«Қазақстанның Еңбек Ері», композитор Ілия Жақанов Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты Facebook парақшасында тебірене естелік жазды.
Егіздің сыңарындай болған Асанәлі....Асеке, сен қайда кеттің?! Мен қайда қалдым?! Баяғыда Бекежанның рөлін ойнап жүргенде: "Ә, не десем екен мына дүниеге?" - деуші едің, бәтуәсіз, тұрақсыз, бейопа өмірдің опындырған мына ісіне мен де не дейін деп отырмын. Сенің жалындаған бар өмірің қас-қағым сәттік болғаны ма? Не десем екен? Әр нәрсеге икемді қызыл тілге не болған? Тілім күрмелді. Төңірегім қарауытып кетті. Жан-жағыма қарасам бір құйрықты жұлдыз ағып бара жатты. Сол жұлдыз сенсің бе, Асеке, құдай-ау?! Жә, сені іздеп соңғы деміміз біткенше осылай дей беретін шығармыз, амал жоқ.....Екеуіміз Байқадамның мектебінде 8 класта бірге оқыған түлек едік. Көп хикаяны айтып керегі не?! Бүкіл өміріміз бірге өтті ғой. Бәрі көз алдымда. Бәрі есімде. Сен қазақтың театр және кино өнерінде бір халықтың ғана ұлттық мақтанышы болған жоқсың, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалардың бір ғана емес бірегейі болдың. Көп айт, аз айт, сенің мына кетісің ұлы даланы тітіреткен ұлттық қайғыға айналды, қабырғамызды сөгіп. Халқыңа сүйікті болғанға не жетсін, жалғыз мен ғана емес, елің жоқтап отыр. Тағыда да не дейін, өкінішпен бітетін жазмыш ісіне дауа жоқ екен. Сені сағынышты көңілмен жоқтай жүрерміз, Асеке......Хош бол, бауырым! Алдыңнан пейіш нұры шалқысын, - деп жазды композитор