Алматыдағы университеттердің бірінде оқытушы пышақ жарақатын алды. Оқиғаға күдікті ретінде осы жоғары оқу орнының студенті ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Azattyq Rýhy сілтеме жасап.
Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаны растады. Ведомство мәліметінше, дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті оқиға орнында қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалған мән-жайлар анықталып жатыр.
Оқиғаға қатысты ALT University баспасөз қызметі де түсініктеме берді. Университет мәліметінше, студенттердің бірінің жанында пышақ болған және ол оқытушыға жарақат салуға әрекет жасаған. Одан кейін студент қашуға тырысқанымен, оны басқа білім алушылар дер кезінде ұстап қалған.
Оқытушының жағдайы тұрақты. Ол жедел жәрдем арқылы ауруханаға жеткізіліп, қажетті тексерулерден өткен. Дәрігерлер жарақаттың жеңіл екенін, өміріне қауіп жоғын және стационарлық ем қажет еместігін хабарлады.
Университет басшылығы жағдай бақылауда екенін, құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді.