Екі ел байланысының елеулі кезеңі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға алғашқы рес­ми сапары барысында Император Нарухитомен кездесті. Прези­дент қонақжайлық танытқаны үшін Жапония Императорына ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы Қа­зақ­стан халқы Күн­шығыс елі­нің тәртібі мен табан­ды­лы­­ғын әуелден үлгі тұта­ты­нын атап өтті. Сон­­дай-ақ екі елді өзара құрмет пен түрлі са­­­­ладағы табысты ық­пал­дас­тыққа не­гіз­дел­ген байырғы дос­тық қатынастар бірік­тіре­ті­нін жеткізді.

Император Нарухито Пре­­­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Жа­по­ния мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихында елеулі уа­қиға ретінде қалаты­нын жә­не екіжақты қарым-қа­ты­насты жа­ңа деңгейге шығара­тынын айтты.

Мемлекет басшысы мен Им­ператор өза­ра ынтымақ­тас­тық мәселелері және ха­лы­­­­қаралық күн тәртібі жө­нін­де пікір ал­масты.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мейд­жи Джингу ғибадатханасын ара­лады.

1920 жылы салынған ке­шен им­пера­тор­лық киелі орын саналады. Оның аума­ғын­­да 120 мыңға жуық ағаш пен жасыл же­легі бар саябақ ор­наласқан.

Ғибадатхана түбегейлі сая­си және әлеу­меттік-эко­но­микалық реформалар жүр­­гізу арқылы Жапонияны әлем­нің да­мы­­ған елдерінің бі­ріне айналдырған им­пе­ратор Мейджиге арналған.

Кешенмен танысқан соң Мем­лекет бас­шысы Құрметті қо­нақтар кітабына жаз­ба қал­дырды.

«Мейджи Джингу – бере­ке­лі бірлік пен ұлт­тық сана-се­зімнің символы. Жапон хал­­қы үшін осы қасиетті ғи­ба­датхананың тари­хи мән-маңы­зы ерекше. Күншығыс елі өсіп-өркендей берсін!» – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыдан соң Мемлекет бас­шысы қазір Жа­понияда білім алып, түрлі салада қыз­мет етіп жүрген Қазақстан аза­маттарымен кездесті.

Президент Жапония сияқ­ты дамыған ел­дің тәжі­ри­бесін зерделеу маңызды еке­­нін айтты.

– Бұл сапар екі ел арасын­дағы қарым-қатынасқа тың серпін береді деп ойлаймыз. Жа­пон тарапы да үлкен мән бе­ріп отыр. Бүгін Премьер-ми­нистрмен кездесемін. Ын­ты­мақтастығымыздың ке­ле­шегі зор болатынына еш­­­­­­қан­дай күмән жоқ. Өз­де­ріңізге бел­гілі, Қазақстан өз дамуында жа­ңа кезеңге қадам басты. Биыл ел эко­номи­касының өсі­мі 6 пайыздан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Деген­мен мұнымен тоқ­тап қалуға болмайды. Инфляцияны тө­­мендету, инфрақұрылымды жаңарту қажет. Қазақстан келешекте цифрлық елге ай­налуы керек. Алдымызда осын­­дай үлкен мақсаттар тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отандастарымыз арасы­нан Ritsumeikan Азия – Ты­нық мұхиты универси­те­ті­нің вице-президенті, про­фессор Серік Мейір­ма­нов, ARIA Consulting негізін қалаушы Арайлым Хасан, Showa және Juntendo медицина универ­си­теттерінің доценті Әбдібек Қалибек, Ailia компа­ния­сын­да жасанды интеллект тех­нологиясымен айна­лы­са­тын инженер Эльдар Тө­леу­бай сөз сөйлеп, өздерінің Күн­шығыс еліндегі жетіс­тік­терін бөлісті.

Президент Жапонияда тұ­рып жатқан қазақстан­дық­тарға табыс тіледі. 

Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев То­шиа­ки Эндо бастаған Жапо­ния Парламентінің Қазақ­стан­мен достық лигасы мү­ше­лерімен кездесу өткізді. Мем­лекет басшысы Достық ли­гасының қызметіне жо­ға­ры баға беріп, оны екіжақты ын­тымақтастықты нығай­ту­дың маңызды тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті.

– Еліміз Токиомен жан-жақ­ты ықпалдастықты одан әрі арттыруға баса мән бе­ре­ді. Парламентаралық диалог те­реңдей түсті. Түрлі дең­гей­дегі байланыстар тұрақты түр­де жалғасуда. Сауда-эко­номика және инвестиция са­ласындағы екіжақты қа­ты­настарымыз тың серпінмен дамып келеді. Жапония Қа­зақстандағы ірі инвестордың қатарына кіреді. Былтыр тауар айналымы 2 миллиард дол­ларға жетті. Бұл – Жа­по­нияның Орталық Азия мем­ле­кеттерімен жалпы сауда кө­лемінің 70 пайызынан ас­тамы деген сөз. Сондай-ақ кө­лік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және бас­қа да салаларда нақты жо­ба­лар бар. Біз бүгін Им­пера­тор Нарухитомен кездесуде медицина саласы, су мәселесі бойынша пікір алмастық. Шын мәнінде, екіжақты ын­ты­мақтастықтың келешегі зор. Мәдени-гуманитарлық бай­ланысымыз тереңнен та­мыр тартады. Екі ел білім жә­не ғылым, мәдениет пен өнер, спорт және туризм са­ла­ларында өзара тығыз ық­палдастық орнатты. Биыл Оса­када өткен Дүниежүзілік көр­ме аясында қазақтың ұлы ақы­ны, ғұлама ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуын атап өттік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жаһандық өзекті мә­­селелерге қатысты Қазақстан мен Жа­по­ния­ның ұстанымдары ортақ екеніне тоқ­талды.

– Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясында бей­бітшілікті қамтамасыз ету, ядролық қару­сыз­дану мәселелері бойынша бір-бірімізді үнемі қол­дап келеміз. Қазақстан аймақаралық ын­тымақтастығымыздың маңызды тетігі са­налатын «Орталық Азия + Жапония» сам­митіне айрықша мән береді. Премьер-ми­нистр Санаэ Такаичи ханыммен өтетін кез­­десуде бірқатар мәселені талқылаймыз. Бұл келіссөздер саяси диалогты тереңдетіп, эко­номикалық және гуманитарлық алыс-бе­рісті жандандыруға жол ашады. Халық­тарымыз өсіп-өркендеп, өзара тиімді қарым-қатынасымыз нығая береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыдан соң Мемлекет басшысы Жапо­ния­ның Премьер-министрі Санаэ Такаи­чи­мен келіссөз жүргізді.

Алдымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рә­сімі өтті. Құрмет қарауылы сап түзеп, қос ел­дің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құр­мет қарауылының бастығы рапорт бер­геннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Санаэ Такаичи бір-біріне ресми делегация мү­шелерін таныстырды.

Содан соң Премьер-министр офисінде қа­зақ-жапон келіссөздері басталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан деле­га­ция­сына қонақжайлық көрсеткен Санаэ Такаичиге ризашылығын білдірді.

– Бұл сапар, шын мәнінде, екі ел ара­сын­дағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Біз Жапонияны әрқашан Азиядағы уақыт те­зінен өткен сенімді серіктесіміз деп са­най­мыз. Бүгінгі Жапония – ғасырлар бойы қа­лып­тасқан даналық пен бірегей дәстүрді за­манауи инновациямен үйлесімді жарас­тырған, дамыған мемлекет. Сіздің парасатты әрі мықты басшылығыңызбен еліңіздің ха­лықаралық аренадағы рөлін одан әрі ны­ғай­татын ауқымды реформалар жүргізіліп жа­тыр. Біз Жапонияны алыстағы көршіміз, д­е­генмен жақын әрі сенімді досымыз деп жиі айтамыз. Өзара байланыстарымыздың тари­хы тереңде. Бұған дейін Сіздің еліңізге төрт рет келген едім. Бұл – менің Президент ре­тіндегі алғашқы сапарым. Қазақ-жапон қа­рым-қатынасының берік инсти­туцио­нал­дық негізі қалыптасқан. Өзіңіз айтқандай, 2004 жылы Жапонияның сол кездегі Сыртқы істер министрі Кавагучи ханыммен бірге «Орталық Азия + Жапония» форматына бас­тамашы болдық. Сыртқы істер ми­нистрлері деңгейіндегі алғашқы кездесу Аста­нада өтті. Бүгінде мұндай кездесулердің кеңінен танылғаны соншалық, ірі мем­ле­кеттердің көбі «Орталық Азия плюс» плат­фор­масын құптайды. Бірақ Жапония бұл диа­лог алаңының алғашқы бастамашысы жә­не негізін қалаушы болып қала береді, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жапония Премьер-министрі Қазақстан Пре­зидентінің ресми сапары екі елдің өзара тиім­ді ынтымақтастығына тың серпін бере­тініне сенім білдірді.

– Сізбен жүздескеніме қуаныштымын. Осы­дан 21 жыл бұрын Сыртқы істер ми­нистрлерінің «Орталық Азия + Жапония» фор­матындағы алғашқы жиыны өткен еді. Оған Өзіңіз төрағалық еттіңіз. Бүгін, міне, «Ор­талық Азия + Жапония» форматындағы мем­лекет басшыларының кездесуіне Пре­зи­дент лауазымында қатысқалы отырсыз. Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті нығайту ісін­де стратегиялық серіктес ретінде қарас­тырамыз. Өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін Сізбен тығыз ын­ты­мақтастықты жалғастыруға ниеттіміз, – деді Санаэ Такаичи.

Келіссөздер барысында сауда-эконо­ми­ка­лық, инвестициялық, көлік-логисти­ка­лық, энергетикалық және мәдени-гума­ни­тар­­лық са­лалардағы екіжақты бай­ла­­ныстарды да­мы­ту перспективасы егжей-тегжейлі тал­қы­ланды.

Келіссөз қорытындысы бойынша Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-ми­нистр Санаэ Такаичи Бірлескен мәлім­деме қабылдады.

Екі елдің ресми делегация мүшелері 14 үкі­метаралық және ведомствоаралық құжат­қа қол қойды.

Нәтижелі келісім көп

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Rakuten Group компаниясының басшысы Хироши Микитаниді қабылдады.

Жапониядағы ресми сапары аясында Қа­зақстан Президенті Rakuten Group ком­па­ниясының негізін қалаушы, басқарма тө­ра­ғасы және бас директоры Хироши Ми­ки­танимен кездесті.

Мемлекет басшысы Rakuten тобының әлем­­дегі ең озық жаһандық цифрлық эко­жүйе қалыптастыруда қол жеткізген жетіс­тік­терін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тех­нологиялық даму мен цифрлық транс­фор­­мацияның жаңа кезеңіне қадам басқан Қа­зақстан компания тәжірибесіне зор қы­зығушылық танытады. Президент елімізде алғаш рет жасанды интеллект туралы заң қа­былданып, бірінші ұлттық супер­ком­пью­тер іске қосылғанын, электрондық үкімет қыз­меті мен цифрлық экожүйе жетілдіріліп жат­қанын жеткізді.

Осы орайда Мемлекет басшысы Rakuten ком­паниясының Қазақстандағы қызмет ая­сын кеңейту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен тығыз қа­рым-қатынас орнату ниетін құптады. Атап айтқанда, еліміз компанияның қатерлі ісік ауруларын емдеуге арналған биотехнология саласындағы әзірлемелеріне қызығушылық танытады.

Хироши Микитани Қасым-Жомарт Тоқаев­қа компания жұмысына оң баға бер­гені үшін алғыс айтып, Қазақстан Прези­ден­тімен кездесу зор мәртебе екеніне тоқталды. Ол елімізде цифрлық бастамаларды дамы­ту­дың жоғары қарқынын атап өтіп, оларды жү­зеге асыру үшін ауқымды инвестиция тар­тылғанына назар аударды.

Бұдан кейін Токиода Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпқой сумошы Ерсін Бал­тағұлмен кездесті.

Мемлекет басшысы Жапонияда білім алып, он жылдан бері ірі халықаралық жа­рыс­тарда көш басынан көрініп жүрген Ерсін Бал­тағұлды қазақстандықтар мақтан тұта­ты­нын атап өтті.

Сонымен қатар Император Нарухитомен кез­десуде балуанның жетістіктері туралы әң­гіме қозғалғанын айтты.

Қазақстандық спортшының лақап аты – Кимбозан. Бұл – атақты бапкер әрі төл сумо мек­тебінің негізін қалаушы, ояката Кисенің ту­ған жері Кумамото префектурасындағы тау­дың атауы.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Токио губернаторы Юрико Коикэмен кездесу өт­кізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юрико Коикэ цифрландыру, Smart city техно­ло­гия­ларын және қаланы орнықты дамыту, жа­сан­ды интеллект, шаһарды басқару ісіне ин­новациялық шешімдерді енгізу сала­ла­рындағы ынтымақтастық мәселелерін тал­қы­лады. Сонымен қатар мегаполистердің тұр­­­ғындары мен қонақтары үшін анағұрлым жайлы, экологиялық тұрғыдан таза, қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру жайын қарастырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Токио губернаторы Юрико Коикэ Қазақстан және Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік туралы мемо­ран­думға қол қойды.

Мемлекет басшысы қаланы басқару ісіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екеніне тоқталды.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио қаласының Smart city тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба халықтың тұрмыс са­пасын жақсартуды, шаһарды басқару тиім­ділігін арттыруды және орнықты даму үшін озық технологияларды пайдалануды көз­дейді. 

Осыдан соң Президент Токионың Төтен­ше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығын аралап көрді. Бұл азаматтық қорғаныс пен қа­ладағы қауіп-қатерлердің алдын алудың не­гізгі жүйесі саналады.

Орталықтың басты міндеті – қаладағы ахуал­ға ұдайы мониторинг жүргізу, төтенше жағ­дай кезінде билік органдарының іс-әре­кетін үйлестіру, ықтимал қатер мен болған апаттар (жер сілкінісі, тайфун, су тас­қыны, ірі техногендік апаттар, лаңкестік ак­тілер) туралы ақпараттарды талдау. БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жалған ақ­па­рат­тың таралуына қарсы іс-қимылға баса көңіл бө­лінеді. Бұл жұмыспен тәулік бойы мо­ни­торинг жүргізетін арнайы бөлімше шұ­ғы­л­да­нады. Ал күнделікті өмірде кешен дағ­­­да­рыс жағдайларын басқару жүйесін жос­парлау және жетілдіру, азаматтық қор­ғаныстың өңірлік жоспарын әзірлеу, оқу-жаттығу жиындарын дайындау және өткізу, халықты құлақтандыруға, апаттардың сал­дарын жоюға арналған ақпараттық жүйе­лерді дамыту ісімен айналысады.

Сапар кезінде Мемлекет басшысы Sumitomo компаниясының президенті Шин­го Уэноны қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода Жа­по­нияның ірі және ықпалды сауда-инвес­ти­ция­лық корпорациясының бірі саналатын Sumitomo жетекшісімен кездесті.

Қазақстан Президенті еліміз Sumitomo кор­порациясының орнықты даму мен биз­нестің жауапкершілігін арттыруға бейілдігін жоғары бағалайтынын, сондай-ақ компа­ния­ны ұзақмерзімді серіктес ретінде қарас­тыратынын атап өтті.

Шинго Уэно Мемлекет басшысына «Қа­затомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бір­лескен жобаны іске асыру жайында мә­лімет берді. Аталған жоба ядролық медицина саласында уран өнімдерінен ем-шараға қолдануға арналған радий изотоптар алудың ғылыми-негіздемелік әдістерін әзірлеуді қарас­тырады.

Кездесуде көлік-логистика, энергетика, атом өнеркәсібі, металлургия және геология­лық барлау саласында бірлескен инвес­ти­циялық бастамаларды жүзеге асыру перспек­тивасы талқыланды.

Технологиялық дамудың тұғыры

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Жа­по­ния металл және энергетикалық қауіпсіз­дік жөніндегі ұйымының (JOGMEC) төраға­сы Ичиро Такахаруды қабылдады.

Кездесуде геологиялық барлау, аса маңыз­ды минералдарды өндіру және өңдеу, сондай-ақ табиғи ресурстарды орнықты басқару бағыттарындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысы JOGMEC компа­ния­сының Қазақстанда жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.

Әңгімелесу барысында ұйымның еліміз­дегі геологиялық барлау жобаларына қатысу және өкілдік ашу мүмкіндіктері қарас­ты­рыл­ды. Президенттің пікірінше, бұл бірлес­кен жобаларды тиімді үйлестіруге, сондай-ақ Жапонияның өндірістік және тех­­но­логиялық компанияларының Қазақ­стан нарығына көптеп келуіне ықпал етеді.

JOGMEC – Жапонияның энергетикалық және минералды шикізат қауіпсіздігіне жауап­ты негізгі мемлекеттік институты. Ұйым мұнай, газ, сутегі, аммиак және сирек кездесетін металдардың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ететін мемлекеттік оператор міндетін атқарады.

Бұдан кейін Қазақстан Президенті Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төра­ғасы Тацуо Ясунагамен кездесті.

Президент Қазақстандағы белсенді қызметі және Жапониямен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Mitsui басшылығына ризашылығын білдірді.

Қазір кәсіпорын халықаралық жеткізу тізбегін қалыптастыруда, инфрақұрылымды дамытуда, энергетика мен өнеркәсіп сала­ларын өрістетуде маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысы Қазақстан экономиканың негізгі секторларында Mitsui компаниясының қызмет аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. Атап айтқанда, ком­панияның Астанада күрделі жөндеу және құрал-жабдықтарды қайта қалпына келтіру бойынша өндірістік кешен құрылысына қатысу жоспарын мақұлдады.

Сондай-ақ өзара қызығушылық таныт­қан салалар қатарында аса маңызды мине­ралдар, көлік-логистика, табиғи апаттардың алдын алуға арналған технологияны енгізу бағыттары бар.

Қазақстан Президентінің Токиоға са­пары аясында Mitsui компаниясымен бірқа­тар бірлескен жобаны жүзеге асыру жө­нін­де меморандумға қол қою жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu ком­паниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огаваны қабылдады.

Кездесуде Мемлекет басшысы Komatsu ком­паниясы еліміздің тау-кен инфра­құры­лымын дамытуға елеулі үлес қосып келе жат­қан сенімді әрі уақыт тезінен өткен серік­тесі саналатынын атап өтті.

Президент компанияның Астана қала­сында техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін құптады.

Хироюки Огава стратегиялық тұрғыдан маңызды нарық саналатын Орталық Азия­ның әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол екеніне тоқталды. Ол жаңа кешеннің аймақтағы тау-кен компанияларының техникаларын аз уақыт ішінде төмен бағада жөндейтін әрі оларға жедел сервистік қызмет көрсететін өңірдегі ірі хабқа айналатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өндірісті локализациялауға, елдер арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін озық технологиялар алуға ниетті.

Кездесу барысында маман даярлау мәсе­лесіне баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu ком­па­ниясының елімізде операторларға, меха­ник­тер мен инженерлерге арналған аймақтық оқы­ту орталығын ашу туралы бастамасына қол­дау білдірді. Сондай-ақ бұл жобаның ада­ми капиталды дамытуға, өнеркәсіптік серік­тестікті тереңдетуге зор үлес қосатынын айтты.

Komatsu құрылыс, тау-кен, жол және ин­дустрия салаларына қажетті техникалар өн­діруге маманданған әлемдегі ең ірі маши­на жасау корпорацияларының бірі саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті Масафуми Сэнзакиді қабылдады.

Кездесу барысында қазақстандық тау-кен кәсіпорындарының жапондық ком­па­ния­мен ынтымақтастығын кеңейту перс­пек­тивасы қаралды.

Мемлекет басшысы Hitachi Construction Machinery компаниясының өңірдегі басты серік­тесі саналатын Қазақстан өзара тиімді бай­ланыстарды тереңдетуге дайын екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, алдағы уақытта кен орындарының қажеттілігі үшін өндіріс ло­кализациясы мен құрал-жабдықтарды жөндеу ісіне басымдық беру маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, «жа­сыл» технологияларды енгізу және дер­бес көлік жүйесі бірлескен жұмыстың перс­пек­тивті бағыттары бола алады деп санайды.

Масафуми Сэнзакидің айтуынша, ком­панияның басты мақсаты – жаһандық дең­гейдегі, сонымен бірге Қазақстандағы жо­ба­ларды жүзеге асыру аясында жоғары тех­­нологиялы, төмен көміртекті, қауіпсіз ше­шімдер әзірлеу әрі оны өндірісте қолдану.

Hitachi Construction Machinery – құры­лыс және тау-кен техникаларын шығаратын әлем­дегі жетекші кәсіпорындардың бірі. Ком­­панияның экскаваторлары, карьерге ар­­налған жүк көліктері және басқа да тех­ни­калары 150-ден аса елде, соның ішінде Қа­зақстандағы ірі кен орындарында жұмыс істейді.

Ұтымды ұстаным

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев То­кио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы уни­верситетіне барып, «Дүрбелеңге толы дәуір­дегі стратегиялық сенімді қалпына кел­тіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жо­лын­дағы Қазақстанның ұстанымы» тақы­ры­бында дәріс оқыды.

– Осы айтулы оқу орнында аймақтағы ел­дер арасынан алғашқы дәріс оқыған Мем­лекет басшысы атану – мен үшін зор мәр­те­бе. Мұны халықаралық аренадағы рөлі ар­тып келе жатқан Қазақстанға шынайы құр­­мет деп қабылдаймын. Сондай-ақ біздің му­льтилатерализмді ілгерілетуге әрі жаһан­дық қауіпсіздікті қолдауға бағытталған та­бан­ды еңбегімізді мойындаудың белгісі ре­тін­де қарастырамын. Біріккен Ұлттар Ұйы­мы менің өмірімде ерекше орын алады. Өйт­кені осы Ұйымда Бас хатшының орын­басары және Женевадағы өкілдіктің Бас ди­ректоры, Қарусыздану жөніндегі кон­фе­рен­цияның Бас хатшысы лауазымдарын ат­қару бақытына ие болдым, – деді Пре­зи­дент.

Мемлекет басшысы Университет ұжы­мын оқу орнының құрылғанына 50 жыл толуы­мен құттықтап, БҰҰУ-дың бүкіл ха­лық­аралық қоғамдастықтың игілігі үшін нақ­ты шешімдер әзірлеуге қосқан үлесін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзі ұстанатын қа­ғидаттар мен жапон этикасы арасындағы үн­дестікке тоқталды. Яғни, үйлесім, да­налық және жауапты көшбасшылық – шы­найы күш-қуаттың қайнары.

– Ханзада Сётоку VII ғасырда «үйлесім­ді­лік бәрінен биік бағалануға тиіс» деп жаз­ды. Бүгінде бұл қағидат мемлекеттік бас­қару­да және халықаралық қатынастарда бас­ты рөл атқарып, Қазақстанның сыртқы сая­сатында айқын көрініс тауып отыр, – деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы дағда­рыс белең алған және көпжақты ынтымақ­тас­тық тетіктері айтарлықтай әлсіреген қа­зір­гі кезде әділетті әрі тұрақты әлем құру жө­ніндегі ой-пікірін бөлісті.

Кейінгі он жылда жер жүзінде қарулы қақ­тығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлем­дегі әскери шығын былтыр 2,7 триллион дол­ларға жеткен. Бұрын-соңды мұндай бол­маған. Сонымен қатар алпауыт елдер ара­­­сындағы стратегиялық бақталастық шыр­қау шегіне жетті. Соның салдарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі ха­лық­аралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, халықаралық қо­ғамдастық институттары тиімді қызмет етуі үшін өзара сенімді қалпына келтіруі қа­жет.

– Стратегиялық сенімнің жаңа мәдениеті ха­лықаралық ынтымақтастық пен ұжымдық ше­шім қабылдау үдерісінің негізі болуға тиіс. Осы ретте Қазақстан аталған қағид­ат­тар­ды Азиядағы өзара сенім шаралары жө­ніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съезі секілді алаң­дар арқылы үнемі ілгерілетіп келеді. Бү­гінгі сын-қатерлерге бірде-бір мемлекет жал­ғыз өзі төтеп бере алмайтыны рас. Тек тү­бе­гейлі және тиімді ұжымдық іс-қимыл ға­на ұзақмерзімді нәтиже береді. Бұл орайда БҰҰ халықаралық қатынастарды реттейтін әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым рөлін ат­қару­ды жалғастыра беруі керек, – деді Қа­зақ­стан Президенті.

Мемлекет басшысы геосаяси тұрғыдан жік­ке бөлінудің күшеюі мен ірі державалар ара­сындағы сенімнің төмендеуі салдарынан БҰҰ мүмкіндіктері барған сайын шектеле түс­кеніне назар аударды. Сол себепті Ұйым­ды жан-жақты реформалау жай әңгіме күйін­де қалмай, ортақ басымдыққа және стра­тегиялық қажеттілікке айналуға тиіс.

– Кез келген маңызды реформа БҰҰ Жар­­ғысына сай іске асырылуы керек. Еге­мен­дік, аумақтық тұтастық және дау-да­май­ды бейбіт жолмен реттеу секілді негізгі қа­ғи­­даттар мүлтіксіз сақталуға тиіс, ешкімге ар­­тықшылық берілмеуі қажет. Сонымен бірге, Жарғының кейбір ережелері ХХІ ға­сырдың талаптарына сәйкес келмейді. Соның ішінде Ұйымға айтарлықтай қолдау көр­сетіп келе жатқан Жапонияға және басқа да елдерге қатысты әділетсіздік бар. Әлем өз­герді, ал Жарғы осы өзгерістердің соңынан іле­се алмай отыр. Жауапты диалогқа көшіп, ке­лешекте құжаттың сенімділігі мен өзек­тілігін қамтамасыз етудің уақыты келді деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесін ре­формалау кейінге ысыруға болмайтын өте маңызды міндет екеніне тоқталды. Пре­зи­дент аталған орган қызметіне орта держа­ва­ларды, Азия, Африка және Латын Амери­ка­сы елдерін кеңінен қатыстыруға шақырды.

– Қауіпсіздік Кеңесінде жауапты орта державалардың үні анық естілуге тиіс. Олар ірі ойыншылар арасында қайшылықтар бол­ған жағдайда араағайындық жасап, ше­шім­дерді ілгерілетуге септігін тигізе алады. Қа­зақстан сыртқы саясаттағы миссиясын осы ба­ғытпен байланыстырады. Біз берік ұста­нымға негізделген теңгерімді, сындарлы, көп­­­­­­векторлы дипломатия жүргіземіз. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді әрі ұдайы БҰҰ Жарғысына сүйенетін дамушы орта держава ретіндегі болмысымызды көр­сетеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пай­даланып, елдеріміз арасындағы байла­ныс­ты жолға қоюға зор үлес қосқан Жапо­ния­ның бұрынғы Сыртқы істер министрі Ёрико Кавагучи ханымға ризашылығын біл­дірді. Президент оның «Орталық Азия және Жапония» саммитіне бастамашы бол­ғанын еске салды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бе­дел­ді әрі сенімді серіктес ретінде кеңінен мойын­далғанын айтты.

– Қазақстан жақын көршілері – Ре­сей­мен, Қытаймен және Орталық Азия ел­дері­мен жан-жақты стратегиялық серіктестікті да­мы­тып келеді. Біз бұл тату көршілікті Қа­зақстанның тұтас Еуразиядағы сенім мен өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін стратегиялық артықшылығы деп бі­ле­міз. Сондай-ақ Америка Құрама Штат­та­рымен және Еуропа Одағымен ұзақ­мер­зім­ді ықпалдастықты кеңейтіп, Таяу Шы­ғыс­пен, Азия және Жаһандық Оңтүстік ел­де­рімен байланысты күшейтеміз. Жа­по­нияның Қазақстан үшін маңызы зор. Сауда-ин­вестициялық ынтымақтастықтың мүм­кін­діктеріне жол ашу мақсатында дос­­тығымыз бен қарым-қатынасымызды одан әрі терең­детуге ниеттіміз. Геосаяси тұрғыдан жікке бөлінген әлемде Қазақстанның мұндай тең­герімді әрі тура ұстанымы конструктивті дип­ломатияны қуаттай түседі, – деді Пре­зидент.

Ушыға бастаған ядролық қатер проб­ле­матикасына дәріс барысында айрықша на­зар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев адам­заттың ядролық қарудан тартқан зар­дабын Қазақстан мен Жапония сияқты терең түсінетін ел кемде-кем екенін айтты.

– Хиросима, Нагасаки және Семей қа­сіре­ті ядролық қаруға жауапкершілікпен қа­рап, ұстамдылық танытудың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Қазақстан тәуел­сіздік алғаннан кейін Семей ядролық по­лигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи ше­шім қабылдады. Бұл біздің осалдығымыз емес. Керісінше, стратегиялық көрегендік та­нытып, осы арқылы бейбітшілік пен адам­зат қауіпсіздігі маңызды екенін көрсеттік. Арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де, осы ұстанымнан айныған жоқпыз: жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайды. Халықаралық қоғамдастық жаппай ядролық қарусыздану бағытында бел­сенді әрекет етіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың кү­шіне енуіне үлес қосуға тиіс. Қазақстан жап­пай қырып-жоятын қаруы бар алпауыт елдер арасындағы жоғары деңгейлі диалогты қайта бастауға үндейді. Сондай-ақ ядролық қаруды қолдану немесе сынау қаупін жою үшін анағұрлым батыл әрі көпжақты әре­кет­ке шақырады. Қазақстан мен Жапо­нияның бұл тұрғыда әлем алдында жүзі жарқын. Ел­деріміз ядролық алпауыт мемлекеттер мә­мілеге келе алмай жатқан кезде қарама-қай­шылықтарды реттеп, прагматикалық тұр­ғыдан көшбасшы екенін көрсете алар еді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ ая­сында Халықаралық су ұйымын құру ту­ралы бастама көтергенін еске салды. Сон­дай-ақ БҰҰ университетіне осы ізгі істі қол­дап, ғылыми зерттеулерге белсенді атса­лысуды ұсынды.

Келешек туралы ой қозғаған Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні қазіргі заман келбетін қалыптастыратын шешуші күш­тің бірі деп атады. Әйтсе де, оның пі­кірін­ше, ЖИ-дің қаупі де жоқ емес. Оған жұрт­шылықтың теңдей қол жеткізе алмауы және теріс пиғылда, соның ішінде әскери мақ­сатта қолдануы себеп болуы ықтимал.

– Біріккен Ұлттар Ұйымы кезінде ядро­лық қауіпсіздік пен азаматтық авиация сала­ла­рында жалпыға бірдей нормаларды қа­лып­тастырды. Сол секілді енді бұл істе де не­гізгі үйлестіруші рөлін атқаруға тиіс. Әлем­нің жетекші технологиялық орта­лық­тарының бірін­де орналасқан жаһандық оқу ор­ны ре­тінде БҰҰ университеті ЖИ-дің әлеуе­тіне, қауіп-қатеріне және оны басқару­ға қатысты ха­лықаралық зерттеулерді ілгерілетуде біре­гей мүмкіндікке ие, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ха­лық­аралық аренадағы абыройы ел ішіндегі жетістіктерімен тікелей байланысты екенін мәлімдеді. Президенттің пайымдауынша, тиім­ді дипломатияның өзегінде дәл осы жауап­ты ішкі саясат жатыр.

– Мен білімнің және халықаралық дең­гей­дегі академиялық ықпалдастықтың дамуы­на айрықша мән беремін. Әсіресе, әлем­нің өзгеруін жеделдететін бастамаларды қол­даймын. Бұл басымдықтар БҰҰ универ­ситетінің миссиясына толық сай келеді. Биыл Қазақстанда Орталық Азия және Ау­ғанс­танға арналған БҰҰ орнықты даму ор­талығы ашылды. Қазақстан осы алаңның не­гізінде Алматыда БҰҰ университетінің өңір­лік филиалын құруға әзір. Оның қыз­метін, ең алдымен, су және климат қауіп­сіздігі, қақтығыстарды реттеу, бітімгерлік, ор­нықты даму мен жасанды интеллектіні бас­қару мәселелеріне бағыттауға болады, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның БҰҰ университеті мен еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары ара­сында бірлескен зерттеу жүргізу, акад­е­мия­лық тәжірибе алмасу және маман даяр­лау бойынша институционалдық серік­тес­тікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жет­кізді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының универ­си­теті – БҰҰ Бас Ассамблеясы құрған жаһан­дық зерт­теу және білім беру орталығы. Штаб-пә­тері Токиода орналасқан универ­ситет құра­мы­на әлемнің 12 еліндегі 13 инс­титут кіреді.