Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 6,1%-ға артты

Бұл туралы Үкіметтің 1 жылдық қызметінің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

2025 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша, жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 6,1%-ға артып, 9,2 триллион теңгеге жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Үкіметтің 1 жылдық қызметінің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Өсімнің негізгі драйвері егін шаруашылығы болды, онда өндіріс көлемі 7,6%-ға артып, 5,8 триллион теңгені құрады. Мал шаруашылығында көрсеткіштер 3,5%-ға өсіп, 3,3 триллион теңгеге жетті.

«Бұл көрсеткіштер саланың нақты көлем индексі 113% болған былтырғы жоғары базадан бастау алған өндірістің нақты өсімін көрсетеді. Бұл бүгінгі күні агросекторда өткен жылдарға қарағанда едәуір көп өнім өндірілетінін білдіреді», –  деп түсіндірді ведомство басшысы.

Айдарбек Сапаров деректердің дұрыстығына арнайы назар аударды. 2024 жылы ведомство жоқ жұмыс көлемдерін алып тастап, статистиканы өзекті ете түсу бойынша ауқымды жұмыс жүргізген болатын. Бұл есептеулер үшін «таза» базаны жасақтауға мүмкіндік берді.

Биылғы маркетингтік жылда экспортқа рекордтық көлемдегі 13,4 миллион тонна астық жіберілді, бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Жемдік ұнды қоса алғанда, мұндағы көлем 15 миллион тоннадан асты. Бұл туралы АШМ басшысы Айдарбек Сапаров Үкімет жұмысының жылдық қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтты.

Ал жаңа орылған егіннен бүгінде 3,9 миллион тонна астық экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,6%-ға артық. Еліміздің жалпы экспорттық әлеуеті 13 миллион тоннаға бағаланады. Қазақстандық диқандардың өнімі 45 мемлекетке жеткізіледі.

Айдарбек Сапаров атап өткендей, қарқынды экспорт ішкі нарықты тұрақтандыруда шешуші рөл атқарады. Өйткені, Қазақстанда астық ішкі қажеттіліктен 2-3 есе көп жиналатындықтан, оның артығын экспорттау Қазақстан ішіндегі баға қысымын жеңілдете түседі.

«Жоғары экспорт дегеніміз – тек имидж ғана емес, бұл тікелей экономикалық пайда. Елімізге одан ұлттық валюта бағамын қолдайтын валюталық кіріс түседі. Диқандар сыртқы нарыққа астық сатудан түскен табысын техниканы жаңартуға және өндірісті дамытуға инвестициялай алады», –  деп атап өтті спикер.

Егіс алқаптарын белсенді әртараптандыруға және дәнді емес дақылдардың жоғары өнімділігіне байланысты еліміздегі сақтау инфрақұрылымын жаңғырту қажеттілігі туындады. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкіметтің жылдық жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Егін шаруашылығында сақтау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі – өсімге кедергі келтіретін фактор болып отыр. Осыған байланысты элеваторларды кеңейту және жаңғырту жобаларына арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы әзірленуде, оны 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосу жоспарланып отыр», – деді Айдарбек Сапаров.