Қазақ жалтақ, қорқақ, жетекшіл халыққа айналды - тарихшы

Ғалым AIQYN тілшісіне сұхбат берді

Қазақ қоғамы үшін «тәуелсіздік» ұғымының мазмұны уақыт өте қалай өзгерді? Бүгінгі ұрпақ сол қасиетті ұғымды сезіне ме? Бұл сұрақты AIQYN тілшісі тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдіге қойды

– Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі отыз төрт жыл халқымыз үшін аса маңызды кезең болды. Бұл уақыт Қазақстан қоғамына сапалық та, сандық та тұрғыдан өзгеруге мүмкіндік берген тарихи белес деп айтуға болады. Алайда осы тұста бұл мүмкіндікті біз толық әрі дұрыс пайдалана алдық па деген заңды сауал туындайды. Бұл – халыққа ғана емес, билікке де тікелей қатысы бар мәселе. Өйткені билікке қандай жүк артылса, халыққа да сондай салмақ түседі. 

Қазақ халқының санасы ХХ ғасырда терең әрі жағымсыз өзгерістерге ұшыраған. Мұны түсінуге болады, себебі мемлекеттілігінен айырылған кез келген халықтың санасы қорғансыз күйге түседі. Мемлекеттілік – халықтың қорғаны. Ал сол қорғанынан айырылған ұлттың санасы сыртқы ықпалға бейімделуге мәжбүр. Егер бейімделуге қарсылық көрсетсе, онда күшпен, зорлық-зомбылық арқылы көндіреді. Біз дәл осындай ауыр кезеңді ХХ ғасырда бастан өткердік. Сол тұста билік халықтың түпнұсқалық мәдениетін өзгертіп, оны көшірме мәдениетке айналдыруға тырысты. Өйткені мұндай қоғамды басқару әлдеқайда жеңіл еді. Бұл – саналы түрде көзделген саясат болатын. ХХ ғасырдың басында қазақтың саяси өміріне белгілі бір деңгейде араласқан ерекше тұлғалардың бірі – Тимофей Иванович Седельников. Ол – Орынбор казагы. Өзі мінезді, ұстанымы берік адам болған. Орынбор казактарының атынан Ресейдің І Мемлекеттік думасына депутат болып сайланып, сол мінберден қазақ жерін қорғап сөз сөйлеген. Ол Мемлекеттік думада патша үкіметінен қазақ жерін отарлауды тоқтатуды талап етіп, Ресейдің отаршыл саясатын ашық сынайтын баяндамалар жасаған. Осы ұстанымы үшін 1905 жылы қызметінен қуылды. Алайда Седельников мұнымен тоқтап қалған жоқ. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, 1920 жылы ол Лениннің өзіне хат жазды. Хатында большевиктердің Қазақстанда «орыс бонапартизмін» орнатып отырғанын ашық сынға алды. Бұл «мен келдім, мен жаңа тәртіп орнатамын, сен маған бағынасың» деген өктем, отаршыл мінездің көрінісі еді. Седельников Ленинге: «Қазақстаннан мына «наполеондарыңызды» алып кетіңіз. Егер әкетпесеңіз, бұл жерде Кеңес үкіметінің болашағы күмәнді», – деп ескерткен. Бұл оның көреген, сұңғыла саясаткер болғанын аңғартады. Соған қарамастан, 1920 жылы Қазақстандағы большевиктер Седельниковті қысымға алып, ақыры елден кетірді. Ол Эстонияға қызметке ауыстырылды. Хатта­рының бірінде Седельников қазақ халқы туралы мынадай бір аса мәнді пікір айтады. Оның жазуынша, қазақтар орта ғасырларда тәуелсіз, ат үстінде еркін жүрген, біреуді бағындырмаса, өзі ешкімге бағынбайтын сері халық болған. Ал патша үкіметі сол халықтың астындағы атын, қолындағы қаруын тартып алды. Соның салдарынан, Седельниковтің бейнелі теңеуімен айтқанда, «бұл халық қатынға айналды (обабился)». Патша үкіметінен кейін орнаған Кеңес үкіметі де отаршыл саясат тұрғысынан кем түскен жоқ. Олар халықтың санасын түбегейлі өзгертуге күш салды. Қазаққа: «Сенің тарихың жоқ, мәдениетің төмен, өзің көшпелі, экономикаң әлсіз халықсың. Сондықтан сендер біз көрсеткен жолмен жүрулерің керек» деген талап қойды. Нәтижесінде, халық жалтақ, қорқақ, жетекшіл халыққа айналды. Осындай ұзақ жылдарға созылған саясат пен идеология ұлттың мінезін өзгертті, - деді тарихшы

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыз