бұл – Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасының жемісі. Халық та бұрынғыдай баласын алыстағы мектепке тасымай, «ең жақын мектеп, ең жайлы мектеп» деп келешек мектептердің игілігін көруде. Тіпті, ұлттық жоба аясында салынған мектептердің деңгейі мен сапасы жекеменшік мектептермен бірдей.

Ұрпақ келешегінің кепілі

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орта білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске қосуды тапсырды. Тәуелсіздік жылдарынан бері кешенді жаңартудан өтпеген мектеп инфрақұрылымы, үш ауысымда оқыту мәселесі, сондай-ақ қала мен ауыл балалары арасындағы білім сапасындағы алшақтық бұл шешімнің өзектілігін айқындады. Аталған ұлттық жоба елді мекендер арасындағы теңсіздікті азайтып, барлық өңірде бірдей сапалы білім алуға мүмкіндік беретін жаңа форматтағы мектептер желісін құруға бағытталған.

«Жайлы мектеп» атауынан «Келешек мектептері» болып өзгерген жоба балаларға қазіргі заман талабына сай жағдайда тегін, сапалы білім беруді мақсат етеді. Бұл бастама мектептің материалды-техникалық базасын жақсартып қана қоймай, балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін ұштайтын кеңістік қалыптастыруды көздейді. 

Аталған жоба аясында салынған мектептер бұрынғы типтік мектептерден едәуір ерекшеленеді. Олардың жалпы аумағы 15–20%-ға үлкен, ал техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары. Әр мектепте робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары мен төрт спорт залға дейін қарастырылған.

Ұлттық жоба аясында барлығы 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салу жоспарланған.

Үш ауысыммен оқыту мәселесі шешілді

«Келешек мектеп» ұлттық жобасы елордадағы білім беру саласын дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Жоба аясында Астана қаласында 2024–2025 жылдары екі ауысымда оқытуға арналған, жалпы сыйымдылығы 84 800 оқушы орнын құрайтын 23 мектептің құрылысы аяқталды. Ал 2024 жылы екі ауысымда 56 800 оқушыны қамтитын 16 заманауи жайлы мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, қаладағы 6 мектепте үш ауысыммен оқыту мәселесі толық шешіліп, 9 білім беру ұйымындағы оқушы тығыздығы едәуір азайды. Қазіргі уақытта аталған мектептердің барлығында оқу үдерісі қалыпты режимде жүргізілуде.

Ал 2025 жылы екі ауысымда 28 000 оқушы орнын қамтамасыз ететін тағы 7 мектеп қолданысқа берілді. Соның арқасында 2 мектептегі үш ауысымды оқыту толығымен жойылып, 7 мектептегі оқушы тығыздығы төмендейді.

Мектептерді салу барысында білім беру сапасын арттыруға бағытталған заманауи талаптарға ерекше назар аударылуда. Оқу ғимараттары жаңа форматтағы пәндік кабинеттермен жабдықталып, аумақтары абаттандырылуда. Сонымен қатар балалар ойын алаңдары мен футбол алаңдары салынуда, көлік қатынасына қолайлы кірме жолдар қарастырылған.

Салынған және салынып жатқан мек­тептердің басым бөлігі халық саны қарқынды өсіп жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасқан. Бұл жаңа тұрғын үй кешендерінде тұратын балаларды білім беру ұйымдарымен уақтылы қамтуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, «Келешек мектеп» ұлттық жобасы елордадағы білім беру инфрақұры­лымын жүйелі түрде жаңғыртып, оқушылар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі сапалы білім алу ортасын қалыптастыруға бағытталған. Жоба нәтижесінде Астана қаласында үш ауысыммен оқыту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, заманауи мектептер саны артып келеді.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған

Алматы ауданындағы №114 жалпы орта білім беретін мектеп қыркүйек айының басында ашылды. Жаңа мектептің ашылуы аудандағы мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешуге айтарлықтай әсер еткен. Мектеп директоры Ұлбала Тойлыбаеваның айтуынша, келешек мектебі тек білім беретін орын емес, оқушыны ойлауға, зерттеуге, жаңалық ашуға, дамуға бағыттайтын интеллектуалды орта. Мұндағы әр кабинет оқу процесінің бір бөлігі ғана емес, оқушының тұлғалық, академиялық және цифрлық дағдыларын дамытатын көпфункционалды кеңістік. Пәндік кабинеттер толықтай заманауи үлгіде интерактивті тақта, электронды оқулықтар, графикалық планшеттер, цифрлық есептеу құралдары, геометриялық модельдер, STEM элементтері, шахмат және тоғыз құмалақ ойындарымен жабдықталған.

– Келешек мектебінің ашылуы нақты екі мектептің орын тапшылығы проблема­сын шешті. Ол үш ауысымда білім алатын С.Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейі және оқушы тығыздығы жоғары №32 мектеп-гимназиясы. Аталған екі мектептен 1500 жуық бала ауысты. Осылайша, үш ауысымды және тығыздығы жоғары мектептің мәселелері толық шешілді. Келешек мектебіндегі IT-кеңістік тек компьютер сыныбы емес. Ол –программалау орталығы, киберқауіпсіздік зертханасы, виртуалды реалдылық (VR/AR) құралдар, 3D-графика және модельдеу. Ұлдар мен қыздарға арналған шеберханаларда тігін машиналары, лазерлік станоктар орнатылған. Үй мәдениеті зертханасы, графика кабинеттері оқушыларды шығармашылық шыңдауда таптармас ортаға айналды. Инклюзияны қолдау орталығындағы сенсор бөлмесі ерекше қажеттілігі бар бала үшін тыныштық пен даму ортасын құруда, – дейді №114 жалпы орта білім беретін мектеп директоры. 

Айта кету керек, мектепте баланың фи­зиологиялық дамуы үшін соңғы үлгідегі құ­ралдар мен спорт инвентарлармен жабдықталған екі үлкен, екі кіші спорт зал бар. Одан бөлек, баланың бос уақытын ұйымдастыруға болатын, демалысын сапалы ететін рекреациялар мен коворкинг зоналар тағы бар. 50 орындық кітапхана мульти­медиялық құралдармен қамтамасыз етілген. Ыңғайлы кітап оқитын аумақтармен жаб­дықталған. Кітапты алып оқу Face ID арқылы жүзеге асады. 

– Мектепте спорт бағытында тегін футбол, баскетбол, асық ату, тенис, волейбол, то­ғызқұмалақ, бес тас, гандбол  секциялары, оның ішінде гандбол, дзюдо секциялары Оқу-ағарту министрлігі мен Ұлттық-практикалық дене тәрбиесі орталығымен бірлесіп өтуде. Шығармашылық бағыттағы хор, дәстүрлі ән, театр, қол өнер, әдеби өнер, стиль мен эстетика үйірмелері оқушылардың бос уақытын ұйымдастыруда. №114 мектепке мұғалімдер конкурстық негізде жұмысқа қабылданды. Мектепте педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор санатындағы ұстаздар қызмет етеді. Бүгінде ұстазардың сапалық құрамы 45 пайызды құрайды. Бұл – сапалы білім мен тәрбие беруде өте жоғары көрсеткіш, – деп атап өтті Ұлбала Тойлыбаева. 

Келешек мектепте оқушылар қауіпсіздігі де жан-жақты ойластырылған. Бастауыш блокта 1-4 сынып оқушылары кіретін есік, орта және жоғары буында бөлек кіретін есік бар. Ол есіктер мектепке келушілерді тіркейтін вахта мен қауіпсіздік турникеттермен жабдықталған. Турникеттерде Face ID құрылғылар бар оқушылар мен ұстаздар, қызыметкерлер face ID арқылы өтеді. Одан бөлек, эвакуциялық шығу есіктері, ан­типаникалық жүйелер, өртке қарсы жүйелер, бейне бақылау жүйесі қойылған. Кедергісіз орта құру мақсатында жолаушылар лифті, пандустар бар.

Келешек мектептердің салынуы еліміздің білім беру саласына тың серпін беріп, оң өзгерістерге жол ашты. Заманауи талаптарға сай жабдықталған, қауіпсіз әрі жайлы білім ордалары оқушылардың жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және сапалы білім алуына кең мүмкіндік туғызуда. Мұндай мектептерде білім алатын балалар жаңа технологияларды еркін меңгеріп, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасады деген үлкен үміт бар.

Озық инфрақұрылым мен қолайлы оқу ортасы шәкірттердің оқу процесіне деген қызығушылығын арттырып, мұғалімдерге де өз әлеуетін толық жүзеге асыруға жағ­дай жасайды. Сондықтан келешек мектептерде тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақ елдің интел­лектуалдық әлеуетін күшейтіп, Қазақстанның жарқын болашағын қа­лыптастыратын басты күшке айналады деп сенеміз.

Көктем ҚАРҚЫН