Бұдан кейін концерттерде фонограмма қолдануға ресми түрде тыйым салынды. Жақында Президент қол қойған жаңа заң мәдениет саласына тың серпін беріп, сахнадағы шынайылықты басты құндылық ретінде алға шығарды. Осы маңызды өзгеріске эстраданың жарық жұлдыздары қалай қарайды? Жаңа талап өнер иелеріне қалай әсер етеді? Фонограммаға тыйым салу музыкадағы нағыз үздіктерді іріктеуге жол аша ма? Біз сауалдарымызды әншілерге қойып көрдік.
Әнші деңгейін айқындайтын бір ғана өлшем бар
Мархаба СӘБИ:
– Фонограммаға қарсы заң өте дұрыс, керек заң деп ойлаймын. Бірақ ол заңның қадағалануына келгенде түрлі сұрақ туындайды. Өйткені кейбір концерттерде заңға қарамай фонограмманы кеңінен қолданып жүрген әншілер де, ұйымдастырушылар да әлі көп. Әр концерттің жанды дауыста өтуін қадағалайтын арнайы мамандар болуы керек, әйтпесе жанды дауыс деп көрсетіп, фонограммамен алдау жалғаса беретін сияқты. Оның үстіне, ондай мамандар қойылғанымен, «бармақ басты, көз қысты» дегендей «келісіммен» көз жұма салу деген дүниелер болуы да мүмкін. Фонограмма деген ұғымның да түр-түрі көп. Мысалы, дабл – ағылшынша double деген тәсіл бар. Дауыс студияда алдын ала жазылады, ал әнші ән айту барысында сол жазылған дауыстың үстіне қосылып орындайды. Енді оны фонограммаға жатқызу керек пе, жоқ па, сол жағы түсініксіз. Әсіресе, жастар жағы даблды көп қолданады. Тағы бір кең тараған тәсіл бар. Ол – әннің көп бөлігінде, әсіресе қиын жерлерінде фонограмма қолданады, ал оңай кейбір жерін ғана жанды дауыста орындайды. Оны халық жанды дауыс деп ойлайды. Меніңше, ол алдаудың басқа бір деңгейі. Айта берсе, осындай әдіс-айла көп. Үнемі жанды дауыста орындайтын әнші ретінде айтарым, әншілерге ерінбей еңбектеніп, кәсіби деңгейде жанды дауыста орындап үйрену керек. «Аппаратура нашар, акустика нашар», «тамағым ауырып тұр» деген сылтауларды қоятын уақыт келді. Жанды дауыста орындау оңай емес, бірақ өнер шынайы болу үшін, сахнада шынайы ән айта алатындар жүруі үшін фонограмманы тоқтату керек деп есептеймін.
Әннің де, әншінің де стилі, бағыты болатыны сияқты, жанрдың да түр-түрі көп. Сан алуан болғанынан ешқандай зиян жоқ, шығармашылықта шектеу болмауы керек деп есептеймін. Тек қазір белең алып тұрғандай, ұрлап жырланған әндер болмаса болды. Ең бастысы, жанды дауыс қадағалануы керек. Ән жанды дауыста орындалған кезде шынайы деңгейің білінеді. Халық сол кезде ғана әншінің деңгейін көріп, кімді тыңдайтынын немесе тыңдамайтынын өзі шешеді. Сонда ғана табиғи, әділ сұрыптау болатын сияқты.
Сахна талабына техника кедергі
Әлімжан КЕҢЕС:
– Әрине, бұл бастама құптарлық. Алайда Мәдениет министрлігінің өзі бұл заңды барлық жерде бірдей қолдану мүмкін емесін айтып отыр. Бүгінде әншілер концерт қоятын алаңдардың, әсіресе ауыл-аймақтар мен қалалардағы мәдениет үйлерінің техникалық мүмкіндігі біркелкі емес. Көп жағдайда аппараттар заманауи талапқа сай келмейді, түпнұсқа дыбыс жүйелері орнатылмаған. Өңірлерді аралап концерт беретін өнерпаздар мұны жиі сезінеді: өз аппаратурамызды алып барған күннің өзінде, минусовкамен ән айтуға талпынсақ та, микрофон мен дыбыс құрылғыларының үйлеспеуінен дауыс толық шықпай жатады.
Негізінен, фонограммасыз, жанды дауыста ән айту – қолдауға тұрарлық бағыт. Бұл елдегі музыка мәдениетінің өскенін көрсетеді, сахнаға шынымен дайын, кәсіби әншілердің іріктелуіне жол ашады. Өнерпаз өзін дамытады, вокалмен айналысады, даусын шыңдайды. Бұрынғыдай немқұрайдылыққа жол берілмей, талап күшейеді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – жақсы үрдіс. Бірақ мұның бәрі мемлекет тарапынан техникалық базамен толық қамтамасыз етілгенде ғана жүзеге асады.
Сонымен бірге «мен мүлде фонограмма қолданбаймын» деп кесіп айту қиын. Әсіресе, той-жиындарда аппаратура әлсіз болғандықтан, жанды дауыста айту мүмкін болмай, амалсыз фонограммаға жүгінетін сәттер бар. Оның үстіне, шығармашылық адамы әрдайым бір қалыпта жүрмейді: кейде денсаулық сыр береді, кейде көңіл күй болмайды, шабыт та әрқашан тұрақты емес. Бірақ көпшіліктің алдында халықтың көңілін көтеруге жауапты болған соң ән айтуға тура келеді. Көбіне фонограмма қолданудың басты себебі де – техникалық сәйкессіздік.
Соңғы кезде айтылып жүрген «сахнаның иесі бар, киесі бар» деген пікірге келсек, сахнаның киесі – оның үстінде тұрған адамда. Әнші сахнаға қандай мәдениетпен шығады, қандай ән айтады, халыққа қандай ой, қандай сезім сыйлайды – киелілік те, мән де сонда. Сахнаны қасиетті ететін – өнерпаздың жауапкершілігі, сөзі мен жүрек тазалығы.
Эстрада әншісі үшін дауыс, сахна мәдениеті мен ішкі шынайылық бір-бірімен үйлесуі шарт. Ең бастысы – жүректегі адалдық. Шынайылық болған жерде ән де әсерлі шығады, тыңдарманмен байланыс орнайды, халыққа деген сүйіспеншілік сезіледі. Өз репертуарыңа жанашырлықпен қараған сәтте ғана еңбектің де өтеуі болады. Сонда өнер адамы өз маңдай терінің шынайы жемісін көре алады.
Ән фонограммасыз да өмір сүреді
Абай БЕГЕЙ:
– Мен бұл заңды дұрыс деп санаймын. Өйткені фонограммамен ән айтуды көрерменнің үмітін ақтамау деп санаймын. Халық билет алып, жанды дауысты тыңдау үшін келеді. Бұл өзгеріс ең алдымен жауапкершілікті күшейтеді. Әнші сахнаға шығамын десе, вокалын дамытады, жанды дауыста айтуға дайындалады. Концерт мәдениеті өседі, көрерменнің сенімі артады. Сондықтан мен бұл заңды өнерге жасалған қысым емес, керісінше, нағыз өнерді қолдау деп қабылдаймын. Әнші болу – әдемі бейнебаян түсіріп, сахнада ән айту емес, ең алдымен кәсіби деңгей мен жанды дауыс. Сонымен қатар бұл өзгеріс көрермен талғамын да өсіреді. Халық шынайы орындауды естіп үйренсе, сапасыз дүниеге сұраныс азаяды. Сондықтан бұл заң эстрадаға шектеу емес, керісінше, оның дамуына серпін береді деп ойлаймын. Жалпы, ән шынайы болса, оны фонограммасыз, жанды дауыспен айтсаң, тыңдарманның жүрегіне жетеді. Өйткені көрермен ең алдымен эмоцияны, сезімді іздейді. Жанды дауыс арқылы әннің жаны ашылады, орындаушы мен тыңдарман арасында байланыс орнайды. Сондықтан шынайы өнерге фонограмма кедергі емес. Керісінше, жанды дауыста айтылған ән ғана халықтың есінде қалады.
С.БАУЫРЖАНҚЫЗЫ