Дания Еспаева қатысушыларға Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың Парламентаризм институтының 5 жылдығына арналған құттықтауын жеткізді.
«Қазақстан Парламентінің қалыптасу, даму эволюциясы өзін-дік ерекшеліктерге ие. Ол осы отыз жыл ішінде мемлекеттің маңызды институттарының бірі ретінде нығайды. Еліміздегі конституциялық өзгерістердің әрбір кезеңі парламентаризмнің жаңа даму парағын ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы Қазақстан парламентаризмінің дамуына тың серпін беріп, ықпалын арттыра түсуде. Осы орайда, Президент тапсырмасымен Парламент жанынан құрылған Парламентаризм институты заңнама сапасын күшейтуде маңызды құрылым болып отыр», – делінген Ерлан Қошановтың құттықтауында.
Сондай-ақ Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың алғысхатын оқып берді. Онда Сенат Төрағасы заң шығару қызметін дамыту мен парламенттік жүйені нығайтуға қосылған Парламентаризм институтының елеулі маңызын сөз етті.
Форумда сонымен қатар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің алғысхаты оқылды. Онда Мемлекеттік кеңесші Парламентаризм институтының парламентаризм саласындағы зерттеулерді дамытуға және мемлекеттік басқару реформаларын қолдауға қосқан кәсіби үлесін атап өтті.
Алқалы жиында Дания Еспаева бүгінде Парламент Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарын жүзеге асырудағы сенімді тірекке айналғанын айтты.
– Парламенттің қазіргі моделі өзін мемлекеттік биліктің тұрақты элементі ретінде танытты. Қалыптасқан тепе-теңдік Парламенттің ел Үкіметімен және өңірлермен өзара сындарлы іс-әрекетін айқындады. Қоғамда әділдікке деген сұраныс артқан кезеңде билік пен азаматтар арасын байланыстыратын буын ретіндегі Парламенттің рөлі күшейе түсуде. Ол күнделікті қызметінде Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын белсенді түрде ілгерілетіп келеді, – деді Мәжіліс вице-спикері.
Форумда баяндама жасаған Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан қазір Еуразия өңіріндегі елдер үшін парламентаризм тақырыбының ерекше маңызды екеніне назар аударды. Оның айтуынша, мемлекеттердің жария билік жүйесінде елеулі трансформация жүруде. Демократиялық институттар нығайып, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігіне деген қоғамның сұранысы артып келеді.
– Осындай жағдайда өкілді биліктің негізгі институты саналатын Парламент қоғамның үдесіне сай болуға тиіс. Президент атап өткендей, негізгі стратегиялық мақсат – білікті әрі тәжірибелі мамандар шоғырланған кәсіпқой Парламент қалыптастыру, – деді Наталья Пан.
Осыған байланысты өткен форумның міндеттерінің бірі саяси-құқықтық ахуал жиі өзгерген кезеңде парламентаризмнің болашағы туралы біртұтас көзқарасты айқындау болды.
Іс-шарада сөз алған Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Астана хаб Басқару комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов осы тақырыпта өз ойын білдірді.
NARXOZ университетінің Еуразиялық экономикалық-құқықтық зерттеулер институты Конституциялық экономика орталығы директорының орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор Виктор Малиновский Қазақстан Парламентінің мемлекеттілікті жаңғыртудағы рөлі мен маңызы туралы баяндама жасады.
Форумда шетелдік ғалымдар Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріндегі парламентаризмнің қалыптасуы мен даму жолы туралы айтып берді.
Қатысушылар бес жыл ішінде Парламентаризм институтының ғылымды, заң шығару мен мемлекеттік саясатты сабақтастырған беделді әрі орнықты сараптамалық-талдамалық платформа ретінде қалыптасқанын атап өтті. Олар институттың мемлекеттік реформаларға қосқан практикалық үлесіне ерекше тоқталды. Парламентаризм институтының өкілі 2022 жылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына кіргені де айтылды.
Форумның күн тәртібінде парламентаризмнің конституциялық-құқықтық негіздері, реформалар жағдайындағы парламенттік институттардың эволюциясы, сондай-ақ жаһандық сын-қатерлер, цифрландыру және азаматтардың басқару ісіне қатысуын кеңейту үдерісі қамтылған даму перспективалары талқыланады.