Ақорда ресми ақпарат таратты
Мемлекет басшысы: «Кедендік реттеу және мемлекеттік қадағалау шаралары ұйым ішіндегі кейбір шешімдерді өткізу құралы ретінде қолданылмауға тиіс»
Ақорда
100
оқылды

Президент өзара сауда-саттықтағы әкімшілік кедергілерді толықтай жоятын уақыт келгенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

– Азаматтардың еркін қозғалуына мүмкіндік бермейтін қолдан жасалған шектеулерді алып тастап, шекарадағы жүк көліктерінің ұзын сонар кезегін жою қажет. Кедендік реттеу және (көлік, санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық) мемлекеттік қадағалау шаралары ұйым ішіндегі кейбір шешімдерді өткізу құралы ретінде қолданылмауға тиіс. ЕАЭО құрылғалы бері кедергісіз сауда ортасын қалыптастыруға бағытталған біршама құжат қабылданды. Енді осы ортақ міндеттерді мүлтіксіз сақтап, өзара алыс-беріс пен барыс-келіске «тұсау болатын түйткілдерді» уақтылы шешіп отыру керек. Комиссия кедергілерді шұғыл анықтау үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің заңнамалық бастамаларына мониторинг жүргізетін жасанды интеллект технологиясын қосу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Кедергісіз нарық пен тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету басты міндет болуға тиіс. Азаматтар мен бизнес интеграцияның нақты пайдасын көруі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуді белсенді қолға алған дұрыс деп санайды.
– Биыл Моңғолиямен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Бүгін Индонезиямен осындай мәміле жасалады. Біз мұны құптаймыз. Бұл – бірлескен жұмыстың елеулі нәтижесі. Әрі өзге елдердің Еуразиялық экономикалық одақпен сауда байланыстарын тереңдетуге қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Таяу келешекте ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен ықпалдастығын кеңейту маңызды деп санаймыз. Сонымен қатар ШЫҰ, АСЕАН секілді басқа да маңызды ұйымдармен ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлу керек, – деді Президент.