Кейінгі кезде фельдшерлер тап болған оқиғалар елді алаңдатты. Өздерінің қызметіне қатысты кейбір түйткілдерді аталған мамандық иелері айтып та жүр.
Ақ халаттыларға айрықша мәртебе
103
оқылды

Жақында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерін зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңның негізгі нормаларын түсіндіріп берді. Жаңа заң дәрігерлерді қалай қорғайды?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақ­станда дәрігер, фельдшер, медбикелерге және басқа да денсаулық сақтау қызмет­кер­леріне жасалған шабуылдардың 170-тен астам фактісі тіркеліпті. Әсіресе, жедел жәрдем қызметкерлері жиі соққыға ұшыр­айды. Қоғам назарын аудартқан осындай оқиғаның алғашқысы 2023 жылы тіркелген еді. Желіде ер адамның жедел жәрдем жүр­гізушісін соққыға жыққан бейнежаз­басы тарап кетті. Оқыс оқиға Қарағанды қала­сында болған. Жария­лан­ған бейне­жазба­дан ер адамның жедел жәр­дем жүр­гізу­ші­сіне дауыс көтеріп сөй­леп жатқанын көру­ге болады. Қала тұр­ғыны жүргізушіге көлікті дұрыс қой­мағаны үшін шүйліккен. Ашуға булық­қан ер адам жедел жәрдем қыз­меткерін ұрған. Кейін Қарағанды облы­сы Полиция департаменті жедел жәр­дем жүргізушісін соққыға жыққан азамат­ты тауып, жауапқа тартты. Бірақ медицина қызметкерлеріне күш көрсету мұнымен тоқтаған жоқ. 

Он жыл оқығаны ақтала ма?

Дәрігерлер жоғары оқу орнын он жылға жуық оқып, «адам жанына араша болсақ» деп күні-түні жан аямай жұмыс істейді. Бірақ қолға алатын еңбекақылары мардымсыз. Ал тұрғындардың айтатыны алғыс емес, дөрекілік. Бұл туралы әлеу­меттік желіге медицина қызметкерлерінің жақындары жазып та жүр. 

– Менің жолдасым 11 жыл оқыды. 8 жылдық тәжірибесі бар. 2021 жылы жұмысқа орна­ласқан кездегі айлығы 175 мың теңге еді. Қаңтарда бір рет индексация жасап көтерді. Содан бері әлі күнге дейін 205 мың теңге алады. Ал ауруханада дәрігер аз, науқас көп. Кейде тіпті айына 280 сағат жұмыс іс­теуіне тура келеді. Кейде жұмыс­тан тамақ іше алмадым, уақыт болмады деп келеді, – дейді астаналық Ақмарал Әуесбаева. 

Денсаулық сақтау министрлігі желідегі жұрттың пікірін ескергендерін жеткізді. Министрліктің ресми өкілі Әсел Қыдыр­алиеваның айтуынша, ведомоство меди­цина қызметкерлерінің өтінішін жан-жақты қарап, тиісті жұмыстарды атқарып жатқан көрінеді. 

– Әлеуметтік желілерде айтылға­н­дар­дың барлығын тыңдадық. Бұл ретте жал­ақы мәселесі бірінші көтерілді. Екін­шісі, медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдардың көп екені. Ондай жағдайлар ауруханалардың қабылдау бөлімдерінде де жиі болады. Қазір жедел жәрдем қызметі мен инфекциялық аурулармен жұмыс іс­тей­тін медицина мамандарының жалақы­сын көтеру мәселесі министрлікте қызу талқыланып жатыр. Бірақ ол бір күнде бір ғана министрліктің шешімімен шыға салмайды. Ол – біраз уақытты қажет ететін процесс. Енді бюджеттің мүмкіндіктері мен заңнама аясында нақты қандай механ­измдер бар екені қарастырылып жатыр, – деген ол Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында. 

Кардиолог-дәрігер Гүлжан Жаңа­лықова­ның пікірінше, адам денсаулығына жауапты дәрігерлерге диагноз қою, емдеу, зерттеу әдістеріне сүйеніп, науқасқа жедел көмек көрсету оңай емес. Кейде 1-2 сек­унд­тың ішінде науқастың шағымдарына қарап шешім қабылдауға тура келеді. Мұндай сәтте қателікке жол жоқ. Алайда со­ған қарамастан, көп жағдайда дәрігер агрессияға, орынсыз талап пен кінәлауға тап болады. 

– Дәрігерлер аз айлықпен, артық жүк­те­мемен, кейде бірнеше маманның жұмыс­ын қатар атқарып, оның үстіне әр науқас­тан естілетін орынсыз сөзге, қысымға төзіп қызмет етеді. Айлықтың төмендігі тек матер­иалдық мәселе емес, ол маманның қоғамдағы беделіне де тікелей әсер етеді. Еңбегі лайықты бағаланбаған дәрігерден шексіз сабыр мен төзім талап ету – әділет­сіздік. Сондықтан дәрігерге құрмет тек адамгершілік қана емес, ең алдымен оның еңбегін әділ бағалаудан басталуға тиіс. Айлы­ғы лайықты, құқығы қорғалған, қо­ғам алдында беделі жоғары дәрігер ғана нау­қасқа бар күшін салып, алаңсыз қызмет көр­сете алады, – дейді Гүлжан Жаңа­лықова. 

Сондай-ақ кардиолог науқастардың орынсыз қысымы мен сұрақтарының да көп екенін айтты. 

– Осыдан екі жыл бұрын қабылдауыма бір науқас жазылды. Ол Оңтүстік Кореяда 2 миллион теңгеге кешенді тексеруден өтіп келіпті. Бірақ Корея, Түркия секілді дамы­ған елдерде дәрігерлер науқасқа талдау­лардың қорытындысын қысқа әрі нұсқа – «жағдайыңыз қалыпты» деген бір ауыз сөзбен ғана түсіндіреді. Ал бізде кері­сінше, алдымызға келген әр адамға барынша ег­жей-тегжейлі түсіндіріп, бірнеше рет қай­талап, қажет болса жазып беріп, қолына ұстатамыз. Соған қарамастан, әлгі науқас тапсырған анализдерінің нәтижесін тағы да қайта қаратып, күмән келтірді. Неге сол науқастар шетелдік клиникаларда «неге толық түсіндірмедіңіз?» деп жанжал шы­ғар­майды? Өйткені ол елдерде дәрігердің еңбегі жоғары бағаланады, кәсіби беделі мен мәртебесі заңмен де, қоғам тарапынан да қорғалған. Дәрігер өз еңбегінің қадірін сезінеді, ал науқас оны сыйлауға мәжбүр, – дейді дәрігер. 

Шабуыл жасағанға шара қолданады

Бұл мәселе осы уақытқа дейін Мәжіліс отырысында бірнеше рет көтерілді. Мә­жіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­­циясының мүшесі Асхат Аймағам­бетов дәрігерлерге жасалған шабуыл поли­ция қызметкерлеріне шабуыл жасаумен теңестіріліп, қылмыстық жауапкершілік күшейтілуге тиіс екенін айтқан болатын.

– Қазақстанда басқа ешбір мамандық медицина қызметкерлеріндей жиі агрес­сияға тап болмайды. Оның салдары қазір­дің өзінде байқалып жатыр. Дәрігерлер жұмыстан кетіп жатыр, өйткені өзін қауіп­сіз сезінбейді. Сондықтан біз бұған дейін үш рет Қылмыстық кодекске өзгерістер ұсындық. Дәрігерге шабуыл жасаған адамға қатысты бөлек бап, қатаң жаза бол­уы керек. Бұл жаза полицияға немесе ор­ман­шыға шабуыл жасаумен тең болуға тиіс. Егер дәрігер соның кесірінен жұмысқа жарамай қалса, кінәлі адам моральдық та, материалдық та өтемақы төлеуі керек. Қа­жет болса өмір бойы төлесін, – деген еді депутат.

Бірнеше ай бойы депутаттар заң жоба­сын пысықтап, бірқатар өзгеріс енгізген. Дәлірек айтқанда, қорқыту мен нақты күш қолданудың аражігін ажыратқан. Осыл­айша, Президенттің тапсырмасымен әзір­лен­ген маңызды құжатта 4 млн теңгеге дейін айыппұл, 12 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру және қоғамдық жұмыстар көзделген. 

– Қоғамда «жай ғана қорқытқаны үшін бірден түрмеге жабады» деген алыпқашпа әңгімелер бар, бірақ бұл шындыққа жанас­пайды. Егер адам қолына балтасын немесе пышағын алып, кәдімгідей қорқытса, мұны қорқыту деп есептеуге болады. Ал егер үлкен кісі эмоцияға беріліп, жай ғана ауыр сөздер айтса, біз мұны шынымен қорқыту деп айта алмаймыз, себебі оның салдары жоқ. Осындай барлық нюансты тергеушілер қарап, тексереді, – деді А.Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.

Айтуынша, қорқытуға қатысты жазалар бастапқы нұсқамен салыстырғанда жеңіл­деді. Мысалы, басында 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар көзделсе, енді ол 300 сағатқа дейін қысқарған. Бас бос­танды­ғынан айыру немесе шектеу мерзімі 3 жыл­дан 2 жылға дейін төмендеді. Айып­пұл санкциялары да жеңілдетілген. 

– Ал нақты зорлық-зомбылыққа қа­тыс­ты жазалар өзгеріссіз қалды. Егер дәрі­герді ұрып, денсаулығына зиян кел­тірсе, бірінші оқылымда қарастырылғандай қа­таң жауапкершілік сақталады. Жаза әре­кет­тің ауырлығына қарай белгіленеді. Ең жеңіл санкция – 500 айлық есептік көрсет­кіштен 1000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс­тар, ал ең ауыр жаза – төтенше жағдайда адамдарға көмек көрсетіп жатқан дәрігерге кедергі келтіргені үшін 12 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру жазасы бар. Бірақ оның барлығын сот анықтап, шешім қабылдай­ды, – деді депутат. 

Бұл – халықаралық тәжірибеде бар заңнама. Мысалы, Еуропа елдерінде дәрігерге шабуыл жасау полицияға немесе мемлекеттік қызметшіге шабуыл жасаумен тең. Онда мұндай әрекет үшін нақты, қатаң жаза бар. Енді Қазақстан да өз дәрігер­лерінің құқығын қорғауға көшеді.

Көктем ҚАРҚЫН